Күнделік жазған келіншек

(Күнделік жазған келіншектің әңгімесі)

– Мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ күнделік жазумен айналысушы едім. Мен оны өзімнің ішкі бір құндылығым деп санадым. Күнделіктерімді ешкімге көрсетпейтінмін. Оны жұрт көзінен жасырын ұстаймын. Бірақ бір күні осы дәптерлерді біреу оқып көретін сияқты болатын да тұратын. Ол адам тек қана өзімнің болашақ жарым болады деп ойладым. Болашақ жарымнан жасырар қандай сырларым болмақ?

Мектепті бітіріп, үлкен қалаға оқуға бардым. Бұл 90-жылдардың іші еді. Бірақ түсе алмадым. Көп ұзамай өзім қалаған жігітке тұрмысқа шығып кеттім.

Өмір бірқалыпты еді. Күнделіктерімді де өзіммен бірге ала келгенмін. Оны реті келгенде жұбайыма көрсете қоймақпын ғой. Сонда ол таңғалатын болады. «Сенің менен жасырған сырларың да бар ма? – дейді ол таңғалып. – Ал оларды оқып көруге болады ма?» «Егер қаласаң...», – деймін мен күліп.

Бөлмеге кіргенімде күйеуімнің өзіме әдеттегіден тыс мысқылдай қарап отырғандығын байқадым. Оның қолында менің күнделік жазылған дәптерлерім тұр еді. «Сен... – деймін мен. – Күнделіктерді...» Мүмкін мен күнделіктерді өзім де саған оқытқым келіп жүр еді дегім келген шығар. Жағыма шапалақ шарт ете түсті. «Білдік менен де бұрын жігітіңнің болғандығын!» – деді күйеуім. «Ол жігітім емес, – деймін мен. – Үлкен қалаға оқуға барғандағы жай, әшейін абитуриент қыз-жігіттердің таныстығы ғана жазылған». «Оқуға бардым» деген сөз күйеуіме одан сайын жағымсыз әсер етті. «Далаға шық, – деді күйеуім. – Күнделіктерді өз қолыңмен өрте».

Ол күнделік жазылған дәптерлерді ауланың ортасына апарып қойды. «Кәне, өрте өз қолыңмен!» Ол қолыма сіріңке ұстатты.

Менің алдымда талай күн мен түнгі сырласыма айналған дәптерлерім жатты. Сіріңкені тұтатып, дәптерлердің шетіне тигіздім. Парақтар лаулап ала жөнелді. Сол сәт мен қыз қиялы мен нақты өмірдің мүлде алшақ болуы мүмкін екендігін де аңғарып үлгердім. Менің құндылығым өртеніп жатты...

– Бірде, – деді келіншек. – қожайын әйелдің үйін жинастырып жүргенімде, оның кішкентай, екінші сыныпта оқитын қызының жазған күнделігін тауып алдым. Ол күнделігін жасырып қоюды ұмытып кетсе керек. Үстел үстінде қалдырыпты.

Қыздың ата-анасы – білімді орыс тілінде алған кісілер. Өздері үлкен бір мекемелерде жауапты, басшы қызметтерде істейді. Кейде өздері білім алған тілдерінде де сөйлесіп жүреді. Бірақ олар – жақсы адамдар. Екеуі де адаммен сөйлескенде кішіпейіл, мәдениетті түрде сөйлеседі. Оларды жақсы ата-аналар деп ойлаймын. Ал олардың қыздары қазақ тілінде білім беретін мектепке барады. Енді сол қыз қазақша күнделік жазады екен.

Біреудің затын рұқсатсыз оқу, мейлі ол тіпті кішкентай қыз болса да, ұят қой, әрине. Бірақ менің бойымды бір әуестік сезім билеп алды. Мүмкін мен қолымдағы нәрсенің, шынында да, күнделік немесе күнделік еместігіне көзімді жеткізгім келген болуы керек. Дәптердің кез келген бір парағын ашып қалып, одан мынадай жазуларды оқыдым:

«Күнделігім! Мен құпия сандарды ұмытып қалып, сені жасырып қойған жерімнен ала алмай қалған сәтімде қандай қиналғандығымды білсең ғой!.. Сенсіз өмір сүру маған ауыр екен».

Мен кішкентай қыздың күнделік жазатындығына көзім жетті. Дәптерді орнына қойдым.

Өмір менің ішкі құндылығыма жарықшағын түсіріп еді. Кішкентай қыздың ішкі құндылығына сызат түспесе екен деп тіледім.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)