Елімізде мұғалімге дауыс көтеріп, ұстазды сыйламайтын оқушылар күрт көбейген

Соңғы жылдары мектептерде мұғалім мен оқушы арасындағы кикілжің көбейіп кетті. Күнделікті жаңалықтан еститініміз «мұғалім оқушыға қол көтерді», «оқушы ұстазына тіл тигізді» деген сарындағы хабарлар.

Ұстазға деген құрмет жылдан жылға төмендеп бара жатқандай. Осыған байланысты «nur.kz» порталының «мұғалім мен шәкірттің тіл табысуына не кедергі?» деген сауалдың жауабын оқырман назарына ұсынамыз.

Таяуда ғана Атырауда мектеп оқушысына қол көтерді деген тәрбие ісінің меңгерушісі лауазымынан төмендетілген болатын.

«Құлағы ауырып жүрген қызымның мектеп дәлізінде бас киіммен жүргенін ұнатпаған ұстаз баламның басынан ұрды, - деген ата-ана тиісті орындарға шағым түсірген. Ол оқушыға қол көтерген ұстаз жұмыстан түбегейлі босатылсын деген болатын.

Ал, Ақтөбе қаласында керісінше елдің көзінше мұғалімін балағаттап, қоғамдық тәртіп бұзған оқушы 15 мың теңгеге жуық айыппұл төлейтін болды.

Осы жылдың қазан айында Батыс Қазақстан облысына қарасты Қараоба ауылындағы мектептің 10-сынып оқушысы алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімінен таяқ жеп, ауруханадан бір-ақ шыққаны естеріңізде болар. Оқушысының шабынан теуіп жыныс мүшесіне зақым келтірген мұғалім бүгінгі таңда қызметінен кетіп тынды.

6-сынып оқушысы сабақ үстінде тәртіпсіздік танытып, қытығына тие берген соң шымкенттік 26 жастағы ұстаз оған дөрекілік танытып, жағасынан алған. Артынша мұғалім өз еркімен жұмыстан кеткен болатын.

Тізе берсе, мұндай жайттар жетіп артылады.

Мұғалімдер оқушыларын тыңдата алмай ма, әлде оқушылардың мінезі бұзылды ма?

27 жылдық еңбек өтілі бар Сауырбаева Риза есімді алматылық ұстаздың жетекшілігімен осы уақыт аралығында төрт сынып түлеп ұшқан екен.

«Өз басым - қазір мектепте ең бұзық деген сыныптың жетекшісімін. Балалардың психикасы да заманға қарай өзгергенін жасырмаймын. Қазір мұғалімдер мен оқушылардың арасында түсіністік жоқ. Олар тәртіп бұзып, сөзге құлақ аспайтын балаларды «сен бұзықсың», «сен анаусың-мынаусың» деп балағаттауға дейін барып жатады. Сөйтіп оларды өшіктіріп алады. Дәл сол мұғаліммен ерегеседі, соның сабағында тыныш отырмайды. Менің көріп жүргенім осы», - дейді тәжірибелі ұстаз.

Риза апай алдына келген тәртібі нашар баламен жұмыс істеу тәжірибесімен бөлісті.

«Менің алдыма келген ең бұзық деген балалардың өзін «сен жақсысың», «сенен сондай мықты біреу шығады», «сен болашақта жақсы тұлға боласың» деп қанаттандырып қоямын. «Кел, сен бүгінгі сабақта балаларға басшы бол, олардың тәртібін қара» деп кейде оларға сенім артып, ынталандырамын. «Сен - есуассың», «бұзықсың» дей берсең, кез келген баланың намысына тиеді бұл сөз. Сондықтан мұғалім мен оқушының арасындағы кикілжіңнің болу-болмауы ең бірінші ұстазға байланысты» - деп ойлайды Риза апай.

Жақсы ұстаз «надан» деген баладан саналы баланы қалыптастыра алатынына сенімді.

«Менің биылғы 9 сынып оқушыларыма жетекшілік етуден бүкіл мектеп бас тартқан. Олардың арасында ата-анасын тыңдамайтын балалар да бар. Мен оларды айыптап, ешқандай жетістікке жете алмайтынымды білдім. Оның орнына оларға «Неге сендер жаманатты бола бересіңдер? Өздеріңді көрсетіңдерші», - дедім. Қазір, құдайға шүкір, олар мектеп формасын киіп, сабақтан қалмайды», - дейді ұстаз.

Тәжірибелі ұстаз мұғалімдердің қазіргі беделіне қатысты өз пікірін білдірді.

«Бізде қазір бедел жоқ. Балаларға сәл қолымыздың ұшын тигіздік пе, балалардың өздері бізді: «Қазір мамам келеді, шағым жазады», - деп қорқытады. Балалар төбелесті ме - сынып жетекшісі сөгіс алады, оқушы сабаққа келмеді ме, сандалып соның үйіне барып сабаққа келуін өтініп, жалынамыз. Біреуді зорлап кетсе де мұғалім кінәлі, біз олардың жанында майшам ұстап тұрғандай... Көптеген ата-аналар балаларына көңіл аударуға уақыт таппайды. Балалары мектепке кірді ме, бітті. Біздің мойнымызға артып тастаған. Ал бірдеңе бола қалса, бірден мектепке жетіп келеді. Біз кінәлі болмасақ та ата-ананың алдында кешірім сұраймыз», - дейді ұстаз.

Ал ауыл мектебінде 29 жыл бойы математика пәнінен сабақ беріп келе жатқан Майрабану Есжанова қазіргі оқушылар мен бұрынғы оқушылардың арасындағы айырмашылықтың жер мен көктей екенін айтады.

«Біз сенгіш, иланғыш болдық. Бізге не тапсырма берсе, соны мүлтіксіз орындайтынбыз. Артық ұрыс естуден қашатынбыз. Ұрыс естісек, жанымыздағы балалардан ұят еді. Қазіргі балаларда намыс жоқ па, ұрыс естіп жатса да, үйреншікті сияқты. Берілген тапсырманы орындамай келе салады. Бәріне топырақ шашпаймын, ішінара жауапты балалар бар», - дейді ұстаз.

Майрабану апай жас мамандардың тілазар оқушылармен дұрыс жұмыс істей алмайтынын алға тартады.

«Олар өзіне сөз қайтарып, тіл алмайтын оқушыларға балағат сөздерді байқамай айтып қалып жатады. Ол этикаға жатпайтыны белгілі. Бұл жағдайды әрине, бала үйіне жеткізіп барады. Содан жанжал басталады. Меніңше, қазіргі жас мамандарға оқушылармен түсіністік таба білу керек. Оларды қорқытып, айғайлап шошытудан ештеңе шықпайды», - дейді Майрабану апай.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікірлер (10)

Ақбөпе

Ата-ана мен ұстаздар бірігіп жұмыс жасауы керек, Мақсаттары бір емес пе? Мұғалімдер ата-ананың жағдайын түсіну керек, ата-аналар ұстаздың.

Жадыра

Осындай жагдай биздинде басымыздан отти,балама меним козимше сендер осылай сумсип келесиндер отирикшисиндер деп айкалап жатыр,мен ескертим бирак енди осылай кайталанса ренжимениз Деп кетим,бирак ол минезин озгертпеген естип журмин. Осындай апайлар калай окушыга табие береди сумдыккои !!!

Ерлан

ата - анаға байланысты

Гульмира

Дурыс, үйдеги тәрбиеге байланысты

Саке

Жас мамандарды балалармен жұмыс жасауға ешкім де үйретпейді, жоғарғы оқу орнында ешкім қалай жұмыс істеп, баламен қалай тіл табысу, сабақта өзін-өзі қалай ұстау керектігін үйретпейді. Бар мәселе осында. Ал жұмысқа орналасып, мектепке келгенде тағы да ешкім ештеңе де үйретпейді. Содан барып жастар жұмыс жасай алмайды дейді. Нәтиже тәжірибемен келеді, әрине. Бірақ өз мамандығын сүйіп тандаған жастарымызды осылай мектептен бездіреміз

Бекболат Маратұлы

Педагогқа оқығанда бұның барлығы үйретілмейді ме? Дұрыс оқымаған немесе сатып алған дипломды )

Сабира

Мұғалім болмаған адам түсінбейді.уйде екі баласына шыдай алмаған ата -ана мұғалімдерді айыптауға болмайды, қаншама оқушыға шыдап отыр , əкесіз өсіп келе жатқан оқушылар мұғалімдерді тыңдамайды көбінесе

марат

Негізі мұғалім білімді ,беделді болу керек! Дәрменсіздік танытпай оз жұмысына тиянақты болса ғана силы болады. Сонымен бірге қазіргі атаналардың көбі жап-жас шетінен білгіш(өздерінше)бірақ міндеттерін білмейтін,құр даурықпа сөз,надандықпен айқайласу осындай ата-аналар 70-80 пайызды құрайды. Оларды біріншіден:балаларына тәрбие бермей отырған жағдайда жұмыс орындарынан талап ету керек!Егер өз баласын тәрбиелей алмаса одан қандай басшы,қандай жұмысшы шығады.Қызымет бабын пайдалануды қою керек! .Ең бірінші баласының тәрбиесіне үңіліп қарап,қадағалау керек.Мұғалімдердің статусын заңды түрде көтере білу керек.Бейшара күйде көрсетудің қажеті жоқ!

Нұржан

Жақсылығын айта алмайтын, айып қылса айқайлайтын адам баласымызғой. Адам баласының іргетасын ата-ана қалайды, ал ұстаз келесі процестерді атқарады. Яғни үйдің іргетасы әлсіз, салынса, жоғары жағын, қабырғасын, шатырын, іші-сыртын мың жерден соңғы үлгідемі материалдармен әсемдегенімен, жылтыратқанымен ол үйдің іргесі үгітілсе барлығы көк тыйын, бір күні құлайды емеспе ағайын. Сондықтаанда ата-анаға көп нәрсе байланысты.

Ұлжалғас

Жас маманның өзі кешегі оқушы екенін ұмытпайық

Пікір қалдырыңыз

Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)