Өлең, жыр, ақындар

Ми және денсаулық

Денсаулық және ауыру мидың бақылауында

Адамның көңіл күйі, мінез-құлқы көп жағдайда ішкі мүшелердің жұмысына байланысты. Барлық мүшелер белгілі тәртіп бойынша жұмыс істеген кезде, біз не жүрегімізді, не бауырымызды, не бүйрегімізді, не асқазанымызды сезбейміз. Сергектілік сезім, күштің қосылуы мен деннің саулығы жақсы көңіл-күй тудырады.

Барлық мүшелер мен олар атқаратын қызметтердің қалыпты дамуы, өзара дұрыс әрекеттері, сыртқы және ішкі орта жағдайлары әсерінен организм үшін пайдалы реакциялардың болуы денсаулықты қалыптастырады. Осы құбылыстардың бәрі мидың бақылауымен жүріп жатады. Әдетте біз ішкі мүшелерден келетін импульстер жөнінде біле бермейміз, демек мүшелер қалыпты жағдайда жұмыс істейді, рефлекстер ол жерден төменгі қыртысасты деңгейде, төменгі сана шегінде тұйықталып, қыртысқа тек қажетті, маңызды импульстер ғана барып тұрады.

Мүшелердің жұмысы бұзылған жағдайда, олардың рецепторларында импульстер пайда болады да, миға барады. Мүшелердің ауырғаны адамның көңіл-күйіне әсер етіп, адамның бір жері шаншып, күйіп, сырқырап, солқылдап, жанып тұрғандай және т.б. сезінеді.

Ішкі мүшелер де миға ықпалын тигізе отырып, өздері де оның жұмысына әсер етеді. Қауіп-қатерлі минутта күш он есе артып, қыртыс орталықтарына күшті импульстер келіп, барлық мүшелер белсенді жағдайға көшетіндігі белгілі.

Қыртыс және қыртысасты орталықтар организм қандай жағдайда болмасын, яғни ауыру ма, сау ма, бір-біріне тығыз байланысты. Олардың өзара әсеріне түсінік беріп және өзіне қолданып, көріп байқаған И.П.Павлов.

И. П. Павлов 1931 жылы қатты сырқаттанып, өте әлсізденген. Оның өтініші бойынша өзі жатқан төсектің қасына, орындықтың үстіне үлкен табаққа су құйдырып қойып, қолының саусақтарын табақтағы суға салып шалпылдатады. Неге олай істеп жатырсыз деген дәрігердің сұрағына И. П. Павлов былай деп жауап берген: «Мен қарыз алып отырмын. Өздеріңіз ойлап көріңіздерші, мен қатты жүдеп кеттім, ми қыртыстарым әлсіреді... Қайдан күш алу керек? Міне, мен ойлап таптым. Мен ертерек балалық шағымда суда шомылуды, малтуды жақсы көретін едім – соның барлығы маған тек қуаныш мүмкіндігін беретін. Міне, қазір суды шолпылдатып мен қуаныш танимын, күштің қалай келіп жатқанын сезінудемін. Мен зарядталып, ми қыртысының төменгі бөлімдерін нығайтып отырмын». И. П. Павлов қыртысасты орталықтарды жүйке жүйесінің орасан зор аккумуляторы деп атаған.

Көптеген ішкі аурулар сыртқы орта факторларының әсерінен пайда болуы мүмкін. Мысалы, автокөліктің кенет қатты дыбысынан адамның талып қалу жағдайының тура келуі. Сонда осы дыбыстың салдары оның талып қалуына себеп болды. Сары георгина деген гүлді өсімдіктің орнын ауыстырып отырғызу кезінде бағбан жүрегінің айну ұстамасын байқаған, сол кезден бастап сары түсті көргенде жүрегі айнитын болған.

Ғалымдар, жан-жүйкенің күшті күйзелісінен кейін сусамыр (қантты диабет) ауруына көптеген адамдардың шалдыққандарын байқаған. Оған ішкі мүшелердің жұмысын реттейтін қыртыс орталықтарына мөлшерден артық күштің түсуі себеп болған.

Қайғы мен қорқыныш денсаулықты қажытады

Ескі дәрігерлік кеңесте: «Жүректегі барлық өкінішті жою керек» деп айтылған. Ал, академик В. М. Бехтерев «Әрбір ауыру адам өз ауруымен жапа шексе, оған тағы қорқыныш қосылады» деген. Сарыуайым ауырудың ең жоғарғы әрекетшіл ниеттесі болып саналады. Ерте замандағы дәрігерлердің бірі – сириялық Абуль Фараджа «Ауыру адамның көңіл-күйінің өзінің сауығып кетуіне әсері» жөнінде айтып кеткен. Ол дәрігердің ауыру адаммен болған сөзін дәлелге келтірген: «Қара, біз үшеуміз – мен, сен және ауру. Сондықтан, егер сен мен жақта болсаң, біз екеуміз оның жалғыз өзін оңай жеңе аламыз. Ал, егер сен ол жаққа ауып кетсең, менің жалғыз өзімнің екеуіңді жеңуге жағдайым келмейді» деген. Егер ауру адам өз сырқатына үрейленбесе, онда ол емдеуге көмектеседі.

Ескі медициналық әдебиетте оба ауыруы жөнінде үлгі боларлық аңыз келтірілген. Оба әйел образында, оған кездескен бір жолаушыға, бір қаланың адамдарының белгілі бөлігін қырып-жоюға уәде берген. Қаза тапқандардың саны одан бірнеше есе артық болып, обаны өз сөзінде тұрмады деп кіналаған. Сонда оба оған былай деп жауап берген: «Айтқан мөлшерден қазаның артық болуы маған байланысты емес, адамдардың қорқып үрейленуінен болды».

XI ғасырдың өзінде Орта Азияның көрнекті дәрігері және ғалымы Авиценна (Ибн-Сина) алғашқы қызықты тәжірибе жүргізіп, организмнің жағдайына жүйке жүйесінің әсерін тапқырлықпен дәлелдеген. Ол үшін Ибн Сина екі тоқтыға тәжірибе жасаған. Тоқтыларды жеке-жеке ұстап, екеуін де бір түрлі жеммен бірдей мөлшерде азықтандырады. Бір тоқтыны қасқырдың жанында ұстаған. Ол мазасызданып, үркіп, көп кешікпей-ақ арықтап, ауруға шалдыққан. Екіншісі қасқырдан аулақ тыныштық жағдайда болғандықтан дені сау, жақсы өскен. Демек, жүйке жүйесін тыныштықта сақтау, нығайту, оның қалыпты жағдайдағы қабілеттілігін қорғау – өмір кілті.

И. П. Павловтың лабораториясында көптеген тәжірибелердің қорытындылары да осы жағдайды дәлелдеп отыр. Иттердің жүйке жүйесіне шамадан тыс күш түсірген жағдайда, олар ауыруға шалдығып, тез қартайып, өлімге ұшыраған.

Денсаулық өз қолымызда

Адамның организміне ми қыртыстарының әсер етуі өте күрделі және нәзік. Әрбір адам оның денсаулығы жүйке жүйесінің бақылауында болатындығын және оның жағдайы жалпы көңіл-күйін анықтап отыратындығын білуі тиіс. Әртүрлі себептер оны өзгертуі мүмкін және де нашар көңіл-күймен күресе білу керек. Ол өзіңе де және айналаңа да ұнамсыз, жұмыс қабілетіңді нашарлатады, денсаулыққа зиян келтіреді. Өзіңді-өзің меңгере біл, өз мінез-құлқыңды үйде, жұмыста, мектепте реттей алатын бол. Рухтың қуанышты, көтеріңкі жағдайы денені нығайта түседі.

«Адам қуаныштан жасарып кетті», «Қуаныш қанаттандырады және күш он еселенеді» деп айтады. Көңілді адамдар, әзілқой, оптимистер оңай айығып кетеді және еркінен айырылған жағдайда бұны басынан жеңіл өткізеді, ал қайғы-уайымға, қорқыныш пен үрейге берілген адамдар қатты және ұзақ ауырады. Әрине, тек сергектік және қуаныш әркез келген дертті емдеуге мүмкіндік туғызады деу дұрыс емес.

И. П. Павлов жүйке жүйесі күшті адамдар бар, оларды ешқандай ауру жеңе алмайды деген. Ондай жүйке жүйесі күшті адамдарды орта шынықтырып, көптеген ауруларға қарсы тұра алады. Жүйке жүйесінің жоғары тонуста болуын сақтау, нығайту маңызды, өйткені ол – денсаулықтың күшті қамалы.

Мақсатқа ұмтылу, қоғам игілігіне қызмет ету, қиыншылықтарды жеңе білу адамды күшейтеді, оның рухани күші мен денсаулығын шынықтырады . Жылылықты сүйетін орта, жүйке жүйесі күшті адамның өзін де аянышты, әлсіз, жүдеу күйге көшіруі мүмкін. Ынтымақты ұжым – зор күш. Ол жұмыс пен денсаулық үшін ең жақсы жағдай. Жалпы іске жалпылай күрес адамда үлкен рухани күш дамытады және де ол қатаң қиыншылықтарды өткізуте мүмкіндік береді. Адамға деген кішіпейілділік – жақсы ортаның бірі. Сүйіспеншілік және достық ауру мен өлімнен күшті.

Біз өз денсаулығымызға қанша қамқорлық жасағанның өзінде және гигиеналық ережелерді қанша қатаң сақтағанның өзінде, жоғары моральдық талаптану және сана-сезім болмаса, адамның өмірі бекер және қызықсыз.

Сөз жоқ өз басыңның қамын ойлау – ақылдың таяздығы және мәнсіз өмір. Егер «өмір өз қолыңда» деп айтатын болсақ, онда басқалардың игілігі үшін дегенді қосу керек. Сонда ол адамгершілік сезімді білдіреді. Әрбір адамның еліне, халқына деген сүйіспеншілік сезімін жоғары ұстағаны абзал. Пайғамбарымыз: «Отанын сүю – имандылық» деген.

С.Жұмабаев, профессор

З.Тұңғышбаева, Доцент

Оқуға кеңес береміз:

Cпорт миды тынықтырады - ғалымдар

Есте сақтау, зейін салу және ой жинақтауға пайдалы 10 азық

Миға кері әсер ететін 10 нәрсе

Миға зиян келтіретін азықтар

Адам миына қатысты 30 қызықты дерек

Зердеңізді дамытатын пайдалы 7 дағды

Темекінің миға беретін зияндары

Миға пайдалы және зиянды өнімдер

Жаңа мәліметті еске сақтаудың үздік әдісі


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз