Әйгілі PRINCE OF PERSIA ойыны қалай ойлап табылды

Аты аңызға айналған Prince of Persia ойынын ойлап табу тарихына шолу.

Ханзада туралы ойынды шығару оның авторы жас талантты перфекционист үшін төрт жылға жақын уақыт аралығын қажет етті.

Танысып қойыңыздар: Джордан Мекнер есімді атвордың бұл фотосы 1985 жылы 21 жасында түсірілген болатын. Дәл сол жылы Джордан Йель университетін бітірген еді. Ең үлкен арманы Голливудта жазушы-сценарист болып жұмыс істеу болатын Джордан компьютерлік ойындарды тек «өтпелі» табыс көзі ретінде ғана қабылдайтын.

Шындығында, ойындар да емес, тек бір ғана ойын. Университетте оқып жүрген жылдары Джордан Каратека ойынын шығарған болатын. Бұл оның алғашқы ойыны еместін, алайда ойын шығаратын компанияға ұнап, кең таралған алғашқы ойыны еді. Brøderbund Software компаниясы 1984 жылы Каратеканы шығаруға келіскеннен кейін, келесі бірнеше жыл бойы Джордан ойынның сатылымдарынан түскен қаражатқа өмір сүреді.

Университеттен кейін Джордан өзінің алғашқы фильміне арналған сценарийді жазуға кіріспек болады. Алайда оның Brøderbund-тағы достары тағы бір ойынды, атап айтсақ, екінші Каратеканы шығаруын сұрайды. Бұл ойға мүлдем көңлі аумаған Джордан ақыр аяғында 1001 түн ертегілері негізінде бір ойын ойлап табуға келісімін береді. Оған қоса, Шығыс әлеміне тән киім үлгілері мен архитектура сол кездегі компьютерлердің әлсіз графикалық мүмкіндіктеріне де сай келетін еді.

Джорданның тағы бір шабыт көзі ескі ғибадатханалардағы қазыналар пешінде жүрген Индиана Джонс туралы фильмдер болатын. Басты кейіпкердің екпінмен секіріп, қолдарымен ұсталыну арқылы секіріс қашықтығын екі есе үлкейте алу мүмкіндігіне ие бола алатынын Джордан Индиана Джонсқа арналған алғашқы фильмнен алған болатын.

Шығарушы компанияға екінші Каратекаға қарағанда, жаңа ойын идеясы ұнамаса да, ақыр аяғында жаңа ойынды шығаруға келісім береді. Алайда Джордан компанияға жұмысқа тұрудан бас тартып, тек сатылымдардан түсетін өзіне тиесілі пайызды ғана алатынын білдіреді. Сондықтан тұрақты жалақы үшін жұмыс істемеген Джорданның Brøderbund компаниясы үшін дайындаған жаңа ойынды дайындап шығаруы да төрт жылға созылады.

Джордан өзінің басты кейіпкерін шынайы бір кейіпкер ретінде әзірлеуге кірісті. Сондықтан өзіне бейнекамера сатып алған Джордан басында үйінің жанында орналасқан көлік қоятын орында інісінің секіріп ойнап жүргенін түсіре бастайды.

«Дэвид өте жақсы акробат болмаса да, тегін жұмыс істеуге келіскен болатын», - деп, Джордан кейін есіне алған еді.

Бейнекамера өте қымбат – $2,500 тұрғандықтан, жас Джордан оны 30 күн ішінде қайтарып беру мүмкіндігін қолданып, осы уақыт аралығында ойынды бастап кету үшін керектінің бәрін түсіріп, оны қайтарып береді.

1980 жж. ортасында бейнематериалды камерадан компьютерге көшіру өте қиын болатын. Сондықтан Джордан өзіне бейнемагнитофон сатып алып, таспадағы суреттерді бірнеше кадрға алға қарай бұрай отырып, теледидар экранын кәдімгі фотоаппаратпен фотоға түсірумен айналысты. Шыққан фотолардағы інісінің бейнесін қара фломастермен айналдыра белгілеп, керек деген бөліктерін ақ түспен қалдырады. Осылайша шыққан суреттерді сканерлеп, компьютер жадысында кеседі.

Экранда алғашқы жүгіртпе жол пайда болғанда, Джордан өзінің ойынының бүрын-соңды болмаған нағыз шедеврге айналатынын сезген еді.

Бұл үрдіс бір жылға жуық уақытты қажет етті. Компьютерлік технологиялар өте қарапайым болғандықтан, Джордан дискіні де қолданбаған еді. Ол барлық материалды кәдімгі дискеталарға сақтаған болатын. Аталған дискеталарды әрдайым алмастырып отыру қажеттілігіне қоса, сурет салу, редактрлеу және өзге де файлдармен жұмыс істеу үшін қажет барлық бағдарламаларды Джордан өзі жазуға мәжбүр болды. Себебі ол кездері бүгінгі Фотошопқа ұқсас бағдарламалар болған жоқ. Дәл осы жылы ол Brøderbund компаниясының кеңсесінде басқа бағдарламашылармен бірге жұмыс істеу үшін Калифорнияға көшіп барады.

Енді Джордан Ханзада әлемінің қандай болуы керектігі туралы ойлана бастайды. Негізі Джордан ойынды Ханзада деп атамаған еді. Prince of Persia (Парсы ханзадасы) атауын ойынды шығарушы компания ұсынған болатын. Бұл атау алғашында Джорданға ұнамағанымен, жоба атының бұлай аталуына өз келісімін берген ол өзінің басты кейіпкерін «kid» (балақай) деп атайды.

Бағдарламаны әзірлеу кезінде Джорданның қолынан шыққан суреттердің біріне назар аударсаңыздар, мұнда секіру механикасы белгіленген. Балақай 2, 3 немесе 4 «бөлікке» ғана секіре алады, ал 5 «бөлікке» секіру мүмкін емес:

Келесі суретте төмен түсіп кететін тақтатастар мен тақтатас түймешелері жұмысының эскиздері берілген:

Бағдарламалануы өте қиынға соққан және сол себепті ойынның соңғы нұсқасына кірмей қалған ойлар да болған еді:

Ал мынау ханшайымның бұрылуын көрсететін эскиздер. Олар да бейнекадр үлгілерінен салынған болатын. Алайда бұл жолы басты кейіпкерді Brøderbund қызметкерлерінің бірінің қыз жиені «сомдаған» болатын.

Ойынның соңғы нұсқасында орын алмаған тағы бір сюжет:

Мекнер Ханзада деңгейлерін әзірлеу үшін арнайы бағдарлама ойлап тапқан болатын. Бастапқы ойы бойынша сатып алушылар оны ойынмен бірге алып, жерасты ғимараттарын салуда бір-бірімен шеберліктерін сынау арқылы жарысқа түсе алады деп жоспарлаған еді.

Кейін Мекнер дәл осы кезде Brøderbund компаниясының жұмысы тоқтатылғанын есіне алады. Компанияға КСРО-дан «сынау» және оны кейін Америка нарығында сату үшін Тетрис атты бір ойын келеді. Тетрис бәріне ұнайды. Алайда оның бағдарламасы РС-де жазылған болатын, ал компания қызметкерлерінің басым бөлігі Apple II компьютерлерін қолданған еді. Алайда бұл жағдай да басталған үрдісті тоқтатқан жоқ, себебі бағдарламашылардың бірі Тетрис ойынын Apple үшін қайта жазып шығарады. Бұл, өз кезегінде, бірнеше апта бойы барлық қызметкерлердің аталған ойынды бас алмастан ойнауына алып келеді.

Дегенмен Brøderbund компаниясы бағдарламашылардан басқа ешкімге ұнамайды деп есептеген Тетрис ойынын шығарудан бас тартады.

1987 жылдың соңына жақын Мекнерге Голливудтан қоңырау шалып, ол жазған сценарийді оқып, сөйлесуге шақырады. Продюсерлер мен режиссерлер де табылып қойыпты. Нәтижесінде бұдан ештеңе шыққан жоқ, ал ойынға қатысты жұмыс болса, бірнеше ай бойы тұрып қалады.

1988 жылы Джордан ойынды неғұрлым ерте бітіруге бел буады, себебі ол ойынын уақыт өте келе ескіріп бара жатқан Apple II үшін жазып жатқан еді. Сондықтан бірнеше жылдан кейін Prince of Persia ойынының ешкімге керек болмауынан қорыққан Джордан оны біраз өзгерту қажеттілігін түсіне бастайды.

50 түрлі деңгейден тұратын ойынның басты кейіпкері ойжұмбақтарды шешіп, сан түрлі тұзақтардан қашып құтылу арқылы келесі деңгейге өтетін еді. Алайда ойында Ханзададан басқа кейіпкерлердің және бәріміздің кішкентай кезімізден бері осы ойында көрген неше түрлі айқастардың болмауы оны кәдімгі паззл деңгейіндегі бір ойын түріне алып келеді.

Яғни 50 деңгейден тұратын, алайда мүлдем қарсыластары жоқ бір ойынды елестетіп көріңіздерші!

Ойынның осал тұстарын дер кезінде байқаған Джордан балақайға қарсыластар ойлап табуға кіріседі. Бұл жаңа кейіпкерлерді салу қажеттілігін тудырады, алайда Джордан олардың Каратекадағыдай тек бастары ғана бір-біріне ұқсамайтын, ал дене бітімдері ұқсас кейіпкерлер түрінде болуын қаламаған еді. Сондықтан ол енді Ханзададан айнымайтын кейіпкерлерден баст тартады. Дегенмен ойындағы ең бірінші қосымша кейіпкер Ханзаданың егізі болады. Әріптестерінің бірі берген бұл ойды Джордан жүзеге асыру үшін егіздің айнадан атып шығу сахнасын жасайды.

Алайда енді Prince of Persia ойынының атысқа толы  басқа ойындардан ерекшеленетін тұстарын жасау қажет еді. Олар – басты кейіпкердің қылышпен жекпе-жекке шығуы. Ханзаданың секірген кездегі қозғалыстарының неғұрлым шынайы болғанын еске түсірсек, айқастарының да соғұрлым шынайы болуын қалайды.

Нәтижесінде Джордан Робин Гуд туралы 1938 жылы түсірілген шытырман оқиғалы фильмдегі басты кейіпкер мен оның қарсыласы арасындағы 6 секундтық бір үзіндіге назар аударады. Мұнда Робин Гуд өзінің қарсыласымен Джорданға қажет болған ракурста жекпе-жекке шығып, қылыштармен айқасқа түсетін еді:

Джордан осыған дейін істегеніндей, аталған кадрларды да өңдеп, ойынның соңғы нұсқасына кірген көз жауын алатын шынайы сахналарды жасап шығарады.

Келесі роликте ойынды ойлап табу үшін қолданылған бейнематериалдар топтамасы берілген (мұнда қара жейде мен ақ түсті шалбар киіп, қолына қылыштың орнына таяқ алып, мектептегі семсерлесу сабақтарында үйренген қозғалыстарын қайталап, сомдаған Джорданның өзі бейнеленген):

Ал суреттің астында Джордан өзінің басты кейіпкерлерін таңдауға кіріседі. Ол Ханшайым рөлінде Дайан Лейнді, ал Ханзаданы Киану Ривз бейнесінде көрген еді. Аталған жұлдыздардың 1988 жылғы суреттері:

Ал 1989 жылы ойын алғаш шыққан кездегі суретте жұлдыздардың түрлері біраз өзгергенін көруге болады.

Айта кету керек, алғашында ойын ол кезде нарықтан кетуге жақын болған Apple II үшін шыққан болатын. Джордан өмірінің соңғы төрт жылының құрдымға кеткенін түсіне бастайды.

Алайда Brøderbund компаниясындағы бағдарламашылар ойынды РС үшін қайта жазып шығарғаннан кейін, ойынның сатылымдары біршама жақсарады. Алайда бұл жолы да жоспарланған сатылымға жете алмаса да, көшірме жасау мүмкіндіктеріне ие болған жаңа нұсқа бәріне ұнаған болатын.

Нәтижесінде Ханзаданың нағыз коммерциялық жетістіктері шетелдік сатылымдарға және ойын приставкаларына арналған нұсқаларына негізделді. Ойын сол кездегі барлық жүйелер үшін қайта жазылып шығарылды. Тетристі есепке алмасақ, Prince of Persia ойыны 1980 жж. шыққан ойындар ішіндегі барлық жүйелерге бейімделген ең кең таралған ойын ретінде тарихқа енді.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Басқа да жазбалар

Пікірлер (2)

Ерболат

Легенда ойын ғой!! Бала кезде графикасына таң қалушы едім, ол кезде ойындарда адам сияқты қозғалатын кейіпкерлер болмаушы еді, ауызым ашлып, барлық левелдерін өтіп шықам. Ностальгиядан приставкалардың иісі келіп тұр.

Геймер

"Бастапқы ойы бойынша сатып алушылар оны ойынмен бірге алып, жерасты ғимараттарын салуда бір-бірімен шеберліктерін сынау арқылы жарысқа түсе алады деп жоспарлаған еді." ондай нәрсе Lode Runner сияқты ойындарда да бар еді, бірақ дәл сол кезде оның кеңінен тарап кетуі қиын болған болуы мүмікін, ойткені жарыса алу үшін желі керек, бірақ дәл сол кезде ол ойлардың пайда болуы бүгінгі таңда Minecraft сынды ойындардың шығуына ықпал еткен болуы әбден мүмкін.

Пікір қалдырыңыз

Сайттан іздеу

Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)