Өлең, жыр, ақындар

Сырымның қазасы (IV нұсқа)

Сырым ханның ауылынан кетерінде хан айтады: «Келер жылы саратан айында /июнь/ үлкен тойым бар, соған кел», — деп, Сырымды шақырады. Келер жылы сол уақытта қараман Малайсарыға барып ақылдасады. Малайсары Сырымға: «Тілімді алсаң, барма, күншіл халық сені тірі жібермейді», — дейді. Бірақ Сырым болмай жүріп кетеді. Ауылдан үш күншілік жер шыққан соң, қасындағы қосшы бала Есқараға:

— Ой, Есқара! Жанай барған соң Сырым бәйгеге қосатын атыңды, күресетін жігітіңді шығар, — дейді. Ауылдан ат пен жігіт алмаппыз ғой, — дейді. Есқара «тәуекел, баралық» депті. Сонда Сырым:

— Күресуге қуатың қалай? — депті.

— Қол қайратым жаман емес, бірде жоқ іздеп елсізге шығып кетіп, шөлдеп бір топ сексеуілді қолмен бұрап, толық тостағандай су алып ішіп едім. Қол қайратымды осыдан біл, — дейді Есқара.

— Атыңның халі қалай? Бір жорықта кешкі шабысы таңертеңгі шабысынан өнімді-ау деп есептеп едім, алысыраққа жіберерсіз, — дейді. Сонымен екеуі Хиуаның ханына келеді. Хиуаның ханы оларды қарсы алады. Сырымға Хиуаның ханы бірнеше сұрақ қояды. Сұрақтары: сіздің халық «ат-мат», «жігіт-мігіт», «ас-мас» дейді. Сонда аттарың ат, ал маттарың не? Жігітің жігіт, ал қосымша мігітің не? үйің үй, мүйің не? Асың ас, ал масың не? дегенде, Сырым: «Жауабын той артынан беремін», — дейді.

Аттар бәйгеге шауып кетеді. Сырымға хан: «Енді палуаныңды шығар», — дейді. Сырым: «Өлсе, палуанымның құны сұраусыз. Өлсе, сенің палуаныңның да құны сұраусыз болсын», —  дейді Хиуа ханға. Ұстаса кеткенде Есқара қарсыласының белбеуден бұрап үш қабырғасының басын шығарып жібереді. Және шалқасынан итере салады. Хан палуанын алып кетеді. Осы кезде бәйгеге қосылған аттар да келеді. Сырым қосқан Есқараның аты жалғыз озып келеді. Палуан бәйгесін, ат бәйгесін алып, Сырым ханға келіп:

— Кешегі сұрағыңызға жауап берейін, — дейді.

«Мына жыққан Есқаражанды «жігіт» дейміз, ал жығылған сенің палуаныңды «мігіт» дейміз. Бәйгеден келген мына қара атты «ат» дейміз, қалып қойған сендердің аттарыңды «мат» дейміз. Ханның кіріп отырған үйін «үй» дейміз, ал біздің кіріп отырған үйіміз «мүй» дейміз. Ханның ішкенін «ас» дейміз, ханның бізге берген асын «мас» дейміз. Бізде бұдан бөтен қоспа сөз жоқ», — деп Сырым жауап береді. Сол сапарда хан бір жауыз әйелді үй тігіп, Сырымның жолына қояды. Әйел келе жатқан Сырымның алдынан шығып: «Дәм татып кетіңіз», — деп шылбырына оралады. Сырым келіп сол үйге кіреді, ас ішеді. Әйел берген асына у салған екен. Қолын асқа салғанда у қолына шауып, Сырым сол арада қаза табады.

Оқуға кеңес береміз:

Жылқының торысы көп пе, төбелі көп пе? (І нұсқа)

Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)

Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер