Өлең, жыр, ақындар

Ру атаулары

Абақ — Керей руының бір тармағы. Керейдің «Төр шежіресі» керей этнонимінің Абақ (Әппақ) деген әйелімен байланыстырып, Абақ керей сол ананың ұрпағы дейді. Ел ішінде «Абақ — Үйсін Сармырзаның қызы. Күйеуі қайтыс болған соң Шымыр деген ұлын алып, төркініне кеткен. Нағашысы әлгі баланы кішкентайынан ашамайға мінгізіп «менің ашамайлы керейім» деп ертіп жүреді екен» деген аңыз сақталған. Абақ соңғы күйеуінен Құттықожа деген ұл туады. Одан Майқы (би Майқы емес), Майқыдан: Ермен-изен, Жусан туады. Абақ керейдің қазіргі 12 атасы осыдан өрбиді.

Адай — Кіші жүздің он екі ата Байұлының басты рулардың бірі. Қыдырғожа әулетінен тарайтын Байұлында: Есентемір, Адай, Беріш — үш ру бөлек аталып, өзінше бір топ құрайды. Адай руы Байұлы ішінде халқының саны жағынан да алдыңғы орындардың бірін алады. ХІХ ғасырдың орта шеніндегі есеп бойынша, Адайлар қырық мың түтін болған. Олар негізінен үлкен екі атадан — Құдайке мен Келімбердіден тарайды.

Албан — Ұлы жүз құрамына енетін ру. Албан атауы көне жазба тарихи деректерден белгілі. V-VI ғасырларда Албандар Жетісу өңіріндегі үрбі (Юебань) қауымдастығында чубань тайпасы аталып, Дулу одағында болған. Қазақ шежіресі бойынша, Бәйдібектің Домалақ ана (Нұрила) есімді кіші әйелінен туған Жарықшақтың тұңғыш ұлынан тарайды. Атамекені — оңтүстік-Шығыс Жетісу. Кейбір ұрпақтары Қазығұрт тауының (оңтүстік Қазақстан) бөктерін мекендейді. Ұраны — Бақтияр, тайпалық ұраны — Райымбек, Бәйдібек, таңбасы — дөңгелек.

Алшын — қазақ халқын құраған тайпалар бірлестігі, Кіші жүздегі Байұлы, Жетіру, Әлімұлы сияқты тайпалардың ортақ атауы. Ежелгі мекені — Алтай. Х ғасырда Алтай бойынан ойысып, Арал және Каспий теңізі маңындағы ежелгі тайпалармен араласып кеткен. Алшындар Х-ХІІ ғасырларда Қырымда болған. ХV-ХVІ ғасырларда Алшынның кейбір рулары Ноғай ордасының нығаюы үшін белсене күрескен. Кіші жүз шежірешілері Алшын атын қазақтың алғашқы биі Майқы есімімен де байланыстырады. Алшын ұрпақтары башқұрт, татар және Кіндік Азия халықтарының құрамында да бар.

Арғын — қазақ халқын құраған көне тайпалардың бірі. Шежіре бойынша, орта жүздің құрамына енеді. Ежелгі қонысы — Ертіс, Нұра, Есіл, Торғай өзендерінің бойлары мен Балқаш көлінің солтүстігіндегі шөлейт өлке. Бұл тайпаның ежелден келе жатқанын Орхон жазба ескерткіштеріндегі, Қытай жазбаларындағы мәліметтер мен М.Қашғари, орыс зерттеушісі Н.Аристовтардың еңбектері айғақтайды. Қазақ шежіресінде Арғындар бәйбіше арғын, тоқал арғын болып екіге бөлінеді. Бәйбішеден тарағандар «Бес мейрам» аталып, Қуандық, Сүйіндік, Бегендік (Қозған), Шегендік (Қақсал), Қаракесек деген аталарға бөлінсе, тоқалдан тарағандар «Жеті момын» аталып Қанжығалы, Тобықты, Бәсентиін, Қарауыл, Атығай, Сарыжетім, Шақшақ болып жіктеледі.

Атығай — Арғын руының бір аталығы. Жеті Момынның бірі. Он екі ата Атығай (Дәуіт), Атығай-Қарауыл деп те аталады. Шежірелерге қарағанда, Атығайдан: Құдайберді, Бәйімбет, Баба, Моныс, Бабасын, Бағыс, Ақкиік, Құлансу, Қойлы, Есеншаңырақ, Майлыбалта, Жауғаш аталары тарайды.

Әлімұлы — қазақ халқын құраған Кіші жүз құрамындағы ірі үш рудың бірі. Шежіре бойынша «Қаракесек» деп те атайды. Әлімнің алты тармағы болғанына қарай, ел ішінде «Алты ата Әлім» деп те аталғаны мәлім. Белгілі ақын Ерімбет Көлдейбекұлы шежіресінде Әлімұлына Жаманақты (Шекті), Қарамашақты (Төртқара), Айнықты (Қарасақал), Ұланақты (Қаракесек), Тегінболатты, Тойқожаны (Ақкете) жатқызады. Мұны тарихшылар С.Толыбеков, Х.Маданов, зерттеуші Қ.Салғараұлы, шежіреші ө.Ахметов те қостайды. Әлімнің тармағы алтау болғанымен, ұранға шыққаны — төртеу. Ллар: Жаманақ, ұланақ, Қарамашақ, Айнық.

Байұлы — қазақ халқының Кіші жүзі құрамындағы ірі үш рудың бірі. Байұлына байланысты ежелгі Қытай деректері мен кейінгі жазба деректерде бірқатар мәліметтер ұшырасады. Байұлы атауы Орхон-Енесей жазбаларында Байырқу, ал Таң империясының жылнамасыларында Байегу деген атпен кездеседі. Тарихи деректер бойынша Байұлы алғашында Теле бірлестігінің құрамында болған. Түркі қағандығы оларды бағындырған соң әуелі Шығыс Түркі қағандығының, кейіннен Батыс Түркі қағандығының құрамына енеді.

Бәсентин — қазақ шежіресі бойынша, орта жүздегі Арғын тайпасының «Жеті момын» тармағынан таралатын ата. Ақмайдан, Бекмайдан, Тоқмайдан, Ақтілес, Күшік, Қарабұжыр, Апай, Бөрі, Сырым аталарына бөлінеді. Ұраны — Барлыбай, таңбасы — ойық, тілік.

Ботбай — қазақ халқының құрамындағы ру. Шежіре бойынша, Ұлы жүз құрамындағы дулат тайпасынан тарайды. Ботбайдан төрт ұл туады. Бірінші ұлы Құдайқұлдан Әлімжан, Есбер, Бесторсық, Сиыршы туып, төрт ата ел болған және алты арыс Шағай аталығы (Есенбай, Ақша, Қожай, Асан, Жанқойлық, Тайлақ) мен он екі ата Қоралас (Есен, Ырыс, Мәметай, Бекшора, Қауғаяқ, Шауқар, Итім, Сарым, Мырза, Бура, Томай, Қосан), Бұйдас сияқты аталар да Ботбайға кіреді. Кейбір шежірелерде бұл аталарды қыздан тараған делінген. Алты арыс Шағай әулетінен қол бастаған өлмес, Сәмен батырлар шығып, кейіннен Сәмен батырдың аты Ботбай руының ұранына айналған. Ұраны — Ботбай, Сәмен. Таңбасы — дөңгелек.

Жағалбайлы — қазақ халқының құрайтын рулардың бірі. Шежіре бойынша Кіші жүз құрамындағы Жетіру бірлестігіне кіреді. Жағалбайлы лез, Мырза руларына бөлінеді. Тарихи мәліметтер Жағалбайлының көне түркі тайпаларының бірі екендігін көрсетеді. орта ғасырларда Жағалбайлылар Сырдария — Арал аймағында сыртқы күштер тарапынан талқандалып, жан-жаққа бытырап кеткен. Қазіргі қазақ халқының құрамына енген Жағалбайлы алғашында (б.з. III-XIII ғғ. бас кезі ) Оғыз-Қыпшақ тайпалық бірлестіктері құрамында болған, кейіннен Ноғайлы ұлысы құрамына енген.

Жалайыр — қазақ халқын құраған тайпалардың бірі. Шежіре бойынша, Ұлы жүз құрамына енеді. Диқанбай батыр шежіресі (Н.Аристов жазып алған) бойынша үйсіннен — Ақсақал (абақ таңбалы), Жансақал (тарақ таңбалы) таратылады. Соңғысынан Жалайыр тарайды. Тағы бір шежіреде Майқы биден тарайтын Жансақал мен Жалайыр бір адам деп тұжырымдалады. Жалайырдың шын аты Қабылан екен. Аңыз бойынша, жабайы құланның жалын айырып, содан Жалайыр атанған. Жалайыр: Сырманақ, Шуманақ, Бірманақ болып үшке бөлінеді. Шуманақтан: Андас, Мырза, Қарашапан, Орақты, Ақбұйым (Арықбұйым), Қалпе, Сыпатай аталары тарайды. Сырманақтан: Арықтыным-Байшегір, Балғалы, Қайшылы, Күшік тарайды. Бірманақтан тек Сиыршы (Байбөген) тарайды. Кейбір шежірелерде Бірманақтың аты аталмай, Сиыршыны Сырманаққа жатқызады. Осыдан келіп «он екі ата Жалайыр» атанған.

Жетіру — қазақ халқын құраған рулар бірлестігінің бірі. Шежіре бойынша, Кіші жүз құрамына енеді. Тарихшылар Жетірудың арғы тегін ежелгі түркі тайпалары (Төлеу, Рамадан, Тама, Табын, Кердері, Керейт, Жағалбайлы) бірлестігімен байланыстырады. Қазақ руларының тарихына қатысты зерттеулерде Жетіру Тәуке хан кезінде осындай атпен топтасқан қауымдастық деп түсіндіріледі.

Керей — қазақ халқын құрған ежелгі түркі тайпаларының бірі. Шежіре бойынша, орта жүз құрамына енеді. IX-XII ға- сырларда Керей тайпасы Керей хандығы аталған мемлекет құрып, Завхан, Тула, Сэлэнгэден Шығыс Моңғол құмына дейінгі даланы қоныс етіп, батысы Найман хандығы, солтүстігінде меркіттер, оңтүстігінде татарлар, шығысында Ся мемлекетімен іргелес жатты. Ол кезде Керей хандығы Керейт, Жиркин, Қонхойт, Сақайт, Тумаут, Албат, Тункайт-Киркун деп аталатын тайпалардан құралатын. Аталған тайпалардың ең ірісі керейлер болғандығы мәлім.

Көнсадақ — Керей руының бір бұтағы. Шежіре бойынша, Керейдің Абақ керей тармағына енеді. ХХ ғасырдың басында Қара Ертіс бойын, Қытайды мекендеген. Аңызда Жаппас (Жабай) атты батыр бабалары садағын көнмен қаптағандықтан, ру солай аталған деп айтылады. Көнсадақтан — Шолан, одан Ақтас таратылады. Ұраны — Жабай.

Кіші жүз — Қазақстанның батыс аймағын мекендеген рулар мен тайпалар одағы. Қазақ халқының этникалық құрамына енеді. Қазақ халқы қалыптасқаннан көп бұрын олардың көпшілігі Батыс Қазақстан өңірінде құрылған Ноғайлы хандығының одақтасы болды. Оның құрылуына ішкі себептермен қоса сыртқы дұшпаннан қорғану мақсаты да әсер еткен. Ноғай ордасынан бөлінген қазақ тайпаларының, яғни Алшын одағының негізінде Кіші жүз бірлестігі қалыптасты. Соған байланысты Кіші жүз қазақтары ел арасында «Кіші жүз — Алшын» атанған. Оның құрамына он екі ата Байұлы (Адай, Алшын, Жаппас, Алаша, Байбақты, Беріш, Масқар, Таз, Есентемір, Ысық, Қызылқұрт, Шеркеш), Жетіру (Табын, Тама, Кердері, Керейт, Жағалбайлы, Телеу, Рамадан), алты ата Әлімұлы (Қаракесек, Қарасақал, Төртқара, Кете, Шөмекей, Шекті) рулары енеді.

Қаңлы — қазақ халқының негізін құраған ежелгі тайпалардың бірі. Шежіре бойынша, ұлы жүз құрамына енеді. Қаңлы этногенезі мен тарихы туралы жазба деректер (қытай жазба деректері т.б.) мен оның шығу тарихы жөнінде ел аузында сақталған аңыз-әңгімелер аз емес.

Қаракесек — орта жүз Арғын руының бір атасы. Шежіре деректеріне қарағанда, Қаракесек Арғын руының «Бес мейрам» атанатын бірлестігіне кіреді, яғни Мейрам сопының кіші әйелі Қарқабаттан туған Болатқожа деген баласынан тарайтын ата. Қаракесектен Майқы, Бошан, Танас  тарайды. Қаракесектің рулық ұраны мен таңбасы Арғын тайпасымен бірдей болғанымен, Арғын ішінде Болатқожаның шешесі Қарқабат атын ұран еткен.

Қарауыл — Арғынның Момын деген бәйбішесінен: Ақсопы, Қарасопы, Сарысопы; Қарасопыдан: Бәсентиін, Қарауыл, Қарауылдан Түнғатар, Қадды, Бошпан болып тарайды.

Қуандық — Арғын атадан: Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік, Бегендіктен Қозған, Тәңірберді, Сырық деген балалар өрбиді.

Қызай — шежіре-аңыздарда әйелдің аты делінеді. Қызай үйсін елінің қызы (есімі — Күнбүбі, кейбір нұсқаларда Қарлығаш дейді). Бәйдібек байдың ұлы Ілебайдың қызы екен. Ілебай соғыста қаза тауып, Қызайды атасы Бәйдібек бауырына салып өсіреді. Күнбүбі асқан зерек әрі көрікті болғандықтан «қыз-ай», «қызай» аталып кетеді. Қызайды Матайдың ұрпағы Шағырай алады. Осы Шағырайдан тараған ұрпақ өсіп-өніп, рулы ел болып ананың атымен «Қызай елі» атанады.

Қыпшақ — қазақ халқының, басқа да бірқатар түркі халықтарының негізін құрған ежелгі тайпа, орта ғасырларда орта Азия мен Шығыс Еуропаны мекендеген аса ірі ұлыстардың бірі. Қыпшақ атауы алғаш ежелгі түркінің Шина усу ескерткішінде кездеседі. Махмұт Қашқари еңбегі бойынша, IX ғасырдағы қыпшақтардың құрамына қимақ, субар, қаңлы, қарабөрікті, тоқсаба, жете, бөрлі т.б. рулар мен тайпалар енген. Қыпшақтар түрік қағанаты ыдырағаннан кейін алғашында Қимақ қағандығының құрамында болып, XI ғасырда бөлініп шықты. Шыңғысхан империясының батыс бөлігіндегі Жошы ұлысын (Алтын орда) тарихшылар Дешті қыпшақ деп атаған.

Найман — қазақ халқын құрған ежелгі түркі тайпаларының бірі. Көптеген зерттеушілердің пікірінше, «найман» атауы моңғолша «сегіз» деген мағынаны білдіреді. Оғыз тайпасынан шыққан наймандар түркі тілдес болды. Олар XIII ғасырдан бастап «Сегіз оғыз», кейінрек «Цзбубу» одағын құрды. ХІІ ғасырдың 2-жартысында күшті мемлекет болғандығын тарихшылар жоққа шығармайды. Найман батысында қаңлы, қыпшақ; шығысында керей, меркіт; теріскейінде қырғыз; оңтүстігінде ұйғыр, таңғұттармен шекаралас, қоныстас болған. Шыңғыс хан шапқыншылығы кезінде Найман хандығы құлап, ыдырағаннан кейін өздерінің байырғы ата қонысына таяу Ертіс, Алтай алабына қоныс аударып, Үгедей ханның ұлысына қарады. Қазақ халқының шежіре деректері бойынша, Найман ұлысы орта жүзге кіреді. Найманнан: Терістаңбалы (кейде —
Елата), Сарыжомарт (Ергенекті найман), Төлегетай деген рулар бірлестіктері тарайды.

Орта жүз — қазақ қоғамындағы үш ірі тайпалық бірлестіктің бірі. Яғни, олар: ұлы жүз, орта жүз, Кіші жүз. Орта жүзге Сарысудан бастап, төменгі Сырдариядан Ертіске, Тобылға, Есілге дейінгі аралықта көшпенді тұрмыс кешкен Арғын, Қоңырат, уақ, Қыпшақ, Керей, Найман т.б. қазақ рулары кіреді.

Сарыүйсін — Ұлы жүз құрамындағы тайпа. Қазақ шежіресі бойынша, Абақ немересі Бәйдібектің бәйбішесі — Сары-бәйбішеден өрбіген. Жалайыр Спандияр шежіресінде (жинаған Б.Бақтияров) Бәйдібек бидің Сарыбәйбішесінен Байтоқты — Мырзатаз — Жақыпқалша (Жездем Қалша) — Сарыүйсін, ал А.Нұрбеков жинаған шежіреде Сарыбәйбішенің қызынан туған асырап алған жиені Сыйлықсарыны ел «Сарыүйсін» атап кетеді. Одан Қалша, Жақып ұрпақтары тарайды.

Суан — Жарықшақтың ортаншы баласынан өрбіген ру. Суан руының негізгі ірі атасы үшке бөлінеді: Бәйтүгей, Тоғарыстан, Бағыс, (соңғысы оңтүстік Қазақстан облысын мекендейді). Тоқарыстаннан: Тұрдымбет, Мұрат, Бердіке мен Баубек; Байтөгей үш атаға бөлінеді: Елтінді, Молақ пен Жылгелді.

Сүйіндік — Арғынның Мейрам деген баласынан тарайтын аталық. Сүйіндік өз ішінде: Қаржас, орманшы, Құлболды, Жанболды, Мәжік секілді тармақтарға бөлінеді.

Табын — Жетіру бірлестігінің құрамындағы ру. М.Тынышбаев зерттеуінде Табын, Жаманкерей, Бозым, Бегім, Қайырқожа деген төрт атаға бөлінеді. Енді бір шежіреде Табыннан Шөмішті, Тарақты, Көсеулі тарайды.

Тарақты — орта жүз құрамындағы ру. Тарақты ежелгі одақтар мен мемлекеттердің құрамына енуі жайында әдебиетте деректер кездеспейді. Шежіре деректері бойынша, Ақжол- дан: Қыпшақ, Арғын, Найман, Қоңырат, Керей, Тарақты, Уақ, Тарақтыдан: Апай, Тоқтауыл, Қыдыр, Жәші (Жасши), Әлі, Сары, Әйтей, Қосанақ, Алакөз, Шәуке, Әлеуке, Көгедей болып он екі арыс ел тарайды. Басқа шежіре деректерінде Тарақтыны Арғын руына жатқызады. Тарақты Қазан төңкерісіне дейін орталық Қазақстанның Ақтау, Қызылтау, ортау мекендерін, Жоғарғы Сарысу, Көктің көлі, Есіл, Нұра өзендерінің бойын мекендеген. Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте Тарақтының Наймантай, Байғозы батырларының есімдері аңызға айналған. Ұраны — Жауғашар, Байғозы, тарақ таңбалы.

Тобықты — орта жүз арғын тайпасынан тарайтын белді рулардың бірі. Тобықтының үлкен баласы рыспетектің үш баласы — Мұсабай, Көкше, Дадан және Мұсабай. Көкшенің екі баласы — Топыш, Томан. Топыштың екі баласы — Бәши, Шобан. Томанның екі баласы — Қаракөшек, Балтай. Шобанның алты баласы: Надир, Бәрит, Әлім, Жасыбай, Қарабақан, Турабай.

Торғауыт — бұрын ойраттар құрамында болған этникалық топ. Тәуекел хан кезінде қазақ хандығына бағынған. 1627 жылы батыстағы Еділ бойына қоныс аударған. Қазіргі торғауыттар Моңғол Халық республикасында (Қобдо аймағы), Қытай Халық республикасында (Шинжаң өлкесінде және Ішкі Моңғолияда) тұрады. Алтай тіл тобындағы моңғол тіл тармағына жататын ойрат тілінде сөйлейді. XVII ғасырда торғауыттардың бір бөлігі Ресей шекарасына өтіп, бірте-бірте қалмақтардың құрамына енген. Моңғолия жеріндегі торғауыттар ондағы басқа моңғол тектес халықтармен бірігіп кеткен.

Уақ — Орта жүз құрамына кіретін ру. Шежіре деректерінде уақ аталарының бірі ретінде әйгілі Ер Көкше батыр мен оның ұлы Ер Қосай батырдың есімдері аталған. Уақтың шығу тегі туралы пікірлер де әр түрлі. Тарихшылар Ә.Марғұлан мен Н.Мыңжани ІХ-ХІІІ ғасырларда моңғол үстіртін мекендеген онгуттарды Уақ деп есептеген. Ш.Құдайбердіұлы мен А.левшин оларды қазақ хандығына ХІV-ХVІІ ғасырларда ғана қосылды деп санаған. Ал Ш.уәлиханов Ер Көкше, Ер Қосай батырлар арқылы Уақтар Алтын орда ыдыраған кезден бастап көріне бастады дейді. Қазақ арасына кең тараған аңыз бойынша, Уақ Керей тайпасымен туыстас. Уақтың алғашқы атамекені Қазақстанның оңтүстік-шығысы мен Моңғолияның батысы болса керек. Қазақ жеріне жоңғарлардың баса-көктеп еніп, алға жылжуының салдарынан уақтар өзінің ата-мекенінен ығысып, солтүстікте Тобыл және үй өзендеріне, Батыста Торғай өлкесіне, ал оңтүстікте Арал теңізінің жағалаулары мен Сыр бойына дейін жетті. Ұраны — Жаубасар, Бармақ, таңбасы — босаға, ашамай.

Үйсін — қазақ халқының қалыптасуына негіз болған ежелгі түркі тайпаларының бірі. Ежелгі қытай жазбаларында үйсін атауы б.з.б ІІ ғасырдан бастап кездеседі. Ғұндардың күшеюінен қорыққан Қытай үкіметі өзіне одақтас іздеп, батыс елдеріне елшілік жібереді. Үйсін тайпалық бірлестігі бұл тұста Қытайдың батысындағы өзге елдермен дәрежесі тең қуатты да, құдіретті мемлекет болды. Үйсіннің шығу тегі, таралуы, қазақ халқының тарихындағы рөлі жайында тарихи-генеалогиялық зерттеулерде талас пікірлер аз емес. Оған себеп — жазба дереккөздері. Атап айтқанда, VII ғасырдағы Қытай жазушысы Чин-гу «Батыс өлкенің өзге шетелдіктерінен үйсіндердің едәуір айырмашылығы бар, олардың көзі көк, жирен сақалды» деп жазды. Жетісу үйсіндерінің шығу тегін анықтау жолында А.Н.Бернштам, К.А.Ақышев, г.А.Кушаевтар археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Мәселен, Есік қорғанынан қазып алынған (1969-1970) «алтын адам» «сақ ханзадасы» деп тұжырымдалғанымен, соңғы зерттеулер «үйсін адамы» деген пікірді алға тартады.

Шекті — қазақ халқының құрамындағы ру. Шежіре деректері бойынша, Кіші жүз Әлім ұлы бірлестігіне кіреді. Әлімнен алты ата тарайды. Соның үлкені әрі ең өсіп-өнгені осы Шекті. Лақаб аты — Жаманақ. Кейбір шежірелерде «Бес Шекті» аталғанымен, Шектінің шежіреге түскен балалары төртеу: Шыңғыс, Өріс, Баубек, Бөлек.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз