Өлең, жыр, ақындар

Айтыс өлеңдер

Қазақ ескілігінің бір үлкен саласы – айтыс өлеңдер. Ауызша әдебиет ішінде айтыстан көп кездесетін өлең жоқ. Баяғы ескі заманнан бастап соңғы күндерге шейін қай ру болса да ортасында айтыс өлең айтылмаған ел болмайды. Бұрынғы үлкен айтыстың арты бұл күнде құда мен құдағидың бірін-біріне не жақсылап, не жамандап айтқан айтысы сияқты болса да, осы күнге шейін көп жерде айтысы бар. Болатын себебі қазақтың ұғымынша: жаттама өлеңдерді айтысса да, әнге қосып сөз таласып жасамаса, барлық ойын, айт пен той қызықсыз, көңілсіз болатын. Сондықтан ақындық қуаты болмаған жас жігіт "Әри айдай бойдай талай" деп айтысса да, айтыстың ырымын істеп, жол алып, жолды алуды ұмытқан жоқ.

Бұл өлеңдер туралы сөз қозғағанда, әзірше айтыстың қандай түрге бөлінетінін айтпасақ, барлық айтыс сөздерді түгел жиып, барлығын түгелімен мысалға келтіруімізге болмайды. Себебі, күнде баспаға басылып, ол жазба күйінде жиналып жүрген айтыстардан басқа талай-талай жақсы айтыстардың әлі күнге жатқа білген, бірен-саранның аузыда жазылмай, жиналмай жүргені де толып жатыр. Осы айтылған сөздерге қарағанда, айтыс сөз қазақ ескілігінде өте жанды, өте қызулы, бағалы сөз болғанында дау жоқ.

Айтыс сөздерінің молдығы мен көп жайылғандығына қарасақ, қазақ елі ақындық теңізі сияқты көрінеді. Өзге жұрттың әдебиет тарихын өлең түріне бөлгенде, айтыс өлеңі деген бөлім, не жоқ болады, не болмаса өте аз кездеседі. Қазақтың өзге түрдегі ескілігінің барлығында өзге елдікіне ұқсастық болса да, айтыс өлеңдері барлығынан да жат, жаңа түр. Қазақ әдебиетінің өзіне ғана меншікті саналады. Басқа жұртта өлең болса, мұншалықты мол болып етек алып жайылған емес. Анда-санда кездесетін шашыраған өлеңдер сияқты көрінеді. Мысалы: ескі француз әдебиетіндегі тенсондар, бұлардың түрі қазақ айтысына ұқсайды. Онда да екі ақын көп жиынның алдында сөз жарыс жасайды. Айтыстың өзге өлеңнен айырмасы: суырып салма өлеңдермен айтысатын болса, тенсондарда сондай, жанынан шұғылдан шығарылған ауызша өлеңдер. Айтысатын сөздері де кейде қазақ айтысында кездесетін білім талас сияқты, жұмбақ пен ой тартысы болады. Мәселен, кейбір тенсондар "адам қауымында әйелдің қандай бағасы бар" деген жайға арналған. Француз әдебиетінен басқа, ескі араб әдебиетінде "Мұғалла хат" деген өлеңдер болған, бірақ бұл нағыз айтыс емес, көбінесе өлең жарысы сияқты. Бұрынғы замандағы жәрмеңкедей ұлы жиында көп ақынның бір тақырыпқа айтқан жарысы, өлеңдері көптің сынына түсіп, соның ішіндегі ең жақсы жәрмеңкенің ең жиын, ең қызулы жеріне жібекке жазылып, ілініп қойылатын. Сондықтан "Мұғалла хат" деп – ілулі өлеңдер аталған.

Міне, өзге жұрттың әдебиетінде айтыс өлеңдердің осы сияқты түрлері болғаны рас. Бірақ мұның бірде-бірі қазақ айтысындай көпке тарап, көп жұрттың барлығын бірдей ермек қылатындай болған жоқ. Қазақтікі сияқты әдебиет тарихының бөлімі болуға жарайтындай болып етек алып тараған емес. Қазақтың кәрі, жасындай айтысты қызық көріп қызуланып, тегіс өнер қылып, жалпақ ел ұстанған емес. Қазақтағы айтыс әдебиет бөлімі болудан басқа ел тартысының бұрынғыдан келе жатқан театры сияқты көпке бірдей қызық беретін жиын сауығы болған.

Сондықтан, айтысқыш ақындар жүрген жер ел ортасында көшпелі сауықшылар жүргендей қалың думан, жиын болатын. Елдің айтыс өлеңді қатты қадірлегендігінен айтыс ақындары: Шөже, Кемпірбай, Жанақ, Сабырбай, Мұрат, Тоғжан, Біржан, Сара1 сияқтылардың атағы қазақ ішіне тегіс жайылған. Барған елінің барлығында бағалы, қадірлі болып, қайда барса да сый, құрмет, қызық, сауық болатындықтан, айтыс ақындары сол жүрісін біржолата салт қылып әкеткен. Көбінің кәсібі: сән-салтанатпен, қобыз, домбырамен нөкер алып, ел қыдырып жүріп айтысқа шығатын ақындарды іздеумен өткен. Бұрынғы заманның осы сияқты жиыны болса да айтыссыз өтпейтін. Талай ақын өз елінен шығып, жат елді аралап, кектеніп, кез келген ақынмен айтысып, не жол алып, не жол беріп, жеңіп, жеңіліп жүрген. Баяғы заманда жауынгер батыр алыста тоят іздеп, білегінің қайратына сеніп, соғыс майданында жау іздесе, айтыс ақындары тіл-жағының қайратына сеніп, соғыс майданының жекпе-жегін іздейді. Қазақ елінің бұрынғы жортуылшыл батырдан кейін тапқан, екінші алуандас батыры, қызыл тілдің иесі – ақындар. Ел тіршілігінің жауынгерлік дәуірінен шығып, тыныштыққа бет алған кезінде, Сарыарқаны сайқалдап, онды-солды шарлап жүрген бір алуан адамдары, осындай сөз батырлары кешегі Жанақ, Кемпірбай, Шөже, сол ақындардың үлгісі ел ортасында соларға ұқсамақ болған жігіттер көбейген.
Ақындық, әншілік өнері жақсы жігіттің белгісі сияқты саналған. Сондықтан ел ішінің қызық сауығы үшін сән түзеп, қыдырумен жүретін салдар шыққан. Атақты ақындарға еліктеуден серілік молайып бері келген заманда Біржандай сал, Ақандай ақын серіні шығарған. Бұлардың жайы қай елдің ортасында болса да, кейінгіге үлкен әңгіме болып қалған.

Соның барлығы бұрынғы айтыс ақындарының сарқыты. Онан соң бұрынғы ел, ақын айтысын қызық сауықтың ермегі сияқты көрсе де, екі рудың ақыны айтысатын кезде құр ғана көлденең тыңдаушы болып отыра алмайтын. Біреуінің тілеуінде болып, ұранына қызып, өзі жекпе-жекке шыққандай болып тыңдаған. Айтысқа шығаратын ақынын, қанды майданға баратын батырын шығарғандай қылып, іштен тілеу тілеп шығаратын. Сондықтан, Қаптағайдың қызы Сара айтысқа шығарда: "Найман шал аруағың жебей гөр деп, ақ үйден шыға келдім мен де айқайлап" дейді. Сара айтысқа шығарда найманның игі жақсысы болып келіп, бата беріп, тілек етіп шығарады. Найманда тағы бір ақын өз тұсындағы ірі ақынның бірімен айтысқалы бара жатып: "Дүние салдыр-гүлдір өтер дедім, сонымен аз сөйлесем не етер дедім. Қой айтып, дүйсенбі күн атқа міндім, найман шал аруағың көтер дедім" дейді. Ескі қазаққа айтыс өлең ең қадірлі сөз болған. Сондықтан "сөз тапқанға қолқа жоқ" деп, өлең сөзді кім кестелі қылып, сұлу айта алатын болса, оның кәрі-жасына, келін-кепшіктігіне қарамай ұлы жиын, игі жақсының барлығы да ілтифат қылып тыңдап, ықылас құрмет көрсететін. Сол себепті Тоғжан Орманшыға келін болып түсіп, бетіне шымылдық тұтып әкеле жатқан жерде алдынан шығып, баяғыша айтысып жеңе алмай жүрген адам әдейі алдынан тосып тұрып:

Жамағат шымылдықтан серпіліңіз,
Ақынсыған немені келтіріңіз.
Үйінен буаз келген мұндар қарды
Жұрт көзіне көрсетпей өлтіріңіз, – дегенде.
Тоғжан:
Орманшы жиылыпты жамағатың,
Әлі санға толған жоқ азаматың
Ұл туса, таяқ соғар қолғанатың,
Қыз туса, керек қылар қанағатың
Оның несін бетіме салық қылдың
Ініңнің сақтап келдім аманатын, – деген.

Сонда Тоғжанды сол заманның елі абыройсыз деп сөккен емес. Себебі, оның айтып тұрғаны өлең сөз, жүйелі, кестелі сөз. Бұл мысалдарға қарағанда, айтыс өлең құр ғана қызу сауықтың сөзі емес, қанды қыздырып, аруақты шақыратын жанды сөз екені көрінеді.

Ауызша әдебиетте өлең тақпақ пен айтыс ретінде айтылатын сөздер екі жікке бөлінеді. Біреуі ақындар айтысы, екіншісі билердің билік үстінде, ру тартысының тұсында айтысатын сөздері – билер айтысы. Сырт көрінісіне қарағанда, ақындар айтысы мен билер айтысы қазақ ескілігіндегі екі алуан сөз сияқты. Бірақ, кейбір мағыналарымен, ел тұрмысымен байланысына қарағанда, екеуі бір түрге қосылады.
Бұларды бір түрге қосатын себеп: ескі қазақ ішінде өте күшті болған ру жігі. Бұрын қазақ әдебиетінде кездесетін өлең түрлері әр кезде әртүрлі болып ел кезегі үшін қызмет еткенін айтқанбыз. Мысалы: сыршылдық өлеңдері көздегі жас, көңілдегі қайғыны уатып, сүйеу беретін сөздер болса, кейбір жерде жылату үшін, көзден жас шығару үшін көңілдің зар-мұңын шығаратын сөз болған. Бұл түрдегі өлеңдер көңілдің қайғылы, күңгірт сырымен байланысқан өлеңдері. Бұдан соңғы бір алуан өлең – бұрынғы өткен батыр, би сияқты, сүйіскен жастар сияқты жақсылардың жайын жыр қылған, солардың жүрісіне сүйсініп, қошаметтеп келіп, кейінгіге үлгі бергендей, ой салғандай, шынымен ел қиял қылған жақсылардың түр сыпатын, неше алуанын көрсетпек болған әңгімелер еді. Бұларда жақсылық үлгісі көрініп, ақыл мен ой сезімге азық беріп, кейінгіге үлгі айтып, бет нұсқамақ болған талап бар. Ол өлеңдегі мағына осы сияқты мақсаттарға арналған.

Қазақ ескілігінің бұлардан соңғы бір алуаны соңғы замандарда ел жақсыларының заман жайына қайғырып, мұңайып айтқан сөзі. Олар ескірген ақындардың ел мінін айтып, алдында келе жатқан қауіпті, қайғылы күнді ескертіп, елдікке-бірлікке шақырып айтқан өлеңдері. Бұл сөздер ел тіршілігінің дертін емдеуге арналған.

Ел қайғысының емін іздегені ескі ақындардың өлеңдері. Бұлардай өлең айтқан ақындарды зар заман өлеңшісі деген жікпенен өзге барлық ескілік өлеңдерінен бір бөлек шығарамыз. Енді қазіргі қарастыратын айтыс өлеңдерді алып, соны жаңағы саналып өткен ескілік түрлерімен салыстырғанда қандай айырманы, қандай ерекшелікті көреміз? Соған келейік.

Айтыс өлеңдердің ішінде мұң менен зар айтылмайды. Мұның ішінде елге бүгінгі мінін айтып, пәлендей жолға түсіп, түзел деген өсиет сөздер жоқ. Мұндағы сөздердің барлығы екі кісінің тартыс-таласы. Бұл өлең түрімен айтылған сөз күресі, сөз жекпе-жегі. Ішкі мағынасына қарағанда, мұндай айтыстар бұрынғы елдің сауығы, желігі үшін айтылатын айт пен той, ойын, жиынның өлеңдері. Айтыс өлеңдерінің тұсында қазақ еліне бұрын әлде неше күйлердің үстінде бірде уатып, бірде жылатуға жараған өлең, енді күлдіріп, қуантып, желіктіруге қызмет еткендей болады. Сол күлдіріп, қызық пен сауық үшін қызмет еткен уақытта, айтыс өлеңдер қазақтың жоғарыда айтылған ру жігі сияқты ерекше бір тіршілік салтымен байланысқан өлең болады. Ру жігіне бөлінген ел кей кезде ұранымен бас құралып, ұран атымен тіршілік еткенде рудың бәйгеге қосқан атын қызықтаса, күреске түскен палуанын қызықтап, намыспен сүйсе, мынау өлеңдердің тұсында сол сияқты ру талас, ру намысы, ру бәйгесіне сөз жүйрігін қосқандай болып, жік-жікке бөлініп, солардың тілеуін тілесіп, қызығын қызықтасады. Айтыстың ақыны бәйгеге қосқан ат, күреске түсірген палуан есепті қызық, сауықтың қызметшісі болған. Бұл айтылған сөздердің барлығы – көбінесе ақындар айтысына арналатын сөздер. Ақын айтысының билер айтысымен бір түрге қосылатын себебі жоғарыда айтқан ру жігімен байланысқан бұрынғы қазақ жақсысының барлығы да өзінің руымен, туысымен жақсысы деп саналатын. Сондықтан өзі шыққан руының өзге рулардан артық болуы әрбір адамға мақтан, жұбаныш болатын. Би болса жақсы, мықты, басты деген ат алғанда өз руының іргесін көрмегені үшін, өз руының телісі мен тентегін болса да, жатқа жем қылмағаны үшін, өз руына өзгеден артық жуандық, ірілік олжа әпергені үшін жақсы деп аталатын, сол сияқты батыр да, палуан да, төре мен ақын да өз руына жақсы ат әпергендігі үшін жақсы деп бағаланады. Қазақ тұрмысының осы сияқты ерекшелігінен айтыс өлеңінің ақыны мен билік жолындағы билер сөз сөйлесе, сол жоғары ру жігін тереңдетуге, ру намысын айқындап шығаруға қызмет қылған. Бұл жағынан қарағанда ешбір ру жігіне бөлінген елде сол ру тіршілігін өнер жүзіне шейін түсіріп, мұншалық ұлғайтып әкеткен ел жоқ.

Қазақтың ақыны мен биінің біріне-бірі ұқсайтын жері осы арада. Әрқайсысы әр алуан жолда, өр алуан сөз сөйлейтін болса да, сол өздері шыққан рулардың күреске түскен палуаны есепті болғандықтан, екеуінің айтысында жалпы әдебиетте бір-ақ түрлі өнер есебінде болуға лайық.

Енді айтыс ақындарының өлеңі магына жағынан қандай түрге бөлінеді? Соған келейік. Ақындар айтыстары ішкі мағынасына қарағанда, көбінесе ру күндестігі, ру жарысының, ру мақтанының өлеңдері. Мысалы Біржан мен Сара өлеңдері:
Б і р ж а н:
Арғынның көз жеткісіз аймағы бар,
Дөңгелек жеті рудан ойнағы бар,
Кім жетер Жанайдарға Алтайдағы
Алты жүз ботасы мен тайлағы бар.
Шалқыған Жәнібек пен Тұрсын,
Жанай Айт, Жүсіп, Нұрмұхамбет, Досан, Қанай,
Солардың қысабына көз жетпейді,
Ол түгіл, бір Шақамдай болсаң қалай.
Қаржаста бір құтым бар Мұса. Шорман
Үзілмей келе жатыр ескі қордан.
Қазының бел баласы Сәдуақас
Құтқарған сан қыранды түскен тордан.
Ұл тумас Қазанқаптай ата ұлынан,
Тұқымы дегдар шыққан жақынынан.
Шыныбай асып па еді бір шағында
Жан жетпес ер Қазекем аруағына.
Жамантай, Құспек, Шыңғыс, Сартай төрем2
Ілінген талай найман қармағына,
Тәттімбет арда керім арғын асқан
Қырық түрлі күй ілінген бармағына
Ежелден әрі баймын, әрі молмын,
Шын қызсам, шыдамайсың зардабыма.
Адамның ақ иығы қажы Құнанбай,
Сан жүйрік сау кеткен жоқ бір сыналмай.
Найманның әулиесі батыр Барақ
Шын құса болып кеткен түк қыла алмай.
Ыбырай жас жолбарыс білектенген,
Дұшпанға арыстандай жүректенген.
Өзінің заманының бозбаласы,
Перінің жігітіндей іріктелген.
Ей, Сара, қайсысың бар оған жетер,
Өнерін көрген жанның есі кетер.
Адамның жалғыз басты білімдісі,
Оны да жамандамас найман бекер.
Орта жүз Абай қойды атын батпай,
Үйіне үйез кірмес жауап қатпай,
Арғынның асылдығы міне осындай
Наймандай ағайының жүрген сатпай.
Бар болса, бұған орай болмай сөйле,
Әйтпесе сөзіңді қой босқа шатпай.
С а р а:
Ей, Біржан, сөз сөйлейін анықтатып,
Көңілің ауырмасын қабақ қатып,
Көкшетау, Қызылжарда талай арғын
Күн көрген қызын жалдап, жатақ жатып.
Бармаған соң жайымды білмейді деп,
Құр босқа мақтанасың тәңір атып.
Найманда қара Керей, Сыбан, Мұрын,
Жеті аға Жолымбетке құйған нұрын.
Шерубай, Тана мырза, ер Тәукебай,
Қай қазақ сөз бастаған одан бұрын.
Баласы Қозыбайдың Тілеуберді,
Алтыбай оның ұлын әркім көрді.
Құдайдан қорыққан арғын осал да емес,
Қарадан хан боп шыққан Қисық еді.
Жан жетпес Бабатайға, Жалбы, Жанақ,
Аққожа би, Ақтайлақ асқан манап.
Ақтамберді, Алтыбай, ер Әйімбет,
Қалмақты қолмен сатқан қойдай талап.
Кенжеғұл, қазақ жетпес бабасына,
Төрт арыс билік айтқан баласына.
Байтоқа, Кеңесбай мен құт Данияр
Таймаған сөйлер сөздің шамасына.
Арғын жоқ мақтағанмен, Тойғұлыдай
Құт құйған қыдыр келіп сабасына.
Бірін-бірі аңдыған қу арғынсың,
Мақтанған мінсең орыс шанасына.
Екі жыл бақ айналса біреуіңе,
Қайдағы жаулық қылған данасына.
Арғында кісілік жоқ мен білмейтін,
Қарны ашта қастық етер анасына.
Өзіңді ат та қылдың, құс та қылдың.
Жайымды адам күймен айтайын мен.
Өнерге екі жағым бәрі бірдей,
Құр босқа бөгелемін келіспей нем.
Сайраған бүкіл найман бұлбұлымын,
Ұрғашы ғой демесең қай жерім кем.
Өз басым ұрғашының қара тілі
Иран бағы, бітісім, қызыл гүлі.
Айтыстың бұдан соңғы бір алуаны бас мінесуге арналған өлеңдер. Мысалы, Мұрат пен Жантолы:
Мұрат:
Жантолы, асыранды қазың қашты,
Жүргенде өзімсініп жазым қашты.
Әсеттің туысына қарсы болды,
Байғұс-ау қандай қой тазың қашты?
Жантолы:
Құдаеке-ау, әжептәуір сөзің сенің,
Қудалау сын емес пе ердің кемін,
Елбіреп іші бауырың түсе берсе,
Айтып кет, құдаеке таздың емін.
Мұрат:
Тамырын тазыңыздың қиған болар,
Құл сеуіп аққан қанын тыйған болар,
Бір шерік іскеметар, күкірт, сынап,
Қайнатып, көк дәріні құйған болар.
Бір жұма көк шүберекпен орап тастап,
Қан-жынын ыстық сумен жуған болар.
Жантолы:
Аз екен ел қыдырып көрмегенің,
Ойында тағы бар ма көздегенің.
Дәрудің жеті түрлі бәрін біліп,
Таз ба еді он жасыңнан емдегенің.
Мұрат:
Аз еді ел қыдырып көрмегенім,
Ойымда тағы да бар көздегенім.
Таз бенен ақ бас қотыр бір нәсілді,
Ақ басты көрмеймін бе емдегенін.
Жантолы (байына):
Бір қақтың ақ етіме ашуменен,
Жігітке ашу ұят, асыл деген.
Ұрынған өзі келіп берішке тимей,
Мен бе едім ақ қара бас қотыр басың жеген.
Мұрат:
Бір қақты ақ етіңе ашуменен,
Жігітке ашу ұят, асыл деген.
Бір түгіл, екі соқса жаның шықсын,
Осының кісі келер ме басын көрген.
Бұдан кейінгі ақындар айтысы Кемпірбай мен Шөже. Бұда жаңағы үлгі сияқты бас мінесу.
Кемпірбай:
Бес намаз, он екі иман жанға пайда,
Қалайын бір сөйлесін осындайда.
Біреуге мал, біреуге бас қайғы ғой.
Барасың, соқыр азбан, жаяу қайда?
Шөже:
Ұстараның жүзіндей ауған дүние,
Мені көріп жабықтың мұнша неге.
Ай мен күн, жер мен көкті көргенім жоқ
Кемпірбай ақылың болса, маған тиме.
Баласы Жаныс марқұм Сәтбай мырза
Құран оқи барамын қаралы үйге.
Кемпірбай:
Асыма шақырмаған келдің жетіп,
Бұғылы, Тұғылыдан жаяу өтіп.
Бұл елде қожа, молда жоқ деп пе едің,
Соқыр ит, кім шақырды жекелетіп.
Шөже:
Салмағы екі көздің дәл кеудемде,
Алданың әр не қылса, еркі өзіңше,
Бар болса қасиетің, көзімді жаз,
Ұрайын жаза алмасаң қу сөзіңді.
Кемпірбай:
Ішінде мен Шаншардың дегдәрі едім,
Ішінде ауған қырғыз сен жарлы едің.
Көзіңді көрінгенге теле дейсің,
Көзің шыққан жерінде мен бар ма едім?
Шөже:
Қазақтың дін мұсылман жедім қамын,
Сөйлеймін мойныма ала көздің ағын.
Жиылып он екі ақын түк қылған жоқ,
Сен қылармын деймісің енең...
Мұқтасар сөзім майда қақ тасындай,
Омырауым Бұхардың қақпасындай.
Екі аруақ орнаған жер бос қалмайды.
Қырғыздың алтынымын ат басындай.
Кемпірбай:
Бұл елге ақын болды Шөже қайдан.
Жүр екен Шөже дәндеп Шортанбайдан.
Жас өсіп, жарлы байып жеткен заман,
Жүрмесін жаның шошып Кемпірбайдан
Жолықпай дүр ақынға жүр екенсің
Берейін сыбағаңды соқыр хайуан.
Шөже:
Кемпірбай, көңіліңді тындырайын,
Аруаққа, асса құдайға ұрдырайын.
Оралдан түлеп ұшқан мен ақ иық,
Топшыңды қанатыммен сындырайын.
Айтыстың бұлардан соңғы бір алуаны рулардың арасындағы жуандық, зорлық өлеңі. Бір руға екінші рудың істеген астамдық артықтығын айтатын өлеңдер. Мысалы: Сабырбай мен Тасыбай:
Сабырбай:
Ақтайлақтың баласы Сабыр ермін,
Бәйгеден күнде келген қарагермін,
Қанай төбет елімді екі шапты,
Бәлем, арғын, етінді тірі жермін.
Тасыбай:
Мені өлтірсең пышақ ал, маған таян,
Менің қылған қылығым алдаға аян.
Мен өлместен еліңді екі шапса,
Мен өлген соң боларсың бақа-шаян.
Сабырбай:
Жылқыны сен алғанда мен де алғанмын.
Қайда мен кезегімнен құр қалғанмын.
Мықты жігіт жылқыны алатұғын
Кісіңді орынынан мен салғанмын.
Тасыбай:
Бәсе, жылқыны сен алғанда мен де алғанмын,
Қайдан мен кезегімде құр қалғанмын.
Ажалды адам әр жерде-ақ өлетұғын.
Мен шаңырақ пен түңлікке көз салғанмын.
Сен қотан бұлақ, қызыл көн құлды шаптың,
Қыдырбай елден шыққан тұлды шаптың
Мен Ақтайлақ, Балпандай биді шатым,
Кәнекей, соған орай кімді шаптың.
Төртінші түрі сирек кез келсе де, жеке бір түр болатын білім таласы. Ол күндегі білім – дін білімі. Сондықтан құранның аятын айтысады. Дін жүзінен жұмбақтар айтып, соны шешіседі. Мұның мысалы, Кемпірбай мен Шөже өлеңдерінің аяғындағы айтыс:
Шөже:
Кемпірбай, көкте не бар, жерде не бар.
Жаратқан неше мақлұқ қадір жаппар.
Алданың достысы кім, дұшпаны кім?
Өзіңнен сұрайтұғын әр сөзім бар.
Қай күні қарасақ та майдан болып,
Қай күні өлім қошқар бауыздалар.
Күнәсін пенделердің кешіргін деп,
Күнәңді, ей лағынат, мойныңа ал деп,
Шайтанға қандай адам қазы болар.
Неше адам пенделерге жәрдем қылар.
Қолына қанды тон мен кесені алып,
Кімнің кім мақшар күні құнын даулар.
Алданың әмірінен жәрдем болып,
Кіммен кім мақшар күні күрес салар.
Артылып бақ дәреже бағы асып,
Мақшарда қандай адам мансап алар.
Бұл сөзге ақын болсаң, ақылың жетер.
Ойланып бата алмасаң есің кетер.
Біреуін қайта айтсаң кәпір болдың
Ойланып шеше алмасаң, шешпе бекер.
Кемпірбай:
Болғанда жерде Мәди, көкте Айса,
Алты күнде жаралды екі дүние"
Жүйтілік, Тәбілт, Жәбілт екі жылан
Мұнзалда көріп едім осылайша.
Жеті қат жер астында көк өгіз бар,
Дүние бұзылғанша өлмей тұрар,
Қай күні қарасатқа майдан болса,
Сол күні өлім қошқар бауыздалар.
Күнәсін пенделердің кешіргей деп,
Төрт шадияр пендеге жәрдем қылар.
Күнәңді, ей лағынет, мойныда ал деп,
Шайтанға имам ағзам қазы болар.
Қолына қанды тон мен кесені алып,
Би-Фатима, Қасен, Құсайын құны даулар.
Алданың өмірімен жәрдем болып,
Мұхамбет Мәриямға некақтанар.
Бұлардың тойларының қызығы үшін.
Ер Ғали, Қаһарманмен күрес салар.
Артылып бақ дәреже, бақыты асып,
Арыслан сүріндіріп, жолын алар.
Қаһарман тіленсе де жібермейді,
Алдадан ұлықсат жоқ деп періштелер.
Әкең Қаржау Жайықтың басы бар ма,
Ит соқыр мұнша нең бар құмарланар.
Шөже:
Бұл сөзім орта жүзді араласын,
Сөзіме ақын болсаң табыласың.
Туғалы аға сыйлап көрмеген ит,
Ағаңмен топ ішінде жағаластың.
"Уаттори миналбатты мын биләй"
Тауып бер осы сөздің мағынасын.
Кемпірбай:
Ей Шөже, сенің өзің кәпір болдың,
Айрылып таза малдан тақыр болдың,
Өлеңге құран сөзін қосамын деп
Қағының талақ, өзің және кәпір болдың.
Шөже:
Кемпірбай, жай жүр десем, жай жүрмейсің,
Антұрған, жас жаныңнан түңілмейсің
Құранның хадисінен аят айтсам,
Осындай жақсы сөзден түк білмейсің.
"Уатторы" Тор тауына Мұса барған,
Алладан төрт-ақ ауыз жауап алған,
Дидарын бұл жалғанның көрсетем деп,
Бір алла Мұсаны аяп тасты салған.
Мұсаның бойы балқып, тасты ерітіп,
Таяғы еріп кетіп, таста қалған.
Алланың төрт сөзінен түк білмейсің,
Қасымнан былшылдамай тұр, кет, арман.

Кейде осы өлеңдердің барлығы аралас келетін өлең де болады. Айтыс өлеңдерінің сыртқы түріне келсек, барлық ақын айтысы екі түрге бөлінеді. Біреуі қайым өлең, екіншісі қара өлең. Қайым өлеңнің мысалы Мұрат пен Жантолының қайымдасқаны.

Мұрат:
Жантолы, жас күніңнен болдың телі,
Қыдыртқан жігіттікті тентек желі.
Көп айдың көрмегелі болды жүзі
Жантолы, үйіңнен шық көріскелі.
Жантолы:
Құдаеке, жас күніңнен болдың телі,
Қыдыртқан жігіттікті тентек желі.
Көп айдың көрмегелі болды жүзі
Асықпай атыңнан түс сөйлеселі.
Мұрат:
Жантолы, жас күніңнен болдың телі,
Қыдыртқан жігіттікті тентек желі.
Ақырып, ат ұстамай аттан түс деп
Қарағым, маған айтшы, ненің желі.
Жантолы:
Болғанда сары жұлдыз қаз келеді,
Қыс өтсе, оған жалғас жаз келеді.
Асығып, ат ұстамады деп айып етпе,
Көңіліміз ояу, көзіміз ұйқыда еді.
Мұрат:
Болғанда сары жұлдыз қаз келеді,
Қыс өтсе, оған жалғас жаз келеді,
Болғанша тапа тал түс ұйқың қанбай,
Деп пе едің қас әулие таз немені, –
деген сияқты...

Қайым өлеңнің белгісі: бір ауыз өлеңнің алғашқы екі жолы екі ақынға ортақ сөз болады. Қара өлеңнің мысалы осыдан бұрынғы айтыстар. Айтыс ретінде қосылатын тағы бір түрлі өлеңдер – мақтау мен жамандау өлеңдері. Онан соң арыз айту, ақы сұрау өлеңдері, бұлар да айтыстағы сияқты шұғылдан шығарылған, суырып салма өлеңдер.

Айтыс ақындарының көбінде, ұлы дүбір айтыстардан басқа көп уақытта ел ішінің басты адамдары мен бай-бәйбішелеріне кейде мақтап, кейде жамандап айтатын өлеңдер болған. Кейбір ақындар ел ортасында аз атадан шыққандықтан, кедей-кепшік болғандықтан, ақындық сөзді кәсіп қылып жүрген.

Онан соң ел ішінің тіршілігі де теңдік қара қайратқа, ру жуандығына байланғандықтан, нашардың көбі есесіз болып, теңдігіне іліне алмай, қақпай көретін жері көп.

Сондайда біреуден көрген зорлық, қиянат болса, бұрынғы төремен бастас сияқты ортаның ұлықтарына өлеңмен арыз айтып, есе, теңдік алу да көп жайылған дағды болған.

Ескі қазаққа сөз бағасы зор болған. Сондықтан жақсы сөзді бала болсын, қатын-қалаш, келін-кепшік болсын барлығы да елеусіз, ескерусіз қалмайтын.

Сондай өлеңдердің мысалы, қазақ ескілігінде айтыстар сияқты көп кездеседі. Бұларды айтыс өлеңіне қосқызатын себеп, бірінші суырып салма өлеңдері болса, екінші әркімнің көз алдында айтылатын арнау сөз болғандығы. Кісіге арнап айтқан мақтау, жамандау, я арыз айту сияқты сөздер болса, бәрі де екі ақынның айтысында кездесетін не қошемет, не дау сөздерге ұқсайтын. Мұндай өлеңнің мысалы Бижанның қожаға айтқаны, Шернияздың Баймағамбет төреге айтқан өлеңдері.

Қарқаралы үйезінде болған  бір жиылыста Бижанның елге құрметті бір қожаның үстінен шағымы болып, арызын айтқалы келеді. Сонда жиылыстың ішінен Ақай  Бижанға арызыңды өлеңмен айт дегенде:
Бижан:
Тыю сал, Ақай-еке, қожаңызға,
Қой қоймайтын болды ғой қорамызға.
Қожадан несиеге ақша алған жан,
Өлгенде бата қылмас молаңызға.
Қабағын қатты шытса, қой береміз,
Аз қойды бұған беріп тұрамыз ба.
Мына сарт қырады ма мойны жуан,
Құтырды байыған соң бұрынғыдан.
Кәріптер сонда көзін ашар еді,
Хат салса қара тауға біздің дуан.
Келгелі қылғаныңның бәрі зорлық,
Құтылдық, Ақай-еке, қайтсек мұнан.
Көп қусаң жамандықты болмай ма мәрт.
Ақты ойласаң арамнан бойыңды тарт,
Қатыныңды Арқабай, Ермек ұрған,
Мұнша неге елердің, ақ тамыр сарт.
Бұған қожа ашуланып, Ақай отырған съез үйден шығып, өз үйіне барып, Бижанды шақырып алып, босағасына байлап қояды. Жас шыбықты суға салып ұрайын деп жатыр деген сөзді Ақай есітіп, қожаның үйіне келіп, Бижанға қожаны мақтап өлең айт дегенде:
Бижан:
Жатпайды қисық ағаш тез алдында,
Бермейді жақсы жауға көз алдында.
Жақсының арты зындан, алды дария,
Сөйлейін қожаекемнің өз алдында.
Көл дария көпір салған өткелмен тең,
Тоқталмай тілім сөйле көп алдында.
Сен тұрған заманында бір бәйтерек,
Күнелткен көлеңкеңде мен көбелек.
Көтермей көбелекті сынып кетсең,
Бәйтерек болып-болмай неге керек.
Кез келсем қарсы алдыңа ажалды андай,
Атқанда тау бұзатын сен зеңбірек.
Еш адам байлығыңа шақ келмейді,
Төрт жағың, төрт құбылаң дөп-дөңгелек.
Несібе жерден өніп, көктен жауып,
Қор қылма бөтен жауға қойдай бағып.
Жаз сауын, күзгі егіндей молшылығың,
Мен пақыр қол үзейін сізден неғып.
Кәріп, міскін күнелткен панайыңда,
Қысқа күнде күнелткен қырық сауып.
Қызылжар, Омбы, Семей алты айшылық
Он күнде оған бардың пошта шауып
Аспан мен күн жарқырап жай түскендей,
Қалмай ма қатты ақырсаң есім ауып.
Торғай жеп тояттамас қара бүркіт,
Не шабытың қанады маған шауып.
Шаншарда ақыл табар жалғыз жігіт
Дос болдың Ақайменен ақыл тауып.
Бірі озар екі жүйрік жарысқанда,
Екі ердің бірі өлмейді алысқанда
Барлықтың бар пайдасын көрмеп пе едің,
Кешегі Қазанқаппен жарысқанда.
Жарылғаптың ұлы еді Ақтамберді,
Үш есе малың асты Жаныстан да.
Бір көрсет көптігіңді көп алдында
Іздеп кеп пақыр мұртың табысқанда.
Сын болмас ер жігіттің жоқтығынан,
Баршылық үміт қылдым тоқтығыңнан.
Асылдым алдың биік арғымақ деп,
Туладың бір алғанда шоқтығыңнан.
Қойым түгіл, атымды ал, не қылайын,
Жалғанның кім кетпейді боқтығынан.
Қожа-екем ұлық болған тым жасынан,
Жақсылар сөз жасырмас сырласынан.
Былтыр маған бес теңге бер деп едің,
Тақсыр-ау неке қияр турасынан.
Баласына атасы не айтпайды,
Атаң жұртқа пір болған ту басынан.
Бетіңе тура қарап, сен деп пе едім,
Сөзіңе ақыл айтқан ермеп пе едім.
Сүлеймен Ұзақпенен мал жиғанда,
Бір ісек, бір серкешті бермеп пе едім.
Қарасу лақ баға өзенінде
Өзіңе жайын айта келмеп пе едім.
Қожа-еке, жырдың кілті көк аспанда
Жол көрсет ақылыңмен адасқанда.
Зейінің Сүлейменнің байғызындай
Қалмайды іште назым сырласқанда.
Атан түйе сен болсаң, мен көбелек,
Нем қалар табаныңмен бір басқанда.
Жеп-жеңіл топырағым, бишарамын,
Топанша ағызасың шын тасқанда,
Қожа-еке, ішім толған қайғы, құса,
Тентекті тегіс тыйып, баса ұста,
Бәрінен өзге жанның асып тұрсың
Алдыңда осы күні жалғыз Мұса.
Бізге қиын болғанмен, тәңірге оңай,
Онымен бір сағатта бірдей қылса.
Қожа-еке, ақыл – серік, дәулет – қорған,
Түскен сұңқар құтылмас жібек тордан.
Бұрынғы әкім атаң әулие өтіп
Жеті атаң туғаннан соң сорым сорған.
Кешегі Қояндының базарында
Бай келді Қызылжар мен Петербордан.
Шаншардың мырзалары шама қылды,
Сонда да жан болмады сізден озған.
Бұдан кейін мақтау өлеңінің бір мысалы Шернияз өлеңдері. Баймағамбет хан "Қызымды мақта" дегенде, Шернияз былай деген:
Байеке, сіздің қызда жаман бар ма?
Жамандар біз байғұста заман бар ма?
Еркек болса, әр жұртқа хан болғандай,
Әйел қылған алдаға амал бар ма.
Орынбор сыр салдырған қалалары
Ақылға бәрі бірдей даналары.
Өңшең абзал баланы таба берген,
Бұлардың қандай екен аналары.
Жұмақтың қор қызындай тегіс туған,
Ай, алдай, қалай мінсіз балалары.
Сонда хан: "Енді жамандашы", –
дейді. Шернияз:
Байеке-ау, сіздің қызда жаман бар ма?
Жамандар біз байғұста заман бар ма,
Шот желке, шолақ айдар күң дер едім,
Бармайды ауыз шіркін жамандарға,
Бес тиындық қызыңның біреуі жоқ,
Қылған соң құдай ханша амал бар ма.
Хан:
"Ханымды мақташы" дегенде:
Шеріңнің сөйлер сөзге желгенін-ай.
Шүкір қылдым алданың бергенін-ай.
Жұмақтың сипатындай дәл айбаты,
Ханымның келбетінің келгенін-ай.
Содан кейін хан: "Ханымды жамандашы", – дейді:
Шеріңнің сөйлер сөзге басуын-ай.
Аруағы Алдиярдың асуын-ай.
Ханымның мұрны кейкі, бойы аласа,
Келбеті мегежіннің қашырындай.
Көк иттей күшіктеген құржың қағып,
Жататын шығар тыр-тыр қасынып-ай.
Тұрпаты ит, шошқадан былай емес,
Бай-еке, көргенімді жасырдым ба-ай.


Пікірлер (1)

Ақбота Тұрдыбеков

Толық оқып шықтым керемет рахмет

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз