Өлең, жыр, ақындар

Сырымның аманаты

Байбақты Әшім деген адам Текенің байының баласыменен қорық жерге таласып, бай баласының басын жарады. Бай Әшімді ұстатып Текеге айдатып жібереді. Іс губернатордың қолына түседі. Әшімнің әкесі дүниесін шашып, бірнеше адам жалдап, Текеге жібереді. Бірақ ешнәрсе бітіре алмайды. Енді не істерін білмей тарығып отырғанда, он жеті жасар Қазы деген бала келеді. Әшімнің әкесі:

— Бала, кім баласысың? — дейді. Бала:

— Сырым баласымын, — дейді.

— Неге келдің? — дегенде, Қазы:

— Ата, маған көлікке бір түйе менен азыққа бір қойдың етін берші, — Әшім ағам үшін Текеге барып қайтайын деп едім, — дейді.

— Ей, шырағым-ай, ақымақ екенсің ғой, сенің әкеңдей Байнаққоңыр да барып дүниемді шашып тәлкек етті, енді сен де тәлкек еткің келді ме? — деп қуып жібереді. Қазы бала бес-алты күннен кейін тағы келеді.

— Ағай, маған азық бермей-ақ қой, тек бір түйе берші астыма мінетін, өзімде көлік реті болмай тұр, — деп өтінеді.

Әшімнің әкесі әуелі ақсақалдарын шақырып алып:

— Ау, ағайын, мына бір Сырымның баласы осылай дейді, ағайы үшін Текеге барам дейді. Анау күні бір келгенде қуып жіберіп едім, тағы келді, жібереміз бе, қайтеміз, мағына шығар ма екен? — дейді. Ағайын ақсақалдары, басқалар:

— Малыңды шашқанда өлген жоқсың ғой, бір атыңның майынан өлмессің, бәлкім, қайдан білесің Сырекемнің баласы ғой, жіберелік, — деп ұйғарады.

Әшімнің әкесі бір атанды шанаға жегіп, бір қойдың еті менен азықты шанаға салып, қасына бір адам қосып:

— Ал, балам, жолың болсын, бақытың ашылсын! — деп батасын беріп жөнелтеді.

Қазы бала Текеге барып бір пәтерге түсіп, ертеңіне домуправления дегенге барып кіреді.

— Осы Текенің губернаторының құзырында менің бір ағам жатыр, сол ағамды сұрай келдім, сіз барып айтыңызшы, — дейді бір әкімге.

— Ай, шырағым, оны ала алмассың, үкім алдақашан шығып, тұжырымды болып қалды ғой, — дейді әкім.

— Олай болса өзім барамын, — деп, рұқсат алып, губернаторға өзі кіреді.

— Қайдан жүрсің, кім баласысың? — дейді губернатор.

— Сырым баласымын, атым Қазы болады, — дейді бала.

— Жай жүрсің бе, жұмысыңды айтшы! — дейді губернатор.

— Тақсыр, осында сіздің құзырыңызда бір ағам отыр, сол ағамды босатып беріңіз деп өтінемін, — дейді Қазы.

— Ақылы жоқ, тентек мәжнүн адамды сұрап не қыласың, Әшім ақтық тұжырым шығып жарты шашы алынып, «жарты бас» есебінде айдалуға тұр, енді босатуға болмайды, — деп жауап қайтарады.

— Бас тақсыр, дұрысын айтасыз! Мен де ақылы көп, өзіне өзі жететін, қара басын дұрысын алып жүретін және өз тізгінін өзі дұрыс басқаратын адамды сұрап тұрғаным жоқ, ондай адамды сұраудың да қажеті жоқ қой, менің сұрап тұрғаным соның бәрінен қақасын адам еді, — дейді.

— Иә, балам, жас басыңнан қақылдап жүр екенсің, әкең Сырым болғың келе ме, бола алмассың. Сырым да алты алаштың қамын соғам деп ақырында жер ауып кетіп еді, — дейді губернатор.

— Бас тақсыр, менің әкем Сырым алты алаштың қамын соққаны рас болса, сіз маған ат төбеліндей бір бейбақты қимайсыз ба? — дейді Қазы бала.

Губернатор көзінің аласымен бір қарап қойып, әрлі-берлі қыдыра береді. Басын шайқап, біраз жүріп келіп Қазының жауырынан қағады да:

— Балам, сен мені ұттың, қазір қол тимейді, пәтеріңе барып жат. Бір жұмадан кейін ағаңды алып қайтарсың, — дейді. Сөйтіп, Қазы бір жұмадан кейін ағасын босатып алып қайтады. Қазы баланың халық аузында би атақ алып кету себебі, міне, осыдан былай қарай екен.

Оқуға кеңес береміз:

Жылқының торысы көп пе, төбелі көп пе? (І нұсқа)

Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)

Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер