Өлең, жыр, ақындар

Сырымның Мөңкені жеңуі

(I нұсқа)

Сырымға бір жолаушы шекті елінің бір малшысы сізге «бере сал» деп еді деп екі жапырақ ескі шүберек береді. Сырым шүберекті тана Қоске би мен Бөкен биге көрсетеді. Сонда Бөкен би былай дейді:

— Мынаны шаршылап кесіпті-ау! Шаршының шеті екен. Басым байлаулы, аяғым тұсаулы дейді ғой шамасы. Мынаны үшкілдеп кесіпті, көйлектің шеті-ау, сірә, адамның тәніне көйлектен жақын не бар? Сенің тәнің, сенің сүйегіңмін дейді ғой!

— Бұл біздің елдің шектіде қорлық-кемдікте жүрген бір әйел адамы болар. Сырым, сен барып алып қайт. Көзіңе шарапшын ки, қарт-жас екеніңді білдірме, айтыса қалса, Мөңкенің алдына бар, — дейді Қосқе қарт отырып.

Сырым шекті еліне барып: «Осы елге бір қарындасым еріксіз кеткен екен, алып қайтайын деп келдім» деген соң, шектінің билері: «Адамыңның ата-тегін, аты-жөнін айт», — дейді. Сырым атай алмайды. «Ендеше, саған ел аралатпаймыз, адам бермейміз», — дейді. Сырым айтысып Мөңкенің алдына барады. Мөңке:

— Сырым, қуып келгенің қара дау екен, қараңғы билік беремін, — депті.

— Разымын, — дейді Сырым.

— Сырымға киіміндей киім кигізіп, атындай ат мінгізіп, қырық жігіт қосыңдар. Сырымның қарындасының қасына бір түсті киіндіріп қырық қыз-келіншек қойыңдар. Аулына барғанда, қарындасы ағасын танып атын ұстаса, қарындасын қайырыңдар, жаңылса, жазығы өзіне, адам бермеңдер, — деп, билік қылады. Сырым қырық кісімен аулына жетіп барғанда:

— Батыр ағам, аман келдің бе? — деп, қарындасы Сырымның шылауына орала кетеді.

Бұл — Байұлынан шектінің құрылары барымтаға әкеткен Дәуіт қызы Нұрғаным еді.

Мөңке би Нұрғанымнан:

— Сен осынша көптің ішінен ағанды қалай таныдың? — дегенде:

— Басқа жігіттер аударысып ойнап келеді екен; менің ағам төмен қарап мұңайып келеді екен, — депті.

— Қырық қыз-келіншектің ішінен қарындасыңды сен қалай таныдың дегенде:

— Мен қыз-келіншектердің киіміне емес, өңіне қарадым. Қарындасымның өңі сынық, назары пәс екен, — депті Сырым.

Сырым көзінің шарапшынын шешкенде:

— Бала, қара дауға жастай үйір екенсің, ұзақ жасамассың, — деп, Мөңке жас адамнан жеңілгенін ауырлап жантая кеткен екен.

Оқуға кеңес береміз:

Жылқының торысы көп пе, төбелі көп пе? (І нұсқа)

Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)

Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер