Тоғызбұлақ ауылы, Қапез Байғабылұлы атындағы мектептің «Қоғамдық-гуманитарлық пәндер» бірлестігі апталығының ашылу бағдарламасы. Жүргізуші: Мусапирова Гүлзира.
1. Жүргізуші:
Қайырлы күн, Қапездің ұстаздары!
Осы залда отырған жас пен кәрі.
Басталды тілдер, тарих, психология -
Қоғамдық пән бірлестік апталығы.
Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінен,
Әдебиет пен тарихтың пәндерінен.
Логопед-дефектолог, психолог,
Өткізер түрлі іс-шара кезегімен.
Күтеміз әр шараға келіңіздер,
Талдау жасап бағасын беріңіздер!
Шешен, көсем сөйлейтін мамандарға,
Осы аптаның тізгінін беріңіздер!
Психолог, логопед, дефектолог,
Маманның да жұмысын көріңіздер.
Қызықты әрі, пайдалы апта болад(ы),
Деген ойға сіздер де сеніңіздер!
Ұстаздар жанын сала дайындалып,
Апталықты ашпақшы хор ән айтып.
Әнге кезек берейік олай болса,
Құлақ құрышын әуенмен қандырайық!
Сахнада қоғамдық-гуманитарлық пәндер бірлестігі! Қабыл алыңыздар!
2. Жүргізуші:
Психологты шақырайық ортаға,
Талдау жасап, болжам айтсын баршаға.
Тапсырмасын орындайық бұлжытпай,
Психологиялық көмек керек ұстазға!
Тексерейік эмоциялық зиятты,
Дұрыс қолданып жүрміз бе екен ұятты?
Тату ұжым, табысты ұжым болуға –
Тренингтер өте қажет сияқты!
Тренингтік тапсырма (................................)
Тренингті жүргізетін психолог: .......... .......
3. Жүргізуші:
Бақытты біз түрлі заттан іздейміз,
Бақыт келсе, бағалауды білмейміз.
Бақыт кейде қуып жүрсе соңыңнан,
Қарамаймыз, тіпті көзге ілмейміз!
Қарлыға апай бақыт жайлы ән айтып,
Әріптестер тәтті әуенге тербелсін.
Жетпей қалған армандарға сыр айтып,
Альфа күйге саяхаттап бір келсін!
Мұқағали Мақатаев: «Бақыт деген» Орындайтын: Түсіпбекова Қарлыға
4. Жүргізуші:
Ана шіркін бола алмайды қатігез,
Бала еркелеп, ауыртса да жүрегін.
Баласы үшін құрбан болу түк емес,
Ана деген мейірім ғой, білемін...
«Соқыр ана» қойылымын көруге,
Шақырамын баршаңызды назар сап!
Қателігін қатігездік жалғаған,
Кей адамның өмір жолы тар соқпақ.
Қойылым: «Соқыр ана». Ойнайтындар: .....
5. Жүргізуші:
Біздің қыздар биге икемді, бейімді,
«Флешмобты» бір адамдай билейді.
Өмірлері қайнап жатқан көңілді –
Өйткені олар мұңаюды білмейді!
Қане, бізбен, бірге биле ұстаздар,
Өмір деген – бірлікпенен күн кешу.
Билесек те бірлестікпен билейік,
Ұжым болу – бір толқында үйлесу!
«Топпен флешмоб». Билейтіндер: «Қоғамдық-гуманитарлық пәндер» бірлестігі.
6. Жүргізуші:
Ал, құрметті әріптестер! Ендігі кезекті «Сиқырлы алаң» ойынына береміз! Ойынға қатысуға ниет білдірген ұстаздарды ортаға шақырамыз!
7. Жүргізуші:
Осымен «ашық» дейміз апталықты,
Апталық өтсін дейміз шын қызықты!
Ашуға қазақ тілі апталығын –
Алдыңа келіп қапты кілең мықты:
Сақ, Ғұн мен Фараби бар Ұлықбекпен,
Алаштың ерлері бар терін төккен.
Құнанбай, Абай, Ыбырай, Шоқан да бар,
Қағазға ұлт тарихын жазып кеткен!
(Осы кезде сахнаға түрлі костьюм киген оқушылар шығады)
Сақ жауынгері:
Өзім жайлы білгім келіп тереңнен,
Тарихымды зерттеп шықтым кезеңмен.
Сақ болыппын, Ғұн болыппын ер жүрек,
Жылқыны алғаш қолға үйреткен ел екем!
Асауларын ауыздықтап ғаламның,
Түгел жаулап жердің бетін алғанмын.
Химиялық тәжірибелер жүргізіп,
Алтын киіп, темір қару соққанмын.
Ұлықбек:
Ай, жұлдызды, түгел зерттер аспанды,
Қолдандым да Хайсам тапқан луппаны.
Самарқанға салған Обсерватория,
Ұлықбегі біз боламыз даланың.
Әл-Фараби:
«Кентавр» деп атау берген Еуропа,
Өлең тарих жазып кеткен тастарға.
Төрт жасынан білім алған данышпан,
Біз боламыз Әл-Фараби ғұлама.
Қайыр хан:
Тарих, музыка, медицина, дінді де,
Терең зерттеп, құштар болдық білімге.
Отырарда салған кітапханамыз,
Отқа оранды жау қолынан бір күнде.
Құнанбай:
Бірлігі мен ірілігі аңыз боп,
Талай дұшпан қызғаныштан атқан оқ.
«Ұлы Дала» түркілері біз едік,
Арамызға жансыздар кеп салды от.
Абай:
Орысқа отар болған кезде туыппын,
Жүрегімді жаныштады күйік мың!
Ел аңсаған азаттықтың таңы атып,
Тәуелсіз ұлт ақынымын бүгін мен!
Әлихан:
Алаш болып сосын қайта тірілдім,
Құнанбай мен Абайға кеп жүгіндім.
Шекараны шегендедік бірлесіп,
Ыбырай, Шоқан, Ахмет болдым біліммен!
Ахмет:
Оқулықтар жаздық күн-түн түрмеде,
Әлихан, Жүсіпбек, Міржақып пен Сәкен де,
Мағжан, Ілияс, Бейімбет, Халел, Жаһанша,
Тұлпарларым оққа ұшты кермеде.
Бауыржан:
Самұрықтай күлден қайта тірілген,
Бауыржан боп қару алдым қолға мен.
Оққа төсеп өр кеудемді қорықпай,
Бейбіт күнде айналыстым ғылыммен.
Мұқағали:
«Отан жайлы жазады» - деп, «отты жыр»,
Дұшпандарым айтып жатты көп сыбыр.
КГБ-ның жендеттері көп тергеп,
Партиядан, жұмыстан да қуылдым!
1-оқушы:
Азат елде, тәуелсіз боп туылдым!
Артта қалды жаугершілік қиын күн.
Менің ісім – жазу жаңа тарихты,
Мәртебесін асқақтату тілімнің!
2-оқушы:
Құтты болсын, апталығы тілдердің,
Тілім барда, туым барда – мен елмін!
Қару емес, қаламменен соғысар –
«Білім» атты зор майданға хош келдің!
3-оқушы:
Құтты болсын, жаңа апталық басталған,
Ал, шәкірттер! Ұстаздарды қолдаңдар!
Жаңа аптада көп жаңалық үйреніп,
БІлім жолын жаңа леппен жалғаңдар!
Жүргізуші:
Құрметті оқушылар! Аяулы ұстаздар!
Дәл қазіргі сәттен бастап, «Қоғамдық-гуманитарлық пәндер» апталығын «Ашық» деп жариялаймыз!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
-
- Виктор Франкл
- Фридрих Ницше
- Конфуций
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі