Сарысу

Сарысу – сүтті өңдеу арқылы сүзбе мен ірімшікті ажыратып, бөліп алғаннан кейін қалатын қалдық өнім. Оның адам ағзасына пайдасы өте зор. Сарысуды тек қана тағамдық мақсатта емес, косметикалық мақсатта да қолданады.

Сүт сарысуының құрамы. Сүт сарысуы шамамен 93,/%-ы судан тұрады, ал қалған 6,3%-да организмге қажетті барлық заттар толығымен кездеседі.

Сарысудың құрғақ заты негізінен лактозадан немесе сүт қантынан тұрады. Лактоза – артық майдың жиналуына жол бермейді, сондықтан «оңтайлы» көмірсу болып табылады. Ол асқазан-ішек жолдарының жұмысын реттеуге қатысады.

Сарысу ақуыздары – толыққанды ақуыз, алмастырылмайтын аминқышқылдары үйлесімді түрде кездесетіндіктен, биологиялық құндылығы өте жоғары болып саналады. Олар қантүзілу үрдісіне және бауырдағы ақуыз синтезіне қатысады.

Сүт сарысуының құрамында никотин қышқылы, холин, биотин, В тобының, А, Е, С дәрумендері және кальций, магний кездеседі.

Сарысудың қасиеті мен пайдасы. Сарысу – өте  тамаша өнім, өзінің қарапайымдылығына қарамастан, көптеген қасиеттерге ие. Сүт сарысуы ішек микрофлорасын қалпына келтіріп, газ түзілу және шіру үрдістерін баяулатады, сол себепті оны асқорыту жолдарының ауруларында емдік мақсатта пайдаланады. Сүт сарысуы суда еритін дәрумендердің қайнар көзі, жемістер мен көкөністер жоқ мезгілде дәрумен жетіспеушіліктің кейбір түрлерінен арылуда пайдасы зор. Сонымен қатар құрамында В тобы дәрумендері болғандықтан, тыныштандырады, ал ауыр жұмыс күнінен кейін ішсе жүйке жүйесіне жағымды әсер етеді. Қарттар үшін де тағаммен емдеуде аса пайдалы. Егер тамақ алдында ішсеңіз, асқазандағы тұз қышқылын төмендетуге септігін тигізеді.

Сиыр сүтіне қарағанда, сарысу ақуызы ана сүтінің құрамына жақын келеді, сондықтан балалар тағамын дайындауда қолданылады. Сондай-ақ, артық салмағы бар адамдарға және қартаю үрдісін баяулататын антиоксидант ретінде күнделікті колдануға ұсыныс береміз.

Сіздерге төмендегідей пайдалы кеңестерді ұсынамыз:

1. Иммунитетіңізді нығайтып, әртүрлі ауруларға төтеп бергіңіз келсе, күнделікті таңертең бір кесе сарысу ішіп тұрғаныңыз абзал. Ол аздап іш жүргізеді, сондықтан маңызды шаруаларыңыз жоқ күндері қолданыңыз.

2. Теріңізді нәрлендіріп, балғындығын сақтап, ағартқыңыз келсе, бетіңізді үнемі лимон шырыны араласқан сарысумен сүртуге болады.  Бұл тек майлы немесе қалыпты теріге арналған.

3. Шашыңыз мықты, әрі жылтыр болуы үшін сарысумен жуыңыз.

4. Бетіңіздегі сепкілден арылғыңыз келсе, 3 ас қасық ірімшік пен сүт сарысуын араластырып маска жасаңыз. Оны тазартылған бетке жұқалап жағып, 10 минуттан кейін жылы сумен немесе көк шаймен жуу қажет.

5. Беттегі безеулер не бөртпеден құтылғыңыз келсе, сарысуды 2 ай бойы күнделікті жарты лимон шырынын 0,5 л қайнатылған салқын сүтке араластырып ішуге болады.

6. Көңіл-күйіңізді көтергіңіз келсе, кешке 1 кұты сарысуды ішсеңіз болады. Себебі, оның құрамында қуаныш гормоны – серотонин бар.

Сүт сарысуының атқаратын қызметі:

•        Бауыр жұмысын реттейді және бүйрек қызметін жақсартады;

•        Семіздіктің алдын алу және емдеу кезінде өте пайдалы, ішектің жұмысын ынталандырып, артық майдың жиналуына кедергі жасайды;

•        Ағзадан артық сұйықтықты, уыттарды және қоқыстарды шығаруға көмегін тигізеді;

•        Қанайналым жүйесін жақсартады, атеросклероз, ревматизм және гипертониялық аурулардың алдын алады;

•        Теріні тазартады;

•        Жүкті әйелдер үшін таптырмайтын аса пайдалы өнім;

•        Жүйке жүйесін тыныштандырады.

Ескерту: Қарсы көрсетімдері бар. Егерде сіздің сүт сарысуының құрамындағы кейбір заттарға сезімталдығыңыз жоғары болып, аллергия шақырса, қолданбаған абзал.

А.Н.Қожахметова
Ж.Б.Рыстыгулова


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сайттан іздеу

Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)