Жарнама

Білімнен жаққан шамшырақ

(Ұстаздар күнімен оқушының құттықтауы)

Құрметті ұстаздар мен оқушылар! Жыл сайын жыл құсындай болып айналып соғар ұстаздар мерекесі тағы да есік қағып тұр. Ұстаз мамандығы қай қоғамда да, қай заманда да қадірлі де құрметті бола білді. Өйткені ұстаздық - тек бүгіннің ғана емес, келешектің, болашақтың жемісін мәпелеуші ұлағатты іс. Күні кеше ғана мектеп есігінен тарыдай боп кіріп, ақыл дариясы толысып таудай боп шығар әрбір шәкірт - осы бір киелі мамандықтың алдында мәңгі қарыздар. Себебі "Есімде әліппені жаттатқызып, ең алғаш қолға қалам ұстатқаның" деп белгілі ән жолдарында айтылғандай, білім кемесі мектеп табалдырығынан аттағанда, күлімсірей қарсы алып, қолыңнан жетелеп партаңа әкеп отырғызатын алғашқы ұстазыңнан бастап, әрбір ғылым сырының негіздерін жалықпай үйретер жоғары сынып ұстаздарының барлығы да шәкірт жүрегіне өз ізін қалдырып үлгереді.

Кең байтақ республикамыздың күллі ұстаздары мерекелеп жатқан осынау ұстаздардың кәсіби мерекесі - Мұғалімдер күні мерекесі де біздің алтын ұямыз боп саналар мектебімізде аталып өтіліп отыр. Дәл осы күні мектеп ұжымы ғана емес, барша оқушы қауымы да осынау мерекеге ықыластана ден қоюда. Бәлкім, дәл осы күні мектеп қабырғасында біліммен қаруланып, ізетті тәрбие көріп жүрген біз ғана емес, кеше немесе одан арғы жылдарда да осы мектепті тәмамдап, бұл күнде әр шалғайда өзіне жүктелген өмір жүгін арқалап жүрген түлектер де өз ұстаздарын еске алған шығар. Бүгінгі мектеп өміріне етене араласып жүрген біздер де сол түлектеріміз секілді ұстаздарымызды ерекше құрметтейміз. Өйткені, құрметті ұстаздар, білім нәрімен сусындатып, жылы сөздеріңізбен демеп, болашақ деп аталатын аспани әлемге жетелеп апарар - тек сіздерсіздер. Мүмкін сіздердің ұлылықтарыңыз да осында жатқан шығар. Сіздер біздің жасаған әрбір үлгілі істерімізбен мақтансаңыздар, біз де өз ұстаздарымыздың ұстаздық қасиеттерімен мақтана аламыз. Шәкірт жүрегіне тек қана ізгілік нұрын сеуіп, ертеңгі болашағымызға деген қажетті тілдермен ана тілімізден кем сусындатпай жүрген, техника, аспан әлемі, табиғаттың өзімен етене сырластырып, құпиясы мол қызықты пәндерді жалықпай үйретіп жүрген ұстаздарымызбен қалайша мақтанбаспыз. Мақтанармыз да, құрметтерміз де оларды.

Бала шақтан мәпелеп,
Болашаққа жетелеп,
Ұстаздардың арқасы
Бассақ қадам төтелеп.

Оң-солыңды танытқан,
Шертіп шежіре тарихтан.
Ұғындырса ұстазым,
Тыңдаудан мен жалықпан.

Өтсе өзіңде көктемім,
Білім нәрін төккенің.
Ыстықсың сен баршаға,
Алтын ұям - мектебім.

Ұстаздарым, асылым,
Мерейлері тасығын.
Бере білген шәкіртке
Білімнің бар асылын.

Қосылып тілек тілекке,
Көбейсін, келсін береке.
Құтты болсын, ұстазым,
Кәсіби осы мереке!

Құрметті ұстаздар! Сіздерді осынау кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз. Сіздердің отбасыларыңыздың берекелі, ұжымдарыңыздың мерекелі, көңілдеріңіздің шуақты, денсаулықтарыңыздың қуатты, істеріңіздің алтын, жүздеріңіздің жарқын болуына, жүректеріңізге нұр, қадамдарыңызға гүл бітуіне шын жүректен тілектеспіз. Әр уақытта шәкірт құрметіне бөлене беріңіздер. Мереке тағы да құтты болсын, қымбатты ұстаздар!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)