Қорған дуалынан қарағанда

Күз. Дуал үстінен ал қара көк толқынды теңізге көз тігіп тұрмыз. Аннан-мыннан кеме желкендері ағараңдайды. Батқан күннің жалқыны алтын шапаққа бояған Швецияның биік жағалаулары алыстан қарауытады. Артымыздағы дуалдың тік жарынан жыра басталады, оған құлашын кең жайып өсетін тамаша ағаштар отырғызылған. Оның сарғайған жапырақтарын жел көтеріп, ізінше жерге төсеп жатыр. Дуалдың баурайындағы ағаш шарбақты қоршаудың ішінде сұрқай үй көзге шалынады. Оның сыртында сақшы жүр. Шарбақтың ар жағы неткен қапас, неткен қараңғы! Алайда, ғимараттың өзі, оның терезелері торланған камералары тіпті сұмдық қапас десе қапас. Онда тұтқындар, ежелгі қылмыскерлер қамалған.

Батқан күннің сәулесі камераның жалаңаш қабырғаларына түсіп тұр. Күннің зұлымды да, ізгіні де алаламай сәулесін түсіре беретінін қайтерсің! Жүзі жабығыңқы, ызғарлы тұтқын осынау түк жылуы жоқ күн сәулесіне кектене көз тігіп, қадала қалған. Кенет терезе торына әлдебір құс келіп қонды. Құс та зұлымды да, ізгіні де алаламай ән салатынын қайтерсің! Оның әні қысқа қайырымды: «Шиық-шиық!» бар болғаны осы ғана! Алайда, құстың өзі әзір ешқайда ұшып кетер емес. Ол, міне, қанатын қомдап, қағып, қауырсындарын тазалап, сілкініп айдарын тікірейтіп әуре... Аяғы кісендеулі қылмыскердің оған қараған сайын ашулы жүзі бірте-бірте жұмсарып, қайдан, қалай келгенінен өзге түгіл өзі де бейхабар, қайдағы бір жаңа сезім жанын жайландыра түсті. Бұл сезім күн сәулесі мен ана жақта еркіндікте, көктемде мейлінше мол өсетін фиалканың хош иісіне өте ұқсас! Бірақ мынау ше? Аңшы сырнайының көңілді, күшті даусы естілді. Құс ұшып кетті, күн сәулесі сөніп барады, камераға қайта қараңғылық түсті. Қылмыскердің жүрегі де тас қараңғы, бірақ қалай болғанда да осы жүректен күн сәулесі жүгіріп өтті ғой, оның құстың сайрауына үн қосуы осының әсері.

Аңшы сырнайының ғажап сазы шолақ қайрылмай, шырқай, әуендей берсе екен! Кешкі жұмсақ ауа тым-тырыс. Теңіз айна сынды қимылсыз жатыр.

Аударған Қ. Құрманғалиев


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)