сайыс
ozgetil.kz

Мейірімсіз князь

Ертеде мейірімсіз тәкаппар князь өмір сүріпті.

Оның жатпай-тұрмай бар ойлайтыны жер-жиһанды бір өзім бағындырып, қайтсем ашсам алақанымда; жұмсам жұдырығымда ұстасам деген пиғыл болыпты. Сөйтіп жан-жағындағы көршілес елдерді бірінен кейін бірін басып ала береді, оның әскері жүріп өткен жердің ойран-топыры шығады; егінді таптап, шаруалардың үйлерін өртеді, өрттің қызыл тілі айналасындағылардың бәрін жалмап, ағашты алқаптарды тып-типыл етті, ал жеміс-жидектердің мәуелері бұтақта салбырап тұрған бойда күйіп жатады. Жөргектегі жас баласын бауырына қысқан байғұс ана тығылатын жер таппай, жанып жатқан үйдің қабырғасына қалқаласа, тіміскілеген әскер оны да тауып алып, ойына келгенін істеді. Жауыз күш зұлымдықтан басқаны білмейді. Бірақ мейірімсіз князь үшін мұның бәрі аз сияқты немесе үйреншікті іс сияқты болды. Күннен-күнге оның айбары артып, атын естіген адамның аза бойы қаза тұрып, қандай әрекет жасаса да жолы болып отырды. Жаулап алған қалаларынан ол қазына байлықты, асыл бұйым мен алтындарды керуен-керуен тасып жатты. Оның шаһары қазына-мүліктің астында қалды: жиһанда мұндай теңдесі жоқ байлық сирек шығар. Ол тамаша сарайлар, шіркеулер мен мұнаралар, ғажайып ғимараттар, әсем қақпалар соқтыруға жарлық етті, бұл керемет салынған қорғандарды көргендер тамсанып: «Қандай ұлы князь» дейді бір ауыздан. Ал оның жат елдердегі істеген сұмдықтары мен зұлымдықтары туралы ешкім ойламайды, тапталған, тоналған, өртенген қалалардағы елдің көз жасы мен зарын ешкім естімейді.

Ұшан-теңіз байлығы мен ғажайып ғимараттарына көңілі толып марқайған князь өзі де «Мен қандай ұлымын! Дегенмен, бұл маған аз әлі! Әлі де болған үстіне бола түссем! Әлемде ешкімнің байлығы менімен теңдесуге тиіс емес, мен бәрінен асқақ тұруым керек» – деп ойлады.

Тағы да жорыққа аттанды. Айналасындағы елдің бәрін өзінің қол астына қаратты.

Пәуескемен қала аралай шығатын жағдайда қолға түскен тұтқын патшаларды үнемі алтын шынжырмен кісендетіп, дөңгелекке байлатып қоятын болды. Ал ол дастарқанға отырғанда, тұтқындар оның және күтушілерінің аяғының астында өздеріне лақтырылған қиқымға таласып жатуы керек болды.

Келе-келе қаһарлы князь хан сарайында және алаңдарда өзіне ескерткіш қойғызбақ болды; және құдайға мінажат қылар үлкен ордадағы тәңір бейнесінің қақ алдына да тұрғызғысы келді, бірақ діндарлар «Князь, сен ұлысың, бірақ құдай сенен де биік, біз мұны жасай алмаймыз», – деді.

Жарайды, олай болса, дейді қаһарына мінген князь. Ендеше, мен құдайдың өзін күл етемін.

Шексіз астамшылық желігімен князь аспанда ұшатын кеме жасауға жарлық берді. Кеме айрықша сәнді жасалды, тоты құстың құйрығына ұқсас әр түрлі бояулармен айшықталып, мың-сан көз орнатылды, шын мәнісінде бұл көздер мылтықтың үңірейген аузы еді. Князь келіп кемеге мінді, оған тек бір серіппені басса жеткілікті, әр мылтықтан ажал отын себелеп мыңдаған оқ ұшып, сол ситте мылтықтар қайта оқталып жатады. Кемеге жүз дауылпаз қыран жегілген, міне, олар кемені қауырсын құрлы көрмей шарықтатып аспанға көтеріп, күнге қарай зымырап барады. Жер төменде көзге әрең-әрең шалынады, тау мен орман әуелгіде жыртылған аңыздай қатпар-қатпар болып көрінсе, біртіндеп географиялық картадағыдай теңбілге айналып, келе-келе қалың бұлт-тұманның арасына еніп, бұлдырап көзден мүлде ғайып болды. Дауылпаз қырандар зуылдап шырқау биікке көтеріліп барады, көтеріліп барады, сонда құдай тұрып өзінің сансыз періштелерінің бірін оған жіберді, қаһарлы князь оны бұршақтай жауған оқпен қарсы алды. Алайда, қас алмастай жарқылдаған періште қанатына оқ дарымай, тайқып ұшып түсіп жатады, тек аппақ қауырсынынан жалғыз тамшы қан шығып, дәл князь отырған кемеге тамды. Тамған бір тамшы қан ағашқа сіңіп, терең дарып кетеді, сол-ақ екен кеме түбіне мыңдаған пұт қорғасын құйғандай ауырлап, төмен қарай құлдилай жөнеледі. Кеме төмен қарай адам айтқысыз жылдамдықпен зымырады, қырандардың қанаттары қайырылып сынып жатты, кеме екпінінен тұрған желдің күшінен князьдің құлағы тұнды, өзі өртеген қалалардың түтінінен құралған бұлттар жан-жақтан қаумалап, оны қоршап алғандай: біресе алапат айдаһар болып ысқырып, ысылдап тілін жалаңдататындай, біресе тау-тасты жапырып, аузынан от-жалын бүркіп таяп келіп қалғандай. Князь қорқыныш пен үрейден кеме түбінде шала-жансар күйде дәрменсіз жатып қалды. Ақыры кеме орман ағаштарының қалың бұтақтарына тірелді.

— Мен құдайды жеңемін! – деді князь. – Оны жеңемін деп өзіме ант бердім, қайтсем де орындаймын! Ол жаңадан ауа кемелерін жасауға бұйрық берді; бұл кемені жеті жыл жасады. Аспан астындағы ғаламат айқасқа дайындалған князь бар қару-жарағын найзағай оғына суарып, өзі жаулап алған ұлан байтақ өлкенің бәрінен әскер алдырды, жер қайысқан ұшы-қиыры жоқ қалың қол жиналды. Қалың қол әмір күтіп дайын тұр, князь да кемесіне беттеді, сол арада құдай оған зауалға бір үйір маса жібереді, бар болғаны кішкене бір үйір ғана кәдімгі шіркей. Шіркейлер князьдің айналасынан қамалап ызындап, бетін, қолын талай бастады. Ол ашуланып қылышын жұлып алып, олай-бұлай оңды-солды сермеді, бірақ тек ауаны ғана тілгіледі, бірде бір масаға тигізе алмады. Сонда ол тұрып үйден бағалы кілемдерді алып шығып, бірде-бір маса кірместей өзін басынан аяғына дейін орап тастауға бұйырды. Хан жарлығы орындалды, алайда, бір маса ебін тауып ең астыңғы кілемге кіріп кетті де, жорғалап князьдің құлағына барып, шағып алды.

Сол сәтте князьдің қанына от түсіп кеткендей тамыр-тамырына қуалай лап беріп ысып, у миынан бір-ақ шықты, сол-ақ екен, ол арпалысып кілемнің бәрін тас-талқан қылып шешіп, үстіндегі киімдерін түк қоймай жыртып, сыпырып тастап, лыпасыз аласұра, селкілдеп өзінің жер қайысқан зәрлі әскерлерінің алдында абыройы төгілді, ал олар құдайды құл етемін деп жүргенде, шіркейден жеңілген есуас князьдің қылығын келемеждеді.

Аударған Ш. Бейсенова





Пікірлер (1)

GulsayaKanalkul2003

yes

Пікір қалдырыңыз

nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)