Қазақ педагогикасының тарихында өшпес із қалдырған тұлғалардың бірі – Құмаш Нұрғалиев. Ол Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл ауданында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласқан Құмаш Нұрғалиев 19 жасында майданға аттанып, Ұлы Отан соғысына қатысады. 1944 жылы ауыр жараланып, екі аяғынан және бір қолынан айырылғанына қарамастан, білімге деген талпынысын тоқтатпай, Мәскеудегі госпитальде емделу кезінде орта білім туралы аттестат пен бухгалтерлік курсты қатар аяқтап шығады. Ауылына оралған соң тағдырдың ауыр сынағына мойымай, ұстаздық жолды таңдайды. Алдымен орыс тілі пәнінен сабақ беріп, кейін Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының тарих факультетін сырттай тәмамдайды. Боран орта мектебінде 30 жылдан астам уақыт үздіксіз директорлық қызмет атқарып, мыңдаған шәкіртке білім мен тәрбие береді. Ұлағатты еңбегі еленіп, Құмаш Нұрғалиев Ленин және Қызыл Ту ордендерімен, бірнеше медальмен марапатталған. Ол – КСРО халық мұғалімі атағын алған тұңғыш қазақтардың бірі, сондай-ақ Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мұғалімі. Дінмұхамед Қонаев оның еңбегін жоғары бағалап: «Бұл ғажап адамның өз өмірі – ерлік. Ол шәкірттерін биік рухқа, адамгершілікке тәрбиелеуде ғибратты өнеге бола білді», – деп атап өткен.
2005 жылы ұлағатты ұстаздың 80 жылдық мерейтойы республика көлемінде аталып өтті. Бұл шаралар Құмаш Нұрғалиевтің педагогикалық қызметінің ел үшін қаншалықты маңызды болғанын тағы бір мәрте дәлелдеді.Бүгінде Боран ауылындағы авторлық мектепті Құмаш Нұрғалиевтің ұлы, педагогика ғылымдарының кандидаты Талант Құмашұлы басқарады. Мектеп түлектерінің 30 пайыздан астамы грант негізінде жоғары оқу орындарына түсіп, көптеген оқушылар «Алтын белгі» иегері атанған. Заманауи технологияларды тиімді енгізген бұл білім ордасы ЮНЕСКО-ның арнайы мәртебесіне ие болып, қашықтан оқыту жобаларын табысты жүзеге асырып келеді. Құмаш Нұрғалиевтің есімі – қазақстандық педагогиканың алтын қорына енген, ұрпаққа үлгі болған тұлға. Оның өмір жолы мен педагогикалық мұрасы «Халық мұғалімі Құмаш Нұрғалиев. Педагогикалық әулет» атты кітапта кеңінен баяндалған.
Құмаш Нұрғалиевтің 100 жылдық мерейтойы
2025 жылы Қазақстан жұртшылығы көрнекті педагог, КСРО халық мұғалімі Құмаш Нұрғалиевтің туғанына 100 жыл толуын кең көлемде атап өтуде. Бұл айтулы дата – ұлағатты ұстаздың ел ағарту саласына сіңірген өлшеусіз еңбегін дәріптеп, оның бай педагогикалық мұрасын жас ұрпаққа танытудың маңызды кезеңі.
Мерейтой аясында Шығыс Қазақстан облысындағы Құмаш Нұрғалиев атындағы №43 мектеп-лицейде бірқатар іс-шаралар жоспарланған. Соның бірі – ұлағатты ұстаздың өмір жолы, педагогикалық қызметі мен рухани мұрасын қамтитын арнайы кітаптың жарыққа шығуы. Аталған еңбекте Құмаш Нұрғалиевтің ұстаздық тағдыры, авторлық мектебі, білім беру саласына енгізген жаңашыл идеялары, сондай-ақ оның шәкірттері мен ізбасарларының естеліктері қамтылады деп күтілуде.
Құмаш Нұрғалиевтің 100 жылдық мерейтойы – тек бір тұлғаны еске алу ғана емес, ұстаз мәртебесін асқақтатып, қазақстандық педагогиканың даму жолын дәріптейтін маңызды тарихи оқиға.
«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Сайранбек Мөлдір
- Оразбай Сарыбаев
- Виктор Франкл
- Карл Густав Юнг
- Эрих Фромм
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі