Өлең, жыр, ақындар

Бүйрек қызметінің реттелуі

Бүйректің организмдегі ең негізгі қызметі - шығару.  Сонымен қатар ішкі орта тұрақтылығын, сілті-қышқыл теңдігін, осмос қысымын, тамырдағы қан көлемін, басқа да ішкі сұйықтық ортаның көрсеткіштерін қамтамасыз ететін бір топ функционалдық жүйке жұмысын орындауға қатысады. Бүйрекпен шығарылатын несеп құрамы, қасиеті және мөлшері ондағы пайда болған әр түрлі өзгерістерге байланысты. Осыған сәйкес, ішкі және сыртқы ортаның әртүрлі күрт өзгерістерінің әсерінен пайда болған ақпарат орталық жүйке жүйесіне толып жатқан саны көп әр түрлі рецепторлардан, мысалы, ноцицептивтік немесе ауру, қысым, хемо-, волюмо-, термо-, тағы да басқа рецепторлардан барады. Осылардың көмегімен шығару мүшелерінің жүйкелік және гуморалдық реттелу механизмі іске қосылады. Реттелу механизмі жалпы диурезді (немесе тәуліктік несеп шығарылуды) өзгертумен қатар, зат алмасудың толып жатқан соңғы өнімдерін, тұздарды, дәрілерді, суды т.б. заттарды организмнен шығарады.

Бүйрек вегетативтік жүйке жүйесінің симпатикалық және парасимпатикалық жүйкелерімен қамтамасыз етілген.

Л.А.Орбели зертханасының зерттеу қорытындыларынан кезеген жүйкені тітіркендіргенде несеп кұрамындағы хлорлы натрий азайғаны, ал осы жүйкені кескенде көбейгені байқалған. Парасимпатикалық жүйкенің мұндай әсері түтікшелердің кері сіңуінің өзгеруінен пайда болады.

Бүйректің симпатикалык жүйкесі кесілсе, несеппен хлорлы тұздардың шығарылу мөлшері көбейеді. Симпатикалық жүйкені тітіркендіргенде негізінен Мальпиги шумақтарының қан тамырлары тарылады да, бүйректе несеп жасалуы бір бағытта өзгермейді. Артериола тарылғанда, осы әсерге байланысты несеп шығарылу мөлшері едәуір азаяды. Ал егер де қанды алып кететін тамыр тарылса, сүзілу қызметі жоғарылап, несеп жасалу көбейеді.

Диурездің рефлекстік өзгеруі толып жатқан дене сыртында және ішкі ағзаларда, соның ішінде несеп бөлетін мүшелерде орналасқан рецепторлардың тітіркенуінен болады. Несепағардың несепте пайда болған таспен тығындалып қалуы, тек қана тығындалған бүйректе несеп шығарылуын тоқтатып қоймайды, сонымен бірге рефлекстік жолмен екінші бүйректе де несеп шығарылуын төмендетеді.

Несеп жасалу үдерісі вегетативтік жүйке арқылы орталық жүйке жүйесінің белгілі бір бөлімдерімен реттеледі.

Тәжірибелер жүргізіп, мидың қыртыс қабаты бөлімдерін – мидың төртінші қарынша түбін, сопақша ми, көру төмпешігіне мишықты т.б. әр түрлі әдістермен тітіркендіргенде несеп жасалу үдерісі өзгеретіні анықталған. Бүйрек қызметінің реттелуі вегетативті жүйке жүйесінің жоғары орталықтары (гипоталамустың) паравентрикулярлық, супраоптикалық ядролар және бас мидың қыртыс қабаты арқылы жүретіні дәлелденді. Орталық жүйке жүйесінің жоғары бөлімдері түскен мәліметтерге байланысты, реттелу механизмінде өте күрделі гормоналдық тізбекті (гипофиз, бүйрек үсті безі т.б. бездер) қосып, бүйрек қызметін қамтамасыз етеді. Соның нәтижесінде бүйрек өзінің шығару қызметін орындап, гомеостазды қамтамасыз етеді.

Бүйректің жүйке-гуморалдық реттелуінің маңызын, олардың өзара байланысын 1937 жылы А.Шпуга жүргізген өте қызықты дәлелді тәжірибеден көруге болады. Ол бүйректі өзінің табиғи орнынан ауыстырып, тері астына, мойын аймағына тігіп, оның тамырларын сол жердегі қан тамырларымен жалғайды. Тәжірибеден бүйрек жүйкелері бұзылғанмен, жалғасқан қан тамырлары арқылы қан бүйрекке келе бастағаннан бастап несеп жасалу үдерісі жүре бастаған. Бірнеше күннен кейін осы бүйрек пен қалыпты жағдайдағы бүйректің несеп жасау қызметінде аса көп өзгеріс байқалмаған. Егер организмге су немесе ас тұзын көбірек енгізсе, орнын ауыстырмаған бүйрек сияқты, ауыстырып тіккен бүйректе де жасалатын несеп құрамында су, тұз көбейеді. Жүйкесі кесілген бүйрек қызметі жүйке жүйесінің арқасында әр түрлі тітіркендіргіштерге өзгереді. Ауырсыну тітіркендіргіштері әсер еткенде, жүйкесі кесілген бүйрек кесілмеген сияқты, несеп шығаруды тоқтатады. Жүйкесі кесілген бүйректе тітіркендіргіштердің ауырсыну әсері гипоталамус арқылы, ал одан – гипофизге әсер етіп, антидиуретикалық гормон (АДГ) бөледі.

Бұл гормон рефлекстік механизмнің қатысуымен бүйректе несептің жасалуын және оның құрамын реттейді.

Қанға шамадан тыс көп мөлшерде тұз түссе, оның осмос қысымы жоғарылайды. Соның салдарынан толып жатқан қан тамырларының қабырғасында гипоталамуста орналасқан осморецепторлар тітіркенеді. Осморецепторларда пайда болған сигналдар гипоталамустың супраоптикалық және паравентрикулярлық ядросына беріледі де, АДГ жасалуын көбейтеді. Гипофиздің артқы бөлімінен қанға АДГ көп мөлшерде түседі де, несеп жинайтын түтік нефрондарында кері сіңуді күшейтіп, суды ұстап қалады. Соның нәтижесінде көлем аз, бірақ құрамында тұзы көп несеп жасалады да, организм артық тұзды несеппен шығарып, қажетті суды сақтап қалады. Егер организмге мөлшерден тыс артық су енгізілсе, қанның осмос қысымы төмендейді. Мұндай жағдайда осморецепторлардың тітіркенуі нашарлап,  АДГ бөлінуі рефлекстік жолмен төмендейді, ал ол диурезді жоғарылатып, организм артық судан құтылады, қанның осмос қысымы қалыпты жағдайына келеді.

А. Г. Гинецинскийдің көрсеткіштері бойынша, АДГ гиалуронидаза ферментінің белсенділігін арттырады, ал ол жинағыш түтіктердің жасушааралық заты гиалурон қышқылын ыдыратып, деполимеризациялайды. Соның нәтижесінде жинағыш түтіктердің қабырғасы суды жақсы өткізеді. Патология жағдайында, әсіресе гипоталамус-гипофиз жүйесінің дисфункциясында АДГ бөлінуі едәуір төмендейді. Мұндай жағдайда жинайтын түтіктерде судың қайта сіңуі күрт төмендеп, тәуліктік диурез 20-25 л жетуі мүмкін. Бұл қантсыз диабет ауруында байқалады. Бүйректің несеп жасалу қызметіне басқа да гормондар әсер етеді.

Адреналин қанды алып кететін артериолаларды тарылтып, шумақ нефрондарында сүзілу қызметін жоғарылатып, кәдімгі диурезді көбейтеді. Адреналин дозасы көп болса, несеп жасалуды едәуір төмендетеді, тұздардың шығарылуын жоғарылатады, эмоция уақытында АДГ бөлінуін төмендетеді. Бүйрек қызметіне, бүйрекүсті бездің гормондары да әсер етеді. Қабық қабаты бөлетін альдостерон, дезоксикортикостерон т.б. гормондар натрийдің, судың кері сіңуіне, ал калийдің шығуына жәрдемдеседі. Көпшілік кортикостерон гормондары айқын диурияға (несептің көп жасалып, шығарылуы) әкеліп соқтырады.

Гипофиздің алдыңғы бөлімінің соматотропты гормоны организмдегі жалпы зат алмасу дәрежесіне әсер ету арқылы диурезді көбейтеді.

Диссимиляцияның, органикалық заттардың көпшілігі шумақтағы сүзілуді көбейтеді. Тироксин де бүйрекке осындай әсер етеді. Инсулин жасушааралық кеңістікте судың ұсталуына әсер етеді, ал ол олигурияға әкеліп соғуы мүмкін. Диабет уақытында байқалатын полиурия (несептің көп бөлінуі) зат алмасудың және ауру адам организміндегі сұйық ортаның осмос қысымының өзгерістеріне байланысты.

Жыныс гормондары бүйректегі сүзілу, кері сіңу үдерістеріне әсер ету арқылы судың және натрий тұзының организмде ұсталып қалуына жағдай жасайды.

Бүйректің несеп жасалуының реттелуі, организмнің басқа қызметтері сияқты, тек қана қыртыс қабатасты және гормондық механизмдерге байланысты емес. Бұл үдеріс мидың қыртыс қабатының қатысуымен шартты рефлекстік жолмен реттеледі. Адамға гипноз арқылы суды өте көп іштің деп сендірсе, несеп шығарылуы күрт көбейеді.

К. М. Быков зертханасында жасалған тәжірибелер қорытындысында шартты диурез рефлексі анықталған. Ол үшін иттің несепағарына фистула қойып, сол арқылы қарнына бірнеше рет су енгізген. Су енгізер алдында оған қатысы жоқ, маңызы шамалы бөгде тітіркендіргішті қоса береді (мысалы, шам жағу, коңырау т.б.). Осыны бірнеше рет қайталағаннан кейін су енгізбей-ақ бөгде тітіркендіргіштің өзін ғана берсе де, диурез күшейеді. Бұл тәжірибе диурезді шартты рефлекстік жолмен де шақыруға болатынын көрсетеді. Шартты рефлекстік олиурияны, тіпті анурияны жасауға болады. Итті станокқа енгізіп байлап, бірнеше рет қайталап, артқы аяғының терісін ауыртқанша электр тітіркендіргішін қолданса, рефлекстік жолмен диурез төмендейді, тіпті тоқтап қалуы да мүмкін. Кейін итке ауыртқыш тітіркендіргіш қолданбай, станокқа енгізгенде, диурездің азайғаны байқалған.

Бүйрекке шартты рефлекстік әсер мидың қыртыс қабатындағы жүйке орталықтарына гипоталамус және гипофиз арқылы беріліп, антидиурездік гормонның бөлінуін өзгертеді.

Х. Сәтпаева, медицина ғылымдарының докторы, профессор.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (2)

милана

окыдым жаксы екен

милана

керемет

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер