Өлең, жыр, ақындар

Үкі би

Жәңгір ханның қоластында байбақты Үкі би болыпты. Өзі өте кішпейіл адам екен. Кішпейілділіктен үлкен-кіші демей, бай-жарлы демей, ерте де-кеш те шақырса да, шақырмаса да, бара береді екен. Өзі жақсы адам, би бола тұрып, ерте демей, кеш демей орынды-орынсыз жүре берген соң, ел арасында күңкіл өсек жүре бастайды. Сондықтан Үкі би ойланып: «Апыр-ау, бұл елге қандай кішілік етсем де, болмайды екен, ар жаққа шығып Сырым батырдың немерелері Омар, Мұхтарға барып қосылайын», — деп, үйін бөкейлікке тастап, өзі атпен бергі бетіне шығыпты. Сол заманда ауырып аты өліп, өзі жаяу қалса да, бет алған бағытынан қайтпай жүріп келіп, күн батуға таянғанда Омар, Мұхтар ауылының қарсысына келіп, ауыл шетінде бір қарт адамға жолығып, Омардың үйін сұрапты. Сонда қарт:

— Оны нағыласың? — депті. Үкі:

— Қонайын деп едім.

— Уа, жолаушым! Омар сен түгілі, үш ат жеккен пәуеске мінгенді де таңдап қондырады, бекер барасың ғой, онан да бізге қонып кетсең қайтеді? — дейді. Сонда Үкі:

— Сөйлессе, қонармын, сөйлеспесе, кетермін, үйін көрсет? — деді.

— Ендеше, үйі анау, — деп қарт көрсетіп жіберді. Үкі би күнмен таласып, Омардың үйіне сәлем беріп жетіп келді. Омар басында жастық, астында көрпе, төрінде қисайып жатыр екен, сәлем алмастан «жолың болсын!» — дейді. Үкі би:

— Қонайын деп едім.

— Қонсаң, анау үйге бар, саған тамақ бергізермін, — деді.

Сонда Үкі былай деді:

— Арғы атаң Дат еді,
Ол жаман кісінің аты еді.
Одан туған Сырым еді,
Қырмызы тонға жырым еді.
Бұдан туған Қазы еді,
Айналасы жаз еді.
Содан туған Омар едің,
Сөйлесуге құмар едім.
Бұ да құрмет, мырзалық па?
Қараша үйге қолың сілтеп,
Артыңнан тамақ берер дедің.
Сені бұлай демеп едім,
Білсем саған неге келдім? —

деп үйден шығып жүре беріпті. Онан кейін күн бата Мұхтардың үйіне келеді. Сәлем беріп, кіріп барыпты. Мұхтар төрінде отырып: «кімсің?» деп жөн сұрапты. «Қонамын» деп бұған да айтыпты. Бұ да Омар ұқсап, қараша үйді көрсетіпті. Сонда Үкі би:

— Уәй, арғы атаң Дат еді,
Дәулетке көңіл шат еді.
Одан туған Сырым еді,
Мінезі шалкес қырын еді.
Бұдан туған Қазы еді,
Жігітте ондай аз еді.
Содан туған Мұхтар еді,
Сөйлессең, тоқтар едің.
Танымағаныңды еттің-ау,
Танысаң, жоқтар едің? —

деп үйден шыға бергенде, Мұхтар жүгіре шығып, қолын алып, тай сойып, қонақ етіп, ай жатқызып, үйін көшіртіп алыпты.

Оқуға кеңес береміз:

Жылқының торысы көп пе, төбелі көп пе? (І нұсқа)

Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)

Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер