http://a-brands.kz/

Білім саласы 2017 жылы немен есте қалды

Былтыр елді реформаларымен дүрліктірген Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев биыл сала айтарлықтай өзгеріске ұшырамайды деген еді. Алайда, 2017 жылы білім саласында талай жаңалық болып, халық арасында қызу талқыға түсті. Baq.kz тілшісі кейінгі кезде мақтаудан гөрі сынға жиі ұшырап жүрген білім тақырыбына шолу жасап, 2017 жылы осы салада болған өзекті мәселелерді еске салыпты, соны назарларыңзға ұсынамыз.

Алғашқы қоңырау 1 қыркүйек күні соғылмады

Биыл елімізде алғашқы қоңырау әдеттегідей 1 қыркүйекте емес, 2 қыркүйек күні соғылды. Себебі, 1 қыркүйек Құрбан айт мейрамына сәйкес келіп, оқу жылы 2 қыркүйекте басталды.

Жаңа оқу жылында бiрiншi сыныпқа 380 мың бала барды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 10,5 мың балаға көп. Ал, барлық оқушы саны 2,9 миллионнан асты.

2016 жылы елiмiзде жаңартылған бiлiм мазмұны кезең-кезеңмен енгiзiле бастағаны белгілі. Биыл осы бағытта жұмыс жалғасып, 2, 5 және 7-сыныптар жаңа оқу бағдарламасына көшті.

Нөлiншi сынып енгiзiлдi

2017 жылдан бастап бірқатар балабақша мен мектепке нөлiншi сынып пилоттық режимде енгiзiлдi. Нөлiншi сыныпты толығымен 2019 жылы енгiзу жоспарланып отыр. Оны мектепте және балабақшада оқуға болады.

Әліппе қайта оралды

2017 жылғы оқу жылынан бастап Әліппе мектепалды даярлық тобында оқытыла бастады. Биыл көптеген балабақша мен мектеп Әліппені пилоттық режимде өткіземіз деп ұсыныстарын түсірді.

«Сауат ашу» «Ана тiлi» деп өзгертілетін болды

Бiрiншi сыныпта оқытылатын Сауат ашу пәнiнiң атауы 2019 жылы Ана тiлi деп өзгертілетін болды. Осылайша, көптің көңілінен шықпаған Сауат ашу атауын құлағымыз үйренген Ана тілі пәніне ауыстыру туралы шешім қабылданды.

Оқулықтар мен жұмыс дәптерлеріне қатысты дау ушыға түсті

Қоғамда оқулықтардың арнайы жұмыс дәптерлерін сатып алу керектігі наразылық тудырды. Дәптерлердің қымбатшылығына қарамастан Сағадиев тек оқулықтарға ақша бөлінетінін, ал дәптерлерді жергілікті әкімдер әперу керектігін айтты.

Астанада бірыңғай мектеп формасы енгізілді

Биыл Астана мектептерінде қою көк түсті бірыңғай киім үлгісі бекітілді. Дегенмен, елордалық оқушылар жаңа формаға бұрынғысы ескіргенде біртіндеп көше алады.

Бірнеше пәнді музейде өткізу шешілді

БҒМ келесі оқу жылынан бастап география, дүниетану, Қазақстан тарихы пәндерінің кемiнде екi сағатын мектеп сыртында - музейде, ЖОО музейлерi мен ғылыми институттарда оқытуды жоспарлап отыр.

Оқушылардың үй тапсырмасы қысқарды

Оқушылардың үй тапсырмасын қысқартатын бұйрық шықты. Білім министрлігінің бұйрығымен бекітілген нұсқаулықтар оқушылардың үй тапсырмасын азайтуды көздейді.

Түсініксіз оқулықтар халықтың ашуын келтірді

БАҚ пен әлеуметтiк желiде мектеп оқулықтарының мазмұнына наразылық білдіргендер көбейді. Ұстаздар мен ата-аналар видеоүндеу де жасап жатты. Мұндай оқулықтар қатарында 5 және 7-сыныптарға арналған орыс тiлi кітаптары да бар. Бұл оқулықтардағы Иван Ургант туралы тапсырма мен «И-пызява» ертегiсi көптің ашуын туғызды.

Бекболат Тілеухан Ерлан Сағадиевті жекпе-жекке шақырды

Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан оқулықтардың сапасына сын айтып, министрді баспасөз бетінде жекпе-жекке шақырды. Ал, Сағадиев жекпе-жекке шығу Үкіметтің жұмысы емес екенін айтты. Министрді биыл қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан да теледебатқа шақырған еді.

Мұғалімдер үй-үйді араламайтын болды

«Ендi мұғалімдер үй-үйді араламайды» деді Ерлан Сағадиев. Осылайша, министр ұстаздарды өзiнiң қызметiнен басқа шаруаларға мiндеттеуге тыйым салды. Министрлік ұстаз еңбегiн басқа мақсатта пайдалануға тыйым салатын бiрқатар бұйрық пен қаулы шығаруға кірісті.

Ағылшын тiлiнде сабақ беретін мұғалiмдерге үстемақы төленетіні белгілі болды

2019 жылдан бастап ағылшын тiлiнде сабақ беретін мұғалiмдерге 25 пайыз үстемақы төлеу туралы шешім қабылданды. Биыл ағылшын тілі курстарына 12 мың мұғалім жазылып, 500 сынып ағылшынша оқытыла бастады.

Ұстаздар 8 наурызда гүлсіз қала жаздады

Әлеуметтiк желiде «мектеп қабырғасында ұстаздарға гүл немесе сыйлық беруге тыйым салынады» деген ақпарат тарады. Білім және ғылым министрлігі бұл мәліметті жоққа шығарды.

Кәсіптік білім тегін беріле бастады

2017 жылғы қыркүйектен бастап елімізде Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру жобасы енгізілді. Осылайша, жоба аясында жастар техникалық, ауыл шаруышылық, сервис және қызмет көрсету мамандықтары бойынша колледждерге емтихансыз, сұхбаттасу қорытындылары бойынша қабылдана бастады.

Ұлттық бірыңғай тестілеу форматы жаңарды

Осы жылдан бастап түлектер емтиханды екі рет тапсыратын болды. Олар - мектеп түлектерінің қорытынды аттестациясы мен жоғары оқу орындарына түсу емтихандары. Былтырдан бастап ҰБТ-дан өте алмағандар емтиханды қайта тапсыру құқығына ие болған еді.

ҰБТ-дан құлаған түлектер тегiн оқып, шәкіртақы алатын болды

Ұлттық бiрыңғай тестiлеуден өте алмай қалған мектеп түлектері техникалық-кәсiптiк бiлiм беру орындарына тегiн оқуға жолданды. Шәкіртақы да тағайындалды.

ҰБТ сұрақтары қоғам наразылығын тудырды

Тест сұрақтарында Ермек Тұрсынов, Баян Есентаева, Нұртас Адамбай, Геннадий Головкин сияқты шоу-бизнес пен спорт өкілдерінің жүргені жұрт наразылығына душар болды.

«Алтын белгі» иегерлеріне қатысты шу шықты

Биыл ҰБТ-да жоғарғы балл жинаған талапкерлер, оның ішінде «Алтын белгі» иегерлерінің грантсыз қалуына байланысты шу шықты. Осы жолы «Алтын белгіліктерге» грантты ЖОО, әкімдіктер мен министрліктер бөлді. Ал, 2018 жылы «Алтын белгі» алғандарға ҰБТ-да тең балл жинағанда ғана артықшылық берілмек.

Латын қарпiн енгізу жұмысы мұғалiмдерден басталатын болды

Бiлiм және ғылым министрi латын қарпiн енгiзу жұмысы мұғалiмдерден басталатынын айтты. «Ең алдымен бiз мұғалiмдердi даярлауымыз керек. Ұстаздар жеткiлiктi болғанда жұмысты одан әрi жалғастырамыз» деді Сағадиев.

Білім министрі Ерлан Сағадиев «биыл күрделі реформалар болмайды» десе де, білім саласы бірқатар өзгерісті бастан кешірді. Ал, 2018 жылдың қандай жаңалық әкелетінін уақыт көрсетер.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Басқа да жазбалар

Пікірлер (3)

Ерке

Өтірікпен есте қалды, үй аралау ешқандайда тоқтаған жоқ. Ұстаздар əлі үй аралап жүр.

Улагат

Егер устаздардын Сагдиевке жазган хаты орыгдалмаса жанартылган билим беру деген боссоз.Елди елбамын одан калса озин ози алдау

Эльмира

Үй араламайды дегені өтірік.Аралағанда қандай...

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)