Өлең, жыр, ақындар

Махамбеттің әкесі Өтеміс би

Махамбет батырдың әкесі Өтеміс сөзге шебер би болған, жақсы орта дәулетті, өзі инабатты адам болған екен. 1801-1802 жылдары Кіші жүздің кейбір рулары Бөкейді хан көтеріп ресми түрде ішкі бетке өтуге рұқсат алып, көшіп, көлденең жатқан Жайық өзенінен өтуге бет алған. Жайық бойын мекен еткен күзетші есебінде қызмет атқарып тұрған қазақ-орыс әскері елді Жайықтан өткізбей: «Суды ылай жасайсыздар, балығын үркітесіздер», — деп кідіртіп көп ел Жайық жағасында иіріліп қалыпты.

Сол кезде елдің уәкілі есебінде Өтеміс қазақ-орыс басшыларымен сөйлесіп, келісіп, шаңырақ басы бір еркек қой беретін болып, елді өткізе бастапты. Елді жапа-тармағай жібермей, бір орыннан ғана жіберіп және Өтеміс өзі басында тұрып бұрын келгенді бұрын, соңғы келгендерді соңынан өткізіп тұрыпты.

Бұл кезде хан-төре ақсүйек тұқымдары да өтпек болған. Олар мынадай кезекпен өтуді ар көріп, Өтеміске риза болмай, әрі көре алмай «Өтеміс сен неге тайраңдайсың, қаншама талдасаң да, атаң Мәлі құл емес пе?» — депті. Сонда Өтеміс тұрып қысылмай-саспай төрелерге:

— Өзен, өзен, өзен су,
Өзен суға қанған ит.
Күнінде өзі болған жігіттің
Түп атасын сұраған ит.
Алдыңғы кісі соғым жейтін,
Артқы кісі боғын жейтін.
Төре болсаң, жөніңе төресің,
Бірақ кезегің келгенде өтесің, —

деген екен.

Оқуға кеңес береміз:

Жылқының торысы көп пе, төбелі көп пе? (І нұсқа)

Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)

Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер