Өлең, жыр, ақындар

Жеті қазына

Жеті қазына — қазақтың дәстүрлі дүниетанымындағы философиялық түсініктердің бірі. Қазақ халқы Жеті қазынаны ер жігіттің өмірімен байланыстырып, оның ұғымына мыналарды жатқызады:

1. ер жігіт;
2. сұлу әйел;
3. құмай тазы;
4. берен мылтық;
5. жүйрік ат;
6. ақыл-білім;
7. қыран бүркіт.

Ер жігіттің жүйрік аты — қанаты. Қыран бүркіт — қуаты. Құмай тазысы — абыройын асырар сенімді серігі. Мылтығы — қахарлы оты. Қақпаны — серті, ауы — әдіс-айласы, кездігі — сұсы. Халық Жеті қазынаны өмір қажетіне негіз етіп таратқан. Қазақ халқының Жеті қазынаны — жеті ырыс деп атауының да мәні осында. “Жеті ырысқа” мыналарды жатқызады:

1. адамның ақылы,ой-санасы. Өйткені, адамзат ақылы арқылы хайуанаттар дүниесінен бөлініп ерекшеленеді, әрі дүниенің қожасы болды;
2. денсаулық, яғни дененің саулығы;
3. ақ жаулық, яғни үйдегі әйел адам — ердің жары, балалардың анасы. Халқымыз ежелден “Бас екеу болмай, мал екеу болмайды” деп, әйелді тіршілік иесі, адам өмірін жалғастырушы деп қастерлеген;
4. бала. Бала — адам өмірінің жалғасы, қуанышы;
5. көңіл. Көңіл мен пейіл кең болса, ынтымақ пен береке орнайды;
6. жер. “Жерсіз — ел тұл, ерсіз — жер тұл”;
7. ит. Ол әуел бастан-ақ адамға сенімді серік болған.

Ал ислам аңызы бойынша, Жеті қазынаға мыналар жатқызылады:

1. Қыдыр (қызыр.. Ол өзі ұнатқан адамдарына ғана дариды. Қыдыр дарыған адам байлыққа кенеледі деген түсінік бар;
2. Бақ. Ерекше жаратылған құдірет иесі. Бақ дарымайды, қонады. Бақ қонған адам ел мен жерге қожалық етеді;
3. Ақыл. Ақыл — байлық пен бақыттың тірегі;
4. Денсаулық. Деніңізде саулық болмаса, өміріңізде сән де, мән де болмайды делінеді;
5. Ақ жаулық. Дін аңыздары бойынша, Алла адамды топырақтан жаратып, жан берген соң, адам ұрпағын тарату үшін оның сол жақ қабырғасының біреуінен Хауа Ананы жаратқан;
6. Тұз. Тұз — Алланың адамдар мен жан-жануарларға берген несібесі, таусылмайтын кені;
7. Ит. Адам мен Хауа Ананың алғашқы серігі, қорғаушысы. Осы айтылған ислам аңызындағы Жеті қазына Алланың кереметімен ғана болып отырады. Мұндағы мақсат — “Барлық іс Алланың ұйғарымында, құдайсыз қурай сынбайды” дегенді білдіреді.

Жеті қазына ұғымы басқа халықтарда да кездеседі. Мысалы, грек аңыз-әңгімелерінде Жеті қазына басқаша кездеседі:

1. Көк аспан. Ол әлем сырын өз шеңберінде сыйғызып, солардың өзіндік қалпын сақтайды;
2. Күн. Ол әлемдегі тіршілікті басқарады. Барлық зат — Күннің шуағынан нәр алады;
3. Ай. Түнгі тіршілік нәрі. Ай табиғатты түн тұңғиығында тербеп, нұрландырады;
4. От. От — Күннің жердегі сүлдесі. Отты пайдалану арқылы адамдар дүниенің төрт бұрышына тарады;
5. Су. Сусыз тіршілік жоқ. Су — жерге қуат, өсімдік әлеміне, жан-жануарға нәр, көрік береді;
6. Жер. Жер — тіршілік анасы. Жан-жануарлар мен өсімдік әлеміне көрік, келбет, түр-тұрпат береді;
7. Ит. Ит — Адам мен Хауа Ананың пейіштен қуылып, жерге түскендегі алғашқы серігі, досы әрі қорғаушысы. Сол себепті Жеті қазынаның бірі саналады.

Оқуға кеңес береміз:

Жеті қазына

Қазақтың жетілері


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз