Жасанды интеллект (ЖИ) бүгін тек болашақтың технологиясы емес, қазіргі еңбек нарығын түбегейлі өзгертіп жатқан нақты күшке айналды. Ол кейбір мамандықтарды қысқартса, кейбірін мүлде жаңа деңгейге көтеріп отыр. Бұл үрдіс қоғамда алаңдаушылық тудырғанымен, сарапшылар мәселені жұмыссыздық тұрғысынан емес, мамандықтардың трансформациясы ретінде қарастырады. Дүниежүзілік экономикалық форумның мәліметіне сүйенсек, 2030 жылға дейін әлемде шамамен 92 миллион жұмыс орны жойылып, 170 миллион жаңа жұмыс орны пайда болуы мүмкін. Бұл адамзат еңбек тарихындағы ең ірі қайта бейімделу кезеңі болып саналады. Яғни кейбір дәстүрлі кәсіптер жоғалса да, олардың орнын технологиямен байланысты жаңа мамандықтар басады.
Өзгерістер қазірдің өзінде байқалып отыр. Мысалы, банк саласында бұрын адамдар атқарған есеп жүргізу, деректерді өңдеу, клиент өтініштерін тексеру сияқты жұмыстар автоматтандырылған жүйелер арқылы орындалуда. Онлайн сауда платформаларында тұтынушылардың алғашқы сұрақтарына чат-боттар жауап береді. Қазақстандағы талдауларға сәйкес, 2 миллионнан астам адам автоматтандыру салдарынан мамандығын өзгерту қажеттігіне тап болуы мүмкін.
Дегенмен, жасанды интеллект тек жұмыс орындарын қысқартумен шектелмейді. Керісінше, ол жаңа сұранысқа ие кәсіптердің қалыптасуына жол ашады. Бүгінде деректер талдаушысы, жасанды интеллект инженері, киберқауіпсіздік маманы сияқты мамандықтар еңбек нарығында жоғары бағаланады. Сонымен қатар, дәстүрлі салалар да өзгеруде. Мысалы, журналистикада ЖИ ақпарат жинауға, деректерді сұрыптауға көмектессе, талдау, шындықты тексеру және қоғамдық жауапкершілік әлі де журналистің еншісінде қалады.
Сарапшылардың пікірінше, болашақта ең маңызды қабілеттердің қатарына сыни ойлау, креативтілік, коммуникация және технологиямен жұмыс істей білу жатады. Себебі жасанды интеллект логикалық есептерді жылдам орындай алса да, адами құндылықтар мен эмоционалды интеллектті толық алмастыра алмайды. Жасанды интеллект еңбек нарығын өзгертеді, бірақ адамның ойлау қабілеті мен шығармашылық күшін ешқашан алмастыра алмайды. Сондықтан болашақ мамандықтарға дайындық тек технологияны меңгерумен ғана шектелмей, тұлғаның жан-жақты дамуына негізделуі қажет.
«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Қуаныш Зарина
- Оразбай Сарыбаев
- Виктор Франкл
- Карл Густав Юнг
- Эрих Фромм
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі