Өлең, жыр, ақындар

Сырым батырдың қайтыс болуы (II нұсқа)

Сырым батыр Малайсары биге бата сұрап барыпты. Малайсары батасын былай деп беріпті:

— Менің батам жеті атаңа жететін болсын, үйіңнің сыртынан дүбір кетпесін. Одан соң мына үш сиыққа зияның тимесін, бұл үш сиықта үш қасиетті адам бар, соларға жолай көрме! Олар: бірінші — тана Қоске би, екінші — әлім Көсеу би, үшінші — есентемір Бөкен би.

Сырым өзіне өзі жетіп болған соң: «Малайсары маған осыларға барма деді, басқадан бұлардың несін бөліп алды, неде болса барайын», — деп ойлайды. Сөйтіп, Қоске биге келеді. Сонда Қоске би айтады:

— Ай, Сырым, атаң сенің Дат еді,
Дат деген бір қоя салған ат еді.
Саған жолбасшылық еткен бір бата еді,
Бата беруде бір қате еді.

Әлім Көсеу биге барады. Көсеудің ұлы жоқ, екі қызы бар екен. Қыздары батырды әбден сыйлайды. Жатарда далаға төсек салып:

— Қонақтар, тысқа жатыңдар. Сырым үйге жатсын, — дейді. Сырым үйге келсе, қыздар кереуетке төсек салып қойыпты. Қыздар:

— Мұнда жатыңыз, — дейді. Сырым барып жатқан соң, қыздар жанына барып, бірге жатып:

— Ақылы бар адал кісі тек жатады,
Ақылы жоқ арам кісі бір нәрсе деп жатады,
Деп жатқанда таң атады.
Соның, мырза, қайсысын аласың? —

депті.

Сырым ұялып тек жатуды алады. Сырым ішінен: «Көсеудің қызы мұндай, өзі қандай білгір екен?» — деп аттаныпты.

Сырым Бөкен биге барыпты.

— Үш сиықтың баласы көше ауғанда, Хиуада ақтылы жылқы, аяқты малы көп қалып еді, соған барайын деп шықтым, — дейді Сырым. Оған Бөкен риза болмапты.

— Хиуа хандығы қастандық қылар, барма, — дейді Бөкен.

— Жоқ, бет алып қалдым, барып қайтамын, — деп, Сырым жүріп кетеді.

Есқара батырды жолдастыққа алады. Барған соң Хиуаның ханы Сырымды алдырып:

— Оның дұрыс, бір жылға мұрсана бер, еліммен сөйлесейін, келер жылы кел, — деп қайырып, аттанарды үзеңгісіне у жағып жібереді. Шыға бере улап Сырымның аяғы іседі.

— Есқара, аяғымды кес! — дейді Сырым батыр.

— Жоқ, аяғыңды кеспеймін. Бөкеннің тілін алмадың, — дейді Есқара. Ақыры Сырым содан қайтыс болыпты.

Оқуға кеңес береміз:

Жылқының торысы көп пе, төбелі көп пе? (І нұсқа)

Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)

Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер