Өлең, жыр, ақындар

Шаш қоюға байланысты салт-дәстүрлер

Айдар қою

Ертеде перзент көрмей зарығып жүріп, ұлды болса, оның төбесіне бір шоқ шаш қойып, оған маржан-моншақ араластырып өріп қоятын салт болған. Бұдан тыс, кейбір хан ұрпақтары мен бай-манаптарда жақсы көрген ұлдарының төбелеріне кішкене шаш қойып, оны «айдар» деп атаған. «Айдарлы ұлың, тұлымды қызың бар ма» деген тəмсіл, əне, содан қалған.

Бұл дəстүрдің де өзіндік мəні бар. Өйткені айдарды балаларға «осы балам ел-жұрттың қолдап-қорғауына, үміт-тілегіне ие болса екен» деп қояды.

Тұлым қою

Зарығып жүріп көрген немесе бір топ ұлдың ішіндегі жалғыз қыз болса, оның екі шекесіне екі шоқ шаш қойып, оны өріп, түрлі моншақ-маржан тағып, оларды басқа балалардан ерекшелеп қойған. Бұл салт «тұлым қою» деп аталған. Қыз балаларға тұлым қойғанда, аналары шағын қуаныш салтын өткізіп, қуанышын көппен бөліскен. Тұлым қоюдың да өзіндік мəн-мағынасы бар. Өзге балаларға қарағанда тұлымды қыздарға ел-жұрт ерекше сүйіспеншілікпен қарайды. Оларға бар жақсы тілектерін тілеп отырады.

Жетімге желке шаш қою

Ертеде ата-аналарынан жастай айырылып жетім қалған, жанашыр туыс-туғаны жоқ балалардың желкесіне бір шоқ шаш қоятын салт болған. Бұлай істеу «осы бала тұлдыр жетім. Мұны кім-кімнің де құқық-мүддесін қорғау жауапкершілігі бар» дегені. Бұл «жетімнің желке шашы» деп аталып, оны көрген адамдар жетім екенін біліп, оған аяушылық пен қарап, сырттай қамқорлық көрсетіп, тіпті балағып бағып алып отырған. Жетімдерге желке шаш қою, қазіргі замандағы сияқты аналар мен балалардың құқық-мүддесін қорғайтын заң-ережелер мен мекеме орындары жоқ заманда қоғамда белсенді рөл атқарған. Ол адамдардың жанашыр жақыны жоқ ұрпақтар алдында борыштылық жəне жауапкершілік сезімдерін оятып, оларды өзімшілдіктен, қайырымсыздықтан, рақымсыздықтан бойларын аулақ ұстап, ізгі ниетті, қайырымды, мейірімді болуға баулыған.

Танабау тағу

Ұл бала алғаш рет əкесіне, қыз бала шешесіне ілесіп, түрлі жұмыстарына қолғабыс тигізіп жүргенін бірінші рет көргенде туыс-туған, дос-жаран, көрші-қолаңдары:«Балаларың жігіт болыпты, бой жетіпті, қажетке жарапты», – деп жабыла құттықтап, балаға түйме-тана, білезік, сөлкебай тағып жібереді. Кейде оны көптің атынан біреу барып тағып қайтады. Міне, бұл «танабау тағу» деп аталады. Салт бойынша, баласына «тана бау» тағылған ата-ана бұл жағдайды міндетті түрде атап өтеді.Танабау шайына барған кісілер баланың ата-анасына «балаңның танабауы» деп əртүрлі бағалы тартулар мен қой-қозы, тай-тайынша беріп, игі тілектерін айтады. Бұл дəстүр адамдар арасындағы достық сүйіспеншілік пен береке-бірлікті нығайтып, адамдарды күйініш-сүйініште бірге болуға шақырады.

Тұлым-шаш алу

Балалы-шағалы, немере-шөберелі болып, артына жақсы ұрпақ қалдыруды адамдық парыз, азаматтық міндет деп білген халқымыз көп перзентті болуды ерекше қуаныш санап, еркелеткен қыздарына «тұлым», ұлдарына «айдар» қойған. Олар беске келгенде жақын-жуықты шақырып «тұлым-шаш (айдар) алу» жоралғысын жасап отырған.

Онда: тұлымын немесе айдарын алатын баланың шашын төрде отырған ақсақалдан бастап келген жұрт аз-аздан қырқып шығады. Сондай-ақ, бал ға өз шама-шарқыларына қарай сыйлық атап (беріп) «отбасыңнан айдарлы ұл, тұлымды қыз үзілмесін» деп ықылас-баталарын айтады. Соңында шала қырқылған айдар немесе тұлымды инабатты кісілердің біріне ұстарамен алдыртып тастайды да, дастарқан басында бас қосып, көңіл көтереді. «Тұлым-шаш алудың» да өзіндік мəн-мағынасы бар. Ол адамдардың ұрпаққа деген сүйіспеншілігін арттырып, болашақта өнегелі жанұя болуларына бастама береді.

Оқуға кеңес береміз:

Қолаң қара шаш


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз