Darkhan Juzz (шын есімі — Дархан Жүнісбеков) 1991 жылғы 9 тамызда Алматы қаласында дүниеге келген. Ол жасөспірім шағынан-ақ, шамамен 16–17 жасынан бастап, шығармашылыққа жақын екенін сезініп, өзін әртүрлі бағытта сынай бастайды. Өскен ортасы — Алматының Ақсай ықшамауданы — оның дүниетанымы мен өмірге көзқарасының қалыптасуына айрықша әсер етті.
Дархан бұл ауданның әлеуметтік ахуалын, тұрғындардың күнделікті тұрмысын, материалдық теңсіздік пен ортада кездесетін жағымсыз құбылыстарды ерте байқаған. Алғашында ішкі толғанысын жеке күнделікке жазып, сурет салу арқылы жеткізгісі келеді. Алайда уақыт өте келе, жан дүниесін толық әрі шынайы аша алатын ең басты құрал — өлең екенін түсінеді.
Өнерпаздың айтуынша, 9-сыныпты аяқтаған соң дизайнер мамандығы бойынша колледжге оқуға түскен. Дегенмен бір жарым жылдан кейін оқуын аяқтамай, шығармашылық жолды таңдаған. Музыкалық білімі, нота сауаты болмаса да, поэзияға және музыкаға деген адалдығын әрдайым ерекше атап өткен. Оның шығармашылығында гитараның орны бөлек. Алғаш рет 8-сыныпта оқып жүрген кезінде әпкесі Назым туған күніне гитара сыйлаған. Сол күні-ақ досының көмегімен өзінің кумиры Виктор Цойдың «Пачка сигарет» әнін үйреніп алған.
Darkhan Juzz алғаш рет 2011 жылдың 22 наурызында Алматыдағы Арбатта өткен шағын концертте көпшілік алдына шығады. Ол өзін талантты әртіс ретінде мойындағанымен, камера мен көпшіліктің назарынан именетінін жасырмаған. Соған қарамастан, сол сәтті ерекше күймен еске алып, сахнада өзін толықтай еркін сезінгенін айтқан. Бұл жолда мектептегі жетекшісінің де ықпалын жоғары бағалаған. Сабақ үлгерімі аса жақсы болмағанымен, ұстазының айтқан кейбір сөздері кейін өмірлік бағдар болғанын еске алған.
Өкінішке қарай, 2023 жылдың 24 ақпанында Дархан Жүнісбеков Тайландтың Пхукет аралында жол-көлік оқиғасы салдарынан қайтыс болды. Ол жалға алған мопедпен апатқа ұшыраған. Жақындарының айтуынша, бұл сапар алдын ала жоспарланбаған. Достары сол кезеңде музыканттың шығармашылық тұрғыдан ауыр кезеңді бастан өткеріп жүргенін де жеткізген. Биыл Darkhan Juzz-дің өмірден өткеніне үш жыл толып отыр.
Қысқа ғұмырында ол көптеген альбомдар, мини-альбомдар мен авторлық жобалар қалдырды. Тыңдарман арасында ең кең танылған жұмыстарының бірі — TBRN альбомы. Сондай-ақ Sheker, Uide, Erikpe сынды әндері қазақ альтернатив музыкасының айрықша туындыларына айналды.
Darkhan Juzz өнерге адал болды. Ол коммерциялық табыстан бұрын шынайылықты, ішкі жан айқайын таңдады. Өзінің жан-тәнімен жазылған әндері арқылы ол тыңдарман жүрегінде мәңгілікке сақталды.
“Journiverse” білім беру орталығының оқушысы: Сайранбек Мөлдір
- Белгісіз
- Белгісіз
- Белгісіз
- Интернет
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі