ҰБТ-2018: 140 ұпай жинаған Шиара Құдайбергенова Алтын белгіге үміткер болмаған

Республика бойынша ҰБТ тестілеуінен ең үздік нәтиже - 140 ұпайға қол жеткізген Қожа Ахмет Яссауи атындағы №123 мектеп гимназияның түлегі Шиара Құдайбергенова Алтын белгі мен үздік аттестатқа үміткер болмаған. Бұл туралы мектеп директорының оқу ісі бойынша меңгерушісі Эльмира Смаилова айтты.

«Шиара Құдайбергенова бұл мектепте бастауыш сыныптан бері оқиды. 10-сыныпта бір сабақтан 4 алып қалғандықтан Алтын белгіге үміткер бола алмады. Сондай-ақ, үздік аттестатқа да қол жеткізген жоқ. Алайда нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар, ҰБТ бойынша республикадағы ең үздік нәтижені көрсетті. Сабақтан бөлек, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Орыс тілінен Халықаралық Олимпиадада 3-орын алған. Шиара 5-11 сыныптарда математика мен физика пәндерін тереңдетіп оқыған. Математика пәніне қабілеті жоғары. Қазақ-орыс-ағылшын тілдерін еркін меңгерген», - дейді Эльмира Смаилова.

Оның айтуынша, Шиара Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне түсуді мақсат етіп отыр.

Шиара Құдайбергенова - отбасындағы екі баланың үлкені. Оның 8-сыныпта оқитын інісінің де физика-математика ғылымдарына бейіні жоғары.

Анасы Жансая Қошқарбаеваның айтуынша, Шиара ҰБТ-ға 9 ай бойы үздіксіз дайындалған.

«Қызым «Арай» мектебінде қосымша дайындалды. Мен оның оқуына барынша жағдай жасадым. Қысы-жазы, жауында да, ыстықта да оқуын тоқтатпады. Мектебінен келген соң тамағын ішіп алып, екінші мектебіне дайындыққа кететін. Бұл - баланың өзінің еңбегі» - деді анасы.

Жансая Қошқарбаеваның отбасы тестілеуден соң мешітке барып, шүкір намазын оқыған. Сол сәтте оларға «Арай» мектебінен хабарласып, Шиараның максималды 140 ұпай жинағанын айтып, сүйінші сұрапты.

 

«Біз алғашында сенбедік. Өйткені, мен қызымды қай жағдайға болмасын дайындадым. «130-дан асырсақ та жаман емес, бұйырғаны болады» деп көңілін көтерумен болдым. 140 ұпайды естігенде қызымның қуанышында шек болмады», - дейді анасы Жансая Қошқарбаева.

Еске сала кетейік,  ҰБТ-2018 нəтижелерін ендігі кезекте Telegram-бот @edu.gov.kz немесе edu.mail.kz сайты арқылы үйден шықпай-ақ білуге болады: ол үшін тестілеуге қатысатын əрбір талапкерге берілетін ТЖК (тест тапсырушының жеке кодын) енгізу қажет.

Сондай-ақ, тестілеу қорытындыларын Ұлттық тестілеу орталығының сайтынан да білуге болады. Бұл орайда тестілеу нəтижелерін ТЖК арқылы əрбір талапкер өзі ғана көре алады.

Жоғарыда көрсетілген ресурстарға ҰБТ нəтижелері ақпараттың өңделуіне қарай жарияланып отырады. Биыл республика бойынша мектеп бітірушілердің 70%, яғни 102 мыңы ҰБТ тапсырады. Мектеп бітірген 147 мың түлектің басым бөлігі ҰБТ-ны қазақ тілінде тапсырады. ҰБТ-да жалпы 80 мың сұрақ болады. 2018 жылға арналған Ұлттық бірыңғай тест сұрақтары 50 пайызға жаңартылған. Қазақстандық мектеп бітірушілерге Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтуге екі рет мүмкіндік беріледі. Екеуінде де қажетті балл жинай алмаған балалар ЖОО-ға шартты түрде қабылданады.

ҚазАқпарат


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Басқа да жазбалар

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
ҰБТ(онлайн тест)