Өлеңдер бөлімі

Атамыз Жамбыл ақынға

(Н. құрамасы жауынгерлерінің хаты)

Қазақ поэзиясының алыбы, халық ғасыры қарт Жамбыл, Сізге, Н. қазақ құрамасының жауынгерлері майданнан жалынды сәлем жолдап, қолыңызды қатты қысады. Біз жауынгерлер бұл хатты әрқайсымыз өз үйімізге жазып отырғандай сезіммен, адал жүрегімізбен алтын күннің әлемге нұр шашқан жазына көз тіге, сүйікті қазақ даласын көзге елестете отырып, Сізге жолдаймыз. Сізді өзіміздің туған әкеміздей ыстық. махаббатпен сағынып еске аламыз.

Қажырлы әкеміз, Жамбыл! Сіздің «Балама хат» деген өлеңіңіз таң алдындағы шығыстың майда желіндей желпіп бізге жетті. Біздің жігерімізді тасытты. Біз бәріміз де, осы хатты жазып отырғандар, батыр достарымыз туралы Сіздің тәтті жырларыңызды тағы да оқыймыз деген үміттеміз.

Тыңдаңыз қарт, ұлдарыңыздың үнін:

Әкеміз Жамбыл алыстан,

Ғасырды көрген данышпан,

Тыңдап құлақ салыңыз,

Ұлдарыңның майданнан

Жауынгерлік сәлемін,

Қабыл көріп алыңыз.

Ұлыңды батыр сансыз мың

Желіндей желпіп жеңістің

Жетті сіздің хатыңыз.

Жолдаған сәлем жүректен,

Жалынды ұшқыр тілекпен,

Күш берді, қарт атыңыз.

Уа, қадірлі ата жан,

Ұлы жолға аттанған

Ұлдарыңа сеніңіз:

Жауды аяусыз қырамыз,

Тұрғызбастай ұрамыз,

Тазарғанша еліміз!

Көкорай шалғын көліміз,

Асу асқар беліміз,

Босанғанша жеріміз

Тоқтамаймыз бір минут

Таусылмаса деміміз!

Фашист деген зұлым жау

Ойнамайды, күлмейді,

Адамның тілін білмейді,

Кісі өлтіру, қан ішу,—

Өзгені көзге ілмейді.

Сөйлесу керек олармен:

Қызыл оттың тілімен,

Көк зеңбірек үнімен,

Ұшқыр оқтың сөзімен,

Егеулі найза өзімен,

Болат қанжар жүзімен,

Ұғады соны немістер,

Түсінеді шынымен.

Осындай сұмның талайын

Келтіріп тілге үйреттік,

Ат артына сүйреттік,

Аз келгенін аздырып,

Бір-бірлеп тобын сиреттік.

Қызыл отты қақ жарып!

Жауған оққа қасарып,

Дұшпанның жатқан жеріне

Іркілмей кірді ол барып

Жүректі батыр Бұрышев

Гранатын қолға алып.

Қас батырша толғанып,

Бірін оңға құлатып,

Бірін солға сұлатып,

Қырғыйдай тиді неміске

Жаңбырша оғын боратып,

Батыр ұлың Баймұрзин

(Әбдірахман өз аты)

Ойып түсер дұшпанын

Жігіттің өткір болаты.

Ежелгі жауын көргенде,

Асығып сабыр тағаты,

Қырып салар қынадай

Жеткенде мезгіл сағаты.

Жау құтылып кетер деп

Үзбей сірә күдерді,

Жылдамдығы нажағай,

Қыймылы жай оғындай,

Жасымайтын жігерлі,

Бір ұрыстың үстінде

Немістің бес танкісін

Бір-бірлеп өртеп жіберді. »

Көк зеңбірек сүйреткен

Егескен жауын күйреткен

Ерназаров Мырзабай,

Ұлыңыз ол да асқан ер.

Ұшқан құсты ілетін

Желдей жүйрік жүгірер,

Ауыздықпен алысып,

Түпке жеккен Қарагер,

Зеңбіректі тартатын,

Кедергі болмай ылдый, өр.

Жаяу әскер соңынан

Көмек берді әрқашан

Қанатсыз ұшқыш жігіттер.

Атқаны аумай тиетін,

Өлік етіп немісті

Топ-тобымен үйетін:

Талайын жойып дұшпанның

Үш танкісін қыйратты.

Жауды тынбай өлтіру

Ісі еді оның сүйетін.

Қырағы қырдың қыраны,

Даланың ор қояны,

Таудың жүйрік бұланы,

Немістерді екі жүз

Отыз тоғыз өлтірген

Сүлейменов Ыбырайым

Қазақтың батыр ұланы.

Ашкейұлы Райымжан,

Талай батыр баулыған,

Ақылды басшы капитан,

Ұрыста салқын сабырлы,

Қырандарын өрбітіп

Жеңіске бастап жүрді caн.

Толып жатыр осындай

Қаһарман батыр жігіттер,

Өзіңнің шешен тіліңмен,

Бұлбұлдай тәтті үніңмен

Ұлдарыңды кемеңгер

Әлемге айқын жырлап бер!

Сұм фашисті, атажан,

Қарыс сүйем ілгері

Бастырмаймыз, жеңеміз!

Сіз арқылы халыққа

Осылай серт береміз!

Хош болыңыз, қарт ата,

Ұсындық, міне, қолымыз.

Талай жылдап тағы да

Сау-саламат болыңыз.

Ұлдарыңның жеңісін

Көзіңізбен көріңіз.

Асыл сөзбен ерлерді

Елге жырлап беріңіз!

Н. құрамасының жауынгерлері, командирлері мен саяси қызметкерлерінің тапсыруы бойынша: орденді жас ақын, сержант Нұршаихов Әзілхан, қос орденді мерген Сүлейменов Ыбырайым, орденді лейтенант Хұсаинов Мәті, капитан Барманқұлов Олжабай, медальді мерген Матаев Заманбек, капитан Шарипов Қасым, медальді сержант Мамырбаев Әлімжан, лейтенант Назаров Ислам, орденді үлкен лейтенант Исин Мәулен, қос орденді үлкен лейтенант Біләлов Әділ, әскери дәрігер Сырлыбаева Мәриям, майор Досанов Әбдірахман, орденді қызыләскер Әбдікәримов Біргебай, орденді қызыләскер Омарбаев Мұқан, үлкен лейтенант Мақамбаев Нұрділдә, капитан Қасымов Қани, үлкен лейтенант Әтеев Шазада, капитан Дүйсембеков Ғайса, капитан Исатаев Ыдырыс, медальді лейтенант Омаров Бексұлтан, лейтенант Қабдуллинов Қалижар, үлкен лейтенант Рахымжанов Балабек, үлкен лейтенант Қасқаруов Жылқыбай, медальді үлкен сержант Баталов Жүсіп, подполковник Бәйішев Сақтаған.

Майдандағы Армия


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Загрузка...