Өлең, жыр, ақындар

Жан шақ келмеген ділмар қыздың әңгімесі

Жәңгірдің заманында билер бәрі ерігіп әңгімелесіп отырғанда, біреу тұрып айтады:

— Япыр-ай, жылқышы табында бір қыз бар дейді, оны өлеңмен де, қара сөзбен де адам жеңе алмайды, — дегенде, хан:

— Сол сөйлесіп, жеңіп келуге кім барады, — дегенде, біреу «мен барамын» деп айта алмаған соң, хан Балқы биге:

— Сен бар, — деді. Балқы:

— Жоқ, сенің Шомбалың бар ғой, соны жібер, — депті. Хан:

— Онда Шомбалды басшы қылып төрт жігіт жіберейін, сен сөйлеме, тек солардың не сөйлегенін, қыздың оларға берген жауабын естіп, қайсысы мүдірді соны айтып келерсің, — депті. Балқы мен тағы Шомбалды басшы қылып алты кісі жіберіпті. Бұлар барып бір күндерде қызды іздеп тауыпты. Қыз далада өрмек тоқып отыр екен, келіп ат үстінен аман-саулық сұрасқан соң, Шомбал тұрып қызға айтыпты:

— Біз жолаушы едік, осы бір араға келгенде мінетін атымыз мертігіп өлді. Жақсы мал еді, соның басын асып тасталық деп, сізден бір қазан сұрай келіп отырмыз, — деді. Сонда қыз айтыпты:

— Шешемнің бір қазаны бар күнде пісіп, аузы ашық, түбі тесік, жеңгемнің бір қазаны бар күнде пісіп, түнде түсіп тұрады, өзімнің бір қазаным бар атыңның басы түгіл, атаңның басын асам десең де, бере алмаймын, — депті. Ана қалған төрт жігіт те әзілдеп, бір-бір сөз айтса да, қыздан бәрі де керекті сыбағаларын ала беріпті. Қалған бір жігіт:

— Құдаша, мен бұл жігіттерден басқамын, мен бір жоқ жоғалтқан адаммын, бір ақ қолтық қара қашарым жоқ, көзіңізге түспеді ме? — депті.

Сонда қыз:

— Мен өзім отырушы едім ісімді істеп,
Кісіге сөйлес деген үйге түс деп.
Мана мен сол қашарды көріп едім,
Тұр еді алты бұқа артын иіскеп, —

депті. Бұлар сөйтіп жеңіліп ханға қайтып келгесін, хан:

— Кім жеңді? — деп сұрапты. Сонда Балқы:

— Жіберген адамдарың қыздан бәрі де сыйлықтарын жеткізіп алды, тіпті, үндемеген менің де сыбағамды берді, — депті.

Оқуға кеңес береміз:

Жылқының торысы көп пе, төбелі көп пе? (І нұсқа)

Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)

Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер