Қыздар психологиясы
(Қойылым)
Қызғалдақ (Райяна) – мектеп психологы
Нұршырақ (Бағым) – сынып жетекші
Жәудір (Інжу) – үздік оқушы
Асылым (Раяна) – сынып төрайымы
Ақгүл (Жасмин) – Асылымның құрбысы
Іңкәр (Іңкәр) – Асылымның құрбысы
Саян, Жантас, Олжас – сынып ұлдары
(Сахнада психолог Қызғалдақ жазу жазып отырады. Есік қағып, Нұршырақ кіреді)
Нұршырақ: - Қызғалдақ, сәлем! Менің сыныбыма көмегің қажет..
Қызғалдақ: - Ооо, Нұршырақ ханым! Сіздің де психологқа келетін күніңіз болады екен-ау?! Не болды? Сыныбыңда нендей мәселе болып жатыр?
Нұршырақ: - Жәудір бар емес пе? Үздік оқушым.. Соны қыздар қоспай, бөлектеп жүрген секілді..?!
Қызғалдақ: - Шатасып тұрған боларсың?
Нұршырақ: - Әбден зерттедім.. Қыздар бөлініп, қырғи қабақ болып жүр!
Қызғалдақ: - Жақсы.. Онда алдымен буллинг жасап жүрген қыздарды жіберші... Соңынан Жәудірді жібер..!
Нұршырақ: - Жақсы, рақмет! Қазір жіберемін. (Нұршырақ кетеді. Асылым, Ақгүл, Іңкәр үшеуі кіреді)
Асылым: - Сәлеметсіз бе, апай?!
Ақгүл: - Кіруге бола ма?
Іңкәр: - Сізге сынып жетекшіміз жіберді..
Қызғалдақ: - Сәләматсыңдар ма! Келіңдер! Отырыңдар.. Мен сендерді бір мәселемен шақырдым.. Жәудірді неге араларыңа қоспай жүрсіңдер?
Асылым: - Қосып жүрміз апай? Оны кім айтты..?
Қызғалдақ: - Қыздар, сендер менің психолог екенімді ұмытып кеткен секілдісіңдер! Ал, Асылым, елден бұрын сөйлегеніңе қарағанда, Жәудірді сен бөлектеп жүрген секілдісің?
Асылым: - Апай, мен ғана емес, қыздардың көбіне Жәудір ұнамайды, негізі..
Қызғалдақ: - Қыздардан неге ұнатпайтынын жеке-жеке өзім сұрап шығамын. Сен өзің үшін ғана жауап бере қойшы..?! Сенің әлдекімді ұнатпауға құқың бар! Бірақ қорлауға құқың жоқ! Соны шатастырып алма, Асылым! Айтшы, Жәудірдің қай қылығын жек көресің?
Асылым: - Ия, апай! Мен Жәудірді жек көремін! Бірақ.. неге екенін білмеймін (ойланады) Барлығы соны мақтай береді. «Жәудірден үлгі алыңдар! - деп айта береді. Шаршатып жіберді адамды...
Қызғалдақ: - Сосын сен «Мақтаған үздіктеріңді сыныптан бөліп тастайын! Бұдан кейін қалай көңілді жүрер екен?!» - деп, қызғаныштан ұрыс бастадың ба? Сосын қыздарды қарсы қойдың?
Іңкәр: - Мәә апай? Қалай біліп қойдыңыз?
Ақгүл: - Расымен де солай болды... Енді олай істемейміз апай!
(Асылым құрбыларына ала көзбен қарайды. Олар Асылымның бетіне қарамайды.)
Іңкәр: - Апай, біз қайта берсек бола ма? Барып Жәудірден кешірім сұрағымыз келіп тұр!
Қызғалдақ: - Ия, бара беріңдер! Екінші бұлай қайталамаңдар! (Екеуі қуанып, жүгіріп кетіп қалады. Қызғалдақ екеуіне шығып кеткенше қарап тұрып, сосын басын шайқайды)
Асылым: - Апай, кешіріңізші..!
Қызғалдақ: - Асылым, сен білесің бе? Буллинг жасау – өзге адамның жеке құқына қол сұғу, оның ар-намысын таптау екенін?! Қазір заң өте қатал. Баласының қателігі үшін, ата-анасына айыппұл салынатынын...?! Бір оқушы менен озып кетті деп қызғанып, үнемі кекетіп-мұқатып, мазақтағаның үшін, қыздарды қарсы қойғаның үшін 10 айлық көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Ол шамамен 40 мың теңгедей болады. Ал екінші рет қайталасаң, 120 мың төлейді ата-анаң! Неге тыныш жүрмейсің, аа?!
Асылым: - Апай, өтініш.. ата-анама айтпаңызшы..! Енді ешқашан ешкімді кемсітпеймін! Уәде беремін!
Қызғалдақ: - Жақсы! Ал егер тағы қайталанса, маған ренжіме... Жарай ма?!
Асылым: - Жарайды, апай! Кете берсем бола ма?!
Қызғалдақ: - Асылым, сен өте мықты оқушысың! Назарыңды ұрыс-керіске емес, өзіңді дамытуға бұр! Жақсы оқитындармен бәсекелес. Бірақ қастаспа! Мені түсіндің бе?!
Асылым: - Ия!
Қызғалдақ: - Онда бара ғой... (Асылым жүгіріп шығып кетеді. Сахнаға Жәудір шығады.)
Жәудір: - Сәлеметсіз бе! Кіруге бола ма?
Қызғалдақ: - Келе ғой, Жәудір! Саған бір-екі сұрақ қойсам деп ем.. Бола ма?!
Жәудір: - Ия, болады! Қоя беріңіз..!
Қызғалдақ: - Сен неге өз-өзіңді жек көресің? Неге өз-өзіңді үнемі кінәлайсың?
(Жәудір көзі бақырайып, шошып кетеді)
Жәудір: - Апай, сіз оны қайдан білесіз?! Мен ешкімге ол туралы айтпағам.. Тіпті анама да..
Қызғалдақ: - Егер адам өзін бір нәрсеге кінәлі сезінсе, оны айналасы кіналай бастайды. Ал адам біреуден қорықса, оны сол адам сезіп, қорқыта бастайды. Ал адам өз-өзін жек көрсе, оны айналасы да жек көре бастайды! Сондықтан.. бүгін үйге барған соң.. өзіңнің жүз жақсы қасиетіңді, он жаман қасиетіңді қағазға жазып келесің! Түсіндің бе?
Жәудір: - Апай, менде бәрі жақсы! Сіз неге мен жайында бұлай ойлайсыз?
Қызғалдақ: - Онда неге қыздарға қосылмай, бөлек жүрсің? Асханада көңілсіз, жалғыз өзің ас ішіп жүрсің?
Жәудір: - Жай.. қыздармен кішкене.. келіспей қалғанбыз. Жаңа барлығы кешірім сұрады! Енді қайтадан доспыз!
Қызғалдақ: - Жаңағы тапсырмамды түсіндің ғой? Соны ертең орындап келе ғой.. Сосын басқа тапсырма беремін! Сен өте ақылды, озат, үздік оқушысың! Қолыңнан бәрі келеді. Тек өз-өзіңді кінәлай беруді доғар! Жарай ма?
Жәудір: - Жарайды апай! Түсіндім! Сізге көп рақмет.. (Жүгіріп шығып кетеді. Саян шығады)
Саян: - Апай, сізді директор шақырып жатыр!
Қызғалдақ: - Рақмет, бара жатырмын! (Екеуі сахнадан кетеді. Сахнаға ұлдар шығады)
Жантас: - Саян, қыздарды қорқытамыз ба?
Олжас: - Жантас, қазір тәртіп бұзған оқушыларға айыппұл салынып жатқанын білмейсің бе?
Саян: - Қой-ей! Оны кім айтты?!
Олжас: - Жәудір айтты! Енді оған біреу тиіссе, ата-анасына айыппұл салынады екен!
Саян: - Әне Жәудір келе жатыр.. Өзінен сұрап көрейікші..?! Жәудір, Жәудір! Бері келші?!
Жәудір: - Не болды? Менің жоғалтқан сырғамның екінші сыңарын тауып алдыңдар ма?
Жантас: - Қайдағы сырға? Енді сені мазақтаған балалардың ата-анасына айыппұл салына ма?
Жәудір: - Жалғыз мені ғана емес! Кез-келген оқушыны мазақтауға заң бойынша тиым салынады. Ал затын тартып алу, не әлімжеттік жасау, ақша бопсалау – қылмыс болып есептеледі.
Олжас: - Жәудір, өткенде ойнап мазақтағаным үшін, кешірші..?!
Саян: - Ал мен мазақтай берем! Ешкімнен қорықпаймын! Айыппұл да төлемеймін! Дәлізде айқайлап күліп, ары-бері жүгірем! Қоқыс тастаймын! (Қызғалдақ ақырын шығып, телефонға Саянды түсіріп тұрады. Оқушылар Саянға ымдайды. Саян қарамайды.) Керек болса төбелесем. Не істеп аласыңдар маған?!
Қызғалдақ: - Саған бұл жолы тек ескерту жасаймыз. Тағы қайталанса, ата-анаңмен сөйлесеміз! (Сахнадан кетіп қалады. Артынан Саян «апай, тоқтаңызшы..» деп бірге кетеді. Балалар соңдарынан кетеді)
Барлығы бірге шығып, сәл бастарын иіп, көрерменге тағзым етеді.
Соңы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Оразбай Сарыбаев
-
- Виктор Франкл
- Фридрих Ницше
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі