Көзге арналған йога: көзіңіздің қырағылығын арттыратын 8 қарапайым жаттығу

Бұл жаттығулар шаршағанды басып, көз қырағылығын жақсартып, адамның рахаттануына әкеледі. Сіз оларды үйде де, жұмыста да істей аласыз: небары бірнеше минут уақыт бөліп, тыныш бір бөлме тапсаңыз жетерлік. Ең бастысы, бұл жаттығуларды күн сайын жасау қажеттілігін ұмытпаңыз.

Барлық жаттығуларды арқаңызды түзу ұстап отырып істеу қажет. Әрбір жаттығуды бітіргеннен кейін, көзіңізді жауып, бірнеше секунд дем алу қажет.

1-жаттығу

Көзіңізді жабыңыз да, денеңізді бос ұстай алу мақсатында бірнеше рет терең тыныс алыңыз. Енді екі алақаныңызды уқалап, көздеріңізге басыңыз. Қолдарыңыз өз жылуын толығымен бермейінше, осы қалыпта қалуға тырысыңыз. Енді көздеріңізді ашпай, алақандарыңызды тағы бір мәрте уқалап, қайта көздеріңізге басыңыз. Жаттығуды үш рет қайталаңыз.

2-жаттығу

Көзіңізді ашыңыз да тез-тез 10 рет көзіңізді ашып жабыңыз. Енді көздеріңізді жауып, денеңізді бос ұстап, тынысыңызды тыңдаңыз. Жаттығуды 5 рет қайталаңыз.

3-жаттығу

Жұдырықтарыңызды түйіп, бас бармақтарыңызды жоғары көтеріңіз. Қолдарыңызды көздеріңіздің деңгейіне дейін көтеріңіз. Екі қасыңыздың арасындағы кеңістікке қарап, назарыңызды сол қолыңыздың бас бармағына аударыңыз. Тағы да екі қасыңыздың арасындағы кеңістікке қарап, назарыңызды оң қолыңыздың бас бармағына аударыңыз.
Екі қас арасына қараған кезде, тыныс алып, саусақтарыңызға қараған сәтте деміңізді шығарыңыз. Жаттығуды 10-20 рет қайталау қажет.

4-жаттығу

Қолдарыңызды тізелеріңізге қойып, басыңызды түзу ұстаңыз. Алдыңыздағы бір нүктеге қараңыз. Деміңізді шығара отырып, сол қолыңыздың бас бармағына назар аударыңыз. Тыныс алған кезде тағы да алдыңыздағы нүктеге қараңыз. Тура осы жаттығуды оң қолыңыздың бас бармағымен жасаңыз.

5-жаттығу

Сол қолыңызды бос қалпында тізеңізде ұстаңыз. Жұдырыққа түйілген және бас бармағы жоғары көтерілген оң қолыңызды алға қарай созыңыз. Сағат тілшесі бойымен және сағат тілшесіне қарама-қарсы бағытта қолыңызды бес рет сермеңіз. Көзіңізбен бас бармағыңызға қарап отыру қажет. Қолыңызды жоғары қарай көтергенде, дем алып, төмен түсірген кезде, деміңізді шығарыңыз. Жаттығуды сол қолыңызбен қайталаңыз.

6-жаттығу

Қолдарыңызды тізелеріңізге қойыңыз (жұдырықтарыңызды түйіп, бас бармақтарыңызды жоғары көтеріңіз). Дем ала отырып, оң қолыңызды біртіндеп көтеру қажет. Көзіңізді бас бармағыңыздан айырмайсыз. Қолыңызды бүкпейсіз, басыңызды қозғалтпайсыз. Саусағыңыз көрініс аясының ең жоғарғы нүктесіне келіп жеткенде, біртіндеп деміңізді шығарып, көзіңізді бас бармағыңыздан айырмастан, қолыңызды түсіре бастайсыз. Бұл жаттығуды әр қолыңыз үшін 5 реттен жасаған абзал.

7-жаттығу

Оң қолыңызды алға қарай созып, жұдырығыңызды түйіп, бас бармағыңызды жоғары көтеріңіз. Саусағыңыздың ұшынан назарыңызды алмайсыз. Дем ала отырып, қолыңызды біртіндеп мұрныңызға жақындата түсіңіз.

Саусағыңызды мұрныңыздың ұшына тигізіп, дем алмай, бірнеше секунд отыру қажет. Енді деміңізді шығарып, қолыңызды бастапқы позицияға қайтарасыз. Жаттығу барысында назарыңызды саусағыңыздың ұшынан алмайсыз. Жаттығуды 5 рет қайталау қажет.

8-жаттығу.

Алыстағы бір нүктені таңдап алыңыз не болмаса терезенің алдына отырып, көкжиекке көз тігіңіз. Енді назарыңызды мұрныңыздың ұшына аударып, 5-10 секунд бойы осы күйде отыру қажет. Жақын нүктеге қарап, дем аласыз, алыс нүктеге қарап, деміңізді шығарасыз. Жаттығуды 10-20 рет қайталап шығыңыз.

Егер бұл жаттығуды үйде орындасаңыз, аяғыңызды созып, бірнеше минут бойы жата тұрыңыз.

Егер Сіз күн сайын компьютер алдында ұзақ отырсаңыз, онда көзге арналған гимнастиканы күн сайын істеуіңіз қажет. Көзге арналған жаттығулар комплексін жасауды ұмытпау үшін Eyexercise сервисін қолдануды ұсынамыз. Ол әр сағат басында шағын үзіліс жасап, көзге арналған бірнеше жаттығу істеу қажеттілігін есіңізге салып тұрады. Google Chrome-ның «Отдых для глаз» атты бағдарламасы да осы сипатта жұмыс істейді. Ол жұмыс барысындағы үзілістер ұзақтығы мен олардың арасындағы интервалды алдын ала жоспарлау мүмкіндігін береді.

Бұл жаттығуларды орындауда тек бір ғана нюанс бар екенін айта кетейік: егер көзіңізбен байланысты проблемаларыңыз (глаукома, катаракта, көздің ішкі тор қабығымен байланысты аурулар) болса, көзге арналған кез келген жаттығуды орындамас бұрын, дәрігермен кеңесу қажет.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)