Өлең, жыр, ақындар

Жер-су атаулары

Ақмешіт — қазіргі Қызылорда қаласының орнында болған көне бекініс орны. Ол 1817 жылы салынған. А.и. Добросмысловтың дәлелдеуі бойынша, бекіністі Қоқан ханы Омархан салдырған. Бекініс ішінде саз балшықтан салынған елуге жуық үй, екі мешіт, медресе, оқ-дәрі қоймалары, құдықтар болған. Бекініс орыс әскерлері келген кезден «Перовск форты» болып аталған. Қазан төңкерісінен кейін Ақмешіт аты қайта берілді. 1925 жылы оған Қызылорда аты беріліп, 1929 жылға дейін Қазақстанның астанасы болып тұрды.

Алакөл — Қазақстандағы Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының аумағында орналасқан тұйық көл.

Алатау — 1) орталық Азия мемлекеттері мен ресей Федерациясының Сібірдегі тау жоталарының жалпы атауы. Оларға Күнгей Алатауы, Кузнец Алатауы, Талас Алатауы, Қырғыз Алатауы, Жетісу Алатауы, Іле Алатауы т.б. жатады. 2) Жетісу және Іле Алатауының халық ұғымындағы жалпылама атауы.

Алматы — Алматы облысының орталығы, республикалық мәртебесі бар қала. Қазақстанның оңтүстік шығысында Іле Алатауының солтүстік баурайында орналасқан. 1927 жылдан 1997 жылға дейін Қазақстанның астанасы болды.

Алтай тау — Азия құрлығының орта тұсындағы таулы өлке. Алтай Солтүстік батыстан оңтүстік шығысқа қарай Батыс Сібір ойпатынан гоби жазығына дейін жан-жаққа таралған. Оңтүстіктегі табиғи шекарасы Қара Ертіс өзені мен Зайсан көлі, ал батыс бөлігі Сарыарқадан Қалба жотасы арқылы бөлінеді. Солтүстік шығыста Шығыс Алтайдың шапшал жотасы Батыс Саянмен жалғасады.

Алтын Емел — Алматы облысының Кербұлақ ауданындағы ауыл, ауылдық, әкімшілік округінің орталығы. Аудан орталығы Сарыөзек кентінің Алтынемел жотасының солтүстік батыс беткейінде орналасқан.

Арқа — Қазақстандағы аса ірі географиялық нысан. Бұл «Сарыарқа» деп те аталып, тұтас алғанда орталық Қазақстанды білдіреді. Шындығында, Арқа — орталық, Шығыс, Солтүстік Қазақстанды қамтитын үлкен аймақ. Арқа туралы тарихшы Құрбанғали Халидтің «Таварих-и Хамса-йи шархи» атты еңбегінде көп деректер бар. Әбілғазы Бахадүр «Түрікмен шежіресі» атты еңбегінде Арқа-Дешті-Қыпшақ деген үш сөзді бір топонимдік атау ретінде пайдаланған.

Арыс өзені — оңтүстік Қазақстан облысындағы өзен, Сырдарияның оң жақ саласы.

Ақтау — Қазақстанның оңтүстік-батысындағы қала, Маңғыстау облысының орталығы. Қала — теңіз және әуе порты. 1964 жылдан 1991 жылға дейін украин ақыны Тарас Шевченконың құрметіне Шевченко аталған.

Аягөз — Алматы, Шығыс Қазақстан облыстары аумағы арқылы ағатын өзен. Тарбағатай жотасының солтүстік сілемдерінен бастау алып, Балқаш көлінің солтүстік шығыс бөлігіне құяды.

Балқаш — Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы тұйық көл. Аумағы жөнінен Каспий, Арал теңіздерінен кейінгі үшінші орында.

Бақанас — Іле өзенінің құрғап қалған ескі арнасы. Бақанас ауылының солтүстік тұсынан бастау алады.

Баянауыл тауы — Павлодар облысындағы тау аты. Бұл жерден Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жүсіпбек Аймаутов, Қаныш т.б. қоғам қайраткерлері шыққан.

Бетпақдала — Қазақстанның орталық бөлігіндегі кең байтақ аймақты алып жатқан шөлді өңір. Қарағанды, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары аумағында орналасқан. Батысында Сарысу өзенің төменгі ағысымен, шығысында Балқаш көлімен, Оңтүстігінде Шу өзені аңғарымен, солтүстігінде Сарыарқамен шектеседі. Сай-жырылармен тілімденген Батпақ-дала жазығында сор, тақыр және жазда құрғап қалатын тұзды көлдер кездеседі. Көктемде жауын суымен толығып, жазда құрғақ арнаға айналатын Қарқаралы, Қарасу, Талдыеспе сияқты кішігірім өзендер бар.

Боралдай (ежелгі түркіше борулдай — күлгін түсті құс) — Алматы облысының Іле ауданындағы кент, кенттік әкімшілік округінің орталығы.

Бұхара (санскритше вихара — монастырь) — б.з. І ғасырында іргесі қаланған, Зарафшан өзенінің төменгі ағысында орналасқан, орта Азиядағы көне қалалардың бірі. Қазірде Өзбекстан республикасының осы аттас облыс орталығы.

Бурабай — Көкшетау қыратындағы тұйық көл. Бурабай табиғатының ерекше сұлулығы көптеген әдебиет және көркем-сурет шығармаларына арқау болған.

Еділ — Еуропадағы ең үлкен өзен. Каспий теңізіне құяды. Еділге екі жүзден астам салалар құяды. Орта ағысында Ока, Кама (Шолман), Сура, Ветлуга және Свияга салалары құйғаннан кейін, Еділ суы мол ірі өзенге айналады.

Ерейментау — Сарыарқаның солтүстігіндегі таулы алқап. Ақмола, Қарағанды облыстарында орналасқан. Таулы алқап оңтүстік батыстан солтүстік-шығысқа қарай 100 шақырымға созылып жатыр. Ол өлеңті және Шідерті өзендерінің суайрығы болып табылады. Осы өзендердің салалары — Жарық, Қарасу, Олжабай, Тұрғынбай өзендері тау беткейлерінен басталады.

Ертіс — Батыс Сібір мен Қазақстан жеріндегі өзен, Обътың сол саласы. Моңғол Алтайының оңтүстік батыс беткейіндегі мұздықтардан басталады.

Есіл — Қазақстан республикасы мен Ресейдің Тюмень, Омбы облыстары жеріндегі өзен, Ертістің сол саласы. Сарыарқаның солтүстік бөлігіндегі Нияз тауынан басталып, Омбы облысындағы Усть-ишим селосы тұсында Ертіс өзеніне құяды. Есіл бойында Астана (Ақмола), Петропавл, Есіл қалалары орналасқан.

Дуана — Шығыс Қазақстан обл. Семей қалалық әкімдігі аумағына қарасты Дегелең тауының оңтүстігіндегі тау.

Жайық — Каспий теңізі алқабындағы өзен. Ол Ресейдің Башқұртстан, Челябинск, Орынбор әкімшілік аймақтарының және Қазақстанның Орал, Атырау облысының территориясымен ағады.

Жарма — Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданындағы кент, округ орталығы, темір жол стансасы. Шар өзенінің сол жақ саласы — Жарма өзені жағалауында, боз, бетеге, селеу, көкпек өскен сортаң қоңыр топырақты шөлейт дала белдемінде орналасқан.

Жетісу — еліміздегі ең ірі өлкелердің бірі. Жері сулы, нулы Жетісу туралы ғалымдар түрлі пікірде болып келгені белгілі. Кей деректерде Жетісу құрамына Іле, Қаратал, Ақсу, Бүйен, Лепсі, Басқан, Сарқант өзендері жатқызылса, танымал зерттеуші Ә.Тұрлыбаев Бүйен, Басқан, Сарқант өзендерінің орнына Аякөзді, Талас пен Шуды кіргізеді. Жетісудың аумағында 1867 жылы Семиреченская облысы құрылып, ол 1922 жылы Жетісу облысы, 1924 жылы Жетісу губерниясы болып аталып, 1932 Алматы облысы бөлініп шықты.

Зайсан — Шығыс Қазақстан облысының қиыр шығысындағы әкімшілік бөлік. Шығысында Қытай Халық республикасымен шектеседі. Аудан орталығы — Зайсан қаласы. Зайсан ауданының жер бедері өте күрделі. Аудан жерімен Зайсан көлін жағалап Зайсан — Семей, Зайсан — өскемен, Боран — Теректі — Балықтыбұлақ автомобиль жолдары өтеді.

Керегетас — Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданындағы тау. Марқакөл көлінің шығысында, Сарлытаң тауының солтүстік-шығысында орналасқан. Беткейінен Шағанаты, Қарақоба, Сорвенок өзендерінің салалары бастау алады.

Көкбастау — Тарбағатай жотасының солтүстігіндегі Қазаншат және Сарытолағай тауларының оңтүстігіндегі оқшауланған тау.

Көкшетау — жақпартасты, орманды-көлді таулар жүйесі. Сарыарқаның солтүстігінде, Көкшетау қыратының солтүстік-шығыс бөлігінде, Шортанды ауданында оқшау орналасқан.

Қарабас — Сырдария алабындағы өзен. Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданы жерімен ағады. Бастауын Қаратау жотасының солтүстік беткейінен алып, Бөген өзеніне жетпей тартылып қалады.

Қарақұм — Іле өзенінің оң жағалауындағы құмды алқап. Қытаймен шекаралас орналасқан. Алматы облысы, Жәркент ауданы жерінде. Қарақұмның батысында Бурақожыр (Боро-худзир), шығысында Қорғас өзендері, солтүстігінде Тоқсанбай жотасы, оңтүстігінде Іле өзені аңғары жатыр.

Қарсақбас — Тосынқұм құмының батысында 15 шақырым жердегі тау. Қостанай облысы, Жангелдин ауданындағы Торғай өзенінің аңғарында орналасқан. Қарсақбас тауының жанында Басқарасу, Алакөл, т.б. көптеген қыстаулар бар.

Қаракөл — Қызылорда облысы, Арал ауданындағы көл.

Қармақшы — Қызылорда облысының орталық бөлігінде орналасқан әкімшілік бөлініс. Аудан орталығы — Жосалы кенті. Аудан жерін толығымен Тұран ойпаты алып жатыр.

Құмкент — ортағасырлық қала орны. Оңтүстік Қазақстан облысы Шолаққорған ауданнан 30 шақырым жерде орналасқан; Созақ ауданындағы әкімшілік бірлік.

Қазығұрт тауы — Талас Алатауының оңтүстік-батыс сілеміндегі аласа жота. Ежелгі аңызда дүниені топан су басқанда, Нұқ пайғамбар кемесі Арабияның Жуда тауында, Х ғасырдағы аңызда Арарат тауына тоқтаған делінеді. Қазақ (түркі) аңызы бойынша, топан су қаптағанда Нұқ пайғамбар («Топан су» мифінің көне нұсқасында Нұқ пайғамбардың есімінің орнында «Йвшқар-ата» («Жылаған-ата», «Жылауық ата» деген кісі есімі де қолданылады) кемесі Қазығұрт тауының шыңында тұрып қалған. Сөйтіп, топан су қайтқан соң, адамзаттың жаңа ұрпағының тіршілігі сыртқы бітімі кемеге ұқсас Қазығұрт тауынан басталған. Кейін ислам дінінің таралуына байланысты Нұқ пайғамбар туралы аңызбен ұштасып, ежелгі мифтің жаңа нұсқасы пайда болған.

Қайдауыл — Павлодар облысы, Баянауыл ауданындағы тау. Баянаула тауларының солтүстігінде орналасқан.

Қалба — Ертіс өзенінің сол жағындағы тау және тау қырат- тары.

Қапал — Алматы облысының Ақсу ауданындағы елдімекен. Кезінде осы аттас ауданның орталығы болған. Аумағында шипалы емдік судың мол қоры жинақталған.

Қарақалпақ, Қарақалпақстан — Қазақстан республикасының оңтүстік-батысында орналасқан, Өзбекстан республикасының құрамындағы автономиялық республика. Орталығы — Нүкіс қаласы.

Қаратал — Алматы облысының Ескелді, Көксу, Қаратал аудандары жерімен ағып өтетін өзен. Балқаш-Алакөл алқабындағы суының молдығы және арнасының үлкендігі жағынан Іледен кейінгі орында. Қаратал Жетісу (Жоңғар) Алатауындағы мұздықтардан басталып, Балқаш көліне құяды.

Қаратау — Тянь-Шань тау жүйесінің солтүстік-батысында орналасқан тау жотасы. Қаратау негізінен, Жамбыл облысының аумағында орналасқан. Тек солтүстік-батыс бөлігі оңтүстік Қазақстан облысы аумағына қарайды.

Қарауылтөбе — ежелгі оба. Арыс қаласы төңірегіндегі Қараспан аулының шығысына орналасқан.

Қарқара — Алматы облысы, райымбек ауданындағы өзен. Қарқара Күнгей және Теріскей Алатаудың солтүстік-шығыс беткейлерінен басталып, Тиектас тұсынан Шарын өзеніне құяды. Аңғары тар, шатқалды. Қар және бұлақ суларымен қорланады.

Қарқаралы — Қазақстанның байырғы қалаларының бірі. Қарағандының оңтүстік-шығысында орналасқан.

Қоқан хандығы — Ферғана жазығында ХVІІ-ХІХ ғасырларда тарих сахансына шыққан. Астанасы — Қоқан қаласы. Қоқан хандары өздерін Шыңғыс ханның ұрпағымыз деп санаған. Негізінде олар минг (мың) тайпасының өкілдері болатын. Қоқан хандары әулетінің негізін салушы Шахрух би алғаш 1710 жылы шамасында Қоқан территориясында Бұхар хандығынан тәуелсіз кішігірім иелік құрды. Кейіннен түрлі тарихи-саяси себептерге байланысты Қоқан хандығы жойылып, оның орнына Түркістан генерал-губернаторлығына бағынатын Ферғана облысы құрылды.

Қоянды — Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданындағы ауыл, ауылдық округ орталығы. Оның негізінде Қояндыда және округке қарасты Атантай, Қорық, Шоқай ауылдарында шаруа қожалықтары құрылды. 1848-1930 жылдары мұнда Қоянды жәрмеңкесі (Қоянды — Ботов) өткізіліп тұрған.

Құмкент — орта ғасырлардағы қаланың орны. Шымкент облысы, Шолаққорған ауданынан Байқадам кентіне барар жолдың бойында орналасқан. 1946 жылы орталық Қазақстан (Ә.Х.Марғұлан), 1947 жылы оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициялары (А.Н.Бернштам) зерттеген. Марғұланның пікірінше, Құмкент араб деректерінде кездесетін Қамукент қаласының орны. Ол XIII-XIV ғасырларда Таластан Сайрамға қарай созылған керуен жолы бойындағы ірі сауда орталығы болған. Табылған ескерткіштерге қарағанда, қаланы адамдар X-XV ғасырларда мекендеген.

Қызылжар — қазіргі Петропавл қаласы, қазақтар Қызылжар деп атаған. 1936 жылдан Солтүстік Қазақстан облысының облыс орталығы.

Қызылорда — қала, осы аттас облыстың әкімшілік, экономикалық және мәдени орталығы (1938 жылдан). Сырдария өзенінің оң жағалауында орналасқан.

Қызылтау — Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданының солтүстік-шығысында, Семізбұғы ауылынан және Шалқар көлінен солтүстік шығысқа қарай орналасқан тау. Қызылтаудың Сарыадыр деген жерінде 1919 жылы Қолчақтың омбыдағы түрмесінен қашкан С. Сейфуллин паналаған.

Қытай — Шығыс және орталық Азиядағы мемлекет.

Лепсі — Балқаш алабындағы өзен. Алматы облысы, Ақсу, Сарқант аудандарының жерімен ағады.

Мәдина — арабша қала деген сөз. Меккеден кейінгі екінші қасиетті қала саналады. исламның негізін қалаушы Мұхаммед пайғамбардың 622 жылы Меккеден осында қоныс аударуына байланысты Хижаздағы ясрибке мұсылмандардың берген атауы. Мұсылмандардың жыл санауы осы қоныс аудару жылынан (хижра) басталды. Мұсылман мемлекетінің негізі қаланғанда Мәдина оның алғашқы астанасы болды.

Мекке — мұсылмандардың қасиетті қаласы. Онда бас мешіт әл-Мәсжид әл-Харам мен Қағба орналасқан. Исламның негізін қалаушы Мұхаммед (с.а.с.) осы қалада дүниеге келген. Мұхаммед (с.а.с.) Меккеден кеткенімен Мәдинедегі жаңа құлшылық ету үйін Қағбаға қарама-қарсы қойған жоқ, қайта оның есігін соған қаратты (құбыла). Мұсылмандардың Меккені 630 ж. жаулап алуы оның діни орталық ретіндегі айрықша жағдайын қалпына келтіріп қана қоймай, одан да жоғары дәрежеге көтере түсті. Меккеге барып тәуап ету исламның бес парызының бірі болып саналады.

Меркі — Жамбыл облысы, Меркі ауданының орталығы, ауыл, ауылдық әкімшілік округі орталығы, темір жол стансасы.

Моңғолия — орталық Азияның шығыс бөлігінде орналасқан мемлекет. Солтүстігі ресей Федерациясымен, ал оңтүстігі, шығысы, батысы Қытай Халық республикасымен шекарласады. Моңғолия бұл екі елдің ортасында орналасқанымен, оның батыс нүктесі Қазақстан республикасының шығыс нүктесіне өте жақын жерде (18 шақырым) орналасқан. Астанасы — Ұланбатыр қаласы.

Мыңжылқы — Кіші Алматы өзенінің бастауында орналасқан шатқал.

Нұра — Қарағанды және Ақмола облыстары жерімен ағатын өзен. Нұра Қарқаралы тауының батыс сілемдеріндегі бұлақтардан басталып, Теңіз көліне құяды.

Орал тауы — Еуразиядағы тау жүйесі. Оның шығыс етегі бойымен екі дүние бөлігін — Еуропа мен Азияны бөлетін шартты шекара өтеді. Қазақстанда орал тауының оңтүстік жалғасы — Мұғалжар тауы.

Ордабасы — оңтүстік Қазақстан облысының оңтүстігінде орналасқан әкімшілік-аумақтық бөлік.

Петербург, Санкт-Петербург — Ресейдегі қала. Федералды субъект мәртебесіне ие. Ленинград облысындағы Нева өзенінің Фин бұғазына құяр сағасында орналасқан. Санкт-Петербург аумағынан 45-тен астам өзен, 40-қа жуық канал өтеді. Портты қала, әуе, автомобиль жолдарының және темір жолдың ірі торабы.

Россия, Ресей — ресей Федерациясы. Азия мен Еуропа құрлықтарында орналасқан мемлекет. Жер аумағы жағынан дүние жүзіндегі ең үлкен мемлекет. Ресей мен Қазақстан арасындағы шекара әлемдегі ең ұзын шекара болып табылады. Ресейдің мәдениеті дүниедегі ең ұлы мәдениеттердің бірі, жетістіктері орасан көп. Саяси жағынан Ресей — ықпалы зор мемлекет, Бұұ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі. Орасан зор табиғи байлықтары, қуатты қарулы күштері мен білім деңгейі өте жоғары халқы — Ресей қуатының кепілі.

Сайрам — оңтүстік Қазақстан аумағындағы орта ғасырлық ірі қалалардың бірі. Бұрынғы аты — Исфиджаб. Сайрам жайлы алғашқы дерек Махмұт Қашқаридің «Диуани лұғати-т-түрк» атты еңбегінде кездеседі. Моңғол шапқыншылығынан кейін Сайрам маңызды орталықтардың біріне айналған. ХV- VІІІ ғасырларда қазақ хандықтары кезінде ірі сауда, діни және мәдениет ошағы болған.

Самарқанд — Өзбекстанның Самарқанд облысының орталығы, қала. Заравшан өзенінің аңғарында орналасқан. 1868 жылы патша әскерлері басып алды да, Ресей империясының құрамына енді. 1924-1930 жылдары Өзбек ССр-ның астанасы, 1938 жылдан облыс орталығы. Самарқанда тарихи ескерткіштер өте көп: Шаһи Зинда, Бибі ханым мешіті, Регистан т.б.

Сарыөзек — Алматы облысының Кербұлақ ауданының (1973 жылдан) орталығы.

Саумалкөл — Есіл алабындағы ағынсыз көл. Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданының жерінде өзімен аттас ауылдың шығысын бойлай орналасқан.

Семей — Ертіс өзенінің жағасында орналасқан қала. Іргесі ХVІ ғасырда қаланған қаланың алғашқы атауы Доржынкент.

Созақ — Оңтүстік Қазақстан облысындағы аудан атауы. Әуелде Қаратаудың солтүстік бөлігіндегі едәуір биік тау шо- қысының аты.

Сыр — Сырдария өзені. орта Азиядағы ірі өзен. Қарадария мен Нарын өзендерінің Ферғана қазан шұңқырының шығыс бөлігіндегі қосылған жерінен бастап Сырдария аталынып, Арал теңізіне құяды.

— Қырғыз Алатауынан бастау алып, Талас жазығы арқылы Мойынқұм құмдарына сіңетін, V ғасырдан белгілі өзен. Оның бойынан шаһар салынып, қала VІ ғасырдан кейін Тараз деген атпен мәшһүр болған. Бұл аттас Талас өзені Алматы облысының Райымбек ауданында да бар.

Тарбағатай — Зайсан және Балхаш — Алакөл арасындағы су айырық жота. Семей, Шығыс Қазақстан облыстарының жерлерінде орналасқан.

Ташкент — қазіргі Өзбекстанның астанасы. Қазақ хандығы дәуірінде Ташкент қазақ хандары үшін айрықша геосаяси маңызы бар өңірлердің бірі болған. Тарихи деректер Ташкенттің Тәуекел және Есім хандары тұсында қазақ билеушілерінің ықпалында болғанын аңдатады. ХVІІІ ғасырдағы жоңғар шапқыншылығы кезінде де Ташкент бірде басқыншылардың, бірде қазақ халқының қолына өтіп тұрған. Ташкенттің ХVІІІ ғасырда қазақтардың айтулы ордаларының бірі болғанын оның маңында Төле бидің және Әйтеке бидің бар екендігі де айғақтайды.

Терісаққан — Есіл алабындағы өзен. Ақмола, Қарағанды, Қостанай облыстарының жерлерімен ағып өтеді.

Текелі — Алматы облысына бағыныстағы қала (1952 жыл- дан), темір жол стансасы. Талдықорған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай орналасқан.

Тобыл — Ертіс алабындағы өзен. Қазақстанның Қостанай облысы, және Ресейдің Қорған, Түмен облыстары аумағымен ағады. Бастаулық бөлігінде Торғай қолатымен өтеді. Бұл тұста өзен арнасы тастақты келеді және аңғарында ойдым-ойдым қарасулар көп кездеседі.

Торайғыр Тауы — Іле Алатауының шығыс сілеміндегі тау. Шарын және Шілік өзендерінің су айырығында. Солтүстігінде Сөгеті аңғары, оңтүстігінде Жалаңаш аңғары орналасқан. Торайғыр етегінде қыстаулар (Көртоғай, Көлбастау, Торыайғыр т.б.) мен қоныстар орналасқан. Шығысында өзімен аттас асу бар. ол арқылы Алматы — Нарынқол автомобиль жолы өтеді.

Торғай — ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы бекініс. Ресей патшалық үкіметі тарапынан ХІХ ғасырдың 40-жылдары феодалдық монархиялық қозғалыспен күрес барысында қазақ даласының ең түкпірінен бекініс пунктін салуға шешім қабылданды. Торғай облысының құрылуына байланысты 1868 жылы Торғай қала атанды.

Түндік өзені — Ертіс алабында орналасқан өзен. Кент, Кешубай, Қоңыртемірші сағаларының қосылатын жері «Ақжарық» деп аталады.

Түркістан — оңтүстік Қазақстан облысындағы Түркістан ауданының орталығы, Сырдарияның оң аңғарында орналасқан қала. 2000 жылы көне қаланың 1500 жылдығы тойланды. Арабтардың географиялық жазбаларына қарағанда ІV-Х ғасырларда бұл қаланың орнында Шавгар (арабша Шавагар) мекені болған, бірақ бұдан із қалмаған. ХІІ- ХІV ғасырларда Түркістан «ясы» деп аталады. Қожа Ахмет иасауи ғимараты салынғаннан кейін түркілердің діни орталығына айналды.

Ұлытау — Сарыарқаның оңтүстік-батыс шетіндегі ұсақ шоқылы, таулы өлке. Ұлытауда атақты Жошы хан мазары сақталған. Бұл арада өткен ғасырларда үш жүздің басы қосып, ел тағдырына қатысты алқалы жиындар өткізіп тұрған.

Үшарал — Қазақстандағы қала. Алматы облысы, Алакөл ауданының орталығы.

Үшқоңыр — Алматы облысы, Қарасай ауданындағы төбелі қоныс. Табиғаты көрікті үшқоңыр өңірі Қарасай ауданының және Алматы қаласы тұрғындарының демалыс орны саналады.

Үштөбе — қала (1961 жылдан), Алматы облысы, Қаратал ауданының орталығы, темір жол стансасы.

Шар — Семей облысының Көкпекті, Жарма, Шар және Жаңа Семей аудандарының жерлері арқылы ағып өтетін өзен. Абай 1885 жылы осы өзеннің бойындағы Қарамала деген жерде өткен Зайсан, Өскемен, Кереку, Семей уездерінің төтенше съезіне төбе би болып сайланған. Ақын осы съезге өзінің ел басқару жүйесін ұсынып, «Семей қазақтары үшін қылмысты істерге қарсы заң ережелерін» қабылдатты. Өзен атауы ақын шығармаларының толық жинақтарына еніп жүрген өзге ақыңдармен сөз қағыстыруларында да аталады.

Шелек — Алматы облысы, Еңбекшіқазақ аудандағы ауыл, ауылдық округ орталығы. Шелек арқылы халықаралық маңызы бар Алматы — Жаркент — Қорғас автомобиль жолы өтеді.

Шолаққорған — ауыл, оңтүстік Қазақстан облысындағы Созақ ауданының (1934 жылдан) және Шолаққорған ауылдық округі орталығы. Облыс орталығы Шымкент қаласынан солтүстікке қарай Қаратаудың солтүстік беткейінде орналасқан. 1957 жылдан қаракөл қойын өсіретін кеңшардың орталығы болған.

Шу — Қырғызстан мен Қазақстан жеріндегі өзен. Теріскей Алатау мен Қырғыз Алатауынан бастау алатын Жуанарық және Қошқар өзендерінің қосылған жерінен бастап Шу аталады. Соңғысының тұсына ортотоқой бөгені салынған.

Шымкент — Қазақстандағы қала, Оңтүстік Қазақстан орталығы. Қазақстан республикасындағы (Алматыдан) кейінгі екінші қала, бұл ретте қала басшылары, энергия және су- тұтыну көлемін ескере отырып және негізге ала отырып, қала тұрғындарының саны шамамен миллионға жуық деп есептейді. Осымен қатар, Шымкент негізгі өнеркәсіп, сауда және мәдени орталық болып табылады.

Шыңғыстау — Сарыарқаның Шығыс бөлігіндегі тау жотасы. Солтүстік-батысынан оңтүстік-шығысқа қарай созылған. Шығыс Қазақстан облысының Абай, Аягөз аудандары аума- ғында орналасқан. Шыңғыстау солтүстік-шығыста Алтайдан Шар өзені аңғарымен бөлінеді, оңтүстік-шығыста Тарбағатайға ұласады. Шығысында тауаралық Зайсан қазаншұңқыры, оңтүстігінде Солтүстік Балқаш төбелері жатыр.

Шідерті өзені — Ертіс-Қарағанды жүйесінде орналасқан өзен. Қушоқы тауының батысынан бастау алады.

Хантау — Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданындағы кент, темір жол стансасы, кенттік әкімшілік округының орталығы.

Хиуа — Өзбекстан республикасындағы қала. Әмудария өзенінің сол жағалауында, үргеніш темір жолы станциясынан оңтүстік-батысқа қарай орналасқан.

Іле өзені — Қазақстан (Алматы облысы) және Қытай жеріндегі өзен. Шығыс Тянь Шаньнан басталып, Балқаш көліне құяды. Басты салалары: Қаш, ғас (оң жақ), Шарын, Шелек, Талғар, Қаскелең, Күрті (сол жақ).


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер