сайыс
ozgetil.kz

Алты Наполеон

Скотланд-Ярдта қызмет істейтін тыңшы мистер Лестрейд кешкілік уақытта ара-тұра бізге жүз көрсетіп қоятын. Шерлок Холмс оны қуана қарсы алатын, өйткені Лестрейд сан қилы полициялық жаңалықтарды ала келетін, ал бұған дән риза Холмс тыңшыға тапсырылған істердің жай-жапсары жайындағы егжей-тегжейлі әңгімеге соның өтеміне ықыласпен құлақ қойып, оз тәжірибесінің асыл қазынасы мен ұланғайыр білім танымынан туындап жататын ақыл-кеңесін оған елеусіз түрде құлаққағыс етіп отыратын.

Бірақ бұл кеште Лестрейд тек ауа райы мен газет жаңалықтары жайында ғана сөйледі. Сосын аяқ асты үнсіз қалды да, сигарының күлін үргіштей түсіре отырып, ой кешіп кетті. Холмс оған қас қақпай қарап қалды:

— Әлдебір қызықты іске кіріскенсіз - ау, шамасы?

— Жоға, мистер Холмс, қызықты дерлік ештеңе жоқ.

— Ендеше, айта беріңіз.

Лестрейд күліп жіберді:

Сізден бірдеңе жасырып болмас, мистер Холмс. Шынымен - ақ бір жағдаят көңілімді алаңдатып жүр, бірақ түкке тұрмайтын нәрсе болғандықтан өзіңізді мазаламай - ақ қояйын дегем. Мұның түкке тұрғысыз нәрсе екенінде дау жоқ, бірақ таңғалуға тұрарлық өзіндік ерекшелігі бар, ал сіздің әдеттен тыс, оғаш жайттарға айрықша бейіл беретініңізді білем ғой. Алайда, шынтуайтында, бүл сіз екеуімізден гөрі дәрігер Ватсонды көбірек қызықтыратын іс не деп ойлаймын.

— Кеселге шалдығушылық па? - деп сұрадым мен.

— Есі ауысқандық. Әншейін ауыштық емес, есі ауысқандықтың әдеттен тыс түрі. Осы заманда тірлік көшетін, Бірінші Наполеонды иттің етінен жек көретіні сонша, көзіне түскен бейнесінің бәрін жойып жіберуге құштар адамды көз алдыңа елестетудің өзі қиын.

Холмс креслоның арқалығына шалқайды.

— Бұл мен айналысатын іс емес екен.

— Иә, иә, соны айтып тұрмын ғой. Әйтсе де, ол біреудің есігін бұзып кіріп ұрлық жасайтын болса, ал Наполеонның өзі жойып жүрген бейнелері басқа біреудің меншігі болса, онда бүл адам дәрігерді қойып қайтадан біздің қарамағымызға көшеді.

Холмс тіктеліп отырды.

— Есікті бұзып кіріп ұрлық жасайды дейсіз бе? Бүл назар аударуға тұрарлық жай екен. Маған бәрін түк ештеңесін қалдырмай егжей-тегжейлі айтып беріңізші.

Лестрейд қалтасынан қызметте пайдаланатын қойын дәптерін алып, жадын жаңғырту үшін парақтап шықты.

— Алғашқы оқиға жөнінде бізге бұдан төрт күн бұрын хабарлаған еді, - деді ол - Бүл оқиға Кеннингтон-роудта суреттер мен мүсіндер сататын Морз Хадсонның дүкенінде болыпты. Дүкенші бір минутқа сыртқа шығып кеткен екен, кенет сатыр-сұтыр еткен әлдебір дыбыс естіледі. Жалма-жан кейін қайтқан ол Наполеонның сөреде басқа да өнер туындыларымен бірге тұрған гипстен жасалған мүсінінің еденде быт-шыт боп уатылып жатқанын көреді. Дүкенші көшеге атып шығады, бірақ өткіншілердің дүкеннен жүгіріп шыққан адамды өз көзімізбен көрдік дегеніне қарамастан, әлгінің орнын сипап қалады. Мұны әредік-әредік бой көрсетіп тұратын мәнсіз де мағынасыз бұзақылықтың бірі деп бағалауға да болар еді. Оқиға болған орынға келген констебльге де тап солай баян етіледі. Гипстен жасалған мүсін бар-жоғы бірнеше шиллинг тұрады, сондықтан бүл бізге тергеу жүргізуге татымайтын ұсақ-түйек нәрсе іспетті көрінген еді.

Алайда, жаңадан орын алған оқиға одан гөрі қауіптілеу, оған қоса бұрынғысынан артық болмаса кем соқпайтын оғаш боп шықты. Бүл өткен түнде болды. Кеннингтон - роудта, Морз Хадсон дүкенінен бірнеше жүз қадамдай жерде, есімі көпшілікке жақсы мәлім емші, Темзаның оңтүстік жағалауындағы жүздеген адамға ем-дом жасайтын дәрігер Барникотт тұрады. Дәрігер Барникотт - Наполеонды қатты қастерлейтін адам. Үйі француз императоры жайындағы кітаптар мен суреттерге, жәдігерлік бұйымдарға лық толы. Жақында ол Морз Хадсоннан француз мүсіншісі Девин мүсіндеген айтулы туындының -Наполеон басының гипстен жасалған, бір-бірінен аумайтын екі бірдей көшірмесін сатып алған еді. Бұлардың бірін Кеннингтон-роудтағы пәтеріне де қалдырып, екіншісін Лоуэр-Брикстон-роудта орналасқан дәрігерлік кабинетіндегі каминнің үстіне қойған болатын. Бүгін таңертең үйіне оралған дәрігер Барникотт түнде үйі тонауға ұшырағанын, бірақ кіре беріс бөлмеде тұрған гипс мүсіннен басқа ештеңе ұрланбағанын көреді. Тонаушы мүсінді үйден алып шығыпты да, бақты қоршаған темір шарбаққа ұрып сындырыпты. Таңертең шарбақтың жанынан үйме-жүйме боп жатқан сынықтары табылды.

Холмс алақанын ысқылады.

Шынымен-ақ, шығанда бір кездесетін жағдаят екен! - деді ол

— Бұл оқиғаның сізді қызықтыратынын білгем. Бірақ әңгімемді әлі айтып біткем жоқ. Дәрігер Барникотт сағат он екіге қарай Лоуэр - Брикстондағы кабинетіне келеді. Келіп, кабинетінің терезесі ашық тұрғанын, екінші мүсіннің сынықтары бүкіл еденді жауып жатқанын көріп ме істерін білмей тұрып қалады. Мүсін күлдей ұсақ бөлшектерге уатылыпты. Наполеонға деген өшпенділік дертіне шалдыққан осынау қылмыскердің, -әлде, бәлкім, есалаңның, - алғашқы оқиға орын алған жерден де, соңғы оқиға орын алған жерден де із кесерліктей ешқандай дәйегі табылмады. Міне, мистер Холмс, фактілер осындай.

— Таңырқауға тұрарлық фактілер екен, - деді Холмс. - Дәрігер Барникоттың бөлмелерінде қиратылған мүсіндер Морз Хадсонның дүкенінде сындырылған мүсіннің аумаған көшірмесі ме екен, соны білсем деп едім.

— Олардың бәрі бір қалыпта құйылған.

— Ендеше, мүсіндерді қиратқан адам мұны Наполеонға деген өшпенділіктен істеді деудің еш қисыны жоқ. Лондонда ұлы императорды бейнелейтін бірнеше мың мүсін барын ескерсек, онда беймәлім фанатик өз қарекетін мүлдем кездейсоқ түрде бір ғана мүсіннің үш бірдей көшірмесін жоюдан бастады дейтін тұжырым жасау көңілге қонбайды - ақ.

— Мен де солай ойлағам. Бірақ, екінші жағынан, Морз Хадсон - Лондонның осы ауданында мүсіндер сатумен айналысатын жалғыз ғана адам, Наполеонның әлгі үшеуінен басқа бірде-бір мүсіні оның қолында көп жылдан бері болмаған. Өзіңіз айтып отырғандай, Лондонда ұлы императорды бейнелейтін бірнеше мың мүсін болғанымен, тап осы ауданда басқа бірде-бір Наполеонның болмай шығуы әбден мүмкін ғой. Сондықтан, есуастың, егер ол осы төңіректе тұрса, тап солардан бастауына таңырқаудың реті жоқ, - деді Лестрейд. -Бұл жөнінде сіз қандай ойдасыз, дәрігер Ватсон?

— Ақыл-есті жоғалтудың түрі алуан-алуан, - деп жауап қаттым мен. - Қазіргі заманғы француз психологтары "idee fixe", яғни "жабысқақ идея" атандырған бір құбылыс бар. Өз тұрғысынан алып қарағанда, бұл идея түкке тұрғысыз болуы мүмкін, бұған әуейі адамның да барлық басқа жағынан еш мүкісі болмауы ықтимал Бәлкім, әлгі делқұлы Наполеон жайында шамадан тыс көп оқыған шығар немесе, айталық, Наполеон жүргізген соғыстар кезінде ата - бабаларына көрсетілген әлденендей жәбір-жапа жайында білген болар. Осының салдарынан онда "жабысқақ идея" қалыптасып, соның ықпалымен адамның ойына келмейтін не түрлі қиямпұрыс істерге баруы мүмкін.

— Бұл теорияңыз бізге жарамайды, қымбатты Ватсон, - деді Холмс басын шайқап, -өйткені, сіздің дүдәмал делқұлыңызға әлгі мүсіндердің қай жерде тұрғанын ешқандай "жабысқақ идея" айтып бере алмас еді.

— Онда мұны өзіңіз қалай түсіндіресіз?

— Мен түсіндіріп әуре болмаймын. Бұл джентльменнің қарекеттерінде белгілі бір жүйе барын ғана көріп тұрмын.

Одан арғы оқиғалар жедел түрде өрбіп кетті және өзіміз ойлағаннан гөрі өкініштілеу болды. Ертеңіне таңертең, жатын бөлмемде киініп жатқанымда, Холмс есігімді қағып, қолына жеделхат ұстаған күйі ішке кірді. Оны дауыстап оқып берді:

— "Кенсингтон, Питт-стрит, 131 үйге жедел жетіңіз. Лестрейд".

— Бұл нені білдіреді? - деп сұрадым.

— Білмедім. Не түрлі жағдайлар болып жатуы мүмкін. Бірақ, бүл маған мүсіндерге байланысты хикаяның жалғасы сияқты көрінеді. Қателеспесем, бұдан делқұлы досымыз өз қарекетін Лондонның басқа бөлігіне көшіргенін бажайлауға болады... Кофе үстелде, ал кэб есік алдында түр, Ватсон.

Жарты сағаттан кейін біз Питт-стритке - Лондондағы көлік ең көп жүретін күре жолдардың біріне параллель созылып жатқан тұйық көшеге келіп те жеттік. №131-үй жатағандау, қызыға қарарлық ештеңесі жоқ мекен-жай екен. Келген кезімізде оның бағын қоршаған шарбақтың алдында әуестік білдіруші тобыр тұр екен. Холмс ысқырып жіберді:

— Сайтанның сапалағы, мұнда кісі өлімі болған сияқты ғой өзі! Лондондық шабарман баланы одан басқа қандай жағдаят болсын кідірте алмақ емес. Оның мойнын созып қарап қалғаны, иығының салбырап кеткені әлдебір қантөгісті зұлымдықтың орын алғанын аңғартады. Қараңызшы, Ватсон. Жоғарғы тепкішектер дымқыл, ал төменгілері құрғақ. Алайда, із жетершілік. Әне, әйнек есіктің ар жағынан Лестрейд те көрінді, қазір одан бәрін сұрап білеміз.

Қабағы түксиіп кеткен Лестрейд бізді қонақ бөлмеге қарай бастады: онда үстінде фланель халаты бар, шашы ұйпа-тұйпа боп кеткен бір мосқал адам байыз таппай әрлі - берлі жүгіріп жүр екен. Ол бізге таныстырылды. Бүл осы үйдің иесі, Орталық баспасөз синдикатының газет қызметкері мистер Хорес Харкер боп шықты.

— Мынау да Наполеондарға байланысты хикаяның жалғасы, - деді Лестрейд. - Кеше кешкісін бұған үлкен ықылас білдірген едіңіз, мистер Холмс, сол себепті, бұл хикая ақыр аяғында осындай ауыр жағдайға әкеп соқтырған шақта, мұны тергеу жұмысына құлшына қатысатын шығар деп ойлағам сізді.

— Қандай жағдайға дедіңіз?

— Кісі өлтіруге. Мистер Харкер, мына джентльмендерге болған жайды байыппен баяндап беріңізші.

Халат киген адам түтігіп кеткен өңін бізге қарай бұрды.

— Таңғаларлық нәрсе, - деді ол - Өмір бойы газеттерде басқа адамдардың басынан өткен оқиғаларды сипаттаумен айналысып келдім, ал ақыры сондай үлкен оқиғаға өзім тап болған шақта дегбірден айрылғаным сонша, екі сөздің басын құрай алмай қалдым. Егер мұнда репортер ретінде келсем, онда өзімнен өзім интервью алар едім де, барлық кешкі газетте екі бағана материалым жарқ ете қалар еді. Ал қазір ше? Осынау баға жетпес материалдың бәрін түгел бөтен біреулерге қайталап айтып жатырмын, айтып жатырмын, ал өзім оны пайдалана алмаймын. Дей тұрғанмен, есіміңіз маған жақсы таныс, мистер Холмс, егер осынау жұмбақ істі бізге түсіндіріп бере алсаңыз, онда болған оқиғаны қырық қайталап айтуға деген амалсыздықтан туған мұқтаждықтың өтемі қайтқан да болар еді.

Холмс орындыққа жайғасып, тыңдауға кірісті.

— Бұл кісі өлтірушіліктің Наполеон мүсініне тікелей қатысы бар, оны бұдан торт айдай бұрын Хай-стрит вокзалы жанындағы ағайынды Хардингтер дүкенінен өте арзан бағаға сатып алғам. Мақалаларымды негізінен түнде жазам, кейде таң ағарып атқанша отырып қалатыным бар. Кабинетім екінші қабатта, терезелері аулаға қарайды. Бүгін де солай болды. Кабинетімде отырғам, кенет, түнгі сағат үштерге таман, төменнен әлденендей шуды құлағым шалды. Тыңдай қалғам, ештеңе естіле қоймаған, сөйткен соң мұны көшеден шыққан шу болар деп шешкем. Алайда арада бес минуттай өткен соң күтпеген жерден жан түршігерлік ышқынған дауыс естілді - аза бойыңды қаза қылатын мұндай дауысты, мистер Холмс, өмірі естіп көрмегем. Өле - өлгенімше бұл дауыс құлағымнан кете қоймас. Зәрем зәр түбіне кетіп, бір минут па әлде екі минут па тырп етпестен мелшиіп отырдым да қойдым, сосын көсеуді алдым да, темен түстім. Осы бөлмеге келіп кіргенімде терезенің ашық қалғанын, ал камин үстінде тұрған мүсіннің ғайып болғанын көрдім. Тонаушының бүл мүсінге неге құмартқанын түсінбеймін. Гипстен жасалған қарабайыр көшірме, қызығатын түгі жоқ. Көріп тұрғаныңыздай, мына терезеден қатты қарғыған адам көше беттегі баспалдақ тепкішектеріне барып түсе алады. Тонаушының тап осылай қашып құтылғанын білгендіктен, кіре беріске шықтым да, сыртқы есікті аштым. Қараңғыға қарай қадам басқаным сол, өліп жатқан адамның мәйітіне сүрініп, үстіне құлай жаздап шақ қалдым. Шам әкелмекке үйге қарай жүгірдім. Бейшараның тамағында үлкен жарақат бар екен. Жоғарғы тепкішектердің бәрін қан жуып кетіпті. Анау тізесін көтерген күйі, аузын аңқита ашып шалқасынан жатыр еді. Айтары жоқ сұмдық көрініс еді бүл Оны күн сайын түсімде көретін болармын. Полицейлік ысқырығымды алып ысқырдым да, есімнен танып құлап түстім. Басқа ештеңе есімде жоқ. Содан тек кіре берісте ғана есімді жидым. Жанымда полисмен түр екен.

— Өлген адам кім? - деп сұрады Холмс.

— Мұны анықтау мүмкін болмады, - деді Лестрейд. - Оны мәйітханадан өзіңіз барып көруіңізге болады. Қарап шыққанымызбен ештеңе біле алмадық. Ұзын бойлы, күнге тотыққан, әлі отызға да толмаған өте қайратты еркек. Киімі жұпынылау, бірақ жұмыскерге ұқсамайды. Жанында, төгілген қанның ортасында, мүйіз сапты бүктемелі бәкі жатыр екен. Өлген кісінікі ме әлде өлтірген кісінікі ме, білмеймін. Киімінде аты-жөні кім екенін аңғаруға болатындай арнайы белгі жоқ. Қалтасынан алма, бір шумақ жіп, Лондонның бағасы бір шиллинг тұратын картасы мен фотосурет табылды. Міне, ол.

Бұл кішкене аппаратпен түсіріліп, қолма-қол шығарылған сурет еді. Онда түр-сүдіні есте қаларлықтай сүреңсіз, қасы қалың, жақ сүйегі павианның жақ сүйегіндей шығыңқы жас жігіт бейнеленген еді. Жалпы, одан маймылға тән әлдене сезіліп тұрған.

— Ал мүсіннің жайы не болды? - деп сұрады Холмс, фотосуретті мұқият зерделеген соң.

— Мүсінді өзіңіз келердің аз-ақ алдында таптық. Кэмпден-Хаус-роудта тұрған иесіз үйдің алдындағы шағын бақтан табылды. Күл-парша боп уатылыпты. Соны қарап шықпақ ойым бар еді. Бірге барғыңыз келмей ме?

— Әрине, барам. Бірақ алдымен мына бөлмеге көз қиығын салып өтуге тиіспін, - деді Холмс кілем мен терезеге ықтиятпен көз жүгіртіп жатып. — Не бүл жігіттің сирағы ұзын, не ол, жалпы, керемет жақсы секіретін адам. Қандай биікте тұрғанын қарамаймысыз -осындай биіктегі ернеуге секіріп шығып терезені ашу деген оңай ма. Қайтадан шығар жол оған, әрине, бұдан әлдеқайда жеңіл Мүсін сынықтарын көруге бізбен бірге барасыз ба, мистер Харкер?

Басымен қайғы журналист бүл кезде жазу үстеліне жайғасып та алған еді.

— Жоқ, одан да бірдеңе жазып көрейін, - деп жауап қатты ол. - Алайда кешкі газеттердің алғашқы шығарылымы болған оқиға жайында бүкіл Лондонды дүрліктіріп үлгергеніне еш күмәнім жоқ. Жолы ауыр біреумін ғой. Донкастерде трибунаның құлап түскені есіңізде ме? Міне, сол кезде сонда болған жалғыз репортер мен едім. Бірақ одан не пайда? Бүл оқиға жайындағы есепті газетім елден бұрын жариялай алмады: көңілім алағызып, мазам қашқаны сонша, дым ештеңе жаза алмадым. Енді, міне, есігімнің қарсы алдында кісі өлімі болып жатқанымен, тағы да кешігіп қалдым.

Кетіп бара жатқан біздер журналист қаламының қағаз бетімен құтырына шиқылдай жөнелгенін естідік.

Мүсін сынықтары табылған орын үйден бар-жоғы бірнеше ярд қана жерде екен. Ұлы императордың әлдебір бейтаныстың жүрегінде осыншалықты жойқын да дүлей өшпенділік туғызған бейнесін көрудің бізге де орайы келді - ау ақыры. Ұсақ бөлшектерге уатылған мүсін шөп арасында жатыр екен. Холмс бірнеше сынықты алып, мұқият қарап шықты. Ширығып сала берген әлпеті мен батыл да еркін қимыл-әрекетінен оның ізге түскенін сездім.

— Ал, қалай? - деп сұрады Лестрейд.

Холмс иығын қомдап қойды.

— Бұл іспен әлі де біраз уақыт айналысуымызға тура келеді, - деді ол - Әйтсе де... әйтсе де тырнақ іліктірер нәрсеміз бар. Мына арзанқол мүсін ана қияли қылмыскерге адам өмірінен қымбат көрінген. Бұл бірінші факт. Екінші факті де бар, бұл да жұмбақты. Егер қылмыскердің бар мақсаты мүсінді қирату болса, онда ол неге оны үйдің ішінде немесе жанында қиратпаған?

— Өлтіруге мәжбүр болған адамын кезіктіріп қалып есі шығып кеткен шығар. Не істеп, не қойып жатқанын өзі де түсінбеген болар.

— Несі бар, шындыққа жанасымды. Алайда, бақта тұрған, жанында мүсін уатылған үйге назарыңызды аударсам деп ем.

Лестрейд жан-жағына қаранды:

— Бұл үй иесіз, - деді ол - Қылмыскер бүл арада өзін ешкім мазаламайтынын білген.

— Рас, - деді Холмс, - бірақ бүл көшеде тағы бір иесіз үй түр, ал қылмыскерге дәл мына үйге жету үшін сол үйдің жанымен өту қажет еді. Неліктен ол мүсінді алғашқы иесіз үйдің жанында жармаған? Өйткені, әр басқан артық қадамы әлдебіреумен кездесіп қалу қаупін арттыра түсетінін ол білді емес пе?

— Бұған көңіл аудармаппын, - деді Лестрейд.

Холмс төбемізде жанып тұрған көше шамын көрсетті.

— Ол адам не істеп жатқанын осы арадан жақсы көре алатын, ал ана жерден көре алмайтын. Оны мұнда алып келген осы жағдаят.

— Рас айтасыз, шынымен солай! - деді тыңшы таң - тамаша боп. - Барникот меншігіндегі мүсіннің дәрігер қызыл шамының жанында уатылғаны енді есіме түсіп түр. Бұл фактіні неғыламыз, мистер Холмс?

— Есте сақтап қоямыз. Кейін өзімізді бұған қайтып оралуға мәжбүр ететіндей жағдайға жолығуымыз ықтимал Енді не істемексіз, Лестрейд?

— Меніңше, қазір бізге қаза тапқан адамның кім екенін анықтаумен айналысқан жөн шығар. Бүл аса қиын шаруа емес. Өзі кім екенін, жолдастары кім екенін білсек, оның түнде Питт-стритте не істегенін, бүл жерден кімді кезіктіргенін және мистер Хорес Харкер үйінің кіре берісінде оны кімнің өлтіріп кеткенін анықтауға болады. Қалай, қарсы емессіз бе бұған?

— Қарсы емеспін. Бірақ бұл жұмбақтың шешімін іздеуге мен мүлдем басқа тәсілді қолданған болар ем.

— Қандай тәсілді?

— Жә, жә, сізге ықпал етпей-ақ қояйын. Сіз өз бетіңізше әрекет жасаңыз, мен өз бетімше әрекет етейін. Соңынан нәтижелерін салыстырармыз, сөйтіп бір-бірімізге көмек көрсетерміз.

— Тамаша, - деді Лестрейд.

— Сіз қазір Питт-стритке қайтып ораласыз ғой, ол жерден, әрине, мистер Хорес Харкерді жолықтырарыңыз анық.

Ендеше оған, менің атымнан, өткен түнде оның үйіне Наполеонға деген өшпенділіктен жүрегі қарайған делқұлы біреу келіп кеткен дейтін ойға тоқтағаным жайында айтыңызшы.

Лестрейд Холмсқа таңырқай қарап қалды:

— Шынымен солай ойлайсыз ба?

Холмс езу тартты:

— Солай ойлаймын ба? Бәлкім, олай емес те шығар. Бірақ осындай жорамалдың мистер Хорес Харкер мен Орталық баспасөз синдикатындағы газетке жазылушыларға өте қызықты көрінері кәміл.. Ал, Ватсон, бүгінгі тындырар шаруамыз шаш етектен. Лестрейд, бүгін кешкісін, сағат алтыларда, бізге, Бейкер-стритке келе қойсаңыз маған зор қуаныш сыйлар едіңіз. Ал оған дейін фотосуретті өзімде қалдыра тұрам. Тұжырым тұспалдарым дұрыс болса, бәлкім, бүгін түнде бір жерге соғып шығармыз, соған сіздің қолғабыс көмегіңіз қажет боп қалар. Сәттілік тілеймін сізге.

Шерлок Холмс екеуіміз Хай-стритке жаяу тартып, ағайынды Хардингтердің мүсін сатқан дүкеніне кірдік. Жас дүкенші мистер Хардингтің дүкенге кешке қарай келетінін, ал өзінің бізге ешқандай мәлімет бере алмайтынын, себебі мұнда жұмысқа жақында ғана орналасқанын айтты. Холмстың әлпетінен көңілі ортайып, ренжіп қалғаны байқалды.

— Не істейміз енді, Ватсон, әманда жолым бола береді деудің қисыны жоқ қой, - деді ол ақыры. — Мұнда кешке қарай қайта оралуға тура келеді, оған дейін мистер Хардинг мұнда төбе көрсетпейтін болса басқа қандай амал бар. Өзіңіз, әрине, байқап та қойған шығарсыз, мүсіндердің ғұмыр тарихын басынан бастап бажайламақпын: бұлардың таңғаларлық тағдырын жаратылған сәтте-ақ алдын-ала кесіп-пішіп қоятындай әлденендей бір жұмбақ жағдаяттар болған-болмағанын анықтағым келеді. Әзірше Кеннингтон-роудтағы мистер Морз Хадсонға барып шығайық, жұмбақтың шешуін табуға септігі тиер ме екен, байқап көрейік.

Картина сатушының дүкеніне дейін күймемен бір сағаттай жүрдік. Ол толық, қызыл шырайлы, мінезі арсы - гүрсі тапалтақ адам екен.

— Иә, сэр. Менің сөремде сындырды, сэр, - деді ол - Кез келген сүмелек дүкенге басып кіріп тауарымызды бүлдіріп кете берсе, ненің құрметі үшін салық төлеп жүрміз! Иә, сэр, екі мүсінді де дәрігер Барникоттқа мен сатқам. Масқара ұят нәрсе бүл, сэр! Анархистік қастандық - меніңше, мұны тап осылай атау керек. Тек анархист қана мүсінді қиратуы мүмкін. Мүсіндерді қайдан алдың дейсіз бе? Мұның іске қандай қатысы барын түсінбеймін. Жарайды енді, өтініш етіп тұрсаңыз, айтайын. Оларды мен Степнидегі Черч-стрит көшесінде орналасқан "Гельдер және компания" фирмасынан алдым. Жиырма жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан белгілі фирма. Нешеуін алдың дейсіз бе? Үшеуін. Екіге бірді қосқанда үш болмай ма. Екеуін дәрігер Барникоттқа саттым, ал біреуі тапа -тал түсте өз сөремде қиратылды. Мына фотосуретте бейнеленген адамды танисың ба дейсіз бе? Жоқ, танымаймын. Айтпақшы, танимын. Бұл Беппо, қолөнерші-итальян. Кей-кейде дүкенімде ұсақ-түйек жұмыспен айналысады. Ағашты әдемілеп кеседі, жақтауларды сырлайды, осындай нәрселер. Бір апта бұрын босанып кеткен, содан бері ол жайында ештеңе естіген емеспін. Жоға, қайдан келгенінен хабарым жоқ. Қазір қайда жүргенін де білмеймін. Оны жамандай алмаймын. Жұмысын тәп-тәуір істеп жүрді. Дүкенімде мүсін қиратылардан екі күн бұрын кеткен...

— Несі бар, Морз Хадсон бізге өзіміз күткендегіден әлдеқайда коп мәлімет берді, - деді Холмс дүкеннен шыққан кезімізде. - Сөйтіп, әлгі Беппо дегеннің Кеннингтонда болған оқиғаларға да, сондай-ақ Кенсингтонда болған оқиғаларға да қатысы бар боп шықты. Мұндай дерек үшін күймемен он миль жүріп өтудің өкініші жоқ. Ал, енді, Ватсон, Степниге, мүсіндер отанына барамыз. Ол жерден көптеген қызықты жайтқа қанығарымыз күмәнсіз.

Біз күймеге отырып сән-салтанаты келіскен Лондон арқылы, қонақүйі ызғын Лондон, театры мол Лондон, әдеби орыны көп Лондон, сауда-саттық орталығы нөпір Лондон, теңіз кәсіпорыны қалың Лондон арқылы асығыс жүріп өттік те, ақыр аяғында табыс табу үшін арнайы салынған арзанқол үйлер жыпырлай орналасқан жағалаудағы ауданға келіп кірдік. Мұнда Европаның түкпір - түкпірінен қаңғып келген кедей-кепшік құрттай құжынап жүр еді. Осындағы бір кең көшеден өзіміз іздеп келген шеберхананы да таптық. Шеберхана құлпытастарға толы үлкен аулада орналасыпты. Аумағы ат шаптырым бөлмесінде елуге жуық жұмыскер тас қашаумен және қалыптаумен айналысып жатыр екен.

Фирма қожайыны, ұзын бойлы ақ сары неміс бізді ілтипатпен қарсы алып, Холмстың барлық сұрағына айқын жауап берді. Сауда-саттық дәптерлеріндегі жазбада Наполеонның Девин сомдаған мәрмәр басынан көптеген көшірме жасалғаны, ал бір жылдай бұрын Морз Хадсонға жіберілген үш мүсін, алты данадан тұратын өз алдына бөлек партияның тең жартысы боп табылатыны көрсетіліпті. Осы партиядағы басқа үш мүсін Кенсингтондағы ағайынды Хардингтерге сатылыпты. Жоға, бұл алты мүсіннің өзгелерден ешқандай айырмашылығы жоқ. Жоға, әлдебіреудің бүл мүсіндерді не себепті жоймақ боп жүргенін ол білмейді, мұндай ой оған күлкілі нәрсе көрінеді. Мүсіндердің көтерме саудадағы бағасы - алты шиллинг, бірақ бөлшек саудада бұлар үшін он екі шиллинг, тіпті одан да коп алуға болады. Мүсіндер былай даярланады: беттің екіге жарылған бөлігінен гипстік көшірме құйылады, сосын екеуі бір-біріне қабыстырылып бекітіледі. Бүл жұмыстың бәрін әдетте итальяндар тап осы бөлмеде атқарады. Мүсін дайын болған кезде кептіру үшін оны дәліздегі үстелге апарып қояды, одан кейін қоймаға жөнелтіледі. Бізге бұдан басқа айтар ештеңесі жоқ.

Бірақ сол арада Холмс қожайынға фотосуретті корсетті, суретті көрген қожайынның түсі өзгеріп кетті. Ашуға булығып, қабағы түйіліп, тевтондық көгілдір көзінен от ұшқындады.

— Ә, оңбаған! - деп айқайлап жіберді ол - Иә, мұны жақсы білем. Шеберханам жайында жұрттың бәрі жақсы пікірде, біз жұмыс істей бастағалы мұнда полиция бір-ақ рет бас сұқты, онда да осы жексұрынның қырсығынан! Бүл бұдан бір жылдан астам бұрын болған оқиға. Мынау көшеде басқа бір итальянды пышақтапты да, полициядан қашып шеберханама келіп тығылыпты. Ол осы жерден тұтқынға алынды. Есімі Беппо болатын. Әулет есімін білмеймін. Түр - сықпыты мынадай адамды жұмысқа алғаным үшін мен де сазайымды тарттым. Ал, жалпы, ол жақсы жұмыскер болатын, ең тәуірлерінің бірі еді.

— Оған қандай жаза берілді?

— Әлгі жарақаттаған адамы өлмей тірі қалды, сол себепті оны тек бір-ақ жылға түрмеге қамауға үкім шығарылды. Қазір босап та кеткен болар, бірақ мұнда тұмсығын сұғуға да тәуекел ете алмайтыны анық. Осында немере ағасы жұмыс істейді. Беппоның қайда екенін сізге сол айтып берер.

— Жо-жоқ, - деп дауыстаңқырап жіберді Холмс, - ағасына дым ештеңе айтпаңыз... өтінем сізден, ештеңе айтпаңыз! Бүл өте бір қияпатты іс. Бұған неғұрлым тереңірек бойлаған сайын, оның қияпатты іс екеніне соғұрлым көзім жете түскендей. Сауда-саттық дәптеріңізде бүл мүсіндерді өткен жылғы үшінші маусымда сатқаныңыз көрсетіліпті. Ал Беппоның қай күні тұтқынға алынғанын айтпас па екенсіз маған?

— Мұны жалақы төлемі жөніндегі жазбалар арқылы нобайлап айтуыма болады, - деді қожайын. - Иә, - деп сөзін жалғай түсті қағаздарын қопарыстырып шыққан ол, - соңғы рет жалақы оған мамырдың жиырмасында төленіпті.

— Рақмет сізге, - деді Холмс. - Енді уақытыңызды алмай - ақ қояйын, мазалағанымды айыпқа бұйырмаңыз.

Онымен қоштасып, арамызда болған әңгімені ешкімге айтпауын өтінген біздер шеберханадан шығып, батыс аймаққа қайтып оралдық.

Сөйтіп жүріп ақыры бір рестораннан асығыс-үсігіс түстік ішіп шыққан кезімізде түс әлдеқашан ауып кеткен-ді. Ресторанның кіре берісінде газет сатылып жатыр екен, соңғы жаңалықтарды паш ететін арнайы плакатта үлкен әріптермен: "Кенсингтонда болған қылмыс. Кісі өлтіруші - маньяк", деп жазып қойылыпты. Газетке көз жіберген біздер мистер Хорес Харкер мақаласын ақыры шығарып үлгергенін көрдік. Өз үйінде болған оқиғалардың қызыл созбен қыздырмалата жазылған сипаттамасы газеттің екі бағанасын толтырыпты. Холмс газетті үстел үстіне жайып, тамақ ішіп отырып оқып шықты. Бір-екі рет мырс-мырс күлді.

— Бәрі ойдағыдай, Ватсон, - деді ол - Тыңдаңыз, былай депті: "Бұл оқиға жайында екіұдай пікірдің болмайтындығы көңілге қуаныш ұялатады, өйткені полицияның ең тәжірибелі агенттерінің бірі мистер Лестрейд пен жұртшылыққа кеңінен танымал кеңесші әрі сарапшы мистер Шерлок Холмс мынандай қайғылы жағдаймен аяқталған ақылға сыйымсыз оқиғалар тізбегі мұның қылмыстық әрекет емес, есуастық әрекет екенін дәлелденді деген пікірге келіп отыр. Баяндап берген фактілерімізді ақылдан адасушылықтан басқа ештеңемен түсіндіруге болмайды". Егер тиімді түрде пайдаланса, баспасөз деген нағыз асыл қазына, Ватсон. Ал енді, асыңызды ішіп болсаңыз, Кенсингтонға қайтып оралайық, "Ағайынды Хардингтер" қожайыны не айтар екен бізге, тыңдап көрейік.

Осынау үлкен сауда үйінің негізін қалаған адам өте бір елгезек, қимылы ылдым-жылдым, шапшаң, мінезі ұшып - қонба, аңғарымпаз әрі сөзшең кісі екен.

— Иә, сэр, кешкі газеттерден бәрін біліп отырмын. Мистер Хорес Харкер - біздің тұрақты аларманымыз. Әлгі мүсінді оған бірнеше ай бұрын сатқанбыз. Осындай үш мүсінді Степнидегі "Гелдер және компаниядан" алған едік. Олар сатылып та кетті. Кімге дейсіз бе? Сауда-саттық дәптеріме қарап жіберейін де, айтайын. Иә, мұнда бәрі жазулы түр. Бір мүсін - мистер Харкерге, екіншісі - Чизикте, Лабурнум-лодждагы Лабурнум-виллада тұратын мистер Джозия Браунға, ал үшіншісі - Редингте, Лоуэр – Гров - роудта тұратын мистер Сэндфордқа сатылыпты. Жоға, бүл адамды білмеймін. Шамалы уақытта естен кете қоймайтын кеспір - солай емес пе, сэр? Мынадай ұсқынсыз жанды ешқашан көрген емен. Сізде итальяндар жұмыс істей ме, дейсіз бе? Иә, сэр, істейді, олар - жүмысшылар мен жинап тазалаушылар. Иә, әрине, қажет қылса олар бүл дәптерді қарап шыға алады. Адам түсініп болмайтын астарлы хикая екен, сэр. Қызықты бірдеңе табыла қалса маған хабарлауды ұмытпассыз.

Мистер Хардинг сөйлеп жатқан кезде Холмс қойын дәптеріне әлдене жазумен болды. Әбден риза болғаны әлпетінен аңғарылып тұрды. Алайда ол маған ештеңе түсіндіріп жатпады, бар болғаны тек асығуымыз қажеттігін, өзімізді Лестрейдтің күтіп отырғанын ғана айтты. Бейкер - стритке келіп жеткенімізде тыңшы, шынында да, бізді күтіп бөлмеде әрлі-берлі шыдамсыздана адымдап жүр екен. Мардымсыған түріне қарап бүл күннің ол үшін босқа өтпегенін аңғаруға болатын.

— Халыңыз қалай, мистер Холмс? - деп сұрады ол.

— Мігір таппай жұмыс істеуімізге тура келді және ол жұмысымыз текке кеткен жоқ, - деп жауап қатты досым. - Екі дүкенші мен шеберхана қожайынына жолықтық. Әр мүсіннің тағдырын түу басынан бастап қадағаладым.

— Әр мүсіннің тағдырын!.. - деп дауыстап жіберді Лестрейд. - Жарайды, жарайды, мистер Холмс, әркімнің оз әдіс-тәсілі бар, сондықтан сізбен дауласып жатқым келмейді, бірақ мен бүгін сізден гөрі олжалырақ болдым ғой деймін. Мен өлген адамның кім екенін анықтадым.

— Апырай-ә!

— Сосын қылмыстың себебін аштым.

— Ғажап!

— Бізде бір инспектор бар, итальяндар тұратын орамдар жөніндегі маман. Ал ана өліктің мойнында католиктер тағатын кішкене крест бар екен. Оған қоса, терісінің қоңырқайлау түсі оңтүстік тұрғыны екені жайлы ойға итермелейді. Инспектор Хилл оны бірден таныды. Аты - жөні Пьетро Венуччи боп шықты, Неапольда туып-өскен, Лондондағы барып тұрған баскесердің бірі. Пьетроның мафиямен байланысы бар, ал мафия, мұны өзіңіз де білесіз, - құпия саяси ұйым, оның көндіру мен сендіру амалы біреу ғана - өлтіріп тастау. Оқиғаның мән-жайы енді ашыла бастағанын байқаған шығарсыз. Оны өлтірген адам да, сірә, итальян болса керек және оның да мафияға қатысы болуға тиіс. Ол, шамасы, мафияның әлдебір заңын бұзған шығар. Пьетро соның ізіне түскен, басқа біреуді байқаусыз жарып тастамас үшін қалтасына фотосуретін салып жүрген. Ақыры дұшпанын тапқан, әлгі үйге кіргенін көрген, шығуын тосып тұрған, сосын оған тап берген, сөйтіп айқас үстінде өлімші жарақат алған... Осы дұрыс па, қалай ойлайсыз, мистер Шерлок Холмс?

Холмс оның қолын құшырлана қысты.

— Бәрекелді, Лестрейд, бәрекелді! - деп дауыстап жіберді ол - Бірақ, мүсіндерді жоюдың мәнісін қалай түсіндіретініңізді ұқпай тұрмын.

— Тағы да мүсіндер!.. Осы мүсіндерді ұмыта алмай-ақ қойдыңыз - ау, тіпті! Түптеп келгенде, бүл мүсіндерге байланысты хикая - түкке тұрғысыз нәрсе. Ең коп дегенде алты ай абақтыға қамауға болатын өнімсіз ұрлық қана. Ал кісі өлтірудің жөні бір басқа, көріп тұрғаныңыздай, оның жай - мәнісін анықтап та үлгердім емес пе.

— Енді не істемек ойыңыз бар?

— Былай етпекпін. Хиллмен бірге итальян орамына барам, екеуіміз ана фотосуретте бейнеленген адамды іздеп табамыз, сосын кісі өлтірдің деген айып тағып, оны тұтқынға алам. Бізбен бірге барғыңыз келе ме?

— Білмей тұрмын. Сірә, бара алмайтын шығармын. Меніңше, бүл істі бұдан әлдеқайда оңайлау жолмен орындауға болатын секілді. Кепілдік бере алмаймын, себебі... Бір созбен айтқанда, бүл біздің ықтиярымызға көнбейтін бір жағдайға байланысты. Мұны іске асырудың үш мүмкіндігі болса, екеуі - бізге жақ, біреуі - қарсы. Сөйтіп, бүгін түнде менімен бірге барсаңыз, оны тұтқынға алармыз деп ойлаймын.

— Итальян орамында ма?

— Жоқ. Меніңше, оны Чизиктен іздеген дұрысырақ болады. Егер сіз, Лестрейд, бүгін түнде менімен бірге Чизикке барсаңыз, онда ертең өзіңізбен бірге итальян орамына баруға уәдемді берем. Сәл кейін шегергеннен ештеңе өзгермейді. Ал енді қазір кішкене көз іліндіріп алайық, өйткені сағат он бірден ертерек шығудың мәні жоқ, ал үйге, шамасы, тек таңертең ғана оралатын шығармыз. Бізбен бірге түстік ішіңіз, Лестрейд, сосын мына диванға қисайыңыз. Ал, сіз, Ватсон, шабарманға қоңырау шалып, оны осында шақырыңыз. Қолма-қол хат жіберуім керек болып тұр.

Холмс кешті шоланымыздың бірінде тау боп үйіліп жатқан ескі газеттерді қопарыстырумен өткізді. Ақыры шоланнан шыққан кезінде көңілі шалқып, масаттанып тұрғаны байқалды, бірақ ізденістерінің нәтижесі жайында бізге тіс жарып ештеңе айтқан жоқ. Әйтсе де, ой - жоспарынан хабарсыздығыма қарамастан, досымның қылмыскерді қалай құрықтамақшы екенін аңғарып та қойғам, өйткені осынау бас қатырар шытырман істің жұмбағын шешу жолындағы айла-амалын зейін сала қадағалап жүргем. Әлгі қияли қылмыскер енді қалған екі мүсінді қиратуға әрекет жасамақ. Оның біреуі Чизикте екені есімде - тұғын. Түнгі жортуылымыздың мақсаты - оны қылмысты әрекетінің үстінде ұстау екенінде еш күмән жоқ-ты.'Қылмыскердің ештеңені алаң етпей қимылдауға болатынына көзін жеткізу үшін кешкі газетке шындыққа мүлдем жуыспайтын жалған жорамал айтқан досымның қулығына қайран қалмай тұра алмадым. Сөйтіп, Холмс маған револьверді ала шығуға кеңес берген кезде бұған еш таңырқағам жоқ. Ол өзінің сүйікті қаруын - сабына қорғасын құйылған аңшылар қамшысын алды.

Сағат он бірде есігіміздің алдына күйме келіп тоқтады. Хеммерсмит көпірі арқылы Темзаның арғы бетіне өттік. Делбешіге осы жерде күте тұруға әмір етілді. Біз жаяу тартып, коп ұзамай шағын көлемді көрікті үйлер қоршауындағы қаңырап бос жатқан жолдан келіп бір шықтық. Үйлердің жанында кішкене бақ бар еді. Көше шамының жарығынан бір үйдің қақпасындағы "Вилла Лабурнум" деген жазуды оқыдық. Тұрғындары ұйықтап қалса керек, себебі үйдің бүкіл аумағын қараңғылық қоршап алған еді, тек кіре беріс есіктің үстіндегі дөңгелек терезе ғана көмескі сәуле шашып, бақтағы жалғыз аяқ жолды ақтаңдақтандырып тұрған. Біз қақпадан кірдік те, бақты жолдан оқшаулап қойған ағаш шарбақтың қара түнек көлеңкесіне жасырындық.

— Ұзақ күтуімізге тура келмесе неғылсын, - деп сыбырлады Холмс. - Бір тәуірі, әйтеуір, жаңбыр жауып тұрған жоқ, соған да шүкір. Уақыт өткізу үшін тіпті шылым шегуге де болмайды. Алайда осынша төзімділік көрсете білгеніміздің өтемі әлі-ақ қайтар. Біздің мүмкіндігіміз - екіге бір.

Алайда онша ұзақ күте қойғанымыз жоқ және бәрі ойламаған жерден әрі таңғаларлық жағдайда тәмамдалды. Бақтың кішкене есігі ешқандай ескертпесіз тұтқиылдан айқара ашылды да, маймыл сияқты шұғыл да шапшаң қимылдайтын, қарауытқан қағылез сұлба бақтағы жалғыз аяқ жолмен жүгіре жөнелді. Оның терезеден төгілген жарықта қалай қараң еткенін, сосын қараңғыға сіңіп жоғалғанын көріп қалдық. Ұзаққа созылған тыныштық орнады, тынысымызды тартып күтіп тұрдық. Ақыры сықыр еткен дыбысты құлағымыз шалды - терезе айқара ашылған болатын. Сосын қайтадан тыныштық орнады. Қылмыскер үйді аралап жүр еді. Кенет бір бөлмеден оның құйттай қол шамының жарығы жылт етті. Іздеп жүрген нәрсесі онда болмай шықса керек, себебі бір минуттан кейін жарық басқа бөлмеге ауысты.

— Жүріңіздер, ашық тұрған терезеге барайық. Секірген кезінде ұстап алайық, - деп сыбырлады Лестрейд.

Бірақ біз орнымыздан қозғалғанша қылмыскер терезеден секіріп те үлгерді. Ақшылтым бірдеңені қолтығына қысып алған ол жарықтың жолағына тоқтап, жан-жағына ұрлана көз тастады. Қаңырап жатқан көшедегі тым-тырыс тыныштық көңілін сабасына түсірсе керек, бізге арқасын бере бұрылып, әкеле жатқан нәрсесін жерге қойды. Қас қағым сәттен кейін қатты соққының сарт еткен дыбысын, одан соң әлдененің сынып, уатылған шатыр-шұтырын естідік. Әлгінің шаруаға ынты - шынтысымен кірісіп кеткені сонша, білдірмей басып жақындаған аяқ дыбысымызды естіген жоқ. Холмс жолбарысқа ұқсап атылып, арқасына жабыса кетті, ал Лестрейд екеуіміз оны қолынан ұстай алдық та, бұғау сала қойдық. Анау бермен қарай бұрылған кезде ашу мен ызадан одан әрмен сиықсызданып, құп-қу боп кеткен сұрықсыз кеспірін көріп, мұның шынымен-ақ фотосуреттен көрген адамым екенін таныдым.

Бірақ Холмсты тұтқын әсте қызықтыра қоймаған. Ол тұтқынымыздың үйден алып шыққан нәрсесін бар ықылас - ниетімен мұқият түрде зерттеп жатқан. Бүл Наполеонның быт-шыт боп уатылған мүсіні еді, тап сол бүгін таңертең өзіміз көрген мүсінмен егіз қозыдай ұқсас болатын. Холмс op сынықты кезекпе-кезек жарыққа тосып, бірде біреуін қалдырмай қарап шықты, бірақ бұлардың гипстің басқа осындай сынығынан ешқандай айырмасы жоқ-ты. Зерттеуін аяқтап бола бергені сол, кіре беріс бөлмеде шам жанып, есік ашылды да, біздің алдымызда үйдің иесі - көйлек пен шалбар киген, кішіпейіл, етженді еркек пайда болды.

— Қателеспесем, мистер Джозия Браун боларсыз? - деді Холмс.

— Иә, сэр. Ал, сіз, әрине, мистер Шерлок Холмссыз ғой? Шабарман маған хатыңызды әкеп берген, сол ақыл - кеңесіңізді бұлжытпай орындадым. Есіктердің бәрін құлыптап, не боларын күтіп отырдық. Жексұрынның сытылып кетпегеніне сондай қуаныштымын. Рақым етіңіздер, джентльмендер, үйге кіріңіздер, жолға шығар алдында аздап ұрттап алыңыздар.

Тұтқынды сенімді орынға апаруды ойлаған Лестрейд тағатсызданып тұрған, сондықтан бірнеше минуттан кейін біздің кэб төртеумізді Лондонға қарай алып келе жатты.

Тұтқын тіс жарып тіл қатпады; шөмеледей бұйра шашының астынан бізге өшпенділікпен көз тігіп отырды; ұмтылса жететіндей көрді ме, тіпті бір рет менің қолыма аш қасқырдай азу басуға да оқталды.

Полиция учаскесінде оған мұқият тінту жүргізілді, бірақ бірнеше шиллинг пен сабында қанның дағы бар ұзын қанжардан басқа ештеңе табылған жоқ.

— Бәрі ойдағыдай, - деді Лестрейд бізбен қоштасып жатып. - Хилл бұл адамдарды біледі, мұның кім екенін тез - ақ анықтап береді. Қылмыстылардың мафиямен байланысы бар деген теориямның толық дәлелденгеніне әлі-ақ куә боласыздар. Сөйте тұрғанымен, мистер Холмс, қылмыскерді соншалықты шеберлікпен құрықтағаныңыз үшін сізге айрықша ырзашылық білдірем. Мұны қалай іске асырғаныңызды әлі түгел түсіне қойғам жоқ.

— Мынадай беймезгіл уақытта түсініктеме берумен айналысу әбестік болар, - деді Холмс. -Оған қоса, оқиғаға қатысты кейбір жайлар әлі толық анықталған жоқ, ал бүл іс - ақырына дейін жеткізу қажет саналатындар қатарына жатады. Ертең алтыда соқсаңыз, қылмыстар тізбегіндегі осынау шығаннан шыққан шетін істің шын мәнінде қандай маңызы барын тіпті дәл қазірдің өзінде әлі айқын ұғына қоймағаныңызды дәлелдеп берер едім сізге. Егер, Ватсон, жазбаларыңызды жариялауды одан әрі жалғастыруға күндердің бір күнінде әйтеуір келісім берер болсам, онда Наполеон мүсіндеріне қатысты бүл хикая солардың ең татымдысы боп шығарына еш күмәнім жоқ.

Келесі күні кешкісін соққан Лестрейд бізге тұтқынның кім екенін анықтау барысында жиналған деректердің бәрін баяндап берді. Оның әулет есімі беймәлім боп шықты, ал аты - Беппо екен. Итальяндық колониядағы ең бір қаны бұзық қиямпұрыс көрінеді. Бір кезде өте шебер мүсінші атаныпты, бірақ кейін тура жолдан тайқып, екі рет түрмеге түсіп шығыпты: бір рет өнімсіз ұрлығы үшін, екінші рет - жерлесін жарақаттағаны үшін отырыпты. Ағылшынша ағып тұрған көрінеді. Мүсіндерді не үшін қиратқаны әліге дейін анықталмапты, ал өзі бұл жайындағы сұрақтарға жауап беруден үзілді-кесілді түрде бас тартады екен. Алайда полицияға бүл мүсіндерді оның өзі дайындауы мүмкін екенін анықтаудың сәті түсіпті, өйткені "Гельдер және компания" шеберханасында дәл осындай жұмыспен айналысыпты.

Басым бөлігі өзімізге бұрыннан белгілі бүл мәліметтерге Холмс барынша сыпайылықпен құлақ тігіп отырды, әйткенмен, өзін бір кісідей жақсы білетіндіктен, ойы басқа бір қиырды шарлап кеткенін байқадым, әлгіндей кейіпке еніп алғанымен әлдебірдеңені күтіп, әлдене жайында қатты мазасызданып отырғанын сездім. Ақыры ол орнынан ұшып тұрды, көзі оттай жайнап кетіпті. Қоңырау сыңғыры естілді. Бір минуттан соң аяқ дыбысын естідік те, бөлмеге шау тартқан, қызыл шырайлы, ақ бурыл жақ сақалы бар адам келіп кірді. Оң қолында кілемнен тігілген, ескі үлгідегі шағындау шамаданы бар екен. Ішке кірген ол шамаданын үстел үстіне қойды.

— Мистер Шерлок Холмсты көруге бола ма?

Досым бас иіп сәлемдесіп, оған күлімсірей көз тікті.

— Қателеспесем, Редингте тұратын мистер Сэндфорд боларсыз? - деді ол.

— Иә, сэр. Аздап кешігіп қалдым-ау деймін, пойыздар кестесі сондай қолайсыз жасалған... Маған меншігімдегі мүсін жайында жазған болатынсыз.

— Дәп солай.

— Хатыңызды өзіммен бірге ала шыққам. Сіз маған: "Наполеонның Девин сомдаған мүсінінен жасалған көшірмені сатып алғым келеді, қолыңыздағы мүсіннің көшірмесі үшін он фунт төлеуге дайынмын", деп жазыпсыз. Осы сөзіңіз рас па?

— Айна-қатесіз рас.

— Хатыңыз мені қатты таңырқатты, өйткені менде осындай мүсіннің барып қалай білгеніңізге ақылым жетпеді.

— Мұны білудің еш қиындығы жоқ қой. "Ағайынды Хардингтер" сауда үйінің қожайыны мистер Хардинг маған бүл мүсіннің соңғы көшірмесін сізге сатқанын айтқан және адресіңізді берген.

— Түсінікті. Ал ол сізге бүл мүсін үшін қанша төлегенімді айтты ма?

— Жоқ, айтқан жоқ.

— Мен өзім шылқыған бай болмасам да, адал адаммын. Бүл мүсін үшін оған бар-жоғы он бес шиллинг төлегем, өзіңізден он фунт алмас бұрын осыны алдын-ала ескертіп қойғым келеді.

— Мұндай шыншылдық сізге деген шынайы құрмет сезімін тудырады, мистер Сэндфорд. Бірақ бағаны өзім белгіледім және одан бас тартпақ ойым жоқ.

— Бұл сіздің ақ жүрек адам екеніңізді көрсетеді, мистер Холмс. Өтінішіңізге орай, мүсінді өзіммен бірге ала келдім. Мінекейіңіз.

Ол шамаданды ашты, сөйтіп ақыры өз үстелімізден еш жері бүлінбей бүтін күйінде тұрған мүсінді көрдік - мұндай мүсінді осы күнге дейін тек күл - парша боп уатылған қалпында ғана кезіктіріп келгенбіз.

Холмс қалтасынан бір парақ қағаз шығарып, үстел үстіне он фунттық кредит билетін қойды.

— Мистер Сэндфорд, рақым етіп, осы тұрған куәлардың көзінше мына қағазға қолыңызды қойыңыз. Мұнда осы мүсінді иеленуден туатын барлық құқықты маған беретініңіз айтылған. Көріп тұрғаныңыздай, мен алды - артын байқағыш адаммын. Жағдайдың кейін қалай-қалай құбылатынын алдын-ала болжау қиын... Рақмет сізге, мистер Сэндфорд. Міне ақшаңыз. Сау-сәлемет болыңыз.

Қонағымыз шығып кеткеннен кейін Шерлок Холмс бізді тағы да таң-тамаша қалдырды. Әуелі комодтан таза ақ дастарқан шығарып, оны үстелге әкеп жайды. Сосын жаңа ғана сатып алынған мүсінді дастарқанның қақ ортасына әкеп орналастырды. Одан соң аңшылар қамшысын жоғары көтерді де, сабымен Наполеонды қақ төбесінен нұқып кеп жіберді. Мүсін пәрша-пәрша боп уатылып кетті. Ал, Холмс болса, әр кесекті мейлінше мұқият түрде әрлі-берлі айналдырып қарауға кірісті. Бір замат масаттана айқайлап жіберіп, бір сынықты бізге ұсынды - одан пудингке қосып пісірілген мейізге ұқсас домалақ бірдеңе қарауытып көрініп тұр еді.

— Джентльмендер! - деп саңқ етті ол - Сіздерге Борджийдің атақты қара інжуін таныстыруға рұқсат етіңіздер!

Лестрейд екеуміз сілейіп тұрып қалдық; сосын тұтқиылдан оянған шаттық сезіміне шарпылып, театрдағы жұрт шиеленістің сәтті шешімі табылғанына қалай қол соғатын болса, біз де солай қол шапалақтауға кірістік. Холмстың қуқылдау өңіне қан жүгірді, сөйтіп, көрермендердің қол соғуымен сахнаға шақырылған драматург секілді бізге басын иіп ырзашылығын білдірді. Мұндай сәттерде Холмс тек қана логикалық есептерді шешуге арналған машина болудан қалып, өзіне тән адамгершілік сезімдерін - қол шапалақтау мен мақтауға іңкәрлігін - паш ететін. Оны, қандай да болсын атаққұмарлықтан аулақ, тәкаппар да төзімтал тұлғаны, достарының таңдануы мен тәнті болуы тым-тым қатты толқытып жіберген еді.

— Иә, джентльмендер, - деді ол, - бүл бүкіл әлемдегі ең атақты інжу. Бақытыма қарай, ой кешу арқылы мұның тағдырын князь Колонның "Дакр" қонақүйіндегі жатын бөлмесінен бастап, - бүл сол жерде жоғалған болатын, - екшей келе, ақыры Наполеонның Степнидегі "Гельдер және компания" фирмасы шеберханасында дайындалған алты мүсінінің ең соңғысының ішкі құрылысынан табудың сәті түсті.

Осынау асыл тастың ғайып болуы жұртты қалай дүрліктіргенін және Лондон полициясының оны іздестіру жолында түк ештеңе тындыра алмағанын сіз, әрине, ұмыта қоймаған шығарсыз, Лестрейд. Полиция тіпті менен де көмек сұраған, бірақ менің де қолымнан ештеңе келмеді. Күдік князь зайыбының күтуші әйеліне ауды, оның ұлты итальян еді. Бүл әйелдің Лондонда ағасы бары жұрттың бәріне мәлім-тұғын, алайда екеуінің арасындағы аралас - құраластық жайын анықтау мүмкін болмады. Күтушінің аты-жөні Лукреция Венуччи еді, бұдан екі тәулік бұрын өлтірілген Пьетро соның ағасы екеніне еш күмәнім жоқ. Ескі газеттерді қарап шығып, інжудің Беппо тұтқынға алынудан екі тәулік бұрын ғайып болғанын білдім. Ал Беппо Гельдердің шеберханасында дәп сол Наполеон мүсіндері дайындалып жатқан кезде тұтқындалған еді.

Оқиғалардың қандай ретпен орын алғанын енді айқын көріп отырған шығарсыздар. Інжу Беппода болған. Бәлкім, ол оны Пьетродан ұрлап алған шығар; бәлкім оның езі Пьетроның сыбайласы болған шығар; бәлкім, ол Пьетро мен қарындасының арасында делдалдық еткен шығар. Ақиқатын айтқанда, бүл жорамалдардың қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екендігінің біз үшін ешқандай маңызы жоқ. Біз үшін маңыздысы -полиция оны өкшелеп қуып келе жатқан шақта інжудің соның қолында болғандығы.

Сөйтіп, Беппо өзі жұмыс істейтін шеберханаға жүгіріп кіреді. Айрықша бағалы олжасын тығып тастауға екі-үш - ақ минут уақыты барын, өзін ұстап алып тінтсе, полицейлердің оны қайтсе де тауып алатынын ол жақсы білетін. Дәлізде Наполеонның алты гипс мүсіні кептірулі тұрған. Ішіндегі біреуі тіптен жұмсақ болатын. Шебер жүмысшы саналатын Беппо дымқыл тартып тұрған гипсті қас қағым сәтте тесіп, інжуді соған сұғып жібереді де, мүсінді сылап - сипап бұрынғы қалпына келтіріп қояды. Бүл іздесең таптырмайтын керемет қойма болатын: інжуді одан тауып алу мүмкін емес-ті. Сөйтіп, Беппоны бір жыл абақтыға жабуға үкім шығарылады, ал бүл кезде алты мүсіннің алтауы да Лондонның түкпір-түкпіріне сатылып кеткен еді. Ана бейшара қазынасының қай мүсінде екенін білмейтін. Інжуді тек барлық мүсінді қирату арқылы ғана табуға болатын. Тіпті мүсінді сілкілеу арқылы да ештеңе өндіре алмас еді, себебі інжудің гипске жабысып қатып қалуы ықтималды - тап солай болғанын өзіміз көрдік те ғой.

Алайда Беппоның ұнжырғасы түсе қойған жоқ. Іздестіруін зор құлшыныспен және жүйелі түрде жүргізді. Гельдерде жұмыс істейтін немере ағасының көмегімен мүсіндердің қай фирмаларға сатылғанын білді. Морз Хадсонға қызмет етудің сәті түсе кетіп, үш мүсіннің ізін тапты. Бүл үшеуінде інжу болмай шықты. Туыстарының арқасында қалған үш мүсіннің кімдерге сатылғанын білді. Солардың алғашқысы Харкерде еді. Осы жерде оны сыбайласы аңдып тұрған, ол інжудің қолды болуына Беппоны кінәлі санайтын, сөйтіп екеуінің арасында қанды қақтығыс орын алды.

— Пьетро бұған сыбайлас болса, фотосуретін не үшін өзімен бірге алып жүрген? - деп сұрадым мен.

— Ол жайында басқалардан сұрастыру үшін. Ең ықтимал жорамал осы. Тоқ етерін айтқанда, кісі өлімі болғаннан кейін Беппо іздестіруін сірә да тоқтатпас, қайта күшейте түсер деген тұжырымға келдім. Құпиясын сезіп қоя ма деп қорыққандықтан полицияның алдын орағытып отыруға тиіс еді. Әрине, ол Харкердің меншігіндегі мүсіннен інжуді тапқан жоқ дейтін байлам жасай алмайтынмын. Мен тіпті мұның інжу екенін де білгем жоқ, бірақ әлденені іздеп жүргені маған айдан анық еді, өйткені ұрланған мүсіндерді жарығы бар жерге әкеп қирататын. Харкердегі мүсін үшеудің бірі болатын, демек, дәп өзім айтқандай, бізге біреуі - теріс, екеуі - оң, үш мүмкіншілік қалып тұрған. Енді екі мүсін қалған, оның Лондондағы мүсіннен бастайтынына шүбә жоқ-ты. Тағы бір қайғылы оқиға орын алмас үшін үйдің иелерін алдын-ала құлақтандырып қойдым, сөйтіп біз қуанарлықтай нәтижеге жеттік. Бүл тұста өзіміздің Борджий інжуін іздестіріп жүргенімізге нық сенімді едім. Өлтірілген адамның аты-жөні барлық фактіні бір арнаға тоғыстырды. Енді бір ғана мүсін қалған, - ол Редингте еді, - інжу де тек сонда болуға тиісті. Бұл мүсінді қалай сатып алғанымды көрдіңіздер. Мінекей, сол інжу.

Біз үнсіз отырып қалдық.

— Иә, - деді Лестрейд, - таңғаларлық қабілет иесі екеніңізге талай мәрте көз жеткізгем, мистер Холмс, бірақ мынадай сұңғылалықты бұрын-соңды ешқашан кезіктірген емеспін. Біз, Скотланд - Ярдтағылар, сізге қызғанышпен қарамаймыз. Әсте олай емес, сэр. Біз сізді мақтан тұтамыз. Ертең сонда келер болсаңыз, ең тәжірибелі инспектордан бастап, бозбала констебльге дейін қолыңызды қуана-қуана қысатын болады.

— Рақмет! - деді Холмс. - Рақмет! - деп тағы бір қайталаған ол теріс айналып кетті. Бұрын болып көрмеген дәрежеде қатты толқып тұрғанын аңғардым. Кірпік қағым сәттен кейін қарсы алдымыздан сабырлы да салқынқанды ой иесі қайтадан жүз көрсетті.

— Інжуді сейфке салып тастаңыз, Ватсон, - деді ол - Сосын, рақым етіп, жалған құжат жасау жайындағы Конк - Синглтон ісінің материалдарын шығарыңызшы. Сау болыңыз, Лестрейд. Тағы да осындай түкке тұрғысыз бір жұмбаққа жолығуыңызға тура келгенде, сізге бірер пайдалы кеңес бере алсам өзімді шын бақытты санар едім.





Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)