Корольдер, мәткелер мен балталар

Қағаздан қиып, желімдеп, қандай ғажап ойыншықтар жасап алуға болады десеңші! Бірде қиып, желімдеп ойыншық қорған жасалынды; оның үлкендігі сондай бір өзі бүкіл үстелдің үстін алып кетті; сонан соң оны құдды қызыл кірпіштен жасалғандай етіп бояп қойды. Қорғанның әдемі мыс шатыры, мұнарасы мен ашылмалы көпірі болды, ордың ішіндегі суы айнадай жалтырады, ол араға өзі де айнала шыны қойылған болатын. Ең биіктегі қарауыл мұнарасында қолында кернейі бар күзетші қойылды, ол кернейді үрлеп тартуға да болатын еді, бірақ күзетші кернейлетпеді.

Мұның бәрінің қожасы Вильям атты бала, ашпалы көпірді көтеретін де, түсіретін де соның өзі, қалайы солдаттарды көпірдің үстінен өткізді, сонан соң қорғанның қақпасын ашып, үлкен серілер залына көз салды, ал онда кәдімгі серілер залындағыдай, қабырғада жақтауға салынған портреттер ілулі тұрды. Тек ол портреттердің бәрі іріктеп алынған карталар болатын: олар тәж киіп, рәсімді аса таяқтарын қолға ұстаған түйенің, қиықтың, шыбын мен қарғаның корольдері; иықтарына түскен жаулықтары, қолында гүлі немесе желпуіші бар мәткелер; айбалтасы мен найзасын ұстап, күлтеленген құс қанаты шаншылған береттерін киген балталар еді.

Бала бір күні үстелге асылып отырып, қорғанның ашық қақпасы арқылы серілер залына көз тастады, кенет оған корольдер күзетшілерге аса таяқтарымен белгі бергендей, қарға мәткесінің қолындағы қызғалдақ қозғалып кеткендей, ал түйенің мәткесі қолындағы желпуішін көтеріп қалғандай көрініп кетті. Төрт король де Вильямға оны байқағандықтарын білдіріп сыпайы белгі берісті. Жақсылап көрейін деген оймен бала жақынырақ еңкейе беріп еді, маңдайы барып қорғанға тиді де, қорған қозғалып кетті. Сол замат шыбын, қарғаның, кірпіш пен түйенің төртеуінің де балтасы түгелдей қару-жарақтарын алдарына ұстап, ішіне енуге бала мүлдем үміт етпесін деп, залға кірер ауызға тұра-тұра қалысты.

Бала түсіне қойды да, қарталарға достық пейілмен иек қақты: жарайды, жайларыңа тұра беріңдер. Еш жауап ала алмаған соң, бала тағы да иек қағып:

— Бірдеме десеңдерші! – деп өтінді.

Бірақ карталар еш тіл қатпады; бала тек түйенін балтасына үшінші рет иек қаққанда барып, балта картадан секіріп шығып, залдың ортасына тұра қалды.

— Сенін атың кім? – деп сұрады ол баладан. Жанарың тұнық, тістерің аппақ, тек қолыңды жуғанды жек көреді екенсің!

Оның бұл айтқандары оншалықты сыпайы шықпады.

— Менің атым Вильям, – деді бала, ал мынау менің қорғаным, ал сен менің түйемнің балтасысың!

— Мен түйе королі мен түйе корольдігінің балтасымын, ешқандай да сенікі емеспін! – деп мәлімдеді балта. – Мен картадан да, жақтаудан да шығып кете алам, алайда, ақсүйек мырзалар туралы бірдеме деуге хақым жоқ. Біз әлемді шарлап қыдырып кетер едік, бірақ одан әбден жалықтық; картаның ішінде отырып өзіңмен өзің оңаша болу одан әлдеқайда тыныш әрі қолайлы.

— Демек, сіз бұрын шынында да, адам болғансыз ба? – деді бала.

— Біз адам болдық, – деп жауап қатты түйенің балтасы, бірақ оншалық ізгі ниетті болмадық. Маған балауыз шырағын жақты, қызылын жаққаның дұрыс, өйткені ол түс менің және менің мырзаларымның түсі ғой, сонда мен қарғаның қожасына өз тарихымызды баяндап берермін; сөзіңе қарағанда, қорғанның қожасы сен көрінесің ғой. Тек байқа, сөзімді бөле берме: мен сөйлейді екем, бәрі қағазға жазылғандай жатық болсын.

Көріп тұрсың ба, мынау менің королім, ол торт корольдің ішіндегі ең үлкені, өйткені ол бәрінен бұрын туған; басында алтын тәжімен, қолында державаны басқарған билігімен туған. Туа сап ел басқарған. Оның әйелі қолындағы алтын желпуішімен бірге туған; ол желпуішті қазір де көруіңе болады. Олар жас кездерінен-ақ жағдайлы болды, мектепке бармады, тек күні бойы көңілдерін көтерді біресе қорған тұрғызды, біресе оны қайта қиратты, қалайы әскерлерді сындырып, қуыршақ ойнады; оларға екі жағына да май жағып құмшекер сепкен бутерброд әкеп берді. Не айтатыны бар, бұрынғы, қайырымды алтын ғасыр деп атайтын уақыт қой, алайда, оларда ондай уақыт та жалықтырып жіберді. Мені де мезі етті. Сол кезде кезекке кірпіштің королі келді.

Балта одан басқа ештеңе демеді, баланың әлі де тыңдай түскісі келіп еді, бірақ балта тіл қатпады; бала сонан соң:

— Одан кейін не болды? – деп сұрады.

Түйенің балтасы жауап бермеді, ол сымдай тартылған күйі қып-қызыл балауыз шыраққа көз алмай қарады. Бала оған иек қақты, әуелі бір рет, тағы, тағы қақты еш жауап болмады; енді ол кірпіштің балтасына бұрылды, үш рет иек қаққан соң, оның балтасы да картадан секіріп шықты, сымдай тартылып түп-түзу тұра қалып, тек бір ғана сөз айтты:

— Шырақты!

Бала дереу қызыл шырақ жағып оның алдына қойды; кірпіштің балтасы қару-жарағын күзете тұрғандай қыса ұстап:

— Сонымен, қиықтың королі омырауында әйнектен салған шаршы терезесі бар король келді; әйелінің де омырауында сондайы бар, – деді. Терезеден қарап жіберсең, ерлі-байлы екеуінің де басқа адамдар секілді ет пен сүйектен жаралғанын түсіне қоясың. Оларға бүтіндей жеті ғасыр бойы бұзылмаған ескерткіш орнатқаны жақсы болды, шындығында, ол мәңгіге орнатылған ғой.

Қиықтың балтасы күзетте тұрғандай сіресе қойып, қызыл шыраққа тағы тесіле қалды.

Кішкентай Вильямның иек қағуын күтпестен-ақ, көгалға жайыла шыққан құтан сияқты ақырын басып, шытырдың балтасы шықты. Үш жапырақты қара шыбын картадан құдды құс секілді ұшып шықты да, баланың басынан өтіп барып, қайтадан картаның бұрышындағы өз орнына барып тұрды. Алдыңғы екі балтаға ұқсап шырақ жағуын өтінбестен, шыбынның балтасы бірден сөйлеп кетті:

— Екі жағына да май жаққан нан көрінгеннің қолына түсе бермейді. Ондай тағам менің королімде де, оның әйелінде де болған жоқ; олардың мектепке барып, бұрынғы корольдер оқымаған нәрселерді оқуларына тура келді. Әйнекті терезе олардың да омырауында болды, алайда, одан ешкім үңіліп қарамады, қараса тек сағат механизмі бұзылмады ма – деп, бұзыла қалса, оны лақтырып тастау үшін ғана қарайтын. Ол сырды мен білмегенде кім біледі: мен өз мырзаларыма ұзақ жыл қызмет көрсеттім, олардың ырқынан ешқашан шыққан емеспін. Егер мырзаларым бүгін кешке менің енді сөйлемеуімді қаласа, онда қаруымды түп-түзу ұстаған қалпында үн-түнсіз турам да қоям.

Вильям оған да ақ балауыз шырақ жағып берді.

«Фью!» Вильям тағы бір шырақ жағып үлгергенше серілер залының қақ ортасына кеп қарғаның балтасы тура қалды; шайнақтай, сылтып басқанымен ол қас қаққанша пайда бола кетті. Ол әскери сәлем берген жоқ; бөлек-салақ түсіп қалғалы тұрғандай, сықыр-сықыр етеді; сірә, көп қиындық көрген болуы керек. Ол да сөйлей жөнелді.

— Әркімге бір-бір шырақ тиді ғой, – деді ол, – маған да біреу тиесі екенін білем. Егер бізге, балталарға, бір-бір шырақтан жағылса, онда біздің мырзаларымызға үш есе артық жағу керек.

Ал менің қарға королім мен оның әйеліне, қарғаның мәткесіне төрттен аз тимеуі керек! Олардың өмір тарихы өте қайғылы! Олар бекерден-бекер қара жамылып жүрген жоқ, олардың гербінде, әрине, менің де бейіт қазатын темір күректің бейнесі бар! Мені сол үшін келекелеп Қара Дәу деп те атаған. Менің одан да сорақы аттарым бар, тіпті оларды айтып жатудың өзі ыңғайсыз. Солай деді де, сыбыр ете қалды: Мені кір-қоқыс сыпырушы деп те атайды. Ал кезінде мен қарға королінің сарайындағы бірінші жігіт болатынмын, ал қазір ойын картасының ішіндегі ең соңғы орындамын. Өз мырзаларымның өмір тарихын айтып жатпаймын. Оны өз білгеніңше өзін анықта. Қиын уақыт қой қазір, жақсылық күтуге де көңіл күпті, осының бәрі түбінде бұлттың ар жағында қып-қызыл атқа мініп ұшып жүруімізбен тынатыны сөзсіз.

Кішкентай Вильям әр корольге және оның әйеліне үштен шырақ жақты да, қарғаның короліне және оның әйеліне төрттен қойды. Үлкен серілер залының іші нағыз бай императордың сарайындай жап-жарық болды, ақсүйек мырзалар баланы сабырлы, байсалды түрде құттықтады. Түйенің мәткесі алтындатқан желпуішін желпісе, қарғаның мәткесі қолындағы алтын қызғалдақты оттың жалынынша алаулатады. Корольдер мен олардың әйелдері жақтауда тұрған картаның бетінен залға қарғып түсіп билей бастады, балталар да сөйтті. Жалынның шұғыласында жарқылдап бәрі биледі. Залдың іші өртеніп бара жатқандай әсер қалдырды, от алаулап, терезеден жалын сыртқа шашырады, жалын қабырғаларды тілімен жалап, қорғанның ішін лаулата бастады.

Вильям зәресі ұшып шегініп кетті.

— Папа! Мама! Қорған өртеніп жатыр! – деп айқай салды. Ұшқыны шашырап, қорған алаулап жалын атты, кенет от ішінен өлең естілді:

— Енді біз сері еркектер мен әйелдерге тән қылық істеп, қып-қызыл атқа мініп ап, бұлттан да биікте қалықтаймыз. Балталар да бізбен бірге болады!

Вильямның ойыншық қорғаны мен ойын картасының суреттері, міне, ақыры осындай жағдайға тап келді. Ал Вильям әлі күнге дейін тірі және қолын жиі жуады.

Қорғанның өртеніп кеткендігіне ол, әрине, кінәлы емес.

Аударған Б. Нұров


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)