Өлең, жыр, ақындар

Сырым батырдың Нұралы ханды шабуы (IV нұсқа)

Нұралы ханның бір қатынынан Сығалы Қисық деген баласы болып, бір күні бір жақтан келе жатып, бір қыз-келінге бара қонып, кемпір менен шалын үйден қуып шығып, түнде ықтиярсыз қыз-келіншекті де қастарына алып жатыпты. Сонан қарт Сырымға барып айтыпты. Сырым: «Нұралыға айт», — депті. Нұралы ханға айтса, Нұралы: «Әй, жастардың ойнаған ойнын да айтасыңдар-ау!» — деп тыңдамапты. Сонан Сырымға барып тыңдамады деп айтқан соң, Сырым Үргеніштің ханына барып, қасындағы қазысынан сұрапты:

— Қырық шаһ жеті шартпенен қойған ханды өлтірсе, оның құны не болады? — дегенде, қазы айтыпты:

— Қырық шаһ жеті шартпенен қойған ханды өлтірсе, оның құны: мың кісі, мың ақ қарабас түйе, мың ақ қарабас жылқы, мың ақ қарабас сиыр, мың ақ қарабас қой, — депті. Сонда Сырым айтыпты:

— Қырық шаһ жеті шартпенен қойған хан сертінен жаңылса, не қылады? — депті.

— Ол қырық шаһ жеті шартпенен қойған хан сертінен жаңылса, оны өлтірген кісіге құн жоқ, — депті.

Сонан Сырымның Нұралыны шаппақ болып қайтып ел жинағанды естіп, Нұралы Үрімге кетіпті. Артынан Нұралының орнына Сырым хан болыпты. Бір күндерде тана  Айтуған бидің Дат балалары Сырымның тумаларында талас болып, теңдік бермей жүріп, Айтуған Сырымға айттырса да тумаларына тілін алдыра алмай жүрген кезінде, бір күні Сырымның үйіне бір пақыр келіпті. Ол үйде Айтар қожа һам айтылмыш Айтуған би де бар екен. Біреу тұрып айтыпты: «Пақырды жарылқап жібере көріңдер», — дегенде, Айтар қожа айтыпты: «Бұл пақырды халық билеген хан жарылқар болмас, қыдыр қонған бай жарылқар болмас, ханның оң тізесіндегі Айтуған секілді би жарылқар», — дегенде, Айтуған би айтыпты: «Мен несіне би болып жарылқайын, Даттың алты тентегін ханға айтып, ханнан теңдігімді ала алмай жүрмін», — депті. Сонда Сырым үйден тұра жөнеліпті, үйдегі кісінің бәрі де шығыпты. Айтуған би үйінде жалғыз қалып «есікке үш барып, үш келдім» депті.

Сонан Сырым атына мініп алып есік алдына келіп: «Айтуған, бері шық!» — деп, шығарып алып айтыпты: «Күндегенің мен болсам, көпсінгенің халық болса, мен мынау елден кеттім, қалған халық сендерге хан болсын!» — деп сарып ұрып жөнеліпті. Сонан Үргенішке барып тұрып, сол Үргеніш шаһарында дүниеден қайтыпты дейміш. Сол Сырым би айтады екен: «Үйде, өрісте, қырда қазақты аузыма қаратсам да, Даттың алты тентегіне әлім жетпеді!» — депті.

Оқуға кеңес береміз:

Жылқының торысы көп пе, төбелі көп пе? (І нұсқа)

Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)

Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер