http://a-brands.kz/

Сәтсіздіктің үш кезеңі

Өмірдегі ең қиын дүниелердің бірі — күресуге тұратын және тұрмайтын істерді анықтау. Бір жағынан табандылық пен батылдық табысқа жетудің негізі. Бизнес болсын, білім алу, қарым-қатынас құру — жалпы кез келген салада табандылық пен шыдамдылық өте маңызды.

Екінші жағынан, біреуге ешқашан берілме деп кеңес беру де дұрыс емес. Табысты адамдар істеп жатқанын тастап кете береді. Егер бірдеңе жұмыс істемесе, олар мұны шексіз қайталай бермейді. Олар баптап, реттеп көреді. Болмаса бұрылады да, ойыннан шығады. Қайта-қайта бір нәрсені жасап, түрлі-түрлі қорытынды күткен ақымақтық.

Өмір екі стратегияны да талап етеді (және «басқаша емес, дәл осылай ғана жаса» дегенге төзбейді). Кейде бар қайратыңызды салып, екі есе күшпен жұмысқа кірісу қажет. Ал кейде іске аспайтын дүниелерден бас тартып, жаңа бірдеңені істеп көру қажет.

Сонымен, жалғастыру қажет пе, әлде тоқтау қажет пе, оны қалай білеміз? Джеймс Клир (кәсіпкер, фотограф, саяхатшы...) осы сұрақтың жауабын тапқан сияқты және «Сәтсіздіктің үш кезеңінің» құрылымын шығарды.

Сәтсіздіктің үш кезеңі

Бұл құрылым мәселені сәтсіздіктің үш кезеңіне бөліп, жағдайды айқындауға көмектеседі:

Әдістегі қателік. Бұл «ҚАЛАЙ» санатындағы қателіктер. Олар сенімсіз жүйелерді құрғанда, нәтижелерді мұқият өлшеуді ұмытқанда және мәселенің егжей-тегжейіне немқұрайлы қарағанда пайда болады.

Стратегиядағы қателік. Бұл «НЕ» санатындағы қателіктер. Бұл қалаған нәтижеге жетуге мүмкіндік бермейтін стратегияларды ұстанған кезде пайда болады. Сіз мұны неге жасайтыныңызды және қалай жасайтыныңызды білуіңіз мүмкін, бірақ стратегиядағы қателік бәрін құртады.

Көріністегі қателік. Бұл «НЕГЕ» санатындағы қателіктер. Бұл өзіңіз үшін анық бағыт қоймаған кезде, сонымен қатар сізді шын мәнінде қанағаттандырмайтын көріністің артынан ергенде пайда болады. Яғни сіз айналысып жатқан ісіңізбен не үшін айналысатыныңызды түсінбейсіз.

Әр қателікті бөлек-бөлек қарастырайық.

Бірінші кезең: әдістегі қателік

Сэм Карпентер кішігірім бизнеске 1984 жылы ие болды. Алғашқы жарна ретінде 5 мың доллар беріп, ол Бендтегі күйреуге ұшырап жатқан бизнесті сатып алады және оны «Centratel» деп қайта атайды.

«Centratel» тәулік бойы қолдау көрсететін анықтамалық телефон қызметі болды. Карпентер бизнесті сатып алған кезде, ол «компания көп ұзамай АҚШ-тағы ең сапалы телефон қызметі болады» деп үміттенді.

Бірақ бизнес ойлағандай жүрмеді. 2012 жылғы сұхбатында Карпентер өзінің осы бизнестегі алғашқы 15 жылын былай сипаттайды:

«15 жыл бойы мен аптасына 80-100 сағат жұмыс істедім. Өзім екі бала тәрбиеледім. Жиі ауырдым, антидепрессанттардың түр-түрін іштім және компанияны сатып жібергім келді. Егер сіз моральдық күйреу дегенді елестете алсаңыз, соны 10-ға көбейтіңіз — мен өзімді солай сезіндім».

Компанияны сатуға бір күн қалғанда, ол бәрін түсінеді. Бизнесінің жүрмеу себебі, барынша өнімділікке қол жеткізуге қажетті жүйелердің жетіспеушілігі. Карпентердің айтуынша: «Бізде неше түрлі мәселелер болды, себебі компаниядағы әр адам, өзі қажетті деп санаған дүниені жасап жүрді».

Осылайша, ол тапсырмаларды жалпылау және алгоритмдеу қажеттілігін түсінеді. Ол кез келген қызметкер ала алатын және қандай да бір жағдайда қалай әрекет ету керектігін қадамдап түсіндіретін нұсқаулық жазады. Бұдан кейін Карпентердің жұмысы аптасына орташа 10 сағатқа ғана жалғасты. Әр төтенше жағдайда оның араласуы қажет болмады.

Түзету

Әдістегі қателіктерді түзеудің үш негізгі тәсілі бар:

1- Процесті жазып алу.

2- Нәтижелерді өлшеу.

3- Әдісті қайта қарау және ретке келтіру.

Екінші кезең: әдістегі қателік

Наурыз 1999 ж. «Amazon» негізін қалаушы Джефф Безос, компаниясының «Amazon Auctions» атты қызметін іске қосатынын хабарлайды. Бұл қызмет адамдарға бәрін онлайн сатуға мүмкіндік береді. Идеяның негізгі мақсаттарының бірі — «eBay» қызметіне бәсекелес бола алатын қызмет ұсыну. Миллиондаған адам онда тауарларын сататынын Безос білді, және «Amazon» да осындай келісімдер жасау орны болғанын қалады.

«Amazon»-ның инженер-бағдарламашысы Грег Линден сол кездерді былай еске алады: «Бұл ғаламат жоба болатын. Компания адамдары өз жобаларын тастап, осыған кірісті. «eBay»-дің барлық функцияларын қамтитын Auctions сайты нөлден құрастырылды. Ол үш айдан аз уақытта жобаланып, құрастырылып, бақылаудан өтіп, іске қосылды».

Бірақ «Amazon Auctions» жойқын құлдырауға ұшырады. Сайт іске қосылған алғашқы 6 айдың ішінде басшылық жобаның жарамсыз екенін түсінді. 1999 жылдың қыркүйегінде «Amazon zShops» атауымен жаңа қосымша шықты. Бұл жоба интернет-дүкен құрып, тауарды «Amazon» арқылы сатуға мүмкіндік берді. Бұл идея да құлдырады. Безос компания ондаған миллион доллар жоғалтқанын мойындады.

Соңында «Amazon» сыртқы сатушыларға арналған платформа құрып көрмекші болады. 2000 жылдың қарашасында олар «Amazon»-ның жаңа тауарларымен қатар әркім өзінің ұсталған өнімдерін сата алатын «Amazon Marketplace»-ті іске қосады. Бұл жоба көпшіліктің көңілінен шығады.

Түзету

1999 жылы «Amazon» өзін «клиенттерге ең бет бұрған компания» деп анық көрді. Олар өз істерінің шебері болды, сондықтан небары үш айдың ішінде «Amazon Auctions» құра алды. Неге және қалай екені түсінікті еді, бірақ не екені түсініксіз.

Стратегиядағы қателіктерді түзеудің үш негізігі тәсілі бар:

1 - Тез іске қосу.

2 - Арзан істеу.

3 - Әрдайым қайта қарау және жетілдіріп отыру.

Үшінші кезең: көріністегі қателік

Ральф Уолдо Эмерсон 1803 жылы Массачусетсте туды. Оның әкесі біртекті шіркеудің дін қызметшісі болды. Сол кездері христиандықтың бұл дін тармағы АҚШ-та біршама танымал болатын.

Ральф әкесінің жолын қуып, Гарвардта білім алады, кейін пастор болады. Бірақ әкесіне қарағанда, ол біраз жылдан кейін шіркеудің көптеген ілімдерімен келіспейтінін аңғарады. 1832 жылы ол дін қызметін тастап, келесі жылын Еуропада өткізеді. Саяхаттау оған қатты әсер етеді. Ол Джон Стюарт Милл, Уильям Вордсворт, Сэмюэл Тейлор Кольридж және Томас Карлайл сияқты заманауи философтармен және жазушылармен достасады. Оның қызығушылығы теологиядан ғылымға ауысады.

АҚШ-қа оралған соң, Эмерсон Жаңа Англияның интеллектуалдарынан тұратын трансценденттік (идеалистік философиядағы ағым) клуб құрады: олар философия, мәдениет, ғылым және америка қоғамын жақсарту жайлы әңгімелеседі. Ол қалған жылын өз философиялық жүйесін құрумен, эссе мен кітап жазумен өткізеді. Эмерсон ең беделді америкалық философ саналады.

Түзету

Сіз арманыңызға жақындататын бірдеңе істегенде, көбіне сәтсіздікке ұрынасыз. Мұның себебі, сіздің арманыңыз, көрінісіңіз шынайы емес, біреудің таңуымен болуы мүмкін. Сондықтан сіздің әр әрекетіңіз мәнсіз болып түйіледі.  

Көріністегі қателіктерді түзеудің үш негізгі тәсілі бар:

1 - Өміріңізді қорытындылаңыз.

2 - Өткен шақ қайта оралмайтынын түсініңіз.

3 - Сынға көшіңіз.

Сәттілік тілейміз!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)