Өлең, жыр, ақындар

Бес ұл (Қойылым)

                                                            БЕС  ҰЛ 

Қатысушылар:

1. Әкесі – Саян

2. Анасы – Райяна 

3. Данышпан (тұңғыш ұл) - Бақберген

4. Парасат (екінші ұл) – Бейбарыс 

5. Дарын (үшінші ұл) – Санат 

6. Айбар (төртінші ұл) - Жантас

7. Данабек (кенже ұл) – Сәдібек

(А.Еңсеповтың «Балалық» күйі ойнап тұр. Сахнада бір үйдің бес ұлы ойнап отыр.  Екеуі телефонмен,  екеуі қағаз атысып, Данышпан айқайлап өлең шығарып жүр. Сахнаға анасы шығып, айқайға басады. Күй тоқтайды.)

Анасы: - Масқара! Не мына үй? Әкесі! Келші... Әй, сендердің сабақ оқып отырғандарың осы ма, а?! Сендерде ұят бар ма, өзі.. жоқ па? Мен белім қирап, үй жинап бітіре алмай жатырмын.. Бұлар болса, жинасудың орнына шашып жатыр!

(Сахнаға әкесі шығады. Балалар дереу тынышталып, түп-түзу отырып қалады.)

Әкесі: - Әй, жалғыз демалыста да ұйықтатпадыңдар ғой? Не болды?

Анасы: - Мына балаларың мен жаңа ғана жинап кеткен жерді топалаң қылып жатыр. Қалай ашуланбайсың?

Данышпан: - Анашым, мен өлең шығарып жатырмын. Мыналар ғой шулап, үйді бастарына көтерген!

Парасат: - Әкешім, біздің ішіміз пысты! Сыртқа шықсақ көршілер «шулама» дейді. Мектепте шуласақ, мұғалімдер ұрсады. Үйде ойнасақ, сіз ұрсасыз! Біз сонда энергиямызды қайда барып шығарамыз?

Анасы: - Әй, міндетті түрде шулап ойнау керек пе? Үндемей ойнауға болмай ма? 

Әкесі: - Пах шіркін - ай! Энергия шығарғыш болсаң күреске, дзюдоға бар. Үйді қиратпай!  

Данабек: - Анашым, біз секілді кішкене балаларға ұрсуға болмайды. «Детская травма» алып қаламыз...

Анасы: - «Травманы» қайдан білесің сен, а? Ақырзаманның балалары бұлар. Тумай жатып бәрін білетін.

Данабек: - Енді сіз психологтарды тыңдайсыз ғой.. Сол кезде естідім...

Дарын: - Анашым, сонда көрші Алихан секілді сөйлемейтін бала болайық па? Оның анасы «Менің ұлым да сөйлесе ғой? Маған десе таңнан кешке дейін айқайласын. Мен қуаныштан жылап отырып тыңдайтын едім» - деп еді ғой өткенде...

Айбар: - Ал, ерекше бала Нұрсұлтанның анасы: «Балам жүріп кетсе, сендерге ең қымбат балмұздақ сыйлаймын деген!» 

Данабек: - Анашым, сол Нұрсұлтан неге тек трубкамен сұйық тамақ ішеді? Өткенде Нұрланға барғанда, анасы мен әкесі бір сағат шприцпен тамақ берді. Қатты аяп кеттім..! 

(Анасы мен әкесі бір-біріне қарайды. «You and Me»)  

Бейбарыс: - Балаң құтырса қуан, 

                    Қозғала алғаны үшін. 

                    Дабырлап, шуласа қуан, 

                    Сөйлейтін болғаны үшін.

 

  Данабек: -  Жүгірсе, секірсе қуан,

                    Дені сау өскені үшін. 

                    Тамағын өзі ішсе қуан,

                    Өңештен өткені үшін!

 

Дарын: - Айтқанға көнбесе қуан, 

               Ақылы толысып келеді.

               Өзіндік пікірі дамып,

               Ойымен бөлісе біледі! - деген екен бір ақын. 

(Музыка аяқталады.)

Әкесі: - Ой, пәлі! Бәрекелді! Ары қарай?

Данабек: - Ары қарай жаттамадық! Инстаграмда хит болып жатқан өлең ғой. Авторын ұмытып қалдым.

Әкесі: - Алдымен авторды айту керек балам! 

Анасы: - Әкесі, мыналар бізге қарсы қозғалыс ұйымдастыра бастаған ба?

Айбар: - Жоға, анашым..! Кейде бақыт көп болғанда, көзге көрінбей кетеді.. Соны айтқымыз келген! 

Данышпан: - Анашым, әкешім..! Егер сіздерді қатты мазаласақ, ренжімеңіздерші...?! Біз сіздерді қатты жақсы көреміз! Сіздерге өлең оқып берсек бола ма?! Әлі сиясы кеппеген, ешкім естімеген өлең!

Әкесі: - Сен шығардың ба? Ондай қасиетің бар ма?

Анасы: - Жарығым.. нағашыларына тартқан ғой..?! 

Әкесі: - Өз атасы да атақты ақын болғанын, ұмытпа?!

Анасы: - Жарайды, Данышпанды тыңдайық!

Данышпан: - Рота, дайындал! Сапқа тұр! (Барлығы қаз-қатар тұра қалады. Алдымен Данышпан бір қадам алға шығып, өлеңді бастайды. «Аққу» күйі ойнайды)

 

 

 

 

Данышпан (Бақберген): 

Анашым  сіз жарық күнсіз,

Нұрын шашқан біздерге.

Жанымызда болмасаңыз, 

Қайтер едік өмірде..?!

Әкетайым мейірімді, 

Шексіз сүйген ұлдарын.

Сізден алдық өнегенің,

Ер балаға сай жағын...

 

Парасат (Бейбарыс):

Әкешімнен үйрендік біз,

Тазалық пен тәртіпті.

Сол себепті бес ұлыңыз,

Жақсы оқиды, ұқыпты! 

Ана сізден ас дайындап, 

Үй жинауды үйрендік.

Ұл мен қыздың жұмысы деп,

Шаруаны бөлмедік!

 

Дарын (Санат):

Жыртылса етік, шалбарымыз,

Тіге аламыз ұялмай.

Бақша баптап, гүл өсіріп,

Мал семірттік қиналмай.

Ішіп, шегіп бәз біреудей,

Жаман қылық көрсетпей.

Өнегелі, текті болған,

Ата-анамды құрметтейім!

 

Айбар (Әділет):

Анамыз да дана болды,

Өсек, ғайбат айтпайтын.

Қолы боста телефонын,

Құшақтап ап, жатпайтын!

Босай қалса кітап оқу -

Ата-анамның әдеті.

Сол себепті біздің үйді ел -

"Кітапхана" деседі...!

Данабек (Сәдібек):

Ес білгелі кітап оқып,

Жазу жазып ойнадық.

Ертеңгі елдің зиялысы,

Болуды біз қолға алдық! 

Өйткені біз ұлдарымыз,

"Қазақ" деген текті елдің. 

Халықаралық жарыстарда,

Биік ұстар көк туын!

 (Күй тоқтайды. Әкесі мен анасы қуаныштан жылап, көз жастарын сүртеді)

Анасы: - Жасаған бере салған ақылды Данышпаным! Әумин, әумин! Айтқаның келсін құлыным!

Әкесі: - Ей, мына атасының баласы, нағыз ақын болыпты ғой, анасы?! Туысқандарды шақырып, танабау тақпаймыз ба?

Анасы: - Е, несі бар?! Тақсақ тағайық?! Тек тіл-көзден аман қылсын қарашығымды! Құлыным сол! Зекетің кетейін!

Данышпан: - Анашым, әкешім! Расымен сіздерге қатты ұнады ма?!

Анасы: - Е, ұнамай...! Менің ұлымның сөз саптасы қандай? Ұйқастары төгіліп тұр...

Әкесі: - Мазмұны мен астарлы ойын айтсайшы?! Нағыз ақын! Керемет!

Айбар: - Әкешім, анашым! Бірнәрсе айтсам... ұрыспайсыздар ма?!

Дарын: - Айбар мектепте дау шешіп жүр...

Анасы: - Не дау?! 

Әкесі: - Билік айтып жүр ме?! 

Дарын: - Ия!

Әкесі: - Пәлі! Біздің үйде Мұқағали ғана емес, Төле би де өсіп келеді десеңші... 

Анасы: - Дауды қалай шешкеніңді айтып бере ғойшы.?! 

Айбар: - Бір сыныптасым абайсызда бір баланы итеріп жібереді. Ол құлап бара жатып, кетіп бара жатқан баланың сөмкесінен ұстап қалады. Сөмке жыртылып, сөмкесі жыртылған бала шу шығарады. 

Анасы: - Сосын...

Парасат: - Сосын біздің Айбар деген төбе би, мынадай билік шығарады:

- Уа, достар! «Ессіз бала – ебелек, ақылсыз бала – көбелек» - деген. Ұшып-қонып, әркімді итеріп жүрген Айбекке екі Альбени айып салынады. Кешірім сұрап, құн ретінде Асхат пен Дидарға төлейді. Келесі жолы біреуді итерсе, жаза қатаңдайды, құн молаяды! Ал Асхат Дидардың сөмкесін тігіп береді. Сөмкеге жабысып несі бар? Жерге-ақ құлай берсе, еден жарылып қалмас еді ғой...! - депті.   

Айбар: - Парасат аға! Енді сізге ешнәрсе айтпаймын! Бәрін айтып бере салғандай - ақ! (Бұртияды. Ата-анасы қуанып, таңданыспен Айбарға қарайды.)

Әкесі: - Мұндай көсем, шешен сөйлеуді қайдан үйреніп жүрсің құлыным?!

Айбар: - «Дала ділмарлары» деген кітаптан оқыдым әке. Біздің халық өте шешен сөйлейтін ел болыпты ғой? Дау шешу – тек шешен сөйлеуден тұрмайды екен. Әділ төрелік жасаудан тұрады екен. Өскенде.. сот болып, әділ билік шығарамын бұйыртса!

Әкесі: - Бәрекелді! Міне, ақылды азамат! Дұрыс айтасың! Әділ сот, қашан да, қай қоғамға да керек!

Анасы: - Атасы секілді.. ақылды,  шешен балапаным! Саған да танабау тағатын болдық!

Дарын: - Анашым, «танабау» деген не? Бәрімізге тақсаңыздаршы...?! (Еркелеп, бұртияды)

Анасы: - «Танабау» деген – бала алғаш рет өнерлі азаматқа тән, келелі іс атқарғанда...  үлкендер тарапынан берілетін сый балам. Бұрын апалар көзмоншақ, сөлкебай, күміс тиын  алып, баланың омырауына қадайтын. «Көз тимесін» әрі бала арқаланып, бұрынғыдан да жақсы бола түссін деп... 

Әкесі: - Барлығы бата беріп, жақсы тілек тілейтін! «Қырықтың бірі Қыдыр»  деген. Кей адамның дұғасы қабыл болғыш келеді. Сондықтан үнемі алғыс, бата алып жүрген дұрыс!

Данышпан: - Сіздер «Танабауға» шақырсаңыздар, Айбар екеумізге де көзмоншақ таға ма? Үкімен?

Әкесі (күліп): - Жоға, балам... Сендердің танабауларыңды қазір каспийлеріңе жіберемін! (Қалтасынан телефонын алып, екеуіне ақша аударады. Данышпан мен Айбар қуаныштан секіріп, әкелеріне алғыс айтады.  Өзгелері бұртиып қалады. Әкесі оларға да ақша салады. Барлығы қуанып, әкелеріне алғыс айтады. Балалар кітаптарын тез-тез жинап, «кеттік дүкенге» - деп,  сахнадан кетеді.)

Анасы: - Әкесі, шүкір! Саналы, дені сау  ұрпақ өсіріп отыр екенбіз! 

Әкесі: - Ее, Жаратқан! «Бала бер, бала берсең сана бер!» - деп тегін айтпаған екен дана қазақ?! Шүкір, шүкір! Шайың дайын ба?! Асың не болды?

Анасы: - Ас дайын! Жүр жақсылап отырып шай ішейік?!

 (Екеуі сахнадан кетеді. Кейін барлығы бірге шығып, көрермендерге сәл бастарын иіп, тағзым етеді)  

 

 

                                                        Соңы. 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз