Өлең, жыр, ақындар

Шартсыз негізгі кіріс

Шартсыз негізді кіріс (шартсыз негізгі кіріс, ШНК) – белгілі бір қоғамдастықтың әрбір мүшесіне мемлекет немесе басқа институттар тарапынан белгілі бір соммадағы ақшаны тұрақты түрде төлеп тұруды ұйғарған әлеуметтік тұжырымдама. Төлем қоғамдастықтың барлық мүшесіне кіріс деңгейіне қарамастан және жұмыс істеуін қажет етпестен төленіп отырады.

Шартсыз негізгі кірісті енгізу тәжірибесі 2017-жылдың 1-қаңтарында Финляндияда қолға алынды. Мұндай тәжірибе жасауды Канада да жоспарлап отыр. Референдум кезінде Швейцария (2016-жылы) шартсыз негізгі кірісті енгізу жоспарынан бас тартты.

2016-жылдың сәуір айында жүргізілген алғашқы жалпы еуропалық сауалнамада Еуроодақ тұрғындарының 64 %-і шартсыз негізгі кірісті енгізуді қолдар едік деді. 35 %-і ШНК туралы хабардар екен, 23 %-і бұл бағдарламаның мәні мен міндетін толық түсінетіндерін айтты, төрттен бірі ол туралы естіген, 17 %-і ШНК туралы ешнәрсе білмейді екен. Азаматтардың тек 4 %-і ғана ШНК енгізгеннен кейін жұмыс істеуден бас тартатындарын айтты. ШНК-тің ең көңілге қонымды артықшылығы, мұндай әлеуметік төлемдер «негізгі қаржылық қажеттіліктер туралы уайымды азайтады» (40 %) және адамдарды тең мүмкіндіктермен қамтамасыз етуге көмектеседі (31 %) деп есептейді екен.

Шартсыз негізгі кірісті енгізу тіршілік етудің жақсы деңгейін қамтамасыз етеді, шығармашылыққа және білім алуға уақыт босатады, роботтехникалардың дамуынан жұмыс орындарының жаппай қысқаруының салдарын еңсереді және мемлекеттік әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің баламасы болады.  

Тарихы

Үкімет кепіл беретін ең төменгі жалпы кіріс туралы алғашқы ой XVI ғасырға тиеселі. Ол Томас Мордың «Утопия» шығармасында кездеседі. Шартсыз негізгі кіріс туралы ой жаңа тарих беттерінде алғаш рет XVIII ғасырдың аяғында Томас Пейн мен маркиза де Кондорестің еңбектерінде айтылды. Томас Пейн өзінің «Аграрлық әділдік» трактатында (1795-96 жылдары жазылып, 1797-жылы жарық көрді) жер телімдерінің иелеріне салынатын салықтан 21 жастан жоғары тұлғалардың бəріне бір мезеттік төлем мүмкіндігін қарастырған.

Әлеуметтік дивидент туралы түсінік британдық майор Клиффорд Дуглас ұсынған әр азаматтың ұлттық байлықтан (әлеуметтік несие) үлесі бар деген ойынан кейін үлкен қолдауға ие болды. 1930-жылдардағы дағдарыс пен жұмыссыздық кезінде бұл ой көптеген елде сайлауға қатысқан ұлттық қозғалысқа дейін өсті. Канададағы партия (Британдық Колумбияның әлеуметтік несие партиясы) көп қолдауға ие болды. Шартсыз негізгі кіріс туралы ойды мемлекет рөлін күшейткен кейнсшілдік жақтастары келмеске кетірді.

Жүзеге асыруға жақын ұсыныстардың бірін 1943-жылы Ұлыбританияда либералдар саясаткері Джульетта Рис-Вильямс ұсынды. Бірақ ақыры соңында британдық әлеуметтік қолдау жүйесі белгілі бір шарттарды (еңбек өтілі, еңбекақы және т.б.) қарастырған Ульям Беверидждің идеясы негізінде құрылды. Осындай үлгілер батыстың көптеген дамыған елдерінде жүзеге асырылды.

Милтон Фридман және Фридрих фон Хайек сияқты кейбір әйгілі экономистер шартсыз негізгі кірісті кедейлікпен күрестің ең жақсы әдісі деп есептеді.

1985-жылы Канадада либералды үкімет теріс салық енгізуді ұсынды. Бірақ билік басына келген консерваторлар бұл ұсынысты тым қымбат деп есептеп, ол жүзеге аспай қалды.

Британдық экономистер Гай Стэндинг пен Гермион Паркер шартсыз негізгі кірісті жүзеге асырудың әртүрлі үлгілерін жасады. Паркердің нақты есептері Еуропадағы қолданыста болған үлгіге әсер етті.  Бұл үлгілерді Ұлыбританияда қабылдау туралы ұсыныс түскенімен, ол саяси қолдауға ие болмады.

Қазіргі уақытта әртүрлі елдерде саясаткерлер, экономистер және әлеуметтанушылар кепілдендірілген минимумдардың әртүрлі мүмкін болатын үлгілерін талқылап жатыр.  

Мысалы, Сюзанне Вист Германияның әр азаматының банк шотын ай сайын автоматты түрде ересектер үшін 1500 евроға, әр бала үшін 1000 евроға арттырып отыруды ұсынады.  

Вена экономика университетінің профессоры Франц Хёрманн (Franz Hörmann) шартсыз кірісті тауарлар мен қызмет көрсетулердің минималды түрінде жасауға болады деп есептейді.

Негізгі тұжырымдамалар

Оңтайлы жақтары:

- Кедейлік мәселесін шешеді.

- Технологиялық жұмыссыздық мәселесін шешеді.

- Экономикалық теңсіздік мәселесін азайтады.

- Қылмыс деңгейін төмендетеді.

- Көмек беру үшін өлшемшарттарға сәйкестікті тексеруді талап етпегендіктен, әлеуметтік бағдарламаларды әкімшіліктендіру шығынын азайтады.

- Адамдардың нарық талаптарымен емес, өздері қалаған істерімен айналысуларына мүмкіндік береді.

Теріс жақтары:

Шартсыз негізгі кіріс тұжырымдамасының сыны экономикалық және құқықтық дәлелдерге негізделеді.

- Қазіргі саяси жағдайда жүзеге асуы қиын.

- Жүйе көп шығынды талап етеді.

- Мигранттардың көптеп келуінің себебі болады (бұл туралы консервативті Швейцария ұлттық партиясы өкілдері үнемі айтады).

Кейбір ғалымдар (мысалы, Манфред Фюльзак) заңсыз мигранттармен күреске бөлінетін шығынды азайу мақсатында тек қана отандастарды ғана емес, шекара маңындағы территорияларды ШНК-пен тәжірибе жүзінде қамтамасыз ету көзқарасын қолдайды.  

Кепілді кіріс қоғамдағы еңбектің өнімділігін төмендетіп, еңбек ету ынтасын (асыранды болуды ынталандырады) айтарлықтай төмендетеді. Әрі мұндай бағдарламаларға көп шығын кетеді. Алайда Швейцариядағы референдум алдындағы сауалнама нәтижесінде швейцариялықтардың 2 % ғана жұмыстарын тастағандары және  8 % сұхбаткердің сондай мүмкіндікті қарасырып жатқандары анық болды.

Қаражат көзі

Шартсыз негізгі кірісті қаржыландыру көзі:

- Салықтар.

- Негізгі кіріс бағдарламасы кезінде өзекті емес бағдарламаларды (жұмыссыздық бойынша жәрдемақы, минималды еңбек ақы және басқалар) тоқтату.

- Экологиялық салықтар.

- Табиғи рента.

- Ашық мемлекеттік эмиссия.

- Сеньораж.

ШНК-тің әрүрлі қаражат көздері, мысалы «Ульм үлгісі» талқыланып жатыр.

Қолдану және тәжірибелік жобалар

Бірқатар елдерде шартсыз негізгі кірісті енгізу бойынша сынамалы бағдарламалар жүзеге асырылды. Көп жағдайда ол оң нәтиже көрсетті. Кедейлер ақшаны алкаголді ішімдіктерге немесе есірткі заттарына жұмсайды деген қауіп жоққа шықты.

Германия

Неміс кәсіпкері Михаэль Бохмэйер (Michael Bohmeyer) 2014-жылы тәжірибелік «Менің негізгі кірісім» (Mein Grundeinkommen) деген жобаны жүзеге асырды. Бұл жоба бойынша кездейсоқ таңдалған бірнеше ондаған адамға бір жыл бойы ай сайын 1000 евро төленіп отырды. Жоба краудфандингтің көмегімен қаржыланды. Ұйымдастырушының айтуынша, тәжірибе саясаткерлерді мемлекет шығыны қоғамды сауықтыру арқылы еселеп қайтатынына көз жеткізу үшін жасалған.  Өйткені төлем алған адам өзін еркін және қорғалған сезініп, өзінің жасампаздығын айтарлықтай арттыруы мүмкін.

Үндістан

Негізгі кірісті енгізу тәжірибесі 2010-жылы Үндістанның Мадхья-Прадеш штатында енгізілді. 2017-жылы үкіметтің экономикалық кеңесшісі Арвинд Субраманьян оны жалпы мемлекеттік деңгейде енгізуді ұсынды. Үкіметке арналған жыл сайынғы экономикалық шолуда негізгі кірістің болжанған мөлшері  - жылына 7620 рупий (113 АҚШ доллар) болды. Бұл сомма қала тұрғындарының ең аз айлық еңбекақысына тең. Ол жайлы тіршілік ету үшін жеткіліксіз болғанымен кедейліктің қазіргі 22 %-ін 0,5 %-ке дейін азайтуға мүмкіндік беруі мүмкін. Бұл ақшаны қазіргі 950 әлеуметтік көмек бағдарламаларының қаржысын қайта таратудан түскен қаражаттан алынады деп болжап отыр.  

Италия

Ливорно мэрі Филиппо Ногарин 2016-жылы 537 доллар мөлшеріндегі негізгі кіріс бағдарламасының басталғаны туралы мәлімдеді. Әуелде ол үшін 100 кедей отбасын таңдап алды. Ал 2017-жылдан бастан олардың саны 200 отбасына артты.

Канада

1970-жылдардың ортасында елдің федералды бюджетінен Дофин қалашығындағы (2011-жылғы санақ бойынша 8251 тұрғын) Mincome жобасын ұйымдастыруға ақша бөлінді. Қала халқы ешқандай міндеттемесіз негізгі кіріспен қамтамасыз етілді. Тәжірибе 5 жылға созылды. Ақша алушылардың көпшілігі өздерінің жұмыс істеу деңгейін төмендетпеді. Тек жастардың 40-50 проценті азырақ жұмыс істегенімен, білім алуға көбірек уақыт бөлген. Еріктілердің, оның ішінде шіркеу еріктілерінің саны артты, қоғамның белсенділігі көбейді. Денсаулық саласының шығыны 10 процентке төмендеді. Өйткені адамдар денсалуықтарына көбірек көңіл бөле бастады. 2017-жылы шартсыз кірістің үш жылдық сынама жобасы Онтарио аймағындағы үш елді мекенде жүзеге асырылды.   

Кения

Коммерциялық емес  «GiveDirectly»  ұйымы 2016-жылы Кенияның 6000 тұрғынын 10-15 жыл бойы негізгі қажеттіліктерін жабатын соммамен қамтамасыз етеміз деп бәрін құлақтандырды. Кейінірек ұйымдастырушылар жобаның күтпеген қиындыққа ұшырағанын хабарлады. Көптеген жергілікті тұрғында біреудің өздеріне қайтарымсыз ақша беретіндеріне сене алмаған. Бір ауданда әлеуетті көмек алушылардың 45 %-і бұл ақшада сайтанның қарғысы бар деген қауесетке бола көмектен бас тартқан.  

Намибия

2008-жылдың қаңтарынан 2009-жылдың желтоқсан айына дейін Омитаре және Очивероның тұрғындары ай сайын 100 намибия долларын алып отырды. Мұның нәтижесінде кедейлік төмендеп, экономикалық белсенділік артып, қылмыс деңгейі азайып, мектепке бару деңгейі артқан.

Нидерланды

2017-жылы бірқатар Нидерландының бірқатар муниципалитеттері үкіметтен шартсыз кірістің тәжірибелік бағдарламасын жүргізуге рұхсат алды.

АҚШ

1970-1980 жылдары АҚШ-та үштен бес жылға дейін созылған төрт тәжірибе жүргізілді. Тәжірибеге әртүрлі этникалық топтардың аз қамтылған тұрғындары қатысты. Бұл кезде жұмыстарын тастап кеткен адамдар саны, орта есеппен әйелдер 17%, ал ерлер 7%  болған. Адамдардың көбі жұмыстарын оқу үшін тастағаны байқалды. Сондай-ақ, ажырасу саны артты (көптеген ерлі-зайыптыларды мұқтаждық пен мемлекеттік бағдарламалар бірге ұстап отырған деген болжам болды).  

2016-жылы IT-инкубатор YCombinator шартсыз кіріс беру бойынша тәжірибелік бағдарламаның басталғаны жайлы мәлімдеді. Бұл жоба Оклендте 100 шақты қатысушымен 6-дан 12 айға дейін созылады деп жоспарланды. Сынамалы зерттеу табысты болса, Y Combinator атқарылған жұмысты ұзағырақ бағдарламаларды іске қосу үшін пайдаланылады.

Уганда

2017-жылдан бастап Уганданың Форт-Портал қаласындағы 50 отбасы екі жыл бойы аптасына 8,6 АҚШ долларын (бір ересек және екі бала үшін күн көрістің ең төменгі мөлшерлемесі) алып отыратын болды.

Финляндия

2017-жылдың 1-қаңтарынан бастап Финляндияның екі мыңға жуық жұмыссыз тұрғындары мемлекет есебінен ешқандай шартсыз кепілді ең төменгі кіріспен қамтамасыз етілетін болған. Тәжірибе қатысушылар жұмыссыздық үшін берілетін жәрдемақының орнына ай сайын жұмыссыздық үшін берілетін жәрдемақының көлеміне тең 560 евро алып отырады.  Негізгі кіріс адам жұмысқа тұрса да төлене береді. Басқа әлеуметтік жәрдемақыларға негізгі кіріс әсер етпейді. Тәжірибені басқару Финляндияның Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру мекемесінің (Kela) қоғамдық байланыстар бөлімінің бастығы профессор Олли Кангасуге тапсырылды. Тәжірибе арқылы жаңа жүйе жұмыс іздеу тиімділігіне қалай әсер ететінін анықтау керек болды. Кангастың ойынша оның тағы бір нәтижесі Финляндиядағы ана пакетін беру сияқты, Финляндияның басқа елдер алдындағы беделін көтеру болды. Егер тәжірибе сәтті болса, €800 көлеміндегі шартсыз кіріс әлеуметтік жәрдемақылар жүйесін алмастырады деп жоспарланып жатыр. Финляндияда жаңа жүйеге деген көзқарас әртүрлі. Оны қолдамайтындар жаңа жүйе азаматтарды жұмыс іздеуге ынталандырмайды, қысқамерзімді еңбек келісімшарттарының таралуына жол береді, жұмысшылардың еңбек нарығындағы жағдайын және жалпы еңбек шарттарын әлсіретеді дейді. Сонымен қатар тәжірибеге қатысушы кейбір адамдар жаңа жүйенің өздері үшін жаңа мүмкіндіктер сыйлап, «құлдар нарығынан» босатып, қайтадан ел азаматы атандырды деп есептейді.   

Финляндия бұл тәжірибені 2018-жылы аяқтамақшы және оны әрі қарай жалғастыру жоспары жоқ. Кейбір БАҚ өкілдері бұл мәлімдемені тәжірибенің сәтсіз болғаны деп бағамдап жатыр.

Франция

Франциядағы 2017-жылғы президенттік сайлауға социалистік партия атынан үміткер Бенуа Амонг өзінің сайлауалды бағдарламаларының ең басты тарауын үш кезеңнен тұратын шартсыз негізгі кірісті енгізу туралы ұсыныспен басады. Соңғы кезеңде Францияның 18 жастан асқан барлық азаматтары ай сайын 750 евро көлемінде шартсыз кіріс алып тұруы керек делінген.

Швейцария

Шартсыз кірісті енгізу бойынша дауыс беру 2016-жылдың 5-маусымында өтті. Төлем ересектер үшін 2500 швейцария франкі (2250 евро), ал балалар үшін – 625 франк болады деп болжанды.

Үкімет жүйеге қарсы дауыс беруге шақырып, кепілді кірісті төлеуге 200 млрд франктан аса қаражат жинау үшін салықты арттыру керек екені туралы ескертті. Сондай-ақ, әлеуметтік жәрдемақыларды 55 млдр франкқа қысқартатын болады, яғни олардың бір бөлігі шартсыз кіріс формасына ауысады. Бастамашылар өздерінің мақсаты әл-ауқат деңгейін көтеру емес, азаматтардың дамуына қосымша мүмкіндік беру деп сендірді. Ұсынған бастаманы швейцариялықтардың тек 23 %-і қолдады.

Саясы аспектлері

Айқындылық

Негізгі кіріс – әлемдегі барлық мемлекетте бар жалпы әл-ауқатты көтеруге арналған әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне қарағанда әлдеқайда қарапайым әрі айқын. Әлеметтік қамсыздандырудың көп бағдарламасынан көрі бірегей шартсыз кіріс енгізген оңай болады. Негізгі кірісті енгізу стратегиясы қарама-қайшылыққа толы. Өйткені негізгі кірісті жақтаушылардың кейбіреулері оны ағымдағы әлеуметтің қамсыздандыру жүйесімен алмастырмай, қосымша ретінде енгізу керек деп айтады.  

Басқару тиімділігі

Талап етілген қаражатты бағалау немесе соған ұқсас әкімшілік іс-шаралар гранттарды бөлуге бағытталуы мүмкін әлеуметтік қамсыздандыруға арналған ақшаны үнемдер еді. Негізгі кірістер желісі (ВІЕN) негізгі кірістің жалпы құны әлеуметтік жәрдемақылардың ағымдағы шығындарына қарағанда өте төмен екенін оның артықшылықтарының бірі ретінде көрсетеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, олар қаржылық өміршең ұсынысты алға тартып отыр.    

Кедейліктің азаюы

Бұл тұжырымданы жақтаушылардың айтуынша, негізгі кіріс кедейлікті азайтып немесе тіпті жоқшылықты түп-тамырымен жоғалтады. Негізгі кірістің кедейлікті жоюы туралы пікір ешкімнің таласын тудырмайды. Өйткені оның анықтамасы бойынша, кедейлік шегінен жоғары бекітілген шартсыз кіріс кедейлікті жояды. Бірақ негізгі кірістің деңгейінің тұрақты болып қалу мәселесі қайшылық тудырады. Ал негізгі кірістің осы деңгейі көпшілік қабылдаған жүйелі саясат екені де көбірек талас тударады.  

Негізгі кіріс және экономикалық өсу

Негізгі кіріс және өсу (Basic income and growth, BIG) экономиканың өсуіне әлеуетті мүмкіндік береді. Адамдар көбірек ақша тауып, жақсы ақша төлейтін, қызықты жұмыс орындарына орналасу үшін өздеріне қаржы салуға шешім қабылдай алады. Ал бұл өсуге ықпал жасайды. Джейсон Берк Мерфидің айтуынша, соңғы жылдары негізгі кіріс өсуге қарсы әлеуметтік-экономикалық тұжырымдаманың күн тәртібінің бір бөлігі бола ала ма деген пікірталас айтарлықтай артқан екен.  

Еркіндік

Шартсыз негізгі кірісті жақтаушылар әдетте негізгі кіріс еркіндік береді деген мәселеге қатысты үш түрлі дәлелді алға тартады. Біріншіден, негізгі кірісті жақтаушылардың көбі әдетте саяси теріс көзқарастағы жандар болғанымен, 1970-жылдардан бастап саяси оң көзқарастағы адамдар да шартсыз негізгі кіріс тұжырымдамасы тегін әлеуметтік қамсыздандыру арқылы күн көретін адамдарды шартты әлеуметтік қамсыздандыру саясатының қамқоршыл бақылауынан босататынын айта бастады.

Екіншіден, Филипп Ван Парийс ең жоғарғы тұрақты деңгейдегі негізгі кіріс нағыз еркіндікті немесе «адамның қалағанын істеуге» мүмкіндік беретін еркіндікті қолдау үшін қажет деп айтты. Ван Парийс бұл ойымен адамдардың барлығы жер ресурстарын және «ішкі активтерді» пайдалануға құқылы екенін, оларды өздері қалағанша пайдалана алатынын айтпақ болды. Ақша – осы ресурстарды пайдалану үшін берілетін билет. Адамдар осы арқылы әлемнің ішкі активтерін еркін қолдана алар еді. Ал үкімет әр адамға мүмкіндігінше осыған қол жеткізетін билеттерді беруі керек. Бұл – ең жоғарғы тұрақты негізгі кіріс.  

Үшіншіден, Томас Пейн мен кейбір жақтастар негізгі кіріс үкіметті қорғау үшін керек дегенімен, өздері оны адамдардың еркін азаматтық мәртебесі үшін маңызды деп пайымдайды. Егер адамдардың басқа бір тобы тіршілік етуге қажетті ресурстарды бақылайтын болса, онда адамның ресурстарды бақылайтын топтардың талаптарын орындаудан басқа амалы қалмайды. Үкімет пен жалға берушілер құрылғанға дейін адамдар тіршілік етулеріне қажет ресурстарды тікелей өздері пайдалан беретін. Бірақ бүгінгі таңда азық-түлікке, баспана мен киімге қажетті ресурстардан кейбіреулер үлес алса, басқалары үлессіз қалатындай жекешеленіп кеткен.  Демек, жекешеленген ресурстардың иелері  жағдайы жоқ ресурс иелеріне олардың негізгі қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ресурстарға рұхсат берулері керек. Бұл қайта тарату шартсыз болуы қажет. Өйткені адамдар өздері және отбасылары үшін қажетті материалдық және материалдық емес ресурстарды алу үшін уақыттарын басқа адамдарға пайда келтіруге жұмсауға мәжбүр болмаған жағдайда ғана өздерін еркін сезіне алады. Осы дәлелге сәйкес, жеке, саяси және діни еркіндік «жоқ» деп айтуға күші келмейтіндей арзан болады. Мұндай көзқарас бойынша негізгі кіріс пікір ауландығын шектеумен күн көріс байланысын әлсіретеді, саяси еркіндік, сенім бостандығы және жеке бас бостандығының үйлесімімен әр адамның еркін тұлға ретіндегі мәртебесін белгілеп беретін экономикалық еркіндікті қамтамасыз етеді. 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (2)

Mira_Sembay

Зекет қой. Байлар байлықтарын өздері ғана пайдаланбай, парыздарын орындап зекет берсе - шартсыз негізгі кіріс деген сол болмақ. Кейде адамдардың Құдайдың бұйрығын өздері ойлап тапқандай болатыны қызық). 

Марғұлан

Мира, дұрыс айтасыз, дүниедегі барлық бай жыл сайын малының қырықтан бір бөлігін кедей халыққа тарытып отырса (тарату жолы да тура зекет сияқты болса, алған кедей байып кетпеу керек, яғни бай деп саналатын деңгейге дейін алады) әлемде кедей халық қалмас еді. Ол таратқаны сол байға бәрібір қайтып барады. Сауда арқылы немесе басқа арқылы. Экономикаға да жақсы, ақаша айналады, сауда жүреді, өндіріс көбиеді

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар