Өлең, жыр, ақындар

Теледидар, медия, телехикаялар және отбасы

Пультті қолға алуымызбен-ақ теледидар бізді басқарады деген мамандар, көгілдір экран алдында көп уақыт өткізбеу керектігін айтуда. Қазіргі таңда 7 жастан 70 жасқа дейінгілердің барлығы теледидар көреді. Әсіресе сериалдар адамды экранға байлап қояды. Сондықтан продюсерлер мен телеканалдар үнемі бір-бірімен жарыс үстінде. Бірақ мамандар сериалдарға деген тәуелділікке көп тоқталуда. Теледидарға деген тәуелділік отбасы ішіндегі қарым-қатынасты да бұзуы мүмкін.

Клиникалық психология мамандары: «Адамдар сериалдардағы өмірге араласып, өздерін сол жерде жоғалтып, өздерінің сезімдерінен алыстауда. Сол себепті сериалдардағы проблемалар өзінің проблемаларынан маңызды болып көрінеді. Барлық нәрсесі сол сералдарға байланысты болады. Мысалы күлгісі келсе киносын көріп күледі. Өзіміз туралы ойлауды тоқтатқанымыз үшін біздің ең жақсы күнделікті тақырыбымыз сериалдардағы проблемалар болды. Адамдар бұдан былай өзі туралы, жұбайы туралы, жанұясы туралы сөз қозғамайтын болды. Бұл сериалдар менің өмірімнен мүлдем алыс, ішіне мұншалық кіріп кетпеуім керек деп өзін тоқтатпайды. Егер өзін тоқтата алғанда, сериал, теледидар тәуелділігіне түсіп қалмайтын еді. Сондай-ақ сериалдардағы әдепке жат қылықтар, өрескел әрекеттер де уақыт өте қалыпты болып саналатындықтан сондай әрекеттердің қоғамда да тарала бастауы, осыған байланысты ажырасулардың себебіне айналып жатқаны да бар...» деді. Сериалдардағы қойылымдардың қандарына сіңіп қалғаны соншалық, кейбір жастар дәл солай әрекет етіп, дәл солай шешім қабылдай бастайды. Сериалда өткен болмашы себеп өмірінде орын алса, дәл сондай ақылға қонымсыз себеппен ажырасулар да орын алуда.

Қазіргі таңда телеарналардағы кинолар, шоулар, клиптер жартылай жалаңаш қыздарды түсуруде, арсыздықты жарнамалауда жарысып жатқандай дәрежеде. Бұрындары жаман жүрістілердің көрінісі ретінде білінетін кейіп осы жарнамалар арқылы жалпылық үлгіге айналып жатқаны кездейсоқ емес шығар. Көрсетілімдердің де жаман әдет, ерсі қылықтарды дәріптейтіндері көп. Шетел киноларында басты рөлдегі кейіпкерлер көбінесе тәкаппар болып келеді. Дөрекі сөйлеу, ешкімді тыңдамау, ешкімді менсінбеу, өз бетінше әрекет ету, өр-көкірек болу, арақ ішу абырой ретінде көрсетілуде. Жыныстық үлгідегі ұятсыздыққа, зорлық-зомбылыққа әуестендіретін көрсетілімдер қалыпты нәрседей боп қалған. Әдептілік, ұят, ар-намыстылық аяққа тапталуда. Мұның бәрі әсер етпей қоймас әрине. Әдепке жат қылықтар, ұятсыздықтар, ұрлық, зорлық-зомбылық, маскүнемдікпен нашақорлық артуда. Халықтың жаппай көретін телесериалдардың жағдайы жан түршігерлік десе артық етпес. Ата-анаға қарсы шығу, айтқан тілді алмау, үлкендерді құрметтемеу, сіңлісінің күйеуіне әпкесі қырындап тартып алу, көзге шөп салу деген секілді арсыз қылықтарды қалыпты нәрседей көрсету секілді мысалдар бұлардың бір ғана бөлігі. Тағы бір мәселе шетел киноларының көпшілігінде шоқыну әрекеттері, шіркеуге бару, попқа барып күнәларын тазарту жағдайлары ең кемі бір рет көрініс табады. Бір кісі айтады: «Балам бір күні христиандықта не істесең де, қандай күнә істесең де соңында попқа барсаң күнадан босатады екен, онда неге христиан болмаймыз? деп сұрады. Оны қайдан естідің дегенімде кинолардан көрдім деді. Сосын христиандықтың қате екендігін және мұсылмандық жайлы ұзақ отырып түсіндірдім» дейді. 

Арсыздықтың белең алған елдерде тәрбиенің бұзықтығынан әлеуметтік күйзелістер орын алуда. Әр түрлі қылмыс, анархия, тероризмге жол ашуда. Осылайша мемлекет іштен құлдырауда. Кез келген нәрсені жақсы жолда немесе жаман жолда қолдануға болады. Үйде мұндай озбырлықтардың орнына, тәлім-тәрбиеге, ой-өрісті дамытуға негізделген, әдепті бұзбайтын көрсетілімдерге орын берілуі тиіс. Ата-аналардың да бұған немқұрайлы қарамауы, теледидар, интернет, секілді ақпарат құралдарын саралап, мұқият бақылауда ұстауы қажет. Ата-аналар интернетті балалардың көзі ашық болсын, үйренсін деп қосып береміз. Алайда интернетте жоғарыда аталған қауіптердің әлде неше есе артығы бар. Денсаулыққа зияндылығы бір бөлек, баланың сана-сезімін улайтын сайттар, ойындар, видеолар толып жатыр. Кей отбасыларда таң атысымен кештің батысына дейін теледидар алдынан шықпайтын бүлдіршіндер бар. Дәрігерлер теледидар алдында ұзақ отыру ағзадағы мелатонин гармонының азаюына жол ашатынын, ал бұл өз кезегінде иммунитеттің әлсіреуіне, тіпті мелатонин жетіспеушілігі қатерлі ісік ауруларына жол ашатынын мәлімдеуде. Сондай-ақ балалардың теледидар алдында ұзақ отыруы мидың және дене бітімінің жетілуін тежейді. Қорқыныш және зұлымдыққа негізделген кинолар балаларды агрессивті болуға, келеңсіз қылықтарға бағыттайды. Мұндай киноларды балалардың көруі рух саулығы тұрғысынан да өте зиянды. Сондай-ақ қорқыныш пен зорлық-зомбылыққа негізделген кинолар мектепке дейінгі балалардың қиял күшін шектен тыс азықтайды. 3-6 жас аралығындағы балалар үшін бұлардың шындық емес екендігін түсінуі қиын болады. Мәселен супермен фильмін көрген бала өзінің де кинодағыдай ұша алатынын ойлап, кинода көрген әдеттен тыс әрекеттерге қол ұруы мүмкін. Сақ болсаң сау жүресің демекші, қолымыздан келгенше өзімізді және балаларымызды бұл қауіптен сақтауға әрекет жасауымыз керек және тәрбиелеріне мән беріп, шектен шығармауымыз керек.

Назар аудар:

Жастар және теледидар

Теледидар және балалар


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (3)

Ерік Б Ж

Пайдалы жазбаларыңызға Рахмет!!!!

Арман

Дұрыс

Дархан

Ойланатын нәрсе екен

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз