Өлең, жыр, ақындар

Ғаламтор дәуірі: уақытты тұтынатын кеңістік

   Ғаламтор – қазіргі таңдағы ең ауқымды дүниежүзілік ақпараттық желі. Кейбір адамдар оны білім алу мен жұмыс істеу үшін тиімді пайдаланса, енді біреулер бос уақытын өткізу, көңіл көтеру мақсатында қолданады. Алайда барлығын біріктіретін ортақ мәселе бар: интернетке кететін уақыттың көптігі.

Халықаралық зерттеулерге сәйкес, 2024–2025 жылдары әлем бойынша адам интернетте күніне орта есеппен 6 сағат 40 минут уақыт өткізеді. Оның ішінде әлеуметтік желілерге жұмсалатын уақыт шамамен 2 сағат 20 минутты құрайды. Бұл – орташа көрсеткіш. Әр елдің көрсеткіші әртүрлі. Мәселен, Оңтүстік Африка Республикасы тұрғындары интернетті күніне шамамен 9 сағат 37 минут пайдаланады. Бразилия халқы – 9 сағат 13 минут, ал Филиппин тұрғындары 9 сағаттан астам уақытын ғаламторға арнайды. Ал АҚШ пен Ресей елдерінде орташа көрсеткіш шамамен 7 сағат болса, Жапония тұрғындары интернетті күніне 3 сағат 45 минут шамасында ғана пайдаланады. Бұл көрсеткіш елдің өмір салты мен цифрлық мәдениетіне байланысты өзгереді.

Пайдалану мақсаттарына келсек, қолданушылардың шамамен 60 пайызы интернетті достарымен және отбасымен байланысу үшін қолданады. 57 пайызы ақпарат іздейді, 50 пайыздан астамы бейнероликтер көреді, ал 52 пайызы жаңалық оқиды. Бұл деректер ғаламтордың тек көңіл көтеру құралы емес, маңызды ақпараттық алаңға айналғанын көрсетеді. Ғаламтор – мүмкіндігі мол кеңістік. Дегенмен оны саналы әрі тиімді пайдалану – әр адамның жеке жауапкершілігі. Уақытты басқару мәдениеті қалыптасқанда ғана цифрлық орта адам өміріне пайда әкеледі.

Journiverse білім беру орталығының оқушысы: Серикбаева Аяулым​


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз