Адамтамыр

Адамтамыр (лат. Panax ginseng) – женьшень өсімдігінің қазақша атауы. Оның бұлай аталуы сыртқы пішіні адам мүсініне ұқсас болуынан. Жер шарында адамтамыр барлық өсімдіктер ішіндегі ең мықтысы, пайдалысы деп есептеледі. Адамтамырдың көптеген ауруларға емдік әсері тиімді. Оны басқа дәрілермен бірге қолдана беруге болады. Сондықтан оның бұл қасиеті өте маңызды деп бағаланады. Табиғи жағдайда Қытай, Корея, Ресейде (Приморье және Хабаров өлкесінде) өседі. Қазақстанда мәдени түрде өсіріледі.

Адамтамыр дене және ақыл-ой қызметіне қабілетті арттырады, көздің көру қабілетін, ұйқыны жақсартады, құлақ ішінің шуылын басады. Организмді жалпы нығайтатын қасиеті болғандыктан, оны ұзақ ауыр ауруды бастан кешкенде және отадан кейін өте бағалы дәрі ретінде қолданады. Ол дені сау адамдарда қандағы гемоглобин мөлшерін арттырады, ал анемияға, яғни қаназдыққа шалдыққан науқастардың тезірек айығуына мүмкіндік береді. Женьшень мөлшеріне қарай ми қабығын қоздыра немесе тыныштандыра алады, нуклеин қышқылының және ақуыздың алмасуын реттейді, тіндерді жаңартады, қоректік заттардың ассимиляциясын жақсартады. Бауырда майдың шамадан тыс жиналып қалуына жол бермейді. Миокардиострофия және жүйке ауруларын кезінде оны қолданғанда жаксы нәтижеге қол жетеді, жүйке жасушаларын қалпына келтіреді. Соңғы жылдары қытай елінде оның басқа заттардан айырмашылығы – сыртқы  сәулеленуден және радиоактивті стронций, плутоний, фосфор және басқа радионуклидтер инкорпорациясы кезінде ішкі сәулеленуден қорғайтыны анықталды.

Женьшень сүйек тініндегі инкорпорацияланған стронций - 90-ның, сондай-ақ басқа радионуклидтердің организмнен толық шығарылуына мүмкіндік береді, бұл женьшеннің әсерінен сүйек тінінде кальций алмасудың күшеюімен байланысты.

Женьшеньді гамма-сәулелену алдында алдын алу үшін енгізгенде ғана емес, сонымен қатар сәулеленуден кейін біраздан соң да енгізгенде қорғаныш әсер білдіреді. Гамма-сәулеленуден кейін женьшеньді енгізу организмнің тіршілік үдерісін арттырады, дене салмағының жоғалуын баяулатады, эритроциттер мөлшерін азайтады, гемоглобиндердің, ретикулоциттердің, лейкоциттердің қандағы мөлшерін қалыпқа келтіреді және сәуле ауруларына жол бермейді. Женьшень препараттарын қабылдаған кезде жүректің жиырылу амплитудасының күшейгені және жүректің соғу ырғағы жиілігінің сирегені байқалады.

Женьшень тамырынан дайындалған заттарды сергіткіш және жалпы нығайткыш зат ретінде орталық жүйке жүйесінің әртүрлі ауруларын емдеу және алдын алу үшін, организмнің жұмысқа қабілеттілігін арттыру және күйзелістерге, қоршаған ортаның жағымсыз әсерлеріне қарсылығын да арттыру үшін қолданады.

Адамтамыр организмнің бүкіл қантамырлар жүйесінің қанмен жабдықталуын күшейтеді, гипоксияда, яғни ауада оттегі жетіспей қалған аймақтарда оған төзімділікті арттырады.

Адамтамыр тұндырмасын тағайындаған кезде адамның жалпы жағдайы жақсарып, әлсіздікке, қатты шаршағыштыққа, бас ауыруға шағымы жоғалады, асқа тәбеті дұрысталып, жалпы сергу қасиеті артады. Бұдан басқа, жүрек-қантамыр жүйесінің қызметі жақсарады. Асқынған ауыр науқастардан, ауыр оталардан кейін, сондай-ақ ұзақ уақыт ауыр дене жұмысымен айналысу, психикалық шаршаудан соң организмнің қалпына келу кезеңінде қолданылғанда тиімді нәтиже береді.

Ісік ауруына шалдыққан науқастарда ісіктің әрі қарай өсуін тежейді және бірқатар жағдайларда аурудың қайталануына жол бермейді. Науқастың негізгі физиологиялық жүйесінің зиянды әсерлерге төзімділігін арттырады, организмнің бейімделу қабілетін күшейтеді.

Адамтамыр дені сау адамдарда дене және ақыл-ой қызметінің жақсаруына жағымды әсер етеді. Адамтамырды ұзақ курспен қабылдағанда оның жалпы нығайтқыш әсері білінеді. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, оның тұндырмасын төрт апта бойы қабылдаған кезде адамның дене жұмысына қабілеті екі есе артады екен.

Женьшеньмен жыныстық әлсіздікті, белсіздікті емдейді, ол жараның тез бітелуіне септігін тигізеді, қандағы қант мөлшерін азайтады, соның нәтижесінде сусамырға қарсы әсері жақсы. Егде адамдардың өмірін ұзарта түседі.

Адамтамырдың әлі де ашылмаған жақтары көп. Сондықтан оның қасиеттері және емдік әсерлері әлі де зерттелуде.

Женьшеньмен емделу үшін міндетті түрде дәрігерден рұксат алған дұрыс. Емделу кезінде спирт ішімдіктерін ішуге болмайды. Оны дәстүрлі дәрілік өсімдіктермен біріктіріп қолдану жақсы нәтижелер береді.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Басқа да жазбалар

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет

Жарнама