Өлең, жыр, ақындар

Қазақстандық киберспортшы — әлемдік дебюттің жұлдызы

      Қазақстанның киберспорт тарихында тағы бір маңызды жетістік тіркелді. Қазақстандық жас киберспортшы «molodoy» Данил Голубенко Counter-Strike 2 дисциплинасы бойынша HLTV Awards 2025 салтанатында «Жылдың үздік дебютанты» марапатына ие болды — бұл әлемдегі ең беделді марапаттардың бірі. Бұл марапат халықаралық сахнада жаңадан пайда болған ойыншылар арасынан ең жақсы нәтиже көрсеткен спортшыға беріледі.

 Данил Голубенко Семей қаласының тумасы. 2025 жылы ол кәсіби сахнада айтарлықтай серпіліс жасап, Бразилияның FURIA Esports командасының негізгі AWP ойыншысы ретінде танымал болды. Қысқа уақыт ішінде molodoy өз тұрақты ойыны, тактикалық ойлауы және шешуші сәттерде салқынқандылығымен фанаттар мен сарапшылардың назарын аударды.

Өткен маусымда Голубенко командасымен бірге бірнеше ірі халықаралық турнирде жеңіске жетті. Атап айтқанда, FISSURE Playground 2, Thunderpick World Championship, IEM Chengdu және BLAST Rivals Season 2 турнирлеріндегі табыстары оның жетістігін растады. Осы жарыстарда Даниил командасының негізгі тіректерінің бірі болды.

Жеке статистика жағынан да қазақстандық ойыншы жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Маусым бойы оның орташа рейтингі 1.17 деңгейінде болып, ол екі турнирде MVP (ең құнды ойыншы) атағын иеленді. Мұндай жетістік дебюттік маусым өткізген ойыншы үшін өте сирек кездеседі.

Осы жетістіктердің нәтижесінде Данил “molodoy” Голубенко HLTV-дің 2025 жылғы әлемнің үздік 20 ойыншысы тізімінде 6-орынға тұрақтады. Бұл — қазақстандық киберспортшылар үшін бұрын-соңды болмаған жоғары көрсеткіштердің бірі.

Марапаттау рәсімінен кейін берген сұхбатында Данил бұл жетістікті бүкіл Қазақстан киберспорт қауымдастығына арналған жеңіс деп атап өтті. Оның айтуынша, алдағы басты мақсаты — жеке марапаттардан гөрі командамен бірге ірі халықаралық турнирлерде чемпион атану.

Данил Голубенконың бұл жетістігі Қазақстандағы киберспорттың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Оның табысы жас ойыншыларға үлкен мотивация болады және еліміздің электронды спорт саласындағы халықаралық аренадағы беделін одан әрі арттыруға көмектеседі

                                                                                                                    


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз