Өлең, жыр, ақындар

Кайдзен

Кайдзен (жапон тілінде «өзгеріс» және «жақсы») – бұл өндірісті, зерттеуді, қосымша бизнес-үрдістер мен басқаруды, сондай-ақ өмірдің барлық аспектілерін үздіксіз жетілдіруге бағытталған жапон пәлсапасы немесе тәжірибесі. Қарапайым сөзбен айтсақ, бұл үнемі жақсарып отыру. Әдетте, кайдзенді кәсіпкерлікпен байланыстырады. Бірақ оны ішінара өзін-өзі дамыту саласына да қолдануға болады. Ол туралы кейінірек айтамыз.

Бұл тұжырымдаманың өзі Жапонияда 1950-жылдары әйгілі бола бастады. Кейінірек Масааки Имаидің жұмыстарының арқасында кайдзен бүкіл әлемге тарап кетті. Қазіргі заманның кейбір ғалымдары оны өмірбаянында «Өндірістің мақсаты – шығындарды үнемі азайтып, жаңа технологиялар ойлап тауып және тауардың бағасын арзандатып отыру» деп жазған Генри Фордтың ойын шабыттандырушы болды деп есептейді.  

Өндірістегі кайдзен

Кайдзеннің тарихы Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін, «Toyota» алғаш рет өндірістік үрдіске сапа циклін енгізген соң басталды. Бұған сол кездері Жапонияда кеңес беріп, жұмыс істеп жүрген америкалық бизнес және менеджмент басшысының да біраз әсері болды. Сол уақыттарда күншығыс елінде жағдай қиын болатын, оның тауарларының сапасы да, оған деген сұраныс та өте төмен еді. Бірақ бірнеше он жылдан кейін жағдай түбегейлі өзгерді. Көптеген адамдар мұның себебін кайдзенді енгізу деп есептейді.

Бұл қадамның негізгі мәні – өндіріс үрдісін үнемі жетілдіріп отыру. Кайдзен қағидалары:

Әр үрдісті біртіндеп жақсарту

Бизнес әртүрлі үрдістерден тұрады: өндірістік, есеп-қисап, қызмет көрсету, жеткізушілермен қарым-қатынас. Егер қандайда да бір салаға жеткілікті көңіл бөлмесе, онда оңтайлы өндірістік кезеңге қол жеткізе алмайсыз. Өйткені өз ісіңіздің әртүрлі саласындағы қиындықтар, шығындар алдыңыздан шыға береді. Бизнесте ұсақ-түйек деген болмайды, сондықтан бәрін бірдей жақсарту керек.

Үрдісті жақсарту үшін, ең әуелі оның неше кезеңнен тұратынын түсініп алған дұрыс. Содан кейін оның әрқайсын жеке-жеке сараптап, алып тастауға болатындарын анықтау керек.

Мысалы, Сіз 3 кезеңнен тұратын бір үрдісті сараптайсыз:

- кезеңі 5 минутқа созылады.

- Б кезеңі 8 минутқа созылады.

- В кезеңі 10 минутқа созылады.

Бәрін қосқанда 23 минут болды. Осыдан, бірнәрсені біріктіруге бола ма әлде біреуін алып тастау мүмкіндігі бар ма? Өндірістің ақша екенін ұмытпаңыз. Ондағы әрбір минут алтынға тең.

Егер өндіріс туралы айтар болсақ, онда ешнәрсе артық болмау керек. Жұмысшылар жұмыссыз отырмауы (бұл оларға тыным таптырмай, кез-келген жұмысқа шегіп қою дегенді білдірмейді) керек, ал тауарлар бірден пайдаға асуы қажет. 

Барлық мәселені ашық талқылау

Бюрократтық ұйымдардың тиімсіз болатын себебі, онда бәрі жасырын түрде болады, шешімді тек таңдаулы адамдар қабылдайды, талқыға салынбайды, ақпараттардың барлығы кешігіп, өзгеріп келеді немесе мүлдем келмейді.

Қиындық қашан да бар. Сондықтан оны жасырудың керегі жоқ, керісінше талқыға салу керек. Мәселенің шешімін таппай даму мүмкін емес.

Артық шығындардан арылу

Шығындар дегеніміз:

- қозғалыс: материалдар тым алыста орналасқандықтан зауытта жұмыскерлер артық қимыл жасайды.

- уақыт: өндірістегі әрбір үрдіске уақыт керек. Оны айтарлықтай қысқарта алған адам жетістікке жетеді.

- ақау: алғашқы кезеңде неғұрлым көп ақаулар анықталса, уақыт та, ақша да үнемделеді.

- артық өндіру: егер сіз қажеттіліктен артық тауар шығарсаңыз, онда ол қоймада қалып, сізді артық шығынға батырады.

Әріптестердің пікіріне құлақ асу

Әріптестер – бұл ең үлкен құндылық. Генри Форд қарапайым жұмысшылардың күн сайын жаңа бірнәрсе ойлап тапқаны арқасында зауыт ондаған, тіпті жүз мыңдаған долларды үнемдеп қалды деп жазады. Әрине, олар да бұл үшін сыйақысыз қалмайтынын жақсы білді.

Жұмысшылар жұмысты жақсартуға қызығу керек. Алайда, бүгінгі таңда ондай жағдай сирек кездеседі. Жұмысшылар компания ісіне еш қызығушылық танытпастан кеңсеге немесе зауытқа таңертең келіп, кешке кетеді.

Сондықтан, әр жұмысшы кішкентай болса да компанияның жақсаруына үлес қоса алатындай жүйе құру керек. Ол өз ойын айтып қана қоймай, оны жүзеге асырып, басқа компанияларға таратуға мүмкіндік алуы керек. Сол үшін оны сыйақы беріп, қуантып қойған жөн.

Жұмыс істемей тұрған нәрсені түзету

Бұл көпшілік қолдана бермейтін айқын қағида. Жақсылап ойланып қарасаңыз, бұл жағдай сіздің де басыңыздан өткен болуы мүмкін. Өндірісте бірнәрсе жұмыс істемей қалса немесе дұрыс жұмыс істемей тұрса, оған ешкім бас қатырмайды. Нәтижесінде, уақыт өтіп жатады, ал компания шығынға батып, бірақ оны түзетуге тырыспай өмір сүре береді. Осы қағидадан шығатын үш негізгі ереже:

- Сынған затсыз да кәсібіңізді жүргізе алсаңыз, онда оны тастай салыңыз.

- Тастай алмасаңыз – жөндеңіз.

- Ал ол зат жақсы жұмыс істей алатын болса – оны жетілдіре түсіңіз.

Жалқаулық пен жақсы болуға ұмтылмау – бизнестен орын ала алмайтын адамдардың сипаты.

Үнемшіл болу

Үнемшіл болу  - жұмысшыларды еңбекақысынан қысу деп ойлау қате. Бұл кайдзенде қабылданбайтын, шығындарды азайтудың ең қате әдісі. Үнемшілдікке  барлық саланы біртіндеп жетілдіру арқылы қол жеткізеді.  Естеріңізде болсын, жаңа технология ескі мәселелерді шешіп бере алмайды. Олар оны әлі белгісіз жаңасымен ғана алмастырып қояды.

Клиенттерге көңіл бөлу

Жұмыс пен мәселе көп кезде клиенттер тез ұмытылып кетеді. Бірақ, клиентке көңіл бөлмей, сапаны арттырып, бағаны түсіру мүмкін емес.

Жұмыс тобын құру

Әр жұмысшы өз жұмыс тобының белді мүшесі болып, сапа үшін жауапты екенін сезіне білу керек. Мұндай қадам адамның бойындағы жауапкершілікті арттырады. Бірақ, ең бастысы – жұмысшы жоғары сапалы қызмет атқаруым керек пе, жоқ па деп ойланып тұрмайды. Ол бәрін сапалы жасауға өз еркімен, бар ынтасымен кіріседі.

Стандарттау

Стандартты қасиеттерді құрып, соны ұстану керек. Мүмкін болатын мәселенің барлық шешімі арнайы құжаттарға жазылып, ол барлық жұмысшыларға қол жетімді болу керек. Осылайша сіз қол жеткізген табысыңызды нығайтып, қашанда стандарттарға сай боласыз.

Мәліметтерге сүйене отырып қорытынды жасау

Болып жатқан жағдайды мәліметтер мен нақты ақпараттарға сүйене отырып сараптаңыз.

Үнемді өндіріс туралы айтпасақ, Кайдзен тұжырымдамасы толық болмайды. Шын мәнінде, ең негізгі нәрсе осы, ал кайдзен – оның бір ғана құрамдас бөлігі.

Үнемді өндіріс

Үнемді өндіріс – бұл шығындардың барлық түрін жоюға үнемі ұмтылуға негізделген өндірістік кәсіпорынды басқару тұжырымдамасы.

Ол да бірнеше қағидаларға негізделген.

Үздіксіз жетілдіру

Дәл осы тұжырымдама кайдзен деп аталады. Бұл қағида үнемді өндірістің негізі болады.

Тұрақты жетілдірусіз үрдіс тоқтап қалады: шығындар арта бастайды, баға – көтеріледі, бәсекелестер – басымдық танытады.

Мұның мәні мынада: үздісіз жетіліп отыру компанияңыздағы қалыпты жағдай болу керек. Бұл біреуге бірнәрселерді міндеттеуден тумау керек, мұндай қағида сіздің команияңызда үнсіз келісіммен атқарыла беру қажет.

Адамзатқа деген құрмет

Үнемді өндіріс адамдармен тығыз байланысты. Көптеген компанияның басшылары негізгі мақсат – неғұрлым көп ақша табу керек деп ойлайды. Алайда, болашақта олар қаржылық жағынан да, абырой тұрғысынан да жеңіліс табады.

Басшы қоластындағы жұмысшыларға да, клиенттеріне де назар аударуы қажет. Әр жұмысшы, өздері мойындамаса да, компанияда өз орны бар екенін сезінгісі келеді. Оның тек компанияның дамуына ғана емес, бүкіл адамзатқа пайда келтіріп жатқанын түсінгені маңызды. Ал клиенттер болса өздеріне қамқорлық жасалып жатқанын сезінуі керек. Қоғам үшін компанияның олардың құндылықтарымен санасқаны, ғаламшарға және болашаққа қамқорлық танытқаны маңызды.

Теңестірілген өндіріс

Бұл қағиданың негізі  - жұмыс жүктемесі әр күні бірдей болу керек. Көптеген өндіруші-компаниялар тапсырыс қабылдаған кезде клиенттерінің ырқына көніп кетеді. Өндіріс күтумен тұрып қалады, ал бұл артық шығындарды тудырады. 

Генри Форд бірнеше рет «әр өндіруші тапсырыстарға тәуелділіктен арылу керек» деп мәлімдеген. Қалайша? Шығындарды төмендету арқылы бағаны төмендету керек. Оның әрбір жаңа автомобилі алдыңғысынан арзан болатын. Осылайша, ол сатып алушының міндетті түрде табылатынын білді. Тек бұл үшін үнемді өндіріс қағидасын енгізу керек. 

Алдыңғы кезеңнің саудасына сүйеніп, қанша адам сіздің тауарыңызды 100 долларға сатып алуы мүмкін екеніне болжам жасауға болады. Ал егер оны сапасын көтере отырып, 80 долларға сата алсаңыз, онда сіз көбірек пайдаға кенелесіз. 

«Дәл мерзіміндегі» өнім

Егер сіз қоймада жататын өнім жасасаңыз, бұл үлкен шығынға әкеп соғады. Ал егер жеткізуші керекті заттарды жеткізіп бере алмағандықтан өнім шығара алмасаңыз, онда шығыныңыз дәл сондай болады.

Міне, сондықтан да қазіргі компаниялар канбан әдісін – «дәл мерзімінде» қағидасын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін өндіріс пен жабдықталуды ұйымдастыру жүйесін ұстанады.

Кіріктірме сапа

Сапа:

- Өндіріс үрдісіне

- Бөлшектердің құрылуына

- Қаптамаға

- жеткізуге кіріктірілуі керек.

Мұндай қағида ақауларды ертерек байқап, оны түзетуге мүмкіндік береді. Ал бұл өз кезегінде шығындарды азайтып, өндірістің үздіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік тудырады.

Қоқыстарды болдырмау және пайдалану

Үнемді өндірістің негізгі қағидаларының бірі қоқыстарды болдырмау немесе пайдалану болып табылады.

Үнемді өндіріс – кең мағыналы термин, оны шағын мақаланың көлемінде толық ашу мүмкін емес. Бірақ оның құралдары туралы міндетті түрде айтып өтуіміз керек.

Хошин Канри (Hoshin Kanri)

Бұл орта менеджмент жоспарлары (тактика) мен зауытта атқарылған жұмыстарды (әрекеттерді) компанияның мақсатымен (стратегиясымен) біріктіру. Ол стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуде жүйелі дамуды қамтамасыз етеді, нашар коммуникация кесірінен туындайтын қоқыстардың көзін жояды. 

Андон (Andon)

Бұл барлық жұмысшыларды өндірістің мәртебесі туралы  хабардар етіп тұратын және операторлардың өндірістік үрдісті тоқтатуына мүмкіндік беретін кері байланстың визуалды жүйесі.

Бұл зауыттағы шынайы уақытта туындаған мәселеге бірден назар аударатын байланыс құралы сияқты әрекет етеді. 

Қоқыстар (Waste)

Клиенттің көзқарасы бойынша құндылықтарды көтермейтін, өндіріс үрдісінде болып жатқан барлық нәрсе.

Қоқыстарды жою – үнемді өндірістің негізгі бағыттарының бірі болып табылады.

Пока-Йоке (Poka-Yoke)

Мүлдем ақау шығармау мақсатында қателіктерді табу және өндірістік үрдіс кезінде оларды тоқтату.

Бұл құрал айтарлықтай үнемдеуге көмектеседі. Өйткені, өндіріс кезеңінде қателіктерді анықтау арзанға түседі.  

Үнемді өндірістің тағы бір құралы - гемба кайдзен. Ол туралы жеке айтайық. 

Гемба кайдзен

Гемба — бұл «нақты орын» деген мағынаны білдіретін жапон термині. Бизнесте бұл өндіріс жүріп жатқан немесе қызметтерді жеткізуші клиенттермен тікелей байланыс жасайтын құрылыс алаңы немесе қабат болуы мүмкін.  

Гемба кайдзеннің мәні – бәрін гембада (яғни, нақты жұмыс жүргізіліп жатқан орында) жетілдіру. Бұл жетілдіру ұйымдастыруға үлкен әсер етеді.

Гемба кайдзеннің бес алтын ережесі:

1 - Мәселе туындаған кезде, сіз әуелі гембаға баруыңыз керек. Бұл мәселе туралы нақты түсінік беріп, лайықты шешім табуға көмектеседі. Жапон қағидасы барлық мәселені алыстан шешетін америкалықтардан өзгеше болады.

2 - Нысананы тексеріп, мәселені туындатуы мүмкін себепті табыңыз. Себеп 5 қағида бойынша жіктеледі: адам, машина, материал, әдістер мен өлшемдер.

3 - Жағдай одан әрі ушығып кетпес үшін сол жерде уақытша шараларды жасауыңыз керек.

4 - Негізгі себепті табыңыз. Ол үшін, мысалы, Парето әдісін қолданыңыз.

5 - Мәселе тағы туындамас үшін, оны стандарттар мен нұсқаулықтарға тіркеп қойыңыз.

Жұмыс орнына гемба кайдзен қағидасын енгізу арқылы компания көптеген артықшылықтарға қол жеткізеді. Бұл ақшаны үнемдеп қана қоймай, күйзеліс пен теріс эмоциялар болмайтын іскерлік атмосфера құрады. Мәселе өте жылдам шешіліп, уақыт та үнем болады.

Анти-кайдзен деген не?

Анти-кайдзен — кез-келген жақсару мен дамуға кедергі келтіретін, барлық шектейтін сенімдерден құралған жаман әдеттер.

Жаман әдеттердің даму мен жақсаруға кедергі келтіретін 13 сенімі бар. Бұл компанияларға ғана емес, адамдарға да байланысты. Олардың тізімі: 

1 - Өзіне өтірік айту: олай болмаса да өзін бай әрі табысты етіп көрсету.

2 - Өзін жағдайдың құрбандығымын деп есептеу: үнемі шағымданып, күрсініп, бүкіл әлемді кінәлі санау.

3 - «Жақсартудың қажеті жоқ» деп ойлау: бір әрекетті қайталап, бір жерде шыр айналып жүре беру.

4 - Үнемі уақыт жетпейді деп ойлау: өзін немесе компанияны дамытпау үшін айтылған сылтау.

5 - Алдын ала ескертпей, мәселені шешуге тырысу: мұндай адамдар өзін-өзі артық уайымға салып, үнемі жұмысты уақытында орындап бере алмайды.

6 - Өзіне деген сенімділік және батылдық жоқ: қиындықтарға, сәтсіздіктер мен қателіктерге тек осы қасиеттер арқылы қарсы тұруға болады.

7 - Өзін емес, басқаларды өзгертуге деген ерекше құлшыныс: ондай адамдар өзгерістің ең бірінші өзінен басталатынын білмейді.

8 - Мәселенің бәрін тәжірибе жинау емес, оңалмайтын қиындық деп ойлау: ондай адамдар дамудың орнына босқа күйзеліп, жүйкесін жұқартады.

9 - Жаңа идеялар жасамау: өйткені бұл өте күрделі, қиын әрі уақытты көп алатын жұмыс.

10 - Тез беріле салу: өзгеріс – өте ұзақ үрдіс, сондықтан бастап, соңына жеткізбеу – оны бастамаумен тең.

11 - Мәселенің бәрін ақылмен және шығармашылық ойлаумен емес, қосымша күшпен және ақшамен шешуге тырысу.

12 - Ешнәрсе істеместен, жақсы күндерді күту: мәселе өздігінен шешілмейді.

13 - Шешімді тым тез қабылдау: жеткілікті ақпарат болмаса, қателесу оңай.

Кітаптар

Кайдзен және үнемді басқару тақырыбының аясы өте кең. Сондықтан, ол туралы тереңірек білгіңіз келетін шығар. Ол үшін сіздерге келесі кітаптарды оқуға ұсынамыз:

- Менің өмірім, менің жетістігім» Генри Форд.

- «Кайдзен. Жапон компанияларның табыс кілті» МасаакиИмаи.

- «Гембакайдзен. Шығынды азайтып, сапаны көтерудің жолы» МасаакиИмаи.

- Жұмысшыларға арналған 5S. Жұмыс орнын қалай жақсартуға болады» ХироюкиХирано.

- ДаоToyota тәжірибесі.Toyotaменеджменті қағидаларын енгізу бойынша нұсқаулық» Джеффри Лайкер және Дэвид Майер.

- «Мақсатқа жетудегі әр қадам. Кайдзен әдісі» Роберт Маурер.

- «Дао Toyota. Әлімнің алдыңғы қатарлы компаниясы менеджментінің 14 қағидасы» Джеффри Лайкер.

- «Үнемді өндіріс. Шығыннан қалай құтылып, компанияны қалай гүлдендіруге болады» Джеймс П. Вумек, Дэниел Т. Джонс.

- «Үнемді өндірісі ІІ құралдары. Lean-ды қолдану бойынша қалта нұсқаулығы» Майкл Томас Вэйдер.

- «Toyota-дағы канбан және «нақты уақыт». Менеджмент жұмыс орнынан басталады» Юрий Адлер (редактор).

- Үнемді кеңсе. Уақыт пен ақша шығынын жою» Дон Теппинг, Энн Данн.

Осы кітаптар сіздерге кайдзеннің мәнін түсініп, оны өз компанияңызда жүзеге асыруға жеткілікті деп ойлаймыз.

Істеріңіз ілгері бассын!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (4)

Ақмаржан Хусидинова

Қазақстандағы ең мықты, ең пайдалы сайтсыздар, өсек-мөсектен аулақсыздар!

ГУЛБАРАМ.

Керемет кенестер.оз паракшама сактап койдым

Данияр

Өте керемет екен өзіме сактап қоғам. Кайдзен ді ұстаным ретінде пайдалану керек екен кітап тарын алу керек

Ернар

Жапондар мықты халық

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз