Өлең, жыр, ақындар

Білімді болу - қоғам талабына сай болу

«Ең маңызды капиталымыз – адам» деген пікірді естімеген адам жоқ шығар? Білім – дәл сол капиталды қалаудың ең басты жолдарының бірі.

Адам баласы білім арқылы ғана адами қасиеттерге ие бола алады. Басқаша айтар болсақ, жануарлар негізгі түйсіктермен өмір сүрер болса, адам баласы мен қоғамның жалғасымды болуын қамтамасыз ететін фактор – білім. Білім дегеніміз – қоғамдағы мәдени капиталды, мәдени жинақты жас буынға тапсыру ісі болумен қатар, алдыңғы буынның өздеріне ұқсас адамдарды қалыптастыру үшін жасайтын іс-әрекеттерінің атауы. Мұны іске асыру барысында белгілі бір типтегі «идеал адам» моделі қашанда көз алдымызда тұрады және жас буынды сол идеал адамға ұқсатуға тырысамыз.

Дүние тану, білімге талпыну әрбір адамның есейген дәуірінен аңсап қараған түбегейлі ісінің бірі болып келеді. Егер бұл талпыну болмаса, әрбір адам білімге, еңбекке үңіле қарамаса, тек аңша қарын тойдырып, ұйқымен уақыт өткізсе, ешбір ілгері басу-өрлеу де болмас еді. Себебі, бұл заман білекке сеніп отыратын емес, білімге сенетін, білімді, сауатты болуды талап ететін заман.              

Қазіргі заманда жас ұрпақтың білім алуға деген талпынысы, қызығушылығы өте жоғары деп ойлаймын. ХХІ ғасыр – ақпарат пен технологияның заманы. Адамдардың білім алу деңгейі жаңа сатыға көтеріліп, жаңа түрлі технологиялар, жаңа бағдарламалар ойлап табылып, білім сапасы артуда. Қазіргі таңда білім алу дегеніміз «мектептен бұрын басталатын» үдеріске айналды. Сонымен қатар мектептен кейін де жалғасын табатын, тіпті «өмір бойы білім алу» сынды идеалдармен көмкерілген іс-шараға айналды. Осылайша «білім – адам баласы туғаннан өлгенге дейінгі өмірінің әрбір сәтінде болатын жағдай» түсінігі қалыптасты.

Білімді адам кез-келген қиын жағдайдан шығатын жолды тауып, өмірде көп нәрсеге қол жеткізуге шамасы жетеді. Адам білімді, сауатты болған сайын оның дүниетанымы кеңейіп, креативті ойлау жүйесі дамып, басқа адамдармен қарым-қатынас жасап сөйлесу барысында көп нәрсе үйренуге және үйретуге мүмкіндігі арта түседі. Жастарды білім жолына салып, түзу жолдан тайдырмай, оқу-білімнің тізгінін ұстату мемлекет пен қоғамның міндеті саналады. Қандай мықты мемлекет болмасын жастардың білімі мен оқу-ағарту ісіне көп көңіл бөледі. Келешектің іргетасын қалайтын жастар болғандықтан, ең алдымен сол елдің жастарының саналы ұрпақ болып жетілуіне барынша күш салу керек деп ойлаймын. 

Сонымен қатар, қазіргі таңдағы білім тек қана мектептердің, колледждердің немесе университеттердің өнімі болудан қалды. Әлеуметтанушылар айтып жүрген «қосымша мектептердің» де білім беру үдерісінен орын алған кезең басталды. Яғни, білімнің көптеген мөлшері формалды оқу орындарында емес, осы «қосымша мектептер» арқылы қалыптасады. Бала білім алып жүрген мектебінен тыс қоршаған ортадан, үнемі өзіне назар аудартатын стимуляторлардың ықпалы мен әсерінде қалады. Медиа, соның ішінде смарт технологиялармен жабдықталған медиа қазіргі кезеңдегі балалардың ең көп «баратын» «қосымша мектептері».

Қысқасы, балаға білімді қоршаған орта құралдары береді. Бұл жағдай міндетті түрде балаға әсер етеді және болашағындағы кейбір жеке ерекшеліктерінің қалыптасуында рөл ойнайды. Осылайша қазіргі таңда «білім беру» немесе «білім» деген феномендердің мағынасы бұрынғыға қарағанда әлдеқайда кеңейген – шындық осы! Сондықтан да медиа білім берушілерге бір жағынан «көмекші» болса, екінші жағынан – әртүрлі проблемалар туғызатын қайнар көз.

Саналы қоғамда білімді азаматтармен бірлесе өмір сүрген жастар өз бойында білімге деген құштарлық пен ізгі сезімдерді қалыптастыратыны сөзсіз.Әрбіріміз сауатты болу үшін білім алуға міндеттіміз. Адам жан-жақты болуға талпынса, көштен қалмасы анық. Абай атамыз «Білімдінің күні жарық, білімсіздің күні кәріп» деп бекер айтпаса керек, сондықтан да дамыған елдермен тереземіз тең болуы үшін білімді заман талабына сай болуға талпынып, еңбектенуіміз қажет.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз