Милгрэм тәжірибесі: авторитетке бағыну

Милгрэм тәжірибесі — 1963 жылы Йель университетінің Стэнли Милгрэмнің «Бойұсыну: мінез-құлықты зерттеу» («Behavioral Study of Obedience») мақаласында алғаш рет, кейінірек «Авторитетке бойұсыну: эксперименттік зерттеу» («Obedience to Authority: An Experimental View», 1974). кітабында сипатталған әлеуметтік психологиядағы классикалық ғылыми тәжірибе.

Кіріспе

Милгрэм тәжірибесінде қарапайым адамдар, өзіне міндет болған запа шеккізу бұйрығын бейкүнә адамдарға қолдануға қаншалықты дайын екендігін айқындауға тырысты. Бұл зертеуде, сынақталушылардың тәжірибедегі екінші адамның(актер) қатты азап шегуіне қарамастан, тапсырманы жалғастыруды бұйырған «басшыға»  қарсы тұру қабілетсіздігі көрсетілген. Тәжірибе нәтижелері, беделді адамдарға бойұсыну керек деген ұғымның біздің санамызға сіңіп алғандығын көрсетті, тіпті сынаққа түскендердің ішкі моральді қарсылықтарына қарамастан, берген нұсқауларды орындауды жалғастыра берді.

Бұған дейін

Нацистік үстемдік жылдарында тұтқындар лагерінде миллиондаған жазықсыз адамдарды жоюға неміс азаматтарының қатысу мәселесін ұғыну үшін, Милгрэм өзінің ізденістерін бастаған болатын. Құрама Штаттарында Милгрэм тәжірибелік әдістемелерін ретке келтіріп алған соң, сол жердің тұрғындары бойұсынуға бейім тұрады деген оймен Германияға баруды жоспарлады. Алайда Коннектикут штатындағы Нью-Хэйвенеде жүргізілген бірінші тәжірибеден кейін-ақ Германияға барудың ешқандай қажеттілігі жоқтығын және ғылыми ізденістермен өз жеріңде де айналыса беруге болатындығын түйсінді. «Мен бойұсыну жағдайларын байқағаным соншалықты, бұл тәжірибелерді Германияда жасаудың ешбір қажеттілігін көріп тұрған жоқпын» — дейтін Милгрэм.

Дегенмен Милгрэм тәжірибесін кейін Голландия, Германия, Испания, Италия, Австрия мен Иорданияда да қайталаған, нәтижелер де дәл Америкадағы көрсеткіштермен бірдей болды. Осы ғылыми тәжірибелер туралы нақты есептер Стэнли Милгрэмнің «Obedience to Authority» (1973) кітабында, немесе, Миус пен Рааймэйкерстің (Meeus W. H.J, & Raaijmakers Q. A. W. (1986) «Administrative obedience: Carrying out orders to use psychological-administrative violence». «European Journal of Social Psychology», 16,311-324) кітаптарында жарияланды.

Авторлар дәлсіздіктердің болу ықтималына жол береді. «Миллиондаған кінәсіз адамдарды жоюға...» тек неміс азаматтары ғана емес, сонымен қатар басып алынған аумақтардағы азаматтар да қатысқан, ал кейбір кездері геноцит пен қанау неміс бөлімшелерінің қатысуынсыз-ақ, «өзін-өзі басқару» рұқсатындағы жергілікті күшпен жүргізілген болатын. Демек кез келген ұлттар арасыда жат елдің азаматын ғана емес, сонымен қатар өзінің отандасын да жаралауға, өлімге апаруға дайын тұратын адамдардың белгілі бір бөлігі бар. Және бұл жерде істің мәні бойұсынуда емес, керісінше психопатологиялық бейімділігін көрсету үшін, шектеулер жоқтығында жатыр.

Ғылыми тәжірибенің сипаттамасы

Тәжірибеге қатысушыларға, бұл зерттеу, ауыртпалықтың жадыға ықпалын атықтау деп ұсынылады. Тәжірибеге экспериментатор, сыналушы және басқа сыналушының рөлін ойнаған актер қатысты. Қатысушылардың бірі («оқушы) ұзақ тізімдегі жұпты сөздерді, әрбір жұбын есте сақтағанша жаттауы керек, ал келесісі («оқытушы») біріншінің есте сақтау қабілетін тексеріп, әрбір қателігіне электр қуатын арттырып қаттырақ жазалауы тиіс болатын.

Тәжірибенің басында оқушы мен оқытушы рөлі сынақталушы мен актер арасында бүктелген қағаздағы «оқушы» және «оқытушы» сөздері жазылған жеребе көмегімен бөлініп берілді. Бірақ сынақталушыға үнемі оқытушы рөлі түседі. Осыдан кейін «оқушы» электродты креслоға таңылып тасталады. «Оқушы» да, «оқытушы» да 45 В болатын кернеудің «көрсетілім» соққысын алды, яғни істің барысын сезінді.

«Оқытушы» басқа бөлмеге өтіп, «оқушыға» есте сақтау үшін қарапайым тапсырмалар бере бастайды және «оқушыны» әрбір қателескені үшін қуат тогының батырмасын басып жазалап отырды (негізінде «оқушы» рөлін ойнаған актер, соққы алғандай сыңай танытады). 45 В-тен бастап «оқытушы» әрбір қателік сайын кернеуді 15 В - қа арттырып отыру керек болатын, ең биік көрсеткіш 450 В.

«150 вольтта» актер – «оқушы» тәжірибені тоқтатуын талап ете бастайды, алайда экспериментатор «оқытушыға»: «Тәжірибені жалғастыру керек. Өтініш, жалғастырыңыз» - дейтін. Кернеуді арттырған сайын, актер қиналған сыңайын да арттыратын, соңында тәжірибені тоқтатуын айғайлап та сұрай бастайды. Егер сынақталушы қобалжи бастаса, тәжірибеге де, «оқушы» қауіпсіздігіне де қатысты жауапкершілікті экспериментатор өз мойына алатынын айтып, тәжірибенің жалғасуы керектігін білдіретін. Бірақ экспериментатор күмәнданған «оқушыға» ешқандай қысым да көрсетпеді, осы тәжірибеге қатысуына байланысты ешқандай сый да уәде етпеді.

Нәтижелері

Алынған нәтижелері бәрін, тәжірибеге қатысы барларды да, Мигрэмнің өзін де таң қалдырды. Өткізілген тәжірибелердің бірінде сынаққа түскен 40 сынақталушының 26-сы құрбанына аяушылық танытудың орнына зерттеуші тәжірибені аяқтауға шешім бермейінше, кернеуді арттыруды (450 В дейін) жалғастыра берді.

Тәжірибедегі 40 қатысушы да «оқушы» босатылуын талап ете бастағанда, «оқытушы» рөлінен бас тартпағаны көңілге алаң туғызды. Бұлар өздерінің құрбандары рақымшылық етуін жалбарына бастағанның өзінде де жазалауды тоқтатпады. Тіпті «оқушы» әрбір электр қуатына жанкештілікпен айғайласада, сынақ үстіндегі «оқытушы» батырманы басуын жалғастыра берді. Құрбандары ашынған кейіппен «енді мен сұрақтарыңа жауап бере алмаймын» деген айқайына тоқтағандарының өздері тым аз боп шықты. Жалпы нәтиже мына түрде көрініс тапты: бірде-бірі 300 В деңгейіне дейін тоқтамаған, бесеуі осы деңгейден кейін, төртеуі - 315 В, екеуі – 330 В кейін, біреуі 360 В, біреуі - 375 В-та ғана бағынудан бас тартқан, ал 40-тың қалған 26-сы шкаланың соңғы межесіне дейін жеткен.

Дискуссия және болжам

Ғылыми тәжірибесін бастағанға дейін, бірнеше күн бұрын Милгрэм өзінің біршама әріптестерінен (тәжірибе жүргізілген Йель университетінің психология мамандығының студенттері-түлектері) зерттеу жоспарымен танысып, сынаққа түскен «оқытушылардың» қаншасы қуат кернеуін ештеңеге қарамастан арттыруды жалғастыратынын болжап айтуларын өтінді. Психологтардың барлығы дерлік сыналушылардың бір-екі пайызы ғана солай жасауы мүмкін деп болжаған болатын. 

Сонымен қатар 39 психиатрға да сауалнама жүргізілді. Олар сынақталғандардың 20%-нан астамы кернеудің жартысына дейін тәжірибені жалғастыратындығын (225 В) және мыңнан бірі ғана кернеуді соңына дейін жеткізетіндігі туралы болжам жасады. Сондықтан осыншама таңқаларлық нәтижені ешкім күтпеді десе болады. Барлық болжамдарға қарамастан, сыналғандардың басым көпшілігі ғылыми тәжірибеге басшылық еткен ғалымның нұсқауларына бағынды, әрі «оқушысын» айқайлап, қабырғаны аяғымен тепкілегеніне қарамай жазалуды тоқтатпады.

Сынақталғандардың қаталдығын түсіндіру үшін бірнеше пікір айтылды:

- Сынаққа түскендерге Йель университетінің беделі әсер етті.

- Сынаққа түскендердің барлығы да ерлер болатын, сондықтан олар қатаң әрекеттерге биологиялық түрғыдан бейім.

- Сынаққа түскендер күшті электр қуатымен «оқушыларына» жасаған ауыртпалықты айтпағанда, қаншалықты қатты зардап келтіретіндігін түсінбеді.

- Сынаққа түскендер қанішерлікке бейім және азап шеккізу мүмкіндігіне ие болуынан рахат алды.

Бірақ бұдан кейінгі жүргізілген тәжірибелерде мұндай болжамдар расталмады.

Нәтижелер университеттің беделіне байланысты емес

Милгрэм «Бриджпорт зерттеу Ассоциациясы» деген атпен Коннектикут штатында Бриджпорттен кішігірім орын жалға алып, әрі Йель университетіне нұсқайтын қандай да бір сілтемеден бас тарта отырып, осы тәжірибені тағы қайталады. «Бриджпорт зерттеу Ассоциациясының» коммерциялық ұйым ретінде таныстырылды. Нәтижелерден айтарлық өзгерістер байқалмады: шкаланың соңына дейін жетуге сыналғандарың 48%-ы келісті.

Сынаққа түскендердің жынысы да нәтижеге ықпал етпеді.

Басқа тәжірибеде сынаққа түскендердің жынысының айырмашылығы мағызды еместігін көрсетті; «оқытушы» - әйелдер еркектерден кем түспеді, бұл әйелдердің мейірімділігіне қатысты мифті жойды.

Адамдар «оқушылары» үшін электр тогының қаншалықты қауіптілігін түйсінген болатын

Тағы бір тәжірибеде сынаққа алынғандар өздерінің құрбандарына келтіріп отырған потенциалды физикалық залалын жете бағаламағаны айтылған еді. Қосымша тәжірибені бастар алдында «оқушыға» жүрегінің сырқаты барлығын және токпен берілген қатты соққыға шыдай алмайтындығын жеткізуі керек болатын нұсқау берілді. Эксперимент нәтижесінде «оқушы» айқайлай бастады: «Жетер! Босатыңдар мені бұл жерден! Сендерге жүрегімнің сырқаты турасында айтқан болатынмын. Жүрегім мені алаңдата бастады! Мен жалғастырудан бас тартамын! Босатыңдар мені!». Алайда «оқытушылар» мінезінен өзгеріс байқалмады, 65% сынақталушылар өздерінің міндеттемелерін кернеуді максимумға дейін жеткізе отырып, сапалы түрде орындап шықты.

Сынаққа түскендер қарапайым адамдар

Сынаққа түскендердің жүйкелерінің психикалық ауытқушылықтары болуы ықтимал деген болжамның негізсіз болуына байланысты қабылданбады. Милгрэм хабарламасына үн қатқан және жазалаудың ақыл-еске ықпалын зерттеу бойынша экспериментке қатысуға ниет білдірген адамдар жасы, мамандығы және білім деңгейі бойынша орта статистикалық азаматтар еді. Тіпті олардың тұлғалығын бағалауға мүмкіндік беретін сұрақтар, арнайы тестілерге берілген жауаптар бұл адамдардың бір қалыпты, психикалық жағынан тұрақтылығын көрсетті. Шын мәнісінде олар кәдімгі адамдардан еш айырмасы болмады, Милгрэмнің сөзімен айтсақ: «олар да біз бен сіз сияқтылар».

Сынаққа түскендер қанішер емес еді

Сынаққа түскендер өздерінің құрбандарының запа шеккенінен рахат алуы мүмкін деген болжамын бірнеше ғылыми тәжірибе жоққа шығарды.

- Экспериментатор кеткен кезде, бөлмеде оның көмекшісі қалды, 20% ғана тәжірибені жалғастыруға келісті.

- Сынаққа түсушілерден кернеуді өздерінің таңдауларын сұраған кезде 95%-ы 150 вольт аясында қалды.

- Нұсқаулар телефонмен берілген кезде, бағыну дәрежесі қатты өзгеріске еніп, күрт азайды (20%-ға дейін). Осы кезде сынақталушылардың көбі тәжірибені жалғастырып жатқандай сыңай ғана танытты.

Егер сынақталушы яки бірі тәжірибені тоқтатуды, бірі жалғастыруды бұйырып тұрған екі зерттеушілер алдында қалса, сынаққа түсуші тәжірибені бірден тоқтатты (бұл туралы төменде анығырақ берілген.)

Қосымша ғылыми тәжірибелер

2002 жылы Мэриленд университетіндегі Томас Бласс Psychology Today журналында АҚШ-та және одан тыс аймақтарда жасалған Милгрэм тәжірибесінің қайталауларының барлық жиынтық нәтижелерін жариялады. Түрлі уақыт пен орнынға қарамастан, шкаланың соңына дейін баратындардың үлесі 61% бен 66% арасында екені анықталды.

Егер Милгрэмнің айтқаны дұрыс болып, сынаққа түсушілер сіздер мен біздердей кәдімгі адамдар болса, «Адамдардың осылай жасауына не түрткі болуы мүмкін?» деген сұрағы: «Бізді осылай етуімізге не мәжбүрлейді?» сұрағы тұлғалық сипат алады?. Милгрэм беделді адамдарға бағыну қажеттілігінің санаға тамыр жайып кеткендігіне сенімді. Оның пікірі бойынша жүргізілген тәжірибелерде «оқушысына» келтіріліп отырған зақымға қарамастан, сыналушыға тапсырманы орындауын бұйырған «бастыққа» (осы жайда зертханалық халат киген зерттеушіге) сыналушының ашық түрде қарсы тұра алмауы рөл атқарды.

Милгрэм өзінің болжамын растап берген орынды дәлелін келтіреді. Егер зерттеуші тәжірибені жалғастыруды талап етпеген боса, сынақтағылар тез арада райынан қайтарына ол анық сенді. Олар өздерінің құрбандарының жан күйзелісін көре отырып, тапсырманы орындағылары келмеді, азап шекті. Сынақталушылар экспериментатордан тоқтатуды өтінді, оларға тоқтауға рұқсат берілмеген кезде, олар сұрақ қою мен батырманы басуды жалғастыра берді. Алайда осы кезде сыналушылар терге шомылып, діріл қақты, қарсылық сөздерін айтып міңгірледі, тағы да құрбандарын босатуларын сұрап, бастарын ұстады, жұдырықтарын түйгенде, тырнақтары алақанға кіршілдеп кіріп жатты, еріндерін қаны шыққанша тістеледі, ал кейбірі жүйкесі сыр бергеніндегідей күлкіге басты. Тәжірибеге сырттан бақылаушы адам осы көріністі алға тартты:

Мен зертханаға өзіне өзі сенімді, жымиыс танытқан салиқалы бизнесменнің кіріп бара жатқанын байқадым. 20 минуттың ішінде-ақ ол жүйкесі сыр бергеннің қатарында-ақ қалған қалпында шықты. Ол дірілдеп, ықылық атып, құлағының сырғалығын тарта берді, қолдарын сықырлатты. Бір ретте ол тіпті өзін-өзі маңдайынан жұдырықпен бір салды да, «Құдайым-ай, доғарайықшы осыны» деп міңгірледі. Алайда осылай ете отырып, ол экспериментатордың әр сөзін жерге тастамады, оған шүбәсіз бағынуды жалғастырды.

Милгрэм бірнеше қосымша тәжірибелер жүргізіп, нәтижесінде өзінің әу бастағы болжамын растаған нақтырақ деректерге қол жеткізді.

Сынақталушы өзімен терезесі тең адамға бағынудан бас тартты

Осылайша ол бір жағдайда сценарийге елеулі өзгерістер енгізді. Енді зерттеуші «оқытушыға» өзінің құрбаны эксперименттің жалғастырылуына табандықпен талап еткен кезде, тоқтатуын тапсырды. Нәтиже нақты жауабын берді: тура өзі сияқты сынақталушы жалғастыруды талап еткенде, сынақтан өтушілердің 100 % дерлік қосымша электр зарядын беруден бас тартты.

Басқа жағдайда зерттеуші мен екінші сыналушы рөлдерін айырбастасты, бұл кезде енді креслоға экспериментатор таңдалды. Осы кезде екінші сыналушы «оқытушыға» жалғастыруды талап еткенде, зерттеуші бар жанымен қарсылық білдірді. Осыдан кейін бірде бір сынақталушы батырмаға қол жүгіртпеді.

Бедел иелерінің шиеленісі кезінде сынаққа түсуші әрекетін тоқтатты

Сынақтан өтушілердің бедел иелеріне сөзсіз бағынуға икемділігі тағы бір негізгі зерттеудің нәтижелерімен расталды. Бұл кезде «оқытушы» екі зерттеуші арасында қалды, бұлардың бірі құрбаны оны босатуын өтініп, жалбарынғанда, «оқытушыға» тоқтауды бұйырса, ал екіншісі тәжірибені жалғастыру талабына табандап тұрып алды. Қарама-қарсы бұйрық сынаққа түсушіні абдыратып жіберді. Шатасқан сынаққа түсуші бір зерттеушіден екіншісіне көзін жүгірттіп, екі жетекшіден де келісілген, бірдей, ойлануды талап етпейтін бұйрық беруін өтінді. Осы кезде зерттеушілер бір-бірімен тайталаса бастаған сәтте, сынақталушы олардың қайсысының маңызы басым екенін аңғаруға тырысты. Соңында нақты бедел иесіне бағыну мүмкіндігі болмай, әр сынақталушы — «оқытушы» өзінің жақсы қасиетеріне байланысты «оқушыны» жазалауды доғара бастады.

Егер сыналушы қанішер немесе агрессивтіліктің тереңдетілген деңгейіне шалдыққан жүйке жүйесінің кемістігі бар тұлғалар болса, басқа да экспериментальді нұсқалардағыдай мұндай нәтиженің болуы мүмкін бе еді?!

Тәжірибенің басқа да нұсқалары​

- Тәжірибенің басқа да нұсқаларында бір немесе екі қосымша «оқытушылар» қатысты. Оларды да актерлер ойнады. «оқытушы» — актер жалғастыруды талап еткен нұсқада 40 сыналушының 3-еуі тәжірибені тоқтатты. Басқа жағдайда екі актер — «оқытушылар» тәжірибені жалғастырудан бас тартұанда — 40 сыналушының 36-сы да солай етті.

- Нұсқаулар телефонмен берілген кезде, бағыну жағдайы қатты төмендеді (20 %-ға дейін). Оған қоса көптеген сыналушылар тәжірибені жалғастырып жатқан сыңай танытты. Бағыну деңгейі «оқушы» «оқытушының» дәл қасында болғанда да төмендеді. «Оқытушы» «оқушының» қолын ұстап тұрған тәжірибеде соңына дейін сынақталушының 30 %-ы ғана жетті.

- Бір экспериментатор «оқушы» болған қалпы тәжірибені тоқтатуды талап еткенде, ал басқа экспериментатор керісінше тоқтатпауды талап етсе де, 100%-ы да тоқтады.

- Сынақтан өтушіден батырманы өзі баспай, «оқытушыға» бұйрық беру талап етілгенде, мұны жасаудан тек 5 %-ы ғана бас тартты.

Қорытындылар

Милгрэм пікірі бойынша, алынған деректер қызықты феноменге куәлік етеді: «Бұл зерттеулер кәдімгі ересек адамдардың авторитет бұйрығымен біраз жерге баруға дайын екенінің айқын көрінісін танытты» (Milgram, 1974). Енді қарапайым азаматтардың өздігінен үкіметке бойсұнуы түсінікті бола бастады. Авторитеттер бізге тым қатты ықпал білдіреді және біздің мінез-құлығымызды бақылауда ұстайды.

Оқуға кеңес берміз: 

Психологиялық тәжірибелер

Балаңыз қандай: Баланың мінезі мен ерекше қасиеттерін анықтауға көмектесетін 6 тест


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)