Алтын орда. I кітап

Роман – трилогия

БІРІНШІ ТАРАУ

Кереге қанат дала бүркіті көз ұшында қалықтап жүр.

Шөкімдей бұлты жоқ, айнадай ашық көк аспанда бағанадан бері дәл төбесінде айнала ұшқан қыран жерде тұрған Бату ханға осы тұстан түлкі, әлде қоян, не бір бөтен аңды көзі шалып қалып, соны аңдып жүргендей көрінді. Әйтпесе дала бүркіті бостан-босқа бір жерді шарықтай бермесе керек-ті. Бату хан өзі тұрған төбеден төмен қарады. Еш бір аң не құс көзге түспеді. Тек, құндыз бөркінің үсті бұхардың қызыл мауыты барқытынан тігілген және сондай кішкентай ықшам шапан киген бес жасар кенжесі Барақ төбе баурайында ойнап жүр. Жусан аралас қаудың арасынан шегіртке қуып томпаң-томпаң етеді. Әлем бір мезет тылсым тапқандай маужырап тұр. Лүп еткен жел жоқ... Көз ұшында қыран әлі қалықтап жүр. Нені көрді екен? Неге түспек? Бату хан ақырын күрсінді. Ол енді Ақ Еділдің сол жағасында жатқан астана Сарай - Батуға көз аударды. Әсем қала. Бір кезде өзі шапқан Херман Кибеге ұқсаған алтын күмбезді салтанатты шаһар. Тек Херман Кибеден көп шағын. Мұны да емен мен қарағайдан қырнап, сырлап, ақ тастан қашап, сылап тұрғызған сол орұсут жерінен әкелінген есірей шеберлер... Осы бір алтын мен қамшының күшімен орнатылған тамаша қала әрқашан да Батудың мақтанышы, қуанышы еді. Ежелден киіз үймен ақ шатырда өскен көшпелі елдің баласы болғандықтан өзінің осындай әшекейлі, мәрмәрлі кент тұрғызғанына іштей мәз-мейрам еді. Бұны Бату мақтаныш ететін және тағы көркейте түсуге құмар екенін де жасырмайтын. Сонау қала ортасындағы монғол шамандары ғибадатханасының қайқы қалпақ шатырларын саф алтынмен жаптырған. Басқа елдерді тонап әкелген алтынын аямаған. Бірақ өзі алты ай жаз бойы бұл сарайларда бір күн тұрып көрген емес. Кішкентайынан үйренген көшпелі елдің әдетіне салып, қала сыртындағы жасыл ойпатқа ақ шатыр тіккіздіріп сонда тұратын. Нөкерлері де хан шатырын қоршай киіз үй тігіп, соған көшетін. Хан шатырын өзге жұрт хан ордасы — Ақ Орда дейді. Осыдан шығарып, сонау Қыпшақ даласынан бастап Бату әскері барған күнбатыстағы Жерорта теңізімен шектесіп жатқан мадиярлар жеріне дейін созылған тұсты Ақ Орда хандығы деп атаған. Ал, Сарай қаласының алыстан күнмен шағылысқан алтын күмбездеріне қарай орұсут князьдары бұған Алтын Орда деген ат қойған. Бату Алтын Орда кіндік қаласы Сарайды Жерорта теңізінің жағасындағы елдерге барып қайтқан аттанысынан кейін салдыра бастаған.

Міне, осы сәулетті шаһарға көзі түскен сайын Бату хан бір жасап қалатын. Ал бұл жолы өйтпек түгіл, көңілі құрғыр селт етпеді де. Өйткені, дүниені тітіренткен айбынды Бату хан қазір жазылмас сырқат еді. Ат жалын тартып мінгелі, Хорватта былтырғы қатты жарақаттанғаны болмаса, өмірбақи ауырып көрген емес. Биыл жылан, яғни 1255 жылы... елу екіге жаңа шыққанында, жыл басынан осы кеселге ұшырады. Кесел болғанда қандай?! Бар бақсы-балгер, сонау Бағдат, Иран, Румнан алдырған дәрігер - дәруіштер еш ем істей алмады. Кеше ғана жас бұқаны мүйізінен ұстап тұқыртып, құлата алатын қуатты еді. Ал қазір күннен - күнге сөнуге айналған май шам тәрізді, өзінен-өзі таусылып барады. Бұны кешегі балуан денелі, арыс кеуделі әлемнің тең жартысын жаулап алған Бату хан деп кім айтар? Қымызы бітуге айналған саба тәрізді, күннен-күнге солып, мүлдем өше түсуде. Мұндай сұмдық кеселді кім көрген!

Осы індеттің тағы бір қиындығы: осылай біртіндеп сөнетінін білгендігінен бе, өзгеге қызық, алтын сәулелі жарық дүние Бату ханға қараң қалғандай. Күміс жұлдыз тот басып көмескіленіп, жайнаған гүл суық сорып семгендей. Ештеңеге көңілі соқпайды, ештеңеге қызықпайды. Ал бұдан жиырма тоғыз жыл бұрын? Онда... онда... жүрек те басқаша соғатын, тамырдағы қан да басқаша ағатын. Дүние оған көкжиегіне көзің жетпес бір мәңгі бітпес қуаныш тәрізді көрінген.

Шіркін өмір! Қалай жылдам өтіп кеткенсің! Әкесі Жошы дүние салып, доңыз, яғни 1227 жылы бүкіл Жошының алып ұлысына бұл ие болғанда жиырма үште екен. Содан да бері жиырма тоғыз жыл өтіпті! Жиырма тоғыз жылы жиырма тоғыз күндей-ақ қысқа көрінді оған. Жауды жеңген әр ұрысы — ұлан-асыр бір мейрам, әр шауып алған елі — басына шыққан асқар тауы еді ғой. Ал қазір солай тапқан алтын әлемі тот басқан бақырдай көрінбейді. Ажал жылжып жақындап келе жатқан ұлы жылан тәрізді.

Бұндай да өмір болады екен-ау! Үрей күні бұрын зәре-құтын қашырып, Бату әзер-әзер демін алды.

Аспанда жалғыз қыран әлі қалықтап жүр.

Бес жасар кенжесі Барақ шегіртке қуып, әлі томпаң-томпаң жүгіруде.

Бату осы етектегі баласына қарап еді, оның табыт боп қата бастаған боп-боз бетінде, оты жоғалып сөнуге айналған сұрғылт көзінде кенет бір болмашы шырай пайда болды.

Барақ Батудың ең соңғы қуанышы. Ақ Орда ханының бірнеше әйелі, төрт ұлы болған. Ең үлкені Сартақ. Одан кейінгісі Тоқты хан. Үшіншісі Аюхан. Төртіншісі Ұлақшы. Бұлардың бәрі ер жеткен. Ең кішісі Ұлақшы да жау түсіріп, ел басқармағанмен де, қыздарға көз салып, бәйгіге түсуге жарап қалған. Бұлардың бәрінің де аналары «Тәварихи-и гузида-ий нүрсәт-нәме» шежіресі айтқандай, мұсылман дініндегі Қыпшақ қауымына жататын Қоңырат, Маңғыт руларының қыздарынан. Тек үлкен баласы Сартақтың шешесі ғана ойрат бекзадасынан шыққан.

Бату хан өзге елді қандай шабуға құмар болса, сол елден жас тоқал алуға да сондай ынтық келген. Демек, бұл үйленуінің бәрін ол тек төсек жаңарту деп білген. Өзі ұнатса жарайды, қыз көңіліне қарамаған. Қаһарынан бүкіл әлем тітіреген Батуға еш қыз баласы қарсы келмеген.

Осындай жағдайда ол қырық жетіге жеткен. Міне, сонда барып бір ғажайып оқиға болды. Бату дегеніне көнбеген Хорваттағы бір шаһарды шауып қайтып келе жатқан-ды. Жол қалың ағаштың арасынан өтетін. Жанында үзеңгілес серіктері, ноян - батырлары, соңынан шұбырған нөкер, жауынгерлері... Бату кенет қалың ағаш арасында саңырауқұлақ теріп жүрген бір жас қызды көрген. Су перісі тәрізді, ұзын қызғылт алтын сары шашты. Қорқыныш - ұялаған үрейлі көздері көкпеңбек аспандай. Дене бітісі де өзгеше. Тәңірдің өзі адамзатты қызықтыру үшін аппақ мәрмәр тасынан мүшелерін әдейілеп құйғандай. Белі де үзілгелі тұрғандай жіп-жіңішке.

Бату хан бұрын да шапқан елінің талай сұлуларын көрген, бірақ мұндай қыз періштесі бұрын-сонды көзіне түскен емес.

Тіршілікте толқуды, қорқуды әдет етпеген Бату ханның тас жүрегі кенет дір еткен.

Бал араларын ұстаған ормандағы жалғыз үйлі кемпір-шалдың көздерінің қарашығындай сақтаған осы жалғыз қызын ол ордасына алып келген.

Әке-шешесін тірі қалдырғанын Бату қыздарының төлеуі санаған.

Адам баласын қадірлеуді білмеген Алтын Орда ханы осы қызды жанындай жақсы көрді. Ал адам баласын ардақтап өскен хорват қызы, бүкіл Алтын Орда қожасы Бату ханды ұнатпады, сүймеді. Бостандығынан айырғаны үшін жек көрді. Зорлығымен дегеніне көндіргені үшін оған кектене қарады. Талай рет қашпақшы да болды, у да ішуге барды. Бірақ күндіз-түні аңдыған төлеңгіт, дәйекші, арнаулы сахи - қатындар еш мүмкіндік бермеді. Ақырында, тоғыз ай, тоғыз күн толғанда, ол осы Барақты тапты. Барақ шыр етіп жерге түскен сәттен - ақ хорват қызы енді өмір сүргісі келді. Өлгісі келмеді. Жат ел Ордасындағы жалғыз ұлы үшін өлгісі келмеді. Өлмеймін деп жанталасты. Бірақ жазмыш деген қырсық оның дегенін қабылдамады. Жолдасы түспей, әйел бір күн қиналып жатып, дүние салды.

Артынан барып Бату әйелін бала таппаған күншіл тоқалының біреуі өлтірткенін білді. Қиналып жатқан әйелге шақырылған бәлгер қатын ханның тоқалы берген алтын ділдәлар мен көйлектік жібек матаға қызыққан, баланың жолдасын түсіру үшін жас босанған бейшараның кеудесінен төмен қарай сипай - сылаудың орнына, алқым жағын ысқылаған. Бала жолдасы жоғары көтеріліп, сорлыға дем алғыздырмай, жүрегі қабынып өлген.

Бұның бәрін Бату соңынан білді. Бірақ сонау өлердей ұнатқан хорват қызын өлімнен сақтай алмай қалғанына жылардай боп өкінді. Бір үлкен ұрыста ұтылғандай жапа шекті. Демек, бұ да қанды балақ Шыңғыс ханның немересі емес пе, бір қатын үшін қашанғы сілімтігі шығып «ах!» ұра береді, тез-ақ ала бөтен тымырсық сары уайымнан айырылды. Жазмыш деген бір бәтуасыз дүние, ала бұлтты аспан тәрізді, басына қай тұсынан күн жарығының, не бұлт көлеңкесінің түсетінін білмейсің. Ал Барақ болса тым жас. Кімнің кесапаты, кімнің шарапаты тиетінін білу қиын. Жақсы көрген әйелінен айрылған Бату одан туған баладан да айрылып қалмайын деген ойға келді. Қатынына істелген қастық, баласына істелмесіне кім кепіл? Сондықтан да жас нәрестенің сыртынан қырағы көзін сала жүрген. Сөйлей бастағаннан-ақ кейде алдына алып отыратын да болған. Сол сәтте жүзінде бір болмашы шуақ та жылт ете қалатын. Бұдан бұрын жорықтан, күрес - таластан, ел басқару әрекеттерінен өзге ұлдарына тіпті көңіл бөлмей келген. Ал жетім қалған кенжесіне кәдімгідей ықыласын аударды. Әйтсе де, осы бір әлжуаз, болымсыз сезімнің өзі де оны Бараққа үйретті, бірте-бірте жақсы көре бастады. Оның үстіне бала да өскен сайын шешесіне ұқсай түсті. Жанарына нұр толған көгілдір көз, сары шашты. Жаралғалы балаларының бетінен сүйіп көрмеген Бату кейде бұның маңдайынан иіскейді. Сол мезетте нәрестенің иісі қолқасын атып, есіне шешесін түсіреді. Ал ашуланса, ренжісе Барақ аумаған шешесі, қайсарлана қалады. Осының бәрі Батуға қайтып оралмас бір өтіп кеткен қуанышты елестеткендей болды. Осы қуаныштың мұрасы тәрізді әйгілі хан жас нәрестені енді шын жүректен жақсы көре бастады. Осы ұлым өсіп, өзімнің тағыма отырса екен деген тәкаппар ханда кенет атасы Шыңғыс ханның өсиетіне қарсы ой да туған. Атасы өзінің әйгілі жасысында: «Менің ұрпақтарым өздері жеңген монғолдардан бөтен жұрттардан алған қатындарынан туған балаларын өз тақтарына мұрагер етпеулері керек. Адам қасиеті ана сүтімен келеді. Мұндай мұрагер әке тағына отырғаннан кейін, ана еліне тартып кетуі мүмкін» деген. Осы ойы ата жасысына қарсы болғанменен, қартайғанның белгісі ме, ауырғанынан бері Батуда ұлғая түскен. Бұл мұратының орындалмауына жасының жетпеуін білгендіктен бе, енді ол ой жанын жегідей жеген арманға айналған.

Сол арманның иесі шегіртке қуып жүрген мынау сары шашты, қызыл мауыты шапанды бес жасар Барақ...

Сол арманына жете алмайтынына көзі жетіп, беймаза ойдан құтыла алмай қапа болып отырған мынау әке...

Бату ханға кенет тағы бір құбыжық ой келді. Шошына қалды. Қып-қызыл шапан киіп ойнап жүрген баласына көз тастады, сөйтті де дәл төбесінде талмай қалықтаған қыранға қарады. Төбе үстіндегі өзі отырған қазан тастан Бату кенет асыға түрегелді. Бірақ үлгермеді...

Көз ұшында шыр айналған дала бүркіт бір мезет кереге қанатын жинап алды да, төмен қарай, құлаған тас тәрізді, құлдилай аға түсті. «Бері кел, бері кел!» деп Бараққа қарай жүгірген әке төрт-бес адым аттады, бірақ үлгірген жоқ, алып қыран төмен қарай шүйілген бойы зулап кеп, Батудың дәл көз алдында, Барақты іліп алып қаннен-қаперсіз қанаттарын қайта жайып, көк аспанға қарай самғай жөнелді.

Алыстап бара жатқан қара бүркіт пен қызыл шапанды баласынан көзін алмай көкке қарап тістеніп, Бату хан қатты да қалды. Тек құлағына Барағының шырылдаған даусы жеткендей болды.

Адам тіршілігін шыбын құрлы көрмеген, дүниеге келгелі жылауды, біреуді аяуды, қорқуды білмеген, қанды айқас, жан түршігер қырғындардан жүрегі әбден мүйіз боп қатып қалған Бату хан, өлімнің қандай жан ауыртар керемет ауыр азап екенін жаңа ұқты. Жоқ, жалғыз өлімді ғана емес, жазмыш сынды тас бауыр мыстанның да не екенін түсінді. Жүздеген мың адамның тағдырын «Қырып таста!» — деп қолының бір сілтеуімен оп-оңай шеше салатын Бату, садағының бір тартуынан қалмайтын самұрық қанат қара бүркітке күші жетпеді. Баланы қалтқысыз жақсы көрудің не екенін түсіне бастағанда, ажал, қара бүркіт боп кеп, ең кенжесін алып кетті. Миллиондаған адамның тағдырын шеше алса да, бір баланың тағдырына араша түсе алмады! Қандай құдіретті болсаң да, жазмыштан күшті емес екенсің! Мейлің құдай бол, мейлі Бату бол, тағдыр - ажалға әлің жетпейді екен!

Бату ызадан жарылып кете жаздаған. Бірақ дәрменсіз екенін білгеннен кейін қайтадан сары уайымға салына түсті. Балдырған жас баласының денесін қара бүркіт тырбиған, имиген болат тырнақтарымен парша - паршасын шығарып, қаны сорғалаған жас етін сары ауыз балапандарына асатып жатқанын көз алдына елестетсе, тас жүрек хан Бату қабырғасы қайысып, бір орнында отыра алмай кетеді. Тағы бір сәт ойлана қалады. Баласының атын шу дегенде Орұсут, не Қыпшақ қоймақшы болған. Тек соңынан барып Барақ атаған. Енді міне, алғашқы аттардың біреуін қоймағанына өкініп тұр. Егер Орұсут, не Қыпшақ, десем Барағым ұзақ жасар ма еді деп ойлайды ол.

Кенет оның көз алдына осыдан жиырма жыл бұрын өткен бір сұмдық сурет тұра қалды.

Батудың өзі басқарып келе жатқан монғол кәшіктәне қосынына тау елінің бір шағын бекінісі ұзақ қарсыласқан. Ерлері тегіс қырылып, тек әйелдері мен жас балалары қалса да, бекініс тұрғындары берілмеген. Ұзақ қоршаудың арқасында, ақырында азық-түліктері әбден таусылып, олар енді аштықтан қырыла бастаған. Сонда да қарсы әйелдер бекініс қақпасын ашпаған. Биік жартастар қоршаған бекініс — қыстақты монғолдар ала алмаған. Осы кезде күз таяп қалған. Әбдені лажы таусылған хан қулыққа көшкен. «Егер еріктеріңмен берілсеңдер, балаларыңа тимейміз» деп елші жіберген. Балалары үшін сорлы аналар бекіністің есігін ашқан. Ішке кірген монғолдар таң қалған. Мұнда бар болғаны жүздей ғана әйел бар екен. Бәрі де арып-ашып жүдеген, әбден ашыққан. Әзер-әзер қимылдайды. Бірақ жауға деген кек, балаларына деген, Отанына деген махаббат жүректеріне от берген, ең соңғы демдері біткенше қаланы қорғамақ болған. Көз алдарында монғолдардың балаларын өлтіргенін көргісі келмеген. Одан да әрекет істеп, айқасып құрбан болуға бел буған. Осындай жағдайда Батудың «балаларыңа тимейміз» деген сөзі жеткен. Балаларын қалдырады деген, хан сөзіне сенген. Сенбеске де амалдары жоқ еді. Лажсыз қақпаны ашқан. Бірақ Бату уәдесінде тұрмаған. Қаланы ала алмай көп кідіріп, біраз жауынгерін жоғалтқан ызалы хан, әскеріне әйелдерді қатар тізіп қойғызып, көз алдарында балаларын монғолдың имек жүзді алдаспандарымен шапқылатып өлтірткен. Аналардың сондағы жан түршігерлік айқайларына бұл бүлк етпеген. Жеңіс буы көл боп аққан аналардың көз жасына, қайғы - қарғысына көңілін тіпті бөлдірмеген. Оларға бар істеген жақсылығы — өкірген әйелдер даусы әбден мазасын алған шақта өздерін де шапқылап өлтіруді бұйырған. Міне осы сурет көз алдына елестеп кетті. Ал Батудың сондағы жауыздығын көрген жұрт Шыңғыс хан әлі өлмеген екен деген. Кейбіреулер қан құмар Шыңғыс ханның жаны енді Бату бейнесіне енген екен деп жорыды. Сондай әлемді шошытқан Бату хан бүгін өзі шошып тұр. Сондағы жүз әйел Бату тағдырға ештеңе де істей алмаған. Ал қазір Бату да қара бүркіт тағдырға ештеңе де істей алмай, бордай опырылып, күйреп қалған. Өмір — талас, кім күшті — сол жеңеді деген міне осы! Адам баласының таласы бетпақ дүниеде алма-кезек түсіп осылай өтіп жатады. Еш уақытта да бітпейді, бітуге тиіс емес.

Хан кенет бойын жинап алды. Жоқ, бұл қайғы үшін жаралған жан емес, жұртты қайғырту үшін жаралған. Жауға кегін жібермей үйренген Бату енді қара бүркіттен кегін алмақ болды. Өзіне қарсы келген, өзін мұқатқан адамды табанының астына бір салмай көңілі көншімейтін хан, бұл жолы да сол дағдысына көшті. Қанды қанмен жууды әдет еткен мүйіз жүрек, бұл жолы да қалт кетуден аулақ еді. Қара бүркітті өз қолымен бауыздап, ыстық қанын ұрттаса Барағы тіріліп келетіндей сезінді.

Хан Бату тағы аспанға қарады.

Кереге қанат алып бүркіт тағы көз ұшында қалықтап жүр.

Қыран көрсін деп баласы тәрізді үстіне қызыл мауытыдан шапан киіп, қылшылдаған қанды жүз ақберенін қолына қыса ұстап, ертеңіне төбенің басына тағы келіп отырды. Бірақ қара бүркіт енді түспеді. Бүкіл әлемді жаулап алуды, бағындыруды мұрат еткен Бату ханның ендігі бар тілегі, бар арманы тек қара бүркіттің өзіне түсуі ғана болды. Ал қыран, сенің де тілегің орындалмасын дегендей, төбе басындағы қызыл шапанды адамның үстінен шыр көбелек айналып, көз ұшында қалықтап ұша берді, ұша берді.

Алтын Орда тағында отырған Бату өзін алғалы келген осы кеселден енді айыға алмайтынын білген. Тек бұл бәтуәсіз дүниеде қанша тұра алады, соған ғана көзі жетпеген. Өзін емдеуге монғолдың ұлы ханы Мөңке жіберген Тібіт дәрігері осыдан бір ай бұрын елінен жүрер алдында: «Мәртебелі Алтын Орда ханы, сізді бүл кеселден Тібіт емі жаза алмайды. Денедегі судың жиырма бөлшегінен бір бөлшектейі қалғанда адам дүние салады. Құрысқан көн тәрізді кісі біртіндеп барып бойындағы суы таусылуға айналғанда көзін жұмады. Бұған ештеңе де істей алмайсың. Сіздің де қаныңыз қоюланып барады екен. Аз тұрасыз ба, көп тұрасыз ба, тек жазмыш біледі» деген.

Бұны қарт дәруіш Алтын Орда ханына оңашада айтқан. Бату дәрігер сөзін бөлмеген. Соңынан да сабырсыздық көрсетпеген. Алыстан келген кәрі емшіні тарту-таралғысын мол беріп, еліне қайтарған. Дәруіш жүріп кеткеннен кейін де ешкімге сыр ашпаған. Бұрынғыша хан сарайында әдеттегі қалпында Орда жұмысымен шұғылдана берген. Басқа жұрттан келген елшілерді қабылдаған. Жуырда өледі екенмін деп қорқып, Орда тізгінін босатып жібермеген. Барлығы өткен уақытта қандай тәртіпте болса, сол қалпында жүріп жатқан.

Ал Батуға кеселден көрі, өзінің өлетінін күні бұрын білгені батты. Соның қайғысынан кешегі арыс дене шүйкімдей болуға айналды. Атасының көзіндей, кірпік қақпай қарайтын, қаһар шашқан, мызғымас қысық көзі, енді шел басқандай тұмандана түсті. Сөйтсе де ол Орда тәртібін бұзбаған.

Тек түс ауа нөкерлерін шұбыртып, ең сүйікті кенжесі Барақты, бір кезде өзіне ұлы атасы Шыңғыс ханның істегеніндей, ерінің алдына отырғызып ап шаһарының сыртына шығуды әдет еткен. Ақ Еділдің қырқа тұсындағы бір биіктеу төбенің жанына келіп атынан түсетін. Нөкерлері хан ойын бұзбайық деп екі жүз — екі жүз елу қадамдай кейін шегініп, төбені қоршай, күзетіп алыстан тұра беретін. Ал Бату баласын өзі еркімен ойнатып қоя беріп, төбе үстіндегі қазан тасқа отырып алып, ойға кететін... Не ойлады? Өмір туралы ма, өлім туралы ма? Атақ, бақ үшін, бір ғана Шыңғыс ұрпағының атақ-бағы үшін әлемді қан сасытып халықты қойдай қырған Бату енді өзінің шыбындай жанын қалай құтқарарын білмей ой теңізіне шомыла ма? Әлде тіршілік шіркінді қия алмай, қайғы-қасірет мұхитынан өтетін жол таба алмай, құр жүдеп отыра бере ме? Жоқ, жоқ, тіпті олай емес. Өлетіні де, одан құтылатын жол жоқ екенін де білетін ауру хан, бос қиялдан көрі алдағы өмір туралы ойлануда еді. Жоқ, өз өмірі туралы емес, өз қолымен шаңырағын көтерген Алтын Орданың алдағы қамын ойлайтын. Қандай ақыл, өсиет қалдырса үрім-бұтағы оны сақтай алады, мәңгі-бақи құлаттырмайды? Сол Алтын Орданы билеген үрім-бұтағы қайтсе айбарлы күш бола алады?

Адам дүниеге өзі келеді, өзі кетеді. Үрім-бұтақтың да өз тағдыры, өз тіршілігі бар емес пе? Сөйте тұра, үрім-бұтақ үшін күні бұрын әлек болудың қандай қажеті бар?

Жоқ-жоқ, тіпті олай емес. Атасы Шыңғыс хан: «Мен дүниеден екі-ақ нәрсені арман еттім. Біреуі — атақ-даңқымның өсе беруін, ал екіншісі — үрім-бұтағымның өзімдей әйгілі әрі ел-жұрттың әміршісі болуын» ғана көкседім деген, жоқ па еді.

Сол атасы қарт Борақұлдан:

— Бұл жалғанда саған не қымбат? — деп сұраған.

— Өмір! — деген Борақұл.

— Оны немен дәлелдейсің? — деген Шыңғыс хан.

— Мен қазір ұлы мәртебелі Шыңғыс ханның арқасында, ұлы Орданың шаңырағын ұстап тұрған тоғыз уылдырығыңның — тоғыз өрлігіңнің бірі болдым,— деген Борақұл.— Ұлы ханның өз иығынан алтын кіреукелі тон кидім, бірінен-бірі асқан отыз сұлу қатын алдым, алдымда билейтін ұлысым, бықыған малым бар... Бірақ қартайдым, төрімнен көрім жақын қалды. Ал егер құдай маған, мені баяғы саған қосылардан бұрынғыдай малшы болып жүрген таз қалпыма, бірақ жас қалпыма қайта түсірейін, мына атақ - бақ, дәрежеңді қиып кете аласың ба? — десе, мен сөз айтпай көнер едім. Өмірдің қымбаттылығы міне, осындай.

— Дұрыс айттың,— деген Шыңғыс хан,— тіршіліктен қымбат ештеңе жоқ.

— Ал өзің де сөйте алар ма едің? — деп сұраған одан сонда Борақұл.

— Жоқ, мен өйте алмас едім,— деген ойланып Шыңғыс хан,— саған бәрін тастау оңай, атақ - бақты да, дәрежені де... Өйткені сенің артыңда үрім-бұтағың жоқ қой. Ал маған олай істеуге болмайды. Төрт ұлым — төрт жиеһангер, әр немерем — әр елдің ханы, шөберелерім де ат жалын тартып міне бастады. Менің даңқым енді солар арқылы қанат жаяды... Ал өзіме өмір сұрап алғанмен үрім-бұтағымды осы күнгілеріндей атақ - бақ, дәрежеге жеткізе аламын ба? Тек өз басым үшін ғана емес, солар үшін де күресіп, алысып-жұлысқан жоқпын ба? Жоқ, өйте алмайды екенмін. Менің сұрап алмақ өмірім, оданда үрім-бұтағымның игілікті өміріне айналсын. Сонда олардың әр жеңісінен, әр алға басқан адымынан мен қайтадан туамын. Үрім-бұтағым өмірімнің жалғасы. Егер олардың даңқы мәңгі өлмесе, мен де мәңгі жасаймын. Адамға бұдан зор тілек бар ма?

Үрім-бұтақ деген міне осы.

Бату осындай ой үстінде отырған күндердің бірінде, көк жүзінде алып қыран пайда болды. Әрине, бұл жексұрын құстың өзінің тағдырына айналатынын білсе, әлдеқашан оны құртар еді. Білген жоқ.

Айбарлы Бату бұны білді, бірақ қолынан дым келмеді.

Бірақ хан кенжесінің өлгенін тірі жанға айтқан жоқ. Сан халыққа күші жеткен Бату бір қарақұсқа күші жетпегеніне қорланды. Дұшпаным табалайды деп айтпады. Өзге жұрт Барақ қайда деп сұрамады.

Дегенмен, кенжесінің жоқ болып кетіп, ал ханның қызыл шапан киіп жападан-жалғыз, күнде түс ауа төбе басында отыруынан жұрт бір сұмдықтың болғанын сезді. Бірақ сұмдыққа етене боп еті өліп кеткен Орда төңірегі Батудан ештеңе сұрамады. Сұрауға бата алмады. Хан өзі айтпады. Жұртты таң қалдырған тағы бір нәрсе бар еді. Жошыдан туған он жеті ұлдың ең даңқтысы да, айбарлысы да осы Бату. Бұдан дәрежесі де, атағы да сәл төмендеу ағасы Орда мен інісі Берке. Ал Жошының өзге балалары — әсіресе бесінші ұлы Сибан мен он үшінші ұлы Құтлық Темір жай қатардағы омақ иелері еді. Тек ұрпақтары барып соңынан олардың атақтарын шығарды. Дәшті Қыпшақ жерінде Бату Ақ Орда туын көтергенде, өзіне берілген Ұбайра-Сұбайра ұлысында — Көк Орда хандығын құрған Орданың өзі, інісі Батудың көлеңкесінде жүргендей болатын. Әрине, Жошының басқа ұлдарының бөрі де ел басқарған, алдарына мыңдаған мал салған, әр қайсысы ұлан-асыр бір байтақ жұрт, бірақ хан дәрежесіне көтерілмеген. Міне, осы Жошының он жеті ұлының ішінде ең даңқтысы да, айбарлысы да Бату. Бұған дәреже, атақ, бақ жағынан Шыңғыс немерелерінен бұл тұста Төленің қос арланы — Солтүстік қытайдың патшасы Құбылай мен Кавказ, Әзербайжан, Рум, Иран, Бағдат, Ильханы Құлағу ғана пара-пар келер. Бірақ бұлар да Шығыстағы Қорасаннан, Батыстағы Херман Кибеге дейін алып жатқан жоқ. Ақ Орданың өмірі жүріп тұрған жер өгіздің талысындай болса, өзгелердің қарамағындағы аймақтар қойдың, әрі кеткенде тайыншаның терісіндей. Әрине, дәреже жағынан Төленің тағы бір баласы Мөңкені және Жағатайдан туған Күйікті де ұмытпау керек. Шыңғыс ханнан кейін Үгедей, Үгедейден кейін Күйік, Күйіктен кейін Мөңке ұлы хандық Қарақорымның тағына отырған. Қазір Қарақорымда Мөңке. Ал жұрт таң қалған жәйт мынада еді. Шыңғыс ұрпағының ішінде ең тәкаппар батыры осы Бату. Шыңғыстың даңқты өзге ұрпақтары ел шапқанда да, жауға қарсы аттанғанда да, қосындарын өздері Ордада отырып, не майдан шебінің арт жағында тұрып басқарса, бұл әрқашан да өзі әскерінің ең алдында болатын. Ал Алтын Орда сарайында отырғанында үстіне жібек, кіреуке, құндыз, торқа киіп көрмеген. Бәз-баяғы ата - бабасындай жаз түйе жүн шекпен мен құлын терісінен істелген тайжақысы, қыс тобылғы күрең тоны мен қасқыр ішігі үстінен түспеген. Басына жаз ақ тиіннің терісімен көмкерілген қыпшақы бөрік, қыс елі жүнді қарсақ тымақ киетін. Бөркі ғана Қыпшақтікі. Сөйткен Бату кенет сырты алқызыл мауыты құндыз бөрік пен алтын зерлі алқызыл мауыты бұқар бешпетін киюді шығарды. Және бұрын қан майданда қандай көрлі, айбарлы болса, Орда ішінде, дос-жарандарының арасында өзін сондай инабатты сыпайы ұстайтын хан енді кілт өзгерді. Сұп-сұр боп қаны қашып, қабағы кірбің тартып, жұртпен жөнді сөйлеспей қойды. Бұрынғысынан да бетер ашулы, үн шығармай, тек зілді түрімен - ақ қасындағылардың еңсесін басып, апшысын қуырып бітті.

Ханның сырқат екенін жұрттың бәрі де білетін. Сондықтан мұның бәрі ауруының кесірінен ғой деді маңайындағылар. Тек олар Алтын Орда иесінің күнінің таянғанынан хабарсыз еді. Сондықтан олар Батуға «әлі-ақ айығып кетер» деп үміттене қарады. Ал «не болар екен?» деген қорқынышты сұрақты уәзір, нөкер, ноян, қолбасшылар бір-біріне сыбырлай айтты. Дауыстарын қатты шығаруға батылдары бармады. Бату тұрған жерде ешкім даусын қатты шығарып көрген емес. Өйтуге қақылары да жоқ.

Ал Бату әдеті бойынша төбе басына келіп күнде отырады.

Қыран да хан үстінен қалықтауын тыймады.

Бірақ Бату хан Ордасы жайлы ойлануды ұмытпады. Өлер күні таяу қалғаны хақ. Ұрпақтарына қандай өсиет, қандай ақыл қалдырмақ? Бір күні ол Тайжігүт бәйбішесінен туған ең кенжесі Ұлақшыны шақырды. Бұл ұзын бойлы, ат жақты, қыр мұрын, әдеміше келген бала жігіт. Монғолдан гөрі иран елінің бозбалаларына ұқсас. Әрине, Ұлақшыдан гөрі Бату тақ мұрагері үлкен баласы Сартақты шақырғаны жөн болар еді. Бірақ Сартақ қазір Ордада жоқ. Өзі ауру болғаннан кейін, Қарақорымға шақырылған. Құрылтайға Сартақты жіберген. Ал Бату ханның сүйеніші Ұлақшы таза монғол болса, Сартақ христиан дінінде еді. Және өзінің ұлысының шетінен шіркеу тұрғыздырған. Мұсылман дініндегі қыпшақтар «Сартақ Батудың нәсирәни дініндегі тұтқын әйелінен туған. Монғол тілектес болсын деп емшектегі күніндегі қағанағы жарылмаған ойрат қатынының бауырына салған екен. «Қарына тартпағанның қары сынсын» деген, Сартақ шеше сүтінен аса алмай кәпір дініне кіріп шіркеу орнаттырып жүр» деген сөз шығарған. Сартақ жұрттың өсегін айғақтағысы келгендей ұзын бойлы сары шашты, көк көз кісі еді. Әлгі сөзді естіген Бату: «Мұсылман бола ма, кәпір бола ма, маған бәрібір, тек әке тағын сақтай білсе жарады» деген де қойған.

Шыңғыс хан жасысы бойынша әке тағына үлкен ұлы отыру керек те, шаңырақ иесі кіші баласы болуға тиісті. Бірақ бұл тәртіп үнемі сақтала бермеген. Шыңғыс ұрпағы қасқыр ұялас, күштісі жеңеді де, әлсізі үлкен - кішісіне қарамай жем болып қала береді. Бірақ, ат жалын тартып мінгенше монғол Ордасында тәрбие алған атасы Шыңғыс ханның жасысын бұлжытпай орындап үйренген Бату Сартақты өз тағына отырғызбақ еді. Сол себептен де оны ұлыс ісімен таныса түссін деп Қарақорымға жіберген. Ал Ұлақшыны шаңырақ иесі мұрагерім деп өзіне жақындау ұстайтын, өзгеге айтпаған көп сырын бұдан жасырып қалмайтын. Бұл жолы да солай болды.

— Ат жалын тартып мінуге жарағаннан кейін хан ұрпағы жас болып саналмайды, сен де ер жетіп қалдың, ұлым,— деді Бату төбе үстіндегі тасқа отырғаннан кейін.— Мен де елуден астым, әрі жазылмас сырқатпын. Артыңа қарап «нені істедім, нені істей алмай қалдым, істегенімнің бәрі ойдағыдай шықты ма, шықпады ма»,— деп көз жіберіп ойланар керек. Ал сен болсаң, шаңырақ иесі — кенжемсің ғой, отыр, әңгімелесейік.

Ұлақшы әкесінің нұсқауымен оның оң жағынан жалпақ тастың үстіне малдасын құра отырды. Әкесі өзіне оң жағынан орын бергеніне Ұлақшы іштей көтеріліп қалды.

— Бүркіт балапаны ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі,— деді Бату, әңгімесін алыстан бастап,— мен әкем Жошыдан көрі кішкентай кезімде атам Шыңғыс ханның тәрбиесінде болдым. Жетіге жеткенімде ерінің алдына отырғызып алып, ол маған монғол лашқарларының қолынан қырылған жұрттың майдан даласын көрсететін. Ал мен, әрине, монғол нояндарының қисық қылыш, қысқа шоқпарларына қызығатынмын. Ерліктеріне тәнті болатынмын. «Өзім де осылардай жұртты қыра білетін батыр болсам игі еді» деп құмартатынмын... Ал кейде ол маған ақыл-өсиет айтатын. Сол өсиеттерінің, әсіресе, үшеуі — өмір деген қара түнде менің жолымды көрсететін жарық жұлдызым — Темір қазығым болды... Сұрапыл сапарларымда сол үш өсиетін жанымның азығы еттім. Бірде ол маған.— «Топ итті жолбарыс басқарса, күндердің күнінде топ ит жолбарысқа айналады. Ал топ жолбарысты ит басқарса, ақырында барып әлгі топ жолбарыс ит боп кетеді»,— деген.

Ал маған ерген шапқыншылар алты басты айдаһар еді. Оны басқару оңай емес-ті. Сондықтан мен үнемі жолбарыс болуға тырыстым. Сондықтан ба менің соңымнан ерген ноян, баһадүр, жауынгерлерім жолбарыс тәрізді қанды ауыз, ержүрек, өлермен болды...— Ал, тағы бірде Шыңғыс атам: «қара халық қорыққанын сыйлайды, дәріптейді. Егер дүние жүзіне атың қалсын десең, ешкімді аяма, жұртты қыра бер. Неғұрлым халықты көп қырсаң, соғұрлым даңқың өсе түседі»,— деген.

Ұлақшы әлденеден қысылғандай жерге қарады.

— Неге басың салбырап кетті? — деді Бату.— Әлде Бүкенжи қазының айтқанын естіп пе едің?

— Иә,— деді Ұлақшы басын көтермей.

Жылан, яғни 1221 жылы монғол қосындылары Қорасандағы Гератты алғашқы қоршаған жолы шаһардың қазысы Бахиддин Бүкенжи қолға түскен. Шыңғыс хан қазының білгірлігіне риза болып, өзінің қасынан тастамаған. Тәржімашысы арқылы одан мұсылман әлемінің, түркі тұқымдас елдердің жайын, әдет-ғұрпын, салт-санасын үнемі сұрап отыратын.

Бір күні Шыңғыс хан: «Мен ғаламат көп халықты қырдым, сондықтан даңқым дүние жүзіне кетеді. Тіпті, ешкімді қалдырмасам, атағым бүгінгіден де аса түседі»,— деп серіктеріне мақтанады. Осы сөзді естіген қазы шыдай алмай: «Ұлы мәртебелі хан ием, егер жанымды сауға ететін болсаңыз, сіздің жаңағы сөзіңіз жайында мен де өзімнің бір ауыз ойымды айтар едім»,— дейді. «Айт,— дейді Шыңғыс хан,— тимеймін». «Егер әскеріңіз бар халықты қырып тауысатын болса, онда сіздің хан ием, атағыңызды кім дәріптейді?» — дейді.

Бала жігіт Ұлақшының есіне түскені осы әңгіме еді.

— Жоқ, сен әлем иесі Шыңғыс ханның Бүкенжи қазыға қайтарған сөзін естімеген екенсің,— деді Бату Ұлақшыға.— Естісең, бүйтіп жерге қарамас едің... «Мен сені ақылды, көреген кісі деп жүр едім,— деген қаһар иесі Шыңғыс хан,— ал сенің жаңағы сөзіңе қарағанда, мен ойлағандай емес екенсің. Дүние жүзінде ел билеп отырған хан жалғыз менмін бе? Ал мен монғол атының тұяғы тиген жерге дейінгі жұртты ғана қырдым. Даңқымды мен тәрізді ел билеп отырған өзге жұрттар аңызға айналдырады. Ұрпағынан ұрпағына таратады. Сөйтіп, атағым мәңгі өлмейді» деген.

Бату сәл ойланып қалды да тағы сөйлеп кетті:

— Халық деген қатын тәрізді ұмытшақ келеді,— деді ол.— Байынан таяқ жеген қай қатынды көрдің өмір бойы кектескен? Сол сен қырған халықтың Ұрпақтарының өздері-ақ қайтадан өсіп ел болғанында, бабасын құртқаныңды алдымен өзі ұмытады. Әлі-ақ қаталдығыңды ерлігіндей дәріптей түседі. Даңқ деген міне, осылай келеді.

— Ал үшінші рет далай қаған бабамыз мынадай өсиет айтты,— деді Бату аздан кейін.— «Жауыңа қандай қатал болсаң, досыңа сондай мейірбанды бол. Өзіңе жақсылық істегенге жақсылық істе. Тілесе, қойныңдағы қатыныңды қи»,— деді ол.

Бату хан «қыран өлі көрінбей ме?» дегендей аспанға қадала қарады.

Кереге қанат қара бүркіт көкте қалықтап жүр екен.

Оны Ұлақшы да көрді.

Бірдемеге түсінгендей әкесінің бетіне үрке қарады.

Бату хан үндеген жоқ.

— Мен атам Шыңғыс ханның алғашқы екі өсиетін қандай берік ұстасам,— деді ол аздан кейін,— үшінші өсиетін де тапжылтпай орындауға тырыстым.

- Бірақ, сіз ұлы бабамыздың істегенін істей алған жоқсыз ғой.

— Иә, мен қойнымдағы қатынымды ешбір досыма берген жоқпын. Атақты Бату да Далай қаған Шыңғыс хан бола алмады.

Меркит пен Найман хандарын өлтіріп, Шыңғыс хан оларды өзіне бағындырған кезінде, Керей ұлысының билеушісі Жаха-Гамбу екі сұлу қызының бірі Ибаханбегімді Шыңғыс ханға қосып, соның арқасында өзі ажалдан аман қалған. Қызының еншісі етіп қос-қос жылқы, қазына-мүлік, екі жүз күң ерген. Соңынан Шыңғыс ханға қайтадан қарсы шыққан. Шыңғыс ханның досы Жүршетай-ноян Жаха-Гамбуды алдап қолға түсіріп, басын алған. Осы Жүршетай-ноян бұның алдында Керейлердің де қолын жеңуге көмектескен. Және сол ұрыста Шыңғыс ханға сілтеген қылышқа өзі қарсы ұмтылып, ханды өлімнен аман алып қалған. Жүршетайдың осы қылығына риза болған Шыңғыс хан:

«Қас болсақ, қасыңа —

Дайын тұр қазып көр.

Дос болсаң, досыңа —

Етіңнен ет кесіп бер,—

деп, сұлулығына да, ақылдылығына да қарамай қойнындағы қатыны Ибаханбегімді дүние-мүлкімен, еріп келген екі жүз күңімен Жүршетайға берген.

Әке мен баласының сөз етіп отырғаны осы оқиға еді.

Ұлақшы оған тағы сөйледі.

— Шыңғыс бабамыз әйелдерін тек ойынан шыққан достарына ғана беріп қоймаған... Кәкітай-ноян Жүршетай емес еді ғой...

— Иә, ондайы да болған. Өйткені, сенің бабаңның көксегені биік еді ғой. Оған бәрі де келісті.

Оқиға былай болған.

Керей мен Тайжігүт рулары алысып жүрген тұста Ұрұт әміршісі Кәкітай-ноян мен Маңғыт әміршісі Құйылдар-ноян ІІІыңғыс хан жағына шыққан. Шыңғыс ханға қосылды дегені болмаса, Кәкітай-ноянның ханға өткізіп қойған ештеңесі жоқ еді. Тіпті, Уан ханмен жауласып жүрген кездерінде, бір қырғын айқаста, қарсы жағына күші жетпей абыржып тұрған Шыңғыс одан «не істеу керек?» деп кеңес сұрағанда, Көкітай-ноян атының жалын сипап тұрып қалған. Еш ақыл бермеген. Сол ұрыста Құйылдар-ноян үлкен ерлік көрсетіп, Уан ханның әскерін жеңуге жол тапқан.

Бертін келе Шыңғыс ұлы ханға айналғанда, бір күні ұйықтап жатып жаман түс көреді. Өгізді жұтатын қара шұбар әпжылан бұны орап алған екен. «Егер қойныңдағы қатыныңды бермесең, өзіңді жұтамын» дейді ол. Хан қара терге малынып, қысылып оянады. Көрген түске, бақсы - бәлгердің айтқанына сенгіш шаман дініндегі Шыңғыс хан түсті өзінше жориды. Қойнымда кім жатыр екен деп қараса, әлі төсек қызығы кетпеген, жақында ғана алған Жаңғабу әміршінің қызы — кербез тоқалы Әбике-бегім жатыр екен. Хан оны оятты: «Сені алғалы көңілім қуанышта, жаным рақатта еді, енді сен ренжіме, жаңа бір жаман түс көрдім, сені біреуге беруім керек»,— дейді. Хан сөзінің екі болмайтынын білетін Әбике-бегім: «Осы бір жақсы күндеріміздің ескерткіші болсын, онда маған Көнетай атты дастарқан дәйекшім мен күнде өзім қымыз ішіп жүрген алтын кесемді қи!» — дейді. «Жарайды» дейді Шыңғыс хан, сөйтеді де сыртқа: «әй, қайсың барсың?!» деп айқайлайды. «Мен бармын!» — деді сол күні кезек әміршісі болып ) жүрген Кәкітай-ноян. «Үйге кір» деп бұйырады Шыңғыс. Кәкітай-ноян үйге кіргеннен кейін «Мына, қатыным Әбике-бегімді саған сыйға бердім»,— дейді. Ноян шошып кетеді. «Қорықпа,— дейді Шыңғыс,— мен шынымды айтып тұрмын».

Осылай ол қойнындағы кербез тоқалы Әбике-бегімді бар дүние-мүлкімен, жүз күң, қызметші әйел, еркектерімен Кәкітай-ноянға берген.

Әбике-бегім не десін, арқасында жатқан қос бұрымын енді кеудесіне түсіріп жаңа күйеуіне еріп кете барған.

Алтын Орда ханы аз уақыт үндемей қалып, қайтадан сөйледі.

— Жау жүрек атамыз да көрген түсінен қорыққан болар,— деді Бату сылбыр.

Ұлақшы сәл жымиды.

— Әлемнің жартысын алғанда дір етпей, бір түстен қорыққаны қалай?

— Алдағы арманың үлкен болса, жас шағында адам өлімді ойламайды. Ал сол арманың орындалып, жасың келген кезде адамға қалған өмірі өте қымбат.— Бату ауыр күрсінді,— иә, адамға не жетпесе сол бағалы...

Ұлақшы ер жүрек әкесінің де өлімнен қорқып отырғанын енді түсінді. Бұдан әрі сұрақ беруге бата алмады.

Сөзді қайтадан Батудың өзі бастады.

— Ел бағындыруды атадан біз үйрендік, ал ел билеуді бізден сендер үйренуге тиістісіңдер,— деді ол,— сөйтсеңдер ғана Шыңғыс ұрпағы әмірші болады.

— Сонда,— деп Ұлақшы,— Шыңғыс атам ешкімнен, өзінен бұрынғы өткен жиһанкездерден ештеңе үйренбеп пе? Біз келе жатқан жол оның өзі салған сара жолы ма?

— Иә, бұл оның өзі салған жолы,— деді Бату,— жайнап тұрған қалаларды, құлпырып тұрған бау-бақша, егін-жайларды, бәрін - бәрін күл-талқан етіп жойып, ел-жұртын құл етіп, ол жерлерді монғол малы өсетін жайылымға айналдыру — бұл оның көкейтесті арманы еді. Сол мақсатты орындаушы өзім, өзімнің ұрпағым, қала берді, монғол елі деп түсінген. Сол үшін ол монғол жұртын біріктірер берік тәртіп орнатқан, жолында кім тұрса да аямаған. Бізге де соны өсиет еткен. Ал сол армандарын орындау үшін ол өзінен бұрын өткен жиһанкездердің кейбір ақылды істерін де қабылдаған. Өзіне үлгі еткен.

— Ол қандай істер? — Ұлақшы қызыққандай ыңғай көрсетті.

— Қытай оқымыстылары оған Ескендір Зұлқарнайынның қалай соғысқанын, өзі тәрізді әлемнің тең жартысын қалай алғанын айтқан. Ескендір Зұлқарнайынның әскерінде біздердікіндей қатын-баласын тиеп соңдарында жүрген ақұрығы — көші болмаған... Бүкіл әскерімен бірге жалғыз ғана әйел жүрген. О да өзінің серігі, тарихшысы, кеңесшісі Птоломейдің қатыны екен. Бірақ, Ескендір Зұлқарнайын жаулап алған жері македондық екенін білдіру үшін, әскері қай жерге жетпесін, сол тұсқа қырыққа келген жауынгерлерін тегіс шептен босатып, қалдырып отырған. Олар сол арада үйленген, үй салған, македондық тәртіпті орнатқан. Біздің ұлы атамыз да Ескендірдің осы әдісін қабыл еткен. Бұл да қандай жауынгері болмасын ол қырыққа толса, әскері келген жерге оны тастап кетіп отырған. Тек Ескендір Зұлқарнайындай емес, бар қатын-баласымен, дүние -мүлкімен, олар жаңа жерге орналасқан соң монғол тәртібімен, Шыңғыс атамыз жаулап алған жерін монғол жеріне айналдырған. Өзінен бұрынғы тәртіп, дәстүрден тағы бір үйренгені — қытай шежірешілерінің айтуымен мемлекет құру әдісі еді. Рим патшаларындай, Шығыс елдерінде болмаған, «Тоғыз өрлік» деп аталған Орданың ең жоғарғы ақылшы кеңесін құрған. Орда шаңырағын ұстап тұрған өзін алтын бақаны десек, тоғыз өрлігі — тоғыз күміс уығы болған. Бүкіл монғол жұртын біріктіріп, Шыңғыс ханды хан көтеруде бұл тоғызының еңбегі, ерлігі аса ерекше екен. Сондықтан бұл тоғыз тірегіне, тоғыз ақылшысына тоғыз өрлік деген ат берген. Бұл тоғыз өрліктің, хан ордасында бірігіп ақылдасатын күндерінен бөтен, әрқайсысының әміршісімен жеке кездесетін күні, мезгілі болған. Бұл тоғыз өрліктің берген кеңесін Шыңғыс хан бұлжытпай қабылдап отырған. Және бұл тоғыз өрліктің тобына төрт інісі, тоғыз ұлы, үш қызының бір де бірін кіргізбеген. «Өзіңмен жындас, өз ет-сүйегіңнен жаралған жан өзіңнен ақылды болмайды»,— деген. Бату тағы үндемей қалды.

— Көне самурайлардың заңы бар екен,— деді ол кенет сөйлеп,— өзінен дәрежесі, атағы, байлығы жоғары тұрмаған адамды самурай жекпе-жекке шақырмайды екен. Шақыра қалса, ол самурай болып саналмайды екен. Атамыз Шыңғыс хан өзінен төмен адаммен жауласқан емес. Ондайлар кездесе қалса, бір нояны арқылы өлтірте салған, ал көбіне, ондай кісіні өзіне дос етуге тырысқан. Сенен төмен тұрған адам, өзің жанына батырар қиянат істемесең, сенімен қас болудан гөрі дос болуды тілейді,— дейтін. Әрине, бағынышты ел дос болмайды, оны қамшымен дос ету керек.

Бату ойына бірдеме түскендей, кенет сөзін доғара қойды.

— Ұлақшы,— деді ол, біртүрлі қобалжып.— Орда Барақ оғланның жоқ болып кетуі туралы не айтып жүр?

— Барақты бүркіт алып кетіпті дейді жұрт,— деді Ұлақшы осы сұрақты күтіп отырғандай бірден жауап қайтарып,— әлемнің күші жетпеген Бату ханға бір қара құстың күші жетті, «көп асқанға — бір тосқан» деген осы да дейді қауым...

Бату суық сөзден шошып кеткендей, қанын ішіне тартып сұрлана қалды. Кенет жан сезімін басқа бір ой басып кетті. Мүмкін бұл ой оның басына дәл қазір алғаш рет келген шығар. «Сонда қалай болғаны,— деді Бату.— Сондағы сұмдықты көрген ана күзетші жүз жігітті мен босқа өлтірткенім бе?.. Шындық алмас кездік — қап түбінде жатпайды деген осы ма?.. Менің жазылмас кеселге шалдығуым, ең жақсы көрген ұлымның анандай боп аш бүркітке жем болуы — әлгі жүз жігіттің қандарындай жазықсыз төгілген қандардың обалы ма екен?»

Бірақ көкіректе әлдеқалай тұтана қалған осы бір ой сәулесі заматта сөне қалды.

— Сосын? — деді ол Ұлақшыға сәл бұрыла.

— Сосын... Барақтың өлімі ұлы атасы Шыңғыс ханның өсиетін бұзғысы келген Бату ханның жазасы дейді жұрт.

Бату үндемей қалды. Аздан кейін барып:

— Иә, ол солай,— деді селқос.

— Қалай? — Ұлақшының даусы қаттырақ шықты.

— Ата даңқын өсіре алса, хан тағында баланың қайсысының отырғаны, үлкені ме, кішісі ме, бәрібір емес пе... Жоқ, менің қатем де, күнәм да басқа нәрседе.

— Неде? — деді Ұлақшы, бұл жолы өзін-өзі ұстай алмай даусы сәл қаттырақ шықты.

Бату Ұлақшының даусы қатты шыққанына мән берген жоқ. Қылыштай қылшылдаған кезі болса бір сәрі, ал қазір... төрінен көрі жақын қалған шағында шаңырақ иесі мұрагерінен «Сенің даусың неге қатты шықты?» деп сұрағысы да, ренжігісі де келмеді. «Келешек бұныкі ғой, өзі білмесе, амал не...» — деді ол ішінен.

Бату сөзін қайтадан бастап кетті.

— Шыңғыс хан ұрпағы атақты атамыз құрған сонау монғолдың ұлы хандығын көркейте түсуге парыздармыз,— деді ол тағы кенет баяу сөйлеп,— ал монғол аруағы, Шыңғыс хан аруағы жоғары тұрсын десек, хан тағына жаулап алған еліңнің қызынан туған баланы отырғызбауымыз керек,— ол сәл ойланып қалып қайта сөйлеп кетті: — Ана сүті деген бар. Ондай хан, билік қолына әбден тиген кезде, бір күні болмаса бір күні әкесі жаулап алған анасының еліне бүйрегі бұрып кетуі мүмкін. Орда күйреуі осындайдан басталады... Менің күнәм да, қатем де осында. Осындай жәйтті біле тұрып, әлдеқалай әкелік мейірім түсіп кетіп, жауымның қызынан туған балаға, күндердің күнінде болса да, Алтын Орда тағдырын тапсыруымды ойлағанымда. Осы күнәм үшін әділеттік деген әзәзіл қыран құс болып келіп менің қатемді түзеді.

— Егер Барақтың өлімін әділетті шешім десеңіз, хан ием, онда үстіңізге қызыл мауыты киіп төбе үстінде сол әділеттік жіберген қыранды неге күтіп отырсыз?

— Мені әділеттің қорғаны деп кім айтты саған? — деді Бату, көндей құрысып қалған бет терісі жыртылып кетердей сал-сал бола қалды.— Дүниеге өз тілегін жүргізем деген кісі әділеттік дегенді еске алмауың керек. Шыңғыс ұрпағы ондай әлсіздіктен әлдеқашан құтылған. Ал әлемді билеймін десең көзіңнің қарашығындай сақтайтын бір күш бар. Ол — кек. Кексіз адам да бір, иленгіш саз балшық та бір. Оны ешкімге жібермеуің керек. Адам ба, аң ба, құс па... Кегіңді қайтара білу — күштіліктің белгісі... Бұны сен де ұмытпа!

Ұлақшы кілт жұмсара қалды.

— Даусым қаттырақ шығып кетсе, жазаға бұйырма...

Бату әдеттегісінен анағұрлым жұмсақ сөйледі.

— Маған қазір сен қатты сөйлейсің бе, жұмсақ сөйлейсің бе,— бәрібір...— кенет ол серпіле түскендей көрінді,— мен сені бір мәселе туралы шақырып едім.

— Не жайында?

— Көп кешікпей мен өлемін! — деді Бату біреуді сойылмен ұрып өткендей турасын айтып.— Мен өлген күннен бастап сенің ағаң Сартақ хан тағына, ал сен орда қара шаңырағы үйіне ие боласың, сырласайын деп едім...

Әкесінің «Қара шаңыраққа сен ие боласың» дегені, әрине, Ұлақшыға ағаң Сартақ хан тағына отырады деген сөзден көп құнсыз естілді. Сөйтсе де Батудың «өлемін» дегенінен шошып кеткендей сыңай көрсетті.

— Қайдағы сөзді айтпаңызшы, хан ием...

— Бекерге қиналмай-ақ қой,— деді Бату,— кімге болса да әкеден гөрі, өз бағы жақын. Саған да солай. Иә! Көлгір сөзге көп әуестенбе! Мен жайындағы сөз осымен бітсін. Ал саған, айтатын үш өсиетім бар. Кім біледі, күндердің күнінде сен де Алтын Ордаға ие боларсың...

— Тыңдап отырмын, хан ием...— деді Ұлақшы жүзі кенет алабұртып.

— Алдымен, атамыз Шыңғыс ханға Маңғыстау шешеңнің не дегенін білесің бе? Білмесең, айтайын. Баяғыда екі жылан дүниеге келіпті. Біреуінің мың басы, бір құйрығы, екіншісінің мың құйрығы, бір басы болыпты. Бір күні ғаламат боран соғыпты, үскірік аязға айналыпты. Мың басты жыланның бір басы інге кірейін десе, екінші басы оған қарсы шығыпты, ал үшінші басы бөтен жаққа тартыпты. Ақырында, мың бас бір-біріне көнбей суыққа ұрынып, жылан үсіп өліпті. Ал мың құйрығы, бір басы бар жыланның, мың құйрығы бірдей бір бастың дегеніне көніп, терең інге кіріп, жылан суықтан үсімей аман қалыпты. Қара халық деген әлгі мың құйрық тәрізді бір басқа — ханға бағынса, дегеніне жүрсе, ел болады. Ал монғолдың толып жатқан рулары, Шыңғыс ұрпағы, әлгі мың басты жыландай ішінен ақылды бір бас тауып, соған бағынбаса, соның дегенімен жүрмесе, әрқайсысы қанша мықты болса да бірлік таба алмай, әлгі біріне-бірі көнбеген мың басты жыландай, қастарының қолынан бостан-босқа өледі. Сондықтан саған айтар бірінші өсиетім: монғол руларының, Шыңғыс ұрпағының бірлігін сақтай біліңдер. Сөйтсеңдер сендер де жаңағы бір басқа бағынған мың құйрықты жыландай әр мезгілде де күшті боласыңдар.

Кенет Ұлақшы жанында жатқан садағына қолын созды. Аспандағы қара бүркіт төмендей түскен екен.

— Тиме,— деді Бату,— әзір тірі жүре тұрсын.

Қыран Бату сөзіне түсінгендей, қайтадан көкке қарай шарықтай жөнелді.

— Екінші өсиетіңіз қандай? — деді Ұлақшы.

— Шыңғыс атамның бұйрығы бойынша менің әкем Жошы жаулап алып, билеп келген Дәшті Қыпшақ Жошы ұлысының шаңырағын ұстап тұрған алтын бақаны болып келген. Сол Дәшті Қыпшақ жұртының бір тамаша мақалы бар екен,— деді Бату айтайын деген өсиетін алыстан бастап,— бұл ел: «Малды тапқан ақылды емес, сол малды өсіре білген ақылды»,— дейді. Атамыз Шыңғыс хан монғолдың жүз руы мен жаулап алған қырық елінен өзінің ұлы хандығын құрды. Ал оның жиһанкез төрт баласы — Жошы, Жағатай, Үгедей, Төледен тараған мына мен — Бату, Құбылай, Құлағу және бізбен үзеңгілес Мөңке, Күйік, Орда, Арық Бұғы, Алғай, Қайду, тағы басқа немере, шөберелері қосылып осы Ұлы Монғол хандығын тек қана күшейтіп қойған жоқпыз, ұлғайта, өсіре білдік. Құбылай Қытайдағы Юань патшалығын, Құлағу Әзербайжан, Ираннан бастап Бағдат қаласына дейін созылған илхандар хандығын құрды. Ал мен болсам, атам Шыңғыс пен әкем Жошы жаулап алған мынау Дәшті Қыпшақ даласынан асып, орұсуттың бүкіл Оңтүстігін, Қырым, Кавказды қарамағыма қараттым. Жағропаның жер ортасы саналатын Мадиярлар астанасына дейін бардым. Атамыздың Тоғыз құйрықты қара сүлдесін желбіретіп, Жағропаның жер ортасы саналатын Мадиярлар астанасына дейін бардым.

— Егер Үгедей атамыз дүние салмағанда, сіз одан да әрі өтіп, сонау неміс, француз, швед жерлеріне де жететін едіңіз ғой.

Бату ақырын мырс-мырс күлді. Дауылпаз үстіне тартылған терідей, табыттай боп семіп қалған беті жыртылып кетердей, тағы әжімделе қалды.

— Менің Жағропадан кейін қайтқанымды сен де солай ойлайсың ба? Бұл егер Ұлы хан Үгедейдің өлімімен байланысты болса, онда Шамға дейін барған Құлағу қосындарын неге кейін әкетпеді? Азғантай әскерімен өзі Қарақорымға аттанды да, Кит-Бұғы ноянды басшы етіп, бар қосындарын Мысырды мүлдем жаулап алуға сол тұрған жерлерінде қалдырды. Маған да сөйтуге болмайтын ба еді? Жаулап алған Мадияр, Польша жерінде қосындарымды тастап өзім аз әскермен Қарақорымға неге кетпедім? Жоқ, өйте алмадым. Ұлы хан Үгедейдің өлгенін сылтауратып, бар қолыммен кейін шегіндім. Қасым да, досым да, осы күнге дейін менің кейін қайтуымды Үгедей ханның өлімімен байланыстырды. Бірақ себеп басқада еді.

— Неде еді? — деді әкесінің бұл білмейтін бір терең сырды ашқалы тұрғанын сезіп, соны тезірек естігісі келген Ұлақшы.

Бату бір күрсінді де, ойлана сөйледі.

— Көп жұрт мені, мадиярлар жерін жаулап алу үшін ғана Еділден өтті дейді. Жоқ, арманым тек мадиярлар жерінде ғана емес еді. Одан өрі де бармақ едім. Мадиярлардың жазық даласын қосындарыма аялдама - бекініс етіп, тіпті әлемді шулатқан Римді де шаппақ болғам. Сондықтан негізгі қосындарыммен өзім сонау хуну қолбасшысы Әтилла жүрген сара жолмен Батысқа аттандым. Бүйірімізден соққы беріп жүрмесін деп Польшаға Сибанның немересі Байдар сұлтанды, Чехияға ұлы хан Үгедейдің он сегіз жасар немересі Қайду сұлтанды, Бұлор жеріне Жошының өзіме ұнаған шөбересі жас Ноғайды бас етіп, әрқайсысына бір түменнен қол беріп, отыз мың жауынгерлі әскер жібердім.

Әрине, бұл елдердің бәріне де, орұсут онғыларына жібергендей, күні бұрын елшілер аттандырдым. «Өз еріктеріңмен маған бағын» дедім. Бағынбайтындарын білетінмін. Сөйтсе де бұл елшілер, Шыңғыс атамыз:

Көзім бол, дүниені тегіс көретін,

Құлағым бол, бар әлемді тегіс еститін,—

деп Шиги Хутуг-ноянға айтқанындай, бұлар сол елде не болып жатқанын көріп, біліп, естіп келетін менің көз - құлақтарым еді. Әсіресе, көз тіккенім, құлақ тосқаным мадиярлар мемлекеті еді ғой. Біздің алдымызда, тауық, яғни 1237 жылы осы арадан қашқан Қыпшақ ханы Қотан қырық мың әскерімен Мадиярлар патшасы Төртінші Беланың қолтығына кіріп, сол араға орналасқан. Бұл бізге қарсы тұра алар елеулі күш еді. Менің елшілерім, «корольді күшейтеді» деп қорыққан, корольге қарсы алпауыттардың қастығының арқасында, мадияр әскері бір түнде қыпшақ жауынгерлерінің көбін қырып салғандарын, Қотан ханның өзін бауыздап өлтіргендерін, Қыпшақтың аман қалған он сегіз мыңдай жауынгерлері жолдарындағы елді қан жоса ете қыра әрман қарай, Балқан тауларына өтіп кеткенін айтып келді. Сөйтіп мен мадиярлар мен қыпшақтардың маған қарсы тұрар одағының быт-шыт болғанын білдім. Сондай-ақ, бізді келе қояды деп ойламаған және өз күшіне әбден сенген Төртінші Бела патша маған қарсы одақ іздеген орұсуттарға да қосылғысы келмеген. Сүбетэй, Мөңке, Күйік, Орда, Қадан, Байдар, Пешек, Бұрындай, Қайду басқарған менің жүз отыз мың қолым Херман Кибе жеріне кіргенде, Чернигов онғысы Михаил Всеволодович мадиярлар короліне барған. «Қызыңды менің Ростиславыма бер, төс ұрысқан құда болайық, сөйтіп мына келе жатқан апатқа қарсы шығайық» деген. Төртінші Бела қызын да бермеген, одақтас та болмаған. Сол тәрізді Галиция онғысы Романовичтың да ұсынысына мойын бұрмаған. Бұл онғымен де құда түсуден, одақтасудан қашқан.

Осылай орұсут пен мадиярлардың бірлесе алмағанынан мен хабардар едім. Ал бізге қарсы тұрарлық күші бар неміс рыцарьлары мен Дания, Швед елі біздің мұсылмандарға қарсы екенімізді біліп, монғолдарды арабтардың үстемдігіне қарсы жұмсайтын күш деп дәмеленді. Өздері біз тимеген Новгород пен Псков жерлеріне кресшілер аттанысын ұйымдастырып, оларды бағындыру әрекетіне кіріскен. Мұндай неміс императоры Екінші Фридрих пен Ватикан папаларының арасындағы алакөзділік, бірін-бірі жек көрушілік біздің мүддемізге жәрдем болды.

Сөйтіп біз мадиярлар жеріне аттандық. Қарсы келгендерін аямадық, қырып-жойдық. Өз корольдерін жек көретін мадияр алпауыттары Белаға жәрдем бола алмады. Король қанша күш жинағанмен, монғолдың қисық қылышы мен қысқа шоқпарына шыдамады. Қала үстіне қаланы жаулап, біз мадиярлардың жеріне кіре бердік. Жаз ортасы болмай, сиыр, яғни 1241 жылы біз бұл елдің астанасы Эстергомды алдық. Бұл шаһарды жеңу бізге оңайға тиген жоқ.

Қала бекінісі өте мықты екен. Бекініс бұзатын отыз машина мен он мыңдаған әскердің күшімен әзер кірдік. Шаһар тұрғындары ең ақырғы үндері өшкенше қарсыласты. Біздің де шығынымыз аз болған жоқ. Қаланы алдық. Тек ортасындағы бір-екі бекініс-хисарлар ғана қалды.

Бұл кезде Байдар, Қайду басқарған монғол түмендері Польшаны да қанға бояп жаулап алуға таянған-ды. Ал Бұлор мен Мадиярлар бірлесіп кетпесін деп сол жаққа жіберген Үгедей ханның ортаншы баласы Қадан мен Ноғай басқарғaн нояндар мен монғол қосындары, Галичинадан Трансильвания арқылы өтіп, Бұлор мен Молдавия жеріне тұмсық тіреп үлгірген. Менің өз қосындарымның бip қанаты Славак қалаларын шабуға кірісті. Польшаны алған Байдар, Қайду шығыс чехтардың жеріне енді. Мұнда әр шаршы шақырым, әр монастырь, шіркеуді жаулау орасан қиындыққа түсті. Соған қарамай, санақ үшін өлтірген адамдарының сол құлақтарын кесіп алып, монғол жауынгерлері алға ұмтылды. Бірақ, менің жарлығым бойынша Байдар мен Қайду әрі қарай Батысқа бармады. Чех королі Воцлав жинаған қырық мың қолмен беттеспей, менің әскерлеріме келіп қосылды.

Міне, осындай Мадиярлар мен Польшаның қарсылығын жеңген кезімізде Қарақорымдағы Монғолдың ұлы ханы Үгедей қайтыс болды деген хабар келді. Үгедейдің орнына бөтен ханды сайлайтын Құрылтайға Шыңғыс ұрпақтары тегіс жиналуы тиісті еді, менің де баруым керек. Осыны сылтау етіп бар қосындарыммен Еділ бойына кейін шегінуге бел будым.

Бату аспандағы құсқа қарады. Кереге қанат қыран әлі қалықтап жүр. «Талмайтын қандай мықты еді?» — деді ол ішінен. Кенет оған бір ой келді: «Бұл әлде маған бір өшіккен құс па?» Бату өз ойынан тез қайтты. «Адамы аз болғандай, енді маған кектеспеген тек құсы қалып па еді?»

— Жаулап алған жер де, шауып алған ел де жеткілікті еді,— деді Бату сөзін жалғастырып.— Бірақ бұларды жеңдік деген құр аты ғана болатын. Біз алған мемлекеттердің кейбір патша, онғылары бағынғанмен, халқы қарсылығын тоқтатпады. Әсіресе, орұсут елі күннен-күнге күресін үдете түсті. Оның үстіне Мадиярлар ойпаты, Мұған даласы тәрізді, атты әскерімнің шөп қоры етемін деп ойлағаным болмай шықты. Жан-жағымыздан көтерілген қарапайым жұрттың тынбаған соққысынан, алыстан келген монғол әскері күннен-күнге тоза түсті. Әдет-ғұрпы бізге ұқсас Қыпшақ, Хорезм далаларын, бағындыру бір сәрі екен де, онғыларының бастары бірікпей жатса да, жалпы жұрты тәуелсіздікті арман еткен орұсут елі тәрізді батыр халықтар мен қаласына қаласы ықтасып жатқан Мадияр, Польша, Бұлор секілді мемлекеттердің жұртын бағындырып ұстау, тіпті бөтен шаруа болып шықты. Егер монғол қолдарын кейін шегіндірмегенде, Жағропа елдерін басып тұрмақ түгіл, артымыздағы орұсут жерінің де қауіпті екенін сездім. Бұны Ноғай басқарып қалған Болгар мен Молдавия елінің келесі жылғы көтерілісі анықтады. Түбі осылай өрбитінінен қауіптеніп жүргенімде, Үгедейдің дүние салғаны, маған тілге тиек болды.

— Сонда,— деді Ұлақшы,— Бүкіл Шығыс халқы, Кавказ Рум қорыққан монғолдың қисық қылышынан орұсут, мадияр, бұлор жұрты қорықпағаны ма?

— Шығыс халқы, Кавказ, Рум, елдері қорықты дегенді саған кім айтты? — Бату баласына таңдана қарады.— Рас, кейбір ел басқарып отырған адамдары бағынды. Бірақ, жер, суынан бөтен тілегі жоқ халық, ешуақытта да бізге еркімен бас иіп көрген жоқ. Олар монғол жауынгерлерімен өле-өлгенше алысып өтті.— Бату сәл ойланып, қайтадан сөйледі.— Қыпшақтың батыры — Бошпан туралы естігенің бар шығар? Ол, өзі тәрізді, бізге өш ер жүрек жігіттерін ертіп алып, не істемеді? Мыңдаған жауынгерлерімізді өлтірді. Малдарымызды айдап әкетті. Жұртты бүліншілікке шақырып, Орданың берекесін алды. Ақырында Мөңке екі жүз желкен кемемен бүкіл Еділ бойын жүзіп өтіп, әзер дегенде жасағымен өзін қолға түсірді. «Басыңды и, тізеңді бүк!» деген Мөңкенің бұйрығына «мен саған шөк дегенге шөге қалатын түйе емеспін, жауыма тізе бүкпеймін!» деп қасарысып тұрып алды. Ашуланған Мөңкенің бір нояны оны қылышпен қақ жарып өлтірген. Жігіттері де тегіс қойдай бауыздалған. Соған қарамай қалың Қыпшақтың қарапайым жұрты — жылқышы, қойшы-қолаңдары бізді жақсы көріп отыр ма? Қит етсе бүлік шығарып, өш алуға құмар.

Ал шынын айтсақ, бар қиындық орұсут жерін бағындырып отыру да еді. Біз орұсут пен Шығыс Жағропаға аттанар тұста бұнда бірнеше онғылықтар мен Новгород пен Псковтың алпауыттары басқарған екі құрама тайпа бар екен. Ал құраманың ең үлкендері орұсуттың теріскей шығысында Владимир, Суздаль, күнгейінде Галицко-Волынь онғылықтар болатын. Бұл екеуінің де, сондай-ақ ұлы Владимир онғылығына бағынатын Новгород құрамының орұсуттың саяси өмірінде орындары үлкен еді, әсіресе күнгейі мен батысында Мадиярлар мен Польша мемлекеттерімен қабысып жатқан Галицко-Волынь онғыларының маңызы ерекше екен. Ал біз өзіміздің тауық, яғни 1237 жылы басталған аттанысымызда төрт жылдың ішінде, Жерорта теңізіне жеттік.

Сырт қараған адамға бәрі ойдағыдай тәрізді еді. Бірақ олай емес-ті. Орұсут жеріне, Шығыс Жағропа елдеріне аттанарда мен бұл жұрттардың мемлекеттік құрылыстарын, ел болып бірігу дәстүрлерін, әскери күшін, шаруашылығын бәрін - бәрін күні бұрын тексергем, ойға салғам. Сонда естен шығармайтын бір жағдай бар еді. Ол жағдай: Шығыс Жағропа елдеріне қарағанда орұсут қорғанысы мықты екен және Польша, Мадиярлармен салыстырғанда мемлекеттік бірлестігі орұсуттардың олардан анағұрлым күшті болыпты. Орұсуттар еш мемлекетке бағынбаған, бөтен патшалықтардың қарамағына бағынышты болып кірмеген. Ал біз жаулап алған Бұлор мен Мадиярлар мемлекеттері жайында бұны айтуға болмайтын еді. Ежелгі орұсут сонау көне заманның кезінде де өзіне бірнеше халықты бағындырыпты. Қазіргі ұлы орұсут, кіші орұсут, ақ орұсут болып бөлінген осы славян елдері осыдан екі ғасыр бұрын көне орұсут халқы делініпті. Бұл жағдай олардың жалпы бір мемлекеттік дәстүрді сақтауының негізін салыпты. Ал қазіргі онғылардың алауыздығы, бірлеспестігі, бұл әр алпауыттың «ортақ өгізден — оңаша бұзау» деген саясаттан туған жәйт екені даусыз. Және шынын айтсақ, бұлардың қазіргі алауыздығы Польша онғыларының алауыздығынан күшті емес. Тек біз, монғолдар, араларына іріткі салып, сол алауыздықты күшейтіп отырған. Демек, бұл мықты, жұрттық дәстүрі де көп, іргелі ел. Сондықтан орұсуттарды бағындыру үшін біз үш жарым жыл соғыстық. Онда да күні бүгінге дейін тегіс табанымызға салып біткен жоқпыз. Ал Шығыс Жағропа мен Орталық Жағропа елдерін өзімізге бағындыру үшін бір жылға жуық қана уақыт керек болды. Егер барыс яғни 1242 жылғы Оломуце қаласынын, жанында чехтардан тойтарыс алғанымызды есепке қоспасақ, біз Шығыс және Орталық Жағропа мемлекеттерінен жеңіліп көрген жоқпыз. Ал орұсут еліне келсек... Қазір ол іштен тынып, күш жинап жатқандай. Қырсаң да, шапсаң да қорқар емес. Біз шапқан Рязань жерінен шыққан Евпатий Коловрат батыр жайында естіп пе едің? Ол орұсуттың қолға түспес мың жеті жүз ер жігітін жинап алып, теріскей - шығыс жағымыздағы әскерімізге не істемеді? Бірі мыңға татыды.Ұрланып келген барыстар тәрізді, қайдан пайда болғанын біле алмайсың, күтпеген жеріңнен шыға келіп, әскерімізді быж-тыж етіп, ұстатпай кете барды. Қаншама ноян, жауынгерлер солардың қолынан қаза тапты! «Бұлардың қанаттары бар, біреуі мыңды, ал екеуі бір түмен әскерді жеңеді» деген олар жайында аңыз да бар. Жай жауынгерлерді былай қойғанда, монғолдардың ержүрек нояндарының өздері де қорқып қалған. Бағынған ел осындай бола ма? Жоқ, орұсуттар бағынуды тіпті ойлап отырған жоқ. Чернигов онғысы Андрей біздің әскерімізге бермеймін деп қарамағындағы бүкіл жылқысын басқа жаққа айдатып жібергенін саған біреу болмаса біреу айтпады ма? Жоқ, қарапайым ел емес, тіпті орұсуттың онғыларына да сенуге болмайды. Атымызға шөп, әскерімізге азық-түлік жеткізіп тұрмақшы болған Болох жерінің боярлары қандай күйге ұшырады? Монғолдарға жәрдем беретін болған екенсің деп Галицко-Волынь онғысы Данийл Романович біз тимеген боярлардың қазына - мүлкін талады, жерін шапты. Осындай көтеріліс бұрын Тверьде де болған. Чернигов, Галицко-Волынь онғылары ғана ма, оған Боян мен Жеку басқарған Еділ бойының болгарлары, Качир-Үлке ерткен алан аламандары, қыпшақ көшпенділері қосылды. Дәл осы кезде, ит, яғни 1238 жылы Мұхамед Тараби дем берген Бұхар диқандарының наразылығы басталды. Ондағы айқаста он мыңнан астам монғол әскері құрбан болды. Кавказдағы лезгин мен черкесті өзімізге бағындыруға жіберген әскеріміз қандай күйге ұшырады? Рас, онда сен туған жоқ едің, тау халықтарын жеңе алмадық. Бірақ бар мәселе бір халықты жеңу, жеңбеуде емес қой, жалпы монғол үстемдігіне барлық елдің қарсы екенін айтамын.

Міне, осындай жағдайда біз Жағропаның дәл ортасына жеттік, әрі қарай аттанбақ түгіл, жаңа айттым ғой, сол алған жеріңді басып қалатындай бізде қуат бар ма еді? Жан-жағың қаптаған жау, сәл мүлгіп кетсең болғаны, бас салуға дайын тұрады. Тіпті, еркектерін былай қойғанда, әйелдеріне дейін жастығын жастана өлуге бар. Бүкіл Мадияр жерін алсақ та, олар қалың орман-тоғайының ішіне кіріп алып, бізбен алысуын бір тоқтатқан жоқ. Оларға қарашекпенділері қосылды. Әлі есімде, Чернхазе деген жерде мадиярларша Ланка, бізше Құралай сұлу деп аталған көркем қыз жасағы әскерімізге көп қастандық істеді. Ақырында Сүбетәй баһадурдың қосыны сол жасақты әзер дегенде құртты. Қоршауда қалған әлгі Құралай сұлу жау қолына түспеймін деп найзаның сүйір ұшына кеудесімен құлап жан берген. Сүбетәй баһадурдың бұйрығы бойынша, бір жауынгері қыздың басын кесіп алып келген. Құралай сұлу десе құралайдай үлкен көзді бір керемет сұлу жан екен. Өлі бастың өзі бір сурет. Адам көзі қиып басын кесер жан емес. Бірақ соғыстың аты — соғыс, жаудың аты — жау.

Міне, осындай жау елдерде соғыстан әбден мұқалған Алтын Орда қосындарын тастап кетуге болатын ба еді? Оның үстіне естерін жаңа жиюға айналған, біздердің қандай жау екенімізді енді түсінген Жағропаның елдері бастарын біріктіруге өзара сөз жүргізе бастады. Амал жоқ, мұндай жағдайда Орда күшін күйретіп алмас үшін, қосындарыммен Еділ бойына шегінуге мәжбүр болдым. Ұлы хан Үгедей өлімі неге сылтау еді дегенімді ұқтың ба?

— Ұқтым,— деді Ұлақшы,— сонда маған айтар екінші өсиетіңіз...

— Қазір...— Бату аспандағы қыранға тағы қарады. Ұлақшы оның көзінен «сонау көк аспанды шарықтаған қыран құстың қанатының еркін сермелуіне қызыққандай бір орасан от көрді.

— Қазір,— деді Бату қайтадан.— Екінші өсиетім дейсің бе?.. Сөзімнің басында айттым ғой, Қыпшақтың «малды тапқан ақылды емес, сол малды өсіре білген, ұқсата білген ақылды» деген ұтқыр сөзін. Сол айтқандай-ақ, жауды шапқан, жеңген ақылды емес, сол жауды өзінің дегеніне көндіре білген, ұстай білген ақылды. Саған айтар екінші ақылым: жеңілген жау сенің қасың, оны ұстай біл.

Ұлақшы бір мезет ойлана қалды, бірдемені сұрамақ болды да, кілт тоқтады. Әкесінің әлі сөйлеп бітпегенін сезді. Бату ойын жалғай түсті.

— Біз осыншама көп жерді, елді алдық. Бұл атамыз Шыңғыс ханның баласы Жошыға бөліп берген тоғыз мың монғол шаңырағының қолынан келетін жеңіс емес еді. Рас, біздің шабуылдарымызға Қарақорымнан тағы да біраз әскер қосылды. Бірақ бәрі де мынандай ғаламат дүниені бойсындырып, бауырына басуға жеткіліксіз еді. Біздің негізгі күшіміз өзіміз жаулап алған елдеріміздің күшін өз күшімізге айналдыра алғанымызда еді. Ол үшін біз не істедік? Бағынышты елімізге үнемі қамшы жұмсадық. Тек бізге қолжаулық болғылары келгендеріне ғана Бұхардың өрік-мейізін берген баладай етіп алдай білдік. Және қарамағымыздағы елдерді екіге бөле алдық. Ру басшыларын, би, батырларын әскер, аймақ басшылары еттік. Бай манаптарын Ордаға жақындаттық, кейбіреулерімен қыз алысып, қыз берістік. Осындай басшылары арқылы жалпы жұртты, жақсы, жаманға бөліп, жақсылары арқылы жамандарын — бұқарасын өзімізге бағындырып ұстадық.

— Сонда... біз өзіміз оларға айналып бара жатқан жоқпыз ба?

— Солай да болар. Құмнан тас жасай алмайсың, аздан көп жасай алмайсын, ал олар көп қой. Көптің демі — көрікпен бірдей, көк темірді де балқытады. Бірақ Алтын Орда біздің ашсақ — алақанымызда, жұмсақ — жұдырығымызда. Шоқпарын мықты болса, киіз қазық жерге кіреді. Мейлі олар қорықсын, үріксін, бәрібір біздің дегенімізбен жүреді ғой.

Ал саған айтарым: қарамағындағы елді бағындырып ұстау оңай емес. Ал үшінші ақылым, осы екінші өсиетіммен байланысты.

— Тыңдап тұрмын, хан ием.

— Орұсут жеріне аттанбастан бұрын біздің ұлы ата, әкелеріміз Мауараннахрды, Қорасанды, Ібір-Сібірді, Теріскей Қытайды, Қыпшақ даласын, Кавказды шапты. Алла-тағала дүниені жаратқаннан бері мұндай сұмдықты ешкім көрген жоқ шығар... «Татарлар аяуды білмеді. Әйел, еркек, жас бала деп қарамады, тегіс қырды. Буаз қатындардың қарнын жарып ішіндегі сәбилерін бауыздады...» деп жазды сол тұстағы діншіл араб саяхатшылары. Иә, біз қаныпезер қатал едік. Осы қаталдықсыз атамыз Шыңғыс хан, кең даласында бірімен-бірі қырылысып жатқан монғолдың жүздеген руын біріктіре алмас еді. Өзгесін қойғанда ұлы атамыздың осылай монғол елі атты мемлекет құрғанының өзі не тұрады! Монғол тектес үрім-бұтағы оның бұл жақсылығын ұмытпас. Иә, атамыз Шыңғыс хан қатал болды, жұртты қырды, жойды. Біз де, артындағы ұрпақтары, сөйттік. Өйтпесек, өзге елдерді жеңе де алмас едік, бағындыра да алмас едік, қылышымыздан қан тамдырып, ешкімді аямасақ, бөтен жұрт бізден қорықсын дедік. Қорықпаған ел бағына ма? Бұнымыз ақталды.

Ұлы қолбасшылар Жебе мен Сүбетәй, Қоян, яғни 1219 жылы Әзербайжан мен Грузияны қанға бояп, алдаумен тау арасындағы Дербент бекінісі арқылы Теріскей Кавказдың жазық даласына шықты. Монғолдарға осы арада көшіп жүрген қыпшақтар мен ер жүрек алан елі қарсы тұрды. Қыпшақтарды «біз ағайын елміз, сендерге тимейміз, алан жұртына жандарың ашымасын» деп тағы алдап алан мен олардың одағын бұздық. Қыпшақтар өз жайына кетті. Аландарды қырдық. Оларды жайғастырып болғаннан кейін қыпшақтардың өзін бас салдық. Қырымдағы Судақ қаласына дейін алдық. Соңынан әкеміз Жошы: «Ауасы жұпар аңқыған, суы балдай, көк шалғыны жардай, дүние жүзінде мұндай тамаша жер жоқ» деген оңтүстік жайлауларына, орұсут елімен шектесіп жатқан Қыпшақ даласына кірдік. Қашқан қыпшақтарды өрі қарай қуып барып, осы жылы монғолдар алғашқы рет орұсуттарды кездестірді.

Бұл тұста орұсут-қыпшақ бір-біріне қыз беріп, қыз алысып әжептәуір жақындасып қалған екен. Бізден жеңілген Қыпшақ ханы Қотан өзінің күйеу баласы батыр атанған Галицын онғысы Мстислав Мстиславович Удалойға кісі салды. «Бүгін біздің даламызды алса, ертең сендердің жерлерінді алады» деп әскери көмек сұрады. Қотанның күйеу баласы орұсут онғыларының басын қосатын Херман Кибеде Құрылтай шақырды. Орұсут онғылары «монғолдармен өз жерімізден гөрі, басқаның жерінде айқасқанымыз дұрыс» деп бізбенен соғысуға дайындала бастады. Бұның бәрін біздер орұсут жеріне сауда-саттықпен барып-келіп жүрген шығыс саудагерлері — біздің тыңшы-сақққұлақтарымыз арқылы естіп жаттық. Жебе, Сүбетәй, өздерінің ежелгі әдісіне салып, орұсуттарға «Біз сендермен емес, қыпшақтармен соғыспақпыз. Олар сендерді талай шапқан. Сендердің қастарыңды — қыпшақтарды құртуға кіріспеңдер» деп кісі жіберді. Бірақ орұсут онғылары бұл қулыққа көнбеді, соғыспақ болды.

Бату тағы аспанға қарады. Қыран сол қалпында әлі ұшып жүр. Жаңағы бір әлдеқалай келе қалған ойдан хан арыла алмай-ақ қойды. «Жоқ, бұл не қызыл затқа, не маған өш» — деді ол ішінен.

— Қортық аралы тұсынан Үзі өзенінің бер жағына өткен орұсут қолы қыпшақ қосындарына қосылды,— деді Бату қыран туралы ойынан арыла алмай,— алғашқы айқас монғолдарға сәтсіз секілденді. Жебе, Сүбетәй басқарған қосындары кейін шегінді. Орұсут-қыпшақ қолдары қуып берді. Жеті-сегіз күнде монғол жасақтары Азау теңізіне құятын Қалқа өзеніне жетті. Орұсут-қыпшақтар монғолдарды шын қашып бара жатыр екен деп ойлады. Бұл жауды осылай алдап соғатын тәсіліміз екенін білмейді.

Сөйтіп, қой, яғни 1223 жылы, көкек айының отыз бірі күні осы Қалқа өзенінің жағасында монғол қолымен орұсут-қыпшақ қосындары айқасты.

Әрине, біз жеңдік. Біз көп едік. Және қашқан жауды қуамыз деп әскерлерін шұбалтып алған орұсут-қыпшақ қолдары монғолдарға төтеп бере алмады. Майданда олар «қашқанға — қатын да батыр» дегенді ескермеді, әскерлерін тастай етіп түйіп түскен жоқ. Оның үстіне орұсут бекзадаларының алауыздығы да бізге аз көмек бермеген.

Бұл айқаста орұсут-қыпшақ қосындарын жусата жеңдік. Қотан хан қалған қырық мың жауынгерлерімен өрмен қарай қашты. Орұсуттың сегіз онғысы өлді. Әр он адамның біреуі-ақ еліне қайтты. Тек Херман Кибеден келген қолдан он мың жауынгері монғолдардың қолынан қаза тапты. Жебе мен Сүбетәй бұдан кейін Еділ балғарларын шаппақ болып еді, олар оңай жеңгізбеді, әр жерден аңдып тұрып, біздің әскеріміздің арт жағынан тиіп, бірталай жауынгерлерімізді қырды. Амал жоқ, кейін шегінуге тура келді. Қып-қызыл шоқты баспай, оның қызуы бәсеңдеген кезде, тап берудің өзі ақылды айла. Бірақ, біз бұл жолы қыпшақ жерін тегіс жаулап алдық. Бұрын Жошы әскері Мауараннахрдың орта шені және төменгі жағы мен күншығыс аумағын басып алған болса, ал біз күн батысына туымызды тіктік. Құйрығы мен басынан айрылған айдаһардың ортасындағы денесі не істейді? Тулап көріп еді, шегінген жолымызда, монғолдың бұзау бас шоқпарымен екі-үш періп - періп жіберіп едік, сылқ ете түсті. Әкеміз ең алдымен Ордасын Қыпшақ даласының тең ортасы ата мекен Ұлытаудың іргесіне, Сарыкеңгір өзенінің бойына тікті. Шыңғыстың өзінен кейінгі баласы Жағатай, жеңген жұртын, қан жоса етіп қырса,- бұл, сүлік тәрізді қыпшақтың жанын ауыртпай соруға кірісті. Жағатайдың Отырарды, Бұхар, Самарқантты қалай қиратқанын, халқын қалай қырғанын көрген қыпшақ, енді Жошыға амалсыз бас иді. Рас, олар соңынан да талай рет бастарын көтеріп көріп еді, бірақ басынан билік, денесінен қуаты кетіп қалған ел, маңдайымен жарды ұрған бекіре балықтай есеңгіреп, бәлендей сес көрсете алмады. Бар қолынан келгені жанын сауғалау болды. Енді Жошы олардың маңдайынан ұрмады. Керек жерінде бауырларынан сипап, тым мінез көрсетіп бара жатса, қайың сойыл мен тобылғы қамшының астына алып, бүкіл қауымын өз елі етуге тырысты. Алты айдан кейін ұлы Шыңғыс ханның өзі де аттан құлап қаза болды. Бәтуасыз дүниеден кім өтпеген, әлемді тітіреткен Шыңғыс хан да өтті. Бірақ ол өзі өлер алдында үлкен баласы Жошының қарамағындағы жерді екіге бөліп кетті. Хорезмнің жартысы мен Қыпшақ даласын маған берді. Ал Қыпшақ жерінен сонау монғол даласына дейін созылған өзенді, орманды Ұбайра-Сұбайра өлкесін менің ағам Ордаға тапсырды. Он жыл өтпей ол Шаңғы Тара қаласын хан сарайы етіп, Көк Орда хандығын құрды. Ал мен осы жиырма үш жасымда Ақ Орда туын көтердім.

Бесін болып қалған екен. Күннің еңкейіп бара жатқанына өкінгендей Бату тағы күрсінді.

— Ақ Ордаңыз Алтын Ордаға айналды ғой,— деді Ұлақшы.

— Иә, бір кезде атамыз Шыңғыс хан Ордасын да жұрт Алтын Орда деп атаған. Енді біздің Ордамызды Алтын Орда дейді, ал қыпшақ, бүкіл қарамағымыздағы шығыс елі әлі Ақ Орда деп жүр. Өзіме де Ақ Орда деген ат ұнайды... Ақ Орда атамыз Ұлы Шыңғыс ханның тоғыз құйрықты ақ жалауының бейнесі тәрізді, маған қасиетті көрінеді. Тек оған кір жұқтырмай сақтай білу керек. Алтын жүрген жерде опасыздық та жүреді. Алтын Орда деуге түбі ол опасыз бола ма деп қорқам...

Монғол нояндарының жын-шайтанға, аруаққа, сенгіш, ырымшыл келетінін Ұлақшы жақсы біледі. Бірақ әкесінің мұндай жоқ нәрседен сескенімпаз екенін естімеген. Оның әлгі сөзіне таң қалды.

— Доңыз жылынан, яғни 1227 жылдан екі жыл кейін болған Құрылтайда,— деді Бату сөзін қайта бастап,— жаңа елдерді жаулап алу жолдары қаралды. Осыған сәйкес Хазар-Кәспи даласына қарай Сүбетәй мен Көкідәй басқарған монғолдың отыз мың әскері шықты. Сол жылдары бүкіл Кавказ өңірі жаулап алынды. Еділ балғарлары шабылды, оның ғажайып астанасы Ұлы Бұлғар қаласы күйретілді. Башқұрт, морду Саксин жерлері де тоналды.

Ал монғол әскерінің Батыс елдерді жаулап алу мәселесі жылқы, яғни 1235 жылғы болған Ұлы Құрылтайда шешілді. Бұл жолы бүкіл балғар, орұсут мемлекетін біржолата Қарақорымға бағындыру ісі бар Шыңғыс ұрпағына міндеттелді. Қосындардың бас қолбасшысы — лашқарқаш-и бұзұрығы етіп мен белгілендім. Құрылтай шешімі бойынша op хан үйі бұл аттанысқа өзінің бір қолбасшы ұлын қосатын болды. Әр хан үйінің қарамағындағы жауынгердің оннан екеуі менің әскеріме берілді. Сөйтіп менің қол астыма жүз қырық мың жауынгер жиналды. Хан ұрпақтарынан өз қолдарымен жаңадан Орда, Күйік, Бөрі, Байдар, Қайду қосылды. Осы жер қайысқан қолменен келесі жылдың, яғни қой жылынын аяғында біз Шығыс Жағропаға аттандық. Ұлы Шыңғыс ханның тоғыз құйрықты қара туын желбіретіп, келесі мешін жылының аяғында орұсут жеріне кірдік.

Бату сонау қолы сынси Шығыс Жағропаға қарай қозғалған бақытты, айбарлы күндері есіне түскендей, іштей толқып үндемей ұзақ отырды.

— Иә, бұл бір ғажайып кезеңдер еді ғой,— деді Бату әлден уақытта, адам баласының көз жасы көл болған, алып дала қан сасыған сондағы сұмдық жылдарды көз алдына қайта елестетіп, қуанғандай бір шатты үнмен,— мен әскерімді бірнеше қосынға бөлдім. Бір тармағы Еділден өтіп Суздаль жеріне беттеді. Екінші бөлегі күнгей тұстан Рязань онғылығына қарай жүрді. Одан әрі қарай Мәскеуді алмақ. Ал бір тармағы Тань өзенінен өтіп Рязань онлығына жататын Воронеж қаласын шаппақ болды. Қысқасы, өзіңе белгілі, осы үш жыл соғыстың ішінде біз орұсут мемлекетінің бүкіл күңгей жағын жаулап алдық. Херман Кибе, Мәскеу, Рязань, Воронеж, Владимир, Суздаль, Чернигов секілді үлкен қалаларының тасталқанын шығардық. Тек Псков пен Новгородқа қыс түсіп кетіп, қала бұзатын қаруларды жеткізе алмайтын болған соң, бара алмадық. Осылай доңыз яғни 1239 жылдың басында Батыс Жағропаның шекарасына жеттік. Әрине жеңіс бізге оңайға түскен жоқ. Смолен тәрізді халқының бірі қалмай көтерілген кей бекіністерді ала алмадық. Ондай бекініс-шаһарларды тастап кетіп, бөтен қалаларды шауып отырдық. Қоршауымызда қалған әлгі қалаларды өзінен-өзі бізге бағынғандай еттік. Соңынан барып амалсыздан қарамағымызға кірді. Біздің сондағы ерлігімізді соңынан соғыс болған жерді аралаған бір румдық қарт: «Осыншама адамды қыра беруге монғол нояндарының жүрегі қалай барған? Жол бойы үйіліп жатқан кісілердің басы...» деп жазыпты.

Бату мырс-мырс күлді. Тағы табыт беті жыртылғандай боп әжімделе қалды.

— «Монғол нояндарының жүректері қалай барған» дейді. Егер мұратың сол адамдарды қыру болса, жүрегінің оған бармайтын несі бар? Міне, осы қырғын кезінде Қырымға аттанған әскерді басқарып бара жатқан Күйік екеуіміздің арамызда бірімізді -біріміз аямастай өшпендік туды. Әкесі Үгедей ұлы хан. Ал өзі... өр көкірек, қызба жан еді. Бұрын жау жеңіп бәлендей көзге түсіп көрмеген.

Сонысына қарамай, бір-екі жеңіске ие болып еді, менімен бақ таластыра кетті. Соңынан, он бір мемлекет пен халықты жеңіп, елге қайтқалы жатқанымыздағы үлкен той үстінде ләшқарқаш-и бұзурұқ ретінде шарап құйылған кесені ең бірінші боп мен көтергенім үшін, Бөрі мен Күйік маған бірден бас салды. Бәрі: «Бізбен теңдесіп бәрімізден бұрын сөз сөйлеп, шарап ішетін Батудың қандай қақысы бар? Бізбенен қатар түскісі келетін бұл сақалды қатындарды жығып салып, табанымызбен таптағанымыз жөн болар!» — деді. Күйік оған қосылып: «Кәнекей, бұл қатындардың кеудесіне қойып ағаш жарайық! Көрсетейік көкесін!» — деді. Ал ұлы атамызға еңбегі сіңген Елчидей ноянның баласы Аргусун: «Шіркіндердің қайқиған ағаш құйрықтарын түзеткен дұрыс болар еді!» — деп солар жағына шыға келді.

Жауға шапқанда бірміз. Ал атақ - бақты бөлуге келгенде, әр қайсымыз төбе-төбе елміз. Рас, Үгедей хан өз баласы Күйікті осы қылығы үшін қатты жазалады. Жағатайдың ұлы Бөріні әкесіне тапсырды. Аргусун да тиісті жазасын алды. Бірақ... бірақ... Жә, өлген адам жайында қазір сөйлеп керегі жоқ. Жақсысы да, жаманы да өзімен бірге кетті ғой...

Бату тағы жоғары қарады. Күн екіндіге таяп қапты. Жаңағы әзірде көктегі қыран көрінбей кетіп еді, қайтадан пайда болыпты. «Сірә, мені қимай жүр-ау!» деп ойлады ол. Кенет түсі қуқылдана қалды. Оның есіне Қырымды алған жолғы бір қарт теңізшінің сөзі түсті. «Кемеде өлетін адам болса, соны сезіп, кісі жейтін жайын балықтар әлгі өлікті күтіп кемеден қалмайды деген. «Мына бүркіт те менің кешікпей өлетінімді біліп, өлімтігімді күтіп жүр ме?» — деді Бату іштей, өсиет жүрегі жаман ауырып кетіп. Бірақ сол сәтте ол өзін-өзі қайта жұбатты.— жоқ, жоқ, өлімтік жейтін қара құс емес, бұл қыран ғой, маған бір түспей қоймайды. Тек әттең ол түскенде кегімді қайтарар менде күш болса жарар еді».

Дүниені әлдекімнен қызғанғандай Бату енді жан-жағына шөлдей қарады. «Ғажап! Әлем біткен қандай тамаша! Тіпті қиғым келмейді. Осы уақытқа дейін қалай мұны көрмей келгенмін. Бұл жалғанның бар бақыты жауды жеңу, елді бағындыру, алтын тақта отырып өзгенің тағдырын шешу деп жүргенім тек өзімді-өзім алдауым ба еді? Әлде мен шын қажыдым ба? Содан ба табиғаттың мына моншақ тәрізді көркіне қызығып отырғаным?» Батудың ойын Ұлақшы бөліп жіберді.

— Иә, сіз Шыңғыс атамның даңқын асыруда аз жақсылық істеген жоқсыз.

Тәтті ойын баласының бұзып жібергеніне Бату іштей ренжіп қалды. Ол тағы күлгендей болды. Қатпар-қатпар әжімдері білеулене түсті.

— Жақсылықты айтады - ау... Жұртты қан жоса етіп қыру, қалаларды өртеу, жақсылық боп па?! — Ол кенет ойлана қалды. Қайтадан көзінде бір сұс пайда болды,— жоқ, сен дұрыс айтасың. Ол жақсылық. Монғол хандығы үшін жақсылық! Монғол ерлігін әлемге әйгі ететін жақсылық!

— Саған айтатын үшінші өсиетім,— деді Бату қайтадан, екі көз бірін-бірі шұқымасын деп жаратқан ием ортасына мұрын қойған. Ал сен екі көзді біріне-бірін шоқытып қой. Орұсут секілді үлкен халықты, оның қол қусыратын адамдарын, онғыларын бірін-біріне қарсы қоя біл. Бірін — Ордаға жақындат, екіншісін — алыстат.

— Сол үшін Сартақ пен Александр Невскийді анда еттірдің бе?

— Оқиға былай болған. Күйік әкесі Үгедей өлгеннен кейін, оның тағына отырысымен жатса-тұрса мені құртуды ойлады. Қол астында жүз мыңнан астам монғолдың ержүрек жауынгерлері бар. Мұндай жағдайда маған орұсут онғыларын өзіме қас етудің керегі жоқ еді. Екі жақпен бірдей күресу әркімге де қиын. Ал Александр Невский де осындай жағдайда болатын. Он үшінші ғасырдың басында, христиан дініндегі орұсут пен грекке Батыс Жағропадағы, католиктер кресшіл діни аттанысқа шыққан. Тышқан, яғни 1204 жылы Стамбулды алып, латыштар мен эстілерді өздерінің басыбайлы құлдарына айналдырған. Содан кейін орұсуттарды да сондай күйге жеткізбек болған. Бірақ олардың алғашқы аттанысынан ештеңе шықпаған, тағы тышқан, яғни 1240 жылы оларды Александр Невский Нева өзенінің бойында күйрете жеңген. Ал, сиыр, яғни 1241 жылғы Польшаға аттанысымызда Легнице қаласының түбінде біз де неміс-польша рыцарьларын аямай жеңдік. Бірақ күштері азайса да католиктер тағы қол жинап, келесі барыс жылы қайтадан орұсуттарға қарсы аттанды. Александр Невский тағы оларды Чудь көлінің үстінде ондырмай күйретті. Бірақ «жығылған күреске тоймайды» дегендей кресшілер орұсут жеріне қайтадан шабуылға шықпақ боп дайындалып жатқан. Бір жағында біз, екінші жағында неміс рыцарьларымен Ливон Ордені, мұндай жағдайда, әрине, Александр Невскийге де аман қалар жол іздеуге тура келді. Біз бұл тұста орұсут жерін шабуды тоқтатып, салық сала бастағанбыз. Ал неміс рыцарьлары орұсутты тек құл етуге тырысқан. Міне, осындай екі оттың ортасындағы Ұлы онғы Александр Невский мен Андрейдің әкесі Ұлы онғы Ярослав тіл табыспақ боп Қарақорымдағы ұлы хан Күйікке барған. Бірақ Ярославпен бірге барған бір боярдың өсегіне сеніп Күйіктің өгей шешесі Тұрақина ханым Ярославты у беріп өлтірткен. Бұны естіген Александр Невский мен Андрей Ярославович бірден Күйіктен қол үзіп, менің жағыма шықты. Ал маған Күйікпен күресуге бұл одақ өте керек еді. Міне, осы тұста сенің ағаң Сартақты Александрмен анда еттім.

— Содан кейін Сартақ христиан дініне кірді ме? — деді.— Енді ол өле-өлгенше сол дінде кетпек пе?

— Әрине, маған дін дегеннің бәрі бір. Сондықтан да Сартақ орұсут дініне кіре ме, ал інім Берке мұсылман бола ма — ешқайсысына да қарсы емеспін. Тек қауіпім бар.

— Ол қандай қауіп?

— Христиан діні мен мұсылман дінінің арасында көпір жоқ, біріне-бірі қарсы дін, бір қауіпім менен кейін Берке мен Сартақ екеуі жауласып кетіп жүрмесе жарар еді. Олардың жауласулары Орданы әлсіретеді. Ал Орда әлсіремеу үшін бәрінің бірлігі керек.

— Ол мүмкін бе? — деді Ұлақшы өзінің күмәнді ойын жасыра алмай.

— Мүмкін емес,— деді Бату, өйткені дін алтын тақтың уәзірі. Ал алтын таққа екеуінің біреуі - ақ отыруы керек...

— Әке тағы — Сартақтікі ғой.

Ұлақшының бұл сөзі Батуға ұнамай қалды. «Мен өлмей жатып, әкесінің тағын ағасына бергені қалай». Сөйтсе де Бату өзінің күнінің таянғанын еске алып, одан әрі ренжімеді.

— Ия, жол Сартақтікі,— деді ол баяу.— Мөңке тірі тұрса Алтын Орда тағына соны ғана бекітер. Ұлы хан тағына біз оны босқа отырғызбасақ керек-ті.

Бірақ хан тағына отыру бар да, отыра алу бар. Шыңғыс хан атамыз екі миллионнан сол асқан монғолмен бүкіл әлемді бағындырам дегенде үш нәрсеге сенген. Біріншісі — мың қол — мың ру монғолды біріктіре алатынына, жаулап алатын елдерінің бірікпейтініне, екіншісі — монғол жауынгерлерінің мықтылығына, ержүректігіне, табандылығына, үшіншісі — бөтен елдерді тонап алған мол байлығына сенген. Сол байлықты жаңа елдерді жаулап алу үшін темір тәртіпті және тәжірибелі әскерлер құратынына шек келтірмеген. Ал осы күнге дейін көп елден саны аз монғолдың, Үндістан мен Шамды және араб түбегінен бөтен бүкіл Азияны, Шығыс Жағропаның жартысын жаулап алғанына досымыз да, қасымыз да таң қалады, біздің байлығымыз себепкер болды дейді, сондай-ақ жеңісімізді соғыс жүргізу әдістеріміздің ерекшелігінен, артықшылығынан, жаңалығымен деушілер де бар. Ал үшінші біреулері Шыңғыс хан орнатқан тәртіптің, әскери тәртіптің қаттылығынан көреді. Бұның бәрі дұрыс. Осының бәрі болмаса, бықыған ер жүрек халқы бар орұсут жұртымен, сондай кеудесін оққа тосқан қыпшақ болғарды монғол жеңе алар ма еді? Әрине, жеңе алмас еді. Дегенмен, біздің жеңісіміздің басты себебі — біз шабатын елдердің мұндай соғысқа дайын емес екендігінде еді. Біз Шыңғыс ханға — бір адамға бағынған ел едік. Ал өзгелер қаншалықты қалыптасқан патшалықтар еді десек те, тұтқиылдан тиген жауға ел билеушілерінің алауыздығы күштерін шоғырландыруға жол бермеді. Сондықтан да жұтуға келе жатқан алты басты айдаһар тәрізді монғол әскерлерінің алдында өзгелер көжектей қалтырады...

— Орұсуттар мен қыпшақ, болғарларды бұлай деу қиын болар... Олар біздермен жан аяспай соғысыпты ғой.

— Оны сен қайдан білесің? .

— Қарттар осылай дейді. Өткен заманды білу айыпты ма?

— Әрине, айып емес. Ата-бабаңның қаһарлы шежіресін, білу керек-ті. Ағаш жоғары өскен сайын тамыры төменге кете түседі. Сондай-ақ хан ұрпағы Ордасының болашағын ойлаған сайын, бабаларының өткен күніне тереңдей беруі абзал. Ақылды мұрагер ұлысының өткенімен келешегін салыстырып, Ордасының қазіргісін күшейтеді.— Бату сәл тоқтай қалды да қайтадан сөйледі.— Иә, орұсут, қыпшақ, болғарларды былай қойғанда грузиндерді айтсайшы! Бәрі де ер халықтар. Ал қыпшақтардың жау жүректігі атам заманнан белгілі. Бірақ, солардың бәрін біз жеңдік. Қалай? Халықтың құр батырлығы әлі ол жау жеңе алмайтын күш емес. Оған қарсы айла, қулық-сұмдық бар. Ең алдымен сол ерлікті басқара білу керек. Мысалға грузиндерді алайық. Бұлар біздерден бірнеше жүз жыл бұрын ірге тепкен, Орда құрған ел екен. Жағатай әскері келместен жүз жыл бұрын осы елдің ұлы патшасының бірі грузиндердің өзі Давид құрылысшы деп атаған әйгілі әміршілері қыпшақтардың атақты ханы Күнчектің қызы Тұран-Тоқтарға үйленіпті. Содан екі ел арасы өте тату боп, Күнчек Давид құрлысшыға төрт тумен әскер беріпті. Давид патша грузиндерін қосып, Ордасын қорғайтын тұрақты үлкен әскер құрыпты. Сол әскерінің арқасында Давид патша құр ғана елін қорғап қоймай, өзі аттанысқа шығып, жерін басып алған сұлжықтарды да жеңген. Осы патша Кавказ таулары арасын шың-құздарды қашап, Осман түріктерімен шекаралас жеріне Варзия деген тас шаһар салған. «Сол шаһардың кірер қақпасының алдында әлгі патшаның Георгий деген баласымен, оның қызы — «Жолбарыс терісін жамылған батыр» дастанындағы патша - қыз Тамардың тастан қашалған бояулы суреттері тұр» деп келген ана жылы біздің жігіттер. Жұрт Георгиймен Тамардың киген киіміне, түр, бейнесіне қарасаң сөз жоқ олардың қыпшақтармен жақындықтары бар екені анық деген әлгі жігіттер. Рас па, жоқ па, бұл маған беймәлім дүние.

Бірақ, грузиндердің қыпшақтармен ерте кезден достасқандары хақ. Ал біз олардың сол достықтарын да бұза білдік. Сондай-ақ, Херман Кибе төңірегіндегі орұсут онғыларының да бастарын біріктірмедік. Осымен байланысты менің саған айтатын үшінші ақылым — бағынышты, не шабатын еліңнің әл-қуатын, көңіл күйлерін біліп отыр. Бастарын біріктірмеуге тырыс. Ал бастарын біріктірмеу үшін қолыңнан келетін қандай шараң болса аяма, қолдан, міне, сондықтан Сартақ пен Александр Невскийдің анда болуын қоштадым. Александр Невскийдің жау екенін білген соң, бұдан басқа айла қалмады.

— Ал Александр Невский бұған қалай қарады?

— Қаны бір орұсут жұртын шауып жатқан монғолдарды кім өзіне дос санайды дейсің? Жаңа ғана айттым ғой, ол амалсыздан Сартақпен анда болды деп. Мен де бізге тиімді болған соң ұғылыма рұқсат еттім. Александр Невский мен Сартақтың достығы өрт келе жатқанда бірге қашқан қасқыр мен қаблан тәрізді, өрт қаупі жоғалса-ақ бірінің бірі тамағынан ала түсуге бар. Жоқ, кейбір орұсут онғыларының бізге жақындасуларын достықтан деп ойлаған адам — ақымақ адам. Өйткені, кім-кімге де әркімнің туған жерінен, өскен мекенінен қымбат не бар?! Тіпті, әлденеге бола таласып қалсаң да, сезім-түйсігінің, намысың бір болған соң, біріңнің қолынды бірің шауып тастай алмайсың. Ал, елі үшін жанын айда етуге келгенде — орұсут жұртымен теңелер ел сірә да жер бетінде жоқ. Түптің түбінде біздің жүгенсіз кеткен озбырлығымызға олардың еңбектеген жасынан, еңкейген кәрісіне дейін кек алмай тынбайтын ержүректігі мен қадалған жерінен иманыңды көзге көрсететін өжеттігі тосқауыл қояма деп те күдіктенем. Әрбір орұсутты көрген сайын осындай ой меңдей береді. Ал әзірге өзімізге қастық ойламаса болды да деп тоқтам жасап отырмын. Мінеки, мен саған үш түрлі ақыл айттым. Бірі — бабаң Шыңғыс ханнан қалған өнеге. Екіншісі — атаң Жошы хан қолданған тәсіл. Үшіншісі — мына менің, әкең Бату ханның бүгінгі әрекеті. Осы үшеуіміздің істегендерімізді істесеңдер — Алтын Орданды құлатпайсыңдар.

Бату қателескен еді, Алтын Орда тәрізді, озбыршыл, қиянатшыл, құр сойыл мен қамшының күшімен мемлекет құрып, өзі оның жаназасын күні бұрын оқыған-ды. Мұндай халық қоштамаған, тек уақытша әскери үстемдігіне сенген, қоғамдық өндіргіш күші өркендей алмайтын хандықтың өмірі ұзақ болмаса керек-ті. Бату, шынын айтсақ, шала-жансар бала тудырған еді...

Күн батуға айналған. Ұлақшы кетіп қалған. Батып бара жатқан күннің қызғылт сәулесіне шомылған Бату хан анадайдан қызыл қанға малынып жатқандай, ерекше көзге түседі. Алып қыран әлі көк бетінде қалықтап жүр. Батудың Ордасына қайтатын, қыранның ұясына қарай ұшатын кездері әлдеқашан болған. Бірақ бүгін бұлар бір-бірінің аңызын аңдып қалған. Екеуі де кездесер шақтарының таяғанын сезгендей.

Сондықтан да хан Бату тапжылмай отыр ма?

Қыран әлде аш па, әлде ұясындағы сары ауыз балапандарына күні бойы ештеңе апара алмағанынан ба, Бату ханнан бірдеме дәметкендей. Ол кетпей, бұл да кететін емес. Тек кереге қанатын анда-санда бір сермеп төмендей түседі.

Қыранның өзіне жақындап келе жатқанын көзі көрмесе де, Бату ханның жүрегі сезді. Өзіне таяй түскен ажалдың қанжар тырнақтары арқасына кірш-кірш қадалып жатқандай денесі түршігіп ол бір сәт еңкейіп те қалды. Бұнысы несі, алғалы келе жатқан ажалдан қорыққаны ма? Өзіне сілтеген алдаспаннан міз бақпайтын тас жүрек Бату ханды жалғыз қара құстың сұсы жеңіп, расымен қорқып кеткені ме? Жоқ, Бату хан қыран қандай, алғыр болса да одан қорықпайды. Төсекте, күннен-күнге семіп, үнсіз жата бергенше, ол кектескен жауымен бетпе-бет айқасып өлуге бар! Тіпті солай өлуге құмар!

Қыран «бәрібір сенің қолыңнан ештеңе келмейді» деп мазақтағандай Батудың дәл төбесінен қанатымен сипай бір өтті.

Хан басын көтерді. Кенет кебіндей беті аппақ бола қалды. Қара бүркіттің бір аяғындағы жібек баулы алтын балдақты көзі шалып үлгірді.

Құсты енді таныды.

Бұл балапанынан өзі өсірген, сан мәртебе қасқыр алған қыраны екен.

Осыдан екі жыл бұрын Бату осы қыранымен қансонарда, көптен бері алдырмай жүрген, шатқал арасынан бірде көзі шалып қалған көкжал қасқырды аулауға шыққан. Малға шауып, жолаушыны талап ханның әбден шымбайына тиген қасқыр шатқал ернеуінен бір рет қылт еткен. Бату томағасын сыпырып, бүркітін ұшырып жіберген. Бір нөкері дауылпазды бір-екі мәртебе қағып та қалған.

Аузымен құс тістейтін жүйрігімен қасқыр көрінген тұсқа Бату да шапқылап жеткен. Бүркіт қасқырды алып та үлгірген екен.

Бірақ көптен бері іле алмай жүрген қыран, құсбегінің келуін күтпей, қасқырдың пара-парасын шығарып жіберіп, қанын сорғалатып ыстық жүрегін жеп те үлгеріпті. Қазір тек үстінде тояттап отыр екен.

Өштескен жауының жүрегіне өз қолымен қанжарын сала алмағанына ызаланған Бату атынан секіріп түсіп, қасқыр үстінде қонып отырған бүркітті тобылғы сапты қамшысымен тартып - тартып жіберген.

Қанды көз қыран шаңқ етіп алабұртып, көкке самғай жөнелген.

Қыран содан қайтып оралмаған.

...Ол енді Батудың төбесінен бір сипап өтіп көк аспанға самғай берді.

«Қастасқан досыңнан жаман жау жоқ,— деп ойлады Бату.— Шіркін-ай, досыңмен дос бол, қасыңмен қас бол. Доспен қастаспа, қаспенен достаспа» деп Ұлақшыға айта алмай қалдым-ау».

Сөйткенше қыран қанатын жинап алып, төмен қарай құлады.

Бату ақ беренін бір-ақ сілтеп үлгірді. Екінші сілтеуге әлі жетпеді.

Бір қанаты қиылып түскен алып бүркіт саңқ етіп барып анадай жерге құлады.

Жалғыз қанатымен бір-екі рет жерді сабалап көздері қып-қызыл боп Батуға қарап тына қалды.

Екі қанды көз кездесті.

Ақ беренін кектескен досының кеудесіне салып, өшін алуға Батудың күші жетпеді.

Кенет талмаусырап есі ауып кетті.

Әзия мен Жағропаның тең жартысын тітіркенткен айбарлы хан ертеңіне дүние салды. Досы жылады, дұшпаны қуанды. Тек, хансың ба, қарасың ба,— бәрінің бірдей ақырғы төсегі меңіреу қара жер тас құшағын аша берді.

Шыңғыс ұрпағы қай діннің ықпалында болса да монғолдардың дәстүріне қылау түсірмеген. Бұл жағынан, әсіресе Жағатай мен Күйік ерекше орын алған. Осы екі ханның кезінде «егер мұсылман ағып жатқан сумен дәрет алса, сол ағып жатқан суға тұншықтырылып өлтірілсін, ал егер малды бауыздап жейтін болса, сол адамның өзі бауыздалсын!» деген заң да шыққан.

Сондай-ақ қай далада өлмесін, монғол хандары ата-бабасы туған, өсіп-өнген жеріне қойылуға тиісті. Әсіресе, бұл тәртіп, бөтен елдерді жаулап алған Шыңғыс ұрпақтарында қатты сақталып келген. Осы дәстүр Батуға да қолданылуға тиісті еді. Бірақ Қарақорым мен Сарай арасы тым шалғай, о жаққа апаруға еш өлік шыдай алмайтын болғандықтан, Қарақорымға Батудың тек табытын апаратын болды. Сол үшін екі табыт істелді. Біреуін ылғи қара жылқы мінген, қара киінген екі жүз жауынгер, ішіне Батудың қымбатты қару-жарағын салып, монғолдардың ұлы даласына қарай беттеді. Ал екінші табытпен Батудың өзін жерледі. Монғол дәстүрі бойынша кілең көк киінген бекзадалар, ішін алтынмен қаптаған тұтас еменнен істелген табытқа салынған Батудың денесін, тірісінде асынған қымбатты алдаспан, қанжарлары мен торасұн - шарап, қымыз ішкен алтын, күміс ыдыстарымен бірге, біреу болмаса біреуі қабіріне салынған қазына - мүлкіне қызығып, не тірісінде жәбір көрген қастары өлі денесін балағаттап жүрмесін деп Еділ жағасындағы қалың тоғайлы төбеге қойды. Тағы да монғол тәртібі бойынша үстіне мазар, не күмбезді сарай орнатқан жоқ. Тек қабір үстіне жас талдар егілді. Бір-екі жылдан кейін бұл талдар бойлай өсіп, орманға қосылып кетті. Кешегі әйгілі ханның бейіті енді қастары түгіл достары да таба алмайтын қалың тоғайдың арасындағы белгісіз жерге айналып, бір жолата жоқ болды. Демек, осы күйге жеткенше бұл орманға ешкімді кіргізбейтін арнаулы қол — төлеңгіт жасағы тұрды.

Ал Сартақ әкесінің өлгенін Ырғыз өзенінің бойына жеткенде естіді. Жасағындағы Қойаққа христиан ғұрпы бойынша жаназасын шығартып, кейін қайтпай Қарақорымға қарай жүре берді.

Мұнда келгеннен кейін монғол даласының ұлы ханы Мөңке, әкесінің өлгеніне қарамай, болайын деп жатқан Құрылтайға жеткеніне өте риза боп, бұдан мемлекет ісін билейтін шын қайраткер шығады екен деп Сартақты Алтын Орданың ханы етіп бекітті. Сонау Шығыстан Батысқа дейін созылып жатқан Алтын Орданың жері аз болғандай, жеріне тағы жер қосып берді.

ЕКІНШІ ТАРАУ

Сартақ Алтын Орда ханы болып тағайындалған қоян, яғни 1255 жылдың қысын шаһарындағы хан сарайында өткізді. Хан ордасына тікелей қарайтын негізгі жұрттардың ең көбі — қыпшақ, болғар, Теріскей Кавказ, Саксин, Қырым елдері мен Хорезм хандығы. Біреулерінде бұл жылдары тыныштық боп, ал екіншісі, қысқы кезде байланысуға тым алыс жатқандықтан,— Сартақ күз түсе - ақ, өзге істерін былай қойып, діни мәселелермен шұғылданған. Және іргелес отырған орұсут князьдерімен қарым-қатынастарын нығайту жұмысына кіріскен.

Тауық, яғни 1249 жылы әйгілі князь Александр Невскиймен анда болғаннан бері Сартақ христиан дінін есінен тастаған емес. Өйткені, шешесі де насырәни дініндегі Керей руынан шыққан еді. Және жастай тәрбиелеушілері де осы діннің адамдарынан болатын. Сол себептен де қарамағындағы Орда адамдарын да оған енгізбек боп, Легницеда тұтқынға түскен неміс шебері Госсетке, барыс, яғни 1254 жылы Сумеркент шаһары тұрған аралдың қарсы жағынан, Еділ өзенінің төменгі батыс сағасына шіркеу салдырып алған. Ал Сартақтың өз Ордасы Еділ мен Таң өзенінің ортасындағы далада, Еділден үш күндік қыпшақ жерінде болатын. Қыпшақ еліне келсек, бұл ел мұсылман қауымына жататын. Сондықтан шіркеуге жұрт ағылып бара қоймаған. Бірен-саран хан ұрпақтары ғана шоқынған. Баласының бұл қылықтарынан хабардар Бату — оған қой демеген. Бір ретте баласы анда болған Александр Невскийдің елінің келешегі күшті, үлкен жұрт, түбі бұдан да күшейіп кете ме деп қауіптенген хан, Сартақтың бұл дінге кіргенін жек көрмеген. Ал шындығында, Сартақтың шоқынды деген құр аты еді. Өзге жұртты шоқынуға үгіттемеген, өзі христиан дінін тапжылтпай ұстайтын кісі боп та кетпеген. Ата-бабасы бақсы-балгерді, шамандарды ғана тәңір тұтқан монғолдың ат үстінде өскен жігітіне толып жатқан ауыр ережелері бар дінге бірден тізе бүгу қиын еді. Оның үстіне Сартақтың христиан дініне мүлдем беріліп кетпеуіне тағы бір себеп ол отызға жеткенше алты қатын алған. Екеуі монғол руларынан, үшеуі қыпшақтан, біреуі алан қызынан болатын. Алтауы да бала тапқан. Бірақ біреуі де тұрмаған. Орда маңындағы мұсылмандар «әйелдерінің үшеуі мұсылман, екеуі будда дінінде, өзі христиан дініне кіріп шоқынды. Сондықтан бұны қарғыс атты. Әкесі мен шешесі екі дінде болса, Ондай адамдардың баласы тұрмайды екен. Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі, христиан мен будда құдайлары мұсылман құдайымен балаға таласқанда, құдайлардың біреуінің болмаса біреуінің кәрі тиіп, сәби өледі екен» деп өсек таратқан. Бұл өсек Сартаққа жеткен. Осылардың айтып жүргені рас шығар, келесі әйелім христиан дініне табынатын болсын деп жетінші қатын алмақ болған. Андасы Александр Невскийдің қаласына қонаққа барып жүргенінде князь ұрпағынан шыққан Наталия деген он алты жасар қызды көрген. Қыз болғанда қандай! Қыпшақтар айтқандай «өзі — шекер, өзі — бал, өзі — қайың, өзі — тал», жұмыртқадай әппақ, уылжып тұрған періште. Қызды бір көргеннен құмарта түскен. Қыздың әке-шешесі де көнген. Іштей ұнатпағанмен де атақты Алтын Орда ханының баласына қызымды бермеймін деуге олардың ауыздары бармаған, қорыққан. Міне, пәле дәл осы тұста басталды. Өзі христиан болғандықтан некесін шіркеуде қиюға тиісті екен. Ал Новгород епископы Иоан, бұлардың некесін қимай қойған. «Хан баласы, сенің бұл әрекетің бізге ұнайды деген ол. Алтын Орданың болашақ тірегі, Сартақ әфенді, сен бізге қымбатсың, бірақ сенен де бізге христиан діні қымбат. Ал ол діннің ережесі бойынша әр христиан бір-ақ әйел алуға тиісті. Ал Наталия қызды алғың келсе, анау алты қатыныңды таста, талақ ет. Сонда ғана некелеріңді қиямын» деген. Иоан епископты жалынып та, қорқытып та көрді. Үстіне торқа ішік жауып, астына күміс ер-тоқымды жорға да мінгізіп, уыстап алтын теңге де беріп, жібітпекші де болды. Епископ «бұл бергендерің шіркеуге деген пітірің шығар» деп бәрін де алды, «бірақ алты қатынды тастамай, некелеріңді қисам, мені құдайдың қарғысы атады» деп көнбей қойды.

Бұрынғы қатындарын тастауға Сартақтың батылы бармады. Хан баласымын десе де, Алтын Орданың шаңырағын ұстап тұрған қырық уығының алтауына айналған әйелдерінің, әке - ағаларының кәрінен сескенді. Өз әкесі көтерген шаңырақты босаңдатқысы келмеді. Ал Наталия қыз болса, хан баласының жанын өртеп әкетіп бара жатты. Әбден қиналған Сартақ дымы құрып Ордасында өзінің хатшылық қызметін атқарып жүрген, насырәни дініндегі мұлазим румдық Қойаққа жабысты.

— Христиан дінін шығарған әулиелер тек бір қатынмен ғана өмірлерін өткізіп пе? — деді.— Тілге тиек ететін бірдемелер тауып көрсейші.

— Иә, ол әулиелер солай өткен. Және өз діндерін ұстаған әулеттеріне, әйелдері өлмей, не талақ етіп тастамай, екінші қатын алуға рұқсат бермеген,— деген Қойақ.— Бірақ христиан дініндегі патшалар... Әлде сіз Күйік ханның ордасында болған мұсылман ишандары мен христиан поптарының айтыс сөздерін естімеп пе едіңіз?..

— Жоқ, естігем жоқ...

— Бұл айтыс Күйіктің сенің әкең Батумен кездесер сапарына шығар алдында болған...

— Күйік ханның өлер сапарын айтасың ба?..

— Иә,— дейді Қойақ.— Сол айтыстың анығын мен кеше ғана білдім. Қарақорымдағы румдық досым жазып жіберіпті.

— Иә, айтыс қалай өтіпті?

Оқиға былай болған.

Христиан тәрбиесін алған Күйік ісләм дініне қарсы бірталай әрекеттер істеген. Сол әрекеттің бірі осы айтыс еді. Бұл кезде Күйік Самарканд шаһарына келіп жатқан. Айтысқа мұсылман қауымына өте қадірі бар Нуриддин Харазми имам шақырылған. Айтысқа Күйіктің өзі қатынасқан. Талас бірден мына сұрақтан басталған.

Христиандар: — Мұхамед пайғамбар қандай адам болғанын айтып беріңіз?

Иман: — Мұхамед дүниеге алла-тағаланың ең соңғы жіберген пайғамбары. Әулиелердің көсемі. Мұхамедтің қасиетіне бас иген Мұса пайғамбар «О, алла-тағала, мені Мұхамедтің үмбетіне қоса көр» десе, ал Иса пайғамбар: «Менен кейін келетін әулиеден, құдай тағала, шарафатынды аяма. Оның аты Ақмет болады» деген,— деп жауап береді.

Христиандар: — Кім де кім рухани таза өмір сүрсе, Иса пайғамбар тәрізді, әйел затына құмарлықтан аулақ болса, сондай адамды әулие деуге болады. Ал Мұхамед пайғамбардың тоғыз әйелі, толып жатқан баласы болған. Бұны қалай түсіндіресіз? — деген.

Имам: — Ал Дәуіт пайғамбардың тоқсан тоғыз әйелі, Сүлеймен пайғамбардың некелескен үш жүз алпыс қатыны, некелеспеген аманатқа алған мың әйелі болған. Мұны қалай дейсіздер? — деген имам сұраққа сұрақ қойып.

Христиандар: — Жоқ, олар пайғамбарлар емес, патшалар,— деп сылтау тапқан.

Бұл жағынан жеңе алмаған христиандар Күйікке енді имамға Мұхамед пайғамбардың барлық ережесі бойынша намаз оқып шығуын бұйыруды өтінеді. Хан бұйырады. Нуриддин Харазми имам осы сарайда тұрған бір мұсылман қартты қасына шақырып, екеуі намаз оқуға кіріседі. Христиандар намазды оларға дұрыс оқытпайды. Біресе арт жақтарынан шымшиды, біресе бастарын жайнамазға тигізіп еңкейетін шақтарында, желкелерінен итеріп маңдайларымен жер соқтырады. Әйтеуір білгендерін істейді. Бірақ Мұхамед пайғамбардың өсиеті бойынша «намаздарын бөлсе, күнәға қалатынын» білетін екі мұсылман бұған қарамай, ең соңғы сүрелерін оқып намаздарын бітіреді. Сосын ханға тәжім етеді де өз жайларына кетеді.

Ертеңіне таң ата Күйік жүз мың қолмен Батуға қарсы Қыпшақ жеріне аттанады. Бірақ үш күн өтпей Оранғұт өзенінің жоғарғы тұсына жеткен кезде Күйік кенет қан құсып дүние салады. Мұсылман қауымы: «Ісләм дінін келемеж еткізгені үшін Күйікті Мұхамед пайғамбардың аруағы атты» деп шулады. Мұсылман қауымы оған сенеді. Әрине, Күйіктің жоқ жерден ажал табуы, айтыстан емес, тіпті басқа себептен еді.

Ал хатшысы Қойақтан тоқсан тоғыз қатын алған. Дәуіт пайғамбардың, үш жүз алпыс некелі қатын, некесіз аманатқа мың әйел алған Сүлеймен пайғамбардың қылықтарын естіген, Наталияға үш айдан бері қолы жетпей құса болып жүрген Сартақ епископке айтар сөз таптым деп, құлпырып сала берген.

— Мен де патша баласымын, бүгін патша болмаса, ертең Дәуіт пен Сүлейменнен кем емес патша боламын, жол менікі,— деді ол.— Новгород епископы сөзге тоқтаса, шіркеуде Наталжанмен некемізді қиғызамын. Ал сөзге тоқтамайды екен...

— Онда...— Сартақ өзі ызалана сәл тоқтап қалды да Қойаққа қарады,— бар, жүз басы Сырмаққа айт жолға шығамыз.

Бірақ Сырмақтың өзі кірді. Бұл екі иығына екі кісі мінгендей апай төс, арыс кеуделі, төртбақ келген отыздар шамасындағы қара торы жігіт еді. Басындағы қарсақ бөркі, үстіндегі боз түйенің жүнінен тоқыған, жағасын қара құндыз терісімен көмкерген қысқа бешпенті, ат үстіне ыңғайлы ықшам саптама етігі жүзбасының Қыпшақ руларының бірінен екенін айтпай-ақ көрсетіп тұр. Ол үйге жалғыз кірген жоқ, өзімен бірге жұқа өңді ақсары жігітті ала кірді. Бұның үстіндегі киімі Еділ бойының аяқ шеніндегі жұрттың үлгісімен тігілген. Түсінде бір абыржығандық, қорыққандық белгі бар... қару-жарақсыз.

— Аттарыңды ерттеңдер,— деді Сартақ Сырмаққа бұйыра.— Қазір жүреміз.

— Қайда? — деді Сырмақ алып кірген жігіттің желкесінен ұстаған қалпында, босатпай.

— Новгородқа. Наталды әкелеміз.

— Ал сөйле,— деді Сырмақ, желкесінен ұстап тұрған жігітті төмен бұқтыра. Анау дізерлеп отыра қалды.

— Бұл кім? — деді Сартақ жаңа ғана өң жоқ, түс жоқ, бір тізерлеп мөлиіп отырған жігітке көз аударып.

— Берке ханның ордасынан қашып келген адам,— деді Сырмақ.

Бату да, атасы Шыңғыс ханның дәстүрі бойынша, Алтын Ордаға бағынатын жерді, елді омақ етіп, өзімен бірге Шығыс Жағропаны, Кавказ, Еділ бойын алуға қатысқан ұрпақтарына бөліп берген. Бұлар қарамағындағы елді жеке білмеген, Батуға бағынатын. Бұларды, бұрын монғолша омақ ағасы деп, ал соңғы кезде, Құлағу Иранды, Бағдатты шапқаннан бері «әмір» деп атай бастаған. Тек түркі елдері өздерінің көне дәстүрі бойынша хан деп кеткен. Батудың өзінен кейінгі інісі Берке сондай хандардың бірі еді. Бұның ордасы Сарықұмнан сәл жоғарырақ Еділ өзенінің жағасындағы Ақтөбе деген биіктеу адырдың тұсында тұратын. Бұл араның қысты күнгі суықтығына қарай Берке Ақтөбеде өзіне арнап қала салдырып жатқан. Бұның да атын Сарай деп қойған.

— Неге қашып келдің? — деді Сартақ,— Өзің кімсің?

— Есімім Сары Бұғы — деді жігіт.— Монғолдың Барғұт руынанмын. Әкем Есу Бұғы әйгілі Сүбетәй баһадурдың күзетшісінің бастық-мұқадамы болған. Өзім Берке ханда сүлгіші едім.

— Мен Берке хандай құдайды алдап, мүләйімсіп, күнде беті-қолымды бес рет жуып, ал түнде кісі өлтіретін мұсылман емеспін, бізге сүлгіші құл керегі жоқ,— деді Сартақ ананың сөзін бөліп жіберіп, шыдамсыздана,— қашқан себебінді айт.

— Себебім біреу-ақ,— деді жігіт басын төмен түсіре. Ұлы Жошы хан баласы Берке менің бас иген төрем. Мен құлымын. Жек көрем деуге аузым бармайды. Шыдай алмадым. Әсіресе, ақырғы істеген зорлығы...

— Ол қандай зорлық? — Шыдамсыз Сартақ жігіттің сөзін тағы бөліп жіберді.

— Осы бір жеті бұрын, Мұхамед пайғамбардың салған жолы деп Новгородтан жас иіс тоқалдыққа бір ақсүйектің қызын алып келген. Ай десе аузы, күн десе көзі бар бір керемет... Сол қызды...

Сартақтың жүрегі дір ете қалды.

— Қыздың аты кім? — деді ол даусы қатты шығып кетіп. Жігіт тілі келмейтін есімді бөліп-бөліп айтты.

— На-та-ли-я.

Сартақ тұрған орнынан қозғалмай қатты да қалды:

— Бұрын сіз құда түсіп жүр екенсіз,— деді жігіт Сартақтың жаралы жанын ауырта түсейін дегендей батыра сөйлеп.— Ал сол қызды үйіне алып келгеннен кейін, жігіттеріне көк шыбықпен аппақ жұмсақ жерінен дүрелетіп отырып еріксіз мұсылман дініне кіргізді. Сосын барып некесін қидырды. Ал қыз бишараның жылағанын көрсеңіз...

Сартақ қашқын сөзінің ар жағын тыңдауға шыдай алмады. Жүз басына тек «әкет» деп бұйыруға ғана аузы барды. Не дерін білмей, теріс бұрылып кетті.

Жігіт тек:

— Мұсылман Беркенің жұртқа істеп жатқан қорлығына бұдан әрі шыдай алмадым, жаным ауырған соң қасиетті Саин хан баласы сізге қаштым,— деуге ғана үлгерді.

Сырмақ оны есіктен бір-ақ ытқытты.

Мұсылман дініне, осы діндегі Беркеге бұрыннан да өш Сартақ, енді оған бұрынғысынан бетер кектене қалды. Алтын Орда тағына отырған күнінен бастап сол ісләм дінін, сол ісләм дініндегі тілі майда, діні қатты әкесінің інісі Беркені қалай құрту жолын ойлаумен болған. Қыс аяғында белгілі шешімге де келген. Мұхамед пайғамбар өз дінін дүние жүзіне тарата бастағанда ең алдымен көз тіккен жерінің бірі Хорезм мен Қыпшақ даласы екен. Сондықтан да жетінші - сегізінші ғасырлардың өзінде-ақ Мауараннахр мен Дәшті-Қыпшақтың оңтүстік жағы Сейхун дариясының орта тұсында, ісләм дінінің мәдени ошақтары орнай бастаған. Рас, бұрын насырәни дінін қолдап келген Орта Әзияның Самарқанд тәрізді шаһарлары жаңа дінге оңай жол бермеген-ді. Сөйтсе де жаңа дін — мұсылман діні өзінің орнын алған. Сондықтан бұл араларда Қарнақ, Сұнақ, тәрізді араб қожаларының жаңа Дүнкенттері орнап қалған-ды. Бұрынғы насыр-әни, аздаған христиан діндерін ұстаған кейбір қауымдары қуғынға түсіп, ісләм діні Орта Әзия да орын алды. Ал он үшінші ғасырда Хорезм мен Қыпшақ жеріне монғолдар кірді. Бұл христиан дінінің жағдайын кілт өзгертті. Рас, шамандықты ұстаған монғол шапқыншылары өздерінің негізгі әдеттерімен христиан, мұсылман, будда діндеріне бірдей қарады. Алым-салықтан үшеуін бірдей босатты. Дегенмен монғол жерінде Шыңғыс ханнан бұрын христиан діні әжептәуір тараған болатын. Монғол руларымен Онон, Керулен өзендерінде аралас көшіп жүрген түркі тұқымдас Керей, Найман тәрізді рулық қауымдар бар еді. Ал Шыңғыс ханның ұрпақтарының бірталайлары осы Керейлерден қыз алған, одан туған балаларын сол христиан рухында тәрбиелеген. Осының бәрі христиан дініндегі қауымдарға мұсылман дініндегі жұртқа үстемдігін жүргізуге мүмкіндік берді. Сөйтіп Хорезм мен Дәшті-Қыпшақтың оңтүстік аймақтарында ісләм діні қуғынға ұшырай бастады. Әсіресе, шешесі Керей қызы, өзі сол христиан дінінің рухында тәрбиеленген Қарақорымдағы ұлы хан Күйіктің тұсында мұсылмандардың хәлі қиынға айналған. Рас, Күйік бар болғаны екі-үш жыл хан болды (жылқы, қой, мешін, яғни 1245—48 жылдары ғана). Бірақ ол сол жылдар ішінде біраз діни шаруа істеді. Хорезмнің кейбір Самарқанд секілді үлкен қалалары, христиан дініндегі Әрмения, Грузия секілді елдермен діни уәкілдер арқылы қатысып, христиан дінінің бүкіл шығыс көлемінде одақтасуының күшейе түсуіне жол ашты. Кейбір үлкен шіркеулерде Иисус Христостың суреттерін орнатып, осы дінді қуаттаған, әулие дәрежесіне көтерілген кейбір Дәуіт, Сүлеймен секілді патшалардың икон-суреттерін ілгізді.

Күйіктен кейін Қарақорымда Ұлы хан болған Мөңке көп жылдарын Қыпшақ жерінде өткізгенмен де, шамандар ғұрыпынан шыға алмады, шамасы келгенше христиан будда, мұсылман діндерін бірдей ұстауға тырысты. Сондықтан да Бату өлместен бұрын орұсут шіркеуіне барып шоқынғанын біле тұрса да, Алтын Орда ханы етіп Сартақты бекіткен. Сен христиансың, ал басқармақ елдеріңнің дені мұсылман деп оны кеудеден қақпады. Алтын Орда тағына Сартақтың отырғаны аз болғандай, Мөңке оның билеп отырған жеріне Кавказ жағынан жаңадан жер қосып берді.

Мөңкенің осындай өзіне жақсы қарайтынын білетін Сартақ енді мұсылман дініне, сол дін арқылы сүйгенінен айырған әкесінің туған інісі Беркеге қарсы күрес ашпақшы болды.

Сартақ тек діни тартысты күшейтуді ғана ойлан қойған жоқ. Діннің мәселесі оған, шынын айтсақ, Алтын Орданың саяси жолымен байланысты еді. Ал оның көз тіккені әсіресе орұсут елі. Христиан діні Александр Невскиймен анда болғаннан кейін Сартақтың мемлекеттік істерінде ерекше орын алған.

Орұсут халқына, Орта Әзия мен Кавказ елдеріндегідей, монғол шапқыншылығы орасан үлкен апат әкелді. «Біздің әкелеріміз бен туған-туысқандарымыздың қанына жер лықылдап тойды. Тірі қалғандарын, адам баласы келе алмас, алыс жаққа құлдыққа айдап әкетті. Жермен-жексен етіп қиратқан, өртенген қала орындарын жусан мен алабота жапты. Отанымыз жат жұрттың аяғының астында тапталды» деп жазылған сол кездегі орұсут елінің көне шежіресінде.

Монғол шапқыншылығы қандай ауыр тисе, олардың үстемдігін жүргізу де жеңіл тиген жоқ. Князьдықтары Алтын Орда құрамына кірмегенмен, монғол шапқыншыларына салық төлеп тұруға міндетті болды. Шаруашылығы әбден күйзелген халыққа мұндай салықты төлеу өліммен бірдей ауыр тиді. Ал салықты алғашқы кездерде монғол қызметкерлері, соңынан орұсут князьдары жинап, Ордаға апарып тұрды. Бұл салықтардың дер кезінде жиналуын, жай халықтардың бөтен қылықтарын бақылап тұратын әскери топтардың бастықтарын басқақ деп атады. Бұлар жұрттың қаққанда қанын, сыққанда сөлін алды. Төлей алмаса дүре соқты, үйін өртеді. Осындай Шалкен деген қанішер басқақтың қиянатын халық:
«Ақшасы жоқтың
Баласын алды.
Баласы жоқтың
Әйелін алды.
Әйелі жоқтың
Түгелдей өзін алды»,
деп жыр шығарды.
Әсіресе халыққа, болмашы бірдемені сезсе, Алтын Орда жауынгерлерінің тосыннан тосын, орұсут қалаларын шабатын әдеттері қатты батты. Үнемі осылай. Бұған шыдай алмаған орұсут халқы әлсін-әлсін Алтын Ордаға қарсы бас көтерді. Осылай Тверь, Ростов, Ярославль, Суздаль тәрізді шаһарлар бірнеше рет шабылды. Монғол қосындары орұсут еліне келген сойқан қырсық еді. Бірақ осы батыр ел, шығыстан келген қанды балақ жауының сүйір ұшты найзасына жалаңаш кеудесін қарсы тосты, оны әлсіретті. Сөйтіп, Батыс Жағропаны жаулап алудан құтқарды.

Орұсут жерін дәл осы тұста жалғыз монғолдар ғана емес, Батыс мемлекеттердің де басып алғылары келді.

Теріскей Жағропа мен шығыс елдерін орұсут жерімен байланыстыратын маңызы зор, сауда жолында тұрған ұлы Новгород жеріне осы кезде неміс кресшілері қайтадан шабуыл жасау дайындығына кіріскен.

Ал Новгород жұрты өздерін монғолдар шаппағанымен, арасына жыл салып бастарынан Ливон Ордені мен неміс рыцарьларына қарсы екі үлкен айқас өткізгендіктен, әбден әлсіреп қалған еді. Мұндай жағдайда, Теріскей - Шығыс орұсут князьдарының басшысы, Владимир мен Новгородтың ұлы князі Александр Невский, (оның өзі отырмағанмен, өз атынан балаларының біреуіне тапсырып, Ұлы Новгород ісін сырттай да басқаруға хақы бар болатын) өзге князьдардан Ливон Орденінен орұсут жерін қорғауға күш сұрайын десе, бәрі де Алтын Орда соққысынан әлі есін жия алмай жатқан. Есін жимақ түгіл, бастарына төнген жоқшылық пен зорлық-зомбылықтан, күннен-күнге жүдей түскен.

Осының бәріне төзген бұл қандай ер халық! «Орыстың ерлігі де, табандылығы да монғолдан кем емес! Тіпті артық та,— деп жазды өзінің дәптеріне шығыс саяхатшысы,— әттең, әттең, монғолдар бастарын қостырмады. Әр қаласын, әр князьдығын жекелеп шапты».

Міне, осындай кезеңде Александр Невский немере інісі Гаврийлды Орда тағына биыл жазда отырған Сартаққа доңыз, яғни 1256 жылы елші етіп жіберді. Ондағы ойы — неміс рыцарьлары мен Ливон Орденіне қарсы шығу үшін ең болмаса Алтын Ордадан тыныштық тауып, ыңғайы келсе, Псков пен Новгородты уақытша салықтан босату, сөйтіп, тыныстарын кеңейтуге мұрсат беруді сұрау еді.

Қыстың сақылдаған сары аязы тұрған. Сарай-Бату шаһарына батыс жағынан құлайтын жолмен Алтын Орда төлеңгіттері қоршаған, бастарына қыпшақи сүйір төбелі түлкі тымақ, қарсақ бөрік киген Гаврийл басқарған орұсуттың бір топ онғы боярлары қалаға кірді. Сартақ ордасының алдында жаңа ғана сыртқа шығып тұрған. Басында дағарадай құндыз тымақ, иығына жәй әшейін жаба салған құндыз ішік. Қарусыз. Тек ішік ішіндегі зерленген қара мауыты бешпетінің бүйір тұсынан, сүйем қарыс етіп қақтаған алтын белбеуіне байланған, сүйек сапты, алтын қыналы сала құлаш қанжары ғана көрініп тұр.

Келе жатқан адамдардың ішінен атақты Александр Невскийдің немере інісі жас Гаврийлды танып, асықпай орда баспалдағынан төмен түсіп, аттыларға қарсы жүрді. Салт аттылар Алтын Орда ханының өзі бұларға қарай беттегенін көріп, аттарынан түсе-түсе қалды. Қоршап келе жатқан күзетші жігіттердің екі-үшеуі қонақтардың аттарының тізгіндерін ұстап, жолдан қиғаш тұрған рабатқа қарай беттеді.

Орұсут князьдары мен боярлары Сартаққа таяп келіп, иіліп сәлем берді.

Сартақ Гаврийлмен монғол әдетінше төсіне төсін тигізіп амандасты.

— Жолдарың оң болсын! — деді Сартақ.

— Айтқаның келсін, Алтын Орда ханы,— деді Гаврийл сәл басын иіп,— сіздің андаңыз, біздің ағамыз князь Александр Ярославовичтың өзіңізге арнап жолдаған өтінішін айтқалы алыс жолдан ат сабылтып келіп қалдық.

— Қымбатты князь сәлемдемесі далада тұрып тыңдарлық қысқа емес шығар,— деді Сартақ.— Ордаға кіріңіздер, қонақ болыңыздар.

Сартақ Гаврийлмен қатарласа, оның қасындағы кісілерді ертіп ордасына қарай жүрді. Сонда ғана өзге князьдардан сәл қиғаштау келе жатқан ұзын бойлы, ақсары, жүдеу өңді қою қызғылт сақал-мұрты бурыл тартқан, үстіне шұбатылған тері тон киген Новгородтың белгілі адамының бірі Святославты көрді. Оның үлде мен бүлдеге оранған Алтын Орда бекзадаларына қараған ызалы көгілдір көзінен ана жылдағыдай, тағы бір суық, ызғарлы сазды байқап қалды. Сартак жымия күлді. «Орұсут елі мынандай жоқшылыққа ұшырап, ішерге асты, жеуге тамақты әзер тауып жатқанында, сендер біздің арқамызда үлде мен бүлдеге оранып жүрсіңдер ғой деп ойлап келе жатырсыз ғой, қайсар Святослав, дәу де болса» деді ішінен Алтын Орда ханы. Онысы да рас еді. Святослав Алтын Орда бекзадаларына тұнжырай қараумен болды.

Қоян, яғни 1219 жылы шығыс елінің осы тұстағы ең үлкен хандығының бірі Хорезмшах мемлекетіне Шыңғыс хан аттанысы басталар алдында Отырардың найыбы Хорезмшах Мұхамедтің немере інісі Қадырхан Ұланшық болатын. Отырар ол кезде мықты бекініс және Қорасанның мәдениет ошағының бірі еді. Қадырхан найыбтың қарамағында жиырма мың атты әскер тұрған. Шабуыл алдында, Шыңғыс хан осы Отырарға барлау ретінде өзіне қызметке енген мұсылман саудагерлері мен монғол бекзада ұрпақтары бар, төрт жүз елу адамнан құралған керуен жіберген. Бұл керуен сырт қараған адамға Отырарға сауда-саттық үшін келгендей еді. Ал шын мағынасында барлау керуені болатын. Шыңғыс ханның бір тәсілі — шабатын елдеріне алдын ала әдейі адамдар жіберетін. Олар «Ешкім бөгет бола алмас жау келеді. Жақында осы араға жетіп қалар» деп жұрттың күні бұрын зәре-құтын қашырып, берекесін алатын қауесет-өсек тарата бастайтын. Бұл керуеннің адамдарын да осындай лақап таратуға жіберген. Келгендер әдеттегідей сауда-саттық керуені емес, барлау керуені екенін біліп қалған Қадырхан найыб керуен адамдарын теп-тегіс қырып салған. Дүние-мүліктерін өз қазынасына түсірген. Жалғыз ғана адам қашып шыққан. Содан, болған оқиғаны естіген Шыңғыс хан қаһарына мініп Хорезмшах Мұхамедке: «Қадырханның қол-аяғын кісендеп Қарақорымға жеткізуін» сұрап елшілер жіберген. Мұхамедшах бір жағынан туысын ұстап беруге өзге өмірлерден қорыққан, екінші жағынан жиырма мың әскері бар Отырар найыбының оңай берілмейтінін түсінген. Шах енді амалсыздан монғол ханымен соғысуға мәжбүр болған. Келген елшілерді бұ да тегіс өлтірген. Содан соң ол әскерін жинай бастаған. Бұрын соғыспауға өтірік уәделескен Шыңғыс хан, сыныққа сылтау етіп, аттанысқа шыққан. Отырарды шабуды ортаншы балалары Жағатай мен Үгедейге тапсырып, үлкен баласы Жошыға Сейхундарияның жоғары жағында кенттерді алуды бұйырған.

Сол жылы күздің бас кезінде монғол әскері Отырарды кеп қоршады. Жауынан ешбір кешірім күтпеген Қадырхан жиырма мың әскеріне, қала тұрғындарын қосып, жан аямай қарсыласып бақты. Қаланы қоршап алған монғол әскері бес ай бойы ештеңе істей алмады. Әттең, осы кезде бір қайғылы оқиға болды. Ұрыс алдында Отырарға жәрдемге Мұхамедшах жіберген Қараша батыр басқарған көшпенділердің әскері опасыздық етті. Бұдан әрі монғолдарға қарсы тұруға шыдай алмай Қараша батыр бар қосынымен бір түнде қаладан шығып, өздерінің даласына қарай қашты. Бұлар шыққан дарбазадан сол сәтте монғолдар кіріп үлгірді. Енді ұрыс қала ішінде болды. Әскерінің дені қырылған Қадырхан енді қаланың ортасындағы хисарға кіріп бекінді. Ұрыс бұрынғыдан да қыза түсті. Қалаға кірген монғол жауынгерлері қолға түскен тұрғындарды қойдай етіп бауыздады. Бірақ халық өр үй, өр қораны бекініске айналдырды. Найыб ордасындағы ержүрек Қадырхан мен оның өлімге бел буған батыр жауынгерлері қарысып тұрып алды. Бұл арада да айқас айдан астам мезгілге созылды. Ақыры күші басым монғол әскері жеңуге айналды. Сонда да Қадырхан жау қолына өзі келіп түспеді. Ақыры хисарды монғолдар алып, Қадырханның енді ұрысар жері қалмағанның өзінде де, ол ең соңғы жолдастарымен найыб сарайының төбесіне шығып, жауымен сол жерден алысты. Ал сарай төбесінде де бұл ең соңғы екі серігі де оққа ұшып, жауына ататын жебесі біткен кезде бұл қалың монғол қолына айбат шегумен болды. Ханизақандары әкеп берген сарай кірпіштерін жоғары қарай өрмелеген монғолдарға лақтырды. Талайын құлатты. Ақыры сарай ханизакандары да тегіс қырылып, жауына лақтыратын кірпіші де қалмағанда, Қадырхан өзін тірідей ұстауға жан-жағынан қоршап таяп келе жатқан монғол тобына қарусыз, жұдырығын түйіп алып қарсы ұмтылды. Осылай қолға түсіп, үсті-басы қып-қызыл қанға малынып, қансырап жатқан Қадырханның жанына Үгедейдін үлкен ұлы Күйік келген.

— Шын батыр екенсің,— деді ол.— Батыр адамды монғолдар да құрметтейді. Өлер алдында не тілейсің, сұра, береміз.

— Жалғыз ғана тілегім бар,— деген Қадырхан,— сендердің қабан тұмсықтарыңды көргім келмейді, тезірек өлтіріңдер!

Ызалана қалған Күйік қолындағы жалаңаш қылышымен тартып жіберген. Осылай батыр найыб қаза болған. Монғолдар Отырар қаласын он күн тонаған, бірде-бір қышын қалдырмай күйреткен. Бір кезде дүние жүзіне әйгілі ұлы ғұлама Әбілмансұр әл-Фараби кітап оқыған, бүкіл әлемде кітапқа бай шығыстың ең үлкен кітапханасы боп саналатын Отырардың ғажайып кітапханасын өртеді. Осылай қанішер басқыншылар бір кезде екінші Мекке деп аталған атақты Отырарды жермен-жексен еткен.

Монғол қосындары осы арадан екіге бөлінген, бірі Бұхара мен Самарқандқа аттанған. Олар бұл қалаларды да алған, Шыңғыс хан әскері келместен бұрын мың жарым жыл өмір сүрген Самарқандтың кез келген қызықтыратын хисар, рабат, сарайлары, діни ғибадатханаларының дымын қалдырмай күйретіп, тас-талқан еткен. Монғол әскерінің екінші бөлегі бұдан кейін Сығанаққа беттеген. Қыпшақтың бұл бекініс - шаһарының тұрғындары да кеуделерінде шыбын жандары қалғанша алысқан, қарсыласқан. Жеті күн тынбай соғысып ақырында жеңілген. Монғол найсап жауынгерлері бекініс шаһарды тонаған, адамдарын қойдай қырған. Сығанақтан кейін олар Қорасанға қарай, Ұлы Хорезм хандығына аттанған. Осы қырғындардың ішінде монғолдардың Қара Бұғы атты он сегіз жасар, шомбалдай қара жігіті көзге түскен. Бұл өзінің алып күшінің арқасында қазандай тастарды бөріктей лақтыратындығымен, не қорқуды білмейтін, жолбарыстай жүректілігімен ғана көзге түсіп қойған жоқ, ол, әсіресе өзінің, асқан қаныпезерлігімен, адамды аяуды білмес қаттылығымен есірей тұрғындардың зәресін алды.

Қара Бұғы кейінірек бір әскери бөлісте Бату ханның қарамағына көшті. Алтын Орда иесінің сапында талай шабуылға қатысты. Легнице майданында да болды. Міне, осы Қара Бұғыны Бату да жақсы көрді, соның арқасында жүзбасы ережесіне жетті. Қатыгез қайсарлығымен, Алтын Орда мүддесі үшін жан аямай істеген қызметімен Қара Бұғы Сартаққа да ұнаған, оның оң қолына айналған.

Қара Бұғы бір күні ешбір қылмыстан шошып көрмеген Алтын Орда қаныпезерлерінің өздерін де таң қалдырған, жандарын түршіктірген.

Жаз шыға бастаған кез еді. Мал көкке тойынып, аққу, қаздың әні естіліп әлемнің сәні кіріп қалған. Жылдағы кәсібі бойынша орұсут диқандары жер жыртып, тұқым себуге кірісіп те кеткен еді.

Осы кезде орұсут қыстақтарынан көктем салығын жинауға Алтын Ордадан көптеген төлеңгіт жасақтар шыққан. Сол тұста Қара Бұғы басқарған бір топ монғол жігіттері, Новгородке жақын бір шағындау қалашығында болып, өз ордаларына қарай келе жатты. Жасақтың алдында — жал құйрығы төгілген есік пен төрдей қара айғыр мінген Қара Бұғы. Қара темірден шынжырлы сауыт пен қара дулыға киген. Өзгелерден анағұрлым денелі Қара Бұғы, анандайдан бір қара жартас жылжып келе жатқандай көрінеді. Алты кісіден құрылған жасақтың соң жағында дөңгелектері дағарадай екі аяқты үш арба келеді. Қасқыр, қоян, қарсақ, түлкі терілерін таудай етіп үйіп апты. Бұл қыс бойы иленіп, көктем шыға Алтын Ордаға берілетін салықтың бір бөлшегі еді.

...Топ көгілдір толқынды қамысты көлді айнала берді. Көлдің теріскей жағындағы өңірде орұсут мұжықтары ағаш соқаларына сиырлары мен шолақ құйрық мәстектерін жегіп ап, жер жыртып жүрген-ді.

Кенет көгілдір белеңнен көз алмай келе жатқан Қара Бұғы атының басын тежеп, кілт тоқтай қалды. Көлдің қамысты жағасының ойпаттау тұсынан бір топ балалар шыға келді. Бәрі де бәлиғатқа толмаған, бүлдіршін кілең. Балалар қамыс арасынан, сірә, үйрек, қаздың жұмыртқаларын жинап әкеле жатқан болулары керек, киімдерінің етектерін томпитып алыпты. Кенет сұсты монғол жасағын көріп, тоқтай қалды. Шапқыншылардан әбден зәре-құты қашып, қорқып үрейленген бишаралар, көздері бажырайып сәл тұрды да жалма-жан етектеріндегі жұмыртқаларын жерге лақтырып жіберіп, құлындағы дауыстары құраққа шыға, шыр-шыр етіп қаша жөнелді.

Алдарында аяғы жерге тимей, шашы алтын жалатқандай сап-сары бір қыз кетіп барады. Балтыры әппақ, бойы да өзгелерден бойшаңдау ма, қалай? Қара Бұғы дүниені жаңа ғана көріп тұрғандай тамсана қарап, қадалды да қалды. Атын оқыс тебініп қалып еді — ытқи жөнелді. Ал қыз бала... Тосын жүріп құзғынға кезіккенін заматта сезінген албырт жүрек тайдай тулап, жас денені қақ жарып жібере жаздады. Есін білмей құлағаны да сол еді — құзғын көмей, қатыгез неме ат үстінен іліп алды да кетті. Жасағына жайтаңдай келген ол:

— Сендер жүре беріңдер, мен біраздан соң қуып жетемін,— деп көл жағасындағы қамысқа қарай ат басын бұрды. Сәл-пәл уақыт өтті ме, өтпеді де, қыздың даусы қайтып естілген жоқ. Жан алғыш қара дүлейді көргенде, оның нақақ жүрегі жарылып кеткен еді... Балалардың алғашқы үрейлі дауыстары шыққан сәтте, бір сұмдықтың болғанын сезіп қалған мұжықтар естері қалмай жүгіре жөнелген. Сонда қоғасы жапырылған тұсқа жұрттың алдымен қорбаңдап жүгіріп жеткен Святослав бет-аузы қож-қож тастай ұсқынсыз біткен Қара Бұғының зу ете түскенін көріп қалған. Әттең қолында өлер еді-ау, тоқтамай өте шықты. Тек құлыншағының жансыз денесін құшақтап қалды. Сөйткенше болмай шұбырып өзге мұжықтары да жетті. Святослав үстіндегі кенеп көйлегін шешіп сәбиінің денесін орап-шымқады да:

— Шаруаларыңа бара беріңдер! — деп бұйырды мұжықтарға ханның алдына бір барып қайтпай, үйге келмеймін.

Содан соң баласының денесін бауырына қысып құшақтап, Новгородқа таман Ильман көлінің тоғайлы жағасында үзеңгілес бекзадаларымен саяхат құрып жүрген Батуды бетке алған.

Бұл келгенде хан тобы жаңа ғана көл жағасынан қайтқан екен. Святославтың Александр Невскийдің адамы екенін түсінген хан нөкерлері оны Батудың алдына алып келді. Бату жаңа ғана жуынып шатыр алдында тұр еді. Святослав сәл басын иді де, баласының денесін құшақтаған қалпында, болған оқиғаны қысқаша айтып берді. Бату сәл бозара түсті де, жендеттеріне Қара Бұғыны тез тауып әкелуді бұйырды. Ханның бозарған түрінен, мейірімсіз қатты ашуға мінгенін түсіне қалған жендеттері заматта жоқ болды. Сосын Бату өз ордасына қонаққа келіп жатқан, Ұлы хан Үгедейдің емдеушісі атақты лама Сақия-пандитты шақыртты. Жетпістен асып кеткен оқымысты дәрігер қасына келгенде орұсут адамы құшақтап тұрған қыз баланың неден өлгенін біліп беруін сұрады.

Нөкерлері ханның жеңіл жорық тағын шатырдың алдына әкеп қойды. Жұрт та жиналып қалды. Бату жібек кілем үстіндегі тағына отырды. Оң жағына Мөңке, сол жағына тетелес інісі Берке келіп тұрды. Сөйткенше болған жоқ, төрт жендет өткір ұшты найзаларын шаншып жіберетіндей, жан-жағынан оқтап, ызадан желке жүні үдірейіп кеткен қабандай, бет-аузы түк - түк боп бүкірейе қалған Қара Бұғыны алдарына салып айдап әкелді.

— Қолына кісен салыңдар,— деді Бату.

Екі жігіт екі жағынан кеп Қара Бұғының қолын артына қайырды да, шынжырлы кісенді сарт еткізді.

Осы кезде үйден баласын көтерген Святослав пен Сақия-пандит шықты. Жұрт Қара Бұғының бір сұмдық істегенін енді түсініп орұсут адамының қолындағы қыз баланың ашық бетіне үңіле қалды.

— Неден өліпті? — деді Бату оқымысты дәрігерге қарап.

— Тым қорқып кеткен болуы керек, жүрегі жарылып кетіпті,— деді Сақия-пандит.

Бату Қара Бұғыға қарады. Оның мызғымас, қысық көзінде «Бағынышты елдің бір қызы қорқып өлді деп, Алтын Ордаға көп жылдан бері қызмет етіп келе жатқан сендей адамды былай қорлауым жөн болмаған сықылды - ау» дегендей бір болмашы сезімнің ишараты белгі берген тәрізденді.

Бату қайтадан оқымысты дәрігерге бұрылды.

— Сонда, мына орұсуттың баламды зорлады дегені жалған болғаны ма? — деді.

— Жоқ, бұл ақиқат,— деді Сақия-пандит.— Ол өлген қыз баланың денесін қорлаған.

Жұрт тына қалды. Қарсылық етіп бірден берілмей, көп айқасып барып жеңілген жауларының үстерінен тақтай қойдырып, олардың сүйектері быртылдап сынып, жан дауыстары шығып жатқандарына еш мән бермей, тақтай үстінде торасұн ішіп, серіктерімен әңгіме құрып отыра беретін Бату, кенет бұрынғысынан да қатты сұрлана түсті. Енді ол Қара Бұғыға қарады.

— Ұлы пандит Сақияның айтып тұрғаны дұрыс па? — деді.

— Солай,— деді Қара Бұғы гүр етіп. Ол ыржия күлгендей болды.

— Мен қыздың жанын қинаған жоқпын. Бәрі бір емес пе?!

Бату енді тіпті боп-боз боп кетті. Кенет сол жағында шеткерірек тұрған баласы Сартаққа көзі түсті. Оның Қара Бұғыға жеркене қарай қалғанын көрді. Бату оң жағындағы Мөңкеге бұрылды.

— Қандай үкім айтасыз? — деді.

— Иә, монғол жауынгеріне абырой бермейтін қылмыс,— деді атышулы қатыгез Мөңке.— Бірақ, көп жылғы Алтын Орда тағына сіңіріп келген еңбегін еске алып, жазаны сәл жеңілдеткен жөн болар. Көк шыбықпен жүз мәртебе дүре соғылсын!

Бату енді сол жағындағы Беркеге бұрылды.

— Сіз қандай жаза дұрыс дейсіз?

— Мұсылман діні бойынша мұндай адам о дүниеде дозаққа жануға тиісті. Өйткені, қиянат еткен адамы сәби ғой,— деді мұсылман дініндегі Берке,— сонда да бұл дүниенің қылмысын о дүниеге қалдыру бізге де күнә. Бұған көк шыбықпен мың дүре соғылсын!

Бату иін тірескен жұрттың жүзін бір шолып өтті. Бәрінің де қабақтары жабылып, кісі өліміне әбден еттері үйреніп кетсе де, дәл мынандай сұмдық қылмыс істеген адамға ешбір кешірім бергілері келмегендей түксие қалған.

— Ал сіз не тілейсіз? — деді кенет ол Святославқа.

— Алтын Орда ханы, бар тілегім, мына малғұнды өз қолыммен бауыздауға рұқсат етіңіз! — деді.

Бату кенет ойлана қалды. Мөңкенікі жөн. Жеңілген елдің он жасар бір баласы өлді деп, он сегіз жасынан монғол үстемдігін көксеп, аянбай батырлық еткен адамды өлім жазасына бұйыруға бола ма? Әрине, болмайды. Рас бұның айыбы зор, өлген баланы балағаттап, монғол жауынгерлерінің атына нұқсан келтірді. Сол үшін Берке айтқандай мың дүре соққан абзал болар. Өліп кете ме, тірі қала ма, өзінің бағынан көрсін. Бірақ бұл үкімді өзгелер, мынау жұрт әділ көре ме? Түрлеріне қарасаң тек қылмыстыға өлім жазасын тілеп тұрғандары хақ. Иә, бұлар тек өлім жазасын тілеп тұр. Хандарынан да сондай үкімді күтеді. Бұл аңқау ел, жазығы жоқ миллиондаған адамды қырған хандарын, осындай бір болмашы істе әділеттілік көрсетсе Саин хан — қасиетті хан деп атайды... Бір жүзбасының өмірінен, жүз мың халықтың пікірі қадірлі емес пе? Ол кенет Святославқа қарады.

— Болсын тілегің! — деді. Жұрттың түкпір жағынан әлдекімнің:

— Бәрекелді!

— Бату хан — әділетті хан! Саин хан! — деген дауыстары да шығып қалды. «Бәсе,— деді сәл езу тартып Бату ішінен — бұл қара халық импрам дегенім қызық, мың жамандығың ішінен бір жақсылығыңды көрсе, соған да мәз».

Тағдырының не болып бара жатқанына жаңа түсіне бастаған Қара Бұғы: «кешір, хан ием» деп, айқайлап жіберіп, бір дізерлеп отыра қалды. Сол сәтте Святослав баласының денесін жерге қойды да, Қара Бұғыға таянды. Қара Бұғы оған жалына қарай бергенінде, ықшам қимылдап, ышқырының ішінен байланған қанжарын қынабынан суырып алды да, тамағынан орып - орып жіберді. Қара Бұғының добалдай басы енді бір жағына қарай салбырай берді де, денесі әп-сәтте жерге дүңк ете түсті.

Святослав артына бұрылып та қараған жоқ. Жерде жатқан баласының денесін көтеріп алды да жүре берді.

Оған ешкім «тоқта» деген жоқ. Тек Бату ғана өзінің арт жағында тұрған бас уәзірі, әкесінің інісі Шыңғыстың Құлан қатынынан туған Құлқанның баласы Сауыққа бұрылды. Жұртқа естірте:

— Ана кісіні тоқтатып, астына ат бер, қалтасына қыздың құнын сал,— деді. Хан тағынан сол төмендеу тұрған Легнице айқасының қаһарманы, хан шешіміне риза болған, Алтын Орданың әйгілі лашқарқаш-и бұзұрығы Батудың жездесі маңғыт Төлен батыр басын иді.

— Саин хан — Бату хан! — деді ол. Жұрт та:

— Бату хан — Саин хан! — деп даурыға қалды. Өзінің қырық жылға жуық шабуыл-ұрыстарында, әскері мың сан халықты қырған, дүниені қан сасытқан, тасқа салсаң қайтпайтын Бату, кейде осындай болмашы істерімен әділетті болып көріне білетін. Бұл жолғысы да сондай төсілінің бірі еді. Алтын Ордаға жан-тәнімен берілген, сан сыннан өткен бір батыр жауынгерінен өзі қатты үкім айтып айрылғанына іштей ол өте қынжылған. Бірақ сыр бермеген.

Сондағы сурет Сартақтың күні бүгінге дейін көз алдында. Сонан бері он жылдай мезгіл өтсе де, Святослав әлі көкжал қасқырдай айбарлы, тек сақал - шашына ақ кірген, буырыл тартқан. Әттең не керек, сондағы оқиғаны әлі күнге дейін есіне ұстағанмен, Сартақ, сол күні бір жағдайды аңғармаған. Сондағы жиынға, Қара Бұғының ең кіші інісі, Беркеден қашып келдім дегеннен кейін Сартақ өзіне бақауыл етіп алған, қазір хан тобының ең соңында келе жатқан мына Сары Бұғы да болған. Ол ағасы Қара Бұғыға Сартақтың жеркене қарағанын да көрген. Бірақ беті бір бүлк етпеген. Тек Сартаққа өштесе қалғанын көзінде бір сот пайда болған ызғар оты аңғартқан да қойған. Әрине, бұны білсе, Сартақ Сары Бұғыны өзіне бақауыл етіп алар ма еді, алмас па еді, кім білсін...

Сартақ орұсут елшілерін, өзінің серіктерін, нөкерлерін ертіп хан ордасына кіргеннен кейін:

— Құрметті елшілер, бүгін іс жайын әңгіме етейік,— деді.

— Алтын Орда ханының қадірлі қонақтары болыңыздар.

Барлық жұрт басын иіп тәжім етті.

Сартақ енді орұсуттар келгелі достық сыңай көрсетпей, қабағын қарс жауып үндемей жүрген адамға бұрылды.

— Сауық аға, сіз де қарсы емессіз ғой? — деді.

Бұл Батудың кешегі бас уәзірі, бүгінгі Орда ақылшысы Сауық еді.

Қазір ол алпыстан асып кеткен қарт. Тұғырдан түсуге таяу бір кездегі мүбәрәк жүзі әбден әжімделген. Бату өлгеннен кейін Шыңғыстың атақты ұрпақтарынан Алтын Орда маңында қалған ең үлкендері Берке, Ұбайра-Сұбайра ұлысының ханы Ордамен шаңырақ - тас Жошының бесінші баласы Сибаннан тараған Баһадүр және осы Сауық.

Қазір Сартақтың қасында осы үш ақсақалдың үлкені Сауық қана отыр. Ал Алтын Орда ханының өз ақылшысына жеке көңіл бөлуінің себебі де бар. Әкесі Құлқан Бату орұсут жеріне аттанғанда бір қосынды басқарған. Ол ит, яғни 1238 жылы Коломна қаласын алған. Осы ұрыста жау қолынан Құлқан қаза тапқан. Хан ұрпағы жау қолынан өлген қалаға монғолдар өте өш келетін. Мұндайда, шаһар бекінісінің дымын қалдырмай күл-талқан етіп, қарсылық көрсеткен тұрғындарын қойдай қырып тастау Шыңғыс ұрпағының ежелгі салты. Осы айқасқа Сауық та қатынасқан. Әкесінің құнын қайтарамын деп жұртқа орасан қиянат істеген. Содан бері бұл орұсут еліне қанды көйлек қас, бертін келе Батудын бас уәзірі болған шағында да, оның орұсут елі жайындағы кейбір бітіміне іштей ала көз боп келген. Бірақ Алтын Орда ханының өз дегені болмаса, өзгенің сөзін тыңдай қоймайтын қатал мінезінен жасқанып, үндей алмаған. Ал Сартаққа ақылшы етіліп белгіленгеннен бері де, «Алауыз жігіттер қос болмайды, таланған ел дос болмайды» деген ұғымды кейде алдына тартып, Алтын Орда ханына орұсут елімен тым жақындасып кетпеуін тілеген. «Қолыңда күшің барда қасың да дос, қасынды жау еткің келмесе, күшіңе күшіңді қос» дейтін ол.

Ханның әлгі сұрақты бұған неге бергенін Сауық айтпай түсінді.

— Жөн ғой, хан нем,— деді басын иіп,— алыстан ат терлетіп келген меймандардың дем алғандары ақылды жәйт.

Қонақтарға арналған ту бие сойылды, шелектеп торасұн, сабалап қымыз әкелінді.

Бақауыл Сары Бұғы аяғының ұшымен жүріп қызмет істеді.

Атақты Қыпшақ тайшы Сүленгүт, қарағай домбырасын ұрғылай Шыңғыс хан шежіресінен белгілі «Юань Чао Би Шидің» Алтын Орда ұлысына тараған қыпшақи түрін айтты.

Бір мезет ол тайжұғұт адамдары ерте кезде Шыңғысты өлтірмек боп іздеп жүргенде, үйіне тығып аман алып қалған тайжұғұт Торған Шерені, соңынан Темучин Шыңғыс хан болғаннан кейін оған Селенгі өзеніне шейін созылып жатқан меркит жерін бергенін, Торған Шерені дархан етіп, сауыт киіп, үкі тағуға рұқсат еткенін, егер әлдеқалай қылмыс істесе, тоғыз мәртебеге дейін ол жазаланбасын деген жарлығын жыр еткенде, Сартақтың ұлы атасы жақсылыққа жақсылық қайтара білетін кемеңгер еді деп төгіле қалды.

Содан кейін Шыңғысты хан көтеруге күш қосқан, әйгілі Алтай, Хучир, Сэчей-беки нояндардың:
«Жауыңды шапсаң, әкеп береміз
Сарайыңа сұлуларын қыздардың.
Қатындарының бар сылқымын
Сайгүлік тұлпар қаз мойын
Жүйрігін кілең жылқының.
Аңға шықсақ шарлап жер жүзін
Саған деп ерге ілеміз.
Тоғайдың жаннат, құндызын,—
деп басталып,
Бұзбақ егер сұбхат күніңді
Біздей пақыр құлыңды.
Айырып қатын-баладан
Жұртыңа қалдыр қаңыраған,—
деп бітетін Шыңғыс ханға берген анттарының қыпшақи түрін айтқанда «сендер де Сартақ ханға сондай берілген адал болыңдар» деген ойды шегелей түскісі келіп, әлсін-әлсін отырғандарға қарады.

Тайшы ойын өзгелерден гөрі Святослав пен Сауық жедел түсінді. Сауық «дұрыс қой» дегендей тайшыға қарап басын изеді. Орұсут адамы бұрынғысынан да тұнжырай қалды. Ол келгеннен - ақ Бату Ордасының алтын күмбезді салтанатты сарайларынан бастап, құндыз, торқа, қасқыр ішік, түлкі, қарсақ тымақ киген, беттерінен майы шыққан адамдарына дейін мүлдем жаратпай отырған. Өзін өзі зорлап қанша сыр бермейін дегенмен, қарс жабылған қабағы арқылы іштегі ашуы сыртқа шыққан. Сартақтың да бұның көңіл-күйін аңғарып қалғаны да осыдан еді. Ал хан ордасына кірісіменен, Святослав тіпті түнеріп кетті. Расында да, өзінің туған ел-жұрты жоқшылықтан жүдеп, жеуге тамағы, киюге киімі, мінуге аты жетпей ойсырап жатқанда, ақ майды аяғымен теуіп, құндыз ішіктерінің жағасын шалқайта ашып тастап, алтын, күміс қару-жарақтарын жарқылдатқан жауларының көкейтесті күйін көру оған қиын еді.

Сондықтан да бағана бәрі ханның тағамханасына кіріп ет жеп, қымыз, торасұн ішкенде де, жолдан ашығып келгеніне қарамай тамағынан жөндеп ас өтпей, жай жүрек жалғаған да қойған.

Бұның ішкі күйін Сартақтан бөтен тағы бір адам аңғарып қалған. Ол қырағы көз Сауық еді. «Иә, деген ол ішінен, мен сендерді қандай жек көрсем, сен де бізді сондай жек көретінің даусыз, түбі жағасынан алатын жауым, мына жас бөлтірік Гаврийл емес, көрі қасқыр өзің боларсың». Бір сәт екеуі де бір-біріне сыр тарта көз тастаған. Көңіл күйлерін ұққандай болған. Бұлардың көздерінің қарашықтарында кенет сұп-суық боп жана қалған кек ұшқындары жарқ етіп айқасып, тайсалып кеткен алмас қанжарлардай, сол сәтте лап етіп тұтанған да қайтадан кенет сөніп үлгерген. Айқасқа түсуге дайын екі жау, ашуын ақылға ауыздықтатып, бұдан өрі сабырлық еткен.

Бағанағы үш ноянның антына Шыңғыс ханның:

«Жауларымнан тапқан олжаларыңды

Маған бермей, өздерің алыңдар.

Аңға шығып, алған құндыз, көкжалдарыңды

Маған бермей, өздеріңе қалдырыңдар»,—

деген жауабын ең соңғы жыры етіп, Қыпшақ Сүленгүт тайшы да айтарын тауысқан. Сарай төңірегінен әлдеқашан торғауыттар — күндізгі күзетшілер кетіп, олардың орнын қаптеғұлдар — түнгі күзетшілері алған. Түнімен бірге бүкіл Шыңғыс хан ұрпақтарының сарай ішіндегі тіршіліктерінен бөтен әмірінің бәрі кәшіктәне қарамағына көшкен.

Шыңғыс хан дүние салғанына қырық жылға таяп қалғанымен, оның мұрагер балалары, немерелері әйгілі «Дүние әкесінің» тәртіп жасысында жазылған әмірлерін бұлжытпай орындап келген. Сондай бұйрықтың бірі — хан сарайларын, Орда тыныштығын күзету тәртібі еді. Сол үшін ханның өзі торғауыт, қаптеғұл жасақтарынан кәшіктәне түменін құрған. Әскерлерінің бұл түріне ол өте үлкен маңыз берген. Шыңғыс ханның сол тәртіп жасысында: «Бұрын біздің қарамағымызда сегіз жүз қаптеғұл, жеті жүз торғауыт бар еді. Бүгінгі күні Көк тәңірісі, Аспан мен Жер құдіреттерінің ұйғаруымен мемлекет тізгіні бізге берілгендіктен, сол қаптеғұл, сауыткер және торғауыттардан арнаулы кәшіктәне түмені құрылуын бұйырамын» деп жазылған.

Және сол түменнің қандай адамдардан құрылуы көрсетілген. «Біздің кәшіктәне қандай адамдардан алынатынын естеріне түсіру үшін, мыңбасы біткен мынаны білулері керек: қосын басыларының, мыңбасылардың, жүзбасылардың, онбасылардың және қарапайым жәй жұрттың да балалары біздің кәшіктәнеге қабылдансын. Олар қабілетті және біздің маңайымызда қызмет істеу үшін, сырт пішіндері де келбетті болсын. Бізге қызметке кіруге келген мыңбасылардың балалары өзімен бірге он жолдасын және бір інісін ерте келсін. Жүзбасылардың балалары — бес жолдасын, бір інісін, онбасылары мен жай қарапайым адамдардың балалары түскенде үш жолдасын, бір інісін ала келсін. Және бұрын өздері қызмет істеген жасақтарынан аттарын мініп, қару-жарақтарын асына келсін. Біздің кәшіктәнеге кірген жігіттер жанымызда қызмет істейтіні мәлімделгенде, бұрынғы әскер қатарында болған жасақтарынан мыңдықтар оларға он жолдастан ертіп жіберсін. Және әкелерінің бергеніне қарамай, олардың астарына мінетін аттары мен қару-жарақтарын қамтамасыз етсін. Сондай-ақ, жүзбасы балалары ертіп келетін бес жолдасына да, онбасы мен жай қарапайым кісілердің балалары ертіп келетін үш жігітке де, бұрынғы әскер қатарында жүрген жасақтар, егер болашақ кәшіктәнелердің өздерінде жоқ болса, қару-жарақтары мен мінетін аттарын дайындап берсін. Бұған қоса, кім де кім біздің жаңадан құрылған кәшіктәнеге кіргісі келсе, ондай адамдарға ешкім бөгет істемесін» деп бұйырған Шыңғыс хан.

Және сол тәртіп жасысында қаптеғұлдардың айрықша дәрежелері де, міндеттері де жазылған.

«Қаптеғұл отырған жерден ешкім де жоғары отырмасын.

Қаптеғұл тұрған жерден ешкім аты-жөнін айтпай өтпесін.

Қаптеғұл күзетте тұрған үйге, оның рұқсатынсыз ешкім кірмесін.

Қаптеғұлдың жанынан өтіп бара жатып, ешкім оған ештеңе демесін, тілдеспейтін болсын.

Қаптеғұлдан ешкім ол күзетке тұрған жерде қанша адам барын сұрамасын.

Қаптеғұлдың рұқсатынсыз жүрген адам ұсталсын.

Қатардағы ноян, мыңбасылар, қатардағы қаптеғұл, кәшіктәнелерден кейін отырсын» деп бұйырған Шыңғыс хан.

Қысқасы, Шыңғыс хан Ордасының тірегі әскері болса, әскерінің әскері кәшіктәнесі болған. Бұларға қай жағынан болса да үстемдік берген. Бұлар Шыңғыс ханның сыртқы жауы түгіл, ішкі қастарына қарсы жұмсар шоқпарына айналған.

Заманында ханның ханы саналған Шыңғыс ханның өзі:

«Күндердің күнінде менің тағыма отыратын ұрпақтарым, ұрпақтарымның ұрпақтары маған мұра орнатқысы келсе, сол орнатқан алтын мұрасы болсын, өзім құрған, өзім басқарған он мың адамнан тұратын кәшіктәне қосынымды көздерінің қарашығындай сақтасын. Осы он мың қосыным еді ғой өзгелерден анағұрлым жаны ашыған менің қорғаушы періштелерім болған!» — деп үрім-бұтақтарына бұйырған.

Осындай ерекше әскер — кәшіктәне Алтын Ордада да бар еді. Бұларды Бату кәшіктәне демей, төлеңгіт деп атаған, Шыңғыс хан кәшіктәнелерінен бұлардың да айырмасы болмаған. Бұлар да хан тағының күзетшісі, қорғаны. Алтын Орда хандары да төлеңгіттерін өздеріне қастасқан адамдарының, елдерінің жанын алатын жендеттері еткен.

Міне, осы төлеңгіттер де түн келе кешкі тұрымнан хан сарайын қоршап алады. Хан сарайынан бекзадалар өз үйлеріне кетісімен ордаға тірі жанды кіргізбейді.

Алыс жолдан шаршап келген орұсут адамдары мейман - сарай ішіндегі арнаулы бөлмелерге кіріп, екеуден, үшеуден, ақ мамық, шайы көрпелерден жасалған төсектеріне жайғаса бастады.

Гаврийл де өзіне арналған бөлмеге кірді. Сырттағы күзетшіден тыс бұның есігінің алдына арнаулы күзетші — төлеңгіт тұрды.

Гаврийл енді шешініп, жолбарыс терісінің үстіне салынған төсегіне жата берем дегенде үйге шырақ ұстаған Сартақтың ұзақ жылғы хатшысы, румдық Қойақ кірді.

— Ғафу етіңіз, князь,— деді ол басын иіп.

— Бірдеме айтпақ па едіңіз? — деді төсегінің үстінде жатқалы отырған Гаврийл,— айтыңыз.

— Ханның бұйрығы бойынша, қазір сіздің төсегіңізге төлеңгіт дәйекші бір қыз әкеледі.

— Қыз? Оны неге әкеледі?

— Ежелден көне монғол ғұрпы бойынша қадірлі қонағының қойнына қыз салатын дәстүр бар.

— Дәстүр? Христиан дінінде ондай ғұрып жоқ қой, Сартақ хан христиан емес пе?

— Жоқ, ол монғол!

— Қызық екен! — деді ойланып қалған князь Гаврийл, бірақ бұл кезде Қойақ шығып та кеткен еді.

Аздан кейін еңгезердей төлеңгіт, қырмызы қызыл гүлдей әдемі, жібектей үлбіреген, Қыпшақтың бір уыздай аппақ балдырған қызын ертіп кірді.

Шыңғыс хан жасысының тәртібі бойынша кәшіктәне құр әскери қызметті ғана атқармайтын, орда той-думанның қыз ұзату, қыз беру, тіпті хан сарайындағыларды ас-сумен қамтамасыз ету солардың міндеті болатын. Сол себептен орда төңірегіндегі қыз-келіншектердің, хан тұқымына жатпайтын жігіт - мырзалардың тағдыры осылардың қолында тұратын. Аға төлеңгіт хан жарлығын естісімен орда аспазшысы боп қызмет істеп жүрген бір сорлы жесір әйелдің көзінің қарашығындай сақтап отырған жасөспірім қызын алып келген. Әйел көз жасы көл болып қала берген.

— Мінекейіңіз,— деді төлеңгіт. Гаврийл аузын ашқанша басын иді де шығып

кетті.

Көктемгі құрақтай талдырмаш, жап-жас қыз бота көзінен жасы мөлдіреп орұсут жігітіне үрке қарады. Гаврийл қатты да қалды.

Шынында да қыз ғажайып сұлу еді. Беті аппақ, қыр мұрын, бота көз... Жұп-жуан қос бұрымы шұбатылып жерге түсіп жатыр. Әсіресе көзі мұндай ғажайып болар ма! Қап-қара, мөп-мөлдір, тостағандай үп-үлкен. Бейкүнә жан сезімінің айғағы боп, жасқа тола, жаутаң-жаутаң етеді.

Қыздың өзінен қорқып тұрғанын Гаврийл бірден ұқты, кенет жаны ашып кетті. Аяғын әзер басып қасына келді. Қыздың зәресі ұшып кеткені соншалық, бүкіл денесі дір-дір етіп, екі қолымен бетін басып еңіреп қоя берді.

Аң-таң боп Гаврийл тұр. Жігіттің көзі енді ағыл-тегіл жылаған қыздың арқа тұсына түсті. Қыз жылаған сайын, қалақтай арық жұқа екі жауырыны тынбай ойнап дір-дір етеді...

Гаврийл қыздың арқасынан сипай ұстаған бойы есіктің алдына алып барды.

— Қорықпа, тимеймін.

Қыз түсінбеді. Әрі-сәрі болған Гаврийл есікті ашты да, ар жағында тұрған жас төлеңгіт жігітіне: — Қыз үйіне қайтсын, тимеңдер,— деді. Сөйтті де есікті қайтадан жауып алды.

...Сартақ ертең орұсут елшілеріне өзінің мақтанышы — жүйрік атын, алғыр тазысын, мерген жігіттерін көрсетпекші еді. Соның сәті де түсті. Орұсут елшілері Орда мергендерімен бірге таң сәріден қасқыр аулауға шықты. Қыс қатты жылы ұялы қасқырлар тобын жазбай малға көбірек шабатын әдеті. Биыл қыс өте суық болып, бір ұялы қасқыр тобы тебіндегі хан жылқысының әбден мазасын алып болған. Мінген аттары омбы қарға батып кете бергендіктен де аңшылар опығып қала берді. Тек алғыр тазылардың ғана аузы қанданып қайтты...

Кешкі астарын ішкен соң қонақтар таңертең келіс сөзге кіріспек боп, өз бөлмелеріне тарады.

Сартаққа еріп күні бойы қасқыр қуып әбден қалжыраған Гаврийл енді төсегіне жатайын деп ыңғайлана бергенінде, кешегі төлеңгіт, бұған таныс бота көз қызды тағы алып кірді.

— Мінекейіңіз!..

Гаврийл қызға таңдана қарады. Қыз кешегідей жылап тұрған жоқ, бірдеме айтқысы келе ме, есік жаққа әлсін-әлсін жәутеңдеп қарай береді.

Гаврийл қыздың бірдеме дегісі келгенін түсінгендей, ымдап оны жанына шұқырды. Қыз «ұстап ала ма» деп қорқып, аяғын ілби басып Гаврийлдің төсегінің жанына келді.

— Не айтасың? — деді әбден шаршаған Гаврийл.

— Мен бе?.. Не айтсам екен... Тек сен өзіңе сақ бол. Рашиян шарабын беруі мүмкін. Иә, рас айтам,— деді ол жасқана сөйлеп.— Ішіп қойып жүрме, жаман болады...

«Рашиян шарабы» деген сөзді түсінгенмен (монғол хандарының ішетін шарабы осылай деп аталатынын ол бұрыннан да білетін) қыздың не дегенін ұқпады. Бірақ бұның өзіне бір қауіпті ескертіп тұрғанын жүрегі сезді.

— Не дейсің! — деді ол қыз күтпеген сұрақ қойып. Анау не дерін білмей үнсіз қалды. Тек әлгі сөзіне мына жігіттің түсінбегеніне таң. Енді ол айтайын дегенін ишаратпен түсіндірмек болып әлекке түсті. Жігітті нұсқап ол: «Апам айтты, ертең саған Рашиян шарабын береді»,— деді. «Ал, сен,— басын шайқап, кесені — қолымен итергендей етіп.— Ішпе! Ішпе! — деді. «Ішсең,— деді ол аузына қолын апарып,— өлесің! Өлесің!» — деп, қолымен бір жақ жағын ұстап, өліп бара жатқан адамның бейнесін көрсетті.

— Рашиян шарабы дейсің бе? — деді ол.

— Иә, иә!

Жігіт ақырын езу тартты.

— Рақмет,— деді ол, сөйтті де есікті көрсетті.— Бар енді, кете бер...

Қыз шыға жөнелді.

Адам тағдырында, тіпті кейбір қоғам тағдырында да арақ-шарап белгілі орын алған. Арақ-шарапқа берілген кей жұрттардың өзінің ұлттық қасиетінен айырылып, уақталып, құрып кеткендері тарихта белгілі. Әсіресе, бір елді жаулап алған үлкен жұрт үстемдігімен, қару-жарақты зорлығымен, мәдениет, сорақы тәлім-тәрбиесімен бірге арақ-шарабын да ала келген. Қару-жарақтың күшімен дегенін кейде істете алмаған шапқыншылар, бағынышты елін не діні арқылы, не арақ-шарабы, алдамшы ғұрып - дәстүрлері арқылы жеңген. Әсіресе, әлі мемлекет болып шынықпаған кішкентай елдерге арақ-шарап үлкен зиянын тигізген. Бұны Шыңғыс хан да жақсы білген. Бірақ сан түрлі ұлттан құрылған әскерін жауға айдап салуға құр ғана темір тәртіп емес, олардың ақылын, жан сезімін тұмандататын, қыздыратын бөтен күштердің де керек екенін ұмытпаған. Сондықтан ел тонауды, арақ-шарап ішуді, жеңілген елдің әйел затына қиянат істеуді тыймаған. Өзі де соның бәрін істеген, кейде тіпті, ішкенде оның бірде мас болып, Шиги Хутугттың «сенен де жоғары күш бар» деген ақыл сөзіне «менен жоғары тек менің бөркім» деп бөркін хан тағының үстіне қойып, өзі оған құрмет көрсетіп тәжім ете бастағаны — тарихтағы ақиқаттық.

Сол Шыңғыс хан кенет жұртқа ішуді қойдырмақ болған. Ол мынадан шыққан. Үгедей мен Жағатай Хорезмшах Мұхаммедті жеңіп, Үргенішті шапқан сапарында, Шыңғыс хан әскері қырылып қала жаздаған. Хорезм астанасы Үргенішті алғаннан кейін, бүкіл әскері болып Хорезмшах Мұхаммедтің жер астындағы сарайларындағы құбырларда сақталып тұрған, қанша жыл ішсең де таусылмайтын шараптарын ішуге кіріскен. Үгедей мен Жағатайдың өздері де ішкен. Әскер бір жеті ішкен, екі жеті ішкен, естерін білмей ішкен. Бұл ішу апатқа айналған. Масан жауынгерлерді шапқыншыларға әшіккен жұрт, ретін тауып, енді топ-тобымен өлтіре бастаған.

Бұны естіген Шыңғыс хан қаһарына мінген. Арнаулы жасақтар жіберіп, бүкіл жер астындағы шарап сарайларын біздің заманымыздан төрт жүз жыл бұрын, мақтаның ұнтағынан Қытайда істелген күкірт от дәрісімен атқызған. Сөйтіп барып әскерін бір апаттан аман сақтап қалған. Соңынан тарихшылар Шыңғыс ханның кәрін төгіп қатты ашуланғанын, балаларының әкелеріне үлес қалдырмай, Хорезмнен қолға түскен дүние-мүлкін өзара бөліп алғандарынан дейді. Шыңғыс ханның қатты ашулану себебі тек бұдан ғана емес. Балаларының мас болғаны, мас болып Хорезмшах Мұхаммедтың қашып бара жатқан әскерін қуып жетіп қырып тастай алмағандары да Ұлы ханды қатты ренжіткен. Осы оқиғадан кейін әмірші шарап туралы жасысына кірген өзінің мына төмендегі әйгілі өсиетін айтқан: «Масаң адам әрі керең, әрі соқыр, онда ақыл-парасат болмайды. Оның ой -білігі, дарыны түкке де тұрмайды. Ол ұятқа қалудан басқа ештеңе тындырмақ емес. Ішкілікке салынған ел билеушінің қолынан ешбір ұлы нәрсе келмейді. Ішкілікке құныққан әскер басшысы өз сарбаздарының жауынгерлік сабын өз билігінде ұстай алмақ емес. Ал, масаң ноян өзі атқан садақ оғының қайда, неге тигенін білмейді. Егер ішімдіксіз болмайтын болса, ең көп дегенде айына үш мәртебе ішкен жөн. Не бір-ақ рет ішсе қандай оңды, тіпті ішпей қойса өте дұрыс - ақ. Тек, ондай мүлдем ішпейтіндерді кездестіру қиын» — деген.

Шамалары келгенше Шыңғыс ұрпақтары әміршінің осы өсиетін орындауға тырысқан. Бірақ қарамағындағы елдерге, шауып алған жұртына олар арақ-шарапты қой демеген. Тіпті олардың ақыл-ой, жан сезімдерін әлсірете түсу үшін көбірек ішулерін жақсы көрген, соған үгіттеген. Бұлардың ойынан тек мұсылман дініндегілер ғана шықпаған. Олар мұсылман дінінің тегеурінді тәртібін бұзсақ кәпір болып кетеміз деп қорыққан. Самарқандтағы болған айтыста, Күйік ханның өзі Нұриддин Хорезми имамнан:

— Арақ-шарап шаршаған адамды тынықтырады, қайғылы адамның шерін азайтады, жалпы кісінің көңілін көтеріп, ойын кеңітеді. Және өзі жеміс, тары, бидай секілді таза заттардан ашытылады. Соған қарамай, егер адамға жаны ашитын болса, Мұхамед пайғамбар өзінің үмбеттеріне неге ішпеңдер деп бұйырады? — деп сұраған.

— Мынандай бір оқиғадан шыққан,— деп жауап берген Имам — Мұхамед пайғамбардың бір сахабасы алыс жаққа бара жатып, әбден шаршағаннан кейін жолындағы бір жесір әйелдің үйіне қонбақ болады. Ойнақы, жас әйел оны қондырмайды. «Ал шын қонғың келсе, саған айтатын үш шартым бар, біреуін орындайтын болсаң қондырамын» — дейді. «Қандай шарт?» — деп сұрайды сахаба. Әйел: сен бүгін не менің қойныма кел, не бес жасар балам бар — соны өлтір, не жүзімнен қайнатқан бір шыны шарабым бар соны іш дейді. Сахаба әйелдің қойнына барсам күнәға батамын, жазықсыз баланы өлтірсем қылмысты боламын, дозаққа жанамын, ал жүзімнен қайнатқан бір шыны шарапты ішсем, бойым балқып, көңілім көтеріліп, рақатқа батпаймын ба? — деп ойлайды. Ол соңғысын істеймін деп уәде беріп әйелдің үйіне қонады, үлкен шыныдағы шарапты ішеді, содан кейін мас болады. Масаң адам не істемейді, әйелдің қойнына да барады, баласын да өлтіреді. Міне, осыдан кейін Мұхамед пайғамбар бар үмбеттеріне қандай жағдайда болмасын, қандай күйге ұшырамасын арақ-шарапты ішпек түгіл, мүлдем оны татуға рұқсат етпейтін хадисін шығарған.

Алтын Орданың негізгі тірегі — тегі мұсылман дініндегі жұрт болатын. Мұсылман дініндегі бұл қауым арақ-шарап ішуді күнә санайтын. Міне, сол себептен Сартақ та өз Ордасына христиан дініндегі Сары Бұғыны хан бақаулы етіп алған.

Ертеңіне келісім сөз басталған. Ұлы Новгород адамдарының жағдайына қарай, екі жылға дейін олардан шүлен-мал басының, ұннан, судан алынатын, яман-жәмшік салықтарын және егін салығы — аваризды алмайтын болып келісіледі.

Осындай салықтардан Александр Невскийге жасақ береміз деуші бөтен князьдар да арылсын деді. Тек Новгородқа неміс кресшілері аттанса оған қарсы Алтын Орда әскері шыға ма, шықпай ма, бұл мәселені алдағы уақытта шешпек болды Сартақ. Ал қазір, табан астында тұжырым жасауға Ноғай, Сауық, Баһадүр, Мөңке Темір тәрізді Алтын Орда ұлысының ақсақалдарына қарсы шығуға қаймықты. Олар, әрине, кешегі өздері шапқан елді бүгін қорғауды жөн көрмеді. «Оқасы жоқ,— деді іштей Сартақ,— әзір Новгородқа жау келіп жатқан жоқ қой, жау келетін болса, бұл төрт мықтының қиқарлығы былай қалар. Өйткені, олар, Новгородты шапқан, орұсут жерін алған жау, ертең өзіне ауыз саларын қайдан білсін. Қазіргі Алтын Орда бұдан жиырма жыл бұрынғы Алтын Орда емес, хандықтың бүкіл Кавказ, Әзербайжан тұсын Құлағу илхан билеп кеткелі қашан, ал Мауараннахрға таяу Қорасан жағын мен билеймін деп жанталасқан Шыңғыс тұқымы аз емес. Бұдан жиырма жыл өткеннен кейін не болмақ? Жоқ, жоқ қазір Алтын Ордаға Александр Невскийден алыстамау абзал. Ал бүгінгі әңгімеден, Алтын Орда мен орұсут бірлестігіне жалғыз ғана ақылшысы Сауық пен Баһадүр ғана емес, мына Гаврийл князьға еріп келген Святославтың да іштей қарсы екенін Сартақ біліп қалған. Ол Алтын Орда мен орұсут князьдарының одағын, деді ішінен тағы Сартақ, амалсыздан мақұлдап отыр. Әрине, кресшілер тағы шабуылға шықса, орұсут елі қазіргі күйзеліс жағдайында оған төтеп беруі екі талай... Святослав содан сескенеді. Жоқ, бұл екі жаудан көрі бір жаумен күрескенді жөн көреді. Әйтпесе... және бізге сенбейді.

Ел-жұртын қан-жоса етіп қырған жұртқа, әрине, сену қиын... Демек, осы шал түбі бізге қосылмайды. Ал бұның пікіріменен Александр да, оның інісі Андрей де басқа туыстарының да санасатыны мәлім. Сондықтан... Иә, ұлы Шыңғыс бабамыз айтқан емес, пе «егер жауыңның ертең қас болатынына сенсең, ондайлардан, досыңның дос кезінде, қасыңның қас кезінде құтыл» демеп пе еді?

Міне, осындай келісіммен қонақтар түскі астан кейін елдеріне жүрмек болды.

Тағы да хан сарайының тағамханасында Қыпшақтың дөңгелек тапал жозысы қойылды. Тағы да бие сойылып, дастарқан түрлі тағам, ішімдіктерге толды. Сапырылған сары қымызбен бірге, сол қымыздай аппақ торасұн әкелінді. Керне саптыаяқпен Алтын Орда бекзадаларына, орұсут қонақтарына тартылды. Астау - астау етпен бірге бір мезет күміс кеселерге толтырылған Рашиян шарабы да әкелінді. Ханның оң жағына Сауық, сол жағына князь Гаврийл отырған. Ханға біреу-міреу у салып жазым істеп жүрмесін деп Шыңғыс хан тәртібі бойынша дәстүрге айналған әдетпен, аяғының ұшымен басып қызмет істеп жүрген бақауыл Сары Бұғы, ханға келген табақтан бір түйір етті кесіп жеді де, алдындағы алтын кеседегі Рашиян шарабын оймақтай шыны ыдысқа құйып бір ұрттамын ішті.

Хан өзі бірінші боп алтын кесені көтерді. Өзгелері де сол әдетті істеді. Сартақ кесесіндегі шарапты ішті. Бұған бірен-саран монғол бекзадалары қосылды. Ал қонақтар кеселерін қайтадан жерге қойды. Біреуі де аузына апармады.

Сартақ аң-таң қалды. «Бұлары несі, кеше осы Рашиян шарабын кеселеп ішіп еді ғой ұлар. Қалай мас болмайтындарына таң қалғам. Ал бүгін бірдемеден сезіктеніп отыр ма? Неден сезіктенеді? Әлде бақауылдың менің кесемнен шарап дәмін татқанынан ба? Ол кеше де сөйтіп еді ғой. Содан бұларға бір жаман ой келді ме? Жоқ, жоқ бар кесенің шарабынан тата берсе, табанда мас болады ғой. Бақауылға ол келіспейді. Тәртіп солай! Демек, бұлардың шарап ішпеулерінде бір гәп бар. Қонақтардың күдік алғаны жәй нәрсе емес, не істеу керек, шарапты қалай тексерген ыңғайлы? Ал егер расымен ол шарапта бірдеңе болса...»

— Сіздер шарапты неге алмайсыздар? — деді ол Гаврийлден көрі сөзін Святославқа тигізе:

Святослав үндеген жоқ, кесесін төгіп алмайын дегендей жайлап көтеріп, қолын сел созып қарсы жағында отырған Сауықтың алдына қойды.

Бағанадан бері, әдет бойынша тек торасұн-боза ғана ішіп отырған хан ақылшысы, орұсут ойын бірден түсінді. Ол аспай-саспай кесеге қолын созды.

«Иә, иә, мына зұлым орұсут шалы дұрыс істеді. Бір пәле келсе, осы Сауықтан келеді. Кешеден бері біздің ойымызға, Алтын Орда мен орұсут князьдарының одақтасуына қарсы екенін жасыра алмай жүр...

Бірақ Сауық:

— Бала жастан бері монғол ішімдігі торасұнға үйренген едім, қытай шарабын суқаным сүймейтін еді,— деді сөйтті де кесені аузына апара берді,— қадірлі қонағамыз ұсынғаннан кейін амал бар ма, көңілі қалмасын...

«Жоқ, жоқ,— деді ішінен Сартақ,— кәрі ақылшымның еш айыбы жоқ екен. Ал егер шарапта...»

— Тоқтаңыз,— деді хан кенет, Сауықтың қолын ұстап,— өмір бақи ішпей келгеніңіз бәрімізге аян, ұшынып қаларсыз,— сосын ол жан-жағына қарады. Хан ордасының сыйынан қонақтардың күдіктеніп отырғаны оған батып кетті. Ал «шараптарды жинап ал» — деуге тағы ретін таба алмады. Онда, мынау ішімдік тіпті таза болған күнде де, «текке күдіктенбеген екенбіз, ішінде бірдеме қосылған соң ханның өзі әкеттірді, дейді ғой қонақтарым, бір сұмдықты мен өзім әдейі істетіп отырғандай» деді ол ішінен. Сартақ қайтадан жан-жағына қарады. Егер кейін бұрылса ол арт жағында иіліп жарлық күтіп тұрған бақауыл Сары Бұғыны көрер еді. Бірақ ол кейін бұрылмады. Ханның көзі есік алдында тұрған он жеті - он сегіз жасар Қыпшақтың сұлуша келген сүлгіші бала жігітіне түсті. Қолымен меңзеп оны қасына шақырып алды:

— Іш,— деді Сауықтың қолындағы кесені нұсқап.

Ештеңеден қапері жоқ жас жігіт, атақты хан ақылшысының өз қолынан шарап алғанына мәз болып, ұсынған кесені қаттырақ қысса, сынып кететін гауһар шыныдай екі қолымен абайлап ұстап аузына апара берді.

Хан бұйрығын импрамның бұзуға хақы жоқ, бала жігіт іше бастады. Бір-екі жұтқанда ғана өзінің мұсылман екені, шарапты өз еркімен ішсе кәпір болып кететіні есіне түсіп, кенет тоқтай қалды.

— Хан ием,— деді ол мен мұсылман едім, осыдан артық ішпеуге рұқсат ет деп өтінбекші болды да, кенет құлай берді.

Хан орнынан тұрып кетті. Кенет есіне Қарақорымға барған жерінде, Тұрақина қатынның берген уынан өлген Ұлы князь Ярослав түсті. «Содан кейін ғой Ұлы князьдің балалары Александр мен Андрей Күйіктен ат құйрығын біржолата кесіп, менің әкем Бату жағына шыққаны. Япырай,— деді ол ішінен,— інісі Гаврийлге қастық ойлап, кім екен Ұлы князь Александр Невский екеуміздің арамызға от салғалы жүрген?»

Қонақтарға берілген шарапқа кімнің у салғанын қанша тексерсе де Сартақ біле алмады. Ал құр сезіктеніп біреуді жазалауды Сартақ әдет етпеген. Хан тағының қауіп-қатеріне әлі үйренбеген. Әрине, егер ол Гаврийл қойнына салмақ боп төлеңгіт апарған Құндыз қыздың аспазшы шешесінен сұраса, әлденелерді түсінер еді. Бірақ одан сұраған жоқ. Ал төлеңгіт бұл жас қыздан бірдеме болды-ау, князьға «шарабында у бар екенін осы айтпады ма екен?» дейтін күмәнді ойдан тіпті аулақ еді. Оның үстінде, мұндайда пәлелі затқа кімнің қатынасқысы келеді, төлеңгіт жұмған аузын ашқан жоқ! Ал шынына келсек, қызына тимеген Гаврийлға риза болған аспазшы ана, сол күні шарапқа күшәлә шұрнасының қосылғанын әлдеқалай сезіп қалып, князьға «айт» деп қызын жіберген өзі еді. Құндыз төлеңгітке: «Орұсут князі ертең кел деген» деп үйреткен де осы шешесі болатын.

«Шарапқа уды кім салды? Оны кім білді? Орұсут адамдарына кім айтты?» — Бәрі Сартаққа жұмбақ еді. Әйтеуір, сол шарапты ішкен бала жігіт — бір күн ессіз жатып әзер дегенде басын көтерген. Аузына үнемі сүт құйып, емдеген Орда дәруіші «шарапты көбірек ішкенде, бишараны құтқара алмайтын едім, аз ішкені абырой болды. Бойын, тегіс алып кете қоймаған уды жас шіркін жеңді» деді.

Орданың қауырт шаруалары бөліп кетіп, бұл оқиға Сартақтың есінен бірте-бірте шыға бастады. Тек ойында қалғаны: шарапқа, әрине, уды осы Сарай маңындағы біреу салды. Кім болса да Александр Невский мен менің арамды ажыратқысы келген адам. Бірақ ондай адам дәл менің маңымда жоқ тәрізді. Сауық дейін десем, рас ол орұсуттарды жек көреді, бірақ дәл мұндай жауыздыққа бармайды. Орұсуттарды жек көргені үшін маған қастық ойламайды. Және сол күні ана орұсут шалы ұсынған шарапты ішпек те болды ғой ол. Ішімдіктің улы екенін білген десек, онда Сауық ішемін деп кесені аузына апармас еді, бір сылтауын тауып ішпей қояр еді. Жоқ, ол емес. Сонда кім? Жау сырттан, мұнда тек оның тілегін орындаушы ғана бар. Ал сырттағы жау кім? Алтын таққа отырған ханда, әрине, өштесетін адамы аз емес. Сөйтсе де мұндай іске меніменен тек бақ күндес кісі ғана барады. Менімен ондай бақ күндес тек Берке... Бұл оқиғаның бір ұшы сонда жатыр ма? Бірақ менің Ордамда маған у берердей кісі жоқ қой. Тек Берке ордасынан бізге осыдан бес жыл бұрын келіп қосылған Сары Бұғы бақауыл бар... Әлде сол ма? Жоқ, ол емес. Ол Беркені сасық шұлғауындай жек көреді. Тегі аты-жөнсіз сезіктенудің қандай қажеті бар? Жазықсыз біреудің обалына қалып жүрмейін, егер Сары Бұғы десем, сол бес жылдың ішінде мені өлтірерліктей талай мүмкіндігі болды ғой, неге өлтірмей келді? Жоқ, жоқ, Сары Бұғы емес, Беркені атуға оғы жоқ... Сонда кім?

Шарапқа уды кім салғанын Сарғақ қанша ойласа да таба алмай қойған. Бірақ бұл іске Беркенің қатысы барына күмән келтірмеді. Өйткені, Берке де Александр Невскиймен жақсы, кім болса да мені сол Александр Невскийден айырмақ жан. Ондай адам осы Берке ғана болуы мүмкін, деді ол ішінен.

Сол себептен де Сартақ көктем шыға саржайлауына келіп жер әбден қатып, тасыған өзен сулары мүлдем қайтқан кезде, бір жағынан Ұлы хан Мөңкеге сәлем беріп, екінші жағынан Алтын Орданың қарамағындағы елдермен қарым-қатынас жүргізуді ақылдасу үшін, Қарақорымға сапар шеккен бетінде, Шыңғыс ұрпақтарының біразымен кеңесті де, жолдағы Берке ордасына соқпай бірден әрі қарай асып кетті.

Бұны естіген Берке бұлқан-талқан боп ашуланды. Жанына жүз нөкерін ертіп, Жайық өзенінен мың төлеңгітімен өткелі жатқан Алтын Орда ханын ат ауыстырып, суыт жүріп қуып жетті.

— Жошы ұрпағынан Алтын Орда хандығында ең үлкенің мен едім,— деді ол алқына сөйлеп,— алыс сапарға шығып бара жатып, жолындағы ордама неге соқпадың? Ұлы хан Үгедеймен не сөйлесетініңді неге ақылдаспадың?

Қысты күнгі оқиғадан бері және кейбір араларына іріткі салып жүрген сақ - құлақтардың сөзіне қарап, Берке менің шын қасым, маған жақсылық ойламайды деп әбден сенген хан, әкесінің туған інісі болса да, бетіне тесіле қарады.

— Жошы ұрпағының үлкені болсаңыз да, сіз мұсылмансыз,—деді кенет сұп-сұр боп кетіп,— ал мен христиан дініндемін. Маған сіздей мұсылманның бетін көрудің өзі күнә.

— Солай ма еді? — деді кенет ызадан тұншығып кете жаздаған Берке, оң қолының сұқ саусағын шошайтып.— Онда қош бол!

Ешкім оған қарсы ештеңе деген жоқ, тек Сартақтың аржағында сабалы қымызының жанында тұрған бақауыл Сары Бұғы оң қолын көтергенде, күн сәулесімен шағылысып жарқ ете қалған, сұқ саусағына киген жүзігінің үлкен гауһар тасын көрді. Өткір сәуле көзіне түскен Сары Бұғы алақанымен бетін жаба қойды.

Бұны байқаған Берке тағы да:

— Қош бол! — деп кәрлене Сартаққа бір қарады да, анадай жерде нөкерлерінің алдында бір жігіті ұстап тұрған көкжалына асыға барып мінді.

Ешкім жұмған аузын ашқан жоқ. Тек Берке ұзағанша Сартақ орнынан қозғалмады.

Хан қолы сол күні-ақ Жайықтан өтіп Ертіс даласына қарай беттеді. Екі күннен кейін, нөкерлі қол Ырғыз өзенінің тұсына жетті. Сол күні Сартақ кенет ішінен қан кетіп қатты науқастанып қалды. Таңертеңгі жеген еттен бе, әлде бағана Сары Бұғы берген қымыздан болды ма, өзі де білмеді. Сағат сайын хәлі нашарлай түсті. Сонда ғана ол осы сапарға бірге шықпақ болған Орда дәруішін ертпегеніне қатты өкінді. Әттең не керек, қанша өкінсе де, өкініш оған жәрдем бере алмады. Екі тәулік өткенде, белгісіз кеселден Сартақ сандырақтап жатып дүние салды.

Ал немересінен сөз естіген Берке қабағынан қар жауып ордасына қайтып келген. Бұл сирек сақалды жалпақ бет сары кісі болатын. Мекке шейхтері тәрізді ұзын шашын екі құлағынан асыра тарап тастаған. Бір құлағына сегіз бұрышты асыл тас орнатқан алтын сырға таққан. Беліндегі алтын белбеуінің жасыл болғар былғарысын сан түрлі жақұт, гауһар тастарымен әшекейлеген. Белінде қылыш, қанжар тәрізді қару жоқ, тек алтынмен зерленген екі қошқар мүйізі бар. Үстіне, басына киген жібек шапан, жібек қалпақ. Аяғында қызыл шегрен былғарыдан тіккен кебіс, мәсі. Ол шатырына кіріп алып, мойнына белбеуін салып, жұртқа естірте сарнай жөнелген. «Уа алла-тағала, егер Мұхамед пайғамбардың діні адал дін екені рас болса, маған, дініме тілі тиген кәпір Сартақтың жазасын бере көр!» — деп ағыл-тегіл жылап тілеген.

Бірақ алла-тағала Беркенің тілегін сол күні бермеді, екінші күні де бермеді... Ал шығыс жақтан ат дүбірі естілген сайын, келуге тиісті жақсы хабарды жаны шыға күткен Берке, құдайына құрбан айтып Сартақтың өлуін сұрап сыртқа құлағын тосумен болды. Үшінші күні де еш хабар келмеді. Тек төртінші күні ғана, Берке күткен жақсы хабар жетті. Орда үстіне қолына қара жалау ұстап атын сабындата шапқан шабарман: «Алтын Орда ханы Сартақ бүгін таң ата дүние салды. Қараң қалдық»,— деді.

«Мұхамед пайғамбардың шын үмбеті және киелі жан екен Берке, оған Сартақтың тілі тиіп еді, қарғыс атты!» — деді мұсылмандар. Ал Берке ішінен: «Алтын Ордаға хан болу кезегі енді менікі»,— деді. Бірақ Қарақорымдағы монғолдың Ұлы ханы — Алтын Орда тағына Батудың кенжесі Ұлақшыны бекітті. Тек ол да бұл тақта ұзақ отыра алмады. Жарты жыл өтпей, хан ордасына әдет болуға айналған кесел — удан бұ да қайтыс болды.

Кезек енді Беркеге келді.

ҮШІНШІ ТАРАУ

Қызғылт топырақты биіктеу жарқабақта Сары Бұғы тұр. Аяғының астында бірін-бірі орап, бірінің үстіне бірі өрмелеп келе жатқан сан жетпес айдаһарлардай, сұрғылт асау толқындары тулап, теңселе ырғалып алып өзен — Ақ Еділ жатыр. Өзен жағасынан сонау күнбатысқа дейін белуардан келетін қалың шалғынды көз жетпес жазық дала. Аслан айнадай ашық, көкпеңбек. Көкжиекті бұлдырай жүгірген сағым да көкпеңбек. Бүгін күн ыстық. Теріскейден соққан аңызақ жел өзен бетінен көтерілген буымен тоғысып, сәл дымқыл тартқан.

Сары Бұғы тұрған жарқабақта, сірә қарлығаштардың ұялары көп болуы керек, олар топ-топ болып біресе бірін-бірі қуып, біресе су үстіне қарай құлап, тыным таппай ұшып жүр.

Сары Бұғы қозғалар емес. Тек анда-санда аяғының астындағы өзенге қарап қояды. Ал өзен, бітпес өмір тәрізді, ұшы-қиыры жоқ, сол баяғы қалпында, асау толқындарын ырғалта тулатып, тынбай ағып жатыр.

Сары Бұғы бүгін қуанышты еді. Қалай қуанышты болмасын, осыдан бір апта бұрын ақ киізге көтерілген Алтын Орда ханы Берке Сары Бұғыны өз Сарайына шақырған. Әдейі келген төлеңгіт бұны оңаша шығарып алып «Хан ием, ағамыз Бату ашу үстінде Алтын Ордаға аса көп еңбегі сіңген Қара Бұғы батырды өлтірткен еді, ең болмаса есіл ердің аруағы риза болсын, артында қалған жалғыз інісі Сары Бұғыны жұрт қатарына кіргізейік, келсін,— деді. Хан сөзіне қарағанда — саған жеке аймақ беріп, ең кем дегенде мыңбасы дәрежесіне көтеретін құлқы бар» деген.

Жұқа ерні езуіне дейін созылып, қысық көзі тіпті жоғалып, Сары Бұғы қуанышсыз, қорқау қасқыр тәрізді құр дыбысын ғана шығарып, сақ-сақ күлді. «Бату өлтіріпті дейді Қара Бұғыны, әлде мені қатын секілді ұмытшақ дей ме осы жұрт. Жоқ, бәрі есімде. Мұсылман діні бойынша мұндай адам дозаққа жануы керек деп аңғал батырдың жұмсақ жеріне көк шыбықпен мың мәртебе дүре соқсын деген осы Берке хан емес пе? Дозақтан мың дүрені жеңіл көргені ме? Жаны ашыса, солай ашитын ба еді?

Жоқ мен ештеңені де ұмытқам жоқ. Марқұм Сартақ ханның да ағамыз Қара Бұғыға жеркене қарағанын да ұмытқам жоқ. Сол ғой, өз кезегімді он жыл шыдап күткенім... Сосын... қайдағы Қара Бұғының Алтын Ордаға еткен еңбегі өткізіп қойғаны? Отырарды алғандағы, Херман Кибені шапқандағы оның ерлігі кімнің есінде бар? Есінде ұстайтын оны хан ұрпақтары ма? Хан ұрпағы ұмытшақ! Тек олар жақсылығыңды емес, жаманшылығыңды ұмытпайды... Жоқ, әр нәрсенің өз қызығы өз кезінде, Берке хан мені Ордасына шақыртса, ағамыз Қара Бұғының Алтын Ордаға сіңірген қызметі үшін емес, өз еңбегім үшін. Төлеңгітке ол тек көз қылып айтып отыр. Ал менің еңбегім... Иә, иә, Берке хан ұмытпаса керек-ті. Сөз жоқ, алты ай жүрсең шетіне шыға алмайтын Алтын Орданы өзіне алғанда, маған бар аумағы алты күндік бір аймақты бермей несі бар? Сөз жоқ береді, береді, менен қорыққанынан береді... Айтып қояды деп қорқады...»

Сары Бұғы енді өз сөзінен өзі қорқып кетті. Күлкісін тыя қойды. Жаңа ғана мәз болып, лепіріп тұрған көңіл су сепкендей басылды... «Япырмай, расымен хан менен қорқар болса...»

Сары Бұғы ойының аяғына шығып та үлгірген жоқ, кенет ақырын жер қозғалғандай алыстан жеткен бір дүбірді естіді. Құлағын тосып еді, дүбір күшейе түсті. Аздан кейін, ауыл болып бар тулақтарын қағып жатқандай, қалың тарсыл - дүрсілге айналды. «Бұл не пәле?» дегендей Сары Бұғы кенет зәре-құты қашып теріскей жаққа қарады. Өзеннің бір қойнауынан өзіне қарай құйғытып келе жатқан жер қайысқан жылқыны көрді. Ол енді сасқалақтап өзеннің күнгей жағында жайылып жүрген тұсаулы аттары және қос тігіп, жеті-сегіз жасар екі ұл баласы мен әйелі тынығып жатқан ойпатқа қарай жүгірді. Бірақ бұл жақтан да өздеріне қарай арқырай, желе - шоқытып келе жатқан қалың жылқыны тағы көрді. Ең алдында, құлын боп жерге түскелі құрық көрмеген болат тұяғымен қасқыр алатын Беркенің тайлақтай қара шұбар айғыры...

Өлердей боп қорыққан Сары Бұғы, қатын-баласы есінен шығып кейін қарай жүгірді... Бірақ бұл жақтан да жерді дүбірлете - дүңкілдете, тай-құлыны ойнақтаған, секірген, айғыры азынаған, кісінеген, шаңынан күн тұтылған қалың жылқы келіп қалған екен. Қашып құтыла алмайтынын білген Сары Бұғы енді екі бетін қолымен басып дізерлей отыра кетті. Тек Беркенің жал-құйрығы төгілген, кеудесі есіктей қара айғыры, тізесімен қағып, ұшырып жібергенде, «бәсе» деді ол ішінен, хан қорықса... Сары Бұғы сөзінің аяғын айтып үлгірген жоқ, мың сан жылқы үстінен жерді дүбірлетіп, солқылдатып келіп қалды.

Жаралғалы құрық көрмеген, Еділ бойын ен жайлап, тағы болып кеткен Беркенің елу қос жылқысы, біріне-бірі қарсы келіп, бір бүйірге қарай созылған арнаға барып қосыла аққан екі өзен тәрізді, күнгей мен теріскейден айдалып кеп, дәл Сары Бұғы құлаған жерде түйісіп, бірімен-бірі кеуделерін қағыса, тістесе, тебісе, аздан кейін қатарласа, Батысқа қарай жүйткіді.

Қалың жылқы ұзақ ойысты. Тек күн бата ғана екі жақтан жылқы айдаған жылқышылар бірін-бірі көрді. Аттарынан түсіп, құшақтасып амандасты. Арындап барып қалың жылқы да, бірте-бірте ет қызулары басылып, Еділ өзенінің көкжиегіне дейін жазылған бүкіл күнбатыс жағын алып, енді жайылуға кірісті.

Отыз мың жылқы өткен өзен жағасының топырағы шаң болып көкке ұшып, бір түйір шөбі қалмады. Ал осыншама ұшы-қиыры жоқ жылқы таптаған Сары Бұғының да, оның қатын-баласының да денелері жермен жексен боп, быт-шыты шығып әр асаудың тұяғының астында кетті.

Дүние шіркін, қандай бұзық едің! Күнәкәр болса, Сары Бұғы күнәкәр еді ғой, оның қой аузынан шөп алмайтын момын қатыны мен ана сүті ауыздарынан әлі кетіп үлгірмеген балаларының қандай жазығы бар еді?

Иә, ол бір жазықты, жазықсызды талғамаған жылан бауырлы, сұрқия, сұм заман еді ғой!

Ал сол жылқыларды айдап келе жатып, анадай жарқабақта тұрған жалғыз кісіні көрген, қырағы қосбасы Сәлімгерей, артынан жылқы өткен жерден жалғыз-ақ кішкентай ғана алмас қанжарды тауып алған. Хорасанның асыл болаты ат тұяғы да бұған ештеңе істей алмаған екен. Сонда ғана ол Берке ханның бұрынды-соңды жылқысы жайылмаған Еділ жағасының осы тұсынан неге сол күні отыз қос жылқысын бірдей айдатқанын түсінген. Ақ алмас беренді қолына ұстап тұрып: «Сірә, сенен қауіптенді ме екен, хан Берке, неге иеңді жылқыға таптатты деген, әлде бөтен себебі болды ма?» Ол сәл тұрып тағы да: «Хан дегенмен сенің иеңнің түбіне жете білді. Және адамның ойына келмейтін айламен. Ханда қырық кісінің қулығы бар деген осы болар?» — деп ойлаған. Соңынан Сәлімгерей «Хандарға лайық асыл берен екен, жылқыларыңыз өткен жерден тауып алдым» деп жеңіл қанжарды Беркеге тартқаны үшін алғысын айтқан. Хан өзі алғысын айтып берген алмас қанжарын таныған. Сары Бұғының да бұл дүниеде жоқ екенін білген. Және қосбасы Сәлімгерейдің бұны неге беріп тұрғанын түсінген. Оған осындай қымбат беренді тапқаны үшін алғысын айтқан. Тек қапа алғысын айтып қоймаған, бір апта өткеннен кейін Сәлімгерейді жүзбасы еткен.

Берке хан болып сайланысымен-ақ ағасы Батудың Ордасы тұрған Сарай Бату шаһарына көшкен. Үй іші өзінің бұрынғы аймақ орталығында қалған. Көп кешікпей Сарықұмнан сегіз-тоғыз фарсахтай тұратын Еділ өзенінің сол жағасындағы Ақтөбе деген жерге сала бастаған жаңа қаласын бітіруге кірісті. Берке өлгеннен кейін бұл шаһар Сарай Берке аталып соңынан Өзбек хан Алтын Орданың астанасын осы Сарай Беркеге көшірді. Және оны Сарай әз Джадит (Жана сарай) деп атады. Ал Беркенің өзі жаңа қала салдырғанмен, Орда кіндігін Сарай Батуда қалдырды. Бұл кезде Алтын Орда әйгілі мемлекеттің біріне айналған. Берке Алтын Орда ханының атына сәйкес өзінің Сарай шаһарын сәнді, салтанатты етуге тырысты. Стамбул үлгісіне еліктеп жаңа шаһарға алтын күмбезді жаңа мешіт тұрғыздыра бастады. Хан жаңа қала тұрғызумен ғана қойған жоқ, сырт мемлекеттермен, әсіресе, Мысыр, Бағдат Шығыс Жағропа елдерімен сауда-саттық істерінде, Орда көлеміндегі өнеркәсіп, алтын-күміс қол өнерін өркендетуді қолына алды. Бұл тұста Алтын Орда құрамына теріскей - шығысынан Болғар өлкесі қосылатын. Теріскейінде орұсут князьдарының жерлерімен шектесетін. Ал күнгейінде, бір жағында теңіз жағасындағы қалаларымен Қырым жатса, екінші жағынан кейінде Бакуге дейін, ал негізінде Дербентке дейінгі Теріскей Кавказ кіретін. Сондай-ақ, Өргеніш қаласынан бастап бүкіл теріскей Хорезм Алтын Ордаға бағынатын Батысы Днестр өзенінің ар жағындағы далаға созылып, теріскей - шығысы, Башқұрт, Мордау жерлерін құшақтай, Батыс Сібір мен Сырдария өзенінің орта тұсына дейін созылып төменгі шенімен бітетін. Алтын Орда Алтын Орда болғалы соғыс, ұрыс-жанжалы бітпеген, күнгейінде Иранмен, Күнгей - Шығысында Мауараннахрмен шектесетін. Теріскей шығысында көк Орда, ал құбыла, батысында алып Русь жері жататын.

Осындай ұлы мемлекеттің ханы Берке болды. Бұ да жалпы бақ құмар, қатыгез, қаныпезер жан еді. Ерліктен де, ізгіліктен де құр қол емес, әрине. Тек бұның ерлігі де, ізгілігі де қан майдандардағыдай ашық көрінуден көрі, көбіне хан тағының төңірегіндегі талас-тартыс істерінде байқалатын. Бұның Батудан бір айырмашылығы — біреуге істейтін жамандығын өзі істемей, өзі бұйырмай, басқа біреу арқылы, өзі көрінбей қалатын жолмен бітіруді жақсы көретін. Сондықтан да доңыз, яғни 1251 жылы Төленің үлкен баласы Мөңке Қарақорымдағы ұлы таққа отырып, Үгедей мен Жағатай ұрпақтарынан Жошы мен Төленің балалары үстемдік алғанда, Мөңкеге ақыл беріп, сол жылы ханды құттықтай келген қарсы жақтың, Жағатайдың үлкен баласы атақты Бөріден бастап, бір түнде жетпіс жеті әмір, бекзадаларын бауыздатқан қанды оқиғаға осы Берке де қатысқан. Тек бұл Бату Мөңкедей ашық көрінбеген. Демек, сыбырлағанды құдай естімей ме дегендей, Беркенің қанды қол екенін артынан тірі қалған Үгедей мен Жағатай ұрпақтары білген. Әрине, Шыңғыстың бұл екі саласының үрім-бұтағын Берке мүлдем жойып жібертер еді, Бату араша түсіп, өзімен бірге Шығыс Жағропа аттанысында болған Жағатайдың ортаншы ұлы Байдардан туған жас Алғұй мен сол айқастарға он сегіз жасында қатынасқан Үгедейдің баласы Хашыдан туған Қайдуды алып қалған. Берке, әсіресе, Алғұйды өлтірткісі келген. Алып түсетін өткір кездіктей, қылшылдаған жас жігіттен өзіне істеген жамандығы болмаса да сескенген, бірақ Батудан аса алмаған.

Сол Құрылтайда, Ұлы хан тағына отырғандағы алғы сөзін Мөңке, осы Беркенің өтінішімен мұсылман аятымен бастаған. Соңынан, Мөңке христиан шіркеуіне де кіріп шоқынып шыққан бір мәжілісте, «егер бөтен діндер адамның бес саусағы болса, будда діні оның алақаны» деген. Барлық дінге бірдей қарап, тек ата-бабасы ұстаған шаман ғұрып - дәстүрінен таймаған Мөңке, хан тағына отырғандағы алғашқы сөзін мұсылман аятынан бастағаны Беркеден іштей сескенетінінің белгісі еді. Берке Хорезм, Қыпшақ далаларын жаулап алуға да, орұсут жерін Шыңғыс Жағропа мемлекеттеріне шыққан аттаныстарда өзін жаман көрсеткен жоқ. Қосындардың үнемі ең алдында болмағанмен, артында қалып, қорқақтық еткен жоқ. Қолбасшы ретінде Ноғайдай атаққа ілікпегенмен, өзіне тапсырылған түменді дұрыс басқарды.

Міне, сөйткен Берке, елуге таянғанда Алтын Орда тағына отырды. Жұмысын қалай алып жүрмек? Неден бастамақ? Жаңа қала салуды тездеп бастады. Астанасына алтын, күміс зергерлерін жинап өнеркәсіп ісін көркейтпек. Сауда-саттықты да жөнге қоймақ. Жақында, Алтын Орда қарамағына жататын Бұлғар шаһарында ең алғашқы алтын теңге де шығармақ. Алтын ақша Алтын Орданың мемлекет екенінің белгісі. Әрине, ол ақшаның бір жағында Бұлғар қаласының есімі жазылса, екінші жағына өзі бас иген Бағдат халифы Ән-Нәсірдің аты тұрмақ. Бұның бәрі дұрыс. Бірақ тегі таққа отыру бар да, оған дұрыс отыру бар той. Істеген ісің, әрине, тақта дұрыс отыра алсаң көзге түседі. Ал алтын таққа отыру аждаһаның үстіне отырумен бірдей, ебін тауып мықты отыра алмасаң, үстінен оп-оңай лақтырып тастап, жұтып қояды. Оның үстіне Алтын Орда тағы деген, ол жай ғана айдаһар емес, жеті басты айдаһар. Бір басына әлің жетсе, өзге бастары, аузын арандай ашып, қашан жұтамын деп аңдып тұрады... Расында да Алтын Орда жеті басты айдаһар. Бір басы Қыпшақ елі болса, өзге бастары,— Хорезм, Бұлор, Кавказ, Хорасан, Қырым, батыс Ібір-Сібір. Рас, кейбірі Хорасан, Хорезм мойындарын Үгедей мен Жағатай ұрпақтарына қарай созғысы келе ме, қалай, ал Кавказдағы Әзербайжан, Армения, Грузияны Құлағу өзіне қарай қаратып әкеткен. Жоқ, жоқ, Шыңғыс хан әкесіне берген, Бату ағасы жаулап алған, қанша қорқынышты болғанмен Алтын Орда атты бұл жеті басты айдаһардың үстінен қайтсе де, түспеуі керек! Бөтен жаққа бұрылған мойын болса, буындырып өз жағына қайта бұру жөн. Ал бұларға қарай созылған қол болса табанда кесіп тастау дұрыс. Бірақ, бұлар оңай кестіре ме?

Қазір Берке бұрынғы өзінің ұлысына ғана деген кішкентай мешіттің күнгей жағында салынып жатқан ғажайып үлкен мешітінің құрылысының жанында тұр.

Мешіт құрылысы жерден жоғары көтеріліп қалған. Бұны салып жатқан әйгілі румдық шебер Коломон. Бұл Шыңғыс нояндары киликалық армяндарды шапқан жылдары, Киликияда армяндарға шеркеу салып жатқан жерінен қолға түскен. Бұның асқан шебер екенін естіп Берке сұрап алған. Бірақ Коломон: «мен христианмын, өлтірсең де мұсылмандарға мешіт салмаймын» деп Беркенің айтқанына көнбей қойған. Бұған ызаланған Берке қол-аяғына кісен кигізіп, шеберді тас қашауға жіберткен. Ақырында, хан болғаннан кейін Берке бір күні оны өзіне шақыртып алдырған. «Егер маған бір тамаша мешіт орнатып берсең, мен сені мүлдем босатам, еліңе қайтуға рұқсат етем», деген. Ұста: «Рас па?» деп сұраған. «Рас,— деген Берке,— хан сөзі екі болмайды». Бостандық сүйгіш, ел-жұртын әбден сағынған Коломон: «жарайды»,— деген,— дінімді қанша сүйсем де, бостандығымды одан артық көрем». Міне, мынау төменде, оң жағында, жалпақ тастың үстінде тұрған бір аяғы мен бір қолына жалғастыра шынжырлы кісен кигіздірілген, көйлексіз, қарақошқыл боп күйген қырыққа таяп қалған бұлшық денелі, қыр мұрын, қаба сақалды, көгілдір көзді кісі сол Коломон. Ол алдындағы үлкен қара тақтайдағы сызықтарға қарап, жанындағы өзі тәрізді есірей жігітке бірдемелерді көрсетіп тұр.

Берке әлі орнынан қозғалған жоқ. Бұл тұрған төбе мешіт салынып жатқан тұстан әжептәуір биік. Хан қозғалмаған соң, оны қоршаған уәзір нөкерлері де қозғалар емес. Қазір бұлар да ойға беріліп кеткендей, төмендегі қыбырлаған жұртқа қарап, үн-түнсіз мелшие қалған.

«Демек, хандығымды мешіт салу тәрізді жақсылықтан бастағаным дұрыс болды. Халық мұндай істі ұнатады,— деді ішінен Берке.— Ол Сары Бұғының өлімін ұмытып та кеткен.— Әрине, Алтын Орданы мешіт тұрғызумен, не ұсақ-түйек Сары Бұғы секілділерді өлтірумен ұстап тұра алмайсың. Бұл бір алып жер, бүкіл Шыңғыс иелігінің үштен бірі».

Берке сырын айтпайтын адам. Қайғырса да, қуанса да бітеу жара боп жүре береді. Алтын Орда қамын ойлаған сәтте сырын ішіне түйіп түнере түседі.

Ал ол ойсыз да, мақсатсыз да емес еді.

Шыңғыс хан дүние жүзілік патшалық құрам дегенде бір нәрсені қатты ойлаған: Монғолдың Ұлы хандығы тек Шыңғыс ұрпақтарының ғана үлесі болуға тиісті. Осылай ұрпақтық тәртіппен құрылған иелік бір-ақ адамға, тірісінде Шыңғыс ханға, ол өлгеннен кейін орнына Құрылтай сайлаған Ұлы ханға бағынады. Ал ұлыстар, аймақ хандары жаулап алған ел жұрттарынан алым-салық арқылы түсетін қазына - қаражатты теп-тегіс Қарақорымдағы ұлы ханға жібереді. Тек ұлы хан ғана содан кейін бұл қазына - қаражатты өзінің қарауымен ұлыс-ұлысқа бөледі, не Құрылтай шешімі бойынша, бөтен елді шабуға, соғыс ашуға, тағы сондай әйгілі істерге шығарады. Солай бүкіл патшалық бір адамның қолында қалады. Ал ол адам қандай адам болады, бәрі бірдей Шыңғыс ханға тең түсе ала ма, міне, бұл бүкіл Шыңғыс хан ұрпағының қайғысы.

Ал Ұлы ханнан кейін Қарақорымдағы таққа отырған Үгедей әкесінің қасқырдың бөлтіріктеріндей Бату, Бөрі, Күйік, Құбылай, Құлағу, Байдар, Мөңке, Қайду, Ноғай тәрізді қанды ауыз ұлдарын алыстағы жорықтарға аттандырып, бұрынғы жаулап алған жерлеріне жер қосты, елдеріне ел қосты. Шыңғыс патшалығы енді көшпенділердің ең зор мемлекетіне айналды. Сосын Үгедейден кейін Ұлы қаған Күйік болды. Бұның кезінде Әзияның өз ішіндегі ұрыс-таласы болмаса, жаңадан бәлендей үлес қосылған жоқ. Тек Шыңғыс ханның өзіне бағынғысы келмеген баласы Жошыдан басталған алауыздық күшейе түсті. Жағатай мен Үгедей ұрпақтары үстемдік алды. Бұл алауыздықтың қайда апарып тынарын ешкім білмеді. Күйік екі-ақ жыл хандық құрып дүние салды. Ұлы хандық енді Мөңкеге тиді. Шынын айтсақ, бүкіл Шыңғыс патшалығы Монғол Ұлы ханы Мөңке мен Алтын Орда ханы Батудың билігінде қалды. Демек, қазіргі Монғол Ұлы хандығы бұрынғы Ұлы хандық емес. Мөңке қанша мықты болғанымен, әрине, Шыңғыс хан да, Үгедей де емес. Төленің өзге қос бөрісі, солтүстік Қытайға кірген Құбылай мен Иранды жаулап алған Құлағу бүгін болмаса ертең өздерін хан етіп, Қарақорымға бағынбай шыға келуі сөзсіз... Бұның аты Шыңғыс хан иелік еткен жердің бөлшектене басталуы. Ал осындай жағдайда Қарақорымға тек ең үлкен хандық Алтын Орда бағынып отыра ала ма? Тек Алтын Орданың бағынышты елден жинаған қазына - қаражаты ғана Қарақорымның тірегі болып қалуы керек пе? Онда Алтын Орданың өзін қалай күшейтесің? Өсе алмаған жылан айдаһар бола алмайды, күшейе алмаған алтын тақ айбарлы Ордаға айнала алмайды, бір күні болмаса бір күні күйреп, көрінгеннің қолында кетеді.

Тас түскен жеріне ауыр. Сондықтан да Берке Алтын Орданы күшейту қамын көп ойлады. Демек, Ескендір Зұлқарнайын, Этилла, Шыңғыс хан, соңғы кездегі Ақсақ Темірді алсақ та әлемді аяғының астына салам деген қандай шапқыншыл, жаһангер қолбасшы болмасын, ең алдымен олар соңынан ерген әскерін, серіктерін, тілектестерін тас түйіндей мықты етіп ұйымдастыра білген. Солардың күшіне сүйене отырып, өзіне қарсыларды жойған, сөйтіп, мемлекетін, халқын тырп ете алмайтын етіп өздеріне бағындыра алған. Содан кейін ғана бөтен елдерді жаулауға кіріскен. Ал бұл елдердің жеңулері тек Шыңғыс хан, Батудың көрегендігінен, ақылдылығынан емес еді. Әрине, олардың жеке бастарының қасиеттерін де ескермей болмайды. Өйткені, олар соңдарынан ерген әскерлерін, жұрттарын ұйымдастыра білген. Ал ұйымдасқан мың адам, ұйымдаспаған үш мың адамды жеңе алатыны белгілі. Демек, бұлардың шығыстан тұрған дауыл тәрізді уақытша жеңіске жетуі, сонау Жерорта теңізіне дейін баруының басты себебі, "бұлар жаулаған мемлекеттердің мұндай соғысқа дайын еместігінен еді. Ал соңынан бұл мемлекеттер, әсіресе орұсут мемлекеті, күштерін жинап, мықтап дайындалып, жер-суын қорғау үшін майданға бірігіп шығып еді, Алтын Орданың қандай күйге жеткені белгілі.

Алтын Орда уақытша болса да жеңіске жетіп, аузынан жалыны атып тұрған кезде, оған қарсы шыққан халық ұлдарының қанша ер жүрек, ақылды болғанменен, оны төңкеріп тастау қолдарынан келмеген. Оған себеп Алтын Орда билеушілері тек қана қарулы күшіне ғана сенбеген, қарамағындағы ел-жұртты да өзінің дегеніне көндіріп, қатыгез тәсілінің қақпанына түсіріп алған. Бірақ сол өздеріндей ер жүрек кісілерден, әсіресе, жастардан жасақ, аламан құрып, Орда билеушілеріне кек алуға қарсы шыққан әлгі ел-жұрт ұлдарының ереуілдері, олардың намыс - жігерін оятқан, Алтын Орда тәрізді арыстандай ақырған күшке де қарсы тұруға болады екен-ау деген үміт желі есе берді. Халықтың бұлай оянуы, әрине, Алтын Орда билеушілерін селк еткізбей қойған жоқ. Олар бұрынғысынан да бетер қатыгездіктің неше алуан түрін қолданып баққан. Жұрт сәл басын көтерсе, хан жоса етіп аямай қырып отырды. Бірақ, кімнің кім екенін түсініп қалған халық, бір жерде болмаса бір жерде тағы да бас көтерген. Алтын Орда билеушілері тағы да, сойылдары мен шоқпарларын ала жүгірген.

Берке де хан тағының, үстем зорлықшыл таптың, Шыңғыс ұрпақтарының ықпалының күшейе түсуін арман етті. Қала, қархана салу, егін егу, сауда-саттық, бәр-бәрі былайғы қара халыққа әкімдік жүргізетін билік иелерінің мүддесіне айналды. Бату тәрізді қарулы күшке, қамшыға сүйенді. Бұл да орұсут елі тәрізді үлкен халықтың қол бастаған адамдарын — князьдарын біріне-бірін қарсы қойып, өз үстемдігін жүргізді; халыққа қатыгез болды. Тек Батудын, айырмасы бұл өнеркәсіпке, сауда-саттыққа көбірек көңіл бөлді. Сондай-ақ, Алтын Орда ханы орұсут өлкесін өзіне тікелей қарайтын ел-жұрттан жеке бөліп алды. Өйткені, Берке Алтын Орда ханы бұл өлкені сонау өздері қан-жоса етіп шапқан, осыдан отыз бес жыл ғана бұрын өткен кезіндегісіндей көретін. Орұсут князьдарының басын біріктірмей, біріне-бірін айдап салатын Алтын Орданың ескі әдісін қолданып, алым-салығын төлетіп, ал бас көтерер бірер қаласы болса, күлін көкке ұшыра өртеп, сырттай бақылап отыруды ұйғарды.

Осылай Берке хан бар қаһарын тікелей Алтын Орда қарамағына кіретін елдерге тікті. Оның үстіне Берке қайтсем бағынышты елдерден жинаған қазына - қаражатымды Қарақорымға бермеймін деп күндіз-түні ойлана бастаған. Бұнысы, әрине, монғолдың ұлы хандығының қол астынан шығу деген ұғым еді. Сонда ғана Алтын Орда күшті хандық болады. Мөңкенің қандай адам екенін есіне ұстаған Берке Қарақорымнан ондай ат құйрығын мүлдем кесуден әзірге аулақ еді.

Ал қазір Беркеге кенет бірдеме ұнамағандай болды. Оның жұқа сарғылт беті, қанын сыртқа теуіп, қызара қалды. Бұл ханның ашуланғанының белгісі еді.

— Шақыр ана Коломон құлды,— деді ол бір нөкеріне.

Нөкері қару-жарағын салдырлата төбеден төмен қарай жүгірді.

Хан қанша сабырсызданса да, Коломон кісенді шынжырын шылдырлата аспай-саспай, хан тұрған төбенің жарқабақ боп бітетін күнгей жағына кеп тоқтады.

— Берке хан,— деді ол басын иіп, Коломон еш уақытта да Беркеге «хан ием», не «тақсыр хан» деп сөйлемейтін. Бұл үшін ол ерте кезде талай таяқ та жеген, оны зынданға да тастаған, бірақ қайсар шебер әдетін өзгертпеген. Бұл жолы да сол әдетіне салды.— Берке хан,— деді ол қайтадан,— қол - аяғымдағы кісен ауыр, сіздің жаныңызға өрмелеп шығып, алдыңызға жығылғанша көп уақыт өтетін түрім бар. Сондықтан жар түбіне келіп тұрмын. Менің бұл тұрысымнан мені аяғыңыздың астында деп біліңіз. Енді бұйрығыңызды айта беріңіз.

Берке Коломонның осылай сөйлейтінін білетін. Осындай тілі үшін бұрын да бұны талай рет өлтірмекші де болған. Бірақ Коломон: — Өзімді-өзім өлтіруге қиянат санаймын, ал сіз өлтіремін десеңіз, тек рақметімді айтамын. Мынадай қорлық өмірден — өлім көп артық! — деп тілін тартпаған. Осы мінезін білетін Берке бұл жолы оны өлтірем деп қаһар төккен жоқ. Тек іштегі ызасын жасыра:

— Мен саған мешіттің төменгі жағын тастан қала дегенім қайда? — деді ол сыздана.— Сен қыштан қалап жатырсың! Ұзақ жылға жарамай құлап қалса қайтесің?

Коломонның көзінде бір кекесін от жарқ етті.

— Құдай бар емес пе? Бәрі құдайдың қолында. Өзіне арналып салған мешітті неге құлатсын.

Хан бұрынғысынан бетер салмақтана сөйледі. Бұл ханның тіпті ашуланып қалғанының белгісі еді.

— Алла-тағалам сақтанғанды сақтаймын деген. Алтын Орда ханы салдырған мешіт мәңгі-бақи тұруы керек.

— Жоқ, мешіт хан салдырғандықтан ұзақ тұрмайды, оны дұрыс салғандықтан ұзақ тұрады. Ал Ақтөбенің ганчасын қосып күйдірген кірпіш тастан да берік. Және тасты жердің астынан алу керек. Бұл кісенді құлдарға өте қиын.

— Сонда менің бұйрығымды орындағың келмегенің бе?

— Ақылды бұйрықты ақымақ адам да орындайды. Ал ақымақ бұйрықты ақылды адам орындамайды.

- Сонда сен өзіңді менен ақылдымын деп тұрсың ба? — деді кенет ашуын ұстай алмай қалған Берке. Ол өзінің әдеттегі ұстамдылығын ұмытып кетті. Кенет қалш-қалш етіп, екі езуінен көбігі атып, жер тепкілеп, аузына не келсе соны айтты. Егер Коломон дәл қасында тұрса, ол қылышпен бірақ тартып жіберер еді, әттең ол ханнан алыс, жарқабақтың етегінде тұрып аман қалды. Үнемі өзін күшпен ұстап жүретін Берке ашудан жарылып кете жаздап, мұндайда не айтып, не қойғанын білмей қалатын. Нөкерлері Беркенің мұндай қояншық мінезін жақсы білетін. Ол бұл мезеттерінде бүкіл адам баласын қырамын, жоямын деп кәріне мінетін. Әрине, қолынан келсе, қырып-жойып жіберуден тайынбайтынына нөкерлері шек келтірмейтін. Тек хандарының мұндай жағдайында олар жоқ жерден қанжардың ұшына, қылыштың жүзіне дәл келіп қалмас үшін, Беркеден алысырақ тұруға тырысатын. Берке әрі-беріден кейін өзі басылатын. Бұл жолы да сөйтті.

Коломон күлді.

— Неге күлесің? — деді жыны мүлдем басылмаған Берке ентіге.

— Сіздің мына жарқабақтан мені балағаттаған сөзіңізді естіп тұрып, біздің елдің бір қызық әңгімесі есіме түсті. Естігіңіз келсе айтайын.

Айтпа деуге Беркеде еш лаж қалмады. Қоршаған уәзір, нөкерлер бәрі бұған қарап тұр.

— Айт,— деді Берке.

Коломон тағы күлді.

— Бір ешкі биік жардың басына шығып алып, етекте тұрған қасқырды жаман балағаттапты, сен ақымақсың, ата-бабаңнан бастап бәрің хайуансыңдар!—депті. Ешкі аузына келгенін сөйлеп, бір шаршаған кезінде Қасқыр «сен ғой менің мына жар басына шыға алмайтынымды білген соң, балағаттап тұрсың ғой, әйтпесе жұмған аузыңды ашпас едің!» депті. Жаңа сіздің мына жарқабақтың үстінде тұрып алып, маған айтқан сөзіңізді естігенімде, әлгі ешкі есіме түсті. Әттең, сіз Алтын Орда тағында отырсыз, әйтпесе...

Ызадан жарылып кете жаздаған Берке жанында тұрған бір нөкеріне:

— Қазір төмен түс те, мынаның басын...

Бірақ оны Сауық бөліп жіберді.

— Сабыр етіңіз, тақсыр,— деді ол байсалды үнмен,— Сізге мына құлдың басынан гөрі, мәртебелі ұрым-бұтағыңызға атағыңызды қалдыратын салтанатты, сырлы мешіт керек емес пе? Және сол мешітті күтіп отырған, өзіңізді құрметтейтін мұсылман қауымының тілегі үшін бір ашуыңыздан қайтыңыз.

Хан су сепкендей басылды.

— Болды! — деді. Сөйтті де әлгі нөкеріне Коломонға естірте,— хан дегенін істемегені үшін мынаған көк шыбықпен майлы жеріне жүз дүре соғылсын!

Мұны естіп тұрған шебер:

— Жарайды,—деді ол.—Бірінші көріп тұрған дүрем емес қой. Бұнан көбінен де сау қалғанбыз. Жалғыз-ақ маған мынаны айт, Берке хан... Егер ғажайып, тамаша мешітті салып бітірсем, уәдеңде тұрасың ба?

Берке Коломонға қарай мысқылдай күлді.

— Тұрамын!

Бірақ ханның кекесін күлкісінен Коломон өзінің енді елін мәңгі көрмейтінін білді. Сөйтсе де ол ханға:

— Түсіндім,— деді.— Әттең дүние-ай, бұл мешіттің бейне шешімі менің жаңа ойым, жаңа табысым еді, орындамасам арманда кетемін ғой.

Өлерін біле тұра, жаңа ойым, жаңа арманым деп мешітті бітіргісі келіп тұрған адамды Берке түсінбеді. «Мен болсам бір сәрі, осы мешіт арқылы мұсылман қауымын өзіме көбірек қаратқым келеді. Және үрім-бұтағыма атым қалсын деймін. Ал бұл неге масаттанады? Ертең бітірген күні өзі өледі. Ешкім естімеген есімі өзіменен бірге кетеді...»

Ол нөкерлеріне:

— Жә, болды. Әкетіңдер! — деді.

Әрине, әлемнің тең жартысына үстемдігімді жүргізсем деген Алтын Орда ханы жаңа ой, көркем ой дегендерді арман етіп, сол үшін неге өмір сүрудің керек екенін түсінбеді. Түсінер болса, өзінің бар тілегі, бар мақсаты, мұндай арманның жанында дымға тұрмайтынын ұғар еді. Ол Коломонның «өлтірсең өлтіре бер, тек жаңа мешітті, жаңа ойымды орындауға мұрсат бер» дегенді айтпаса да, солай түсініп бұрынғысынан да жаман ашуланды. Хан енді Коломонды өзгелер үшін бейнеттенуге жаралған; дүниеден тек бейнетпен ғана өтетін адам деп білді. Бұндайда өлім, әрине, сыйлық,— деді ол ішінен! «Берке енді ұстаны тіпті өлтірмеймін, тілегені бейнет болса, сол бейнетін сыйлаймын, өмір бойы кілең ғажайып мешіт салып өтетін етемін»,— деді.

Хан, әрине, ғажайып мешіт салу, хан жарлығынан, не ұзақ өмір сүруден емес, адамның көңіл күйінің шаттануынан, не бір үлкен арманнан туатынын білген жоқ. Білгісі де келмеген.

Ал аяқ-қолы кісендеулі Коломон, расында да, осы мешіттің бейнесін миында, жүрегінде тудырған кезде өзінің өте бақытты жан екенін сезініп еді. Адам баласының басына қона бермейтін бақыт құсы бұның басына қонған. Сол бақыт құсының қуанышы бұның қапастағы ойына қанат берген. Осылай ғажайып мешіт бейнесі туған.

Коломонның мұндай жағдайынан хабары жоқ, Берке оның өмірден де жаңа ойын, жаңа тілегін жоғары қойғанына іштей бұлқан-талқан боп ашуланған.

Дәл осы сәтте ханның алдына осыдан бір ай бұрын төлеңгіт жүзбасы еткен әнеугі қос басы Сәлімгерей келді.

— Хан ием,—деді басын иіп.—Барақшын қатын он нөкер әйелімен Құмбелден асып кетті. Мінгендері кілең жүйрік.

— Қайда бара жатыр екен ол? — Әлі ашудан арыла алмаған Берке, Барақшын қатынның қайда бара жатқанын іші сезіп тұрса да, бірден сөз таба алмай бұл сұрақты әдейі берген тәрізді,— мүмкін серуенге шыққан шығар?

— Құмбелге дейін біз де солай ойладық. Одан асқаннан кейін сізге хабарлауға мәжбүр болдық. Беттері Иран, Құлағу хандығы тәрізді. Өздері қару-жарақты, тоқтар емес.

Барақшын жақында қайтыс болған Алтын Орда ханы, жасөспірім Ұлақшы мен Сартақтың шешесі, Батудың жесірі еді. Өзі христиан дініндегі алшын — татар қызы. Балалары Сартақ пен Ұлақшыны да сол дінде тәрбиелеген. Бұл жағынан да, Алтын Орда тағына талас жағынан да Беркеге қас. Сартақ өлгеннен кейін Мөңке өзінің әмірлерін Сарайға жіберіп, Ұлақшыны хан көтерткен. Ал ол он жетіге жетіп кәмелетке келгенше Барақшын қатынды ақылды, ерлігіне қарай Мөңке Алтын Орданың уақытша билеушісі еткізген. Бұдан кейін Берке мен екеуінің арасында өшпендік бұрынғысынан да дами түскен. Арқа сүйеп отырған хан ұлы Ұлақшы бір-ақ күн ауырып, қан құсып о дүниеге сапар шегіп, орнына Берке сайланғаннан кейін, Барақшын Беркенің енді өзін сау қоймайтынын білген. Билік қолында тұрған кезде, күйеуі Батудың тірі қалған жалғыз інісі деп оған аяушылық етіп, көзін құртып жібермегеніне енді өкінген. Ол кезде Алтын Орда билеушісінің Беркені жоқ қылуға күші де, айласы да жететін еді. Енді өз басына қауіп туғанда санын бір соғып, құса боп жанталасқан. Өш алуға дәрмен жоқ, іш қазандай қайнаған. Ақыры, күйеуінің кешегі бір тілектес серігі Құлағуға кісі салып, ол келсін деген соң, кеше ел жата он нөкерімен Ордадан қашып шыққан. Осындай жағдайдың болуынан сезікті Берке, Барақшын қатынды сыртынан аңдытып қойған. Сол аңдушылардың бірі осы Сәлімгерейге кеп айтқан. Барақшынның Иран жолындағы ескі бекет Құмбелден асып кеткенін хан қойған алғышынынан естіп, ханға хабар бермеуге жүзбасы лажын таба алмаған.

Ашулы Берке енді өзін-өзі ұстай алмай қалды.

— Кәпір қатын өзінің діндесі Құлағуға жетпек екен ғой,— деді ол жұқа ернін тістене,— онысы бола қояр ма екен? Жүздігіңді ал да шап, ұстай алсаңдар өзін, ұстай алмасаңдар басын әкел!

Жанында тұрған Сауық шошып кетті.

— Ау, ол Саин хан — Батудың жесірі, сенің жеңгең емес пе еді, өлтіруге қалай дәтің барады? — деді ол Барақшынға ара түспекші болып,— одан да кете берсін, бір қатын не істейді дейсің?

Беркенің көзі бұрынғысынан да сығырайып кетті.

— Жоқ, барады! Барғанда қандай! — деді Берке.— Бүгін оны мен аясам, ертең Құлағумен бірігіп алып, ол мені аямайды! — Берке қайтадан Сәлімгерейге бұрылды.— Бар, шап! Бұйрықты орында!

Жалпақ бет, кейде мүләйімсіген Беркенің ештеңеден де шімірікпейтін қаскөй екенін Сауық жаңа ұққандай, бұдан әрі үндемеді. «Жағатай мен Үгедейдің доңыз жылғы жетпіс жеті әмір, бекзада ұрпақтарын өлтіруге Мөңкеге ақыл берген осы Берке екен» деген ел арасындағы сыбысқа енді Сауық та иланғандай болды. Беркенің сұм жүрек екенін бұрын да білетін қарт, дегенмен де бұл өсекке сенбей келген-ді.

Ал Берке «жұрт мені тек мешіт салғызатын жақсы хан деп қана білмей-ақ қойсын,— деді ішінен,— дұрыс деп тапса, туған ағасының қатынын да өлімге қия алатын қатал хан деп ұқсын. «Қорықпағанын қараша сыйламайды» деп атамыз Шыңғыс бекер айтпаған, бұл да керек».

Сол күні түнде жібек орамалға оралған Барақшын қатынның басын Сәлімгерей емес, бөтен бір қанішер нөкері Берке ханның алдына әкеп қойды.

Мұсылман хан Берке тәспісін aп әдейілеп құран оқып, басты хан үйіне жататын әдетпен құрметтеп қоюға бұйрық берді.

Шыңғыс хан Мауараннахрды жаулап алуын ұлу, яғни 1220 жылының аяғында бітірген. Бұхар мен Самарқандтан бастап, монғолдардың қолына еш қала Отырар, Сығанақтай қиынға түскен жоқ. Мауараннахрдың тұрғындары демесек, қаланы қорғайтын әскерлері бәлендей мықты қарсылық көрсете алмады. Бір жерлерде шаһар қорғаушылары — көшпенділердің атты әскерлері опасыздық істеді, ал Самарқанд секілді күресуге мүмкіндігі бар үлкен шаһарларда, Шаих-ислам қазы тәрізді, ел билеп отырған көрнекті адамдары өз еріктерімен монғолдарға қала есіктерін ашты. Бірақ жеңген шапқыншылар бекзадалардың өз еркімен бас игеніне қарамады, қалаларды тонады, өртеді, тұрғындарын аямай қырды. Тек монғолдарға сатылып, олардың жеңуіне көмектескен опасыздар ғана аман қалды.

Демек, жау найзасына кеудесін қарсы тосқан бекініс - шаһарлар да болды. Әсіресе Ходжент үлкен ерлік көрсетті. Сейхүндарияның жоғарғы шеніндегі аймақ қалаларды бағындыруға жіберілген монғол қолы Бенакентті оңай алып, тұрғын жұртын қан жоса ете тонап, Ходжентке келді. Қала әмірі Темір Мелік, азғантай күшімен монғолдың қалың қолына қарсы тұрды. Бекініс қақпасын ашпады. Бұл еңгезердей балуан денелі, қырықтарға жаңа келген, сұлу мұртты қара торы кісі болатын. Қала қорғанының үстіне шығып алып өзі бас болып, құмырсқадай қаптап келе жатқан монғол жауынгерлеріне оқ жаудырды. Қабырғаға баспалдақ қойып жоғары өрмелеген барыстай епті монғолдарды баспалдақ-маспалдағымен жерге құлатты, үстерінен қазандай-қазандай тастарды лақтырды. Монғол әскерлері қорғанға жақын келуге қорықты. Ал Темір Мелік монғолды қыруға қорықпады. Ирандық тарихшы Джувейни: «Темір Мелік сондай ер еді, егер «Шахнаманың» бас кейіпкері баһадүр Рүстем осы шақта өмір сүрсе, ол тек бұның ат ерттеушісіне ғана жарар еді» деп жазды өзінің атақты «Тарихи-жа- һангушай» кітабында. Осы Темір Мелік қаланы қорғайтын күші қалмағанда, жауға өлмей берілмейміз деген мың батыр жігітімен Сейхүндарияның екі арнасының ортасындағы аралда тұрған, бір кезде осы қаланы басқарған даруғашының тас сарайына келіп бекінді. Бұған жау жебесі де, қала қабырғасын бұзатын тас атқыш қарулардан атылған үлкен-үлкен тастар да жетпеді. Ызаланған монғолдар енді осы тас бекіністі алу үшін, Отырар, Бұхар, Самарқандтан айдап әкелінген елу мың «бұқара» жас жігіттер мен жиырма мың өзінің әскерін жіберді. Елу мың «бұқара» Сейхұндарияның оң жақ арнасының үстіне көпір салу үшін бекіністен үш фарсах жердегі таудан тас тасыды. Монғол жауынгерлері есірей жігіттерді қанша қамшының астына алып, көпірді тез бітіруді ойлағанымен, олар шамалары келгенше жұмысқа кедергі істеп бақты. Сөйтсе де бөгет арнаның орта шеніне жетіп қалды. Бірақ монғол қолы бекініске кіріп үлгірмеді. Монғолдардың жебелері мен топыраққа мұнай қосылған жандырғыш оқтары да ештеңе істей алмайтын, үстіне сірке араластырған балшықпен сылаған дымқыл киізбен жапқан он екі қайық — кеме жасап, Темір Мелік солармен түнде бөгеттің біткен Жағының быт-шытын, шығарып суға ағызады. Ақыры, аралды да қорғауға мүмкіндік қалмағанда Темір Мелік жетпіс кеме істетіп, соған азық-түліктерін, қару-жарақтарын тиеп, қалған жігіттерімен төмен қарай ақты. Өзеннің екі жағынан жанаса монғолдың атты әскері қуып отырды. Бұлар мұнай аралас оқ та, болат ұшты жебе де атты, батыр жігіттерді көп ойсыратты. Демек, Темір Мелік атыса - жұлыса Жент қаласына жетті. Бұл арада, Темір Меліктің аралдағы кемелеріне бару үшін Жошының бұйрығы бойынша, монғолдар өгіз терілерінен, көрікпен ауа кіргізіп, үлкен-үлкен қуық істеп, үстіне тақтай салып, жеңіл, су бетінде қалқып тұрар көпір жасай бастады. Сол көпір арқылы кемелерге жетпек болды. Бірақ Темір Мелік түн ортасында қалған азғантай серіктерімен жағаға шықты. Қызылқұмға қашты.

Монғолдар қуып берді. Темір Мелік атыса жүріп, құмға қарай шегіне берді. Ең соңында жолдастарының бәрі оққа ұшып, ақырында жалғыз қалды. Сонда да Темір Мелік берілмеді. Ақырында жараланып, қансырап өлуге таяған батырды үш монғол қоршады. Темір Мелік топ сексеуілдің түбінде жатып оларға дауыстады: «Сендер де үшеусіңдер: ал менің қорамсағымда да үш-ақ оқ қалды. Егер жан керек болса кейін қайтыңдар,— деді,— әйтпесе...»

Оққа ұшудан қорыққан үш монғол кейін шегінді. Темір Мелік көп михнатнен, құмды даланы кезіп, қалған жебелерімен құс, киік атып жеп, өлдім-талдым дегенде Хорезмге жеткен. Бұл кезде монғол әскері Өргенішті қоршап алған. Темір Мелік осы қаланың әскери басы болып, монғолдармен тағы күрескен. Соңынан, Хорезмшах Мұхаммед пен Шахтың тоқалы Терекин қатын Өргенішті тастап қашқанда, Мұхаммедтің баласы Жалелиддин екеуі қаланы қорғауда көп ерлік көрсеткен. Бұлардың монғолдарға бұл жерде де күштері жетпей, Темір Мелік, Жалелиддин екеуі үш жүз сарбаздарымен Қарақұмды көктей кезіп, Хорасанға өтіп кеткен.

Міне, осылай сұрапыл қан төгіспен алған Ходжентті Жошы өзімен бірге еріп жүрген он бес жасар Беркенің еншісіне берген. Берке мен Жошының төртінші ұлы Беркежар Жошының аманат әйелі, мұсылман болған Бекрин қызы Ханікей бегімнің қолында қалған. Ханікей бегім екі жасөспірімді осы қаладағы бір үлемнен мұсылманша оқытқан. Екеуі де осы қалада мұсылман дініне кірген.

Беркежар соңынан Созаққа даруға болып, ал Берке әкесінің ақылымен Ходжентті тәрбиешісі және өгей шешесі Ханікей бегімге билеуге қалдырып, өзі Жошыға еріп Қыпшақ жеріне кеткен. Баласына Ханікей бегім әлдеқашан өлген адам. Ходжент Батудың қарамағына көшкен. Берке өзіне жеке ұлыс алып, Ақ Еділ жағасында қалған.

Бұл шаһарлар осы тұста діни орталықтар саналатын-ды. Ал Беркенің ойы — ісләм дінін Алтын Орда ту етіп, көтеріп, сол тудың астына қарамағындағы елді мықтап ұстау да еді. Жауларына да осы мұсылман дінін ту ғып көтеріп қарсы шықпақ. Ал ол туды өзі ұстайды, өзі көкке көтереді. Соңынан барлық әскерін шұбыртып Құлағу тәрізді кәпірлерге қарсы діні дабылын өзі қағады. Өзі басқарады.

Ал Орданың қай тұсынан бастап бұл діннің дабылын қағуға болады? Алтын Орданың негізгі әскері, қыпшақ, балғар өгүз, маңғыт башқұрт, алан, серкесут тәрізді мешіті, медресесі жоқ көшпенді елдердің, мұсылман деген құр аты, бес уақыт намазын да дұрыстап оқымайтын, ат үстіндегі халық, оларды дін қорғаны ету қиын... Сонда барып Берке көпшілігі ежелден мұсылман жұрт, мешіт, медреселері бар үлем, мүрит, кәрилері өздерін Мұхамед пайғамбардың тікелей үмбеті санайтын Мауараннахр жерінен мұсылман дінін күшейту саясатын бастамақ болды. Хал-күйлері нашар үлемдерге жәрдем беруді сылтау етіп, Берке енді Бұхарға жүруге дайындалды. Осы шаһарға сапар жасауының тағы бір себебі бар еді. Бұхарды алуға Жошы қосындары да қатысқан Шыңғыс хан сол кезде Бұхардың іскер, ұста тұрғындарын балаларына бөлгенде, Жошыға да өз үлесін берген. Қазір Алтын Ордаға жататын осындай бес мыңдай басыбайлы адамдары бар-тын. Бұлар алтын, күміс зергерлері, темір ұсталары, мешіт үй салатын шеберлер еді. Олардың еңбегінен түскен ақша - қаражат үнемі Алтын Орда қазынасына құйылып жататын. Осындай Алтын Орданың басыбайлы құлдары — шебер, зергер, ұсталары Ходжент, Бенакентте де бар болған. Бірақ ақырғы кезде, Мауараннахрға Жағатай мен Үгедей ұрпақтарының ықпалы бел ала бастады ма, бұл шаһарлардан Алтын Орда қазынасына ақша аз түсіп тұрған. Бұхарға әдейілеп сапар шеккісі келгенде, Беркенің бір бүйірінде бұл іс те бар еді. Не болса да барлық жайды өзі барып білгісі келген. «Қолданатын шараны сонан соң көремін» деген ол.

Берке бір қосынға таяу қолмен, ырғалып-жырғалған көшпенен келесі жылы көкек айының аяқ кезінде Бұхарға келді.

Ымырт үйіріліп бара жатқан кез еді. Жаз шыға бастаған. Ирам бау-бақшасындай бұлбұлы сайраған қалың ағашты қала, кешкі салқын ауа мен аула, іміреттердің бойын қуалай аққан мың сан арықтардың самалды лебіменен дымқыл тартқан. Алтын Орда ханын Бұхар даруғашысы қаптағай келген ұзын бойлы арық, қауға қара сақалды, персияндықтарға ұқсас Мұсабек өзінің салтанатты нөкерлерімен шаһардың батыс жақтағы қақпасының көш жерінен, сырнай-кернейлетіп қарсы алды.

Зурнаның барылдаған, қырылдаған зор дауыстарынан қыпшақтың күрең қасқа жылқылары елегізи, құлақтарын қайшылап, үрікпей әзер қалды.

Мұндай кездескенде айтылатын құрметті сөздер біткеннен кейін Мұсабек:

— Алдияр тақсыр хан,— деді басын иіп.— Сіздің көшіңізді қала сыртына өзіңізге арнап салынған Орда сарайға алып баруға рұқсат етіңіз.

— Неге? — деді Берке,— қала ішіндегі ғибадатханалардан бізге орын табылмап па?

Мұсабек кідіріп қалды.

— Әрине, қалада сізге лайық қошеметті сарайлар, ғибадатханалар бар ғой. Бірақ...

— Не бірағы бар?

— Шаһар қазір қауіпті,— деді басын қайтадан иіп даруғашы.— Сіз келе жатыр дегенді естіп, кешеден бері қала тұрғындары тасыған қазандай бұрқ-сарқ боп бүлініп жатыр... Әсіресе, импрам ұста, зергер, шеберлер.

— Олар маған не қылмайсың дейді?

— Өздерінің қазіргі жаман күйлерін сіздерден көреді. Тапқан-таянғанымызды үнемі Алтын Ордага беріп, қатын-баламызды асырай алмайтын күйге жеттік. Алтын Орда бізді не қанауын тоқтатсын, не біржолата қырып тастасын дейді.

— Қыруды сағынса,— деді кенет тұншыға сыбырлай сөйлеп Берке.— Егер былай ереуілмен дегендеріне жеткілері келсе ол да қашпас. Сонда сен бізге импрамнан шошып қалаға кірмеңдер деп тұрсың ба?

— Қабаған иттерді өшіктіріп қандай қажеті бар? Біреу - міреуі қауып алып жүрсе. Одан да ана бір түбекте тоқтаған жөн болар.

— Жоқ,— деді Берке,— қарадан қорқып атымның басын бұрмаспын! — Сөйдеді де жанында тұрған жүз басы Сәлімгерейге: — Баста көшті! — деді ызадан қырылдай сөйлеп,— тек әскер екі жағымыздан жүрсін! — Қанша Алтын Орда, ханы болғанмен де, сірә, халық ереуілінен қаймығып қалған болуы керек, артқы сөзді ол сыбырлай айтты.

Екі жағынан екі қатардан тізілген көк найзалы, ақ сауытты кілең күрең қасқа ат мінген қалың жауынгер қоршаған, Алтын Орда ханының салтанатты көші қақпадан кіре берді.

Бұл кезде тастай қараңғы оңтүстік жақтың түні де түсті. Қара мақпал аспанда жыбырлай жұлдыздар да туа бастады. Көшті даруғашы Мұсабек пен Сәлімгерей бастап келе жатыр.

Қалаға кірісімен Берке іштей әбігерлене қалды.

Ұрыссыз, соғыссыз, мұндай сұсты көріністі ол бірінші рет көрген. Көше толған халық. Бастарында лапылдап жанған қара май сіңген білтелі шоқпыт, жөкені байлап алған қолдарында бір-бір ұзын таяқ. Жер беті осындай жыбырлаған от. От дариясы көше-көшені қуып, шалқып жанып жатыр. Тастай қараңғы түнде бұл көрініс сондай айбарлы да қорқынышты.

Жалаңаш қылыштарын бастарынан асыра ұстаған жауынгерлердің қорғауында нөкерлерімен Алтын Орда ханы тар көшені қақ жарып қатты аяңмен келе жатыр. Енді атты топ қақ жарылып, көшпен қатарласа жүрді. Қоршалған керуен де, қоршаған топта да үн жоқ. Тек аттардың пысқырғаны, тұяқтарының сұрғылт топырақты тас боп қатып қалғаны көшелерге тарс-тұрс тигені, дүбірлері ғана естіледі.

Ең болмаса бір адам үн қатсайшы?

Бірін-бірі аңдып қатарласа қимылдаған айдаһарлар тәрізді.

Бұл неткен сұмдық? Нені күтіп келеді? Егер топ ішінен біреу ұран салып айқайлап жіберсе, не біреуі жалаң қылышын сілтеп қалса болғаны, шабуға айналған қасқырдай үнсіз келе жатқан екі топ бірінің тамағынан бірі ала түсуге дайын.

Сөйткенше болған жоқ, алдындағы алаңға Берке керуені таяп қалғанда, бұлардың жолын кес-кестеп оң жақ бүйірден тағы бір отты дария толықси келіп қалды. Алдарында — көк сәлделі, ақ киінген, ұзын бойлы кісі.

Даруғашы мен Сәлімгерей аттарының басын тежей берді. Отты дария да лықсып барып тоқтады. Көк сәлделі, ақ киінген адам жұрттан бөлінді.

Берке де атын тебініп қап алға шықты.

— Не тілейсіңдер? — деді ол тұншығып бара жатқандай.

— Халайықтың үш тілегі бар, хан ием,— деді ұзын бойлысы.

— Айт!

— Хайдар құдай емес, өмір бойы адамды құлдықта ұстайтын. Кісі өлтірген күнәкарлардың да не басын алады, не бәлен жылға зынданға салады. Сендер есірей етіп ұстап келе жатқан жұрттың көбі қартайды, жұмысқа жарамайды, не ауруға шалдыққан, төрінен көрі жақын. Бірінші тілегі — сондай адамдарды мүлдем босатсын дейді. Дүниеге еркін келген екен, еркін өлуін тілейді.

— Болсын! — деді Берке, бәрібір ондайлардан пайда жоқ қой деп ойлады ішінен.

— Халықтың екінші тілегі — көк сәлделі адам, Беркеге тікелей қарады,— Алтын Орда хандығына жататын мұнда бес мыңнан астам зергер, ұста, шеберлер бар. Бұлар осы жердің тұрғындары. Бұхарды Шыңғыс хан алғашқы алғанында балаларына бөліп берген. Сол кездегі кәрілер өліп бітті. Ал жастарының бәрінің де бала-шағасы бар. Тапқан-таянғанының көбі Алтын Орда қазынасына кетіп жатыр. Жұрт үнемі аш-жалаңаш. Хан ием, сізден халық тапқанының үштен бірін алуын сұрайды.

— Ал өзге хандарды қайтесіңдер?

— Олардан да осыны талап етеміз.

Берке қаптаған жұртқа қарады.

— Осылай қолдарыңа таяқ алып па?

— Тілегімізді бермесе, амал жоқ, қолымызға таяқ түгіл, қару-жарақ алуға мәжбүр боламыз.

Берке жұртқа қайта қарады. Қолдарындағы оттың сәулелері беттеріне қызғылт күрең таңба тәрізденіп түсіп тұр. Қабақтары түйілген кәрлі жұртты көрді. «Иә, бұлар қолдарына қару-жарақ алса алар,— деді ол ішінен, түрлері жаман екен!».

Берке Алтын Ордаға қарсы шыққан топтың талай ереуілдерін көрген. Біразын өзі қан-жоса етіп басқан. Бірақ дәл мұндай халық боп бірігіп, тұтасқан қолға айналып, күтпеген жерден бетпе-бет кеп, тырп еткізбей, бірден шаужайдан алған ереуілді көрген емес. «Бұл тілектерін берсем, ертең бұдан да көбін сұрайды ғой, басынып кетулері ғажап емес қой,— деді ол бір сәт. Бірақ бермеуге қорықты.— Дәл қазір, хан болмай жатып бұлармен айқасуым өн болмас, соңынан көрермін» — деді.

— Болсын! — деді Берке.— Ал үшінші тілектерің қандай?

— Үшінші тілегіміз: құлдың да, есірейдің де, жалпы қара халықтың балаларына медреседе оқуға рұқсат етілсін.

Беркеге бұл сұрақ ауыр тиді. Шыңғыс хан монғол мемлекетін құрғаннан кейін ұйғыр емлесімен монғолдың әліппесін жасатқан. Ал бұл монғол әріптерімен тек Шыңғыс ханның тарихы, хан ұрпақтарының өмірі, тілек - тіршілігі жазылып, алтын кітап боп, келешек ұрпақтары үшін алтын сандықтың түбінде көздің қарашығындай сақталуға тиісті еді. Бұл емлемен тек хан тұқымы, Шыңғыс тұқымы ғана пайдалана алуға қақы бар болатын. Ал мына ақымақ импрам, хан тұқымыңдай өздеріне сауатты болуды тілеп тұр. Қысқасы, хан мен қара бірдей түспек. Бұдан артық қорлықты кім көрген.

— Жоқ болмайды! — деді Берке.

Жұрт лықсып таяй түсті.

Жалаңаш қылышты аттылар да дайындала қалды.

— Неге? — деді көк сәлделі кісі.

Енді ханның аузынан «жоқ, болмайды» деген сөз қайтадан шығуы керек. Ал ар жағында...

Берке қайтадан жұртқа қарады. Олардың қолдарындағы оттың қызыл жалыны ашулы көздеріне түсіп, қарашықтары қып-қызыл шоқ атып, түрлері қаһарлана қалған екен.

— Жарайды, бұ да болсын,— деді Берке.— Ертең кешке өзің ғибадатханаға кел, бүгінгі уәдеміздің бәрін қағаз бетіне түсіреміз.

Ызалы хан астындағы атын қамшысымен тартып жіберіп, алға қарай ұмтылды. Көк сәлделі ат бауырының астына қалмайын дегендей сәл шегінді.

Ертеңіне әлгі көк сәлделі кісі Берке тоқтаған ғибадатханаға жалғыз келген.

Сол түні-ақ ереуілге шыққан жұрт тарап кеткен. Ханның сөзіне сеніп лаулаған ашулары су сепкендей басылған.

— Жалғыз барма, ханға сену қасқырға сенумен бірдей, зақым істеп жүрмесін,—деген жолдастарының сөзіне көк сөлделі адам:

— Зақым етсе маған ғана етер, өзгелерің аман қалыңдар, басталған істі аяқтаңдар, ал мен өз міндетімді атқардым, енді қорқар жайым жоқ,— деп ешкімге көнбей жалғыз кеткен.

Ол әбден езіліп, тапталып қалған халықты ереуілге көтерудің қандай қиын екенін білетін. Халық, тыныш жатқан дария тәрізді, оның суы тасып тулайтын кезі — көктемі, не дауылды күні болады деп ойлаған ол. Сол күннің бірі Мауараннахр жұрты жек көріп қалған Шыңғыс ұрпағынан шыққан Алтын Орда ханының келген күні еді. Ал ол күн өтті, азғантай болса да ханнан сұрағандарын алды, содан ет қызулары, хан ашулары басылды және әбден соққы жеп қалған жұрт кеше ханның жалаңаш қылышты, көк найзалы көп әскерімен келгенін көрді, енді оны кешегідей ереуілге көтере алмайтынын білді көк сәлделі.

Дегенмен, ол бақытты еді. Ханға халық деген күш бар екенін, ал халыққа, бастары қосылып, қатар шыға алса кімді болса да қорқыта алатынын ұқтырды, Расында да, қырық жыл бойы қан-сөлін сорып, жер-суын таптап, үстемдік жүргізіп қалған көк сауытты жойқыншыларға қарсы тұру қара халыққа өте қиын дүние еді. Тіпті, мүмкін емес шаруа болатын. Соған қарамай халық тағы басын көтерді. Көп жылдан бері бұл алғашқы оянуы еді. Көк сәлделі адам енді өзін бақытты санады, жұрт ояна бастады. Менің ең үлкен тілегім орындалды.— деді. Және ол Беркенің кешеден бері өзін жан-жағынан аңдатып қойғанын жақсы ұққан, қашқан күнде де еш жаққа құтыла алмайтынын да түсінген. Сондықтан да көк сәлделі, не болса да өзім көрейін деп, ешкімді ертпей хан жайына жалғыз келген.

Берке де кешеден бері бұның кім екенін, қайдан жүрген жан екенін біліп алған.

— Сен христиансың ба? — деді хан анау үйге кіргеннен оған отыр демей.

Хан күйі кешегіден мүлдем өзгерген. Көзінде кешегідей абыржығандық, ызаланғандық ұшқыны жоқ. Даусы да дірілдемейді, әдеттегісіндей сабырлы. Әрине, Берке қазір күш өз жағында екенін жақсы біледі. Хан жатқан ғибадатхананы, аландарды, бәрін - бәрін тегіс Алтын Ордадан келген жауынгерлермен қала даруғашысының лашқарлары жайлап қалғаны бұған да белгілі. Ереуіл түгіл, бейсауат бірде-бір адамның жүруіне де рұқсат жоқ екенінен де хабардар.

— Жоқ, адаммын,— деді көк сәлделі.

— Әлде мұсылмансың ба? — деді Берке, қолындағы меруерт тәспісін сырт-сырт жүргізіп.

— Жоқ, адаммын.

— Жарайды, адам-ақ бола ғой,— деді Берке. Алыс жолдан келген хан әбден тынығып қалған екен, сөйлескісі келмей отырғаны түрінен көрініп тұр.— Сен кеше «хандар құдай емес» — дедің. Құдайды аузыңа алдың. Соныңа қарағанда құдайдың бар екеніне сенесің ғой?

— Иә, бар. Құдайдың шын аты — Шындық.

Берке «сөзің қызық екен» — дегендей езу тартты. Жұқа ерні қос сызықтай жіп-жіңішке бола қалды.

— Сенің ол шындық құдайың қайда?

— Қаймақ сүттің он бойында болады. Сондай-ақ шындық көкте де, жерде де, менде де, мынада да бар,— ол есік алдында найзасын кезеніп тұрған күзетшіні көрсетті. Ал сенде...

Беркенің таласқысы келіп кетті.

— Менің шындығым күшімде,— деді ол,— және дінімде.

— Сонда сіз кімсіз? Хансыз ба, әлде құдайсыз ба?

— Жоқ, жердегі құдай тек Мұхамед пайғамбар ғана болған. Мен оның жолын қорғаушы үмбеті, және найзагерімін.

Көк сәлделі де езу тартты. Енді оның сұлу мұртының астынан маржандай тізілген үлкен аппақ тістері көрінді. Кісі шынында да келбетті еді. Оның қара торы жүзінде бір мысқылдың белгісі пайда болды.

— Егер бұл айтып тұрғаныңыз рас болса,— деді ол.— Мұхамедтен күштірек Иса мен Мұса секілді әулиелердің біреуін неге таңдамадыңыз? Болса да өзіңіз жол салмай, өзгелердің жолын қуады екенсіз, таңдап алмайсыз ба?

Беркенің тәспісі тарсылдай жүгірді.

— Мұхамед пайғамбардан еш әулие күшті емес,— деді ол.— Иса құдайдың рухынан туған, ал Мұхамед құдайдың жерге жіберген өз уәкілі, данышпаны. Ал, Мұса Мұхамед пайғамбардың ағасы. О да пайғамбар. Мұса келе жатқанда алдындағы теңіз кейін шегінген. Иса — өлген адамды қайта тірілте алатын. Ал Мұхамед құдайға құлшылық ұрып тұрған жердің тау-тасы, жар - шыңы, алла-тағаланың әулие ұлын көрсін деп біржолата жоқ болып кеткен. Мұхамед ең соңғы пайғамбар. Одан ешкім де күшті болуға тиісті емес.

— О да мүмкін,— деді миығынан күліп көк сәлделі.— Иса күшті болса, қарсы адамдары екі қолынан шегелеп, крест ағашына тартып қоймас еді.

— Сенің өзің сәлде салсаң да «құран» мен «інжілді» оқымаған екенсің ғой,— деді Берке. Енді оның көңіл күйін көрсететін тәспісі ойнай жүгірді.— Кресте тартылып тұрған тіпті Иса пайғамбар емес, бөтен адам.

Көк сәлделі тағы күлді.

— Қойыңызшы!

Берке көңілдене түсті. Діни әңгіме, діни талас оның делебесін қоздырып жіберетін.

— Ол былай болған,— деді Берке тәспісін енді баяу қозғап,— жер бетінде көрсеткен кереметтері үшін кәпірлер Иса пайғамбарды құдай санаған. Ал мұны көре алмаған Мұса пайғамбардың жақтаушы жәйіттері Исаны ұстап қинап, екі қолын екі жаққа тартып, крестке қағып қоймақшы болған. Осындай жауларынан қашып жүрген Иса пайғамбар бір үйге кірген. Жәйіттердің келіп қалғанын сезіп, Иса пайғамбар көкке ұшып кеткен. Үйге кірген жәйіттер барлық жерді тінтіп осында отырған Иса әулиеге ұқсаған бір адамды ұстап алған. Сен Исасың деп барлық жәйіттер жабылып таспен шөкелеп өлтіріп денесін крестке қағып қойған.

Көк сәлделі тағы күлді.

— Қысқасы, Иса пайғамбар өзінің орнына жазығы жоқ бөтен адамды ұстап берген екен ғой! Әрине, күшті болған соң не істесе де қолынан келеді де. Сол екен ғой ойына келгенін істеп, Иса пайғамбардың шарап ішіп жүргені...

— Жоқ, ол шарапты білмей ішкен,— деді Берке. Қолындағы тәспісі қайтадан жүгіре жөнелді.— Иса пайғамбар Ирусалимге бара жатқан жолында, шөлдеген соң бір жүзім бауына кіреді. Су іздегі, бауды аралап келе жатып, балшықтан жасалған құмыраны көреді. Қақпағын ашып қараса, ішінде су бар екен. Жанында тұрған ожауды алып, әлгі суды ішеді. Бірақ су тым қышқылтым екен. Иса пайғамбар құмырадан суың неге қышқылтым, тіпті ішуге де келмейді ғой, деп сұрайды. Тіл бітіп, Иса пайғамбарға аң да, жансыз зат та жауап беретін әдеті, құмыра: «Біреу кішкентай инені ұрлап алып, бір бақыр тиынға сатыпты. Иемнің мені базардан аларда төлеген ақшасының ішінде әлгі бақыр тиын да бар екен. Соның қырсығынан менің суым да ашқылтым татитын болды» депті. Көрдің бе кішкентай ғана инені ұрлаған болмашы күнәнің қандай үлкен қылмысқа айналғанын? Осыдан барып Мұхамед пайғамбардың да өзінің үмбетіне бір - біріңе жамандық істемеңдер, арақ-шарап ішпеңдер, біреудің затын ұрламаңдар, байың кедейлеріңді аяңдар, қиянат етпеңдер деп өсиет қалдырғаны. Осылай деп құранның бесінші сүресінде айтқан.

— Сол екен ғой, сіздің кешегі біздің өтініштерімізді қабылдағаныңыз? — деді көк сәлделі.— Мұхамед пайғамбардың адал үмбеті екеніңізді ақтадыңыз.

Тәспі кенет тоқтай қалды.

— Жоқ мен сендерге еш уәде берген жоқпын,— деді Берке.

— Қалай?! Осыншама адамды қайда қоясыз. Олар куә ғой.

— Қайдағы адам? Кешегі қалың топты айтасың ба? Олар адам емес, құл, импрам! — Берке кенет қалш-қалш етті. Тым қатты ашуланғанда ұстайтын қоян - шығы таяу қалды.— Және құранда айтылған зорлап, қорқытып көндірген уәде уәде емес деп.

— Ә, солай дейсіз бе? Әйтеуір қорыққаныңызды, сіздейлерді тәубесіне келтіретін халық бар екенін мойындайсыз ғой? Өзім де білгем, сіздің бүгін сөзден тайып кететініңізді. Бірақ сізге, кешегі өзіңізді қорқытқан халықтың әлі де бар екенін ескертуге әдейі келдім. Ол сізді әлі де болса, қорқыта алады, дегенін істемесеңіз күшпен, қарумен істетеді, байқаңыз.

Тәспі енді қайтадан баяу жүре бастады.

— Онысын тағы көріп алармыз, ал әзірше.— Берке алдында тұрған күміс қоңырауды қақты. Жайшылықта сылдырай шығатын қоңырау даусы үй ішін бұл жолы бір қорқынышты, қауіпті үнге толтырып жіберді, өзінің жеке басын бақылаушы жүзбасы төлеңгіттердің бастығы Сәлімгерей кірді, Берке оған көк сәлделіні көрсетіп:

— Мына кісінің кеше қалада бүліншілік ұйымдастырып, қалың импрамды Алтын Орда тағына қарсы қоймақшы болғаны үшін өлім жазасына бұйырамын,—деді,— ғибадатханада кісі өлтіруге болмайды, мұны жұртқа көрсетпей, қала сыртына шығарып өлтіріңдер де, бүгінгі әңгімеміз есте қалу үшін ана қолындағы шақшасын маған әкеп беріңдер.

Көк сәлделі бір-екі рет насыбай атқанда, белбеуіндегі кісесінен алған киік мүйізінен істеген шақшасына көзі түскен. Шақша керемет көркем көрінген. «Берші қарайын» деуге хандық менмендігі жібермеген. Дүниеқор, түйсіксіз хан, енді міне, «бұл болса да өледі, ал мынау, керемет шақша басқа біреуге кетеді ғой» деп қимай, өзіме әкеп бер деп бұйрық беріп отыр.

Сәлімгерей жүзбасы үн-түнсіз кейін бұрылған көк сәлделіні, қылышын қынабынан шығарып, алдына сап сыртқа алып кетті.

— Тағы кім бар? — деді Берке, жаңағы біреуді өлтір деп берген бұйрығын жай нәрседей көріп екі беті бүлк етпей.

Үйге ақ сәлделі кісілер кірді. Бұлар Самарқандтан келген мұсылмандар екен. Кірісімен малдастарын құрып отыра қалып, семізше келген қызыл шырайлысы әдемі қоңырқай дауыспен құранды әндете жөнелді. Ол құранды оқып болған соң, Берке үшеуі «Әмин!» деп қолдарымен беттерін сипады.

Тағы семіз қызыл шырайлысы:

— Алтын Орданың мәртебелі ханы, бір жылдың ішінде Сартақ хан мен Ұлақшы хандай екі бірдей арысың дүние салды. Топырақтары торқа болсын, соған көңіл айта келдік. Және...

Берке қайтадан бетін сипады.

— Айтқандарың келсін. Бізге де жеңіл тиген жоқ. Амал қанша, бауыры суық қара жер кімді алмаған. Иә, тағы не демексіңдер?

Енді сөзге денесі тарамыстай боп қатып қалған, тырбиған қара сұр кірісті.

— Ұлы мәртебелі Берке хан,— деді ол шиқылдаған жіңішке дауыспен,— Самарқандтағы мұсылман бауырларыңыз қазір шоқынғандардан таяқ жеуде. Көрмеген қорлығымыз қалмады. Жақында мұсылман дініне кірген өздерінің бір аяулы жасын отқа өртеп өлтірді. Қала даруғашысы да солардың сөзін сөйлейді. Бізге еш теңдік берер емес. Сіздің әділетті және мұсылман дініне қорған хан екеніңізді біліп, жәрдем сұрап келіп отырмыз. Көрінгенді талайтын мына құтырған иттей мазамызды алып бара жатқан кәпірлерден сақтай көріңіз.

Берке де кенет түксие қалды.

— Ол кәпірлерді ауыздықтауға өздеріңнің күштерің жетпей ме? — деді ол, сөзіне бір бөтен мағына беріп,— Самарқандта мұсылмандар да аз емес секілді еді ғой?..

— Әлбетте, мұсылмандар көп.— Қара сұр да хан ойына түсініп қалған тәрізді.— Бірақ бұған Алтын Орда қалай қарайды? Бұл күнге дейін бізді ешкім қоштап келмеген.

Қара сұрдың айтып отырғаны дұрыс еді.

Самарқандта христиан діні, монғолдар келместен бұрын, ерте кезден-ақ кірген. Саманид пен Қарахан ұрпақтарының дәуір сүрген кездерінде болған. Хорезмшах Мысыр халифтерінің күйреуі, мұсылман дініндегілерге оңай соққы болған жоқ. Оның үстіне Мауараннахрды жаулап алған Шыңғыс ұрпақтарының біразы христиан дінінде тәрбиеленген, ал дінде шаруасы жоқ таза монғолдар да бұл дінді өздерінің сыртқы жауы санаған. Осындай жағдайда Самарқанд тәрізді ежелгі қалада бұрыннан орын алып келген христиан діні қайтадан бас көтерген. Сегізінші ғасырдан Мауараннахрға қанат жайған мұсылман дінінен әбден қорлық көріп келген христиандар енді кешегі өздерін қуғындаушыларынан өштерін қайтармақ та болған. Осындайда христиан дініндегі бір жас жігіт, өз дінін тастап мешітке кіріп, қолына құран ұстап мұсылман болады. Христиандар «біздің балаларымызды азғырып мұсылмандар өз дініне кіргізіп жатыр» деп қала даруғашысына арыз айтқан. Даруғашы христиандарды жақтап, жігітті шақырып алып, «өз дініңе қайт» — дейді. Жасөспірім жігіт көнбейді. Ақыры, бұған ашуланған христиандар, бала жігітті бір түнде ұстап алып, қаланың ішіндегі тоғайға апарып өртеп жібереді. Самарқандтан келген мұриттердың айтып отырғандары осы еді.

Беркенің ойына түсінген қара сұр:

— Олар көп қой, біздің күшіміздің жетпеуі мүмкін ғой,— дейді.

— Оқасы жоқ; мен өздерінше киінген әскер беремін...

— Онда христиандардың шіркеулеріне жиналатын жексенбі күнінің бірін белгілеу керек.

«Әмин!» — деп екі мұрит шығып кеткен.

Берке енді Мұсабекті және басқа қаланың бекзадаларын шақырып алып, солардың көзінше Бұхардың тозуға айналған күн көрістері нашарлап, жүдеп кеткен медресе, мешіттеріндегі әйгілі оқымысты, ұлы үлемдеріне сонау Алтын Ордадан керуен тартып алып келген тарту-таралғысын үлестіруге кірісті.

Бүгінде түн тастай қараңғы. Сәлімгерей бір топ төлеңгіттермен бағанағы көк сәлделіні өлтіруге қала шетіне қарай айдап келеді. Ығы-жығы үйлерден көшпенді елдің жігіттері түгіл, шаһардың тұрғын адамының өзі адасып кетердей. Бірақ Сәлімгерей адасатын емес. Сонау cap далада жылқы бағып өскен қыпшақтың мына түлкінің ініндей бұрылыс, қағысы көп үйлерден адаспай келе жатқаны тіпті таң қаларлық жайт.

— Ал енді,— деді ол қасындағы жігіттеріне,— бұдан әрі аулалары араның ұясындай бірімен-бірі қабысып жататын өте тар көшелер басталады, көзге ілігіп қалуымыз мүмкін, сендер қайта беріңдер, бұл сабазды жалғыз өзім - ақ жайғастырып қайтармын.

Бұл кезде ай шығып, әлем сәл ағара түскен.

— Жарайды,— деді бір қара мұрттысы, айқыш-ұйқыш көшелерден бағанадан бері басы айналуға таяп келе жатқан, бірақ біз жолды қалай тауып қайтамыз.

Сәлімгерей күлді.

— Әне, анау күмбезді мешіттің жанына жетсеңдер, сол жерде күзетте біздің әскерлер тұр. Жолды солар көрсетеді.

«Құп» — деп жігіттер кейін қайтты.

Сәлімгерей жалғыз өзі көк сәлдені айдап кетті. Таусылуға айналған ай, туғандағысындай емес, тақа жарық бермей тұр. Әлем біткен қара көлеңкелеу. Аспандағы жұлдыздар өлеусіреп, құр жылтырайды.

Сәлімгерей көк сәлделіні айдап қаланың шетіне өтті. Анау қарайған тоғайға қарай беттеп келеді.

— Осыншама жер жүріп, неге әуре болу керек еді, Сәлімгерей,— деді бір кезде көк сөлделі,— әлгі толып жатқан тұтқын құжырлардың бірінде өлтіре салмадыңдар ма?

— Сен белгілі үлемсің Тамдам, құжырада өлтірсек, біреу болмаса біреу біліп қалуы мүмкін. Артынан сөз болып жүреді. Хан, сенің көзің бір жолата өшсін, қайда кеткенін, қалай өлгенін ешкім білмесін, қаладан шығарып жоқ етіңдер деді.

— О да дұрыс екен.

Көк сәлделі біраздан кейін қайтадан сөйледі.

— Мұхамед Тарабидың екі жас бөрісі, бірін-бірі осылай өлтіреді деп кім ойлаған?

Сәлімгерей жауап берудің орнына:

— Содан бері қайда болдың? — деп сұрады.

— Бағдатқа қашқам. Оған да монғолдар жетті ғой. Және мұнда қалған өшім маза бермей, қайта оралдым.

— Иә, сен кітап оқып, шариғат танып үлем болыпсың... Ал мен қыпшақ даласына қаштым. Сар далада кімнің кім екенін жұрт қайдан біліп жатыр, алдыменен жай жылқышы, содан жүзбасшысына жеттім, міне, қазір ханның өзін қорғайтын төлеңгіттердің жүзбасшысымын.

— Еңбегің сіңген-ақ екен! Қанша бауырларыңды қырдың?

— Мен бе? Жоқ, бекер олай ойлайсың... Әзірге қолым таза... Қандалатын да күні болар... Бірақ кімнің қаныменен боялады, міне, әңгіме қайда...

Бұлар тоғайдың шетіне жетті.

— Мен бұдан әрі бармаймын,— деді кенет Сәлімгерей.— Осы жер жетеді. Ал қош бол! Мынаны қалтаңа сал, керек болады. Шамаң келсе, алысқа қаш...

— Мен сені...

— Өз серігің өзі жейтін қасқыр болып кетті деп пе ең? Жоқ, Тамдам, сені мен маған өйтуге болмайды. Шыңғыс хан ұрпақтарының мойнында әлі қанша қыпшақ пен ұйғырдың қаны бар... Жоқ, біздерге тіпті өйтуге болмайды. Ал қош бол,— деп Сәлімгерей кейін бұрылды.

— Әй, тоқта,— деді Тамдам,— ханыңа, ең болмаса менің шақшамды ала бар, өлтіргеніңе сенбей жүрер... Бағдатта бір қыпшақ ұлы істеп берген. Ол керемет жақсы адам еді, амал жоқ, ханыңа бердім.

Сәлімгерей қайта оралды. Екеуі құшақтасып сәл тұрды да, әзер айырылды.

Тамдам қалың тоғайға кірді де жоқ болып кетті. Сәлімгерей айлы түнде оюлы шақшаға қарап, сонау алыстағы Бағдатқа Қыпшақтың құл жігітінің туған еліне жолдаған сәлемін оқып тұрғандай сәл күрсінді де кейін қарай асыға жүре берді.

Бір апта өтпей Самарқанд шіркеулерінде шоқынып жатқан христиандардың бірін қалдырмай, мұсылмандар қырып тастапты деген суық хабар дүңк ете қалды. Жаман сөз желден де жүйрік, заматта бүкіл әлемді шарлап өтті. Бұл хабар Мысыр, Бағдат, Шамға да жетті. Бұған кейбір қаныпезер емес мұсылмандар қайғырды. Шығыста мұсылман дінінің жаңа қорғаншысы шықты деп Мысыр халифы өз иығындағы шапанын Беркеге кигізуге сырлы қобдишасына салып, Алтын Ордаға елшісін дайындай бастады.

Тек қана Берке ғана үндемеді. «Бұл менің ең алғашқы діни аттанысым,— деді ол ішінен, бұдан әрі қалай дамиды, қалай өршиді, өлі белгісіз ғой, шыдай тұрайын».

Бұл арада тағы бір жеті болып, Бұхарадан Берке әскерін шұбыртып алыстағы Ақ Еділге қайтты. Бірақ ол сапарым оң болды деп көңілі қайтқан жоқ. Мұнда Берке хан ұрпақтарымен, басқа көп бекзадалармен әңгімелескен-ді. Көзімен көрмеген нәрселерді жүрегімен сезген. Ол Мауараннахр, Хорасан, Хорезм, Шығыс Түркістандарда Қарақорым мен Алтын Ордаға қарсы жаңа ағымдар туып қалғанын байқаған. Және бұл ағымдардың күшті ағымдар екенін де ұққан. Алтын Орда ханының Бұхарадан көңілсіз қайтуының басты себебі осында еді.

Қарақорым мен Алтын Ордаға қарсы болу деген сөз, Жошы мен Төленің ұрпағына қарсы болу деген ұғым еді. Бату жағы жеңіп Мөңке Ұлы хан болудан Шыңғыс ұрпақтарының өз алдына бақталастарынан басқа, Үгедей мен Жағатайдың бала, немерелеріне деген туысқандық араздықтары да күшті еді. Шыңғыс ханның жасысы және жарлығы бойынша егер Ұлы хан тұқымынан біреу қылмыс, не күнә істейтін болса, оны бүкіл Шыңғыс ұрпағы боп қарап, үкім шығаруға тиісті болатын. Осыған қарамай Үгедейдің ұрпақтары ешбір сотсыз, үкімсіз Шыңғыс ханның ең кіші қызы Алтынгүл ханымды өз беттерімен өлтірген. Оның үстіне Ұлы ханға Шыңғыс ханның өзге ұрпақтарының ұйғарымы бойынша, Үгедейдің шаңырақ иесі — кіші ұлы Ширамғұн сайлануға тиісті еді, ал Үгедей мен Жағатай ұрпақтары Күйікті Ұлы хан еткен.

Ал Бату Мөңкені Ұлы хан көтергенде, Үгедей мен Жағатай ұрпақтары қарсы шыққан. Бірақ бөрі бірдей емес, Мөңкеге Күйік Қара Құлағудың Жағатай ұлысын алып берген, бұған осы ұлыстың басы, Жағатайдың туған баласы Есу Мөңке қарсы тұрса, Күйікке наразы, Жағатайдың немересі, баласы Мүтігеннен туған Қара Құлағу Мөңкені жақтаған. Сондай-ақ Үгедейдің баласы Қадан мен Құтаннан туған немерелері де Мөңке жағына шыққан. Мүнкәсәр — ноян жорғаушы болған доңыз, яғни 1251 жылғы оқиғада Мөңке өзіне қарсы шыққандардан өшін алған. Тек Ширамғұнға және Жағатай мен Үгедей ұрпақтарының кейбіреулеріне кешірім істелген. Бірақ үш жылдан кейін Мөңке Ширамғұнды суға тұншықтыртып өлтірткен. Ал Ширамғұнның шешесі Барақшын қатын мен Күйіктің жесірі Оғыл-Ғаймашты, Төленің қатыны Сүйрікүктені-бикенің Ордасында соттаттырған. Екеуі бірдей өлім жазасына бұйырылған. Жағатай ұлысының билігін Мөңке Қара Құлағуға алып берген. Үнемі Есу Мөңке мас болып жүріп, күйеуінің орнына ұлысты басқарып келген Есу Мөңкенің әйелі Тоқаши қатынды Қара Құлағу жылқыларына бастыртып өлтірген.

Берке шығыс өлкелерін аралап астанасына келгеннен кейін атағы аспандағы Мөңке де дүние салды. Егер Күйікті хан көтерген тойға қырық мың кісі жиналып, екі мың ақ шатыр көтерілсе, Мөңке өлгенде жұрт одан кем жиналмаған. Тірісінде өштескендер сүйегін балағаттап жүрмесін деп, тек Мөңкенің денесінің қайда жатқанын білетін, оның жерлеуіне қатысқан екі мың жазығы жоқ жай адамдарды Жошы мен Төленің ұрпағы қырып тастаған. Мөңкенің зиратын тіпті ешкім таба алмасын деп үстінен он мың жылқы өткізген. Ұлы ханның тірісінде істеген қиянаттарынан, өзгелер өлгенде өшін алып жүре ме деп үрім-бұтағы қорыққан.

Үгедейдің дүние салғаны Шыңғыс ұрпағының жік-жік болып, бірінен-бірінің бөлінуіне жол ашты десек, Мөңкенің өлімі Шыңғыс хан ұлы патшалығының бөлшектенуінің басы болды.

Осы бөлшектенудің басталуы Шыңғыс хан патшалығында бұрын кездеспеген оқиға — мешін, яғни 1260 жылы екі Ұлы хан сайлануы еді. Төленің екінші баласы Құбылай — Қытайда, Төленің шаңырақ иесі, кенжесі Арық Бұғы — Қарақорымда таққа отырды. Бұл кезде Төленің жесірі Сүйріктүктені бегім Арық Бұғының ордасында болатын.

Дүниеде екі қошқардың басы бір қазанға сыйған ба, әсіресе бұл екі бас Шыңғыс хан қошқарларының басы болса, тіпті қиын-ды. Енді тартыс Құбылай мен Арық Бұғы арасында басталды. Бұл екеуі сайланған Құрылтайға Шыңғыс ұрпағының ең үлкен және беделді хандары Құлағу мен Берке келмей қалған. Соған қарамай бұлар да тыныш жатпаған. Әрине, Құлағуды қоршаған, мұсылман дініне аттаныс ұйымдастырмақшы кілең нәсірәни дініндегі адамдар болғандықтан, ол Арық Бұғыны жақтауы керек еді, бірақ Бейбарыс мамлюктерінің бұның әскерін жеңіп, Шамға қайтадан шабуылға шығуы және осы кезде илхан үстемдігіне қарсы Грузияның патшасы Үлкен Давидтың көтерілісі Құлағудың бар ойын шығысқа емес, өзінің батыс шекарасына аударды.

Құлағу грузиндердің көтерілісін ойсырата жеңді. Бұл Бату кезінен Грузия жерін өзімдікі деп санаған Алтын Орда мен екеуінің арасында жанжал туғызды. Және Әзербайжанды да өз иелігі санаған Алтын Орда ханы, енді Құлағуға өшіге түсті. Оның үстіне, Құлағуды қоршаған насырәни дініндегі адамдар Беркенің Бағдаттағы бірнеше Жошы ұрпағынан шыққан жақындарын у беріп өлтіреді. Ал Құлағу христиан дінін жақтайтын болса, Берке жасқанғандығынан, амалсыз, Арық Бұғыны емес, Құбылайды қолдады...

Ал жатса-тұрса Қарақорымға қайтсем қарамағымдағы елден жиналған қазына-қаражатты бермеймін деген Берке ең алдымен алыстағы Құбылайды жақтамақ болды. Бірақ Құбылайдың күшейіп бара жатқанын көріп, кенет Арық Бұғы жағына көшті. Берке бұл екеуіне де құр тілмен болмаса, тікелей жәрдем берген жоқ. Бар ойы осы талас-тартыстан қайтсем пайда табам, қалай өз атымды, Алтын Орда атын күшейтем деп екі жағына бірдей тұнжырай қарады.

Еділ жағасындағы Ақтөбе өңіріне Берке салдырып жатқан Сарай шаһары бұл кезде әлі үлкен емес еді. Алтын Орда ханы Орда астанасын Сарай Батуда болғанымен жылдың біраз мезгілін өз шаһарында өткізетін. Сол себептен, мұнда өзіне арнап, қырқа үстіне хан сарайын тұрғыза бастаған. Ақ қышпен қаланған қатар көтерілген салтанатты аппақ екі үй жан-жағынан қоршаған биік қорған қабырғасынан көп жоғары көтерілген-ді. Бұл екі үй бітіп қалған. Бірі — Ордадан келіп дем алатын хан сарайы. Екіншісі — әйелдеріне арналған іші толған жиһаз, мүлік жатақ жайы. Қаланың ені бір шақырымдай ғана, тек ұзындығы төрт шақырымға созылып кеткен. Жаңадан салына бастаған хан сарайының жан-жағынан ор қазылып, оның да ішін ғанча аралас қышпен қалаған. Қазір жүздеген араб, фарсы шеберлері хан сарайының сыртын өрнектеп жатыр. Мәрмәр тасқа құран аяттары, «Сал-сал», «Зарқұм», «Шәкір-шүкірет», «Хасан-Хұсайын» тәрізді араб пен фарсының атақты дастандарынан өлең үзінділері ойылып жазылған. Әдеміленіп ойылған ақ, көгілдір тартқан араб әріптерінің іздері де бір ғажайып өрнектер тәрізді. Осы хан сарайынан төмендеу шаһардың дәл ортасына Коломон шебер тұрғызып жатқан мешіт. Берке Алтын Орда тағына отырысымен басталған бұл құрылыс әлі күнге тек орта тұсына дейін көтерілген. Коломон шебер тіпті асығатын емес. Бірақ сол көтерілген тұсының өзі бір керемет. Коломон мешіттің сыртын салынып болған соң ғана әшекейлемей, бірден жер бетінен көтерілген қабырғаларын сан түрлі сырмен, оюланған ғанча, мәрмәрмен әдемілеп келеді. Бұған шыны тәрізді көгілдір Армения тауының тасы да пайдаланылған. Самарқандтың атақты көгілдір бояуы — лазурь да жұмсалған. Мешіттің қабырғасы фарсының кілеміндей. Коломон бұл қабырғаларды алғашқы кезде Шыңғыс ханның, Батудың жер шарын билеп алуға аттанған жорықтарының суреттерін бермек болған. Бірақ оған мұсылман дініндегі Берке көнбеген. Мұхамед пайғамбардың хадисы бойынша мұсылман дініндегі жұрт Иса, Мұса пайғамбардың үмбеттеріндей, адам, құдай, әулие суреттерін салуға тиісті емес. Амал жоқ, Коломон қабырғаларға өрнек түсіруге кіріскен. ІІІебер суреткер бұл өрнектің де шешімдерін тапқан. Сондықтан мешіт қабырғасы, мұсылманның атақты шаһарларындағы мешіттердей емес, тамаша өз бояу, өз өрнегімен әшекейленгенді.

Берке енді осы ғажайып ғибадатханасының жоғарғы жағының тез бітуін асыға күтті. Әлемнің тең жартысын билеп тұрған Алты Ордаға лайық қызғылт алтын күмбезді, алыстан алауланған ғажайып мешітін көруге құмартты. Бірақ Коломон тіпті саспады. Мешітті тезірек бітіріп, ол еліне қайтқысы келмей ме? Әлде... Әлде... Беркенің оны еліне жібермейтінін іші сезе ме, сондықтан құлдықта болса да жер басып жүре тұрайын дей ме? Жоқ, жоқ, қайткенмен Коломонға бұл мешітті тезірек бітіртуі керек. Мешіттің бар сәні, ханның басына киген тәжі тәрізді, жоғарғы жағында ғой. Ол қандай болмақ? Атақты шебер қандай шешім тапты? Ал Беркенің бар білетіні мешіт күмбезінің тек саф алтынмен жабылуы ғана ғой. Сол үшін де ол тоналған жұрттың қазына-мүлкі тығылған жер астындағы хан қоймасынан, алты батпан сом алтын жіберткен. Ал Коломон мешіттің қалай болатынын біткен соң көресіз деген де қойған. Демек, бітірмей қойса қайтеді? Бөтен шебер дәл осы румдықтай істей ала ма?

Ал Коломон мешітті тез бітіруге өзі де асығулы еді. Қандай шебер өзінің қанатты ойларын, жүрегінен туған дүниесін тезірек көруге құмар болмайды? Бірақ Коломонды қазір басқа құмарлық жеңген. Оны Алтын Орда ханы қайдан білсін.

Хан әлі бұрынғы ұлыс иесі кезіндегі үйіне келіп түскен. Ол бүгін әдеттегісінен ерте тұрды. Жанына екі нөкерін ертіп, айналыстағы керуен сарайына қарай беттеді. Жаңа салынып жатқан ханның сарайына Исфағаннан арнаулы үлкен көш келген. Осындай керуен Үстірт пен Қыпшақ даласы арқылы Хорезмнен де шығуға тиісті еді, бірақ Қыпшақ даласы қауіпті болған соң, осы бір жеті бұрын, жүкті ханның сенімді ата - бектері Құлзым теңізі арқылы кемемен жіберіпті. Кеме Еділ өзенінің бойымен жоғары көтеріліп, заттар осы Ақтөбенің дәл қасына әкеліп түсірілмек.

Берке Керуен - сарайдағы Ираннан келген дүние - мүлкіне өте риза болып қалды. Мұнда Ираннан бүкіл әлемге аян, түгі екі елі ғажайып сәнді кілемдер мен неше түрлі фаянс ыдыс-аяқтары бар екен. Кесе ыдыс-аяқтарына тек фарсы елінің өмірінен алынған көріністерімен ғана емес, Беркенің өтініші бойынша, Алтын Орда көшпенді елдерінің өрнек, оюларымен де безендірілген. Шыны аяқтардың ернеуіне алтынмен Мұхамед пайғамбардың өсиеттері, құран сөздері мен фарсының ұлы ақындарының өлеңдері жазылған. Керуен басы ханға арнап Исфаған болатынан алтын сапты қанжар жасатып әкеліпті.

Берке қынабынан асыл тастармен безенген қанжарды суырып алып, оның қылшылдаған жүзін тырнағының сыртына тигізіп көрді. Қанжар керемет ұнады. Сөйтсе де:

— Қанжар, ұрланып келіп кісі өлтіретін ұры-қарылардың қаруы,— деді,— маған одан да алдаспан әкелгенің жөн болатын еді ғой.

Ханның кісіні қалай өлтіретініне қанық керуен басы:

— Хан ием, оны да әкелдім,— деді.

Шынында да бұл алдаспан Алтын Орданың бір батырының тапсырмасы еді, ханға берсе қанша ақша жоғалтатынын заматта есіне түсірген керуен басы, бұл сөздің аузынан қалай шығып кеткенін байқамай қалған.

— Жақсы,— деді Берке, қанжарыңды да, алдаспаныңды да орда мүлазиміне өзің әкеп берерсің.

Ираннан келген қазына, дүниеге риза болған хан Керуен сарайдан шыға берді.

Жоқ жерден қыруар ақшаға түскен қанжары мен алдаспанын босқа беріп, керуен басы өкініп қала берді. Жай адамға берген сыйлықтың құны қайтатын. Ал ханға берген сыйлықтың құны көбіне қайтпайтынын ол жақсы білетін.

...Берке қала сыртындағы қамысты көлге беттеді. Онда асыранды қос аққуы бар, келген сайын күнде таңертең осы құстарды көріп қайту бұның әдеті. Осы аққу құс ханның бір осал жері. Адамды да, аңды да аяуды білмейтін Алтын Орда ханы, асыранды осы қос аққуға үнемі жаны ашып тұрады. Көл жағасына барып оларды көрген сайын бір жасап қалады. Дүниеде ешкімді жаратпаған хан бұл құстарды жанындай жақсы көреді. Қыс түссе оларды әдейі арналған жылы жерде ұстайды, жаз шыға айдын көлге жіберіп, сыртынан бақылаушы қояды. Бұл аққу құстарды атпақ түгіл, біреу-міреу көлде жүргенінде шошытатын, үркітетін болса, ондай адамды хан аямай дүрелетеді. Бір жылы, күзді күні, күтпеген жерден қарлы суық түскен. Ал мұндай суықты күтпеген бақылаушы бала үйіне кетіп қалған. Көл үстінде, қалың қамыстың арасына қонақтайтын қос аққу мұз боп қатуға айналған сумен бірге қата бастайды. Күндегі әдетінше көл жағасына күн шықпай келген Берке, мұздан босана алмай, шала-жансар жатқан аққуларының үстінен шығады. Жанындағы екі күзетшісін тырдай жалаңаш шешіндіріп, мұздай суға түсіріп, екі аққуды алып шықтырады. Әлгі екі бишараның киімдеріне орап, өздерін жалаңаш қалпында аққуларды көтертіп Ордасына алып келеді. Жылы үйге кіргеннен кейін, көп кешікпей аққуларға әл бітеді. Хан өз қолымен жем беріп, оларға арнап үй тіккізіп, кіргізеді. Ал түнде суықтың түсерін білмеген, бақылаушы жетім баланы нөкерлеріне сабатып өлтіреді.

Иә, ол кезде Берке он бірде еді. Атасы Шыңғыс хан қытайдың бір қаласын шапқанда, немересі Беркеге осы асыранды екі аққу құсты алып келген. Ол кезде бұлар да жас еді. Балапан еді. Ұлы атасы, «бұлар киелі құстар, сенің де киең болады, ешкімге тигізбей асыра», деген.

Содан бері Берке бұл екі құсты асырап келеді. Ата сөзіне сенген, киелі көреді. Жорыққа аттанарда арнаулы кісіге тапсырады. Жорықтан қайтқанда сол кісінің қолынан алады. Ешкімге ештеңе төлеп үйренбеген хан баласы, киесі ұрады деп құстарын баққан адамға тиісті тиынын мүдірмей төлеп тұрады. Аққуды алып келген атасы Шыңғыс хан де әлдеқашан өлген. Атасы түгіл әкесі Жошы да дүние салғалы не заман. Өзі болса, қазір бұ да елуге келіп қалды, ал ерлі-зайыпты екі аққу, бәз-баяғы қалыптарында ғой көл бетінде әндерін қоңырқай дауыстарымен сыңси салып, көңілдің күйін қозғайды. Берке бұл екі аққуды шын киелі санаған. Дегенмен, осы екі құстың мұншама ұзақ жасағанына таң қалатын.

Ол бір күні бір құсбегі қарттан сұраған:

— Аққу қанша жасайды? — деген Берке.

— Жүз жетпіс, жүз сексен,— деген құсбегі қарт.

— Бүркіт ше?

— Әрі кетсе, жетпіс, сексен.

Берке не дерін білмеген.

— Әлді бүркіт неге әлсіз аққудан аз жасайды? — деп сұраған.

— Бүркіт құстың қасқыры ғой, күші жеткенінің етін жейді, жауыздықты сүйеді. Ал аққу гүл шашағымен және қамысты көлдің таза, биязы шөбімен қоректенеді, сұлулықты жақсы көреді. Бүркіт шомылмайды, ал аққу шомыла алмаған күні, суды сағынып өле жаздайды.

Қарттың сөзі Беркеге ұнамаған. Сөйтсе де ол:

— Аққу неден өледі? — деп сұраған.

Қарт ойлана жауап берген.

— Адамның, құс пен аңның зорлығынан, не қайғыдан.

— Қайдағы қайғы?

— Әлде сен білмейтін бе едің? — деген қарт.— Аққу құс жалғыз өмір сүре алмайды, көлде де жалғыз жүре алмайды. Аққудың осындай асылдығы жайында халықта мынандай өлеңі бар.— Шал қырылдаған даусымен сол өлеңді айтып берген.

«Аққу құс ұзақ жасар көлде жүрсе,
Қызығын жұбайымен бірге көрсе.
Бишара тез қартаяр шерменде боп,
Өзінен серігі егер бұрын өлсе».

Бір ғажабы, осы қос аққу Беркемен қырық бес жылдай таныс боп, жас күндерінде оның қолынан талай жем жесе де, үнемі бұны көргенде үркіп, қасына жақын келмеуге тырысатын. Берке бұған түсінбесе де, көл басына барып, аққуларын тірі екенін бір көріп қайтса, көңілі көншіп, рақаттанып қалатын. «Аққуларым тірі екен, мен де тірі боламын» дейтін ол баяғы атасы Шыңғыс ханның «бұлар сенің киең» деген сөзін есінен шығармай.

Берке қос аққуын, шынында да, жанындай жақсы көретін. Әрине, Беркесынды адам баласын аяуды білмейтін тас жүрек, қатыгез кісінің даланың асыранды құсын осыншама қастерлей, жақсы көруіне не себеп? Мүмкін сымбатты, сұлу құстардың сыңсып салған әндері, оның ұмытылып кеткен табиғи тәтті бір сезімдерін қозғайтын шығар? Мүмкін өмір-бақи қан төгіс, алыс-жұлыста өткен Беркеге айдын көлде қаннен-қаперсіз жүзіп жүрген қос аққу, оның мәңгі есінен шығып кеткен сонау бір балалық шақтағы бейкүнә, бейқам күндерін елестететін де болар? Әлде атасы берген осы бір аппақ қос аққу сонау балалық балдәурен кезін, қайғысыз - қасіретсіз тамаша күндердің ұмыттырмас пәктігінің куәсі деп ұғынатын шығар?

Әйтеуір осы қос аққуын көрсе, сол сәтте Берке өмірдің бар талас-тартысын, қиыншылығын бір сәт ұмытып, кәдімгідей бір көңілденіп қайтатын.

Бүгін де осындай қуанышты күткен Берке көлге таяп келе жатты. Өзі алда, екі нөкері арт жағында. Кенет Алтын Орда ханы тоқтай қалды. Бір бұлтарыстан шыға келіп, дәл қасынан жорға мінген бір жас қыз өте берді. Қартая бастаған Берке, бұрынғы кездегісіндей қыз-келіншекке көз салуын қойғалы қашан. Дегенмен, мұндай қыз өз Ордасында бұрынды-соңды көзіне түспеген. Қыз болғанда қандай! Басында кәмшат бөрік, үстінде қызыл барқыт, оқалы қамзол, қатпар етекті көйлек, тобылғы сапты қамшысын сипай сермеп, ақ бақай жорғасын төгілдіріп кетіп барады. Ханды көрмеді ме, көрсе де танымады да, қыз әлденеге күлімсірей, өзімен-өзі болып өте шықты. Хан тек оның аппақ қардай беті мен тостағандай дөңгелек жәудіреген бота көзін ғана шалып қалды.

— Бұл кімнің қызы? — деді хан жаңағы жорғалы қыздың өзіне тіпті бұрылып қарамай кеткеніне шамданып, кіжіңдей.

— Былтыр өзіңіздің қарамағыңызға көшкен Сартақтың кісілерінің ішінде келген аспаз әйелдің жалғыз қызы,— деді нөкерінің ұзын сарысы,— аты — Құндыз.

— Аспазшының қызы? — Хан аспазшы әйелге мұндай қызды қимағандай тамсанды.— Оған жорға мен кәмшат бөрікті кім берген?

— Жақында Ноғай жіберіпті. Шешесі Ұлыс ағасының бір әйелінің жамағайыны көрінеді. Хан ордасында қызмет істейтін менің сіңілілерім ешкімнен кем болмауы керек,— депті Ноғайдың әйелі.

«Хан ұрпақтарымен бақталастыра бастаған екен ғой Ноғайдың қатыны,— деді ішінен Берке,— және жамағайынның қызына мынандай жорға мен кәмшат бөрікті беруіне қарағанда ол қатын да көкиін деген екен ғой».

— Аспазшы әйел бой жетіп қалған қызын осы уақытқа дейін байға бермей қалай шолжаңдатып қойған? — деді хан әлі шамданғанын баса алмай.— Әлде... айттырған жерін күтіп жүр ме?

— Иә, солай, хан ием.

— Айттырған кім?

— Александрдың немере інісі Гаврийл.

Хан түксие қалды.

— Сен бірдемені шатастырып тұрған жоқсың ба?

— Жоқ, хан ием,— деді ұзын сары.— Ол кезде мен Сартақтың төлеңгіті едім. Есіңізде бар ма, Сартақ хан болған жылы Сарайға Гаврийлдың келгені?

— Иә, бар.

— Бұл қызды сонда мен өз қолыммен, ханның бұйрығы бойынша, апарып Гаврийлдың қойнына салғам. Онда бұл он үш жаста еді. Қыз онғыға ұнаған болуы керек, кетерінде Гаврийл бұны өзіне беруін ханнан сұрапты.

Ал оқиға шынында басқаша болған-ды. Қыздың өздерін ажалдан құтқарған жақсылығына жақсылық қайтаруды Гаврийл де дұрыс көрген. Ол Құндызды өскеннен кейін Новгородқа қонаққа жіберуін Алтын Орда ханынан өтінген. Сартақ көнген. Бірақ, хан көп кешікпей дүние салды да Құндызбен Гаврийлдың оңаша үйде болғанын, артынан оны қонаққа өзі келіп алып кетуге уәделескенін білетін жұрт, бұл қыз орұсут елшілігіне берілген екен деп түйген. Гаврийл мен Құндыздың арасындағы оқиғадан бейхабар Сартақ «қыз князьға ұнаған екен!» деп, соңынан Құндызды сұрап келген адамдарға «айттырып қойған кісісі бар» деп бермей қойған.

Орұсут князі Құндызды бүгін болмаса, ертең алып кетеді деп жұрт та күтіп жүрген. Ноғайдың бұған мінетін ат пен келісті киім жіберуінің де бір себебі осында еді. Ноғай тәрізді ел билеп, жұрт басқаруды көксеген кісінің: — «Құндызды балдызым еді» деп, оған жорға мен қымбат киім жіберуін оның атақты князь Невскиймен қарым-қатынасын байланыстыратын жол болды ғой деп топшылағандар да табылды.

Әрине, Берке оның Александр Невскийден ат-тонын аулақ салар ойда емес-ті. Бұған Қыпшақтың бір қызынан гөрі, ұлы князьбен сабақтасып келе жатқан байланысын үзіп алмай, ширата түсуден артық олжа жоқ.

— Сол екен ғой, шолжаңдап жүргені бұл қыздың...— деді хан тағы, жаңа ғана көз алдынан ғайып болған Құндыздың жарқыраған келбетін елестетіп.— Бірақ мына қызыл түлкідей бұлаңдаған түріне қарағанда, бір жүйрік тазыға іліктірмей кетуі екі талай. Ол кенет ұзын сарыға бұрылды.— Байқаңдар, қызыққан қарға-құзғынның біреуі шоқып кетпесін! — деді.— Көздеріңнің қарашығындай сақтаңдар. Князьдан ұят болып жүрмесін.

— Егер кешігіп қалмасақ...— Ұзын сары үндемей қалды.

— Иә, айт.

— Ана сіздің мешітіңізді салып жатқан Коломон шеберіңізге, ол жұмысына барған кезде, күніне таңертең бір көрініп кетеді дейді жұрт бұл қызды.

— Неге?

— Білмеймін... Қазір де соған бара жатқан секілді. Берке бұдан артық ештеңе сұраған жоқ. Нөкерден ондай істің егжей-тегжейін тәптіштеп не қылсын, ханның онсыз да сұрар, бәрін біліп берер адамдары жеткілікті ғой. Тек Берке жанынан жаңа ғана өткен қыздың, ат үстінде кетіп бара жатып, өзімен-өзі болып, бақытты адамдай әлденеге күлімдеген түрін көз алдына тағы бір елестетті де қойды.

Берке көлдің жағасына жетті. Шағын ғана мөп-мөлдір қарасудың болмашы толқындарын сабалап сыланып, таранып дәл ортасында қос аққу жүр екен. Кенет олар бірін-бірі қуалап, қанаттарымен суды ұрып, көлдің бетіне бауырларын тигізер-тигізбес етіп қаңқылдай, әлденеден үріккендей, арғы бетке қарай ұша жөнелді. Бірақ олар әп-сәтте тоқтап, қарасудың арғы қабағындағы сыңсып өсіп тұрған әупілдектердің бірен-саран шошайып шыққан гүл шашақтарын жұлып жеп, ерсілі-қарсылы сылаңдай жүзе бастады. Бір-біріне сыр айтқандай анда-санда сыңсып әндетіп қояды.

Берке үн-түнсіз қол жағасында тұр. Екі көзі қос аққуда. Күлім қағады. Сұрғылт сары жүзінде де кенет бір шаттық сәулесі ұялаған. Ол қазір бар әлемді де, алтын тақты да, салынып жатқан мешітті де, жаңағы көңіліне дүрбелең салған Құндызды да ұмытқан. Оның ой-қиялында осы сәтте тек көлдің арғы қабағындағы қос аққу ғана қалған. Құлағында олардың сыңсып салған әндері, көзінде қос аққудың аппақ сұлу суреттері.

Беркенің қазіргі тұрған тұсында да, арғы бетке қараған жүзінде де тек осы екі аққу құсқа деген махаббат, соларға ғашық болған, соларды жақсы көрген бір орасан сезімнің қуанышы ойнайды.

Ол осылай өзін ұмытып біраз тұрды да, күннің шығып келе жатқанын көріп, кілт кейін бұрылды. Қазір бұл қанды қол Берке емес. Дүниенің ең сұлу көрінісін көрген, табиғаттың бар көркемдігін сезінген, қуаныштың бір рақатына малынған жер жүзіндегі ең бақытты адам.

Бірақ Беркенің бұл күйі ұзаққа бармады. Ол қайтадан түксие қалды. Қайтадан көз алдына, әлгі жорға мінген, өзімен-өзі болған, қуанышты қыз елестеп кетті.

Оның қабағы қарс жабылды. Аяғын жылдамдата басып келеді. Көп кешікпей салынып жатқан мешіттің жанына келді. Мешіт қабырғасы ортан белінен асып кеткен екен. Берке бұл жолы мешіттің басқа жағынан шықты. Бұл тұста да қыш қалап, балшық айдап тас қашап қыбырлаған кісенді, кісенсіз құлдар. Берке қабырғадан көзін алмай қатты да қалды. Мың сан бояу. Бірімен-бірі жымыңдасып күліп жатқандай, адам көзін ала алмас қуаныш. Шым-шытырық араб әріптері де, сан қилы ою-өрнектер де, бірін-бірі әшекейлеп, бірін-бірі толықтырып, адамды бір ұшы-қиыры жоқ жарық дүниеге жетектей жөнелген. Қабырға көтерілген сайын, оның әшекейі сары, бояуы гүлдене түскендей көрінді Беркеге. «Ләйім, шебер тек бітіре көрсін» деді хан ішінен. Жаңағы көл басында қос аққуды көргендей, қабырғадан көзін алмай тұрған Берке енді тіпті өзін ұмытып кеткендей.

— Берке хан, қабырға өрнектері ұнай ма сізге,— деді дәл қасынан бір салмақты қоңырқай дауыс. Коломон екен. Сақал шашы қауғадай боп әбден өсіп кеткен. Түрі де жүдеу. Тек үлкен қоңырқай көздерінде бақыттың бір орасан жарық сәулесі ойнайды.

Берке ұйқыдан оянған адамдай, есін енді ғана жинап алды.

— Ұнайды,— деді ол он бойын лаулап алып кеткен сезімін жасыра алмай.

— Ұнаса, өте жақсы. Шамамыз келгенше тырысып жатырмыз ғой,— деді Коломон. Беркеге оның даусынан бір кекесін естілгендей болды.

Берке есін әбден жинап алды.

— Қашан бітіресің? — деді ол Коломонға қайта бұрылып.

— Күзге,— деді Коломон жайбарақат.

— Жақсы,— деді Берке, сөйтті де жүре берді. Бірақ, бір-екі адым аттады да, «тағы бір қарайыншы» дегендей кейін бұрылып, қабырғаға қарап қатты да қалды.

Коломон сұп-сұр боп кетті.

Берке кейін бір-екі аттады да, тағы алға ұмтылып қайтадан әлгі орнына келді. Осы мен дұрыс көрмей тұрмын ба дегендей екі қолымен көзін сүртті. Қайтадан қарады. Жоқ, Берке қателеспеген екен. Қабырғадан бағанағы жорға мінген Құндыз қызды көрді. Дәл бағанағысындай жүзінде бақыт, көзінде қуаныш. Астындағы жорғасы да сол, үстіндегі киімдері де сондағы, Берке сол тұрған жерінен тағы кейін шегінді, біресе алға қарай жүрді. Қалай әлгі орнынан қозғалса жорғалы Құндыз жоқ боп кетеді де қайтадан мың-сан бояулы күнде өзі көріп жүрген керемет өрнекті қабырға пайда бола қалды. Ал әлгі орнына барса, өзіне күлімсірей қарап Құндыз тұрады. Бұндай кереметті бұрын өзі де естіген. «Иранда бір ғажайып мешіт бар деген сол жаққа барып қайтқан бекзадалар, өзі жеті күмбезді. Егер ортадағы күмбездің дәл астында тұрып дыбыс шығарсаң, әлгі жеті күмбез бірінен соң бірі сенің айтқан сөзіңді күңірене қайталайды. Ал сол тұрған жеріңнен бір адым кейін, не алға кетіп сөйлесең, еш дыбыс шықпайды».

Бұ да сондай бір жерден, бір нүктеден қарасаң көрінетін бір керемет шығар. Мені көрмейді деп ойлаған болар. Расында да қайдан көресің? Мына жерге әлдеқалай тұрып қалғаным, алла-тағаланың өзінің жазмышы болар.... Әйтпесе...

Коломон сол сұп-сұр боп кеткен қалпында қозғалмай әлі тұр.

Берке оған ештеңе деген жоқ, кенет кілт бұрылды да, артына қарамастан, салынып бітуге айналған хан сарайына жүре берді.

Коломон Құндызды мамыр айының аяқ шенінде көрген. Тамылжыған күншуақ кезең еді. Дәшті Қыпшақ жерінің көгал шөбі тізеге келетіндей боп өсіп қалған. Жұпар аңқыған исі кеудеңді жарады. Түнгі мезгіл еді. Ай жаңа туған Зауза жұлдызына қонаққа барғалы тұрғандай аппақ күмістей Сүмбіле жымың-жымың етеді. Еділдің жағасындағы тоғайдан қайдағы бір бейтаныс құстың әлденеден шошынғандай, шарылдаған даусы шығады.

Екі төлеңгіт Коломонды айдап келе жатты. Бүгін салынып жатқан мешіт жанында есірей шебер күн батқанша болып, кешірек қайтқан еді. Коломон әбден қалжыраған, әзер жүріп келеді. Қазір ол Мамыр айының салқын - самал қош иісті түніне еш көңіл аударар емес. Еш нәрсеге зауқы шаппай, қалың ойға беріліп кеткен. Көңіл шіркін бір мезет серпілер емес. Тұрғызып жатқан мешітінде кейбір өрнектері ойлағанындай орындалмай, дүние қараң қалғандай жүдеп келе жатқан. Құр шылдыр-шылдыр қу шынжырдың үрейлі дыбысы естіледі... Кенет өздері келе жатқан тар көшенің қарсы тұсынан екі әйел көрінді. Біреуі қыз екені анадайдан-ақ байқалады. Қолы мен аяғын матаған ауыр шынжырдың үрейлі үніне, күміс қоңыраудай шылдырлаған, қыз шолпысының қуанышты үні қосылды. Бұлар хан сарайына ертеңгі асты дайындап, үйлеріне жаңа қайтып бара жатқан Құндыз бен етжеңді ақсары келген, бір кездегі сұлулығын әлі де жоғалта қоймаған аспазшы шешесі еді. Айлы түнде қоңырқай пішінді Коломон үн-түнсіз төмен қарап келе жатқан. Кенет дәл жанынан, жаңағы алыстан естілген күміс шолпы сылдырыңдай, бір әдемі дауыс:

— Амансыз ба, ағалар? — деген.

Әлгі екі әйел қастарына келіп қалған екен. Коломон басын көтеріп алды.

— Өздеріңіз де амансыздар ма? — деді.

Оның қайғылы көзі енді қызға түсті. Жаңағы ай тұтылғандай қап-қара боп түнеріп тұрған дүние, кенет ай шығып жаңа ғана жарық түскендей көрінді Коломонға. Көзіндегі қайғы тұманы әп-сәтте тарап кетті. Тостағандай жаудыр көзін тұтқын шеберге бір тастап, жерге түсіп жатқан қалың қос бұрымы, жұп-жуан қара жыландай шұбатылып, ай жарығы онсыз да ақшыл түсін, қардай аппақ етіп, жап-жас сұлу, үкілі тақиясын бұлаңдатып, қасынан өте берді.

Коломон құр шалбарлы еді. Оның үнемі тас қашап, қар еттері бұлшық - бұлшық боп кеткен, күнге күйіп қара-қошқыл тартқан денесі нағыз шебер ойған тас мүсіндердің бейнесіндей, аса сымбатты еді. Коломонға қыздың жарқ етіп өзіне қараған көзінен таң қалғандай бір қияпат сезім оты тұтана түсіп, сөніп кеткендей көрінді.

Қыз шешесіне сыңғырлай күліп, бірдемені айтып, күміс шолпысын шылдырдата кетіп қалды. Бірақ өзі кеткенменен, оның тостағандай мөлдір көзі, өзіне жалт етіп қарағаны, қатар өрмелеген қос жыландай жерге шұбатылып, арқасында теңселе қимылдап бара жатқан қап-қара қос бұрымы, қардай аппақ беті Коломонмен мәңгі-бақи бірге қалды. Есірей шеберге енді тұтқын азабына, қадір түнде пайда болған қор қызыңдай, айлы түнде көз алдында бір көрініп, жоқ болып кеткен әлгі қызға деген ұлы сезім — махаббат атты ауру қосылды. Енді шыбындай жанын қоярға жер тапқызбады. Міне, осы кезде ол, өзі ойлап тапқан мешіт қабырғасының әшекейлі өрнектерінен бас тартты. Табиғаттың әлгі қыздай өзі жаратқан керемет көркемдігін көргеннен кейін, әнеугіден бері мешіт қабырғасына түсіріп жатқан ою, кестелері енді Коломонға жай бір болмашы суреттей боп көрінді. Мешіт қабырғасын әшекейлеуге жаңа шешім іздей бастады. Осы кезде оның жұмысы да мардымсыз болды.

Бірақ қиялдың тұсалуы ұзаққа бармады. Бір күні тамыз айының бас кезінде, күн шыға жұмысқа келген Коломон әнеугі жоғалып кеткен қызды тағы көрді. Жоқ, түсі емес, бұл өңі еді. Астында күміс ер-тоқым, жүген, құйысқаны да қақтаған да ақ күміс қара - көк жылқы. Басында кәмшат бөрік. Тобылғы сапты қамшысын шықшытына сүйеп мешіт қабырғасындағы өрнектерді қарап тұр. Ойға шомып кеткен. Жанына келіп қалған Коломондарға тіпті көз аударар емес. Қабырғаға қараған түрі, өрнектерді көріп қуанған, рақаттанған пішіні, кімді болса да толқытып жіберердей...

Коломон мешіт қабырғасын әшекейлеу жөнінде таба алмай жүрген шешімін енді тапты.

— Есенбісің қалқам,— деді ол.

— Өзіңіз де амансыз ба...— деп келе жатты да Құндыз Коломонға көзі түсіп кетіп әнеукүнгі түнде көрген кісісін танып, кенет екі беті ду етіп қызара қалды.

— Мына кереметті кім жасап жатыр? — деді қыз.

— Мен, өзіммін,— деді Коломон.

— Қашан бітіресіз?

— Қашан бітір деп бұйырасыз?

Қыз күлді.

— Онда бүгін, қазір!

— Ол мүмкін емес,— деді Коломон енді ғана есін жиып.— Егер тез бітіруін тілесеңіз, сіз күнде осы уақытта, осы араға келіп маған бір көрініп кетіңіз.

Қыз тағы күлді.

— Неге?

— Оны соңынан түсінесіз... Егер осы мешіттің тезірек бітуін тілесеңіз және маған жаныңыз ашыса,— деді Коломон қиыла — құлдардан бөтен жан тұрмаған осы кезде, осы күйіңізде күніне бір көрініп кетіңіз.

Құндыз жігітке ойлана қарады. Оның қолы мен аяғын бірдей матаған жуан шынжырға көзі түсті. Жігітті кенет қатты аяп кетті.

— Жарайды,— деді қыз.

Сол күннен бастап Коломон кілт өзгерді. Оның көзінде қуаныш сәулесі туып, бетіне қан жүгірді.

Жүрекке жарлық бере алмайсың, Құндыз да бұл есірей шеберді ұнатып қалған. Бірақ бұрынды-соңды жігіт сүйіп көрмеген жас сұлу, қорқа берген. Махаббат оған сырын білмес асау жылқы тәрізді көрінген. Қай жарға ұрып кетеді, қай жерде тулап-тулап тастап кетеді? Құндызға бәрі де белгісіз еді. Шебер болса жат елден, және өзі есірей, қандай ел бұған қызын береді? Өз еркімен жұрты қоспаса, ең болмаса жалғыз шешесі келіспесе, қалай бұл ата жолын бұза алады? Бұза қалса өзіне де, Коломонға да қауіп екенін Құндыз жас болса да түсінеді. Сондықтан Коломон туралы ойлаудан қашты. Бірақ жүрек деген бар ғой, ол ажалдан да, ата-баба жолынан да күшті, жас сұлуды еріксіз Коломонға қарай тарта берді. Құндыз ақылға сап жат шеберден қанша алыстағысы келгенменен, оның өнерінен құтыла алмады. Мешіт қабырғасына салынып жатқан өрнек, оюларын күнде бір көріп тұрмаса, өзін қоярға жер таппады. Сұлулықты сүю ақылды жеңді. Сонау сан бояулы, сан - сырлы өрнектерді көргенде көңілі қуанышқа толды. Енді бармаймын деп өзіне қанша уәде берсе де, шыдап отыра алмады. Мешіт қасына тағы барды, бара берді. Енді ол өзін осы көркем суретсіз, сол көркемдікті тудырған ойлы көзді, жүдеу өңді тұлғалы жігітсіз өмір сүре алмайтынын сезінді. Бірақ ол осылайша қанша күйіп-жанғанмен алдағы белгісіз қуаныштан қорқу, Құндызды от бастыртпай әлі де ұстап келген.

Бір күні Құндыз тағы мешіт қасына келген. Күн шығып үлгірген кез еді. Мешіт қалаушы құлдар мен оларды бақылаушы жауынгерлерден бөтен ешкім жоқ. Құндыз астындағы атынан түсті. Оны ер қасына қаңтарып байлап қойды. Коломон қызды өзімен бірге шығып келе жатқан күннің жарығы түсіп тұрған мешіттің бер жағына алып келді. Өзі сәл жоғары көтеріліп, Құндызға «қабырғаға осы мен тұрған жерден қарашы» деді.

Қыз жоғары көтеріліп Коломон тұрған жерге барды. Бұрылып мешіт қабырғасына қарады да, кенет «бұл қандай керемет!» — деп дауыстап жіберді. Шығып келе жатқан күн сәулесі бояулардың түрін өзгеше ашып, қабырғадан жорғасын мініп тұрған өзін көрді. Жоқ, қабырғада Құндыз өзінен де сұлу, өзінен де қуанышты. Астындағы жорғасы кәдімгідей жүріп келе жатқандай...

Суретке таң қалған Құндыздың басы айналып, көзі қарауытып кеткендей болды.

— Өзіңді мықты ұста,— деді Коломон.— Ешкім ештеңе сезбесін,— ол жайбарақат сыртқа қарап сөйлеп тұр,— бұл менің өмір бойғы арманым еді. Сол арманымның орындалуына өзің себеп болдың. Енді түсіндің бе, күнде күн шығарда осы жерге келуіңді менің неге өтінгенімді?! Бұл сурет қабырғаға күн осылай түскен кезде ғана, тек осы тұрған жеріңнен ғана көрінеді. Байқадың ба, қабырғаға күн бұл кездің өзінде де бір сәт қана түседі, сосын ауып кетеді. Суретті осы азғантай уақытта ғана, және өзің тұрған осы жерден ғана көруге болады. Ал өзге жерден, өзге уақытта, бұл тұстан күн тайған кезде оны көре алмайсың. Онда суретті ана тамаша бояулар басып алады. Күн сәулесі ғана суреттің көмескі бояуларын ашады.

Құндыз әлі де есін жинап болған жоқ.

— Япырмай, бұған ақылыңыз қалай жетті? — деді.

— Адамның ақылы бұдан да қиын кереметтерге жеткен. Мен Ескендір Зұлхарнайын кезіндегі атақты Геронның кереметінің сырын ғана аштым.— Коломон бұларға қарай келе жатқан шеткі бақылаушыны көріп әбігерлене қалды,— жә, бұл суреттің қалай жасалғанын соңынан айтармын,— ол кенет қинала сөйледі.— Құндыз, сен бүгін Шолпан туа көл жағасына кел... Бүгін тұратын күзетші маған жаны ашитын адам. Қайтсем де сол уақытта көл жағасында боламын.

— Жарайды,— деді қыз, көзі қуаныштан жарқ етіп.

Құндыздың келмеймін деуге шамасы жоқ еді. Ол бұрын да махаббаттан күйіп-жанып әзер жүрген. Енді мына кереметті көріп, қуаныштан мүлдем мас болды. «Осындай тамашаны жасаған адамның құшағында өлсем арманым жоқ»,— деді.

Шолпан туа бұл екеуі қамысты көл жағасында кездесті. Бір-біріне өлердей боп құмартқан жүректер, алтын айдың аясында алғашқы рет құшақтасты.

Осы түнде, мешітті бітіруге таянғанда Коломон мен Құндыз Қыпшақ даласына қашпақ боп уәделесті. Бостандығы басындағы қыз қашуға керек аттар мен заттардың бәрін өзі дайындайтын болып уәделесті. Жұрт көзіне көрініп қалмас үшін бұдан былай қарай кездеспейтін болды. Тек сағынған көңілді басу үшін Құндыз анда-санда салынып жатқан мешітке келіп, бір көрініп кетуге сөз берді.

Осы уәдесін орындауға келе жатқанда, хан бағана Құндызды көрген.

Өз ордасына келген хан алтын тағында жападан-жалғыз ұзақ отырды. Не істеу керек? Ханды алдап зымиян румдық өз ойын осылай өткізбекші болған екен. Бұны мұсылман қауымның алдында мазақ етпек! Бірақ салып жатқан мешіті тамаша ғой! Суретінің өзі қандай керемет! Адам көзін ала алар емес! Мүмкін, өзгелер ол суретті көрмес, аңғармас! Жұрттың бәрі мен тұрған жерге бара бере ме? Әлде сол қабырғаны қырғызып тастап, қайта әшекейлетсем бе екен? Жоқ, сол мен тұрған жерге бірдеме қойғызып, кісі бара алмайтын еткен жөн бе? Бірақ ол айлалы шебердің суретті жұрт көретін тағы бөтен қулығының жоқ екенін кім біледі?

Берке сұп-сұр боп әлі отыр. Ақыры қабырғаны қырдырып тастап қайтадан салуды дұрыс көрді. Бірақ суретті қимады. Шынында да бұл керемет дүние еді. Адам көзі қиып қырғызар емес керемет, «қыздың өзі де әдемі екен,— деді Берке бағанағы жорға мінген қырмызыны кенет көз алдына қайта елестетіп,— ал суреті... Бірақ румдық шебер оның суретін неге салды? Ұзын сары төлеңгіт бағана бір сұмдықтың шетін су жыланның басындай қылтитып қойып еді ғой, әлде сол сөз рас па?»

Беркенің жүрегі кенет удай ашып кетті. Жорғадағы қызға хан да құмартып қалған. Мешіт құрылысына бармай-ақ ол қызды нөкерлеріне таптырып алатын еді, тек Новгородтың князінің туысы айттырып қойған дегеннен кейін өзін-өзі әзер басқан. Басылды деу де қиын еді, өйткені қызығу дегенде, қызғану тәрізді өткір кездік қой, хан жүрегінің түбінде текке жата беруі екі талай дүние.

Қызды көз алдына елестетіп еді, жүрегі одан сайын ашып, алай-түлей болды да қалды. «Өз басына еркі жетпей жүріп, есірей құлдың періштедей қыз несін алған?.. Әлде?.. Әлде...»

Қабылдау бөлмесіндегі нөкерлерінің үрейін ұшыра, қолындағы күміс қоңырауын шарылдата қақты.

Үйге кірген төлеңгіт жүзбасы Сәлімгерейге:

— Маған есірей шебер Коломонды алып келіндер! — деді.

Жалаңаш қылыштарын жалақтатқан үш жендет ауыр шынжырын шылдырлата заматта Коломонды жеткізді.

Берке есірей шебермен жалғыз қалды.

— Ал сөйле! — деді хан.

— Не жайында, Берке хан?

— Мешітті қашан бітіресің?

— Күзге дедім ғой, Берке хан.

— Жа-ақ-сы,— деді Берке даусын созып.— Ана қыздың суретін неге салдың?

— Мен оған ғашықпын.

— Қыз ше?

— О да маған ғашық, Берке хан.

Берке жарылып кетуге даяр.

— Сен кәпірсің, ал қыздың мұсылман екенін білмейсің бе?

— Бұны білемін,— деді Коломон.— Бірақ екі адам бірін-бірі жақсы көрсе, оған дін де бөгет бола алмайды. Ең ұлы дін — махаббат.

— Жа-ақ-сы,— деді аппақ қағаздай боп бетінен қаны әбден қашып кеткен Берке. Коломон енді бір сөз айтса әйгілі қояншығы ұстауға дайын тұр. Онда... Берке бұл жолы да өзін-өзі ұстап қалды,— мешіт тәрізді мұсылман ғибадатханасына сурет салуға болмайтынын біле тұра; сен қыздың бейнесін неге мешіттің қабырғасына түсірдің?

— Айттым ғой, ғашықпын деп. Қызға өз жүрегімнің сырын жеткізетін бөтен жолым қалмады. Ол менің жай айтқан сөзіме түсінбеді... Түсінсе де түсінгісі келмеді... Қорқа берді...

— Сосын?

— Сосын... Мешіт қабырғасына салған өз суретін көргеннен кейін ол мені ұқты. Мұндай сурет үшін менің басымның кететінін ол жақсы біледі. Соған қарамай мен оның бейнесін түсірдім. Және мұсылман ғибадатханасының қабырғасына оған деген махаббатымның өзімнің жанымнан да қадірлі көретінімді Құндыз ұқты... Айтқаныма көнді...

Ұстауы таяу қалған ұстамасының белгісі көрінді. Беркенің екі езуінде көбік пайда болып, қысық көздері тіпті жұмылып кетті.

— Көнді?

— Иә, мәңгілік менікі болуға көнді.— Коломон кенет тізесін бүкті.— Жаралғалы, Берке хан, өзімді өзім қорлап көрген жоқ едім. Махаббатым үшін, Алтын Орда ханы алдында тізе бүгіп тұрмын. Сізден жалғыз ғана өтінішім бар. Маған бостандық та бермеңіз. Өмір бойы осылай шынжырлап құлыңыз етіп ұстаңыз, бір мешіт емес, мың мешіт салдыртыңыз, тек Құндызға қосылуға рұқсат етіңіз.

Берке қолын беліндегі қылышына апара берді.

— Оған қыз көне ме?

— Көнеді! Көнеді! Ұлы мәртебелі хан, сізден о да осыны тілейді.

— Сонда мешітті салып бітіресің ғой?

— Бітірем, Берке хан.

Ханның жүзінде кенет бір орасан шаттық пайда болды. Ол дереу күміс қоңырауын тағы шылдырлатты. Үйге Сәлімгерей кірді...

— Коломон шебермен уәделестік,— деді хан күлімсірегендей ишарат білдіріп, оның жұқа еріндері езуіне қарай созылғанмен, бірақ көздері күлмеді.— Мен бұған аспазшы әйелдің қызын қосатын болдым, сол үшін бұл күзге дейін мешітімді бітіріп береді.— Хан Коломонға қарады.— Солай ма, есірей шебер?

— Солай.

— Ал енді менің үкімімді есті,— деді кенет қайтадан сұрлана қалып.— Ғибадатхананың қабырғасына сурет салғаны үшін жүз дүре соғылсын. Мұсылман қызына үйленгісі келгені үшін ат етіп тартылсын! Және әлгі қыз бен бүкіл құлдардың алдында орындалсын! Сонсоң уәдем бойынша қыз бұған қосылсын!

Коломон айқайлап жіберді.

— Одан да мені осы арада ана қылышыңмен шауып таста! — деді жалынғандай.

— Жоқ, болмайды! — деді хан,— сен маған ана мешітті бітіру үшін керексің...

Қаланың бас алаңы — «Майданхананың» төрт жағынан бірдей тұрғызылатын шынжырлысы, шынжырсызы бар он мыңға жуық есірей құлдар. Бұлардың алды-артында қылыштарын жалаңдатқан екі жүзге жуық төлеңгіт жауынгер. Көк темір қару-жарақты. Астарында қарсы келгенді таптап кетер, жал-құйрығы төгілген кілең жүйрік...

Ортада, дарға қасындағы сәкіде төрт төлеңгіт жігіт кісендеулі Коломонды қоршап тұр. Жалаңаш қылыштары от сәулесімен ойнап жарқ-жұрқ етеді. Дарға мен сәкінің төрт бұрышынан от жанып жатыр. Жарығы молая түссін деп төрт адам отқа үсті-үстіне жарылған ағаштарды тастап тұр. От жалыны кісі бойындай көтерілген.

Түн тастай қараңғы. Иін тірескен құлдардың да түрлері түн қараңғысындай үрейлі, сұсты., Сәкінің бір бұрышында хан жарғышысы. Екінші бұрышында екі жендет екі жағынан ұстаған Құндыз. Түсі аппақ бордай, көзі жұмулы, тарқатылып кеткен ұзын шашы, арқасы мен жерді жапқан қара шапан тәрізді.

— Тыңдаңдар, тыңдаңдар! — деді кенет гүрілдей сөйлеп монғол түстес еңгезердей хан жаршысы.— Алтын Орданың ұлы мәртебелі Берке ханының жарлығы бойынша, есірей құл мұсылман мешітінің қабырғасына сурет салғаны үшін көк шыбықпен жүз мәртебе дүреленуге жазаланды.— Жарғышы сәкінің ортасында тұрған түлкі тымақты төлеңгітке қарады. Сірә, ол жендеттердің үлкені болуы керек.— Кірісіңдер.

Төрт жендет әп-сәтте Коломонды сәкі үстіне жығып салды да, екеуден екі жағынан тұра қалып, жерде жатқан көк шыбықтың екеуін қолдарына алды.

Түлкі тымақ санай бастады.

— Бір... Екі... Үш... Төрт...

Құлдардың қара түндей қас-қабақтары түйіліп кеткен. Жауар бұлттай үн-түнсіз түнеріп тұр. Тек ысылдаған көк шыбықтың дыбысы ғана естіледі. Әрі-беріден кейін, жоғары көтерілген шыбықтан төмен қарай тамшылаған қан көрінді. От сәулесі де қып-қызыл, тамшылаған қандай қып-қызыл. Түнерген құлдар алға қарай сәл қозғала түскендей.

Дүре саны елуден асып кеткенде:

— Аясандаршы, бұл атақты шебер Коломон ғой, ағатайлар! — деген шыңғырған әйел даусы шықты. Бұл ақылынан адасуға аз-ақ қалған Құндыздың даусы еді.

Түнерген топ селк ете қалды. Бірақ қозғалған жоқ. Тек бұрынғыдан да түнере түсті. Тістеніп алған Коломон үнін шығармады.

Көк шыбықтың ор дыбысы шаққалы келе жатқан у жыланның ысылындай үрейді алған жүз дүре де бітті. Арқасының еті қып-қызыл қан, пара-пара болған Коломонды жендеттер тік көтеріп жерге қойды.

— Тыңдаңдар, тыңдаңдар! — деді тағы сұмырай дауысты жарғышы. Алтын Орда ұлы мәртебелі Берке ханның жарлығы бойынша есірей кәпір Коломонның мұсылман дініндегі қыпшақ қызы Құндызды қатын етіп алуды ойлаған күнәсі үшін, инақ етіп тартылсын.

Ол тағы түлкі тымақ жендетке қарады.— Кірісіңдер!

Дәл осы сәтте қолында өткір пышағы бар ақ сәлделі молда сәкіге шықты.

— Құлдың шалбарын шешіп шалқасынан жатқызыңдар да жан-жағынан басып тұрындар,— деді.

Құндыз көзін тастай жұмып, төмен қарап қатты да қалды.

Түлкі тымақ ақырып жіберді.

— Көтеріңдер басын ана салдақының! — деді ол жігіттерге.— Көрсін тием деген байының қалай әтек болғанын!

Дәл осы кезде құлдардың бір шетінде тұрған қара киімді біреудің айбарлы үні шықты.

— Ау, халайық, бұл неткен қорлық! — деді ол дабыл ұрғандай айқайлап.— Араша түсейік, досымызды масқара еткіздірмейік.

Бұл Сәлімгерей еді. Сол-ақ екен құлдар дүрліге қалды.

— Тимеңдер Коломонға!

— Өлейік бүйтіп өмір сүргенше!

— Босатыңдар Коломонды.

Құлдар алға қарай қозғалды.

— Қайтыңдар кейін!

— Шауып түсіремін! — деген жендеттердің де даусы шықты. Бірақ ашулы топ алдарындағы атты төлеңгіттерді сырып, алға қарай жүре түсті.

Осы кезде әлдекімнің:

— Ойбай өлдім! — деген ащы даусы шықты.

Сөйткенше болған жоқ.

— Өлтірді! Шауып тастады! — деді үрейленген екінші дауыс.

Сол-ақ екен:

— Боса да өледі екенсіз...

— Ұмтыл! Қират бәрін!

— Аянба!

— Ең болмаса жастығымызды ала өлейік! — деген дауыстар қаптап кетті. Құлдар жолдағы атты жендеттерді жапыра ат-матымен құлата алға қарай лап қойды.

Көтеріліс үш күнге созылды. Берке сол күні түнде қала Сарай - Батудағы Ноғайдың қарамағындағы әскердің бір қосынын шақыртты. Бұлар ереуілшілерді қырып салды. Тең жартысын майданда қаза етті, қалғандарын жаралысы бар, басқа жағдайда қолға түскендері бар, көтеріліс басылған күннің ертеңіне қала сыртына айдап шығып, тал түсте қанішерлер аттарына бастыртып, қылыштарымен шауып, бірін қалдырмай қан-жоса етіп қырды. Көтерілісшілер де ұпайын жіберген жоқ өздерін қоршаған екі жүз төлеңгітті сол алғашқы көтерілген шақтарында - ақ құртып жіберген. Кісенсіздері солардың аттарына мініп, қару-жарақтанып алды. Қалаға Сарай - Батудан Ноғай қосыны келгенше, көбі қол-аяқтарындағы кісендерден бірін-бірі босатып үлгірген. Әскер келгенде бірі қалмай қатар тұрып айқасқа түскен. Өздері салып жатқан мешіттің дымын қалдырмай қиратып, соның тасын, қышын жауларына лақтырған. Ал кейбір ержүрек қуаттылары, үй, шым аулаларды тасалай келіп, аттылы әскердің үстіне атылған. Бірақ қару-жарақ жоқ, бар болғаны бес жүздей атқа мінген шала қарулы жігіттері бар, басшысы боп сапқа тұрып қарсыласа алмаған құл, есірейлер, үсті басы көк темір аттылы әскерге не істей алсын, ақыры жеңілген. Демек, жеңілсе де Алтын Орданың іргесін бір солқылдатқан. Берке ханды да тәубесіне бір келтірген. Осы зәресі ұшқан қанды түнде, Берке де, халық дегеннің не екенін түсінген. Ал есірей, құлдар болса, егер бәрі жиналып бас қоса алса, айбарлы Алтын Орданың да еш уақытта жеңілуді білмеген қосындарын да быт-шыт етуге болатынын ұққан. Қозғалыс бітіп, хан «уф» деп өз тағына отырғаннан кейін тірі болса өзін, егер өлген болса басын алып келіңдер деп жасақтарын Коломонды іздеуге жіберген. Жасақтар қан сасыған кешегі ұрыс өткен жерлерді аралап және қойылуға дайындалып жатқан өліктердің тау-тау денелерін тексеріп, Коломонды таба алмай келген.

Сондай-ақ, Құндызды «алып кел» деп жіберген Сәлімгерей де жігіттерімен бос қол қайтқан.

— Шешесі де Құндыздың өзі де ұшты-күйлі жоқ,— деген ханға.

Ал бұл кезде Сәлімгерейдің арқасында құтылған Коломон мен Құндыз қастарында Құндыздың шешесі мен жиырма шақты жаралы серіктері бар тоғай - ормандарды тасалап Тан өзеніне қарай қашқан.

Бірталай жауынгерлері шығын болып, өзі де әбден шошынып қалған Берке тек бір-екі нәрсені дәтке қуат етті. Оның қос аққуы, ешкім тимей, бұл қырғыннан да аман қалған.

ТӨРТІНШІ ТАРАУ

Жошының алтыншы баласы Буалдың екі ұлының үлкені Татардан туған Ноғай Батумен бірге Шығыс Жағропаға аттанғанда он сегізде еді. Қылшылдаған жас шағы болатын. Өзі де жүзі қайтпаған алмас қанжардай салған жерін алып түсетін өткір еді. Атасы Буал да, әкесі Татар да, Жошының өзге бала, немерелеріндей ел шауып, қала алып көзге түспеген. Және хандық дәрежеге де жетпеген. Көбіне, бір-екі жорыққа қатысқаннан кейін өздеріне берілген ұлысты басқарудан аспаған. Татардың Шығыс Жағропаға Бату барып қайтқаннан кейінгі ең соңғы ұлысы — Қырым жері еді. Ал Ұлыс кіндігі Каффа қаласы болатын. Ноғай Шығыс Жағропа аттанысында Батудың өз әскеріне жататын, түркі тұқымдас монғол руы — хадаркін жігіттері мен қыпшақ жауынгерлерінен құрылған қосынды басқарды. Дәшті-Қыпшақ жігіттері жаумен алысып, соғысқа әбден қанығып алған әскер саналса, хадаркін жауынгерлері Шыңғыс ханның «темір тәртібін» бұлжытпай орындап өлімнен тәртіпті жоғары санап үйренген, аты шулы мерген және найзагер жұрт болатын. Хадаркін руының басшысы Мүкір Құран Шыңғыс әскерінің оң қанатына кіретін хадаркін қолын басқарған әмір еді.

Осындай «сен тұр, мен атайын!» хадаркін мен Қыпшақ жігіттерінен құралған қосынды басқарып, Ноғай Шығыс Жағропа ұрысында ерекше көзге түскен. Сол себептен де Бату бұны Болгария мен Молдавияға наиб етті. Негізгі Алтын Орда Еділ бойына шегінгеннен кейін, екі түмен әскермен қалған Ноғай бұл елдерді билеп отыра алмады. Бас көтерген булор мен молдавандарды баса алмай, амал жоқ, Дешті-Қыпшаққа қайтқан. Бұл кезде Татар дүние салған. Ноғай әскерімен әке ұлысына келді. Бұл ұлыс енді өз ұлысы болуға тиісті еді. Бірақ Бату оған басқа ұлыс берді де, өзін уақытша бүкіл Алтын Орда қосындарының лашкарқаш-и бұзұрығы етіп астанаға шақырды. Батуға қарсы тұруға батылы бармай, Ноғай амал жоқ астанаға келді. Дегенмен, қарамағындағы әскерінің көбін, әсіресе хадаркін жігіттерін, түбі қалай болады деп бұрынғы әке ұлысындағы қатын-балаларына жіберді. Оларға жауынгерлердің ел тонап әкелген мал-мүлкінен тысқары, ұлыс бастығының жеке меншігіндегі қазынадан дүние-мүлік, қаражат қосып берген. Бұның қызығын ол елу жыл өткеннен кейін, Алтын Орда ханы Тоқтаймен күрескенде көрді.. Ноғайдан жақсылық көріп, құтты жерден орын тапқан монғол жауынгерлері Алтын Орданың ханы емес, Жошы ұлысының үлкені — Ноғайды пір тұтып, бастарына көтерді. Соңынан, Алтын Ордамен Ноғай жауласқанда бірі қалмай өздерінің бастығының соңынан ерді. Сондықтан Тан өзенінің жағасындағы Тоқтай мен Ноғай ұрысқан айқаста, Ноғай жағындағы қолдың көпшілігі, сол тұста ноғайлы болып атала бастаған Маңғыт, Хадаркін жігіттері еді.

Міне, осы Ноғай лашкарқаш-и бұзұрық болғалы он жылдан асып кеткен. Және бұл өзінің ерлігімен қатал әділеттігімен, өзге хан тұқымдарындай емес, негізгі дені де қара халықтан құрылған Алтын Орда әскеріне жақын жүргендіктен қарамағындағы жауынгерлерге өте қадірлі болды.

Әрине, Ноғайдың атасы да, әкесі де хан болған жоқ. Хандық Жошының үлкен ұлдарының үлесі. Шыңғыс жасысы солай. Бірақ баба жолын қазір кім ұстап жатыр. Өзгені қойғанда Құбылайдан бастап бұзған жоқ па? Бұндай қылығы үшін, әрине, Шыңғыс заманы болса, өлім жазасы берілер еді, ал қазір? Ноғайдың да «мен де Шыңғыс тұқымымын» деп бір күні таққа жармасып жүрмесіне кім кепіл? Ондай жағдай туса, бұны жеңу оңай түспеді. Өйткені, күннен-күнге әскер арасында бұның беделі асып бара жатқан. Осыны ойлаған Берке Ноғайдан құтылмақ болған. Бірақ қалай құтылады? Қандай айланы қолданып өлтіру керек. Әлде орнынан босату керек пе? Берке екеуіне де бармады. Екеуін де қауіпті көрді. Әлі де болса Ноғайды өз пайдасына, Алтын Орда пайдасына жұмсамақ болды. Әйгілі лашкарқаш-и бұзұрықты Құлағуға қарсы, Алтын Ордаға жататын Баку мен Арранды қайтарып алу үшін аттандыруды дұрыс көрді. Бұл, әрине, Құлағу хандығымен соғыстың басталуы еді. Соғыстың аты соғыс. Ноғай Құлағуды жеңіп қайтса, Алтын Орда күшейе түседі. Ал жеңіліп қайтса Ноғайдың қадірі төмендейді. Құлағудың жеңілуін тіледі. Және Ноғай жеңеді деп сенді. Сол үшін Құлағу секілді Шыңғыс ханның өз балалары өлгеннен кейінгі, ел шапқыш, жер алғыш, үш бәрінің бірі,— атақты Құлағуға Ноғайды жұмсамақ болды.

Алтын Орданың күнгейі мынадай болғанда, күншығысы да тыныш емес еді. Бұл жақтан да дүрбелең көрініп қалған.

Тянь-Шань тауының күнгейі мен теріскейін бірдей алып жатқан Жағатай ұлысының жерімен Алтын Ордаға жататын Қыпшақ даласының күнгей - шығыс, күнгей жағы, сонау Жошы заманынан бері, Іле Алатауының, Алай, Қаратаулардың теріскей жағындағы сонау Өгіз, Қарахандар тұстарынан бұрын дүниеге келген Алмалық, Құлан, Ақыртөбе, Тараз, Саудакент, Құмкент, Созақ, Ақбикеш қалаларымен шектесіп жататын. Бұлар көшіп келе жатқан керуен тәрізді бірімен-бірі тіркесіп Алтын Орданың шығыс - күнгей, күнгей жағындағы алып қорғаны. Бұл қалалардың тұрған жері, теріскей жағы, тау өзені, көкорай шөпті тамаша жайылым егістік өңір болып келгенмен, бері қарай, Дәшті Қыпшақтың ұлы даласына кіретін тұстары, құм, тақыр, тіпті шөлге айналып кететін. Бұл да жауынгершілік заманда Қыпшақ елдерін шабамын деген жат ел қолдарына үлкен бөгет еді. Бұл құм, шөл, тақырлардың Алатау тұсы тәрізділері тіпті Көкше теңізге дейін созылып жататын. Бұндай алты жүз жеті жүз шақырымға созылған шөлді даладан өтіп көр. Ал Созақ, Ақбикеш қалаларының ар жағында Дәшті Қыпшаққа жататын Сығанақ, Отырар секілді, Сейхундарияның орта шеніндегі қалалардан кейін атақты Мауараннахр жері басталады. Алтын Орданы Бату билеп тұрған кезде осы Мауараннахрдың Ходжент, Бұхар, Самарқанд тәрізді үлкен қалалары Алтын Орда ықпалында да болатын.

Бату мен Мөңке дүние салғаннан кейін, осы тұстың бәрі енді Алтын Орданың қарамағынан шыға бастады. Балық басынан шіриді дегендей, бұған себеп болған Шыңғыстың алтын тағы тұрған Қарақорымдағы монғолдың Ұлы хандығын екі хандыққа болу еді.

Әрине, қандай үлкен тақ болмасын, екі хан бірігіп отырған емес. Мейлі ол тақ ұлы Шыңғыс хандікі болсын! Екі көзі бірін-бірі шұқымасын деп Құдай ортасына мұрынды қондырған, ал ағалы-інілі Құбылай мен Арық Бұғының арасына мұндай араша түсер «мұрын» табылмады. Мұндай «мұрынның» орнына Төленің қос бөрісінің арқасында атақ, бақ, мансапқорлық деген терең ор пайда болды. Төленің балаларынан, жеке таққа отыруды, ел билеуді кем арман етпейтін Шыңғыстың өзге ұрпақтары Құбылайдың ұлы атасының жасын бұзып, бар Шыңғыс тұқымының Құрылтайдан келісім алмай, өзін-өзі Ұлы хан сайлағанын сылтау етіп, екі ай боп осы орды қайта тереңдете түсті.

Құбылай жағына Үгедейдің баласы Қадан, Шыңғыс ханның інісі Темугэ-очиганның баласы Тоғашармен сан айқаста әбден шынығып алған, темірдей берік тәртіптен тастай боп бекіген сан ұлыстан құрылған Солтүстік Қытайды алған кәшіктәне әскері шықса, Арық Бұғы жағына, Жошы ұлысының ханы Батумен бірге Херман Кибені алған, Польшаны шапқан Жағатайдың атақты баласы Байдар мен бірге болған Төленің ұлы Алғұймен, сол Шығыс Жағропа жорығында Байдармен бірге жорық басқарған осы кезде Шығыс Тянь-Шаньда мекрин аймағын басқарып отырған Үгедейдің немересі Қайду болды. Күш тең бе - теңдей еді. Тек Құбылай қарамағындағы бұдан жиырма жыл бұрын жаулап алған қытай жұрты бұл кезде бас көтеретіндей халде емес-тін. Қарсы жағыңмен соғысып жатқанда, қол астындағы жұрттың тыныш болуы бұл да жеңіске өте керек дүние. Ал Арық Бұғыға бағынышты хандықтардың бәрі де қазір сенімсіз еді. Әсіресе, соның ішіндегі ең үлкені және күштісі де Алтын Орда десек, оның ханының жатса-тұрса бар ойлағаны Қарақорымнан құтылу болатын.

Екінші мықты хан — Төленің ортаншы ұлы Құлағу да өз хандығының бөтен қиыншылықтарымен әуре боп, бұл таласқа кіріспеді.

Төленің ең үлкен ұлы Құбылай мен ең кенжесі Арық Бұғы әскерлері бетпе-бет Өнгін өзенінің жағасында кездесті. Арық Бұғы жеңіліп, Енисей өзенінің бойындағы қырғыздарға қашты. Қарақорымды алып, қалаға бақылаушы шағын қол қалдырып Құбылай Шанду қаласына қайтты. Осы кезде Құбылайға Арық Бұғы «жаздым, жаңылдым» деп кісі салды. Інісінің қызба мінезді, сөзге ергіш кісі екенін білетін Құбылай, оның күнәсін кешірді. Бірақ Арық Бұғы ханды қолдарына ұстайтын ту ретінде керек еткен Шыңғыс ұрпағының Құбылайға қарсы жағы әскер жинап, күтпеген жерден қайтадан шабуыл жасап Қарақорымды алды. Әйтсе де әрі қарай Оңтүстікке бара алмады. Гоби құмына кірер тұста Құбылайдың атақты атты әскері — кәшіктәнесі Арық Бұғының қолын тоқтатты. Кешегі атасы ту тіккен ата мекен жерін бұдан әрі бүлдіргісі келмеген Құбылай, Арық Бұғының әскерін қуып жетіп, Монғол даласында соғыс ашуға нояндарына рұқсат етпеді. Арық Бұғыны былайынша соғысып құртудың орнына Қарақорымға азық-түлік жібертпей қойды. Сөйтіп, кешегі ақ майды аяғымен тепкен Шыңғыс ханның Ордасында енді ашаршылық басталды.

Осы ұрыстардың алдында Арық Бұғы Ордасында Қара Құлағудың жесірі — Жағатай ұлысының билеушісі Эргенэ-бегім жатқан. Ол Арық Бұғыны жақтамақ болған. Сол себептен, егер Берке мен Құлағу Құбылайды қолдай қалатын болса, әскерімен Қарақорымға қарай өткізбеу үшін Шығыс Түркістанға Алғұйды жіберуге уәделескен және Алғұй бұл жақтан Қарақорымға деп әскер, ат жинауға уәде берген. Айтылған уақытында Қашқарға Алғұй келген. Бұл жақтан ол өзінің туыс-туғанын тапқан. Солардың арқасында Алғұй тез арада-ақ көп әскер жинап, өзін Шығыс Түркістанның ханы атандырған. Енді Алғұй өзінің немере інісі Никпей-Оғланды бес мың адаммен Мауараннахрға жүргізген. Ол аз күннің ішінде Бұхар, Самарқандтан бастап, Мауараннахрды жаулап алған. Беркеге бұрыннан өш Алғұй бұл жақтағы Беркені жақтайтын Алтын Орданың бар адамдарын өлтіргенін өлтіріп, өлтірмегенін мал-мүлкін тартып алып, өздерін Мауараннахрдан қуып шыққан. Қарақорымға деп Арық Бұғының адамдары жинаған қару-жарақты, ақшаның бәрін тартып алып, Қарақорымдағы Ұлы ханның өмірлерін де өлтіріп, енді өзінің Арық Бұғыға қарсы екенін ашық жариялаған. Бұл аз болғандай, Алғұй Хорезм мен Ауғанстанды жаулап алуға кіріскен. Енді Алтын Ордаға шығыс жақтағы жеріне ықпалы жүріп тұрған Мауараннахр, Хорасан, Хорезм шаһарларынан мүлдем айрылып қалатын қауіп туған. Сонда барып Берке бұл жаққа да әскер жіберіп соғысуға мәжбүр болған. Осылай Алтын Орданың күнгейінен де, шығысынан да қауіп туғанын көріп Берке кәрлене қалған. Әрине, бұдан Алтын Орданың құламайтынын білсе де, әлсіреп кететініне көзі жеткен. Сол Алтын Орданы әлсіретпеу үшін Берке бұл жолы да тек соғысуды ғана дұрыс деп тапқан. Осыдан енді батысындағы орұсут елімен жанжалдасуды дұрыс көрмеген. Сол үшін де ұзын бойлы сары төлеңгітке Құндыз қызды көзінің қарашығындай сақта деген. Бірақ ол қыз бір түнде сан соқтырып кетті...

Берке бала көрмеген. Төрт қатыны бірінен-бірі асқан сұлу болған. Бірақ біреуі де бала таппаған. Және осы төртеуі де, қанша қылықты, ажарлы келсе де, жаратылған бедеудей сымбатты өгей шешесі Қанікей - бегімдей жанын отқа салып, жүрегін лүпілдетпеген. Бәлкім, Қанікей - бегім де, өзінің осы төрт қатынындай - ақ, құшағында күн құшып тумаған шығар - ау, алайда, келіннің бетін кім бұрын ашса сол ыстық деген, жасөспірім Беркені ең алғашқы ауыздандырған осы өгей шешесі еді ғой, содан болар, Берке міне алпысқа аяқ басса да, Қанікейдей әйел бар деп ойламайды, ойлағысы да келмейді.

Еркекжанды Қанікей - бегім осы уақытқа дейін Беркенің ойынан шықпай келген. Алғашқы ұрыстан қайтқан жылы бір ретте Қанікей - бегімге үйленбекші де болған, бірақ бұл кезде бұл әбден мұсылман саналып қалған. Ал мұсылманға әкесінің құмасына үйленбек түгіл, басына ондай ой келгені үшін жалыны лапылдаған дозақ дайын тұр. Бүгінгі күннің рақаты, мүмкін о дүниенің дозағына жеңгізер ме еді, қайтер еді. Берке шешімге келе алмай жүргенінде, Қанікей - бегім бір өштескен күңінің қолынан дүние салған.

Берке іштей өкініп қала берген. Міне, осындай жағдай Құндыз қыз табылмағаннан кейін Беркенің басына тағы түсті. Дүниенің бар қызығын білген Берке қызды көрген сағатта-ақ көңіліне бір жаман ой келген. Ұзын Сары төлеңгітке «көздеріңнің қарашығындай сақта» дегенде, шынында Гаврийл үшін сақта деген сөзі емес еді... Өз көңілін де ойлаған. Артынан қыздың мешіт қабырғасындағы суретін көргеннен кейін, бұрынғы сезім бұрынғысынан да өрши жөнелген. Ол суретке сол күні тапжылмай қарай бергісі келген, қарай бергісі келген. Қызға ғашық болып қалды ма, әлде суретке ғашық болып қалды ма, өзі де білмеген. Бірақ суретке ғашық болу Мұсылманға үлкен күнә екенін де естен шығара алмаған. Бұл суретті қанша қимаса да, қыздың өзі бар ғой, оның бейнесін мешіт қабырғасынан құртыңдар деп бұйрық беруі де содан еді. Енді, міне, сурет те жоқ, қыз да жоқ. Берке хан қыздың да, оның суретінің де өзіне қандай қымбат болып қалғанын жаңа білді. Оның үстіне Алтын Орданың күнгейі мен шығысында бүліншіліктің лаулап жатқаны анау... Ал мың сан есірей мен құлдардың қырылғаны оның ойына кіріп те шықпаған. Ереуілді ұмытып кеткен. Мыңдаған адамның өмірін шыбын шаққандай көрмеген. Бүгін бұлар өлтірілсе, ертең орнына бөтендерін әкелем деген де қойған. Тек жанына батқаны Құндыз бен Коломонның жоқ болып кеткені еді. Бірінің жоғалуы қайғылы өкініш тудырса, екіншісінікі — дәрменсіздене қалған ашудың дауылын тұрғызды.

Осылай көңілінің алай-түлей кезінде Берке хан кеңесін шақырды. Хан кеңесі деген жай сөз еді. Шыңғыс хан бар істі жалғыз өзі қалай шешсе, Алтын Орда ханы да бәрін тек өзі ғана шешетін. Бұл Бату кезінде де осылай болатын, Берке кезінде де солай болып жатты.

Хан кеңесі жақында ғана салынып біткен жаңа Сарайдағы хан ордасына жиналды.

Кең сарайдың төріндегі қып-қызыл жібек түсті фарсы кілемімен жабылған сәл көтеріңкі сәкінің үстіндегі алтын тақта, алтын тәжілі Берке хан отыр. Түсі де сарғылт, үстіне киген киімдері де алтын зерлі сарғылт жібек. Берке хан қазір пагода төріне қойылған алтыннан құйылған будда тәрізді. Тіпті мызғыр емес. Мұнда Шыңғыс ұрпақтарынан жеті жыл Батыс Жағропа аттанысына қатысқан Шайбани ханның баласы Баһадур, лашқарқаш-и бұзұрық Ноғай, Құлқанның баласы Садық, Шыңғыс ханның інісі Хасардың немересі Жаңғатай бар. Өзгелері әйгілі ноян, тыма әмірлері, батырлар, Беркенің туған інісі Беркенжар сырқат боп бұл мәжіліске қатынаса алмаған.

— Алла-тағаламның ұйғаруымен Алтын Орда ханы болған мына мен, Берке хан, бүгін әдеттегі Хан кеңесін ашпақшы болып отырмын. Әмин,— деді қолындағы алтын сапты асасымен кілемді бір нұқып, бетін сипап.— Ақылдасатын Алтын Орданың көп қамы бар. Күңгейіміздегі қызыл бас еліндегі Құлағу хан, сол жақтағы Жошы ұрпақтары Беркенжар, Балғұтай оғландары — Алтын Орда адамдарын у беріп өлтіріп, Арранды біржолата өзінікі етіп басынып отыр. Ал Шығысымыз да жетісіп жатқан жоқ. Ұлы тақты Құбылай мен Арық Бұғы бөліп алғалы Мауараннахр, Хорасан, Хорезмнен тыныштық қашты. Бұрын бізбен тілектес, Жағатайдың атақты Байдарынан туған Алғұй, Эргенэ-қатынның орнына өзін Жағатай ұлысының ханы етіп көтеріп, аз уақыттың ішінде Мауараннахр мен Хорасанның біраз жерін алды. Енді Хорезм мен Ауғанстанды мүлдем өзіне бағындырмақ. Бұхар, Самарқандтағы Алтын Орда жағындағы бекзада, хажы, наиб, даруғашылардың өлтіргенін өлтіріп, өлтірмегенін о жақтан мүлдем қуып жіберді. Айбарлы Алтын Орда тағы, осының бәрін естіп-біліп, ештеңе демей жай отыра ала ма? Әлде Бату ханның алтын туын алаулатып, қолымызға қылышымызды алып оларға тойтарыс береміз бе? Әлде жауды жеңетін басқа жолымыз бар ма? Соны ақылдасайық.

Осы кезде үйге рұқсатсыз Сәлімгерей кіріп келді.

Хан кеңесіне рұқсатсыз кірген кісіге өлім жазасы берілетінін, әрине, Сәлімгерей біледі. Соған қарамай, өзінің төлеңгіт жүзбасының рұқсатынсыз кіргенінен Берке бір маңызды істің болып қалғанын ұқты.

— Иә?! — деді, ол қабағын түйіп, нөкерінің рұқсатсыз кіргеніне ашуланып қалғанын жасыра алмай.

Сәлімгерей басын сәл иді.

— Хан ием, жаман хабар...

— Айта бер — деді Берке «бәрі де өзіміздің адам ғой» дегендей отырғандарға бір қарап.

— Арық Бұғы ұлы ханнан жасағымен Шелкене басқақ келіпті. Алтын Ордаға соқпай, бірден орұсут жеріне тоқтап, Ұлы ханға тиісті алым-салықты жинай бастаған екен, орұсуттар Алтын Ордаға беретініміз де жетеді деп Қарақорымнан келген жасаққа ештеңе төлегілері келмей, ереуілге көтеріліпті. Басқақты жасағымен ұстап алып, қоршап тұрған көрінеді. Осы хабарды бізге әкелген шабарман «оларды өлтіріп тастайтын түрі бар, халық тым ашулы, қолдарына орақ, айыр алған» дейді Онғы Александр не істесек те сізбен келісейік деп әдейі кісі шаптырыпты.

— Кәрі тарлан Шелкене өлі тірі ме екен? — деді Баһадур бір кезде, жас кездерінде осы Шелкенемен бірге шөмен жинағаны есіне түсіп кетіп.

— Тірі болғаны ғой,— деді Сәлімгерей,— сонау Қарақорымнан келіп жұртты қырып-жойып бара жатқаны.

Баһадур сескене қарады. Бірақ, Берке одан бұрын сөйлеп қалды.

— Қарақорымға ешбір салық төлемесін,— деді ол.— Александр оңғыға солай деп айт. Және салық жинауға келген адамдарды тегіс өлтірсін. Тек Шелкене басқақты бізге аман алып келсін. Жоқ, жүзбасы өзің барып кел, біреу-міреу өлтіріп тастамасын. Ұлы таққа еңбегі сіңген адам еді, еліне аман қайтсын.

Ханның бұлай сөйлегені Қарақорымның ұлы тағынан ат құйрығын біржолата кесу еді. Жұрттың бәрі бұны бірден түсінді. Дегенмен, не дерін білмей үн-түнсіз отыра берді. Тек Баһадур ғана ханға тікелей қарады. Сәлімгерейге ашуланғаны былай қалды.

— Берке,— деді ол Жошы ұрпағының ішіндегі ең үлкендігін пайдаланып, еркін сөйлей,— бұның ата жолын бұзу ғой?!

— Иә,— деді Берке шімірікпей. Оның дұрыс болар ма екен?

— Дұрыс болады.

Берке төменгі жақта, есікке таяу отырған, жаңа ғана жиырмадан асып бара жатқан Үлкетай ноянға қарады. Бұл талайырдың әмірі. Шыңғыс ханның Үгедейін тәрбиелеген атабегі Қаданның немересі еді. Өз әкесі Әлжетай Үгедей ханның тұсында хан ордасында қызмет істеген. Әмір атына жеткен өмір бақи Үгедей жағында өткен осы Әлжетайдың бір сөзі Беркенің есіне түскен. Доңыз жылғы құрылтайда, Ұлы хан тағына Үгедейдің ұрпағы емес, Төленің баласы Мөңке сайланғанын ұнатпай Әлжетай ешкімнен де сескенбей, Шыңғыс хан ұрпақтарына қаpaп: «Ұлы аталарының өсиетіне сәйкес, «егер Үгедей ханның ұрпағынан жұмырықтай ет қалып, сол етті ораған шөпті сиыр жемей, сол ет оралған майды ит иіскемеген күнде де,— біз оны хан көтереміз» деп қаулы алып, уәде бергендерің қайда? Бүгін неге сол серттеріңді өзгертіп отырсыңдар?» деген. Оған Құбылай: —Иә, ондай уәде болған. Бірақ атамыздың әйгілі заңдарын ең алдымен Үгедей ұрпақтары бұзды ғой. Ұлы Шыңғыс хан өзінің жасысында: «Егер менің ұрпағымнан біреуі болмаса біреуі қылмыс істеп, жасысымды бұзса, ондай адамды менің ұрпағымның үлкен-кішісі тегіс жиналып, бәрі бірігіп жазасын берсін» деген. Соған қарамай, Жағатайдың немересі Алталу ханды неге өз беттерімен өлтірді олар? Және Үгедей ханның өзі «мен өлгеннен кейін Ұлы таққа кенжем Ширамғұнды отырғызыңдар» деген. Соған қарамай, Үгедей ұрпағы неге Күйікті ұлы хан көтерді? Шыңғыс жолын ең алдымен бұзған «Үгедей ұрпақтары» деп жауап берген. Амал жоқ, Әлжетай «олай болса бір сәрі» деп райынан қайтқан. Соның баласы мынау отырған Үлкетай...

Беркені ұлы атасы Шыңғыс ханның жасысының бұзылып бара жатқан қайғысы емес, Алтын Орданың Монғол Ұлы хандығына бағынбайтын мемлекет болуғa бүгінгідей кілт шешім алғанының қуанышы жеңді.

Монғолдың Ұлы ханы Құбылай ма, әлде Арық Бұғы ма? Қайсысы? Әлде салықты екеуіне бірдей төлейміз бе? Онда Алтын Ордаға не қалады? — деді ол қайтадан.— Жоқ, Алтын Ордаға да қаражат керек. Өйткені, біз тек Құлағу және Алғұймен ғана соғысып қойсақ жарайды. Кім біледі, ертең Құбылай мен Арық Бұғының өзіне қарсы найза көтермесімізді? Онда қыруар әскерді жарақтандыру үшін дүниені қайдан аламыз!

Ешкім қарсы ештеңе деген жоқ. Тек Баһадур мен Сауыққа ғана кешегі ақ туы әлемнің тең жартысының үстінде желбіреген атақты аталарының ұлы Ордасының іргесі сөгіліп, шаңырағы шайқала бастағанына іштей қатты ұнамады. Қарақорымнын ең үлкен тірегі, қалған көмекшісі Алтын Орда еді, енді бұл да, оның бір қиын кезінде былай бұлтың ете қалды, деді олар іштерінен. Бірақ ханға қарсы сөз айтуға дәттері бармады. Өйткені екеуі де қазір сөздері өтпейтін кәрі еді.

Мәжіліс ұзақ кеңесіп, ақырында Құлағуға қарсы жиырма мыңнан екі қосын алып Ноғай, он мың бір қосынмен Алғұйға қарсы Беркенің өзі аттанбақ болып шешілді. «Ханға әскері аздық істейтін болса, жолдағы Қыпшақ ауылдарынан жігіттер алсын» деді хан кеңесіне қатысқандар.

Мәжіліс бітіп, енді үйдегілер жаңа сарайдың жаңа құрмет ханасына қонаққа баруға тұра бергендерінде, үйге ханның тағы бір нөкері кірді. Ұлы мәртебелі тақсыр,— деді ол,— жаманат хабар...

Осы сендердің жақсы хабар әкелетін күндерің бола ма? — деді кенет сұп - сұр боп түсі қашып кеткен Берке,— не боп қалды?

— Сіздің қос аққуыңыздың біреуін өлтіріп кетіпті...

Қос аққуды киелі санаған Берке, аққу өлімінен соң екі аттанысымыздың біреуінің жолы болмайды екен деп жорып, өзі Алғұйға қарсы қол бастап барудан бас тартты. Орнына өлі тәжірибе алып жетілмеген, бірақ соғыс құмар, ер жүрек жас ноян Үлкетайды жіберді. «Тым жас қой» деген Баһадурдің сенімсіздік көрсеткен күңкіл ойына: «Шығыс Жағропаға аттанғанда сен екеуміз қанша жаста едік? Оқасы жоқ, тәжірибесі аз болғанымен қайраты мол, барсын, көрсін» — деп жауап берген де қойған.

Ол аққу құсын, ең бір сүйікті жақыны өлгендей құрметтеп, жерге көмді. Табытқа салып, зиратын сырлы темірмен қоршады. Басына ақ мәрмәр құлып тас қойып, оған алтын бояулы араб әрпімен: «Бұл Берке ханның қадірлі құсы еді, бір жауыз мойнын бұрап өлтіріпті. Кім болса да, сол жауыз осы құстай, мойны бұралып қаза тапсын!» деп жаздырды. Ал осы зираттың ар жағында үстеріне үйілген топырақтары тау-тау боп жатқан жазықсыз өлген құлдардың моласына тас қоймақ түгіл, мойын бұрып та қараған жоқ. Бірақ, Берке қоймағанмен ол тасты құлдарға жаны ашыған басқа біреу қойды. Үш күн өткеннен кейін осы моланың жанынан өтіп бара жатқан жолаушылар қақпадай қара тасқа жазылған бір ауыз өлеңді көрді.

«Қорлыққа шыдай алмай жанға батқан,

Көре алмай жарық күнді таң боп атқан.

Көп құлдар жатыр мұнда, қарғыс айтып,

Қолынан хан Беркенің қаза тапқан».

Бұны көрген жолаушылар осы ғажайып молалардың қасынан құран оқып өте берді. Берке ханға айтпады. Осылай ұрпақтан-ұрпаққа салдырған алтын мешіті арқылы емес, жазықсыз қырғызған құлдарының қарғысы болып Алтын Орда ханы Беркенің аты қалды.

Берке хан енді қала сыртындағы қамысты көлге келіп қосағынан айырылған аққудың зарлы әнін тыңдап күнде ұзақ отыратын болды. Егер Берке өзіне ұқсас қанқұмар қасқыр, бүркіт тәрізді жыртқыштардың ұлығанын, не шаңқылдап кек шақырғанын тыңдауға құмар болса бір сәрі, ал қайғыдан қапа болған әлсін құстың әніне осыншама бар ықыласын салып тыңдап, одан қалай ләззат алатынына жұрт тағы таң қалды. Жоқ, халық Беркенің қандай адам екенін білмейтін, ол өмірден, өзгеге деген өлімді жақсы көретін, ал шаттықтан, өзгеп деген қайғыны ұнататын. Ал анау қосағынан айырылған аққудың зарлы сын суы Беркені қайғырудың орнына қуантатын, көңілін көтеретін. Өйткені, бұл Батудан да асқан қанкөй адам еді. Тек Батудай әскери дарыны жоқ. Егер ондай дарыны болса, ашуланған шағында он мың сан құлды емес, бүкіл әлемді қан жоса етер еді.

Ноғай мен Үлкетай әскерлері жүріп кеткеннен кейін бір-екі аптадай өткен кезде, Берке әдеттегісіндей кешке таман көл басында отырған. Сол сәтте қасына ұзын сары нөкері келді.

— Хан ием,— деді нөкер сәл басын иіп.— Мауараннахрдан қол жібергеніңізді естіп, Құбылай ханның бұйрығы бойынша Алтын Ордаға жататын Бұхардағы зергер ұста, үй қалаушыларын қатын-қалаш, бала-шағасымен қаланың сыртына алып шығып, монғол әскерлері қырып тастапты.

Қуанғаннан Беркенің түрі өзгеріп кетті. Оның көз алдына өзі Бұхарға барған күні осы зергер, ұста, үй салушылардың қолдарына от жанған таяқ ұстаған айбарлы түрлері елестей қалды. Сол жолы - ақ бұларды өзі дәл осылай қырғы зып тастайтын еді ғой, әттең қорыққанынан дым істей алмай бармағын шайпап қайтқан.

Ханның неге қуанғанына таң қалған ұзын сары нөкері:

— Құбылай ханның інісі Құлағуды жақтаған түрі көрінеді. Әлгі зергер, ұста үй, салушылардың еңбегінен түсетін қаражат Алтын Орда қазынасына түспесін деген сияқты,— деді ханға болған оқиғаның қандай маңызы барын білдіргісі келіп.

— Иә, ол солай,— деді Берке, сондағы ызаландырған қалың топтан өшін өзі ала алмағанмен, Шыңғыстың басқа немерелері алып бергеніне риза болып,— Құбылай дұрыс істеген. Бәрібір ондағы зергер, ұсталар Алғұйдың қарамағына кететін еді.

Нөкер таң қалып тұрып қалды. «Хан дегеннің бәрі осылай,— деді ол ішінен,— жазығы жоқ жандарды өзінің қасы қырады. Ал оған бұл қуанады... Неге?»

Берке ұзын сары нөкерінің ойын бөліп жіберді.

— Сәлімгерей жүзбасы келді ме?

— Жоқ.

— Хабар-ошар бар ма?

— Жоқ.

— Қайда кетті екен ол?

Ханның нақақсыз жандар өліп жатқанда қуанып қалғанына іштей ыза болып тұрған ұзын сары өзін-өзі әзер басты.

— Білмедік.

— Білмеуден бөтен қолыңнан еш нәрсе келе ме? — деді кенет ашулана қалған Берке.

— Иә, келмейді.

— Онда жоғал, көрінбе көзіме.

Берке қайтадан отырып жалғыз қалған аққу құсының қайғылы әніне құлағын тосты.

Ал Сәлімгерей Алтын Ордадан қашып кетіп еді. Беркенің жұмсауы бойынша Шелкенені өлтіртпей алып шыққан. Қарақорым ханы түгіл, әнеукүнгі Беркенің сөзінен, егер Шелкене орұсуттардың қолынан өлетін болса, істің аяғы насырға шауып кетуіне шек келтірмеген. Сондықтан монғолдың әйгілі басқағын оларға өлтіртпеуді дұрыс көрген. Шелкене ұзын бойлы, қалың қабақты қара сұр кісі еді. Бұ да ешкімді аяуды білмейтін, қарамағындағы елдің қаққанда қанын, сыққанда сөлін алатын қатал басқақ. Бір кездерде жас бала, кәрі ана демей, орұсуттың талай адамын Қытайға, Мысырға құлдыққа сатқан. Осындай халықты қан жылатқан, жұрттың қарғысына қалған адамды тағы босатып жіберуге бола ма деп ойлаған ол. Әрине, болмайды деп шешкен Сәлімгерей.

Шелкенені алып келе жатқан жасағы бір өзен жағасына жеткен кезде, басқақты орұсут жерінен алып шыққанын, бір-екі күнде Алтын Ордаға жететіндерін айтып, бір жауынгерін қос атпен Беркеге шаптырған. Ал сол күні түнде Шелкенені халыққа істеген қиянатың үшін деп шауып өлтіріп, өзіне сыралғы аз ғана серіктерімен Әзербайжан жеріне қарай қашқан. Қашпасқа да бөтен мүмкіндігі қалған жоқ еді. Жақында Самарқанд жағында Тамдам деген дінге, хандарға қарсы үлкен үлем пайда болыпты, бұқара жұртты күштілерге қарсы қоя бастапты деген хабар шыққан. Сәлімгерей бұны Берке естіді ме, естімеді ме, білмейтін. Естіген болса... Оның үстіне хан құлдар көтерілісіне дем берген қара киімдіні де іздете бастаған. Құлдар көтерілісі есіне түссе күйіп-жанып, кетеді. Беркені хан тағында отырған жерінде ай балтамен шауып өлтірмекші де болған. Өзін-өзі әзер ұстап қалған. Онда да Коломон мен Құндызға арттарыңнан барамын деген уәдесін берген соң... Бұлары аз болғандай, соңғы хан мәжілісінде де сыр беріп қалды. Ызадан, ашудан әбден кектенген екен. Бір күні болмаса, бір күні бұдан да артық бірдеме деп қалуы мүмкін ғой. Осының бәрі Сәлімгерейді қашуға мәжбүр етті.

Расында да Берке бұдан кенет сезіктене қалған. Тамдамның тірі екенін бұ да естіген. Құлдар көтерілісіне дем берген қара киімді адамды, дене бітісі жүзбасы Сәлімгерейге ұқсайды деген сол қырғыннан шала жансар боп аман қалған бір атты жауынгер. Енді осының бәріне көзі жету үшін Берке, Шелкенені емес, Сәлімгерейдің өзін асыға күткен. Оның бір жігіті ұрын келіп, «Орұсут жерінен аман өттік, Шелкенені әкеле жатыр» дегеннің өзіне бір аптадай болып қалды. Ал Сәлімгерейлер болса жоқ. Ханның өзі де енді жүзбасынан шын күдіктене бастаған.

Бұл шақта Алтын Орданың шығыс жағы лаулаған өрт тәрізді еді. Құбылайдан жеңілген Арық Бұғы «Өзгеге күшім жетпесе де, саған күшім жетер - ау!» — деп енді өзіне опасыздық істеген Алғұйға монғолдың әлі де болса ұрысқа жарар екі қосынын жіберді. Бірін Қара Бұқа ноян, екіншісін Мөңкенің ер жүрек баласы Асутай басқарады. Қара Бұқа мен Алғұй Сұм көлдің жағасында кездесті. Алғұй Қара Бұқа әскерін оңдырмай жеңді. Ноянның өзі осы ұрыста дүние салды. Алғұй Іле бойына жетіп қаннен-қаперсіз жатқанында, Талқы асуы арқылы жедел жүріп Асутай қосыны Алғұйдың қолын шапты. Ұрысқа жөндеп дайындала алмай қалған Алғұй, Асутайдан мықтап жеңіліп, ұрыстан аман қалған болмашы әскерімен Шығыс Түркістанға ойысуға мәжбүр болды. Асутай Алмалықты алды. Ар жағынан көшіп келген Арық Бұғы бар әскерімен Іле бойын қыстап қалды. Егер Арық Бұғы тым қызба қанды, қатал қолбасшы болмағанда, мүмкін бұның ісі осы тұстан бастап жөнделіп те кетер еді, бірақ жерінен, елінен айрылған Қарақорымның Ұлы тағының иесі, көп жағдайда өзін ұстай алмады. Сынықтан сылтау тауып, көптеген әскер басшыларының басын алды, ал кейбір сезіктенгендерін құрдан-құр, жазықтары болмаса да орнынан түсірді. Арық Бұғының бұл қаталдығына шыдай алмаған ел бастап келген әмірлердің көбі қыс келе Қарақорым ханын тастап кетті. Арық Бұғының жауынгерлері де жергілікті жердің халқын аямады. Малын, азық-түлігін тартып алды. Содан Іле бойында диқандарының бар егісін жинап алған Арық Бұғы нояндары, жауынгерлері аттарының алдарына қып-қызыл бидай төгіп, оларды қыс бойы асырады. Ал жаз шыға, жемге үйреніп қалған жылқы тебін шөптен іші өтіп, қырыла бастаған. Осындай қиын жағдайға қалған Арық Бұғы жанына Асутай мен өзін әлі де тастап кетпеген әмір, нояндарын ертіп Шандудағы ағасы Құбылай ханның қолына берілді. Жеңген жақ әдеттегідей жеңілген жақты соттады. Құбылай, інісі Арық Бұғы мен кешегі ұлы хан Мөңкенің баласы жас Асутайдан өзгенің бәрінің басын алды.

Алғұй қайтадан күшейді. Кешегі ұлысының билеушісі болған жеңгесі, Қара Құлағудың әйелі Эргэнені енді өзі алды. Мұсабекті қайтадан Бұқар мен Самарқандқа өмір етіп бекітіп, Қиялық Мауараннахр, Хорасанның тең жартысын өзіне қаратып, Жағатайдың, құлап қалған туын қайта көтерді.

Берке дәретін алып, таңертеңгі намазын оқып, енді шайға отыра беремін дегенде, Үлкетай қосынынан шабарман келді. Сұм көл жағасында кездесіп, екі әскер үш күн ұрысқанын, ақырында Алтын Орда қосыны жеңіліп, Үлкетайдың өлгенін, жауын жеңген Алғұйдың өзі бастап Отырарды оңдырмай шапқанын естіді. «Бәсе,— деді ішінен Берке,— киелі аққуымның бірі текке өлмеген екен. Осылай тынарын сезіп едім, бұл жолы әскерімді өзім басқарып бармағаным қандай абырой болды».

Шабарман бұдан да суық хабар әкелген: Құбылай жағындағы Алғұй бүкіл Лабас бойын, Шығыс Түркістанды, Мауараннахр, Хорезмнің тең жартысы мен Солтүстік. Ауғанстанды алып, және Арық Бұғы мен Асутай өздері келіп берілгеннен кейін, Алтын Орда мен Құлағу хандығынан бөтен жерінің бәрі енді Құбылайға бағынды деді. Бұл енді Ұлы хан Құбылай деген сөз еді.

Берке қатты ойға қалды. «Шыңғыс ханның ұлы иелігі енді үшке бөлінді. Оның бір бөлігі — Алтын Орда. Шығысында — Құбылай. Күнгейінде — Құлағу. Рас, Алтын Ордадан бөтен бұлардың өздерінің де қастары бар. Бірақ бұл қастары екі мемлекеттің екеуінің де ар жағында ғой. Ал бер жағында? Тек Алтын Орда. Онда да Бату кезіндегідей емес, Алтын Орда күнгейіндегі Теріскей Әзербайжаннан, Шығысындағы: Мауараннахр, Хорасан мен Хорезмнің тең жартысынан айрылған. Қалғаны да бір мемлекетке жетер жер. Дегенмен, жеп қалған ауыз, алып қалған қол бұны місе тұтқысы келмеді. Және Құбылай бүгін, ертең өзін Қытайдың ханы емес, императоры деп атамақшы деген сыбыс бар. Бұл рас болса, Қытай императоры, Қарақорым Ұлы ханы Құбылай «Шыңғыс ханның орнына мен келдім, ұлы атамның кезіндегідей «монғол атының тұяғы жеткен жерге дейін» менің қарамағымда болуы керек» демесіне кім кепіл? Ал Құлағу болса, о да бір ашқарақ қорқау қасқыр. Грузин патшалары Кіші Давид пен Үлкен Давидтың көтерілістерін қан - қақсата басты. Енді Мысыр, Бейбарыс бастаған мамлюктерді жеңіп алса, бүкіл әлемді үш көкжал емес, екі көкжал басқаруы керек деп, Құлағу ағасы Құбылаймен біржолата құшақтасып кетсе, мен қалай төтеп беремін?»

Берке бұрын, әлқисса, Рашиддиннің «Джами ат-таврихында» айтқандай, өзінің уақтығынан, жаман мінез-құлқынан аса алмай келген. Хан болса да осы жолмен болған. Алтын Орданы басқарса да осы жолдан шыға алмаған. Тек тастай етіп Бату тізгінін тартқан. Алтын Орда өзінің мықтылығынан, бұрыннан қойылған тәртіп, дәстүр, бірлестігімен сыр бермей келе жатқан. Бір қосынның Алғұйдан жеңілгенінен әрине, Алтын Орда құлап қалмайды. Ноғай лашкарқаш-и бұзрұқ жеңілсе де Алтын Орда құрымайды. Алтын Орда өгіздің талысындай, бәрібір үлкен, бірен-саран жерінен біреулердің ұлтандық - сұлтандық кесіп алғанынан таусылмайды. Бірақ, ар жағында не болмақ? Оның үстіне әлі бастары біріге алмай жүрген орұсут князьдары да осылай жата бере ме? Әнеугі Шелкенеге салық төлегілері келмей бас көтерулері сол жата бергілері келмегендерінің белгісі емес пе?

Хан болудың қандай қиындыққа түсетінін Берке жаңа білді. Бірінші рет болашақ ұрпақтың алдында жауапкершіліктің не екенін ұқты. Егер әлемге әйгілі Алтын Орданы құлатпағанның өзінде, қадірін төмендетіп жіберсе, жұрт не дейді? Келешек ұрпақ, әйгілі атасының үрім-бұтағы не айтады? Шоқпарды көтере алмаған басын ұрады, хан болып Ордасын қорғай алмайды екен, несіне таққа жармасты демей ме? Әрине, сөйдейді. Ол аз болғандай, бұған қарғыс айтулары да ғажап емес! Өлерін білмеген әлек деп күлер қастары! Қап бекер Беркені Ақ Ордаға хан еттік дер дос - жақындары!

Қас - дұшпанның, болашақ ұрпақтарының осылай айтылатын ауыр сөздері Беркенің екі иығынан басып кеткен, хан қозғалмай ұзақ отырды. Осылай отыра берсе, жерге кіріп кететіндей көрінді оған. Кенет ол орнынан түрегелді де көлге қарай беттеді. Жоқ, бұл жолы да ол, шын досы жоқ, шын қасы көп Алтын Орданың ханы, көкте құдай жалғыз болса, жерде мен жалғызбын деп, жұбайынан айрылып айдын көлде жалғыз қалған аққумен сырласуға, шер тарқатуға барған жоқ, су жағасында жалғыз отырып шешім алуға келді.

Аяғын ширақ басып Берке көл жағасына да жетті. Кенет жүзі жылып кетті. Көлде бүгін аққу жалғыз емес, үшеу екен. Аналарының жалғыз қалғанын көріп, сірә, бұрын, бір кезде қанаттанып кеткен балапандары қайтып оралған тәрізді. «Құс екеш құс та, ата-анасын, қанаттас бауырларын ұмытпайды. Шыңғыс ұрпағы қалай мені ұмытады, қалай жалғыз тастайды? Жоқ, жалғыз тастамауы керек». Шешім өзінен-өзі туды.

«Төленің баласы екеу болса, мен де жалғыз болмауым керек,— деді ол,— оларға қарсы тұрар мен де серіктер табуым қажет».

Ең алдымен оның есіне Үгедейдің немересі, Қашидың баласы Қайду түсті.

Қайду Жошы ұрпағына жатпағанмен, он сегіз жасынан Батумен бірге Шығыс Жағропада аттаныста болған. Атағы ерте шыққан, ер жүрек ақылды кісі. Алтын Ордаға тілектес. Доңыз жылғы оқиғада Бату мен Берке Үгедей ұрпағы болса да, Қайдуға ара түсіп, ажалдан алып қалған. Қазір Жағатай ұлысымен шектес, Қытай мен Үйғырстанның ортасындағы таулы жердегі ұлысында тұрады. Және осы жер арқылы Жағатай ұрпағымен алаусыз. Кейде сойылдасып та алады. Әскерінің көбі, шешесі Себкенәнің төркіні — Бекрин руларының жігіттері тәрізді, тау елдерінің балалары. Өзгесі Қыпшақ рулары. Егер Алғұй бұдан әрі күшейетін болса, сөз жоқ, Қайду ұлыс билеп отыра алмайды. Сондықтан Қайдудың Беркеге серік болуы сөзсіз.

Берке Қайдуға тоқтады. Тезірек кісі салмақ болды. Берке діншіл адам. Мына көлде жүзіп жүрген үш аққу бұның да үш мықты боп одақтасуына көрінбей ме? Әрине, солай. Сонда Төле ұлына қарсы шығар үшіншісі кім болмақ?.. Үшіншісі Алтын Орда тағына отырып, ісләм дінінің туы болсам деп арман еткен күнінен бастап есінде жүрген жұрт еді. Қазір осы ойын орындауға мезгіл дәл келген тәрізді. Ол Құлағумен соғысып жатқан Мысырдың мамлюктері. Бұл жұрттың қазіргі айбарлы басшысы Бейбарыс. Бұл Мысырға осы жердің монғолдары құлдыққа сатқан Қыпшағы. Қарамағындағы жұрттың бәрі мұсылман. Алтын Орда да мұсылман хандығы. Бейбарыс пен қанды да, діні де бір. Екеуі қосылып Құлағуға қарсы шықса, бұдан артық не керек? Екі мықты екі жағынан, Бейбарыс басынан, Берке аяғынан алып қысса, монғол ажалымен қансырап өлмей ме? Осы ойын орындауға тіпті кірісіп те кеткен жоқ па? Ноғай қосындарының Әзербайжанға аттануы соның басы емес пе? Әрине, басы. Тек енді Бейбарыспен бір сөзге келу ғана қалды. Оған да елшілер жіберу керек.

Берке бағанағыдай емес, көңілденейін деді. Ол тағы да көлдегі құстарға қарады. Үш аққу қатарласа жүзіп сыңсып он салып келеді. Ортадағы даусы таныс, өз құсының үнінде бір жаңа күй бар секілді естілді оған.

Беркеге бұл да жақсы ырым секілді көрінді.

Берке ханға бүгінгі күннің қайғысы мен қуанышы аралас келді. Үлкетайдың жеңіліп, Отырардың шабылғанын естіп ренжісе, өзі хан сарайына келгенде бұны күтіп отырған Қайдудың елшілерін көрді. Елшілерді он сегіз жасар Құтлұн-Шаға, монғолдар Ангриам деп атаған Қайдудың батыр қызы өзі бастап келіпті. Бұл қыз ат жалын тартып мінуге жарап қалғаннан бері әкесімен бірге бірнеше ұрысқа қатысқан. Және үнемі ерлік көрсетіп, жас болса да аңызға айнала бастаған қыз еді. Түр-келбеті де Ангриам деп монғолдар атағандай, шынында да айдай аппақ, әжесі Бекрин қызы болғандықтан ба, қылығы мен ерлігі бірдей біткен, тал бойында мін жоқ сұлу қыз. Әлі күйеуге шықпаған. Бұның күйеуге шықпағанын жұрт әкесі Қайду Ангриамды тек қызым деп қана сүймейді деп өсек те ететін. Жорықтарда ылғи әкесімен бірге жүргендіктен көп жұрт бұл сөзге нанатын да.

Берке Құтлұн-Шағаны бірінші көруі еді. Көп жеген астай төрт қатыннан әбден жеріген, және Құндыздың қайғысы мазалап Беркенің әбден жүдеп жүрген көңілі, түлкі көрген бүркіттей тағы елең ете қалды. Қонақтарға арнап ту бие сойылды. Шара-шара қымыз бен алтын кеселерге құйылған Арранның тәтті шарабы әкелінді. Қарт жырау Сүлеңгүт бәз-баяғы кәрі қобызын сарнатып батыр қызды ардақтап жыр толғады.

«Ай десе — аузы,

Күн десе — көзі

Сұлу қызым сенбісің?

Маржан десе тісі,

Маржандай берік ісі

Батыр қызым сенбісің?»

Құтлұн-Шаға ханға әкесінің Алғұймен соғысуға Беркеден қару-жарақ пен әскер сұраған өтінішін айтты. Қыздан көзін алмай, құмарта тыңдап отырған Берке хан Құтлұн-Шағаның бар тілегін орындайтын боп, өз тілегін білдірді. Сол түні Берке Агриамның тек беті ғана аппақ емес, тал шыбықтай бұралған денесінің де сүттей аппақ екенін көрді.

Берке ертеңіне Қайдуға арнап бал аштырды. Балшы Қайдудың жолы болатынын айтты.

Жеті күннен кейін Жағатай ұлысымен шекаралас отырған Алтын Орда елінен жеті мың әскер жинауға рұқсат қағаз алып, толып жатқан тарту-таралғысын бір көш қып Құтлұн-Шаға да еліне қайтты.

Бұлардың жүріп кеткеніне бір жұма өтпей сонау Мысырдан Берке ханға арналған елшілер келді... Бұлардың ішінде Беркенің көзі түсердей бірде-бір қыз, не келіншек жоқ еді. Кілең ақ сәлделі, көк шапанды, не көк сәлделі, ақ шапанды, сақал, мұрттары ұйысып өсіп кеткен маңғыстаудың тықыр жүнді нарларындай серейген қожа, молда арабтар. Бұлар ханға қыз әкелмегенде, Беркеге қызға бергісіз сыйлық әкелді. Самарқандтағы көпірлерді қырғанын естіген халифтың өзі Шыңғыстағы менің найыбым деп Алтын Орда ханына қымбат өзге тарту-таралғысымен өзінің иығынан алып, бірге күміс зерлі ақ шапаны мен Мұхамед пайғамбардың өзінен қалған жиырма құранның біреуін жіберіпті. Шапан, әрине, халифтың өз иығынан алынды демесе, жұрт қызығар ештеңесі жоқ еді. Құран да жетісіп жатпаған-ды. Мұхамед пайғамбардың мұриттері көп оқыған екен деп айтсын деп, онсыз да тозығы жетіп қалған мұқабасын, ит талағандай етіп жұлмалап тастаған. Бірақ мұсылман қауымына дақпырты қандай! Беркенің мұсылман дінінің Шығыстағы жақтаушысы екенін халифтің өзі мойындапты! Иығынан алып, жібек торқа шапанын беріпті! Бұрынды-соңды бұл болмаған оқиға!

Мысырдан келген елшілерден Берке хан енді Бейбарыстың Құлағумен соғысуын ғана тілемеді. Бейбарысты мұсылмандар қауымы боп кәпірлерге қарсы азаттық аттанысқа шақырды.

Әрине, Берке хан тек сыртқы жауымен күресуді ғана ойлап қойған жоқ. Ол ішкі жауды да есінен шығармады. Кімде-кім Коломон, Құндыз, Сәлімгерейді ұстап, не өздерін, не бастарын әкеп берсе, әр басы үшін бір мың теңге, ал оларға еріп кеткен жауынгерлердің әр қайсысының басы үшін жүз теңге сыйлық беріледі деп бар әлемге лақап таратты. Бірақ бұл хабарға ешкім құлақ қойған жоқ, ешкім ешкімнің басын хан алдына әкелген жоқ.

Алтын Орда қиянатынан қашқан Сәлімгерей серіктермен Тан өзенінен өтіп, Әзербайжан жерінің шетіндегі қалың тоғайда күтіп жатқан Коломондарға келіп қосылды. Әрмен қарай өздері тәрізді орман, тоғайда, тау арасында қашып жүрген әзербайжан жігіттері арқылы Армения жеріне жетті.

Ал бұл кезде Алғұй әбден күшейіп алған еді. Күшейгеннің белгісі сол емес не, ол қарамағындағы әскеріне Самарқанд, Бұхардағы бүкіл мұсылмандарды, бала-шағаларымен қоса қаланың сыртына айдап шығып, тегіс қырып тастаңдар деген бұйрық берген. Жеңіске әбден мастанған Алғұйдың қанқойлығы атасы Шыңғыс ханнан да асып кеткен. Адамды аяуды білмеген Шыңғыс хан мен Бату да мұндай қанқұмарлыққа бармаған. Бірақ қалаларын қорғап, өздеріне аянбай қарсылық еткен жұртты — онда да сұлу қыз, жас балаларын алып қалып бөтен елдерге құлдыққа саттырған. Не монғол нояндарына, хан тұқымына басыбайлы құлы етіп үлестірген. Ал бұл қалалардың мұсылмандарының бар жазығы, кеше Алғұйдың қас жауы Беркеге бағынғандары және Алғұйдың қатын қылып алған Эргэненің өзі Жағатай ұлысының билеушісі болып тұрған шағында мұсылмандарға жаны ашып, кейде оларды қорғағандығы. Осы Эргэне қатын жақында дүние салған. Бұның өлімін де Алғұй мұсылмандардан көрген. Алғұйдың мұсылмандарды тегіс қырамын дегендегі бар себебі осы. Бірақ бұл қырғын болған жоқ. Бұқар, Самарқанд мұсылмандарынан Алғұй әскерлеріне көп қаражат алып берген найыб Мұсабек қаншелек ханды пайдасы тиіп тұрған жұртты босқа қырмауға әзер көндірген.

Бірақ өркөкірек, тәкаппар Алғұй бар жұртты жеңіп алдым деп тым ерте мақтанған екен. Қандай күшті жел болмасын, қарсысынан дауыл тұрса, бетін өзгертеді. Ал ол дауыл, Жошы ұрпақтарының жәрдемімен алға Тарбағатай тауындағы ұлысында тыныш жатқан Қайду еді.

Қайду Батудың соғыс тәсілін білетін дарынды қолбасшы болатын. Және Мөңке, Арық Бұғы кездерінде Қарақорымдағы Ұлы Ордасында қызмет етіп, істі қалай жүргізу керек екенін де білетін адам. Бұл түбі Құбылай мен Алғұйдан өзіне келер қысымшылықты шу дегеннен түсінді. Бұның бағына бір кезде Тарбағатай тауы мен Эмел өзенінің бойында, Монғолдың ұлы даласының батыс жағында, алды — Шыңғыс ханның шарықтағанын көрген, орта буыны — Үгедейдің әке патшалығын ұлғайтқанына куә болған, арты — кешегі Мөңке ханның бүкіл монғол жұртын шашау шығармай, біріктіріп ұстағанын паш еткен, монғолдың Ұлы монғолға айналғанына мақтанған кешегі жауынгерлер, нояндар, олардың ер жетіп қалған балалары тұратын. Бұлардың хандық Қарақорымнан Қытайға көшіп, Ұлы Монғолдың бөлшектеніп бара жатқанын көріп жандары күйетін еді. Қайду ең алдымен осыларға ұран тастады. Бұлар ду көтерілді. Оларға Бекрин, ұйғыр жігіттері мен Қыпшақ жауынгерлері қосылды. Сөйтіп, аз айлардың ішінде-ақ Қайдудың қарамағында Шыңғыс ханның әйгілі қатал тәртібін мықты ұстаған бірнеше бұлұқ пайда болды. Қайду орта бойлы, құйған қыштай мығым кісі. Шешесіне емес, әкесіне ұқсаған, нағыз жалпақ бет, шықшытты монғол. Сақал-мұрттан мүлдем ада. Бар болғаны иегінде біріне-бірі шалғай тоғыз тал сақал біткен. Қайду үнемі оларды сылап-сипап отыратын. Әкесі Қашы маскүнем боп арақтан өлген. Соған қарамай маскүнем Қашидың баласы Қайду өмір бақи арақ-шарап түгіл, қымызды да татып көрмеген. Бұл Үгедей ұрпағына жатпайтын әдет еді. Ұлы ханның бала-шағасы, немерелері тегіс Қашидай маскүнем болмағанмен, арақ-шарапқа келгенде ораза тұтпайтын. Ал Қайду... Жоқ, Қайду Шыңғыс немерелерінің ішіндегі атасы Шыңғыс хандай бар жан-тәнімен ештеңеге берілмейтін, не шешсе де салқын қанмен ойлап шешетін кісі еді. Бұл да атасы Шыңғыс хандай, бірнеше қосын жасақ құрып, олардың әрқайсысының басына тек өз балаларын ғана қойды, Құбылай жолында тұрған қосынға екінші ұлы Орысұтты, Алтын Орда шекарасына үшінші ұлы Байқағарды, Құлағу әскері келеді-ау деген тұсқа төртінші баласы Сарбанды қойды. Өзі тұңғышы Шақар мен ең кенже қызы Құтлұн-Шағаны жанына қалдырып, Алғүй әскеріне қарсы шығуға дайындала бастады.

Қайдудың өзге қолбасшылардан тағы бір артықтығы болды. Ол жергілікті тұрғын халыққа тыныштық әкелді, елді орынсыз талан-таражға салып тонамады. Сондықтан да Қайдудың әскеріне бес мың жігіт берген Лабасы бойының Алтын Ордаға жататын Үйсін, Дулат Жалайырлары бұл араға Қайду келгенде, қолдан келер жәрдемін аямады. Сондай-ақ, Қайду өзінің нағашы жұрты Бекрин руының да адамдарын өзіне тарта білді. Бұл аймақта болған ұрыстарда бұл ер жүрек тау халықтарының көп жәрдемі тиді. Осылай мықтап дайындала алған Қайду доңыз, яғни 1263 жылы, Алғұй жіберген әскерімен Эмел өзенінен төмен, монғол жерінің күнбатыс даласында кездесті. Алдыңғы шепке Қайду мұндай жазық жерде өзіне ешкімді шақ келтірмес Қыпшақтың Алтын Ордадан алған жеті мың атты әскерін қойды. Осы әскердің ең жауынгер, бұрын сан айқастарды бастарынан өткізген найзагер жасағын Құтлұн-Шаға қыз басқарды.

Эмел өзенінің Шығыс жақ даласында Алғұй қолын Қайдудың әскері оңдырмай жеңгенін Берке қоңыр салқын қыркүйектің басында есітті. Бұл сол күні Болғардан келген елшілерді қабылдап, алтын тағында отырған еді. Хабарды әдейі жеткізген адам «осы айқаста Қайдудың кенжесі Құтлұн-Шаға үлкен ерлік көрсетті. Ең бірінші боп «Үгедейлеп!» жауға шапты. Ең бірінші Алғұй жауынгерін найзасымен шаншып құлатты. Өзгеге тамаша үлгі салды. Қыз құрлы жоқпыз ба, деп Қыпшақтың намысқор жігіттері жауға жолбарыстай тиісті. Мауараннахр мен Шығыс Түркістаннан келген ат үстінде шайқасуға тоғышар Алғұй әскері оларға төтеп бере алмады. Жаудың шебін алғашқы тоз-тоз еткен осы Құтлұн - Шаға басқарған Қыпшақтың жеті мың жігіті болды» деген.

Берке езу тартып күлген. «Қол басқарып, жау шапса, бұл қыз тек төсекте ғана бапты емес екен ғой! Сені тапқан анаңнан айналайын!». Ол Құтлұн-Шағаның сонау бір айлы түндегі қылықты мінездерін есіне түсіріп тағы күлген. «Қыпшақтың: әйел сыртта — сал, үйде — ұстамды, төсекте жомарт болуы керек. Ал егер әйел сыртта — жомарт, үйде — сал, төсекте — ұстамды болса, ондай әйелден без» дейтіні, осындай Құтлұн-Шаға тәрізді қай жерде қандай болуды білетін бикештер туралы айтқан екен ғой!».

Сол күні тағы бір жақсы хабар жеткен. Үш айдан бері әскерімен тіресіп, бірін-бірі басып кете алмай жатқан Ноғай қолы жақында ғана, әйтеуір жау шебін бұзып, Әзербайжан жеріне кірді деген Құлағудан шабарман жеткен.

Алтын Орданың күнгейі мен Шығыстан торлаған қара бұлттың шеті сөгіліп, жарық аспан көріне бастағанына тәубе еткен, діншіл Берке сол күні басы ақсарбас қошқарды құрбандыққа атап, қыруар мал сойып, айқастардың алғашқы жеңіс күндеріне арнап той жасаған.

Осы тойдың қызған бір кезінде тағы бір хабар алған. Бұл жолғы жеткен сөз жыланның ысылдағанындай суық еді. Ат терлетіп алыстан келген шабарман «Орұсуттың Растау Ярасул, Сөздел, Үстік қалалары Қарақорымға да, Алтын Ордаға да Ханбалыққа да алым-салық бермейміз деп тас-талқан болып жатыр. Қолдарында найза, айыр, сойыл, қылыш ұстағандары да бар. Ереуілге шыққан жұрт ештеңеден тайынар емес. Бұл сойқан бүкіл орұсут жеріне жайылып кетпесе нетсін!» деген. Берке тойын тоқтатпаған. Бірақ Берке күпті емес еді. Алтын Орда қан-жоса етіп басқан елуінші жылдардың басындағы орұсуттардың ереуілдерінен кейінгі, бұл үлкен көтеріліс екені белгілі еді. Берке отызыншы жылдарының аяғында бұл жұртты қансырата шапқан-ды. Енді олар әзірге басын көтере алмас деп жүргенінде — орұсуттардың шығыс - түскей жағындағы ең үлкен қалалары ереуілге шықты деген хабар жетті. Өрттің өршуіне жол бермей сөндіру керек, әйтпесе әрі қарай жайылып кетуі әбден мүмкін. Иә, сонда бұны аямай басатын кім? Кім орұсут елін жан-тәнімен жек көреді? Ең дұрысы Беркенжар болар еді, бірақ ол әлі айығып кеткен жоқ қой.

Берке Сауықты ыңғайлы көрді. «Рас, Сауық қазір қартайып қалған. Бірақ өшпеген ескі кек, әрқашан да қайтуын тілеп тұрады. Сол күні туды. Енді, Сауық орұсуттардан өшін бір алып қайтсын!» — деді Берке.

Бұл қалалар Алтын Орда, Қарақорым басқақтарының қиянаттары шектен асып кеткен соң көтерілген. Монғол шапқыншыларының істегені, мәдениеті, шаруашылығы сол кездегі Шығыс Жағропа елдерімен бірде бір кем емес орұсут мемлекетін құр ғана кейін кетіріп қойған жоқ, қанды қылышын әлсін-әлсін сермеп әбден қорқытып тастаған. Бірақ «қорқа-қорқа батыр болдық» дегендей, нәсілі ер жүрек жұрт, ұзақ көніп отыра алмаған. Және халқының жағдайын ойлаған, бірігіп ел болайық, монғол шапқыншыларының құлдығынан құтылайық деген орұсут князь, боярлар да аз болған жоқ. Әсіресе, орұсут халқы өз тәуелсіздігін жоғалтқысы келмеді. Қанша қырылса да, қиянат көрсе де, жерлерін монғолдар шапқан кезден бастап, ғасырлар бойы өзінің азаттық күресін тоқтатпады.

Осындай күрестің бірі Ростов, Ярославль, Суздальда лап ете қалған қарулы көтеріліс еді. Алтын Орда, монғол басқақтарынан күнде көріп жүрген қиянаттары ғана емес, бұл бас көтерудің басқа да себептері болатын.

Қарақорым, Алтын Орда хандары орұсут жерін басқақтары мен бесермандары арқылы да бағындырып, ұстауға тырысқан. Бұл бесермандар көбіне кілең бұзықтардан, не жұрттың қанын білдірмей соратын сүліктер тәрізді сұмдардан қойылатын.

Адам басына төленетін ақшадай салықтан бөтен, бағынышты ел егінінің оннан бірін, аулаған аңдарының тең жартысын Ордаға беретін. Бесермандар салық төлеушілердің ақшасы жоқ болса, өсім үшін өздері төлеп, артынан әлгі салық төлеушілер борышын кезінде қайтара алмаса, өздерін құлдыққа сататын.

Осы алым-салықты дұрыстап жинауға Мөңке жылан, яғни 1257 жылы орұсут еліне Пысық Берке деген шектен шыққан зұлым, бір кезде Үгедейдің атақты ақылшысы Елуүй Чүцайдан сабақ алған кісісін жіберген. Бұл келгеннен кейін екі жылдан соң алым-салықты көбірек жинағалы кісі, мал, егін санағын жүргізуге кіріскен. Ең алғашқы жұмысын ол Сартақ хан кезінде аз уақытқа болса да (таққа Берке отырғанға шейін) мұндай алым-салықтан босатылған Новгород жерінен бастаған. Жаңа санақтан кейін жаңа салық келетінін түсінген қара шаруа, қала тұрғындары бұған көнбей қайтадан дүрліге қалған. Бұл тұста Новгород, Псков жеріне неміс рыцарьлары жаңа аттанысқа дайындалып жатқанын білетін хандарымен жанжалдасқысы келмей, халықты басқан. Пысық Беркенің жасағымен өзі бірге жүріп, санақты өткіздірген. Жаңа жасақтың ауыртпалығын бұқара жұртқа түсірмекші болған Новгород боярлары Невскийді қолдаған. Александр Невскийдің бұл әрекетіне қарсы шыққан Святослав, Растаудағы шіркеу қызметіндегі інісі Ростиславқа қашқан.

Ал Құбылай Ұлы хан болғаннан кейін, алым-салық жинауға орұсуттың жеріне Қитақ деген бір қытайша хат танитын қаныпезерін жіберген. Қитақ Ярославльде орда тігіп Үстікке Бұғы деген өзінің көмекшісін қойған. Және орұсуттың мұсылман дініне кірген Изосима деген монахын өзінің оң қолы еткен. Қитақ Бұғы, Изосима, бүкіл Ярославль, Үстік жерінің қара шаруаларының қанын сүліктей сорған. Бесерман міндетін де өзіне алған Қитақ көп адамды борышын төлей алмағаны үшін құлдыққа сатуға Стамбол, Бұхар, Самарқанд, Өргеніш базарларына айдаған. Осындай жағдай Ростов, Владимир, тағы басқа қалаларда да болған. Мұндайға көнгісі келмеген, әсіресе бесермандардың қиянатына, зорлығына шыдай алмаған орұсут халқы тағы үдере көтерілген.

Берке бұл көтерілген қалалардың ішінде, әсіресе, Ростовты қауіпті санаған. Ол Сауыққа орұсут ереуілшілерін жусатуды Ростов қаласынан бастауды бұйырды.

Көк найзалы, бұзаубас шоқпарлы Алтын Орданың Сауық бастаған әскері жедел жүріп, Ростов қаласының теріскей - батыс бүйірінен кеп тоқтады. Бұл тұста таң да саз беріп қалған еді. Жауынгерлер аттарын қаңтарып суытып қойып, қостарын тігіп, таңертеңгі астарын ішкенше күн де шығып қалды. Сәл көз шырымын алып, өзіне арналып тігілген ақ шатырдан Сауық шықты. Бұл қазір жетпіске жетіп қалған шалға ұқсамайды. Өзіне тапсырылған істің жауапкершілігінен бе, әлде орұсут жұртына деген өшпенділігінің қайтатын күні туғанына көңілінің көтерілгенінен бе, тіпті жасарып кеткендей. Көзінде от бар, қимылы да тәкәппар, шапшаң. Үстіндегі темір сауыты күн көзімен жарқырап сәл тұрды. Шатыр алдында күзеттегі екі жігітке:

— Біреуің барып, ана шеткі қос жақтағы Қаблан - ноянды шақырып келіңдер! — деді.

Тапал бойлы қара жігіт, қолындағы жалаңаш қылышын қынабына салды да, Сауық көрсеткен жаққа жүгіре жөнелді.

Қолға тиген билік кімді өзгертпеген. Кеше Ордада жүргенде Сауықтан жуас, үнсіз адам жоқ еді. Хан ақылшысы деген ат бұған жай әшейін берілген сияқты көрінетін. Ханға ақыл айтқанда да даусын шығармай, хан егер дұрыс емес десе қоя салатын. Бұған хан не істесе де бәрібір тәрізді көрінетін. Жұрт осылай деп ойлайтын. Сауық қартайған сайын, тұғырдан түскен қыран тәрізді, күннен-күнге өзінен-өзі таусылып бара жатқан.

Ал шынына келгенде, бұның бәрі Сауықтың сыртқы бейнесі еді. Іші алай-түлей арман болатын. Бұл да Шыңғыс ұрпағы. Ал қай Шыңғыс ұрпағы ел билесем, хан болсам деп армандамай өткен? Бұның он жеті жасынан бергі арманы, ұлы атасының өзге ұрпақтарындай, өзгелердің тағдырын шешер алтын тақта отырсам деген көкейкесті тілек еді. Шыңғыстың Құлан қатынынан туған Құлқан Коломна қаласында өлген күні-ақ, хан тағы бұған жоқ екенін білген. Бәйбішеден тумаған, тоқалдан туған жал-құйрықсыз жалғыз балаға, төрт қасқыр бөлтіріктері қайдан жол береді. Арқа сүйер Орда маңайында не жақыны, не бірде-бір жұрт санасар нағашысы жағынан ешкімі жоқ, ал өз күшімен жол саларлықтай, әкетіп бара жатқан жігер, қуат тағы бітпеген. Хан болсам деген жүректі жалап әкетіп бара жатқан құр арман тек түнді - түнге ұрып аласұрғызады. Әке болса бір сәрі. Қамысты аралаған жолбарыстай жалғыздығынан қорықпайтын көкжал еді. Жалғыз ұлын да жанындай жақсы көретін. Ол үшін күресе де алар еді. Жеңе де алар еді. Бірақ ол жалындай жанып тұрған шағында лап сөнді. Әке жолын қуып, өз бетімен Шыңғыстың басқа ұрпақтарының шебін бұзу бұның қолынан келмеді. Әрқайсысынан қаймыға берді. Сөйте-сөйте іштегі арман өкінішке айналды... Бірақ осының бәріне кім айыпты? Әрине, әкесін өлтірген орұсуттар. Міне осыдан барып, Сауық өзіне тағы бір арман тапқан. Ол арман — әке кегі. Қолымнан хан болу келмесе, әке кегін алу келеді ғой деп ойлаған ол. Сол кегін қайтарам деп бұл екі-үш рет майданға да түскен. Бірақ бойға бітпеген дарынды қайдан алсын, қарамағына берілген жасақты түгел қырғызып, өзі әзер тірі қалған. Астындағы жүйрік аты ажал құрығынан бір емес, үш рет алып шыққан. Мұны көрген Бату мен басқа хан балалары, бұдан майдангер шықпайды екен деп, «ақылды, асықпай шешім» айтады деген бойында бар аздаған ұстамдылықты (о да қорқақтықтан туған) сылтау етіп, Орда маңында қалдырған. Өзін осындай күйге жеткізген, көзіне айтпаса да сыртынан Шыңғыстың өзге ұрпақтарына күлкі еткізген бөтен жұртқа енді бұл бұрынғысынан бетер кектене түсті. Бірақ іші қазандай қайнағанмен, қолдан келер дәрмені жоқ, хан сарайларында ақылгөй пішін көрсетіп жүре берген.

Сауықтың осы күнге дейін өзі де түсінбейтін бір қылығы бар. Ол Александр Невскийдің немере інісі Гаврийл келген жолы, ас үстінде улы шарапты іше жаздағаны. Әрине, Рашиян шарабының улы екенін білген жоқ қой. Білсе... Онда бұл өліп кетсе де кесені қолына аларма еді, әрине, алмас еді. Сол күнгі бұның ерлігіне айыпты тек сондағы сары сақалды ұзын Святослав... Ол келгеннен - ақ Сауықтың ызасын қоздырған. Бұған оның түрі де, Алтын Орда адамдарына қараған көз қарасы да ұнамаған. Қарадан-қарап жүріп Святосдавқа өштесе қалған. Сондай жек көрген кісі бұған «сен, әрине, бұны ішуге қорқасың ғой» деген пішінмен кесесін бұған қарай сырғытқан. Өзінің қорқақ екенін білетін және өмір бойы сол қорқақтығынан құтыла алмай жүрген Сауықтың ана сары сақал ауырған жерін басқан. Ызаның салдарынан кесені қолына алған. Сауық осы күнге дейін өзінің сондағы қорқақтығын қалай жеңгенін білмейді.

Міне, сөйткен Сауыққа Алтын Орда ханы қалың қолды басқартып, бас көтерген қалаларды тыныштандыруға жіберіп отыр. Қандай сенім — ең болмаса қартайғанда бір ісіңмен көрініп қалсаң, оның өзі абырой ғой? Осындай тұжырымға келген Сауық көтеріліс ұйымдастырған қалаларды етігінің өкшесімен басып, жан шып, ендігәрі үн шығармастай етуге бар еді? «Әттең, сондағы сары сақал қолыма түссе, деді ол ішінен әлі де болса Святославтың өзіне ұсынған кесесін ұмытпай сөйлетер ем Алтын Орданы неге жек көретінін!»

Қылыш, қанжарларын салдырлата нар түйедей үлкен Қаблан - ноян да жетті ау ентіге.

— Қаланы бірден шаппай, алдымен тілектерін біліңдер,— деді Сауық Қаблан-ноянға,— жасағыңнан жүз кісі ертіп, қазір ереуілшілерге бар. Сөйлес, не тілейді, сонысын біл. Егер сұрайтындары біздің ыңғайымызға келмейтін болса, қорқыт. Қала сыртына ұрысқа шығыңдар де. Әйтпесе қалаларыңды өртеп, өздеріңді тегіс қырамыз де.

— Құп, жақсы. Қазір барамын,— деді Қаблан - ноян. Сөйдеді де, алпамсадай денесіне қарамай, шапшаң бұрылды да, кетіп калды.

Күн түс бола ол қайта оралды.

— Келістік,— деді.

— Неменеге келістің?, — деді Сауық.

— Ертең осы уақытта қала сыртына ұрысқа шығамыз,— деді орұсуттар.

Майданға шығудан іштей сескеніп қалған Сауық:

— Келісімге келетін бөтен жолы болмады ма? — деді.

— Болмады,— деді Қаблан - ноян.— Онғылары бөтен елге қонаққа кетіпті. Боярларын хизарларына қамап қойыпты. Ереуіл жасап жүрген кілең қара табан бұқара. Бастықтары Растислау деген поп екен. Ақылшысы Спеттіслау деген Новгородтан келген шал көрінеді. Растислаудың ағасы тәрізді. Ереуілшілер Қитақ әмірді ұстап алып шынжырлап қойыпты. Мұсылман дініне кірген Изосима деген бесерманды өлтіріп тастапты. Оның орнына салық жинаушы мұсылман Бұғы шіркеуге барып шоқынып, кәпірлер жағына шығыпты. Бастықтары: «Егер сен дерге Қитақ керек болса, алым-салықты алуды мүлдем қойыңдар, сонда босатамыз» деді.

— Сосын не айтты?

— Бесерман — қырмандардың бәрін бұл арадан мүлдем алып кетіңдер, дейді.

— Сен не дедің?

— Оларың болмайды,— дедім.— Қитақты да босатасыңдар, алым-салықты да төлейсіңдер. Осылай істемесеңдер, күшпен істетеміз. Біріңді қалдырмай қырамыз,— дедім.

— Олар не деді?

— Бүйтіп дүниеде жүргенімізше, өлгеніміз жақсы. Кәне, бізге тиісіп көр дейді.— Түрлері неден болса да тайынар емес.

— Өздері қанша адам?

— Қала толы қолына қару-жарақ, айыр, орақ ұстаған адам.

— Не істейміз?

— Шабамыз! Дәл қазір шабамыз! Ертең қала сыртында кездесеміз деп жорта айттым. Біздің мұнда келгенімізді естісе, Растауға бөтен қалалардан жәрдем жетуі мүмкін. Бүгінгі орұсут кешегі орұсут емес. Шешінген судан тайынбайды. Қорқатын түрі жоқ. Енді бізге бір сәт те кешігуге болмайды.

— Дұрыс,— деді Сауық, бөтен жолдың қалмағанын түсініп.

Сол сәтте дабыл қағылды. Әскер лек-лек боп сапқа тұрды.

— Алға! — деді Сауық.— Ұлы Шыңғыс аруағы, қолдай көр!

Бесін өте Алтын Орда қолы қалаға кірді. Үш күн бойы қырғын ұрыс болды. Әр үйді, әр қораны бекініске айналдырып алған орұсут оңай берілмеді. Айқас басталған шақта - ақ, қорыққандарынан монғолдар жағына шығып кетер деген қамаудағы өз боярлары мен Қитақты, бірден өлтіріп тастаған. Қандары қарайып ереуілшілер ақырғы демдері біткенше қарсыласып бақты. Өлеміз деп қорықпады. Екі жақтан да шығын аз болған жоқ. Тек Алтын Орда Ростовтың ағаш үйлерін өртей бастағанда ғана, бала-шағалары өртенеді екен деп қорыққан халық амалсыз қол көтерді.

Қолға түскен көтеріліс басшыларын кісі өлтірілетін, халық жиналатын майдан алаңына алып барды. Ат үстінде отырған Сауық сонда ғана үсті-басы қан-қан болған ереуіл басшысы епископтың жанында тұрған ұзын бойлы, сары сақалды шалды көрді. Оған шалдың түрі, сырт келбеті таныс тәрізденді. Атын тебініп қап тұтқындардың қасына барды. Таныды. Баяғы Сартақ ханның сарайында өштескен Святослав екен. Сауық қуанып кетті.

— Кездестік қой,— деді ол.

— Иә, кездестік,— деді Святослав, көнектей боп ісіп кеткен еріндерін әзер жыбырлатып.

Сауық қайтадан өз орнына келді.

Арық, ілмиген қара жігіт қолға түскен адамдардың кім екенін, қандай қылмыс істегенін қағазына қарап оқи бастады.

— Васильев Корней. Дьякон, 40 жаста. Көтеріліс ұйымдастырушылардың бірі. Алтын Орданың бес жауынгерін өлтірген.

Үкімді Сауық айтып тұр. Тұтқынды еңгезердей екі жауынгер алға итеріп шығарды.

— Қылышпен шауып өлтірілсін!

Тұтқынның қасында тұрған, ат үстіндегі балуан денелі жирен сақалды монғол — жан алғыш, қылышын қынабынан суырып, ерінен сол көтеріліп, үзеңгісіне шірене, тұтқынды иық тұсынан кеп бар пәрменінше тартып қалды.

Жан алғыштың қылыш сілтеуіне риза болған Қаблан - ноян:

— Па, шіркін! — деді.

— Геннадий Михайлов...— дейді хатшы — үш жауынгер өлтірген.

— Қылышпен шауып өлтірілсін!

Тағы насаттанған дауыс.

— Па, шіркін!

— Валдай Смирнов...

Бұл жолы үкімде өзгеріс бар.

— Монғолша омыртқасы үзілдіріліп өлтірілсін!

— Қылышпен шауып өлтірілсін!

— Омыртқасы омырылып өлтірілсін!

— Мойнын бұрап өлтірілсін!

— Іштен тепкілеп өлтірілсін!

— Өлтірілсін! Өлтірілсін! Өлтірілсін!

Кілең өлтірілсін! Не көрмеген сорлы бұл халық! Қалай жойылып кетпеген!

Қағазды оқып тұрған ілмиген қара, кенет қатар тұрған ең соңғы екі сары сақалды кісілерге бір қарады да:

- Көтеріліс ұйымдастырушылардың бірі — Святаслау Миланский. Көтерілістің бас айыпкері, Растислау Миланскийдің ағасы. Жасы алпыс жетіде. Новгород қаласынан келген. Осы көтерілісте шейіт болған Алтын Орданың екі әскерінің өлімі үшін айыпталады,— деді.

— Інісі анау жанында тұрған ба? — деді Сауық.

— Иә.

— Ол осы көтерілістің басшысы ма?

— Иә.

Сауық атын тағы бір тебініп қап, Святославтың қасына барды. Ағайынды екеуінің бетіне қарап ұзақ тұрды.

— Сен мынау ініңді өте жақсы көресің бе? — деді Святославқа.

— Өте жақсы көремін,— деді Святослав.

Сауық тағы ойлана қалды. Оның есіне осыдан он екі жыл бұрын болған бір оқиға түсті. Ол кезде Сауық Бишбалықта еді. Өз көзімен көрген.

Сол жылдардағы нәсырәни дініндегі ұйғыр идиқұты Баурчик жұма күннің бірінде Ұйғырстандағы мұсылмандарды қырып тастамақ болады. Осылай істеуді оған осы тұстағы, Үгедей өліп, соның орнына қалған бүкіл монғол билеушісі Үгедейдің бәйбішесі Огул-Гаймыш Баурчикке тапсырған дескен жұрт. Бұл айтады. Ұйғыр идиқұтының осылай істемекші болып жүргенін Бишбалықтың мұсылманы, Сейфутдин деген белгілі кісі біліп қалады. Бұны оған Текмиш деген ұйғыр айтады. Огул-Гаймыштың өз аузынан естімек боп идиқұт хан Ордасына жүруге дайындалады. Осы уақытта Ұлы хан тағына Мөңке сайланады. Идиқұттың мұсылмандарды қыруға әзірленіп жатқанын оған Сейфутдин жеткізеді. Идиқұт жолға шыққалы тұрған бетінен қайтпайды. Мөңкені құттықтамақ боп Қарақорымға келеді. Сол жерде Мөңке идиқұтты ұстап алып зынданға салады. Қанша қинаса да, идиқұт мұсылмандарды қырмақшы болғанын айтпайды. Тек Бала-битикчины кездестіргенінде ғана мойнына алады. Мөңке идиқұтты өлтірілсін дейді. Сол Баурчиктің Бишбалықта қалай өлтірілгенін Сауық өз көзімен көрген. Тал түсте, осындай кісі жазалайтын майдан - алаңға үсті-басы пара-пара болған, сұлу мұртты, сымбатты денелі Баурчикті жендеттер шынжырлап алып келген. Дәл қазіргідей арық, ілмиген қара сұр кісі Мөңкенің: «Ұйғырстандағы бар мұсылмандарды жұма күндерінің бірінде мешітте қырып тастауға дайындалған қылмысы үшін ұйғыр идиқұты Баурчик Бишбалық қаласында, халықтың көзінше майдан - алаңда ең жақын адамдарының бірінің қолымен пышақталып өлтірілсін! Сол өлтірген адам идиқұттың орнын бассын!» деген үкімін оқыған. Майдан сәкісіне екі жігіт Баурчикті алып шықты. Сол кезде идиқұттың өзінен айнымайтын сұлу мұртты сымбатты денелі жас жігіт алаңға көтерілген. Бұл Баурчиктің туған інісі Үкенжем еді. Үкімді оқыған кісі оның қолына үлкен пышақ берген. Баурчикті қасындағы жендеттер жығып салып, қол-аяғын байлаған. Үкенжем нағыз - бір қой соятын адамдай, үн-түнсіз бір тізерлеп ағасының жанына отырған. Сосын үкім оқыған адамға қараған. Ол «баста» дегендей басын изеген. Үкенжем аспай-саспай жарты құлаш өткір пышақпен ағасының денесін бір-екі рет пышақтап жіберіп, кәдімгі қой сойғандай іреп соя бастаған.

Аздан кейін ол қан-қан боп орнынан тұра келген. Енді ол үн-түнсіз үкім оқыған адамға тағы қараған. Үкім оқыған адам қасында ұстап тұрған дәйекшісінің қолынан алып оның иығына, идиқұт белгісі, зерлі шапан жапқан. Басына үкілі сусар бөрік кигізген.

Қарғысты оған жұрт ішінен айтқан. Ал дауыстап «идиқұт дәрежеңіз құтты болсын!» деп қошеметтеп басын иген. Жаңа идиқұт жендеттерге ескі идиқұттың денесін алаңнан алып тастаңдар деген қолымен ишарат істеген де, тізгінінен ұстап тұрған күміс ер тоқымды қара жорғасына мініп, жал-құйрығын төгілдіре, соңынан нөкерлерін ертіп, идиқұт сарайына қарай кете берген.

Міне, осы оқиға өмір бойы есінде қалған. Қазір де көз алдында елестеп тұр.

— Біз сенімен таныспыз ғой,— деді Сауық Святославқа,— Сартақ ханның дастарқанынан бірге дәм таттық. Соның құрметіне сені тірі қалдырғым келіп тұр. Бірақ, қылмысың ауыр. Жаза тартпай кетуің мүмкін емес. Сенің жазаң мынау болсын, өз қолыңмен мынау ініңді буындырып өлтір. Бәрібір ол өледі. Жасы да келген, енді жер басып тірі жүруінің қажеті жоқ. Сөйтсең өзің тірі қаласың.

— Жарайды, қолымды шеш.

Сауық Святославтың дегеніне күмәні болмаған. Қандай адам, өзі тірі қалар болса, біреуді аяйды? Бұл Шыңғыс ұрпағы үшін түсініксіз ұғым. Әрине, өз інісін ағасының өлтіруі — қара халықтың ұғымында кешірілмейтін күнә. Сауық қасының жай өлмей, осылай қара бет болып өлгенін тілеген. Мейлі оның осылай қара бет болып өлгені, тек қара халықтың түсінігі - ақ делік деп ойлаған Сауық бәрібір қара беттің аты қара бет қой. Святославқа осындай қылмыс істеп өлсе, өші қайтатындай көрінген оған.

— Шешіңдер қолын,— деді Сауық жендеттерге:

Аналар Святославтың қолын шешті.

Святослав кендір арқан батып кеткен білегін уқалап сәл тұрды.

— Ал! — деді Сауық.

Сол сәтте Святослав барыстай атылып секірді де, Сауықты аттың үстінен жұлып алып, жерге бірге құлады. Көзді ашып-жұмғандай уақыт өткен жоқ. Жетпіске таяп қалған адамнан мұндай қимылды күтпеген жендеттер шу дегенде сасып қалды. Естерін жинап, Святославты Сауықтан айырып алғанда, Святославтың Сауықты буындырып өлтіріп тастағанын білді.

Астындағы есік пен төрдей қара жал буырыл айғырын бастырмалатып келіп Қаблан-ноян:

— Кетіңдер! — деп ақырды жендеттерге. Сөйдеді де құшақтасып қатар жатқан екі шалды, жарқылдаған алмас қылышпен тартып - тартып жіберді. Қос дене, бірнеше бөлшектеніп ұшып - ұшып кетті. Бір-біріне тірі күндерінде қас екендерін ұмытпайтын Сауық пен Святослав дүниеден осылай өтті.

Екі мыңдай жауынгерін жоғалтып, Ростов қаласының адамдарын қан-жоса етіп қырып, Қаблан-ноян Алтын Ордаға қайтты. Өзге қалалардың қарсыласқандарының бәрін Алтын Орданың өзге әскерлері дәл осылай қанға батырып, екі жетіге жеткізбей көтерілісті басты.

Алтын Орда ханы Берке бұл күндерде шын көңілді еді. Ноғай әскері Әзербайжан жеріне дендеп кіріп бара жатқан. Оның үстіне тағы әскер сұрап, сонау Іле өзенінің бойынан Құтлұн-Шаға келген. Бұнымен қатар Беркені қобалжытып тастаған орұсут қалаларының ереуілдері де басталған.

Мұндай жағдайда хан қалай көңілді болмасын! Хан үнемі көңілді болуға тиісті. Өйткені, қуаныштың бәрі оныкі. Қайғының бәрі — өзгенікі. Расында да солай емес пе? Анау, орұсут қалаларының көтерілістері басылды. Қаншама орұсут адамдары өлді. Ал тіпті Алтын Орданың өзінің қаншама жауынгерлері қаза тапты. Іштерінде нелер уылжыған жас, кемпір-шалдардың көздерінің қарашығындай нелер жалғыздары кетті. Олардың өлгені кімге батады? Қайғысы кімдікі? Әрине, соларды жоғалтқан тек сол өзгелердікі. Ал хандікі тек сол, қалалардың көтерілісін басқан жеңіс қуанышы! Қанша жұрт қырылмасын, тек жеңсе болғаны! Соған ол қуанады. Соған ол масайрайды. Ал өлгендер үшін ол көзіне жас алып қайғырмақ түгіл, оларды есіне де алмайды. Ертең-ақ ұмытады. Тек жүрегінде олардың жеңісі ғана қалады. Ал олар тіпті жеңе алмаса ше? Жоқ, жауынгерлер өлсе де жеңуге тиісті, өліп жатып, жеңіп шығуы керек. Бұл Шыңғыс ханның тілегі, өмірі. Сондықтан да ол бүкіл әлемнің тең жартысын жеңе білген. Оның өмірін жауынгерлері де сондықтан орындаған. Өліп жатып орындаған.

Тек жеңісті ғана күткен, тек жұрттың бәрі өзіне бағынуды ғана қалаған Берке, Құтлұн-Шағадан да соны талап етті. Ал еркекжанды батыр қыз Берке тілегінен шыға алмады. Еліне қайтуға асықпады. Алтын Орда ханының әбден мауқын басып, әскер алып әкесі соғысып жатқан Іле бойына келгенінде, үлкен жамандықтың үстінен шықты. Алтын Орда ханының көңілін табамын деп жүріп, әскерді ең керек шағында жеткізуге үлгермегенін білді.

Құтлұн-Шаға еліне оралғанша, бұл жақта — Орта Әзия мен Шығыс Түркістанда көп өзгеріс болған. Қайду әскерінен алғашқы жеңілгенінен кейін, даңқ құмар Алғұй қатты намыстанып, Қайдуға қарсы әйгілі бір әмірімен қайтадан көп қосын аттандырған. Бұл тұста Қайду осы арадағы Жағатай ұлдарына жататын шағын әскерлерді оңай жеңіп, Лабас аймағының біраз жерін басып алған.

Алғұй мен Қайдудың жауынгерлері Іле өзенінің бойында кездесті. Бұл ара төбелі, адырлы болғанымен, дені жазық еді. Атты әскерге ыңғайлы жер. Бірақ мұның алдындағы ұрыстарда Қайдудың Алтын Ордадан алған өзіне жататын атты әскері әжептәуір сиректеніп қалған. Ал Беркеге жіберген қызы - Құтлұн Шаға келе қоймады. Үгедейдің соғыскер немересі амал жоқ, барымен жауға шықты. Бірақ, Бұхар мен Самарқандты билеп тұрғанының арқасында, көк темірлі қару-жарақты Алғұйдың қалың қолына төтеп бере алмады. Жеңіліп қалды. Әйтеуір осы сәтте тышқан, яғни 1264 жылының маусым айының аяқ шенінде, жаздың аса бір ыстық күні, кенет жүрегі қабынып Алғұй дүние салды. Орда билігі қолында қалған Эргене-қатын Қайдуды біржолата жеңуден гөрі ерінін тағынан айрылып қалмауды жөн көрді. Орда әскерін өзінің маңайына жинады. Жағатай ұрпақтарын шақырып өзінің баласы Мүбәрекшахты Әнгеренде хан көтертті. Осы тұста әскермен Құтлұн-Шаға да жетті. Эргене-қатын Мауараннахрда баласын хан көтеремін деп әуре боп жатқанда, Алтын Ордадан шығып болса да атты әскер алып, күшейіп қалған Қайду, Іле мен Сейхүндарияның орта шенін жаулап басып қалуға кірісті.

Ал өмір керуені алға қарай жылжи түсті. Өзінің жаңа сүрлеу жолдарын, жаңа беттерін іздеді. Доңыз жылғы оқиғада жазаға тартылған Үгедей мен Жағатай ұрпақтарымен бірге Жағатайдың Мүтеген деген баласынан туған Есеп Төбе де өлтірілген. Осы Есен Төбенің жетім қалған Барақ, Момын, Басар деген балалары сол оқиғада қаза тапқан Жағатай, Үгедей ұрпақтарының басқа балаларымен Қытайда Құбылай ханның қолында тәрбиеленуде еді. Бұлардың ішінде Барақ өзгелерінен гөрі дарынды, алғыр жаралған. Өзінің ұлықсатынсыз Мүбәрек шахты Алғұйдың орнына Жағатай ұрпағы хан көтергеніне наразы болып қалған Ұлы хан Құбылай, арнаулы бұйрықпен Жағатай ұлысына Барақты жіберді Бұл жарлық бойынша Барақ Мүбәрекшахпен қатар Жағатай ұлысын басқаруға тиісті еді. Құбылай Барақпен бірге өзге хан ұлдарын да туған еліне қайтарды.

Барақ Мауараннахрға Мүбәрекшахтың ордасына келген. Екеуміз бірдей хандық құрайық деуге Мүбәрекшахтың тақта нығыз отырғанын көріп бата алмаған. Содан Құбылайдың жарлығын көрсетпеген. Тыныштық іздеп жүрген кісі секілді боп әкеміздің аймағы Сейхүндария бойындағы Чаганианға барып орналасуға рұқсат ет деген. Мүбәрекшах Барақтың өтінішін қабыл алған. Барақ өз аймағына келгеннен кейін, бұл да Қайду тәрізді, ағайын-туысын, Жағатай ұрпағынан шыққан әмір, бекзадаларды жинай бастаған. Мүбәрекшахтың маңайындағы кейбір Жағатай ұрпағына жататын қолдарында жұрты бар әмірлер де бұның жағына ауысқан. Сөйтіп, аз уақытта Барақ үлкен күшке айналған. Бұны көрген Мүбәрекшах дереу Бараққа қарсы аттанысқа шыққан. Хан басқарған қосын мен Барақ басқарған қол Сейхүндарияның бас шенінде, Ходжент шаһарына таяу жерде кездескен. Екі жақтан да көп шығын болған. Ақыры, Құбылайдың әскери мектебінен өткен Барақ жағы жеңген. Мүбәрекшах қолға түскен. Тышқан жылы Көкек айында Мүбәрекшах Жағатай ұлысынан тағына отырса, сол жылы қазап аяқ шенінде сол таққа Үзгентте хан болып Барақ көтерілді. Алғұй мен Эргене қатынның бар дүние - мүлкіне енді Барақ ие болды. Бұхардан шыққан Мүбәрек шахтың баласы Байғұстай, соғыссыз хан қолына өзі берілді. Барақ оны барыс аулайтын жасағына бастық етті. Осылай Жағатай ұлысының билеушісі енді Мауараннахрды да өзіне қаратты.

Бұдан бұрын Құбылай Түркістан өлкесіне (Яссы қаласына) наиыб етіп Могултай әмірді жіберген. Барақ бұны алып тастап, орнына өзінің жақыны Бектеміш әмірді қойды. Бұны көрген Құбылай Барақтың өзіне қарсы екенін түсінген. Оған қайткенмен де Түркістан өлкесін өз қарамағында ұстау керек еді. Бұл өлке қолында тұрса Жағатай ұрпақтарының бас көтергендерін біржолата жойып тастап, Сейхүндарияға шейін жетіп, бір кезде Мөңке хан ойлаған жоспарды іске асыруға болатын-ды. Онда Қытай мен Иран арасындағы қатынасқа ешбір бөгет қалмайды. Басқаша айтқанда, екі дүниені билеп отырған Төленің екі көкжал баласы Құбылай мен Құлағу бірімен-бірі тікелей қатысып тұрады. Сонда көрсін, біреу болмаса біреу, Төле тұқымына қол көтеріп! Осылай ойлаған Құбылай енді Бараққа қарсы алты мың қол шығарды. Отыз мың әскермен бұларға қарсы Барақтың өзі аттанды. Құбылай қолы, өзінен бес есе көп әскерге күші жетпейтінін біліп, соғыспай кейін шегінді. Қытайдың өз әлегінен қолы босай алмаған Құбылай бұдан әрі Түркістан мәселесімен дәл сол тұста шұғылдана алмады.

Ал Құбылайдың қолын кейін қашырған Барақ, Құбылайға жататын шекарадағы Қытайдың Хотан деген қаласын шауып Мауараннахрға қайтты. Шыңғыс ханның кешегі патшалығының бұл кездегі ең күштісі, ең үлкені Алтын Орда болса, ол Мауараннахрдан алыс, Құлағу болса өз қиындықтарынан бас ала алмай жатыр, енді Бараққа өз хандығына еш жақтан келер қауіп жоқ секілді көрінген. Бірақ көп кешікпей бұл қауіптің бар екенін және күшті екенін түсінген.

Бұл кезде, Жағатай ұрпақтары бірімен-бірі қырылысып жатқанда Қайду өзі бұл Талас өзеніне дейін бүкіл Іле бойын басып Хотан әскерін кейін шегіндіріп, Қытайдың қаласын шауып, Барақ шаруашылығы қайтадан көтеріліп қалған. Мауараннахр күшімен әбден қаруланған әскерін соңынан шұбырта, Барақ енді Талас өзенінe қарай беттеді.

Екі әскер желтоқсанның орта шенінде Талас өзенінің бойында кездесті. Қайду өзі бұл кезде, белі шойырылып, қозғала алмай жатқан. Қосының үлкен баласы Шапар басқарып шыққан. Ол Барақтың қандай тәсіл қолданатынынан бейхабар еді. Шапар шабуылды өзі бастады. Бұдан гөрі алғыр Барақ, лапылдап келе жатқан әскерді өткізіп жіберіп, екі бүйірінен тиді. Қайдудың бет бақтырмайтын әйгілі атты жауынгерлері шауып келе жатқан аттарын бұрып бұларға қарсы шыққанда, қойға шапқан қасқырдай, екі бүйірлерінен тиген Барақ қолы әп-сәтте шебін ойсыратып тастады. Осылай Қайду әскері жеңіліп қалды. Барақ жеңісін әрі қарай ұлғайта алмады. Күтпеген жерден желтоқсанның қарлы қара суығы соғып, Мауараннахр, Хорасан тәрізді жылы жаққа үйренген қалың қол Iленің жоғарғы тұсына бара алмады, кейін қайтты. Енді Қайдумен не болса да жаз шыға айқаспақ болды Барақ. Бірақ, оның ойы болмады. Дәл осы тұста, боранды, ызғарлы қысты жазындай көретін, суыққа әбден шыныққан Қайдуға жәрдемге сонау Алтын Ордадан, Беркенің інісі, сырқатынан мүлдем айыққан Беркенжар бастаған елу мың жауынгерлі қол келді.

Әттеген-ай, Берке, әлі дүние салмаған. Дүние салмақ түгіл, бұл кез, Ноғай қосындары Әзербайжан жеріне дендеп кіріп, орұсут қалалары да тынышталып, Алтын Орданың бір қауіп-қатерсіз өмір сүріп жатқан кезі еді. Сондықтан да хан Шығысқа елу мың әскер жіберген. Оның үстінде Беркенің ортаншы бәйбішесі қайтыс болып, оның орнына Көк Ордадағы Арғын руының сегіз түмен жылқы айдаған бір бықыған байының ақ маңдайлы, бота көзді Ақжамал атты әнші қызын тоқалдыққа алған. Хан көңілі өте қош еді.

Ал Берке күтпеген пәле басқа жақтан келген еді. Алтын Орда ханы мұндай күйге ұшыраймын деп еш уақытта да ойламаған.

БЕСІНШІ ТАРАУ

...Коломон онда он жаста еді. Әкесі Конон румның атақты шебері, Арменияның бұл кездегі кіндік қаласы Двинда монастырь салып жатқан. Коломон күні - түні осы құрылыс жанынан кетпейтін. Салынып жатқан монастырьдың ғажайып бейнесі ішкі жағындағы сан түрлі бояулары, суреттері, бәрі-бәрі жас баланың ой сезімін қозғап, бір тамаша қиялдар туғызатын. Әкесі Конон да баласынан білгенін аямайтын, оған өзінің шеберлік дәстүрін, ой - сырын бәрін айтып беретін.

Коломон Шығыстан кілең тоқпақ жал тапал ат мініп, тері тон, қарсақ тымақ киген, қала бұзатын машина сүйреткен, жалпақ бет, қысық көз сары Гого-Мого келе жатыр, деген жан түршігер суық хабарды сол жылы естіген. Көп кешікпей дүниені талқан етіп жетіп қалған Гого-Моголардың өздерін де көрген.

Бұл монғолдың борт-борт желген тапал жылқысын мінген, соңынан отыз мың жер қайысқан әскерін ертіп, Жебе мен Сүбетэй нояндардың Хорасан мен Хорезмді алғаннан кейін, Мерв, Түс, Гурган арқылы Рей, Күм, Казвинды күйретіп, Кавказды шабуға шыққан ұлу жылы еді. Осы жолы Шыңғыс ханның хұршысы, монғолдың сүнит руынан шыққан, артынан бүкіл Кавказды қанға бояған, отыз жасар Жұрмағұн-ноян да Сүбетэйге ерген. Соңынан, тағы отыз жыл өткеннен кейін, осы Жұрмағұн, грузиндермен соғысқан бір үлкен айқаста тас керең саңырау болып қалып, оның орнын басқан жиырма жасар Байжу-ноян да осы сапарға бірге аттанған. Ол Исиут рухынан шыққан атақты қолбасшы Жебенің қасында болған.

Сол жылы-ақ жолының бәрін қаулаған өрттей тып-типыл етіп жалмаған монғолдың қолы Хамаданға жеткен. Бірақ қыс қатты болып атқа шөбі, адамға азық-түлігі мол Мұған қаласында қыстап шыққан. Келесі көктемде қайтадан Казвин, Хамадан арқылы Кавказға кірген. Грузияның патшасы Лашай мен армяндардың атақты қолбасшысы Закаренің інісі Атабек Иване жиырма мың грузин мен армяндардан құрылған қолмен монғол шапқыншыларына қарсы шыққан.

Ани шаһарының түбінде қырғын соғыс болған. Екі жақтан да мыңдаған адам өлген. Шу дегенде Жебенің қолын Лашай жеңгендей де көрінген. Монғолдар қаша бастаған. Атабек Иване қосыны қуып берген. Бірақ монғолдың Үрянқай руынан шыққан жалғыз көз батыры Сүбетэйдің қолы қашқанмен, Жебенің бес мың әскері шатқал арасында тығылып тұрғанын білмеген. Иване әскері монғолдарды қуып, кең алаңға шыққанында, Жебе жауынгерлері бір бүйірден «Шыңғыс хандап!» лап қойған. Иваненің көп әскері қырылған. Лашай, амал жоқ, шегінуге мәжбүр болған. Бірақ ол өзін жеңілгенге санамаған. Бұрынғысынан да көп қол жинап соғысқа қайта дайындалған. Өткен айқаста, әжептәуір жауынгерлерінен айрылған, қатын-балаларын ақұрық етіп соңынан ертіп жүрген Жебе мен Сүбетэй басқарған монғол қосындары, өздерінің күшіне сенбей Лашаймен соғысуға беттемеген. Енді Кавказдан темір қақпа атанған Дербент бекінісі арқылы өтіп, өз жерлеріне қайтпақ болған монғол қосындары Құлұзұм теңізінің жағасындағы Шемаха қаласына қарай жүрген. Бұл тұста Әзербайжан түрік династиясы Пехлеви ата бектеріне жататын. Астанасы Тебриз қаласы болатын. Бұны Жебе мен Сүбетэй әскері талап өткен. Монғол қосындарының бір бөлегі ақұрықтарымен Ани қаласынан Шемаха шаһарына қарай ауысқан. Бұл қалада Албанияның бұрынғы шығыс жағы, Әзербайжанға кіретін Ширван өлкесінің билеушісі Ширваншах ата бектері тұратын. Бұлар шамалары жеткенше монғолдарға қарсы шықты. Бірақ монғолдар әскерінің быт-шытын шығарды. Қаланы тонап, енді Дербентке беттеді. Бұл қала — бекініс он екінші ғасырдың бас кезінде мұсылмандардікі болатын. Соңынан грузиндер мен түріктер біріккен Ширваншах атабегі Ахситан басқарған Бакудың жанында орұсуттардың жетпіс кемесін құртатын соғыстан кейін, Дербент Ширваншах ата бектеріне қайтадан оралған. Содан бері бұл бекініс - қала біресе Ширваншахтардікі, біресе грузиндердікі болып тұратын. Қазір Ширваншахтарға жататын. Бұл қала - бекіністі Кавказ жерін теріскей жақтың жауынгер көшпенділерінен қорғау үшін Сасанид патшалығының әміршісі бесінші ғасырда Дербентті сала бастаған.

Сондықтан Дербентті Темір қақпа деп атаған. Соңынан қуған әскермен жүре соғысып, ақұрықтағы қатын-балаларын шұбыртып, өткел, шатқал, жыра, тау араларын таспен ағашпен бекітіп, монғол қосындары осы Дербенттің түбіне жеткен. Енді Жебе мен Сүбетэй Ширваншах билеушісіне кісі салған. «Бізді әрі қарай өткізіп жіберсін. Ешкімге тимейміз. Елімізге қайтамыз» деген. Оған Дербент иелері көнбеген. Бір жағынан қорыққан. Екінші жағынан алдайды деп сенбеген. Сонан Жебе мен Сүбетэй қулыққа барған. «Біздің ел шауып, қаншама дүние-мүлікпен артынып-тартынып келе жатқанымызды білесіңдер, қадірлі он адамдарыңды жіберіңдер, келіселік» деген. Ширван атабегі қаласының он белгілі бекзадаларын жіберген. Монғолдар тоғызының көзінше оныншысын өлтіріп, «кәне, бізге жол көрсетіңдер, әйтпесе әлгі серіктеріндей, қалған тоғызыңды да бауыздаймыз» деген. Амал жоқ, қалған тоғызы көнген. Олар шапқыншыларды Кавказ тауларының адам түгіл, аң өте алмас биіктерінің арасымен өздері ғана білетін Ширван шатқалы арқылы, теріскей Кавказға өткізген. Монғолдар Солтүстік Кавказда тұрған осетин, алан, серкесут тәрізді біраз уақ елдерді шауып, Қотан хан басқарған Қара теңіздің солтүстік жағасын жайлаған Қыпшақ руларын орұсут жеріне қарай ығыстырып, Ходжи-Дархан мен Маңғыстау даласы арқылы Қарақорымға қайтқан.

Бұл жолы Коломон әкесімен бірге монғолдар ала алмаған Ани қаласында болып аман қалған. Бірақ тағы да бір қырғынды көрген.

Хорезмшах Мұхамедтің баласы Жәлелиддин Өргенішті монғолдарға бергеннен кейін, қалған әскерімен Үндістанға барып паналаған. Дарынды қолбасшы бұл арада көп жатпаған. Үндістандағы және Пакистандағы түрікмен, селжук, пенжап, пуштун секілді қауымдардан күш жинаған. Жамна өзенін жайлаған жауынгер Арғындардың өзінен бір қосын әскер алған.

Монғолдармен соғысамын деп көп әскер жинап алып, тауық, яғни 1225 жылы Табриз шаһарын басып алды. Әзербайжанның біраз жерін өзіне қаратып, Атрапакан арқылы Двинды шапты. Қарсыласқан жұртын қырып, көп қазынаға ие болды. Бұған шыдай алмаған грузин, армян әскерлері, Атабек Иваненің басқаруымен Жәлелиддинге қарсы шықты. Ұрыс Ереваннан жиырма екі шақырымдай жердегі Гарин деген қаланың тұсында болды. Атабек Иване әскері жеңілді. Христиан дініндегі грузин, армяндарға қарсы мұсылман қосындары енді халықты қан-жоса етіп қырды. Бұлардың жауыздығы да монғол жауыздығынан кем болмады. Қорғансыз жұртты аттарымен таптатты. Жұмысқа жарайтын еркектері мен қыз-келіншегін құлдық пен күңдікке алды. Шығып тұрған егінін, үйлерін өртеді. Өсіп тұрған жүзім ағаштарын түбімен жұлды. Осының арқасында бүкіл Армения мен Грузия жерлерінде аштық басталды.

Соғыстан аман қалғаны енді аштан өлді. Халық әбден күйзелді.

Гаринды шапқаннан кейін Жәлелиддин монғолдармен соғысуға әскерінің күшін азайтып алмайын деп, Бжин деген армяндар бекінісінде тұрып, грузиндерге бітімге келейік деп Атабек Иваненің баласы Авагом князьді араға салды. Князьдің «хорезмдіктер бітім сұрайды. Грузияға тимейді» дегеніне қарамай Грузияның осы тұстағы қатын патшасы Русудан мен грузин князьдері Жәлелиддин ұсынысын қабылдамады. Бұған ызаланған Жәлелиддин Грузия мен Арменияны тағы шапты. Ит, яғни 1226 жылы Тбхис қаласын алды.

Бірақ бір жыл өткеннен кейін Жәлелиддин әскерін Прош басқарған грузин - армян әскері жеңді, Тбхис пен Двин қалаларын қайтарып алды. Жәлелиддиннің жеңілетін де жөні бар. Ол өзін аңдып Атрапақанға жеткен монғол әскерімен де соғысуда еді. Және Тбхисті Жәлелиддин алғаннан кейін, бұның қылығына әбден ызаланған рум сұлтаны — Аладин, Мысыр сұлтаны — Ашраф, кликилық армяндар патшасы — Гетум — бәрі одақтасып, Ерзика қаласының тұсында оны ойсырата жеңген.

Коломон бұл қырғыннан да аман қалған.

Үгедей, жылқы, яғни 1235 жылы бүкіл Шыңғыс ұрпақтары жиналған Ұлы Құрылтай шақырған. Осы Құрылтайдың шешімі бойынша монғолдар орұсут жері мен бүкіл Шығыс Жағропаны жаулап алуға кіріскен. Орұсут жеріне монғолдың Бату қосындары аттанғанда, Грузия мен Арменияны жаулап алуға Шыңғыс ханның кешегі хұршысы Жұрмағұн бастаған Байжу, Асуту, Чагатай, Хутту, Асар, Түту, Огата, Ходжа, Хурумчи, Тена, Анғұран нояндар Кавказға беттеді. Осы жылғы Құрылтай шешімі бойынша әр хан үйі беретін бір қолбасшы баласының есебімен ноянның әскерінде, бірнеше хан тұқымдарымен бірге Жошы Ұлысының атынан, Батудың екінші ұлы Тоқтыханнан туған Мөңке Темір де бар еді.

Бату орұсут жеріне аттанған қосындардың ләшкарқаш-и бұзұрығы болып белгіленсе, Жұрмағұн — ләшкари тұма болып бекітілген. Бұл екеуінің үлкен айырмасы бар еді. Ләшкәри-тұма қарамағына берілген нояндары, әскерлерімен, сол өздері жаулап алған жерде мүлдем қалуға тиісті. Олар монғол жерінен өздерінің үй іштерін, дүние-мүлкін бірге ала жүрулері керек. Бәрі де сөйткен және бәрі де Кавказды жаулап алғаннан кейін сол жақта қалған.

Жұрмағұн-ноянға төрт түмен, қырық мың әскер берілген. Онымен бірге Шыңғыстың кіші қатыны Алтынай-бегім де аттанған. Жүріп бара жатқан Жұрмағұнға «Юань гао би ши» жазбасында айтылғандай, Ұлы хан Үгедейдің өзі: «Сен бізге үнемі сары алтын мен сом алтын, алтын зерлі жібек торқа, маржан-меруерт, қаз мойын, ұзын сирақ батыс елдерінің қызғылт түсті әлеут нарларын, қалың шудалы кичидут түйелерін, жүк тиейтін хачедун қашырларын, жай жұмысқа жарайтын лусут есектерін жіберіп тұр» деген.

Келесі, мешін жылы Жұрмағұн қырық мың қолмен осылай артынып-тартынып Кавказға жеткен.

Отыз мың қолмен ең алдыменен Жармағұн Атрапақанда басталған ұрыста Әмида шаһарына дейін қуып Жәлелиддиннің әскерін аямай жеңген. Өзін өлтірген.

Міне, осы қырғынның бірінде, Двин қаласында шіркеу салып жатқан жиырма үш жасар Коломон қолға түскен. Шыңғыс жасысы бойынша хан үйлеріне есірейлерді бөлгенде, бұл Мөңке Темірдің үлесіне тиіп, содан Алтын Орда жеріне келген.

Кавказды алғаннан кейін монғол шапқыншылары енді Кіші Әзияға аттанды. Сол жылдардағы бір ұрыста Жұрмағұн ең алдыменен дым естімейтін саңырау боп қап, соңынан дүние салды. Қарақорым орнына бұл кезде мыңдықтан, түмен дәрежеге жеткен Байжуды ләшкари-тұма етті. Қанқойлық жағынан бұл Жұрмағүннан да асып түсті. Ол енді атының басын Рум Сұлтанаты селжүктеріне қарай бұрды. Селжүк Сұлтанатының әмірі Кей Хосров II, киликилық армяндардың патшасымен бірігіп, грек, араб, франкі, латын құрдылардан жалдап жауынгер жинап Байжуға қарсы шықты. Карин мен Ерзнака қалаларының ортасындағы Чман-катук деген жерде екі әскер түйісті. Байжу, бар болғаны отыз мың қолмен, өзінен алты есе көп Кей Хосров II әскерін оңдырмай жеңді. Рұмның солтүстік сұлтанаты біржолата құрыды. Монғолдар керуен жолында тұрған үлкен кәсіпорны, Сұлтанатының кіндігі Ксерия қаласының күлін көкке ұшырды. Қаланың тұрғындарының көбі армяндар болатын. Оларды шаһардың сыртына айдап шығып қырды. Байжу әскері енді киликалық Арменияға таяды. Ксерияның қандай апатқа ұшырағанын көрген Киликия армяндарының патшасы Гетум I күші жетпейтінін біліп, халқын қырып алмас үшін, монғолдарға күні бұрын бағынып, басын иіп, қол қусырды. Соның арқасында бұл монғолдарға үлкен салық төлеп, керегінде әскер беретін боп, қырғыннан аман қалды. Ал Грузия мен Армения тағы бас көтерді.

Міне, осындай жағдайда, Шыңғыс патшалығының көлем жағынан үшінші ұлысы — Кавказ бен Иранның билеушісі етіп доңыз, яғни 1265 жылы Төленің үшінші баласы Құлағу бекітілді.

Құлағу сол жылдың аяғында сыңсыған қолмен Иранға келді. Өзінің Ордасы етіп Қуған шаһарын қалады. Бұнда тұрған Байжу ноянды әскерімен, үй-ішімен Рум жеріне ойыстырды. Өзі оның сарайына орналасты. Кешегі өзі шапқан Грузия мен Армения князьдарын Құлағу енді өз әскерімен біріктіріп бөтен елдерді шабуға мәжбүр етті. Бұлар Бағдатты алуға қатынасты. Осының алдында ғана Қарақорымға барып Мөңке ханға бас иіп қайтқан Гутум I патша Шамға аттанған жорықта армяндар әскерін өзі басқарып барды. Монғол әскері енді Шамның солтүстігін тегіс жаулап алды. Енді Мысыр қалды.

Осы тұста Мөңке хан қайтыс болып, Құлағу ағасы Ұлы ханды жерлеуіне қатынасуға аз әскерімен Қарақорымға жүріп кетті. Әскер басы етіп Кит Бұғы ноянды қалдырды. Бірақ кешегі Қыпшақ құлдарынан шыққан мамлюк Кутуз, Мысырдың әскерін басқарып, Құлағу жоқта мешін жылы Айн Жулит тұсында Кит Бұғының әскерін жеңіп кейін шегінуге мәжбүр етті. Әттең, тек, Күтуз өз жеңісінің қызығын көре алмады. Мысырға қайтқан жерінде оны тағы Қыпшақтан шыққан мамлюк Бейбарыс бауыздап өлтірді. Артынан өзі Мысырдың сұлтаны болды. Міне, осы Бейбарыс пен сонау Еділ жағасындағы Алтын Орда ханы Берке, Мұхамед пайғамбардың туын көтеріп, екі жұрттың мұсылмандарын христиан дініндегі елдерге қарсы шығуды ойлады.

Бүкіл Кавказ, Иран, Рум, Бағдат, Шамның тең жартысын билей бастаған Құлағу қарамағындағы елге жеңіл тиген жоқ. Толып жатқан салық салды, балаларын әскерге алды. Жан-жағымен тынбай соғысып, оның бар ауыртпалығын тағы халықтың мойнына артты. Бұған шыдай алмаған грузиннің Кіші және Үлкен Давид патшалары тағы бас көтерді.

Құлағу оларды жермен жексен етіп құртуға әскерін жіберді. Міне, осы тұста, Құлағу Бейбарыспен, қарамағындағы елдермен алысып-жұлысып жатқанда, Шыңғыс ханның өсиеті бойынша Әзербайжан (әсіресе Ширван өлкесі) мен Грузия патшалығын Алтын Ордаға кіруі керек деп, Берке жиырма мың қолмен Ноғайды аттандырды. Бұны көрген Құбылай келесі доңыз, яғни 1263 жылы інісіне жәрдем ретінде отыз мың әскер жіберді. Құлағуды илхан деп атады.

Міне, осы тұста серіктерімен Сәлімгерей, Коломон, Құндыз Алтын Ордадан қашқан. Кавказға қарай қашқандағы ойлары Берке ханның құрығы жетпейтін жерге кетейік дегені еді. Бірақ бұл ойлары іске аспады...

Құлағу илхан Қара теңіз бен Хасар теңізінің жағаларында, ортасындағы Кавказ тауының араларында, сондай-ақ Иран, Бағдат жазық далаларында қандай салтанатты шаһар болмасын, еш уақытта да оларда тұрмаған. Қыс қыстауын тау арасына көшіріп, жаз шыға, сол бәз-баяғы ата-бабасының салтымен, жасыл шалғын, көгал шөпті өзен бойын жайлау етіп, Ордасын сонда тігетін.

Биыл, тышқан, яғни 1264 жылы жазында Құлағу Тербиз шаһарына таяу жердегі бір көп бұлақты, кішірек өзеннің жағасындағы ойпатқа Ордасын тіккен. Жылдағыдай Мұғанға көшіп бармай, бұл жаққа келуінің де үлкен себебі бар. Қазір Құлағу илхандығының бір қиын кезі. Бейбарыс пен Берке екі бүйірінен қысса, іштен пайда болған кесел тәрізді, дем алдырмайтын қарамағындағы біресе армян, біресе грузин, кейде тіпті әзербайжандықтар, Иран қалалары да бас көтеріп әбден тынысын тарылтып болды.

Рас, илхандықтың құлайтындай еш қаупі жоқ, қолыңдағы шоқпарың мықты болса, кім оны қарусыз қолымен ұрып жыға алады? Әрине, ешкім де. Тек шоқпарыңды мықтап сілтей біл. Соның арқасында да грузиннің патшалары — қос Давидтың күл-талқанын шығарған жоқ па? Әрине ғой, нелер аяулы қыршын бекзадаларының басын алды. Кеше Байжумен бірге Бағдатты алған Шахиншахтың баласы Закарені, бұрын бас иіп келген атабек Аванені, Хачек князі Хасен Жалелдерді де монғол тәртібімен ат құйрығына байлатып өлтіртті. Тек грузиннің патша әйелі Гонца мен атабек Аваненің қызы Хошақты ғана тірі қалдырды. Бұларды да өлтіретін еді, қазіргі бәйбішесі Тоғыз-қатын болмады ғой. «Жаулап алған патшаларының қыздары мен бекзада бикештері илхан ханының күңі болғаны, илхан қылышынан ажал тапқанынан анағұрлым үлкен қорлық» деп ақыл салды. Тоғыз-қатын Уан ханның немересі ғой, хан тағының тұрғысынан қарайды, қалай оған көнбессің!.. Иә, Тоғыз-қатын десе өзі тоғыз қатынға татиды. Әкем Төле бұны алғанда осы менің жасымда, қырық жетіде екен! Оған сірә, Керей қыздары ұнаған болуы керек. Менің шешем Сүйріктәне-бегім өзі ал депті ғой осы сіңлісін».

Илхан бүгінде сырқат. Кеше де сырқат еді. Осы бір денесін кенет күйдіріп-жандырып әкететін кесел бір жылдан бері бұны тастамай-ақ қойды. Осы сырқаттығына қарамай, Құлағу жатып қалмаған. Осыдан бір ай бұрын Теріскей Кавказ жағынан келе жатқан Ноғай қолына қарсы күресіп жатқан әскеріне барған. Бұл жақтағы илхан қосындарының дені, былтыр ағасы Құбылай жіберген әскерлерден болатын. Ұлы хан жіберген отыз мың әскердің тек қыпшақ, қырғыз, алан, тағы сондай көшпенді елдердің және жалданған жауынгерлерден құрылған бір түменін ғана алып қалып, өзгесін Бейбарысқа қарсы соғысып жүрген баласы Абақ пен Тоғыз-қатынның інісі Сариджа ноянның әскеріне қосқан. Ал алып қалғанын биыл жаз шыға Алтын Орда қолымен соғысып жатқан бұлықтарына жіберген. Алтын Орда ләшкарқаш-и бұзұрық Ноғай бұл жолы Құлағу патшалығына баяғы Жебе мен Сүбетэй келген Хорасан, не Хазар теңізін Шығыс жағынан жағалап, Астрабад, арқылы жетпеген. Ноғай, сол Жебе мен Сүбетэй грузиндердің Лашай патшасымен екінші рет соғысуға бармай, шегінген жолымен келген. Құлағу Алтын Орда әскері мұндай ерлікке бел буады деп ойламаған. Ал олар нағыз тау елдерінің адамдарындай Дербент өзені қатқан кезде Ширван шатқалымен жүріп, Темір қақпаның түбінен бір-ақ шыққан. Құлағудың бұл жақтағы шағын әскерінің жеңілуіне себеп осы болған. Әрине, Ноғай қолына жол көрсеткен грузин, не армян адамдары. Дегенмен, мұндай ерлік Ноғай секілді соғыс тәсілін білетін қолбасшының қолынан келеді. Құлағу Ширван өлкесіне дереу қалың қол жіберген. Бірақ, Дербентті жайлап алған Ноғай тез майданға шыға қоймаған. Сірә, арғы беттен әскерінің тегіс бері өтіп, тынығып алғанын күткен болуы керек. Құлағу осы жерде екінші қате тағы жіберген. Дербенттен бері аттануға, сірә, Ноғай жүрексінген болуы керек, не ар жағынан әскер күтіп жатқан шығар деп, таулы жерде соғыса-соғыса машықтанып қалған грузин мен армяндардың қосындарын бұл арадан алып Мысыр майданына жіберіп қойған. Ал бұның жаңа әскер жіберуін Ноғай күтпеген. Бір күні таң ата, олар бері қарай шабуылға шыққан. Бұл жолы да бұрынғы көшпенді елдің жауынгерлерінің әдеттеріне салып, лап қоймай, жаяу тау -таудың арасымен жайлап жүріп, Ширван уәлиеті мен грузин қалаларына жақындай түскен. Осы тұста ең алғашқы Алтын Орда әскерімен Құлағу қосындарының айқасы болған. Ноғайдың үш ай бойы Дербенттен шықпай тау қоршаған Кавказдың қалаларын қалай алу керек екенін және мұндай таулы далада соғысу әдістерін әскеріне үйретіп жатқанын Құлағу білмеген. Соғысқой Ноғай әскері аз болып, бата алмай жатыр деп өзін-өзі алдап, илхан сәл кешігіп қалған. Қалың қолмен өзі барғанда, жиырма мың атты әскерлі Ноғай Ширванның тау етегіндегі жазық тұсына шығып қалған. Құлағудың әскері әрине, дені тұрғын, мәдениетті елдердің жігіттерінен құрылған, ал Ноғайдың әскерінің бәрі ат құлағында ойнайтын көшпенді елдің балалары елдің найза ұстаған, садақ безеген ержүрек бір жауынгері, әрине, тұрғын жұрттың екі жауынгеріне татиды. Тіпті, өлген-тірілгеніне қарамайтын бұның біреуі қытайдың, арабтың, иранның он әскеріне қарсы шаба алады. Қанша соғыскер, тәжірибелі қолбасшы болғанымен, Ноғай қолынан Құлағу жеңіліп қалған. Әйтеуір, қосымша тағы көп әскер алдырып, Алтын Орда қосындарының қарқынын тоқтатып, өзі кейін Ордасына қайтқан.

Құлағу осы жолы қарамағында баяғы, өзінің жас кезінде басқарған, жалындай лапылдаған, монғол мен көшпенді қыпшақ, түркімен, башқұрт жауынгерлерінен құрылған әскерінің жоқ екенін білген. Және сол кездегідей, өздері үйренген Жебе, Сүбетэй тәрізді соғыс құмар, тәсілшіл әскери қолбасшылардың біткеніне де көзі жеткен. Шіркін-ай, деген ол ішінен, Бейбарыстың да бізге бой бермей жатқаны содан ғой, өзі де, мамлюк әскері де, бәрі көшпенді жұрттың балалары. Ол жаққа құлдыққа өзіміз апарып саттық қой. Енді міне, өзімізбен тең түсіп жатыр... Егер менің қолымда қазір ең болмаса Жармағұн, Байжудай он шақты нояндарым болса! Сариджа, Құбылай, Бұралғы, Ішік Түғлы, Газан — бәрі де ноян, бірақ Шыңғыс хан мен Үгедей ханның тас жарып, тау бұзар өзінің жас кездегі нояндарына кім жетсін!

Солардың соңғысы Байжу; оның да түбіне тілі жетті.

Байжу Бағдатты алатын қосындарды өзі басқарып барған Бағдат әскерін, тегінде, грузин мен армян әскерінің күштерімен жеңген. Соған қарамай, Бағдат жорығының табысы тек менің арқамда болды деп үнемі мақтана берген. Бұнысы Құлағудың да, жалпы илхандағы Шыңғыс ұрпақтарының намысына тиген. Құлағу бір-екі рет «бұны қой» деген, бірақ Байжу кеше өзі билеп бауыр төсеп алған елі болғандықтан, жұрт арасында кілең осылай сөйлеп қоймаған. Оның үстіне Байжу: «Егер мен тілесем, бар әскер маған ереді, илхан Ордасынан дым қалмайды»,— депті деген өсекті де Құлағу естіген. Мүмкін, бұны Байжуды илханмен шағыстыру үшін, қастары шығарып жүрген - ақ шығар, бірақ Құлағу сескеніп қалған, өйткені Байжудың әлі де әскерге ықпалы бар еді, көп мезгіл лашкар-и тұман боп, илхан қарамағындағы қазіргі нояндардың өздеріне де жер берген, қоныстандырған, кейбіреулерін осы күнгі мыңбасы, түмен әміршісі дәрежелеріне жеткізген.

Осыдан қауіптенген Құлағу, өткен жылы Байжудың «Бағдатты мен алдым» деген мақтанышын айып санап бір кезде бүкіл Кавказ, Иран, Бағдатты тітіреткен адамның оп-оңай басын алдырған.

Қазір енді сонысына өкініп отыр. Ал Ноғай болса бүгін, ертең Шемахаға жетеді. Онда Ширван әулиеті мен Грузия жерінен қоштаса бер. Тіпті, Әзербайжаннан да айырылып қалуы мүмкін.

Құбылай өзінің көп жылғы тәжірибесінен, егерде басқарып отырған елің сені жақтар болса, сонда ғана соғыс кезінде әскердің жеңілмейтінін жақсы білетін. Жеңілген күнде де, қайтадан көтеріле алады деп ойламайтын ол. Сол себептен де Құлағу өзі христиан дінінде болғандықтан, бұл араға келген күннен бастап, өзіне тіреу етпек боп, көбіне маңына христиан дініндегі жұртты жинай бастаған. Ал бұған бағынышты елдің көбі Иран, Әзербайжан, Бағдат және Рум сұлтанатының да тең жартысынан астамы мұсылман елі еді. Сондықтан да илхан хандығында Құлағудың мұсылман Бейбарыспен соғысуы жұрттың қанын бәлендей қыздырмайтын. Мұхамед пайғамбардың елін шабуға дені осы елдерден құрылған Құлағудың әскері соғысқа құлшына шықпайтын. Ал мұндайда ештеңеге қарамайтын монғол әскері бұның қарамағында қазір тақа көп емес еді. Өзінен бұрын келген ноян, жауынгерлер әлдеқашан өлген, ал өлмегендері біржолата осы жерге орналасып, иран болғаны иран, грузин болғаны грузин болып кеткен. Ал өзімен келген қырық мың қолдың да үнемі тоқтамаған, соғыстан, алыс-жұлыстан қажығаны қажып, қажымағаны қажуға айналған тұсы еді. Осындай жағдайда былтыр ағасы Құбылай жіберген отыз мың әскерге шын қуанып қалған. Дегенмен, осыншама елді басып отырған үш майданы бар Құлағуға бұл да, жеткіліксіз болды. Оның үстіне егер Ноғай әскері Шемеханы алып, бері қарай кіретін болса, илхан хандығының ісі қиынға айналатынын тәжірибелі Құлағу түсінген. Осыдан барып ол Ноғайға қарсы тұра алар қолбасшы іздей бастаған. «Кім бар?» — деген ол,— кімнің Ноғайға қарсы тұруға күші жетеді? Өзім сырқатпын. Енді ат үстін бұрынғыдай көтере алмаймын. Ал Ноғайға қарсы шығатын қолбасшы, Ноғайдай тәсілші, айлакер болмағанмен, кем дегенде Байжудай тәуекелшіл, шапшаң болуы керек қой».

Осындай ойдан барып ол, кешегі өзі өлтірген Байжудың баласы мыңбасы Адаққа тоқтаған.

«Әкесін өлтіргеніме кектеніп жүрмесе,— деген ол бір сәт көңілінде болмашы қауіп туып.— Жоқ, жоқ, дәреже кімді болса да райынан қайтарған. Егер түмен әмірі етсем, әкесін қанша жақсы көрсе де, бұ да оның өлімін ұмытады».

Шыңғыс ұрпағы әрқашан да адамның ең арманы дәреже деп түсінген. Сондықтан да илхан Адақты мың басы етсем, әкесін өлтіргенімді кешеді деп ойлады.

Осы кезде үйге Құлағудың сүйікті әйелі Тоғыз-қатын кірді. Бұл қара торының сұлуы еді.

Шыңғыс хан атасы Уан ханды өлтіргенде, Тоғыз-қатынның әкесі Ұйқу он жаста екен. Төле бұны тоқалдыққа алғанында Тоғыз-қатын тай шыққан құлындай, он үшке толып қалған кезі еді. Содан бері отыз жыл өтіпті. Қазір қырық үште. Ақылымен, көркімен, қылығымен Тоғыз-қатын тоқал боп әкесі Төлеге, бәйбіше боп баласы Құлағуға ұнай білді. Ұнағаны емес пе, екі інісінің екеуі де осы Құлағу Ордасында мыңбасы, сіңлісі Түктәни-қатын, жақында ғана Тоғыз-қатын Ордасынан кеткен Ардақ ноянның үшінші әйелі болған. Ал інісі Сарид- жанңың жеті жасар қызы Өрік илханның немересі, хан ұлы Абақтың үлкен баласы Арғұнның қалыңдығы. Ертең Арғұн илхан болғанда бұл ханым болады. Екі аталары бірін-бірі өлтірген қас боп өтсе де, олардың немере, шөберелері, бүгін міне, ерлі-зайыпты ел болып отыр. Бәрі сол бұрынғы хандық қалыптарында. Тікенек шыққан жерге тікенек, гүл шыққан жерге гүл шығады деген міне, осы да!

Сәл толығайын дегені болмаса, әлі де тұла бойы шымыр, тіп-тік. Тоғыз-қатын, сәндене басып, малдасын құрып төрдегі кілем үстінде үн-түнсіз отырған күйеуінің аяқ жағына келіп, тәжім еткендей тізесін бүкті.

— Хан ием, түріңіз солғын ғой, сырқатыңыз тағы ұстаған жоқ па? — деді.

— Ол құрғырдан құтыла алатын емеспін ғой,— деді Құлағу баяу,— таң сәріде біраз қысып алды.

— Япырмай, бір қиын дүние болды ғой,— деді Тоғыз-қатын көңілі босап.— Егер күйеуің жазылады, осы кеселді сен ал десе сөз айтпай алар едім.

Құлағудың Тоғыз-қатынды жақсы көретін әйелдік қылықтары ғана емес, осындай адамгершілік қадірлестік мінезі де еді. Көңілденіп қалды.

— Жарайды, мен үшін өйтіп ауырмай-ақ қой,— деді сәл езу тартып.— Ал сыртта не болып жатыр?

— Сізді Адақ-ноян Орда алдында күтіп отыр. Бағана келген,— деді. Сөйдеді де күлді.— Тау ішіндегі қашқындарды ұстауға шыққан жасақтар Алтын Ордадан қашып келе жатқан бір топ қыпшақ жігіттерін, бір қыз бен румдық кісіні ұстап әкепті. Румдық кісі шіркеу, мешіт салатын керемет шебер көрінеді. Баяғыда есірей боп қолға түсіпті. Ал қыз...— Тоғыз-қатын тағы күлді.— Ал қыз соның жұбайы дейді. Ай мен күндей бір сұлу...

— Румдықтың шіркеу салатын шебер екенін кім айтты? — деді Құлағу.— Өзі ме?

— Жоқ, біздің сарайымыздағы ана есірей румдықтар. Бәрі де біледі екен... Топырласып қасынан шықпай қойды.

— Алтын Ордадан неге қашыпты?

— Есірей румдықтікі түсінікті. Елін сағынған болар. Қызды да ұғуға болады. Махаббат дегеннің осылай келетін әдеті бар ғой. Ал қыпшақ жауынгерлерінің неге қашқандарын білмеймін. Өзің тексергін.

— Жақсы. Мен барайын. Нөкерлерімді шақырып жібер...

— Өзің тіпті шал болуға айналғансың ба? — Тоғыз-қатын еркелей күлді.— Ана қыз туралы ештеңе сұрамадың ғой?

— Сұрайтын уақыт өтіп кетті ғой,— деді Құлағу томсара.

Илхан салмақты, ауыр мінезді кісі болатын. Жайшылықта көп үндей қоймайтын. Тоғыз-қатын оның томсара сөйлегенінен, өзінің әдеттегі мінезінен ғой деп бір ойлады да, ерінің бетіне тағы бір қарап, оның қатты сырқаттанып отырғанын түсінді. «Дүние шіркіннің қызығы ден саулығың бар кезінде ғой,— деді өзіне-өзі Тоғыз-қатын,— ауыр кеселге шалдығып еді, қарашы ештеңеге қызықпай тұрғанын».

Ол ерін қатты аяп кетті.

Құлағу «қыздың қандай екенін сұрайтын уақыт өтіп кетті ғой» дегенмен де, Орда алдында жауынгерлер қоршап тұрған қыпшақша киінген топ кісінің ішінен, топ қоңыр қаздың арасынан бір аққуды көргендей, көзіне ең алдымен Құндыз түсті. Содан кейін барып, қолдары кейін байланған Коломон мен Сәлімгерейге қарады. Коломонның румдық, ал Сәлімгерейдің Керей руынан екенін айтпай таныды. Коломонды түрінен, бойындағы дене бітісінен, нағыз румдық десе, Сәлімгерейді басына киген керей бөркі мен аяғындағы жұмсақ өкшесіз етігінен Керей екенін біліп қалды. Өзге жігіттерге сосын барып көз аударды. Иә, бәрі Қыпшақ не Еділ, Жайық бойындағы басқа тайпалардан. Хандарға, ел билеп отырған адамдарға қарсы жұртты Құлағу өлердей жек көретін. Оларды опасыз жұрт деп санайтын. «Хандарына қожаларына қарсы болмаса, әрине, бұлар еш жаққа қашпас еді» деп ойлайтын. Ал шықты екен, оған мұндай табансыздық, ең қасиетсіздік боп көрінетін. Ондай адамдар Құлағудың ойынша, жер басып жүруге тиісті емес. Ал қашудың себебі — құлдықтың ауырлығы, елін - жұртын сағыну тәрізділерді ол есепке тіпті алмайтын. Бұл жолы да солай болды. Қас болса бұған Берке қас, ал оның хандық жүйесі, ел билеу дәстүрі ұнамайды емес. Қашқан адам жалғыз ханға қарсы емес, оның жалпы хандық үстемдігіне қарсы. Мұндай адам бүгін Беркеге қарсы шықса, ертең оған қылышын болмаса, таяғын ала жүгіреді. Өз ханына опасыздық істеген адам бөтен елдің ханына да опасыздық істейді. Мұндай опасыздар жер басып жүруге тиісті емес Құлағудың шешімі осы. Сондықтан олар өлуге тиісті. Мына Қыпшақ жігіттері жайында да Құлағу бірден осылай шешімге келген.

Сырқаты жанына батқан сайын Құлағудың мінезі ауырлай түскен. Үкімдерінде де өлім жазасы қолданылған қатал шешімдер бұрынғысынан анағұрлым көбейген. Өз күні таусылуға айналған соң өзгелердің де күнінің тезірек біткенін тілейтіндей көрінген. Расында да солай еді.

Илхан қайтадан қызға қарады. Бұл жолы да ол қыздың аппақ жүзін емес, жерде шұбатылып жатқан қос бұрымын көрді. Мұндай шашты ол өзгелерді былай қойғанда, бүкіл сұлулығы әлемге тараған, тал шыбықтай бұралған, сұңғақ мойын фарсының қыздарынан да кездестірген емес. «Шіркін-ай, мына қос бұрымды білекке орап көрер ме еді»,— деді ол кенет қыздан гөрі оның жерде жатқан шашына қызығып кетіп. Қызды, оның жанында тұрған еріне деген сымбатты денелі румдықтан қызғанғандай болды.

Үш ақ жібек шатырдан тіккен ордасына кіріп, екінші шатырдағы тәжін киіп, үшінші шатырдағы алтын тағына отырғаннан кейін, басын иіп есік алдында тұрған уәзірі Ел-Елтебірге:

— Адақ-ноянды шақыр,— деді.

Бірінші есік екінші есікке:

— Адақ-ноян кірсін! — деді.

Екінші есік үшінші есікке:

— Адақ-ноян кірсін! — деді.

Орданың сыртқы есігінің алдында қолын қусырып бұйрық күтіп тұрған мүләзим ар жағындағы Адаққа:

— Жүріңіз, құрұметли ноян Адақ,— деді.

Адақ орта бойлы, төртпақ келген, иегінде бес-алты тал жаңа шыққан сақалы бар монғол жігіті еді. Қазір мыңбасы болатын. Осыдан үш жыл бұрын әкесін өлтірген илхан Құлағу шақырып жатыр дегенде құты қашып кеткен. Қымыз ішіп отырған саптыаяғы қолынан түсіп кете жаздаған. Арабтармен кездескен соңғы бір ұрыста, мыңдық қолын дұрыс басқарып Құлағудың көзіне түскен. Тіпті, әскерлер бөгеліп қалған бір айқаста, алға жеке түсіп, ерлік көрсетіп, илханның өзінен алтын қанжар алған. Сөйтсе де... Әкесін илхан өлтірткеннен кейін, хан іші, түлкінің ініндей қатпар-қатпар екен ғой деп түсініп қалған ноян Құлағу шақырып жатыр дегенде шын шошып кеткен.

— Алдияр тақсыр,— деп хан отырған шатырға кіргеннен кейін Адақ басын иіп мөлие қалды.

Басын көтерсе біреу қылышпен шауып жіберетіндей, босағадағы күзетшілерден сәл жоғарырақ барып тұрды, есіктің екі жағында, уәзір Ел-Елтебір мен қолында жуан дәптері бар мүзәлім иіле қалған.

— Адақ-ноян, сен бізге өкпелі емессің бе? — деді Құлағу.

— Жоқ, алдияр тақсыр.

— Солай болғаны жөн. Бұл фәни дүниеде басын алып жүре алмайтындар көп болады. Ондай бастардың кімге керегі бар? Иә, солардың бірі әкең марқұм Байжу еді...

Илханның сөзінің төркіні неде екенін түсінбей, Адақ-ноян үндей алмады.

Құлағу сөзін жалғай түсті:

— Ал сен әкендей емес секілдісің. Соңғы ұрыста бізге шын жан-тәніңмен берілген ер жігіт екеніңді көрсеттің.

Илханның не айтайын дегенін Адақ әлі түсінген жоқ. Тек «егер сіздерге жан-тәнімен берілген адамды іздесеңдер, ол менің әкем еді ғой. Ал оған не істедіңдер?» деп ойлады да қойды.

Илхан сөзін бұдан әрі соза берді.

— Сол көрсеткен құрметің үшін,— деді Құлағу, сөйдеді де сәл тоқтай қалды. Табаны қыза түскендей көрінді. Бұл ұстағалы келе жатқан ауруының белгісі. Ол үнемі осылай басталатын. Қызу осылай табанынан белгі беріп, бірте-бірте жоғарылап, бие сауымындай мезгіл өткенде өне бойын өртеп, бар ақыл-ойының тас-талқанын шығаратын. Құлағу алыстағы бір қауіпті үнді тыңдағандай, қабағы қатуланып үн-түнсіз отырды да, сөзіне қайтадан кірісті.— Иә,— деді ол,— сол ұрыстағы қызметің үшін, біз сені түмен басы етуді ұйғардық.— Енді ол Ел-Елтебір мен мүләзимге кезек қарады,— жарлыққа осылай деп жазыңдар.

— Құп,— деді ана екеуі бұрынғысынан да иіле түсіп. Мүләзим, сол сәтте-ақ ақ жуан дәптеріне бірдемелерді түртіп алды.

— Жақсылығыңызға рақмет, алдияр илхан Құлағу! — деді Адақ тізерлей отыра қалып, қылышын суырып алып, жалаңаш жүзінен сүйді.— Өле-өлгенше сізге адал қызмет етуге ант етемін.

Түмен әміршісі боп белгіленіп тұрғанда, соғыс құмар монғолға әке өлімі деген не? Күтпеген қуаныш Адақты заматта өзгертіп жіберді. Көзіне шаттық ұялап, бетіне қан жүгірді.

— Жақсы,— деді Құлағу әдеттегісіндей асықпай сөйлеп.— Ал енді түмен әмірі Адақ-ноян жарлықтың екінші тармағын есті. Сен қарамағымыздағы Қыпшақ пен монғол жігіттерінен құрылған жаңа қосынды аласың. Бір аптадан кейін, Шемахаға таяп қалған Ноғай әскеріне қарсы шығасың. Олар әзірге біздің қосынды алға жүргізбей тоқтатып тұр. Бірақ бұл дағдарыс бір аптадан аспас. Ноғай бергі жазыққа шыққан тұста, сен Қыпшақ-монғол атты әскер түменімен оларды шауып бересің!

Адақ сәл ойланып қалды.

— Онда маған алдияр тақсыр, осы елдің жігіттерінен құрылған қосынды беріңіз.

— Неге?

— Қыпшақ, аландар мұсылман ғой, Бағдатты шапқанда да олар бұрынғысындай ерлік көрсетпеген. Бейбарысқа салғанда да бәлендей беттемеді. Ал Ноғайдың әскері...

— Жарайды,— деді Құлағу.— Басқа қосын ал.— Енді ол Ел-Елтебірге қарады.— Әлгі қолға түскен қашқындарды алып келіңдер. Сыртта тұрған өзге ноян әмірлер де кірсін.

Илхан шатыр-сарайы өте кең болатын. Тұтқындарды босағаның бір жағына тізіп тұрғызды. Бер жақтарында қарулы күзетшілер. Бәрінің қолдары қыл арқанмен байланған. Тек Құндыздың ғана қолы бос. Ол үйге қос бұрымын екі қолымен көтеріп кіріп еді, енді қоя берді. Қалың, қап-қара шаш, жан-жағына төгіліп үйірілген жыландай қыздың аяғының астын алып кетті. Мұндай да шаш болады екен-ау! Үйге кірген ноян әмірлер де, илханның өзі де одан көздерін алар емес.

Және тау-тастың арасымен қашып, әбден жүдеп қалған Құндыздың түрі де, бір жағынан адам аярлық солғын болса да, табиғи сұлулығымен көз тартпай қояр емес. Бұл кереметті тағы көруге илхан сарайына Тоғыз-қатын да кірген. Ол да қыз шашына таң қалғанын жасыра алмай, сүйсіне қарап тұр. Бір сәт Тоғыз-қатын қыздан илханның өзінің де көз алмай отырғанын көрді. Көзінде бір қызғана қалғандай, болмашы суық ұшқын пайда болды да әп-сәтте сөне қалды. Ол өзін-өзі зорлап езу тартты. Мына қыз тұрғанда, илхан тұтқындармен жөндеп сөйлесе алмайтынын сезді.

— Хан ием,— деді Тоғыз-қатын күлімсірей.— Мына қашқын қыз тым жүдеу екен. Және өзі аш па қалай... Еркектердей емес, ұзақ көтере алмайды ғой... Егер қарсы болмасаңыз мен бұны алып кетсем, ас-су беріп қайта әкелем. Жауапты содан кейін де аларсыз...

Әйелінің ойына түсінген Құлағу оған тағы риза боп қалды.

— Болсын,— деді.

— Жүр, шырағым,— деді Тоғыз-қатын Құндызға қарап. Қыз жолдастарынан айырылғысы келмей қозғалмады.— Жүр,— деді қайтадан Тоғыз-қатын. Бұл жолы оның даусынан сәл қаттырақ үн естілді,— Ас-су ішіп қайтып келесің.

— Бар,— деді Сәлімгерей.— Қарның да ашқан шығар.

Қашқын топ шу дегеннен Сәлімгерейдің сөзін бұлжытпай орындайтын боп уәделескен. Қыз үн-түнсіз, қос бұрымын тағы жинап алып, білегіне сап, Тоғыз-қатынға еріп шығып кетті.

Үйге түсіп тұрған күн сәулесін кенет бұлт баса қалғандай, сарай іші қара көлеңкелене түсті.

Илхан бір тамаша түс көріп жатып, шошып оянып кеткендей, жан-жағына елегізіп қарады.

— Ал, сөйлеңдер,— деді ол Сәлімгерейге қарап бастығы сенсің ғой дегендей,— кімсіңдер? Қайдан жүрсіңдер?

Сәлімгерей сәл басын иді.

— Мен Алтын Орданың жүзбасы едім,— деді Сәлімгерей, айла тауып сөйлеп,— руым Керей. Керей төресі Саиджа сіздің қарамағыңызда дегеннен кейін, соның әскеріне кіргелі бері қарай қаштым.— Илхан дұрыс істегенсің дегендей басын изеді. Оның көз алдынан жаңағы шашы шұбалған қыз кете қойған жоқ еді.— Ал мына кісі,— деді Коломонды көрсетіп,— рум елінің шіркеуін салатын атақты шебері. Жұрманғұн ноян Ганджанды шапқанда, қаша алмай қолға түскен. Мөңке Темір сұлтанның үлесіне тиіп, Алтын Ордаға құл болып барған. Ата мекен жерімді бір көрейін деп қашып шықты. Бұл кісі ғаламат шебер. Бітіре алмай кеткен шіркеу Ганджанда әлі де тұрған көрінеді.

Ганджа Кавказдың бұл тұстағы ең сұлу қалаларының бірі еді. Осы өңірдегі қалаларды аямай қиратып, тұрғындарын қан жоса етіп қырған Жәлиддин бұл қаланын сұлулығына таң қалып, күйретпеген. Тек осы қаладағы өзіне қарсы елдердің басшылары отыз адамды дарға асқан.

Бітпей қалған шіркеуді Құлағу да көрген. Оның бітпей қалған жартылай бейнесі бұны да таң қалдырған. Енді сол шіркеуді жасаушы осы кісі екенін біліп, табанда шіркеуді бітірту керек деген шешімге келді.

— Иә, ол шіркеу әлі тұр,— деді Құлағу.— Өзің аяқтауың керек.

Коломон бірден көнді.

— Өзім де солай ойлаймын.

Илхан Коломонның бастаған ісін аяқтағысы келіп тұрғанын түсінді. «Иә, иә, бәріміз де осындаймыз. Біз атамыз Шыңғыс ханның өсиетін орындап, бар әлемді аламыз деп әуреленеміз. Ал бұл...»

— Ал қалғандарың неге қаштыңдар?

— Мыналар осы жердің жауынгерлері. Есірей боп қолға түскен.

Құлағу жаңа ғана оларға жөндеп қарады. Сыртқы кигендері қыпшақи киім болғанымен, шеткі бесеуінің осы жақтың адамдары екенін ұқты.

— Ал мына бесеуі ше?

— Бұлар Алтын Орда жауынгерлері, ел билеп отырған адамдардың халыққа істеген қорлық-зорлығына шыдай алмай қашып шықты...

Құлағу кекете езу тартты.

— Сонда илхан Құлағу халықтың қамын жейді деп қашып келді ме?

Мұндай сұрақты Сәлімгерей күтпеген еді. Үндей алмай қалды. .

— Жарайды, менің шешімімді естіңдер,— деді Құлағу, қызудың келіп қалған жерін мықынын сипап.— Сен, жігітім,— ол Сәлімгерейге қарады,— Саиджа өмірді іздеп келген екенсің, соның жасағына қосыл,— ол Коломонға бұрылды.— Сен атақты шебер, бітіре алмай кеткен шіркеуіңді бітір. Ганджада христиандар көп. Оларға біздің берген сыйлығымыз болсын. Ал мына бесеуін өзіңе жәрдемдесуге ал. Осы жақтың кісілері ғой, тас қалап, балшық айдауды білетін шығар. Ал мына бесеуін ертең дарға асыңдар. Жұрттың қашпауына үлгі болсын. Өз ханына опасыздық істеген жандар, бөтен хандарға да опасыздық істейді.

— Тақсыр илхан, бұлар асқан мергендер. Текке өлтіргенше менімен қосып майданға жіберіңіз. Жауыңызбен күресуге жарайды.

— Не менімен шіркеу салуға жіберіңіз. Таптырмайтын бейнетқор болады.

— Өзіміз үйретеміз,— деді қатар тұрған ана бесеуі. Өлтіре көрмеңіз, тақсыр хан.

— Жандарың ашиды, ә! — деді Құлағу.

Хан екі айтпайды дегендей ишаратпен, одан артық Құлағу жауап бермеді. Құлдардың жолдастарына жандары ашып тұрғаны бұны тіпті ашуландырып тастаған. Ал, қызуы енді кіндік тұсына таяды. «Әлемнің тең жартысын билеп тұрсам да, қазір өлердей боп қиналамын... Мүмкін өліп те кетермін. Ал біздің дегенімізге жүрмеген мына бесеуі неге тірі қалуға тиісті? Менің орныма осылар жан беруі керек қой. Әттең дүние-ай, сондай әділетсіз болып неге жаратылдың, егер өз жаным қалатын болса, бұл бесеуі түгіл, бар әлемді жолыма құрбан етер ем...»

Ханның жағдайын түсінген Сәлімгерей үндей алмады. Ол бес жолдасын қалай құтқарам деп іштей жанталасуда еді.

— Әлгі қыз кім? Шашы неге ұзын? — деді хан.

Енді Коломон сөйледі. Өтірік айтуға жаны қас шебер бірден шынын айтты.

— Шашы солай өскен,— деді Коломон.— Ол Қыпшақтың қызы. Менің сүйгенім.

— Онда, сен ол қызды шіркеуді салып бітіргенше көрмейсің! — деді Құлағу.

— Неге?

— Қашып кетесің. Қыз тұтқында болады. Егер шіркеуді ойдағыдай етіп бітірсең, сонда ғана сүйгеніңді аласың!

Тоғыз-қатын Құндыздың жанында отырған. Ордасындағы топ нөкер әйелдері, күңдері тұтқын қызды қоршап алған.

Алдына қойған тағамнан дәм татпай Құндыз мелшие қалған.

— Сөйтіп сен, еліңді тастап ана тұтқын шебермен бірге қашып шыққан екенсің ғой,— деді Тоғыз-қатын күлімсірей.

— Иә. Ол мені жақсы көреді. Мен де оны өлердей жақсы көремін.

— Әрине, сені жақсы көреді,— деді тағы күліп Тоғыз-қатын,— қалай жақсы көрмесін...— Ол Құндыздың жерге шұбалып жатқан қос бұрымын жинап алды.— Шебер емес, бар еркек жақсы көруге тиісті... Өзге әйелдерде жоқ қасиетке олардың құмар келетін әдеті ғой... Олай болса...— Тоғыз-қатын кенет тізесінің астында жатқан қайшыны алды да, екінші қолымен ұстап отырған Құндыздың қос бұрымын, жауырын тұсына дейін, қиып жіберді. Сөйтті де қос бұрымды бұлаңдата есікке қарай лақтырды.— Далаға шығарып таста,— деді босағаға сүйеніп тұрған күңіне.

Қартаң келген күң жерде шұбатылып жатқан шашты, дәл бір жаны бардай, қолымен сипай жинап, бауырына қыса сыртқа шығып кетті.

Үй іші толған әйелдерде де, Құндызда да үн жоқ.

— Неге бүйттіңіз? — деді әлден уақытта Құндыз көзінен жасы мөлтілдеп.— Әлде ол шаштар қайта шықпайды деп ойладыңыз ба?

Шыңғыс хан өз кезінде монғолдың бар әскерін, Орда өлкесін үшке бөлген. Өзі күнгейге, күнге қарап тұрып, оң жағын, сонау Алтай тауына дейін жетіп жатқан «Баруығар» деп аталатын жағын оң қанат деп атаған. Оған Боорчу ноянды бастық еткен. Сол жағын, күн шығыс жағын Цзинь шекарасына дейін жететін «Жоңғар» деп аталатын тұсын «Го онг», яғни «мемлекет князь» атағы бар Мұхли ноянға басқартқан. Ал өлке орталығының әскерінің билеушісі етіп Ноян белгіленген. Шыңғыс хан өлгеннен кейін оң қанат, Батысқа дейін жердің басшылары Жағатай мен Бату саналған. Сол қанатын хан ордасының ошақ иесі — Теле, інісі Отчиған және Есүнгі ноян басқарған. Осы тәртіп бойынша Алтын Орданың да әскері екі қанатқа бөлінетін. Оң қанат Тан өзенінің батыс жағы. Бұған хан ұрпақтарынан ұлысы Тан өзенінің төменгі шенінде болғандықтан Ноғай, Берке Алтын Ордадағы Сибан ұрпақтары, Батудың ортаншы ұлы Тоқтыханның үшінші баласы Алтын Орданың болашақ ханы Тудай Мөңке, Тоқтыханның бірінші баласы Торбудың үлкен ұлы, Алтын Орданың тағы бір болашақ ханы Төлі Бұқа жататын. Қанат ағасы Ноғай боп саналатын. Сол қанатқа ұлыстары Тан өзенінің күншығыс жағында, Еділ бойынан сонау Мауараннахрға дейін созылған хан ұрпақтары кіретін. Сол қанаттың үлкендері Беркенің інісі Беркенжар мен Тоқтыханның екінші баласы Мөңке Темір еді. Бұл қанатта Мөңке Темірдің он баласының ортаншысы, Алтын Орданың тағы бір болашақ ханы Тоқтай да болатын.

Ел шауып, жер жаулап алар соғыстарда, алар жер осы екі қанаттың қайсысының тұсында, өңірінде жатса, оған сол қанаттың әскері шығатын. Тек бүкіл Алтын Орда тарабынан қимылдайтын Шығыс Жағропаны алу тәрізді мемлекеттік үлкен соғыстарға ғана екі қанат бірдей қатысатын. Бұл ежелгі тәртіп. Бату өлгелі мұндай Алтын Орданың бар қосындары жауға аттанатын соғыс болмаған. Сондықтан да Ширван мен Грузияны Құлағудан қайтарып алуға Ноғай бастаған оң канаттың әскері аттанған. Ал Қайдуға қосылып Мауараннахр мен Хорасанды шабуға Беркенжар мен соңынан Мөңке Темір бастаған сол қанат жауынгерлері жіберілген. Ұлыс тәртібімен құрылған Алтын Орда көлемінде дәл осы тұста Ноғайдан алғыр да, білгір де әскери қолбасшы жоқ еді. Тек хан болуға таласар Шыңғыс жасысы бойынша қақы жоқ. Алтын Ордаға ие болар Батудың тікелей бала, немерелері бар. Және жас жағынан қарағанда бұдан үлкен Батудың інілері де жоқ емес. Ал Ноғай, Құлағу тәрізді, Шыңғыс жасысын мықты ұстайтын ұрпақ. Сондықтан да Беркеге қарсы шықпаған. Ал Берке хан болғаннан кейін, бөтен жұртты билеу жөнінде екеуінің арасында үлкен жанжал да туып қалған.

Беркенің хан сайлануына Ноғай қатты көмектескен. Сартақ пен Ұлақшы өлгеннен кейін Алтын Орданың оң қанатының ағасы Ноғайдың Батудан қалған екі ортаншы баласы Тоқтыхан мен Аюбханға көңілі толмаған. Алтын Орда тәрізді алыпты басқаруға бұлардың қабілеті жетпейді деген. Оның үстіне мұсылман Беркені осы діндегі қыпшақтар мен оғуздердің жақтайтынын Ноғай білетін. Сондықтан оны қолдаған. Осындай әскер мен ұлыстың Оң қанатының ағасы Ноғайдың қатты көмектесуі арқылы, Қарақорымның дегені болмай, Алтын Орда таласында Ноғай жағы жеңіп, Берке хан болған.

Ростовтағы көтерілісті басқан жылы Берке хан Ноғай оңаша кездескен. Алтын Орданың болашағы екеуіне де қымбат. Сол себептен ашық сөйлескен.

— Не ойың бар мына орұсут жұрты жайында? — деген Ноғай,— осылай бір онғыны бір онғыға айдап салып, түлкі, қарсақ жинап жүре береміз бе? Байқа, Берке, бұл өзіңе ұқсас көшпенді, мал баққан, сойыл ұстаған өгүз, қыпшақ, алан, башқұрт тәрізді ел емес. Шаруашылығы да, әдет-ғұрпы да бөтен жұрт. Отырықшы және үлкен жұрт. Ертең Бату хандай алысын болжап алатын бір мықтысы шығып, бастарын біріктірген күні өзіңе тап береді. Өзіңді жем қылады.

— Өзің не ойлайсың? — деген Берке.

— Ел билеп отырған хансың ғой, ойлап жүргенің бар шығар, алдымен сен айт.

— Менің ойлап жүрген ештеңем жоқ. Айта бер ақылыңды.

— Айтсам...— Ноғай енді өз ойын еш бүкпентайсыз жайып салған.— Ана қытай жеріне кірген Құбылай тәрізді Алтын Орда орүсут жеріне кіруі керек. Құбылай қытайдың қандай патшасы болса, сен де орұсуттың сондай патшасы болуың керек. Ішінде отырып билеу, сыртында тұрып түлкі, қарсақ жинау емес.

— Қытайға кіріп, Шыңғыс ханның ұлы хандығын жоғалтқан Құбылайдай орұсут жеріне кіріп Алтын Ордадан айрыл дейсің бе? Жоқ, бұның болмайды. Және орұсут сені оңай кіргізіп жатыр ма, бұның барып тұрған үлкен соғыс қой.

— Соғыс болса, ше? Онда мынаны істе. Біртіндеп ана орұсут онғыларының орнына Алтын Орда адамдарын қой. Әр омағын монғол, Алтын Орда бекзадалары басқарса, жай жұрты не істей алады? Жылы-жылы сөйлесең жылан інінен шығады, қатты-қатты сөйлесең мұсылман дінінен шығады деп, тізеңді қаттырақ батырып, ауыздықтап ұстап, бірте-бірте ол жерге Алтын Орда елін көбейтсе, орұсут қайда барады? Құбылайға шоқынған ана қытайлардай, олар да бізге шоқынады, бағынады.

— Орұсут, қытай емес, әлі білмей жүрсің бе? Жіберген адамдарыңды, үй-ішімен, сол келген күні-ақ түнде өртеп жіберер.

— Сен тағы жібер. Әскермен жібер. Көнбейді екен қырып-жойсын. Біреуін өлтіреді екен, екеуін өлтіреді екен, сен үшеуін жібер. Тартынбай біржолата жаулап ал.

— Оған Алтын Орда монғолы түгіл, бүкіл жер жүзінің монғолы жетпес.

— Байқа, Берке! — деген ашуланып қалған Ноғай.— Бүгін оған осыны сен істемесең, ертең әлденгенінде осыны саған орұсут істейді. Бүгін оны сен өлтірмесең, ертең сені ол өлтіреді. Бүгін олардың қалаларын, жерін басқаруға адамдарыңды сен жібермесең, ертең сенің жеріңе, қалаңа, сені басқаруға адамдарын ол жібереді. Бүгін сен оны - монғол етпесең, ертең ол сені орұсутқа айналдырады. Байқа, Берке, ол көп ел, қапы қалып өкініп жүрме. Байқа!

— Мен мұны әлдеқашан байқағанмын,— деді Берке әлденеден шаршағандай жүзі тез өзгеріп,— әттең, кеш байқадым.

Ноғай сұп-сұр боп кеткен.

— Сен не деп малтаңды езіп тұрсың!

Бұл ханға айтылатын сөз емес еді. Хан бірақ ашуланбады. Бұны айтып тұрған әйгілі Ноғай болғандықтан ба, әлде өзінің сөзінің тым құбыжық көрінгенін сезгендіктен бе, әйтеуір, ол тұнжырай түсті. Ноғай да қатты сөзді айтуын айтып қалса да, тым артық кеткенін түсінді. Бірақ, кешірім сұрамады. Дәл қазір оған өз басынан гөрі Алтын Орданың келешегі қымбат еді.

— Иә, солай,— деді Берке қайтадан,— Орда түтіні түзу ұшпайтын секілді. Күдігім көп.

Ноғай оған тесіле қарады. Өзі білетін Берке мұндай емес еді, қараспанды суалтып, дүниеге үмітсіз қарап тұрған дәрменсіз ханды ол бірінші рет көріп тұр.

— Айт! — деді Ноғай Беркеге бұйырғандай етіп.— Сен неге өйдейсің?

— Жан-жағыңа неге қарамайсың? — деді Берке кенет басын көтеріп ап ашулана.— Батудың қанды қылышы сонау теңіз шетіндегі елдерге дейін жарқылдаған. Сол күнді ойлап тұрып өзім, қайран қаламын. Осы өңірді иемденгелі елу жыл - ақ өтіпті. Өз хәліміз өзімізге аян ғой. Анау орұсут елі, күннен-күнге күшейіп келеді. Растау, Ярасул, Сөздел, Тбер, Үстіктегі ереуілдердің күшін айтсаң ғой бәрінен де. Лапылдап жалын шашып тұр. Сен егер қолдарына от алып қараңғы түнде бізге қарсы көтерілген халықты көрсең! Долы толқынымен жұтып жіберетін бір алып теңіз дерсің! Ал өз Орданда тыныштық бар ма?

— Бастарын көтерсе, басын ал. Аяма! Қауіп тудыратын тірі құлдан, қауіп тудырмайтын өлі құл артық, мейлі бірі де қалмасын!

— Бірақ одан қатер азаяйын деп тұр ма? Шыбан деген шегіртке бар, ана бір жылдары егінді бітік өндіретін болғарлардың жерінен көргем, неғұрлым көп өлтірсең, солғұрлым өсе береді. Тірісі өлгендерінің етін жеп көбейеді... Мысалға әлгі Сәлімгерей дегенді алайық, алаңда бас көтерген құлдарды ол өз көзімен көрген жоқ па? Көрді. Ал соған қарамай, ол бізге қарсы күш жинап жатқан көрінеді.'

— Сен оған күш жинатпа! Ұстап ал да, соңынан еретін тобырларының алдында басын кес!

— Айтуға оңай!

— Жә, тағы нең бар?

— Иә, әлі айтарым көп...— Берке сөл ойланып қалды да, қайтадан сөйлеп кетті.— Иә, ұлы Бату қолына шоқпар, найза ұстаған көшпенділердің балаларынан тас-түйнектей боп құрылған, құмырсқадай қаптаған әскерімен алыстағы теңіз жағасына дейін барды, орұсуттар тәрізді ұлы жұртты тізе бүктірді, өз Ордасын нығайтты. Ал уақыт асау теңіз тәрізді, қандай жартасты болса да, кеміріп жеп үлгіреді. Ал біз қолына найза, шоқпар ұстаған, жұртты қамшымен бағындырған, сонау бабамыз Шыңғыс ханнан келе жатқан көшпенділердің Ордасын құрғанда, сол Ордамыз, әлі уақыт деген тажалдың тегеурініне шыдайды деп сеніп құрдық па? Әрине, сендік. Шыңғыс бабамыздың тоғыз құйрықты ақ сүлдесі мәңгі-бақи әлем үстінде желбіреп тұрады дедік. Және оны құлатпаймыз деп те ойлаппыз - ау! Міне, біздің тағы бір қатеміз. Сондықтан біз сол шоқпар, найзамызды ұстаған қалпымызда ат үстінде қалдық. Өзге жұрт егін ексе, біз солардың егінін өртедік, қару-жарағын тартып алдық. Жаңа айттым ғой, өзге елдер күшейіп келеді деп. Олар күшейген сайын өзінің от басының амандығын тілеп бізге керек қаруын олар өзімізге қарсы кезенбейді дейсің бе?

— Сен Алтын Орданы ондай күйге жеткізбе! — деді Ноғай қабатын көкжалдай гүр-гүр етіп.— Адам адам боп жаратылғалы қиянат, зорлық онымен бірге жаратылған. О да мәңгі күштің бірі. Алтын Орда — сол күштің тегеурінді алдаспаны. Аямай сілте!

Берке басын шайқады.

— Алмас қылыш қанша мықты болғанмен де қара тасқа сала берсең, оның да жүзі мұқалады.

— Монғолдың қисық қылышы алмастан да берік. Ол мұқалмайды,— деді Ноғай, озбырлана.— Сол үшін де Ұлы Шыңғыс ханның тоғыз құйрықты ақ туының астына иісі монғолдың бәрі жиналған.

— Монғол атаулының бәрі бір емес.

— Жоқ, бәрі бір! Бәрі бір болсын деп атамыз Шыңғыс хан, арат рекш араттың да аузына май жегізген, астына ат мінгізгені!

— Ұлы атамыз бүкіл монғолды ондай күйге жеткізді деп кім айтты саған? — Беркенің ашудан сары түсі қызыл - күреңденіп кетті.— Егер ұлы атамыз өз ұрпағын, нояндарын араттармен қатар қоятын болса, онда ол әлем иесі Шыңғыс хан аталмас еді. Жоқ, ұлы атамыз кімнің кім екенін айыра білген. Егер сен айтқандай, бар монғол бір монғол болса, егер ұлы атамыздың Ордасы бар монғолды бірдей жарылқаған болса, онда Арғүсүн хууршыны неге анандай сөзді айтты? Есіңде бар ма, әлем иесі Шыңғыс хан Солонгоны жеңіп патшасының сұлу қызына үйленіп, еліне қайтпай кешігіп жатқанда, соңынан іздеп келген Арғүсүн хууршыға «бала-шағам аман ба? Жұбайым аман ба?» деген сұрағына жаушының айтқаны? Ұмытып қалсаң есіңе түсірейін. Жақсылықты бағалай білу үшін, жамандықты да ұмыту керек.— Берке Ноғайдың сөзін күтпей ашулы дауыспен Арғұсұн хууршының сөзін тақпақтай жөнелді.

«Жұбай, балаларың — бәрі аман!
Бірақ халқыңның халін сен білмейсің —
Жұбайың, балаларың — бәрі аман!
Бірақ жұртыңның жайын сен білмейсің —
Быт-шыт болған аузымен,
Жегені тері, ағаштың қабығы,—
Еліңнің күй-әрекетін сен білмейсің!
Тілім-тілім ернімен,
Ішкені қара су, қардың қалдығы,—
Халқыңның дәстүр - хәлін сен білмейсің!»
Екеуі де үн-түнсіз тұнжырай қалды...
Ноғай енді Беркеге таңдана қарады.

Расында да бұл бұрынғы Берке емес еді. Қаталдығы, алтын таққа құмарлығы қалмаса да, бұл бәтуасыз дүниеден түңіле бастаған, алтын тақтың үстінде отырудың өзі қандай қиынын түсінген, бойын шарасыздық билеген Берке еді.

Ноғай тағы гүр ете қалды.

— Сен мұндай күмәнмен Орданды басқара алмайсың! — деді кенет көзінен от шашып.— Онда тағынды маған бер! Сонда көр Орданың ұзақ өмір сүруіне не керек екенін!

Берке мырс етіп күлді. Ноғайдың соңғы жылдардағы қылығынан Берке күптене де, қорқа да бастаған. Ашуының үстінде сөздің ыңғайына қарай айтып қалғанда болсын, Ноғай енді сырын айдай ашық айтты. Бұл, әрине, Ноғай мен Беркенің арасында қандай ор жатқанын аңғарта түсті. Соңынан барып, бұл Шыңғыс ханның тағы бір ұрпағы Тоқтай Орда тағына отырғанда, не Ноғай, не Тоқтай өлмей өткел бермес, қандай терең тұңғиыққа айналғанын көрсетті.

Шынында да бұл Орда билеушілерінің арасындағы алауыздықтың басталуы еді. Ал алауыздық жүрген жерде қандай іс болса да түйінін босатпай қоймайды. Алауыздық әсіресе, бұларға қауіпті еді. Өйткені, Орда билеушісі Берке қандай мықты болса, ұлыс ағасы саналған Ноғай да соңынан ерген елі бар, қарулы әскері де мол, айта қаларлықтай күш иесі еді.

Берке Ноғайдың ойының қай жарға апарып ұрғалы тұрғанын түсінді. Түсіне тұрып, бірден оны шаужайдан ала түсуге қауіптенді. Сондықтан ол жалтарма жауап берді.

— Тағыңды маған бер дейсің бе? — деді ол салқын езу тартып. Мен оны құламайтын етемін дейсің ғой. Жоқ, Ноғай, Орда іргесі менің кезімде де шайқалмайды. Бірақ, әйтеуір іргесі берік болсын деген ой ғой менің айтпағым.

Беркеден ештеңе шықпайтынын біліп, Ноғай ашуланып жүріп кеткен. Міне, содан бері екеуі араз. Берке оны ұрыншақ, кілең соғыс іздеп тыныш жүргісі келмейді десе, Ноғай Беркені, Орда болашағын ойлай алмайтын боз өкпе, тек хан тағына отырғанына мәз деп, Орда тағына ылайықты адамды іздей бастаған. Мұны сезіп қалған Берке Ноғайдан құтылудың жолын іздеп, оны осы аттанысқа жіберген.

«Құлағумен соғысасың» дегенді естігенде Ноғай шын қуанып қалған. Құлағудың күшейіп бара жатқанын бұл да білетін. Кешегі Шыңғыс жасысы бойынша Алтын Ордаға жататын Әзербайжан мен Грузияның теріскей жағын басып алғанына да наразы еді. Енді сол жерлерді қайтару өзіне тапсырылып тұр. Ноғай бұл іске құлшына кіріскен. Және өзіне шын серік, дос табамын десең соғыстан ыңғайлы ештеңе жоқ. Мұнда адам бірі кеудесін оққа төсеп, адал дос бола алады. Оның үстіне Ноғай Беркенің өз ойынан шықпағанына қатты ренжіп қалған. Енді оған қарсы одақ ұйымдастыру да ойында бар еді. Міне, түбі сол одаққа керек болар деп, өз қолына кіріп қосылған хан ұрпақтарына көңілін ерекше бөлді. Әсіресе, Батудың баласы Тоқты ханнан туған Тудай Мөңке мен сол Тоқтыханның немересі, үлкен ұлы Тарбудан туған Төле Бұқаны өзіне тарта бастады. Сәл есерсоқтау, аңғал Тудай Мөңке шу дегеннен-ақ, Ноғайдың асыранды күшігі тәрізді бірден соңынан ерді. Алтын Ордаға хан өзім болмасам да, айтқанымнан шықпайтын осындай бір оғланды қойған жөн деді Ноғай. Ал Төле Бұқа Тудай Мөңкеден ұстамды да, ақылды да еді. Бірақ, бұл да Ноғайдың осы аттаныстағы ерлігін, айлакерлігін көңіліне қошамет етті. Осылай ләшкарқаш-и бұзұрық, өзге әмір, нояндарға да ықпалды қатты жүргізіп, төңірегіндегі жұртты мықтап түйілдіре берді.

Ал бұның қосындары бұл кезде Батуды алып Шемаха мен Гүнжанға таяп қалған.

Сәлімгерейді жүзбасы етіп, бұйрық берілсін деген күні, бұнымен бірге Алтын Ордадан қашқан Қыпшақ жігіттерін өлтірілсін деп жазғырса да олардың қандай тәсілмен өлуге тиісті екенін айтуға үлгірмей, Құлағу кеселі ұстап, қатты ауырып қалған. Коломон мен есірей серіктерін Құндызға жолықтырмай Ел-Елтемір сол күні-ақ Гүнжанға қарулы күзетшілермен жүргізіп жіберген. Ал тұтқын адамдарды қандай жазамен өлтіру монғол әдетінде үлкен орын алатын болғандықтан, бұл жөнінде илханның ресми нұсқауын естімеген соң, өз еркімен олардың үкімін айтуға бата алмай, Қыпшақтың қашқын бес жігітін ертеңге дейін бір шатырға қаматып қойған.

Сол күні Ел-Елтемір Сәлімгерейдің қарамағына тиісті жүз жігітін берген. Жаңадан болған жүзбасы Саиджа қолына ертең жүруге рұқсат алған. Жаңа жүздікті Орда сыртына шығарып, сайдың қойнауына түнеуге апарып тастаған. «Бүгін осында ұйықтаңдар, ертең күн шыға жүреміз» деген оларға. Сол күні ебін тауып Тоғыз-қатынның кексе күңі арқылы күзетке алынған Құндызбен жолыққан. Болған оқиғаның бәрін айтып берген. «Сен Коломонның шіркеуді салып бітіргенін күт. Ол тезірек салуға тырысамын деді. Ал мен енді, тұтқындағы жігіттерді босатып алып, тау ішіне қашамын. Өзіміз секілді қашқындарды жинап алып, жасақ құрып, мықтылармен алысуға кірісемін. Өзің көріп отырсың. Алтын Ордасы да, илханы да бәрібір екен, қайда барсаң сорлайтын біз екенбіз ғой. Бізге бәрібір тендік жоқ екен, сол теңдікті күшпен алуға кіріспекпіз. Тараби мен Бошман секілді қол жинап, күресіп бағамыз» деген.

— Сонда мен қайда қалам? — деген көзінен жасы мөлтілдеп Құндыз. Не істеймін? Одан да өздеріңмен бірге ала кет.

— Коломон босанбай саған бұл Ордадан кетуге болмайды,— деген Сәлімгерей.— Және бізбен бірге қазір сен жүре алмайсың. Қандай күйге ұшырайтынымызды қайдан білесің... Сен әзірге осында қал. Біз сені тастап кетпейміз. Ана кексе күң хабар жеткізіп тұрады.— Ол сенің тұқымың, Қыпшақтың қызы екен.

Бағана хан Сарайынан бір ноянды көрдім... Әлі анығын білмеймін. Егер жиырма жылдан бері менің іздеп жүрген жауызым Тайбулы осы ноян боп шықса, одан өшімді алмай кейін қайтпаймын... Түрі тым ұқсас, аты-жөнін әлі біле алғам жоқ. Әттең дүние-ай.

Сәлімгерейдің «әттең дүние-ай» дейтіндей бар. Ол кезде Сәлімгерей он үште еді. Шыңғыс ханнан жеңілген Керей руының біраз жұрты ата мекен жерін тастап Шығыс Түркістанға ауысқан. Соның ішінде Уан ханның жауынгері осы Сәлімгерейдің әкесі Қолдан да болған. Он жыл өтпей монғол нояндары Шығыс Түркістанға да келген. Бұл арадағы халық қолына сойылын алып монғолдарға қарсы шыққан. Бірақ нөпір жау оларды табанының астына салып, таптап тастаған. Осы кезде еңгезердей қара ноян Тайбулының жасағы құз тастарды тасалай келіп, Теріскей Алатауға қарай қашып бара жатқан Қолданның тобының дәл үстінен шыққан. Олардың бар малын, дүние-мүлкін талап алған. Он үш жасар Сәлімгерейдің көзінше, әлгі қара ноянның өзі бұрын да ұрыс үстінде талай кезігіп жүрген Қолданды танып, қылышпен шауып өлтірген. Сосын дәл осылай шешесін де шапқылаған, бұны көрген бала құлындаған даусы құраққа шығып, қалың қарағайдың арасына қарай қаша жөнелген. Қара ноян бұны да өлтіретін еді, не құлы етіп еліне алып кететін еді, тек ақылынан адаса жаздаған Сәлімгерей ойбайын салып, қалың ағаш ішіне қарай жүгіре берген. Аттылы ноян сәл қуа түскен де, тоғайға кіре алмай қалып қойған. Сондағы қара ноян жасөспірім Сәлімгерейдің мәңгі есінде қалған. Артынан оның Тайбулы деген атын да білген. Және тірі қалған кемпір-шал, қатын-қалаш өлгендерін жерлегенде, әке-шешесінің томпиған жас қабірінің басында тұрып өсіп жігіт болғанда Тайбулы ноянды көз алдында әке-шешесін қылышпен шапқылап өлтіргені үшін өз қолымен бауыздаймын деп антын берген. Сол күннен бастап Тайбулы есінен шықпаған. Он жетіге шығып, алғашқы рет Тарабидың жасағымен ұрысқа қатысқанында, осы Тайбулы кездесер ме екен деп бір жебесін жеке ұстаған. Бірақ Тайбулы кездеспеген. Содан бері Сәлімгерей оны іздеумен болған. Біреулердің Қыпшақ жеріне кетті дегенін де құлағы шалып қалып, Тараби көтерілісі басылған күндері әлі монғолдар алмаған бөтен жерге емес, Шыңғыс ханның туы желбіреген Алтын Ордаға қашқан. Шелкенені өлтіргеннен кейін, тағы өзіне таныс жаққа емес, тау-тасы жат Құлағу хандығына қарай беттеген. Бұлай етуінің де Коломонмен уәделесуінен басқа тағы бір себебі бар еді. Сәлімгерей осыдан екі жыл бұрын Тайбулыны Құлағу хандығында деп естіген. Илхан шатырына көп нояндар кіргенде соның ішінде желке жүні үдірейген қара доңыздай Тайбулыны шырамытқан. Бірақ дәл сол ма, әлде тым ұқсас біреу ме, анық-қанығына көзін жеткізгісі келген.

Сәлімгерей Құндыздың шашының кесіліп қалғанын жаңа көрді. Іші удай ашып кетті.

— Шашыңды неге кестің? — деді ол.

— Өзім емес. Ана...— Құндыз солқылдап жылап жіберді.

— Кім?

— Тоғыз-қатын...

— Неге кесті?

— Еркектер сенің шашыңа қызығады дейді.

Сәлімгерей булыға қалды.

— Қап! — деді ол,— Тоғыз-қатын түгіл қырық қатын болсаң да ат артына бір мінгіздірермін! — Содан кейін Құндызға қарады.— Жарайды, басың аман болсын, шашың әлі-ақ өседі ғой,— деді.

— Рас па, ағатай?...

— Рас болғанда қандай! Коломонмен екеуіңнің тойында шашың бұрынғысындай жер төсеп жатады...

— Ол тойды соншама ұзақ күтеміз бе, ағатай?..

— Жоқ, ұзақ күтпейсің,— деді Сәлімгерей қызды жұбатып.— Шашың тез өседі. Коломон да шіркеуін тез салып бітіреді.

— Айтқаның келсін, ағатай!..

Бұл кезде қас қарайып қалған. Сәлімгерей «Құндызды Коломонға аман тапсырмай елге қайтпайтын боп» үйден шықты. Құндыз жылай-жылай қала берді.

Оңтүстіктің ымырты тез қоюланатын әдеті ғой, дала қап-қараңғы бола қалыпты, Сәлімгерей Орда сыртындағы тұтқындар қамалған шатырдың бүйір тұсына кеп ұзақ жатты. Екі қадамдай еңбектейді де, тағы жатады... Осылай ақырындап ол шатырға таяй түсті. Шатырдың түп жағынан бір топ ши көрінді. Сәлімгерей асықпай солай қарай еңбектеп келеді... Шатырды қорғап жалғыз жігіт жүр. «Бұл кім екен,— дейді ішінен Сәлімгерей,— біреудің жалғызы ма?.. Жолдастарын құтқарғалы келе жатқан ажалдың өзіне таяп қалғанын бұл бейбақ қайдан білсін!.. Қайтесің, соғыс иттің осысы - ақ жаман, бұны өлтірмесе — жолдастарым өледі... Обалы илханға!» '

Сәлімгерей серіктерін қайткенмен де құтқаруға бел буған. Қолға түсіп, өзім өлермін дегенді тіпті ойламаған. Бұл қашып шыққандарын есінен шығара алмаған. Сәлімгерей онсыз да қатты өкініште еді. «Коломонды Берке ат етіп тарттырмақ болып жатқанда, жұрт танымайтындай боп қара киініп барып, құлдарды көтеріліске шақырғаным дұрыс болды ма, әлде қателестім бе?» — деп сан толқыған. Өзегі өртеніп, өлердей боп сан қиналған. Сол күні төгілген қан, сол күнгі өлген құлдар «сен болмағанда біз бүйтпейтін едік қой» — дегендей қоярға жанын жер таптырмаған. Бірақ ол күні құлдар көтерілісінен басқа жол жоқ еді ғой. Мың сан құл өлгенменен, жүз мың сан құлдың көңілі оянған жоқ па? Күресе берсе, алыса берсе, алыса берсе, құлдықтан құтылатын жолдың бар екенін түсінген жоқ па! Және ол жол тек қан төккен, жан берген күрес арқылы келетінін сол түнде құлдардың өздері ұқты емес пе? Иә, ұқты. Сол түнде қолындағы шынжырын жолдастары балғамен ұрып сындырғанда, екі қолы босаған бір мосқал құлдың дуал үстіне шығып алып: «көрдіңдер ме, мен шынжырдан босандым, екі қолым бос! Мың жыл шынжырлы өмір сүргенімше, осылай шынжырсыз, бір түн тәуелсіз жүргенім қандай қуанышты! Қазір шын бақыттымын қолым кісенсіз, жауымның жағасынан ала аламын!» деп, жұртқа шынжырдан босаған қолдарын жоғары көтеріп, шаттана айқай салғаны Сәлімгерейдің есінде, өзі де сол түні бостандықтың, теңдіктің осылай келетінін түсінген. Сөйтсе де... сонау мың сан адам бір-ақ көмілген мола ойынан тіпті кетпеген. Оған сол моладағылар: «Бізді ұмытпа, біз үшін сен күрес, хандардағы кегімізді сен ал!» деп жатқандай болатын да тұратын. Осы уақытқа дейін үй болып түтін түтетіп, еркек болып жар құшақтап, бала сүйіп көрмеген Сәлімгерей, осыдан барып жалғыз жаңқасы қалғанша, ендігі өмірінде күштілермен алысып өтуге өзіне-өзі серт берген. Қазіргі қимылы да осы шешімнен туған.

Сәлімгерей ши түбіне жетті. Дәл осы кезде шатырға қарай шапқан аттың дүбірі естілді. Сөйткенше болған жоқ, шапқан ат шатырдың сыртына кеп тоқтады. «Әй, бармысың?» — деді бір жуан дауыс. «Бармын ғой...» — деді оған күзетші. Даусына қарағанда бала жігіт екені сөзсіз. «Тұтқындарың қалай, тыныш па? — деді жуан дауыс. «Тыныш болмай, қол-аяқтарын қыл арқанмен матап тастаған соң...» — деді бала дауыс. «Жарайды, айрылып қалма. Айрылып қалсаң, илхан жон теріңді тірідей сыпырады» — деді жуан дауыс. «Бала дейсіз бе оны білмей...» — деді бала дауыс. «Онда күзете бер. Ай шыға, бөтен жігіт келеді» деді жуан дауыс, сірә кетпекші болуы керек, енді күзетші бала жігіт асыға сөйледі. «Аға, деді ол, бұлардың бәрін ертең өлтіреді дейді. Өздері кілең Қыпшақ жігіттері екен. Не жазықтары бар?». «Өй, әкеңнің аузын!.. Сұрағының түрін! — деді жуан дауыс күж ете қалып.— Оны мен қайдан білейін, сұра ана илхан Құлағудан, сұрағыш болсаң! Және хан осы күні жазықтыны өлтіреді деп кім айтты саған! Алдыменен жазықсызды өлтіреді! Біліп қой! Сондықтан аузыңа ие бол! Және ана тұтқындарды дұрыс бақыла! Білдің бе?» Шапқан аттың дүбірі бірте-бірте Ордаға таяп барып естілмей кетті. Сәлімгерейге шешім өзінен-өзі келді. Бала жігіт шатырды айнала бергенде, сопаң етіп алдынан шыға келді.

— Таста қылышыңды,— деді ақырын.

Бала жігіт тіпті айылын да жиған жоқ.

— Әне, ана жерде жатыр...

Расында, қылышы қолында жоқ екен. Шатырдың етегінде жатыр. Сәлімгерей таң қалды.

— Қылышсыз неменеңді күзетіп жүрсің?

Бала жігіт ыржия күлді.

— Сенің тоңқаңдап келе жатқаныңды бағана көргем... Шақырайын, не өзім барайын десем, сыртымнан андып тұрған біреу бар ма деп қорықтым.

— Ой, айналайын-ай...

Бала жігіт пен Сәлімгерей тұтқындардың қол-аяқтарындағы қыл арқандарды қылыштарымен кесіп тез босатып алды.

— Мен сендермен кетемін,— деді бала жігіт,— қалсам илхан өлтіреді. Былтыр ол соғысқа барғыларың келмейді, өлімнен қорқады екенсіңдер,— деп бес ағамды бірдей жұрт көзінше дарға асты.

Бұлар ұйықтап жатқан жүздіктің қасына келгеннен кейін, ат бағып жүрген екі жігітке:

— Біз мына төменгі ауылдан тағы кісілер алып келеміз. Өздерің аттарыңа ие болындар,— деп тұсаулы жүрген алты атты ерттеп мініп, қара түнге еніп жоқ болған.

Тек бір ай өткеннен кейін ғана, «тау арасында бір ер жүрек жігіттер пайда болыпты. Өткен-кеткенді тонамайды екен, тек хан тұқымдарына, ноян, әмірлерге өш көрінеді» деген хабар дүңк ете қалды.

Бұны кексе күңнен естіген, күндіз-түні аңдуда жүрген Құндыз: «Сәлімгерей ағайларым бар екен ғой!» деп қуанып қалды.

Бұл хабарды илхан Ордасы да естіген. Бірақ Құлағу айылын да жимады. Тек тауға қарақшыларды ұстауға жасақ жіберіп, әйелдері ауылының күзетшілерін сәл күшейтті де қойды. Көшпенді елдер хандарының Ордасы, ауылы арба үстінде көшіп жүрген шағын қала дерліктей еді. Бұл ел мұсылман болса, шатыр-мешіті, оның муфти ишандары, медресесі, ал христиандікі болса, шатыр-шіркеуі, поп, дьякондары, бала оқытатын мектебі, бәрі-бәрі көше боп қаз-қатар тұра қалатын. Құлағу тұрғын елдердің илханы делінгенмен, осы арбамен көшіп жүрген бабаларының әдетін сақтағандықтан бұның Ордасы да арба үстіндегі әжептәуір үлкен қаладай еді.

Биыл илхан қатындарының аулы таулы жерге таяу тұсқа, мөлдір сулы шағын көлдің жағасына қонған. Көгал шөпті кең алаңның күн батыс жағында Тоғыз-қатынның қызыл барқыттан ойылып, фарсы өрнектерімен әшекейленген ақ шатыры. Одан лақтырған тас түсетіндей жерде көк барқыт өрнекті екінші қатынның шатыры сондай жерде, жасыл барқытпен әшекейленген үшінші қатынынікі... Осылай сан түсті өрнекті, аралары қырық құлаштай, қаз-қатар тігілген хан әйелдерінің Ордасы. Ең соңғы күншығыс жақтағы шатыр илханның ен кіші әйелінікі. Киіз үйлерін алқа-қотан тігетін Қыпшақ ауылдарының тәртібіндей емес, бұлардың шатырлары батысынан шығысына қарай бір сызықты бойлай қатарласа тігілген. Қатындар ауылында еркек некен-саяқ. Оның өзінде де тек инақ, ат тәрізді кестірілгендер. Әдетте бұл илхан қатындарының Ордасына нөкерлерімен илхан ғана келеді. Онда да Құлағу бір қатынының шатырында жатқанда, нөкерлерінің біреуі, болмаса біреуі, бөтен шатырдың біреуіне кіріп кетпесін деп, олардың өздері инақ күзетшілердің қарамағында қалады.

Илхан қатындары ордасының осылай сыртқы жұртпен еш байланысы жоқ болатын. Тек күн батар алдында ғана илханның көп жылқысы Орда алдындағы көлге теріскей, тау жағынан келіп су ішіп, кейін қайтатын. Күнгей тұстағы Орда жағына тіпті бармайтын. Бірен-саран жайылғаны болса, бер жағында тұрған инақ күзетшілер Орда жағына жібермейтін. Өзге уақытта жылқы бөтен көлдерге апарылатын.

Жаздың аяқ шені еді. Бүгін Тоғыз-қатын өз Ордасында болатын. Ымырт үйіріліп келе жатқан. Тамыз айы туып қалғанмен күнгей жақтың ыстығы күндіз басылмай, тек кешке таман ғана самал желді салқын түскен. Бүгін жылқы күндегіден суға кешірек келді. Жылқышылар бұларды суарып, түнге тау қойнауына айдағанша қас қарайып, ымырт жабылып кетті. Заматта әлем біткен қараңғылана түсті. Тоғыз-қатын Орда ішіне, бес-алты жерден шырақ жақтырып, илханның қалған қатындарын қасына алып, бір инаққа «Сал-сал» қиссасын оқытып отырған. Қиссаны инақ әндете жырлайды.

Бір дәу шықты сонда піл мінген,

Екі аяғы салбырап жер тіреген,—

деген кезде үйге жалаңаш қылыштарын жалаңдатып бес-алты жігіт кіріп келді. Қиссаны қызыға тыңдап отырған хан қатындары арттарына бұрылып та қараған жоқ.

— Тырп етпеңдер, үндеріңді шығармаңдар! — деді келгендердің біреуі, қара мұртты балуан денелі жастауы.

Қатындар есікке енді қарады. Түсі суық қылыштарын жалақтатып бейтаныс кісілерді көріп шошып кетті.

— Көтек, мыналарың кім? — деп айқайлап жіберді илханның сасып қалған бір қатыны.

— Дауыстарыңды шығарма дедім ғой мен сендерге! — дейді әлгі балуан денелі қара мұрт.— Шатырларыңның іші қатын сасып кетіпті, әттең, уақытымыз тар, қазір сендердің бізге керектерің жоқ. Бізге анау төрдегі қаракер сұлу керек! — деді жігіт қылышымен төрде желең көйлекпен кілем үстінде, ақ мамық жастықты бауырына қысып, етпетінен жатқан Тоғыз-қатынды нұсқап, сөйдеді де оған даусын көтере бұйырды. Кәне киін. Бізбен бірге жүресің!

Тоғыз-қатын өзінің илханға ұнайтын сиқырлы күлкісіне салып, жігітке қарап күлді.

— Маған шешін, дейді екен десем, бұл...

— Оны да еститін кезің болар. Жұмсақ жеріне көк шыбықпен... Ал қазір киін. Күтетін уақытымыз жоқ. Әйтпесе байлап әкетеміз. Көрдің ғой мына жігіттерді.

Тоғыз-қатын, жігіттердің енді бірдеме десе, бас салатынына көзі жетті. Сөйтсе де, қорқып тұрса да, сыр бермей, әзілдесе:

— Жарайды, киінейін,— деді тұрып жатып,— жігіттеріңнің түріне қарағанда, түбі мені өздері шешіндіретін секілді ғой...

Ол тез киінді. Енді қара мұрт, жалаңаш қылыштарды көріп, зәре-құттары қалмай үрпиіп отырған илханның бөтен қатындарына қарады.

— Бізге қарамай кетті, деп өкпелемеңдер. Тағы бірде жөні келер. Қазір асығыспыз,— деді күле.— Ал сендерге тілек: біз көлден асып кеткенше, байбаламға салмаңдар. Дыбыстарыңды шығармаңдар. Егер біреуіңнің даусың шықса, бізге өкпелемеңдер. Ат сауырына аламыз.— Сөйдеді де Тоғыз-қатынға бұрылды.— Кәне жүр!

Тоғыз-қатын хан жігіттері қоршап тойға бара жатқандай, денесін, ырғалта қозғап, аяғын былқ-сылқ басып шығып кетті.

Ал бұл жігіттер Сәлімгерейдің сарбаздары еді. Тау қойнауында жылқы бағып жатқан илхан жылқышыларын ұстап алып, бәрін қол-аяғын байлап, тау арасына тастап, өздері олардың киімін киіп, жылқыларын айдап көлге келген. Әдейі сәл кешірек келген. Көлден шыққан мал, бақылаушылары жоқ болған соң, ауа жайылып бергі бетке жеткенін көріп қатындар Ордасының күзетшілері кейін қайтарып әуре болып жүргендерінде, бұлар қараңғылықты жамылып Тоғыз-қатынның шатырына кірген.

Тоғыз-қатынды алып кеткен жігіттер көлден асты-ау деген кезде, шатырдағы аман қалған өзге әйелдер бүкіл орданы бастарына көтеріп, «Ойбай, шауып кетті! Тоғыз-қатынды алып кетті!» деп у-шу бола қалды. Бірін-бірі тыңдамай салған байбаламдарынан, Ордаға жеткен күзет-жасақтарының жігіттері алғашқы кезде ештеңе түсінбеді. Түсініп атқа қонған кездерінде, Тоғыз-қатынды әкеткен жігіттер тауға кіріп жоқ болды.

Сәлімгерей бір жетіден кейін илханға кісі жіберді. «Тұтқында отырған Құндыз қызды босатса, жақсы көретін бәйбішесі Тоғыз-қатынды қайтарамыз» деді.

Алғашқы күндері ерін бауырына алып асау жылқыдай, астан-кестен болған Құлағу, ақылға сап, амалсыз көнді. Бір жетіден кейін, Сәлімгерейдің жеткіз деген жеріне илханның төрт жігіті шөлмектей жүдеп кеткен Құндызды алып келді.

Уәде бойынша илханға қайтаратын Тоғыз-қатынды Сәлімгерей шақыртып алдырды.

— Құндыз қарындасымның шашын кескенің үшін, сен сайқалды, біраз дүрелеп алу керек еді,— деді Сәлімгерей,— жігіттер ұят көрді. Ал енді ана қанішер байыңа айт. Қолымызға түспесін. Түссе, бізден жақсылық күтпесін.

— Жарайды,— деді Тоғыз-қатын күлімдей.— Қазір кетейін бе?

— Қазір.— Сәлімгерей оған түксие қарады.— Жоғал көзімізге көрінбей!

— Бекер асығасың,— деді Тоғыз-қатын күлкісін тыймай.— Тым ерте қайтарды деп, мына бақтырып қойған жігіттерің өкпелеп жүрсе қайтесің?

Күзетке қойған екі жігіттің арық сарысы қып-қызыл болып, көзін жыпылықтата төмен қарады. Ал ұзын мұртты, алпамсадай қарасы, мақтанғандай мұрттарының ұшын шиырып, ыржия күлді де қойды.

Ашу қысып кеткен Сәлімгерей:

— Ал енді дәл қазір кетпесең...

Тоғыз-қатын қасына тарта берген күрең атқа, аяғы үзеңгіге тиер-тиместен жігіттей бірақ ырғып мініп, күзетші жігіттеріне «Қош болыңдар!» деп саңқ етті де, Ордасына қарай шаба жөнелді.

Сәлімгерей, әлденені ойлап сәл отырды да, жанындағы Құндызға қарады.

— Қалқам, дайындал. Енді елге қайтамыз.

Құндыздың ерні дір ете қалды.

— Ағатай, Коломонды тастап кеткеніміз бе?

— Қалқам...

Махаббат пен жаны сүйген өнері адамды ең биік шыңға шығара алатын қос қанаты. Жиырмадай жылын құлдықта өткізсе де, осы екеуіне бірдей ие болған Коломон өзін дүниедегі ең бақытты адам санаған. Құлағудың «сүйгеніңді тек шіркеуді бітіргеннен кейін көресің» деген сөзі жанына қандай батса да, хан сөзінен қайтпайтынын білгеннен соң, шіркеуді тез бітіруге кіріскен. Бұрын Құндызды көзінен таса етсе, Коломон қайғыдан өзін-өзі өліп қалатындай сезінетін. Енді сол ауыртпалық басына түсіп еді, амалсыз көнді. Көнбеске болмады. Өзін осы ауруға душар еткен сол махаббаты үшін көнді. Құндызды тезірек көрсем екен деген арман көндірді.

Алдында жұмысқа осылай кіріскен Коломон шіркеудің сыртын бітіріп, ішін сырлауға, бояуға түскенінде қайғысын да, қуанышын да, махаббатын да ұмытты. Өзге сезімдердің бәрін былай сыпырып тастап, серпу, іздену оның ақыл, ойын, миын, бар тіршілігін биледі. Өзге дүниеге, сезімге жүрегінен де, бөтен жан жүйелерінен де орын қалмады. Түгелдей серпіну, ізденуге берілді. Оның кенет мұндай қызық дүниеге кіріп кетуіне ерекше себеп бар еді. Мұсылман мешіттеріндей емес, христиан шіркеулері іштеріне сурет салуға рұқсат етеді. Әрине, кім көрінгенді емес, тек Иса, Қызыр, Ілияс, Мұса, Дәуіт, Сүлеймен тәрізді христиан пайғамбарлары мен Жәбірейіл, Габриел секілді періштелерді, құдай анасы секілділерді салдырады. Бірақ, Коломонның жүрегін бұл бейнелер емес, тек Құндыздың ғана суреті, соның нәрестедей пәк келбеті, ерекше біткен пішіні ғана билеген. Шіркеу қабырғасына құдай анасының суретін емес, тек Құндыздың ғана суретін салғысы келген. Бірақ мұсылман қызының суретін шіркеуге салуға әрине, ешкім рұқсат етпейді. Құдай да, адам да. Егер сала қалсаң, христиан поптары сені жазалайды. Анау Исус Христостай, тақтайға қол-аяғыңды керіп шегелеп қоюдан да тайынбайды. Оның үстіне Құндыздың кім екені илхан Ордасына аян. Мұндай жағдайда христиан дініне жаны ашығанын көрсеткісі келген илхан мұны аяр ма?

Коломон ойлап-ойлап ақыры шешімін тапқан. Осы күнгі балалардың бір тұсынан қарасаң қоянды, екінші тұсынан қарасаң қасқырды көрсететін ойыншығындай, бетінде құдай анасының суретін, ал жоғарғы жақтан (онда да тек бір нүктеден сол суретке қарасаң, Құндыздың ғажайып сұлу бейнесін көретін әдісін ашқан. Міне, содан кейін осы ойын іске асырам деп дүниенің бәрін де, өзін де, Құндызды да ұмытқан, тек көз алдында оның қабырғаға салып жатқан пішіні ғана қалған. Шіркеудің ішкі бейнесі біткен күні Ганджанға Құлағу келген. Ол христиан ғибадатханасының сыртқы келбетіне де, ішкі бейнесіне де риза болған. Әсіресе, кірген бетте өзіне дәл қарап тұрған суретке, түріне таң қалған. «Неткен мейірімді, ұстамды, деген, құдай осындай анадан тууға тиісті ғой».

Құндыз қандай сұлу болғанмен, жерге шұбатылған қос бұрымынан айрылғаннан кейін фарсы, араб сұлуларының талайын көрген Құлағуға ол жай әдемілердің бірі боп қана қалған. Тоғыз-қатын оның шашын білмей кеспеген екен. Дегенмен, Құндыз сұлудың сұлуы еді ғой, тән құмарлығы дегенге ерке өскен Құлағуға, әлі де болса Құндызға қызығар ма еді, қайтер еді, тек байтал түгіл, бас қайғы боп илханның кеселі дами түсіп, қыз құшып насаттанудың орнына, жанын қоярға жер таппай әуре болып жүрген.

Шіркеудің бітісіне риза болған илхан, Коломонға бір уыс алтын ақша бергіздірген. Өзімен бірге келген ана бес жігітке үйлеріне қайтуға рұқсат еткен.

Құлағу майданнан Ордасына жүріп кеткеннен кейін, Ноғай Шемаханы алып, енді Ганджанды қоршаған. Көп кешікпей қала ішіне кірген. Қаланы өртеп Алтын Орда әскері шіркеу, сұлу сарай дегеннің бәрін қирата бастаған. Грузин, армян, әзербайжан боп шапқыншыларға қарсы тұрған. Әр көше, әр үй аянбай күрескен. Жанындағы жолдастарымен Коломон да жаңа салып бітірген шіркеуін қорғаған. Бар өнерін сап, күні-түні тер төккен еңбегінің зая кетпеуі үшін жанын аямай қорғады. Өн бойы жараланып, ақырғы демі біткенше алысып баққан. Ақыры, Алтын Орда әскері жеңген. Қаланы тып-типыл етіп күйретуге кіріскен. Осы айқаста Коломон қаза болған. Ноғай шіркеудің керемет көркіне таң қалып тұрып, өз көзінше бәрінің тас-талқанын шығартқан.

Осыншама қан төгіліп, жұрт қырылған соғыстың арқасында Баку мен Ширван қайтадан Алтын Орда қарамағына оралған.

Бұл кезде Алтын Орданың елу мың қосындарын басқарып, Қайдуға жәрдемге келген Беркенжар кенет қатты сырқаттанып қалған. Мұндайда Шыңғыс жасысы бойынша, Ұлы хан ләшкарқаш-и бұзұрықты біржолата бекіткенінше, майданға қатынасып жүрген тұма басшылары бәрі жиналып жеребе ұстасатын, жеңгені бар әскерді басқаратын. Бұл жолы ондай жеребе керек болмады. Биыл Алтын Орданың сол қанатын билейтін Мөңке Темір ордасымен жайлауға, Сырдың төменгі шеніне келген.

Хан ұрпақтары ұлыс ішіндегі жерлерді аймақ - аймақ етіп бөліп алғанмен, әбден бауыр төсеп, белгілі кезең өткен кезде аймақтарын ауыстырып отыратын. Бұл да Шыңғыс ханның жасысынан шыққан. Бұл заң тек Орда иелері Бату, Құбылай, Құлағу секілді хандардан бөтен барлық Шыңғыс ұрпағына, тіпті Ноғай, Мөңке, Темір тәрізді бірнеше аймағы бар, үлкен ұлыстардың иелеріне де жататын. Осындай себеппен Бұлор мен Молдавияны басқарған Ноғай олардан айырылып қалған кезінде, Бату бұған ұлыс ретінде өзі жаулап алған Қырымды берген. Ал, Ноғайдың тым күшейіп кетуінен сескенген Берке Ноғайдың ұлысын Еділдің төменгі сағасына ауыстырып, Қырымның дала жағын, сол арадағы қыстақтарын Алтын Орданың болашақ үлкен ханының бірі Тоқтайдың да бесінші ұлы Тоқ Бұқаға ұлыс еткен. Соңынан Тоқ Бұқа кемеліне келіп, мешін, тауық, яғни 1260—61 жылдары Қырымның бүкіл дала жағын басқара бастаған кезінде, өз ұлысынан он мың адамдық қосын - тұма құрған. Бұдан сескеніп қалған Берке Тоқ Бұқаның ұлысын өзгертуді ойлай бастаған. Ал Еділ өзенінің төменгі жағының бұл тұста мәні зор еді. Бұл, Қыпшақ даласы мен Шығыс Жоңғар және Батыс пен Шығыс халқы түйіскен жері. Осындай бірнеше тілектер табысқан далаға Алтын Орда ханы өзінің ұлысын ауыстырғанына Ноғай қуанбаса ренжіген жоқ. Берке бұл кезде Ноғаймен өте тату болғандықтан, Еділдің төменгі шенінің ерекше маңызын ойлап, оған әдейі де берген тәрізді. Бұл араның тағы бір маңызы бар еді. Бұрын Алтын Орда күшеймей тұрған шақта, Батыс Қыпшақ жерінде үлкен төрт ұлыс болатын. Үзі өзенінің бойында сан жетпес жылқысы бар Дәшті Қыпшақтың байы Құрымшы көшіп жүретін. Тан өзенінің даласында Қыпшақтың екінші байы және жауынгері орұсуттар «Могучей» деп атаған Маушының ұлысы болатын. Еділ бойы Батуға жататын. Ал төртінші ұлыс — Жайық өзенінің бойын Қотан ханның ұрпақтары, Дәшті Қыпшақ батырлары билейтін. Берке хан болғаннан кейін түбі Солтүстік Кавказ даласын мүлдем жаулап алып, бүкіл Еділ өзенінің бойын ешкімге ұлыс етпей, тікелей өз қарамағына алмақ болған. Бұнысы оның Орталық ұлысты — Ордасын күшейту еді. Бұны Ноғай білмейтін. Алтын Орда ханының қарамағындағы хан ұрпақтарының әр жылда жайлауын, қыстауын ауыстырып тұрғанын, тек Шыңғыс хан жасысының әлі де берік ұсталуында деп ойлаған.

Осындай тәртіппен жылда жаз шыға Ырғыз, Торғай өзендерінің бойына көшетін Мөңке Темір биыл Сырдың төменгі шенін жайлау еткен. Беркенжардың қатты ауырып қалғанын естіп сол қанаттың ағасы Мөңке Темір өзінің жеке басындағы мың әскерімен жедел жүріп Қайдудың Ордасы тұрған Талас өзеніне келген. Қалың қолмен Қайду екеуі енді Мауараннахрға аттанған. Ұлыс Сұмкөлдің («Сайрамның») даласында болған. Бұл жолы Дәшті Қыпшақтың елу мың атты әскері келіп қосылған Қайду қолынан, әрине, Барақ жеңіліп қалған. Қалған әскерімен Мауараннахрдағы Ордасына қашқан. Қайду Отырардан әрі бармаған. Әскерін тынықтырып, алған жерлерін тәртіпке кіргізуге кіріскен.

Ал Ходжентке жеткеннен кейін Барақ Мауараннахр Қыпшақтары мен Қоқаннан әскер жинай бастаған. Бұл әскерге керек қаражатты Бұхар мен Самарқандтың халқын Шаһардың сыртына шығарып, қырып тастап, солардың мал-мүлкін, дүниесін тонап, содан таппақ болған. Мауараннахр хандары өзгергенімен, үнемі өзгермей келе жатқан Самарқанд пен Бұхардың даруғашылары Тайғу мен Нұши және бүкіл мұсылман муфти, ишандары боп, Барақты бұл ойдан әзер қайырған. Бұл тұста шаруашылығы әжептәуір көтеріле қалған Бұхар мен Самарқанд тұрғындары Бараққа орасан көп салық төлемек болған. Енді Бұхар мен Самарқанд ұсталары, шеберлері күндіз-түні Барақ әскеріне қару-жарақ соғуға кіріскен. Бірақ әміршілері, нөкерлері бұл істі өздері басқарып, халықтың үстінен әңгір таяқ ойнатқан. Міне, осы кезде халық арасында Тамдам қайтадан пайда болған. Бірақ көшпенділердің қатігездігімен таныс, Қыпшақ, монғол қолдары кірсе қайтадан қырылады екенбіз деп қорқып қалған қала тұрғындарының бұл жолғы соғысқа дайындалуында азаматтық ерекше құштарлық бар екенін көрген Тамдам, әміршілерге қарсы күресін енді басқаша құра бастады.

Теріскей Кавказды, Ширван мен Грузияның біраз жерін өзіне қаратқан. Шығысындағы даласын Отырарға дейін қайтып алған Берке көңілді еді. Бату хандай болмаса да, Бату ханның орнын жоқтатпай отырса бұның өзі қандай дәреже. Иә, бұл өз билігіне біраз жерді қайтарып алды. Бұхар, Самарқанд, Хорасан тәрізді шаһарларға да кезек келер. Ал әзірге осы қолындағының қызығын көрген жөн.

Әзірге орұсут қалалары да тыныш. Басына тиген монғол таяғынан әлі де есін жинай алмай жатыр. Ал есін жия бастаса - ақ болғаны, аңдып тұрған әлгі таяқ тағы да сарт етіп ұрады, амал жоқ, тағы бұға қалады. Расында да бұл үлкен халық, батыр халық, бұны басып отыру қиын. Шынын айтсақ Алтын Ордадан орұсут емес, орұсуттан Алтын Орда қорқады. Бату заманында да солай болған. Қорықпаса Қыпшақ жерін басып алғандай, неге Хермен Кибе қаласының үстіне Шыңғыстың тоғыз құйрықты ақ туын желбіретіп біржолата орналасып қалмады? Жер десең жері, су десең суы қандай! Бірақ өз жеріне айналған Қыпшақ даласына Ақ Еділіне Бату шегінді. Неге? Қорықты! Болашағынан қорықты. Орұсутты Бату қамшыменен жуасытқан асау өгіз санаса, өзін соның үстінде отырған баладай көрді. Сол өгіз «өк» дегеніне көніп, өмір-бақи сені көтеріп жүре ме, бір күні болмаса бір күні, бөгелек тиіп тулар болса, сені бір мөңкігенде жерге ұрып кетпей ме? Әрине, сөйтеді. Бату мұны білген. Ноғай орұсутты басып, жаншып, мойнына мініп ал дейді. Өз жеріне кіріп, сол арадан басқар дейді. Оның жерін өз жерің ет, өзін монғол ет дейді. Айтуға оңай. Сонда Ноғай Батудан ақылды болғаны ма? Жоқ, әрине. Одан мен артықпын. Өйткені, мен Батудың жолымен жүремін. Бату маған бұл жұртты сырттан басқар, және жанын жерге жанша аямай басқар деген. Мен солай істеймін. Бірақ оны тыныш басқартқысы келіп отыр ма жұрт? Кеше Шығыс Жағропадан келген саудагерлер неміс рыцарьлары мен Ливон ордені Псков пен Новгородты қайта шапқалы дайындалып жатыр деді ғой. Олар қайткенмен орұсуттың батыс жағын өздеріне бағындырғысы келіп-ақ отырған көрінеді. Бұны Александр Невский және бөтен орұсуттың князьдері білмей отыр ма? Бізге неге хабарласпайды? Әлде неміс рыцарьларын өз бетімізбен жеңеміз деп өз күштеріне сене ме? Ал егер олар бізбен хабарласа қалса, сонда не істеуге тиістіміз? Араша түсуіміз керек пе, керек емес пе? Әрине, керек тәрізді. Қай аңшы өзі қуып келе жатқан қызыл түлкісін, біреу бүйірінен шыға келіп, іліп кеткенін жақсы көреді? Орұсуттарды неміс рыцарьлары талағанша өзім талағаным жөн емес пе? Әрине жөн.

Мұндай ой Беркеге соңғы кезде көбірек келетін болған. Сөйтсе де Алтын Орда ханы бүгінде көңілді еді. Ширван мен Грузияның біраз жерін жаулап қайтқан Ноғай, Теріскей Кавказға шыққан бетінде, тау арасында алыстан келе жатқан бір қашқын топ бар екен дегенді естіген. Ал Сәлімгерей елге қайтар алдында Құлағу Ордасында кездестірген адамы Тайбулы екеніне көзі жеткен. Бір жаны ашитын кісі арқылы оның тау етегінде әскер ойынындағы түменнің қай шатырында жататынын біліп алған. Сол күні түнде өзіне ерген қырық жігітпен қосынның сыртқы күзетшілерінен ұрланып өтіп, ұйықтап жатқан шатырдағы жауынгерге дабылдарын қаға, айқайларын салалап қойған. Ойламаған жерден шатыр үстіне жер сілкіндіре шауып келген қырық жігітті бір қалың қол келіп қалған екен деп, бастығы Тайбулы боп жатқан жерлерінен атып-атып шыққан. Киінуге де үлгірмеген. Тек іш киімшең, жалаң қылышын ұстап «атым қайдалап» ала - көлеңке түнде оба тастай ағараңдап, есігінің алдында айқайлап тұрған Тайбулыны Сәлімгерей бірден таныған. Атын ойнақтатқан қалпында бұзау бас шоқпарыменен қақ төбесінен періп өткен. Тайбулының өкіруге де шамасы келмей, ошақтай басы мылжа-мылжа боп жардай денесі жерге дүңк еткен. Қарулы Сәлімгерей шоқпарының дәл тигеніне қуанып «бір өшім қайтты, енді өліп кетсем де арманым жоқ» деп атының басын бұрып алып «ал, жігіттер қалмаңдар!» деп кейін қарай шапқан. Тайбулы әскері жиналып аттарына қонғанша, бұлар тау арасына кіріп жоқ болған. Жолай уәделескен құздың түбінде өздерін күтіп тұрған Құндыз бен бөтен серіктерін алып, бірден Дәшті Қыпшаққа тартқан. Кавказдың теріскей жағына шыққаннан кейін Алтын Орда қиянатынан тау арасында босып жүрген осетин мен серкес жігіттерін жасақтарына қосып алған. Жүзден астам жауынгер боп, осы маңда халықты жәбірлеген әмірлерден жұрттың өшін ала бастаған.

Коломон өлгеннен кейін жалғыз қалған Құндыз бұлардан бөлінбей, осы топтың бір жауынгері болып кеткен. Атқа да жігіттерден кем шаппайтын, садақты да ешкімнен кем тартпайтын. Жалғыз шешесі илхан жеріне бара жатқанда, бір жаңбырлы күні сүрлеу жолдан тайып кетіп шыңнан құлап өлген. Артында қарайлайтын тірі жаны жоқ. Құндыз, енді өзінің бар келешегі осы халықтың кегін жоқтап шыққан жасақпен бір санаған. Тек бұның да көңілінде бір арман бар еді. Ол кек арманы — жар сүйіп, бөпе тербетіп, өмірін қуанышта өткізудің орнына, өзінің осындай аш бөрідей тау кезіп, кісі өлтіріп жүргенін, анасының жардан құлап дүние салғанын, Коломонның қаза болғанын, хан әулетінің қиянатынан ғана көрді. Жауымнан өшімді аламын деп жүрегі тас боп қатқан Құндыз: «Берке ханды өз қолымнан өлтірсем арманым болмас еді», деп кектенген. Өз ойын Құндыз ағасындай болып кеткен Сәлімгерейге айтқан. Ол: «Берке ханнан кегіңді алар да күн келер, ал әзірге біз тау арасындағы жұртты өзімізге қосып, елеулі күш болып алайық» деген.

Құндыз да содан осы жасақта қалған. Осындай тау ішінде, мықтыларға қасқырдай тиіп жүргендерінде, бір күні бұларды Ноғайдың жіберген бұлұғы қоршаған. Ғаламат айқас болған. Қан кешіп, жау қырып үйренген көшпенді елдің ұлдарынан құрылған Алтын Орда жауынгерлері қандай батыр болса, дені тау елдерінің жігіттерінен жиналған Сәлімгерейдің де жасағының сарбаздары олардан кем ер емес-ті. Бұлардың көшпенділерден көрі бір артықшылығы бар. Ол тау ішінде соғысып үйренген. Бұлар жүз адам болса, Ноғай жіберген бұлұқ бес жүз адам. Бір сарбазға бес жауынгер келеді. Көптің аты көп, олар Сәлімгерей жасағын әлсін-әлсін қоршады. Ол қоршаудан сарбаздар әлсін-әлсін құтылып кете берді. Тек артқы қоршауда атына оқ тиіп, Құндыз қолға түсіп қалды. Бұны көрген Сәлімгерей жігіттері Құндызды құтқарып аламыз деп бұлұққа әлсін-әлсін түйілді. Бірақ босатып ала алмады. Сөйткенше ымырт түсіп, тау арасы тастай қараңғы болып кетті. Жасаққа күштері жетпейтінін түсінген бұлұқ, қараңғы түнді пайдаланып, қолдарына түскен жалғыз сарбазды місе тұтып, қосындарына қайтты.

Ертеңіне жігіттер қолдарына түскен есірейі керемет сұлу қыз екенін білді. Тудай Мөңке бүкіл сарбаздарды қырып келгендей қуанды. «Жасақты мүлдем жусатып салмағаным қандай дұрыс болды. Онда мына киіктің елігіндей жаудыр көз қыз да өлетін еді ғой. Пай! пай! Қыз болсаң осындай қыз бол! Әрі батыр, әрі сұлу! Бұны енді өзіме төртінші қатын етіп аламын!» — деді. Құндыздың кім екенін түсінген Ноғай: «Жоқ, бұл қыз сенікі емес, хандікі. Бұның басына мың ділдә бәйге тіккен. Бұны Берке ханның өзіне апарып береміз»,— деді.

Сол Құндызды Ноғай әкеп бергеннен кейін Берке жас тоқалы, арғынның қызы Ақжамалға: «сіңлің ғой, бауырыңа бас, өзі ылғи атқа шауып еркек боп кеткен бе қалай, қыз қалпына түсір» — деп қолына тапсырған. Одан бері біраз мезгіл өткен. Енді сол Құндызды тағы тоқалдыққа алмақ. Ертең некесін қиятын күні Берке хан Құндыздың да, жас тоқалы Ақжамалы тәрізді өзіне жау екенін білді. Бірақ Шыңғыс ханның «Жауыңның қолынан дым келмейтін болса, оны өлтіргеннен көрі қорлаған жөн» — деген өсиетін қатты ұғынған Берке, Құндызды әйел етіп алудан тайынбаған. «Қанша жек көрсе де, төсегіме бір жатқаннан кейін қайда барар дейсің, бүкіл Алтын Ордаға күшім жеткенде, бір қатынды бағындыра алмаймын ба? Көп болса Ақжамалдай тулар, тулар да қояр. О да мені өлердей жек көрген, бірақ әлі қатыным болып жүр ғой» деген.

Доңыз, яғни 1227 жылы Бату Ақ Ордаға хан көтерілсе, одан бір жыл бұрын ит жылы, Көк Орданың алғашқы ханы боп Жошының ең үлкен баласы Орда сайланған. Осы Орданың тауық, яғни 1261 жылы болған бір ұлан-асыр тойына барған Алтын Орда ханы Берке Есіл өзенінің бойына аңға шығып, қымыз ішуге тоқтаған Арғынның бір бай ауылынан он бес жасар осы Ақжамалды көрген. Елуден асып кеткен жасына қарамай, ханның бір көргеннен сұлу қызға құмарта қалатын әдеті ұстап, Ордаға осы қызды маған алып бер деген. Орда байға: «Біздің сыйлы бауырымыз Беркеге қызыңды бер! — деген.— Ал бермесең...»

Ақжамал аузына түссе, Берке біресе қуанады, біресе ызаланады.

Ақжамал Көк Ордадағы бықыған жылқылы байдың көп қатынының ортасындағы тоқалынан туған жалғыз қызы еді. Әрі әнші, әрі сәнқой Ақжамал сол көп қатынның ортасындағы жалғыз қызы болғандықтан, еркекшора боп ескен. Бірақ қыз еркелігі құлынның еркелігі тәрізді. Құлын, тай бола басына ноқта киеді. Қыз бой жетсе-ақ келіншек болады, басына кимешек салады. Сол күннен бастап қыздың еркелігі жел үрлегендей жоғалады. Ақжамал да әкесі жылқысы бықыған бай десек те, он алтысына жетпей еркек шоралылығынан айрылды. Ноқта кимеймін деп тулаған тайдай, бұл да кимешек салмаймын, ханның қатыны болмаймын деп қанша тулағанмен де әкесі жалғыз қызын, табанын отқа күйдіріп алған баладай, шырылдағанына қарамай, Берке ханға беріп жіберген. Сөйтсе, бұның да өзі тәрізді, жақсы көретін уылжыған жас жігіті бар екен.

Ол жігіт те бұны іздеп келген.

Берке біліп қалып, ұстап алып, инақ етіп жіберген. Қорлыққа шыдай алмай, ол жігіт жардан құлап өлген.

Берке хан Ақжамалды көрген сайын шаттана қалатын. Өйтпесіне болмайтын. Өйткені, Алтын Ордаға келгелі Ақжамал қабағын бір ашып көрген жоқ. Бірақ ол сол қайғысында да, қасіретінде де керемет сұлу еді. Ал сұлу затты, сұлу кісіні, әсіресе сұлу әйелді көргенде кім ләззfт алмайды.

Құндызды Ақжамалдың қасына қосқанда «өзіндей сұлу адамды серік етіп көңілін ашсын», деп Берке ойламаған. Бұрын бәріне бірдей қарайтын Беркені қалған қатындары бірінен-бірі қызғанбайтын. Ақжамал келіп еді, басқа жақтан жүрген бөрібасарды көрген ауыл иттеріндей, ханды қызғанып, қатындары бірдей ырылдаса қалды. Сонда да Ақжамал оларға көңіл бөлген жоқ. Өйткені, бұл олардан жас та, сұлу да ғой. «Ал қасына, ертең өзім алатын сұлуды қояйын, не істер екен? Заты әйел емес пе, мүмкін бұнда да қызғаншақтық туар» деген Берке.

Адамды осылай сынау, Беркенің ерекше әдеті еді.

Бірақ бұнысынан ештеңе шықпады. Екі сұлу бірінші күннен-ақ апалы-сіңлідей тату-тәтті болып кетті. Ақжамал тіпті Беркенің Құндызды тезірек алуын ұнататындай сыңай көрсетті. Хан бұған енді шын ызаланған. Ақжамалдың өзін қызғанбақ түгіл, тезірек басқа сұлуды алғанын ұнататынына таң қалған. Бұл не, ханды адамға санамағаны ма? Әлде тәкаппар Арғынның қызы, сыр білдіргісі келмегені ме?

Осындай жағдайда ол нөкерлерін ертіп тағы көлге келген. Биыл жаз жаңбырлы болып күз кеш түскен. Қалың шыққан шалғын сай - жыраға біткен тал мен ақ қайыңның жапырақтары сарғайып, бар әлемді сары алтынмен жапқандай сарғылт тарта қалған.

Көлде кәрі аққу ғана жүр екен. Серіктерін іздегендей иілген ұзын мойнын созып, әлсін-әлсін сұңқылдайды.

Қалай жалғыз қалған?

Аққудың қасіретті үнінен жаны жай тауып, Берке рақаттана тыңдап тұр.

«Бұның серіктері қайда?» — деп хан енді ғана көл жағалай көз жіберді. Үкілі қамыстар «біз білмейміз» дегендей бастарын шайқап, желмен ойнап ақырын теңселеді.

Осы кезде бір әдемі қыз даусы естілді. Хан елең ете қалды. Қыз даусы да қайғылы, ән әуені де қайғылы. Өзекті өртегендей шерменен екеуі қосылып, адамды қараңғы түнге бөлегендей... Берке құлағын тосты. Енді ол сонау мұңлы үндер не айтып келе жатқанын естігісі келді.

«Таудан үнсіз құлайды күміс бұлақ,

Шулайды кей жел ұрып жасыл құрақ.

Қыз бишара дүниеге неге келген,

Өтер болса осылай тынбай жылап».

Өлең айтып келе жатқан Ақжамал екенін Берке бірден білді. Тек сол ғана мұндай, қара тасты да жылата аларлықтай қасіретті ән шырқай біледі. Хан бұрын да сан естіген. Оның өнін естіген сайын Берке бір жасап қалатын. Жоқ, жоқ, Ақжамалдың әнінен жанын тербеткен, көңілін толқытқан ләззат алып тұрған жоқ. Тәкәппар қатынының Алтын Орда ханын адамға санамайтын өр мінезді қатынының, адамның жан сезімін тырнаған осынау бір қасіретті әнінен оның шын бақытсыз екенін естіп қуанып тұр. Шерін соза түссе екен, жылай түссе екен дегендей Берке хан құмарлана тағы құлағын тосты.

Бірақ бұл жолғы ән басқаша шықты. Асқақтаған әдемі дауыс, жалт-жұлт еткен алдаспандай, тынық кешті тілгілей түсті.

«Құрбы жан жасыңды тый, жыламашы,

Қайғыдан дәрменсіз боп құламашы.

Одан да қайра қамсыз қанжарыңды,

Көзден жас, бостан-босқа бұламашы!»

Әні бір түрлі жігерлі, даусы ақ берендей өткір. Ақжамал тәрізді бұл әннің иесі, қайғыға шомылып жатқан жоқ, өзін-өзі, жанындағы серігін, осы бір асқақтаған әнімен әлі кезі келмеген, бірақ көп кешікпей келуі мүмкін, алыстағы бір айқастарға шақырып жатқандай.

«Осыншама уытты бұл кім екен?»

Хан ән шырқаған жаққа тесіле қарады. Сөйткенше болған жоқ, қамысты жағалы көлді жағалай келе жатқан Ақжамал мен Құндызды көрді. Соңдарында бастары төмен түсіп кеткен, ақырын жылжыған топ нөкер қыздары. Олардың да түрі шерменді. Әдеттегідей күлмейді, құр сыбырлайды. Ән шырқап сұрқай далаға сән бермейді, сыңси жылап, дүниені мұңға бөлейді. Ақжамалдың басы төмен түсіп кеткен, ал қасындағы Құндыз, әнеугідей тұнжыр емес, көктемде алтын сандықтан алып шыққан жаннаттай жалт-жұлт құлпырады.

«Бұл неге қуанышты? Әлде ертең Алтын Орда ханының қатыны болатынына шаттана ма?»

Берке жаңа көрді, көл жағалай, қыздармен қатарласа екі аққу жүзіп келе жатыр екен. Олар да анау топ қыздар тәрізді, дауыстарын көтермей, ақырын сыңси ән салып келеді.

Қыздар хан тұсына келіп сәл тоқтады. Ақжамал ыстық жастан тұманданып кеткен көзімен Беркеге бір қарады да, ешкімді көрмегендей әрі қарай жүре берді.

Тек Құндыз бен топ қыздар ғана ханға иіліп сәлем берді. Құндыздың тостағандай жаудыр көздері ішіне от тастап жібергендей жарқ ете қалды. Көзінде бір қуаныш, әлде мақтаныш бар секілді. «Жоқ, бұл Алтын Орда ханына қосылатынына бақытты екен!» «Бара беріңдер!» — деді Берке кенет он бойын бір сезім билеп кетіп.

Көл жағалай ұзап бара жатқан қасіретті қыздарға қосылып қос аққу да сыңси ән салады.

Көл ортасында жүрген кәрі аққудың да қайғылы әні естіледі.

Батып бара жатқан қызғылт күн шапағымен боянған дала сарғая түскен.

Бұл неткен қайғы! Қайғы!...

Хан сарайының төрінде отырған Шарафутдин муфти:

— Енді қалыңдықты сұраңдар? — деді.

Қыпшақи киімді екі жас жігіт, сарайдың оң жағында, топ қыз-келіншек ортасында, басына меруерт, маржанмен безелген ақ жібек шәлі жамылып отырған Құндыздың қасына жорғалай жүгіре таяды.

«Күәдүрміз, куәдүрміз,

Куәлікке жүрәдүрміз.

Бүгін таңның хақ қасында

Хақ уәдені біләдүрміз»,—

деп әндете, қолдарындағы кесені Құндызға беріп екі жігіт қосарласа: — Айдай сұлу Құндыз қыз, Берке ханға ерге шығуға ықтиярсыз ба? — деді.

Күміс кеседегі суға ернін тигізген күйі Құндыз басын иді.

Берке хан төбесі көкке тигендей қуана қалды.

«Бағана бекер маған күлімдеп қарамаған екен ғой! Дұрыс жорыған екем. Бірақ, бұл Ақжамалға анандай өлеңді неге айтты?»

Шарафутдин муфти неке қиярда айтылатын құранның он сегізінші сүресін әндете айтып, бетін сипады.

Үй толы хан ұрпақтары, бекзада, қыз-келіншектер жапырласып «құтты болсын» деп беттерін сипап жатыр.

Той-думан түн ортасына дейін созылды.

Хан Ордасындағы жұрт той қызығына батты. Тек Ақжамал ғана көрінген жоқ.

Берке хан қуанып отыр.

«Бәсе, өзім де ойлап едім, бүкіл Орда ханын қалай қызғанбайды деп, ойлағаным келді».

Түн ортасы ауғанда ханның өзге әйелдері мен нөкерлері Құндызға әдейілеп салынған, асыл дүниемен жиналған жеке үйге алып келді.

Ханды күтіп отырған Құндыз тәжім етіп орнынан тұра келді. Үйге Беркені кіргізген жұрт кетіп қалды. Сыртқы есіктің алдында жалаң қылышты екі күзетші тұрды.

Құндыз хан иығынан торқа шапанын, басынан құндыз бөркін өзі алды. Босағадағы шегеге өзі ілді. Есікті ішінен тетігін қозғап жапқан болды, жаппады. Сызылып келіп, ханның етігін шешті. Енді аппақ мамық төсекті тор алдына өзі салды. Ханның беліндегі қанжары мен кісесін, шақшасын анадай жерге өзі апарып қойды. Көйлекшең, ханның көзін қызықтыра, сұлу денесін былқылдата жүріп, үй ішіндегі шырақтың бәрін сөндірді. Сосын барып:

— Ал енді бәрі болды, жатыңыз! — деді. Бірақ даусы қаттырақ шықты.

Сол сәтте үйге алты кісі кіріп келді. Түстері суық, жалаңаш қанжарлы. Біреуі әйел киімді. Хан қанжарына ұмтылды. Бірақ үлгірмеді. Сұлу денелі жас жігіт барыстай атылып барып, Беркені алып ұрып төсекке жықты. Біреуі ханның аузына орамал тықты. Содан кейін төрт жігіт, төрт жағынан ханның аяқ-қолын тізелерінің астына салып тырп еткізбей басып отыра қалды. Төсек ай сәулесі түсіп тұрған төрге салынған екен. Төрт жігіт төрт жағынан қол-аяғын мықтап басқан Берке тырп ете алмай, қатты да қалды.

— Ал енді бастаңыз! — деді әйел. Бұл Ақжамал еді.— Таң да жақын...

— Бұндай істе асығуға болмайды,— деді алтыншысы, қолындағы өткір кездігін жалаңдатып, ханның аяқ жағына бара жатты.

Ол ханның аяқ жағында біраз отырды. Тек жүзінде ай сәулесі ойнап, анда-санда кездігі жарқ ете қалады. Берке жанына батқан кезде бір-екі рет қатты жұлқынды. Бірақ қарулы төрт жігіт оны тырп еткізбеді.

Кездікті кісі бір-ақ рет тіл қатты.

— Әлгі құрым киізді беріңдер,— деді.

— Ал енді қол-аяғын мықтап байлаңдар! — деді Ақжамал.

Төрт жігіт Беркені тұра алмастай етіп байлады.

— Аузындағы шүберегін алыңдар,— деді Құндыз сөйдеді де Беркеге жақындады.— Үніңді шығарсаң бауыздап кетеміз,— деді ол,— жұртқа еткен қорлығың үшін бұл саған аз жаза. Өлтіріп тастау керек еді. Бірақ сені өлтіргенменен орныңа басқа бір сұмырай отырады ғой. Одан да осылай қор болып жүр. Ал енді мені бар ықыласыңмен тыңда. Саған бүгінгі істегенімізді біз ешкімге айтпаймыз. Бұл сүйінші сұрайтын іс емес. Және бұлай еткенімізді жұрт естісе, бізге де қастандық жасайтындар табылып қалар. Басы өзің болып... Хан ұрпағы, сендер қазір арам шөп тәрізді, бар дүниені алып кеттіңдер ғой. Өзің де ешкімге айтпа. Тақта айғыр емес, ат отырғанын халық білсе, намыстанып орныңнан алып тастап жүрер. Және жұртқа күлкі болудың қандай қызығы бар? Бізді іздеп әуре болма, бәрібір таба алмайсың!

Бір жігіт ханның аузындағы орамалды алды. Бәрі әп-сәтте ғайып болды.

Берке жанталасып сәл қысылып жатты да бар даусыменен айқай салды.

Бұның айқайын ешкім естіген де, білген де жоқ.

Келгендер Сәлімгерейдің жігіттері еді. Құндызды Берке мекен еткен жерге әкелгеннен кейін, олар ебін тауып қызбенен байланыс жасай алған. Құндыздың бұл Ордадан оп-оңай қашып кетуіне болатын еді, бірақ ол өзіне және жан аямас жақындарына осыншама зорлық, қиянат істеген ханнан өшін алмай кеткісі келмеді. «Екінші рет мен Ордаға бұлай ене аламын ба, ене алмаймын ба,— деді ол,— хан сарайында жүргенімді пайдаланайын, қашуым еш жаққа кетпес».

Сөйтіп жүргендерінде Қыпшақтың екі қызы кенет тіл тапты. Сүйген жігітінен қалай айрылғанын ұмыта алмаған Ақжамал үлкен жәрдем болды. «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» деген, ол сол күнгі Құндыз үйінің күзетшілерін тегіс сатып алды. Ал Сәлімгерей жігіттеріне қалаға кіру оңай еді. Орда хандары бұл тұста қалаларының сыртына қамал тұрғызбаған. Төрт жағы бірдей ашық жататын. Өйткені дәл бұл жылдары хан Ордасына, оның қалаларына сырттан келер еш қауіп жоқ еді. Хан өзі біреуді шаппаса, кім бұны шабам деп ойлар? Рас, ішкі жауынан қорыққан кейбір хан, орұсуттардай өз сарайларын қамалмен қоршатып көрген. Берке де алғашқы кезде осылай істемекші болған. Бірақ артынан, хан сарайының көркін бұзады екен деп алдырып тастаған. Сондықтан Сәлімгерей жігіттері хан сарайына оңай кірген.

Бұлар Ақжамал мен Құндызды алып Еділ жағасындағы қалың тоғай арасына бекінген өз жасақтарына жөнелді. Бұл жігіттерге хан қаһарынан қорыққан кейбір күзетшілер ерді. Солардың бірі Құндыз үйінің сыртқы есігінің алдындағы екі жігіт еді. Беркенің қанша бақырса да оның даусын ешкімнің естімегені содан еді. Ал Сәлімгерей сарбаздарына ермеген күзетшілер Ақжамалдың берген алтын ділдәларын ышқырларына мықтап байлап алып, күні бұрын дайындап қойған аттарына мініп, Көк Орда, Хорасан, Ірбіт қайдасың деп жан-жаққа тарқай қашқан. Өйткені бұл жер хан, ноян, бекзадаларға жақсы болғанмен, бұларға өте қиын тиген. Соғысқа барса өледі. Соғыста ерлік көрсетіп, жауыңды жеңсең, жеңісіңнің бар қызығын хан мен оның жақындары, әскер басшылары көреді. Саған мықтағанда біреуді өлтіріп тапқан аты мен қару-жарағын береді. Онда да егер оған хан төңірегіндегі біреу-міреу қызықпаса. Ал қызықса ше? Онда, сол баяғы таз қалпыңда қалғаның. Бұл соғысқа барғандардың күйі. Ал соғысқа бармаған қатардағы көшпенділердің хәлі қандай? Жалғыз түйенің қомына, жалғыз биенің желіне қарап отырған сорлы кедей. Малы да, байлығы да тек күштілерде. Хан салығын төлей алмай құл болып айдалғаны қанша. Жоқ, құлдыққа тек жеңілген жұрт айдалған жоқ, монғолдардың араты да, Қыпшақтардың кедейі де айдалған. Көшуге көлігі болмай, жеуге асы жетпей жалғыз баласын құлдыққа сатқан Қыпшақтың көшпендісі, монғолдың араты аз болмаған.

Мұндай күйге шыдай алмаған, Ақжамалдың алтынына сатылған күзетшілердің кейбіреуі, Берке ханның басыбайлы құлы болғанша бөтен жаққа барып, ең болмаса тамақты тоя жеп өлейік деп жат елдерге қашқан.

Ақжамал мен Құндызды алып сарбаздар өздеріне қосылған күзетшілермен бір топ боп Сәлімгерей жасағына келді. Құндызды Сәлімгерейдің өзі құшақтап аттан түсіріп алды. Ақжамал мен басқа жігіттерге де үлкен қошемет көрсетті. Сөйтіп, сан жетпес жылқы айдаған байдың қызы Ақжамал да хандарға, байманаптарға қарсы күрес ашқан жасаққа кеп қосылды.

Ал Сәлімгерейдің жасағы қазір едәуір көбейген. Бірақ бұл, хан бір дабыл ұрғанында бес жүз мың әскері атқа қона алатын Алтын Орда билеушілеріне не істей алатын еді? Сәлімгерей жасағы ашық аспанда пайда болған көшпенді бір қара бұлт тәрізді еді. Жерге түсірер найзағайы, құяр нөсері аз, жалғыз қара бұлт нені бүлдіре алады? Өзінен зор бір сұрапыл дауыл соқса, ығып кету оп-оңай. Бірақ осы жалғыз бұлтқа бұлт қосылып, көк аспанды тегіс жауып, найзағайын ойнатып, шелектетіп нөсерін құйып берсе ше?!.

АЛТЫНШЫ ТАРАУ

Көшпенді елдің ежелгі таласы көбінесе малға шұрайлы жер іздеуден туатын. Жаулап алған жерлерін ұлысқа аймаққа бөлудегі монғол шапқыншыларының арасындағы күрес-талас та көбіне осыдан шығып келген. Және ұлыс, аймақтарды бөлуін хан еншісі болғандықтан, оның тағына таласу қым-қиғаш оқиғаларға ұласар еді.

Ал осы ұлысты басқару — Шыңғыс жасысы бойынша, кім жас жағынан үлкен болса, соның еншісі еді. Бұл «ұлыс ағасы» — ақсақалы тек Шыңғыс ұрпағынан болатын. Және қай ұрпағына жатады, оның бәлендей таңдауы жоқ еді. «Ұлыс ағасына» тек Шыңғыс тұқымы және үлкені ғана сайланатын. Осыдан барып хан тағына ханның баласы, немесе осы тұста Шыңғыс ұрпағының қай тармағының үстемдігі күшті болса, сол тармақтан шыққан адам және оны Шыңғыстың осы үстем тармағының қауымы тілесе — Құрылтайда сол хан көтерілетін. Ал әлгі «ұлыс ағасының» хұқы мұнда көбірек болатын. Шыңғыс ұрпағының қай тармақтан хан сайланса, сол тармаққа көтерілетін. Мұндай жағдай соңынан бөтен тармаққа да туатын. Осылай хан сайлау, бүкіл Шыңғыс иелігіндегі жерді тек бір тұқым емес, әр тұқым билейтін жағдай жасалатын.

Бірақ Шыңғыс ұрпағы бұған қарамайтын. Қайсысының күші басым болса, ханның ағасы, інісі, баласы демей, хан тағына сол отыратын.

Ал Алтын Ордада бұл талас өзінің айырықша жолын тапқан. Бір жағынан хан тағына «мен отырам» десе өлген ханның баласы, екінші жағынан, бұл таққа әлгі өлген ханның ағасы, інісі, тіпті ағасының, інісінің балалары таласқан. Көне жасы бойынша бұл тақ жалпы Жошы ұрпағыныкі дегендіктен басқа туыстар да құр қалғысы келмеген. Осыған қарай Оң қанат, Сол қанат игі жақсылары, бекзадалары, әскери басшылары екі дай боп бөлінген. Бір жағы өлген ханның баласын жақтаса, екінші жағы өлген ханның аға, інілерінің жағына шыққан. Құрылтайда қай жағы жеңсе, сол жағының адамы хан болған. Бату, Сартақ, Ұлақшы өлгеннен кейін Алтын Орда тағы төңірегінде де дәл осындай талас туған. Ұлақшы өлгеннен кейін, уақытша Алтын Орда билеушісі боп қалған Барақшын-қатын, Алтын Орда тағына Батудың баласы Тоқтыханнан туған, өзінің немересі Тудай Мөңкені қоймақ болған. Бұлары Алтын Орданы тек Бату ұрпағына ғана беру еді. Былайша айтқанда бір ұрпақтың, бір ханның ғана үстемдігін күшейту еді. Ал Жошының бөтен ұрпақтары Батудың інісін хан көтеруді тіледі. Бұлары хандықты тек Бату ұрпағына ғана бекітіп тастамай, көне жасы бойынша, жалпы Жошы тұқымына билету болатын.

Бұл жолғы таласта Жошы ұрпағы қан төгуге дейін барды. Барақшын-қатын бұл күреске Құлағу Илханды қатыстыруды ойлаған. Бірақ жер арасы шалғай, ол түгіл ұлы хан Мөңкенің қолынан да ештеңе келмеген. Жошы ұрпағы жиналған Құрылтайда Берке жеңіп шыққан.

Әрине, Алтын Орда тағына отырысыменен, бұ да Шыңғыс ұрпағына тән әрекеттерді істеген. Барақшын-қатыннан бастап біраз өзіне қарсы жұртты өлтірткен. Бірақ Берке хан болып сайланғаннан кейін, бір елеулі іс істеген. Ол түбі хан Ордасын осы араға көшіремін деп Еділдің төменгі ағысындағы өзінің «ұлыс ағасы» кезіндегі қыстау-ордасы Сарай шаһарын салдырған еді. Бұл қала Еділдің төменгі жағы құр Қыпшақ даласының Шығыс Жағропа мен Алтын Орда жерінің бөлінген тұсы ғана емес, бұл солтүстіктен Еділ өзені арқылы күнгейге, одан әрі Хазар теңізінен өтіп күнгей Кавказға, Иран, Орта Әзияға, сондай-ақ Қара теңіз бен Азау жағасындағы елдердің Қыпшақ өлкесі арқылы бүкіл Шығысқа баратын керуен жолдарының түйіскен жері. Және ұлы өзеннің бұл тұсы — егін егуге сулы ойпаты көп, қыс қыстауға — тоғайлы өзен жағасы мен қалың қамысты көлдері, жаз мал жайылымына ұшы-қиырына көз жетпес көк орай кең даласы бар — өте қолайлы жер.

Әттең не керек, Берке Орда астанасын Сарай Батудан бұл араға көшіре алмаған. Бұдан да Бату аруағын қолдарына ту ғып ұстаған талай Жошы тұқымының өр кеуде, менменшіл мықтылары Беркеге жол бермеген.

Сөйтіп сонау Сартақ пен Ұлақшыны у беріп, өлтірткен, басынан сан қилы күрес-таласты өткізіп, Алтын Орда тағына мықтап отырған, және бірде тым батыл қимылды, ал кейде алдағы қауіпті күндерді ойлап өзінен-өзі қажып қалатын Берке, кенет осындай күйге душар болды! Қандай азап! Қандай масқаралық!

Берке жүрегін жалап бара жатқан өкінішке шыдай алмай хан тағынан тұрып кетті.

Еділ өзенінің бойы, Батудан бастап, жалпы Алтын Орда хандығының жазғы жайлауы болатын. Батудың тірі кезінде Беркенің ордасы алғашқы уақытта Теріскей Кавказда еді. Соңынан жазғы жайлауы Еділдің төменгі сағасына көшкен. Кейде ол жаз шыға жайлауға Булор жеріне де баратын. Әйтсе де, Еділ өңіріне көп шықпайтын. Биыл осы сиыр, яғни 1265 жылы, жаз шыға, хан көші екі жүз түрікмен қызыл нарымен ырғала жылжып Сарытауға дейін барып қайтқан. Бұрынғы әдеттеріндей жайлауда жаз аяғына дейін отыра алмаған. Ақжамал мен Құндыз масқара етіп кеткеннен кейін, Берке хан өзін бір жерге дәйектеп ұстай алмайтын күйге ұшыраған. Оған енді ештеңенің де қызығы жоқ еді. Тек хан тағы ғана бар көңіл бөлері. Ал, сол тақтың батыс жағынан тағы дүрбелең сезіле бастаған. Жоқ, бұл дүрбелеңді тудырып жатқан қазір орұсут елі емес, тағы шаппақ боп бүкіл Жағропаға дабыл қаққан бәз-баяғы Неміс, Ливон ордендері еді. Оның үстіне «Хан Ордасының маңайында мың жауынгері бар, халық қамын ойлайтын бір жасақ пайда болыпты. Бастықтары баяғы Беркенің жүзбасы Сәлімгерей көрінеді. Іштерінде әйел жауынгерлер де бар екен. Ханның тоқалы Ақжамал мен былтырғы некесін қиған күні қашып кеткен қатыны Құндыз да сонда деседі. Бұлар Берке ханның өзінің басыбайлы есірей құлдарын босатып аламыз деп әрекет істеп жатқан секілді» — деген суық хабар алған. Өзіне қорлық істеген адамдардан, қашып кеткен жүзбасы Сәлімгерейден хабар-ошарсыз жүрген Берке қуанып қалған. «Әйтеуір бар екен ғой, бар әскерімді салсам да, бәрін қоршап алып, біреуін қалдырмай бір түнде қырып салармын» деген. Өзіне қорлық істеген адамдардың уәделерінде тұрғанын да білетін. Әлі күнге дейін ат болып қалған хан туралы еш сыбыс естілмеген. Жаман хабар ызындап ұшқан ара тәрізді, егер олардың біреуі болмаса біреуі аузына не болмаса, Беркенің инақ болып қалғаны әлдеқашан Алтын Орда түгіл, бүкіл әлемге жайылып кетер еді. Ондай ештеңе болған жоқ қой. Бірақ ол бұл қорлыққа шыдай алмаған, егер олар қолына түссе, бәрінің де тірідей терілерін сыпырып алуға бар еді.

Ханның жайлаудан ерте қайтуының бір себебі осы еді.

Монғолдардың тарихта болмаған шапқыншылық жорықтары, бітуге айналған құлдар саудасын қайтадан тудырған. Жаулап алған елдердің есірейлерін, қолға түскен тұрғындарын Алтын Орда хандары тек шет жаққа ғана сатып қоймады, олардың еңбегін жаңадан салып жатқан қалаларына өздері де пайдаланған. Бұл тұтқындар Бату ханның кезінде де және Беркенің хандық құрған алғашқы жылдарында да, көне замандарындағыдай, арнаулы хизарларда жүздеп, мыңдап ұсталған. Көбі шынжырлы болған. Арнаулы күзетші, жасақтар оларды айдап алып келіп жұмысқа сап, түн бола жатуға ол тас қабырғалы, темір есікті хизарларына қайтып апаратын. Ас-суды барлығы сол Рим құлдарындай өздеріне белгіленген уақытта, бәріне арналған бір асханадан ішетін. Бұларда құлдықтан бөтен ештеңе болмайтын. Орда құлдарды пайдалану жағы жаңа тәртіпке көшкен. (Бұ да болса сол ереуілдің нәтижесі еді). Жаңа тәртіп бойынша хизарлар жойылып (барлық құлдарды бір жерге бастарын қосып ұстауды Берке қауіпті көрген), оның орнына тұтқындарды басыбайлы құлы етіп Шыңғыс ұрпағы бекзадаларға бөліп берген. Хан да өзіне тиістісін алған. Әр бекзада, хан ұрпағы, өзіне бөлінген құлдар үшін хизар емес, «Қархана» деп аталатын шеберхана ашқан. Бұларда иелеріне пайда келтіретін ондаған құлдар жұмыс істейтін. Бұл жаңа тәртіптің бір ерекшелігі, арнаулы мезгілдері жылдары өткеннен кейін әлгі құлдардың кейбіреулері басыбайлылықтан босанып, өз алдына түтін түтетіп, үй болуға мүмкіндік алған. Сөйтіп, бұрынғыдай тек қожасы үшін ғана жұмыс істемей, өзі үшін де, үй іші де жұмыс істеуге хақы болған. Тек тапқан пұлының бұрынғы қожасына арнаулы бөлшегін беріп отырған. Ал қожасы бүйткісі келмесе, өзінің қарамағындағы құлдары тек ас-суы үшін сол бұрынғы қалпында қалатын.

Берке ханның өз қарамағында да осындай есірей бес жүз құл бар еді. Бұлардың хәлдері өзге бекзадалардың құлдарынан төмен болмаса артық емес-ті. Хан құлдарының бәрі де қарханада, қылыш, алдаспан, қанжар, соғатын ұстаханаларда істейтін. Хан қатындарына Ордадағы бикеш, бегімдерге жүзік, сырға жасайтын ханның өзінің шеберханасы да болатын. Мұнда кілең румдық, стамболдық құлдар жұмыс істейтін. Тегі хан құлдары өнер жағынан өзгелерден жоғарылау келетін. Хан өзіне тек есірейлердің бармағынан бал тамған шеберлерін ғана қалдыратын. Дегенмен, хан құлдарының өзге бекзадалардың құлынан бір артықшылығы болатын. Оларға сырттан қосымша жұмыс алып, табыс табуға рұқсат етілетін. Онда да бұл істеген заттарын ақшадай емес азық-түлікпен, киім-кешекпен алатын.

Берке құлдарының қатарына Сәлімгереймен бірге қашқан, Коломон өлетін Ганджандағы айқаста, Ноғай әскері есірей еткен баяғы бес румдық тұтқын-құлдар қайтадан кеп түскен. Бұлар Құндыз Ордада Жүргенде, кексе күң арқылы Сәлімгерейдің жасағымен байланыс жасаған. Өздерінің қиын жағдайда екенін, егер Сәлімгерей жасағы босануға жәрдем берсе, ханның бес жүз құлы бірдей бұлқыныс жасауға дайын екенін айтқан Сәлімгерей жасағы бұны мақұлдаған, қаны бір, тілегі бір, өздеріндей жоқ-жігітектің ұлдарын босатып алуға олар әрекет істей бастаған. Бір саққұлағы арқылы жайлауында жатып хан осыны естіген. Бірақ ештеңе білмеген боп, өзінің бес жүз құлы арқылы былтырдан бері ұстатпай жүрген жасақты қолға түсіріп, бірін қалдырмай бәрін біржолата қырып тастап өзінің қорлық көрген күнін мәңгі ұмытуды ойлаған.

Берке сол Сәлімгерей адамдары өзін қол-аяғын байлап тастаған күні таң атқанша айқайлап шықты. Тек сәскеге таянғанда ғана ханның байлаулы жатқанын уәзірлері білген. Қол-аяғын шешіп, шала-жансар ханды төсегіне апарып жатқызған. Дереу хан сарайының дәруіші шақырттырылған. Азырақ есі кірген хан қасында тек дәруіші болуын ғана бұйырған. Енді хан оқиғасын сол дәруіш қана білген.

Ол:

— Бұл кеселді өте бір шебер адам істеген екен. Өзіңіз айтпағанда мен де сізді мұндай халде деп ойламас едім,— деген. — Тіпті қалай сылып тастағанына таң қаласың...

— Сол ойламаған қалпыңызда ойламай қалыңыз,— деген хан, — тірі жан білмесін. Ақыңызды аман-есен тұрсам өзім мықтап төлеймін.

Берке әбден айығып болған күні дәруіштен сұраған:

— Менің мұндай күйге ұшырағанымды ешкімге айтқан жоқсың ба?

— Ешкімге айтқан жоқпын. Тілесеңіз, басыма құран көтеріп ант етейін.

Дәруіш араб елінен еді.

— Менің қандай жағдайда екенімді ешкім білмейді ғой?

— Тірі жан білмейді. Сізді тек сырқат деп түсінеді.

— Онда рақмет,— деген Берке.— Ақынды төлеймін деген уәдем бар еді, сол төлеуіңді ал.

— Оныңызға рақмет.

Дәл осы кезде Берке қойнынан ақша орнына жарқ еткізіп алмас қанжар суырып алды да, таң қалған дәруіш кейін қашқанша дәл жүрек тұсынан қадады.

Сосын қанжарынан сорғалаған қанын етегіне сүртті де есік алдында тұрған күзетшіге:

— Мынаның денесін алып кетсін,— деді.— Мені өлтірмекші болған екен, өзі ажал тапты.

Ол тыққан жерінен алған екінші қанжарды күзетшінің алдына тастай берді.

Жүздеген мың адамның өліміне Берке хан еш уақытта да жауап бермеген, ал арабтың бір сорлы дәруішін кім жоқтасын, ханнан бірде-бір адам оның не үшін өлгенін сұраған жоқ.

Осылай «уәдесінде» тұрған хан өзінің сырын білетін ең ақырғы аяғынан құтылды.

Ертеңіне Берке Алтын Орданың тағына отырды.

Ал шынында бұл тіпті бұрынғы Берке емес еді. Тек оның түрі, бейнесі ғана қалған.

Берке барынша дәреже сүйгіш адам екенін, сол дүниенің бар қызығын құрбан ете алатын кісі екенін көрсетті. Ол енді алтын тағынан бөтеннің бәрін де ұмытты. Қатындарын да, дүние-малын да. Дүниенің бар қызығы менің осы алтын тағымда деді. Жоғалтқан еркектік қасиетті де, әйел сүюге құмар жүректің өкініші де, өзінің осылай жауларының қолынан қорланғаны да — бірде-біреуі оны күйрете алмады.

Бәрін алтын тақтың қуанышына өзгелердің тағдырын шеше алатын құдіретіне айырбастай алды.

Міне, осылай өмірдің бар қызығын талақ етіп өзгерген Берке, шынында да өзге Берке еді.

Алтын тақ үшін жалғыз баласын да қия алатын Шыңғыс тұқымы Беркеден адал ойлы Сәлімгерей қандай қаныпезерлікті күткенмен, дәл мынандай дәреже құмарлықты күткен емес. Осылай қор болып өлсін деген Ақжамал мен Құндыз да, Берке хан сол баяғы қалпында деп естігенде, бұлар да таң қалған. Бекер өлтіріп кетпеген екенбіз,— деп өкінген.

Ал Беркенің өмірдің бар қызығын алтын таққа мүлдем құрбан еттім десе де, өзінің мынандай қор болуынан туған өкініші жүрегінің түбінде терең жатқан. Кейде жанын қоярға жер тапқызбайтын. Бір күні ол Ақжамалдан бұрын алған ең жақсы тоқалының үйіне қонды (жұрт сезіктенбесін деп хан ауық-ауық мұндай қулыққа да баратын). Әбден шөлдеп қалған тығыршықтай жас қатыны қанша аймалап сүйгенменен, ханның көңілі селт етпеді. «Жолдан шаршап келдім, басқа уақытта...» деп теріс бұрылып жатып қалды. Басқа уақытта да үнемі осылай «шаршап келетіні» өзіне аян. Расында да, хан жол шегіп келіп еді, кешікпей пысылдап ұйықтап кеткен. Содан таң қылаң бере дәрет қысып, дүзге шыққан. Сол сәтте ол... жоқ, екі түйенің арасында, қом үстінде болып жатқан оқиғаны өз көзімен көрген емес-ті, жүрегіменен сезген. Қарауға беті шыдамай, теріс бұрылып кеткен. Ертеңіне, әрине, жас тоқалын да, ауылдың тоқал құмар жігітін де бір сылтауын тауып, айбалтамен шаптырып өлтірткен. Бірақ сол күнгі түн оның өліп қалған қызғаншақтық сезімін қайта тірілткен. Хан өзін-өзі әзер басқан.

Берке мұндай өкініші оянған кезде, таңға аласұрып, өзінің қор болғанын жаңа сезгендей кең әлемі қусырылып кеткендей, өліп кете жаздайтын.

Тіпті бар дүниені, алтын тақты да өртеп жібергісі келіп кететін. Тек осындай жағдайында қайтадан алтын тағына отырып, біреудің тағдырын шешетін сәтте ғана ол су сепкендей басылатын.

Мұндайда хан алған үкім үнемі өлім жазасымен бітуші еді.

Ханның мұндай қаталдығымен көптен таныс Орда адамдары оны өзіміздің бұрынғы Берке деп ұғатын.

Берке Ордасына қайтқаннан кейін Сәлімгерей жасағын құртуға әзірлене бастады.

Қыпшақ даласына монғолдар көп өзгеріс енгізді. Бұ да сол көшпенділерге тән жер мәселесінен басталған. Бұрын Дәшті Қыпшақта тағы құландардай үйір-үйірге бөлінген ру-ру боп өз бетімен көшіп жүрген жұрттың жаз жайлауы, қыс қыстауы, көш жолы, бәрі де бір үйдің не бір ауылдың меншігі емес, сол бүкіл рудікі болатын. Және бұл жер оған бір ханның, не бір батырдың бұйрығымен берілмеген. Бұрын олар өз бетімен, өздерінің көшіп-қонуына ыңғайлы, өздерімен туыстас басқа рулармен кездесетін, жайлауда қатар отыратын жерлерді таңдаған. Ал монғол шапқыншылары сол жерді алдыменен ұлысқа бөлген. Ұлыс ағасы қарамағындағы ұлысты әр хан ұрпағының меншігіне аймақ етіп берген. Әр хан ұрпағына жататын ел, қай жерде қыстап, қай жерде жайлауы керек, жалғыз ғана мал жайылымы тұрғысынан ғана емес, әскери жағдайды да еске ала отырып, барлығы енді ұлыс бастығы, аймақ бастықтарының әміріменен бөлінген. Әр ұлыс, әр аймақ сол өзіне көрсетілген жерді ғана жайлауы керек. Осылай енді Дәшті Қыпшақта да, бұрынды-соңды болмаған, жерді бір тайпа елге, не бір руға меншіктелген тәртіп туған. Әрине, ұлыс ағалары, аймақ бастықтары, өздеріне, жақын туыстарына қарамағындағы жердің шұрайлысын алған. Мұны көрген Қыпшақ бай манаптары да бұлардан қалғысы келмеген. Осылай Қыпшақ даласында жер мәселесінен туған күштілер мен күшсіздерге бөлінген қоғам туған. Ал көшпенді елдің ең керегі жер болғандықтан, Қыпшақтың да бай-манаптары осы жер арқылы қарамағындағы жұртқа өкімін жүргізіп, оларды билей бастаған. Монғол шапқыншыларының жаулап алған жерлеріне, қарамағындағы халықтары үшін емес, өз пайдаларын көздеп шағын шаһарлар іргесін көтеріп, олардың маңайына отырықшы тұрғын елдердің тұтқындарына егін еккізіп, ал сол қалаларда архана — шеберханалар ұйымдастырғандары да қыпшақ диқандары мен малшы-қосшыларына әсер етпей қойған жоқ. Қыпшақ ауылдарында көрік басып, пышақ, жүзік соғатын шеберлер пайда болды. Ал көшуге көлігі жоқ кедейлер жатақтарға айналды.

Монғол шапқыншылығының озбырлығы дамудың төмен сатысында қауымға тіршілік етіп, күн көрістің қилы-қилы тәсілдерін туғызды.

Шектен асқан қорлық пен жауыздыққа қарсы тұрған қайсар күш иелерінің толқытулары да болып тұрды.

Міне, осы тұста Сәлімгерейдің де сарбаздары көбейіп, біраз әлденіп алған. Сандары да мыңнан асып кеткен. Бұл жасақ та, Бошман мен Тарабидің жігіттеріндей елеулі күшке айналмағанмен де, Алтын Орда ханына сес көрсетерліктей әжептәуір қолға ұқсап қалған.

Беркенің жайлау маусымы бітпей, күні бұрын Ордасына босқа қайтып келмегенін сезіп, Сәлімгерейлер де күреске дайындала бастады.

Берке хан Ордаға қайтқаннан кейін Құлағу илханның дүние салғанын естіді. Шыңғыс ханның өз балаларынан кейін бес бөрісінің екеуі Бату мен Құлағу дүниеден өтті. Құлағу өлді. Беркенің бір жауы кеміді. Бірақ Берке бұған қуанған жоқ. «Қу дүние, осылай бәрімізден де өтерсің! — деді күйіне,— несіне соншама алысып-жұлысамыз? Құлағу несіне бар өмірін тек илхандығын күшейтуге тырысты? Сондағы бар тапқаны үш құлаш қара жер ме? Дегенмен Құлағу ең ақырғы күйіне дейін бұл жалғанның қызығын көріп өтіпті ғой... Соныкі дұрыс па? Мен неге өйтпеймін? Бар ойым, бар тілегім тек Алтын Орда. Соны күшейту. Одан да... Жоқ, бұл дүниенің қызығы деген не? Ең биігі жар құшып, бала сүю болса...»

Берке тағы қол басына келді.

Қазір жаздың ортасы. Ойпат жуасы әлі сүйірленбеген. Үкілі басты қамыстар да әлі көкпеңбек. Белуардан келетін шалғын желмен ойнап, толықсып, жасыл кілемдей жайнап тұр. Шіркін дүние, қандай қызықсың, қандай тамашасың! Сенің бар қызығың тек алтын тақ па? Сол үшін ғана адам жаратылған ба? Жоқ алтын тақ үшін тек Берке хан ғана жаратылған. Тек осы ғана біледі тақтың мына жайнаған алдамшы өмірден қанша артықтығын...

Берке көлге қарады. Өзінің жалғыз кәрі аққуы ғана жүзіп жүр... Серіктері жоқ. Жолдастары — анау қасындағы жас екі аққу тастап кеткен. Бірақ, жалғыздық тек кәрі аққуда ғана ма, өзі де Ақжамал мен Құндыздан айрылып қалған жоқ па?

Ақжамал мен Құндыз есіне түсіп еді, Беркенің жүрегі тағы удай ашып кетті.

Бүгін Алтын Орда ханы екі оттың ортасында еді. Бір от — бүкіл ой-санасын билеген алтын тақ. Ал екінші от — адам боп дүниеге келгеннен кейін оның қызығын көріп өтудің керектігінен туған. Құлағу өлімі алтын тақтың да опасыз екенін көрсетті. Сенің өміріңнің жалғасы алтын тағың емес, балаң. Ал сен болсаң сол баланы енді мәңгі-бақи тудыра алмайсың. Қандай азап! Қандай қорлық!

Осы екі оттың ортасында қалған Беркеге өмір кенет бір нәтижесіз бос өткен, құр әуре-сарсаң тіршілік боп көрініп кетті. Ол бұрынғысынан да бетер құлази түсті.

Берке көлдегі аққуға қарады. Міне ғажап! Талай жем тастап шақырғанында тіпті жақын келмейтін аққу құс, енді өзіне қарай жүзіп келеді. Тіпті қорқар емес. Әне таяп келіп қалды. Міне жетті. Ұзын мойнын созып Берке тұрған жағаның шетіне салды. Хан еңкейіп «не болды саған?» — деп басынан сипамақ боп қолын апара берді. Кенет тартып алды.

Бірдеме айтқысы келгендей бұған жәудірей қарайды. Беркенің денесі мұздап кетті. Кенет «қаңқ» етті де, екі қанаты екі жағына салбырап, қозғалмай қалды.

Берке аққудың өліп қалғанын білді.

Кенет жел тұрды. Ұзын мойны жағада өліп жатқан аққуды лықси секірген көк толқын өзімен бірге қол ортасына қарай ала жөнелді.

Аққу құсының өлімін Берке жамандыққа жорыған. Көп кешікпей өзім де өледі екенмін деген. Әрі-сәрі күйде Берке хан сарайына қайтты.

Хан тағына отырса-ақ болғаны, өзін тұңғиыққа батырған сұмдық ойлардан Берке заматта құтылатын. Өзінің басқалардың тағдырын шешетін әмірші екенін бірден сезінетін. Жаңағы жар құшып, бала сүйем деген арман да ұмытылатын. Көкірегінде тек ашу ғана қалатын. Алтын тақтың осындай қасиеті барын білетін. Берке одан мәңгі-бақи айрылғысы келмейтін. Жатса-тұрса «дүниедегі бар қызығымды алсаң да, тек осы қызығымнан айыра көрме» деп тілейтін құдайдан.

Бұл жолы да солай болды.

Берке тағына отырысымен өзін басқа адам сезінді. Дереу Сарайға келіп жатқан Тудай Мөңкені шақыртты.

Бұл атасы Батуға да, әкесі Тоқтыханға да тартпаған, апайтөс, кең кеуделі жігіт еді.

Хал-жайын сұрасып болғаннан кейін Берке:

— Осы маңда, Еділ тоғайларының арасында кеше осы Алтын Ордада жүзбасы болған Сәлімгерей деген біреу басқарып жүрген бізге қауіпті бір жасақ пайда болыпты,— деді.— Сендердің маған алып келген Құндыз қыздарың да сонда көрінеді...

— Білем ғой мен Сәлімгерейді де, Құндызды да,— деді Тудай Мөңке әдеттегісіндей лепіре сөйлеп.— Анада Қызылтаста соғысып, Сәлімгерейден сол Құндызды тартып алғам. Бірақ сіздің оны қыз дегеніңізге сенбеймін!..

— Уай, қазір сөз онда емес...

— Енді неде? Ол қыз болмаса да көздің жауын алып тұрған бір періште. Ноғай көкем бер деген соң бердім, әйтпесе...

Барақшын-қатынның бір кезде еркелетіп өсірген немерелерінің бірі, кілең осылай аузына келгенін, жасырмай ақтарыла сөйлеу Тудай Мөңкенің әдеті. Бұны білетін Берке енді оның сөзіне мән бермеді. Өз әмірін тікелей айтты.

— Сол Сәлімгерейдің жасағы бізге қауіпті жасақ. Қазір ана қала сыртында жатқан қосыныңды ал да, соларды бір аптаға жеткізбей қорша. Жол көрсететін кісілер бар. Қоршап болған соң бірін қалдырмай қыр!

— Құндызды да өлтірем бе?

— Иә,— деді Берке.— Сол жасақта менің тоқалым Ақжамал да бар көрінеді. Оны да өлтір.

— Ойбай-ау, екі бірдей қазмойынды текке өлтіргенше, өзіңе керек болмаса, Маған бер.

— Жоқ, бермеймін. Өлтір. Ал қатын керек болса, қалған ана қатындарымды бірдей ал.

— Кілең кемпірді қайтем? Әже етемін бе? Жарайды, ана соңғы екі қатыныңды алайын, әлі де көңілдерінің желі басылмаған тәрізді, кеше екеуі де «тентек қайным келдің бе?» деп...

Берке күреңдене қалды. Тудай Мөңкенің сөзінің ар жағын тыңдаған жоқ. «Бұлар да бос жүрмейтін болды ғой»,— деді ішінен. Ал Тудай Мөңкеге:

— Жарайды, қайсысын алсаң сонысын ал,— деді.— Тек Сәлімгерейдің жасағын құртып кел. Ажарлы екен деп Ақжамал мен Құндызға қызығып жүрме!

— Қатынға қызығатын мен бір есінен адасқан адам дейсіз бе? Ханнан қашатын сайқалдарды, қойныңа қатын етіп жатқанша, ат құйрығына байлап әкелерін танытқанға не жетсін!

Хан бұл жасақты қыруды Тудай Мөңкеге тапсырғанда өзі де солай ойлаған. Тоқтыханның балалары ұрыс, соғыс, қыру десе, өліп тұрады. Ал Тудай Мөңкенің тентектігін кейбіреулер есалаңдығынан істейді дейді. Ал басқа біреулер атасына тартқан батырлығынан дейтін. Ақымақты батыр десең бөркі қара қазандай болады, дегендейін, бұған сен батырсың десең болғаны, жартасты да кеудесіменен ұруға бар әумесер.

Осы Тудай Мөңкенің қолы Сәлімгерей жасағына ертең күн бата аттанбақ болды. Бұл хабарды сол күні-ақ Сәлімгерей де естіді. Енді Тудай Мөңкенің әскерін шабатын боп дайындала бастады. Бірақ Тудай Мөңкенің қолы ертеңіне жорық бетін өзгертті.

Сол күні түнде Беркеге Новгородтан ұлы князь Александр Невскийдің туысы Гаврийл бастаған тағы арнаулы уәкілдер келген. Олардан неміс рыцарьлары мен Ливон ордендерінің Псков пен Новгородтың ар жағынан қалың әскерлері шеп құрып, орұсуттарды шаппақ болып дайындалып жатқанын естіген. «Өзіміздің де күшіміз жетіп қалар» деген Александр Невский немере інісін жіберіп, сөйтсе де бұл жолы рыцарьлар бұрынғыларынан анағұрлым қатты дайындалған тәрізді, егер Сартақ хан кезіндегі уәдесінен таймаған болса, Берке бізге жәрдемге ең болмаса бір қосын әскер берсін».

Мұсылман дініндегі Берке неміс рыцарьларының Бейбарысқа да қарсы соғыс ашып Мысырға дейін барғанын жақсы білетін. Оның үстіне өзіне алым-салық төлеп келген Новгородты басқа жұрт шауып, қолындағы қызылын қағып кеткелі тұрғанын ұнатпады. Берке хан бірден Александр Невскийдің сұраған бір қосын әскерін бермек болды. Ол сол түні-ақ Тудай Мөңкені шақырып ап:

— Сенің қосыныңның сапар беті өзгерді,— деді — Сәлімгерейдің қарақшыларын басқа қосын жояды. Ал сен басқа жаққа барасың!

Тудай Мөңке қуанып кетті.

— Қай жаққа? — деді ол.— Ана жорықтан мені құтқарғаныңыз жөн болды. Иттің қатындары, құралайдың лақтарындай көздері жаутаңдаған бір перизаттар. Қолға түссе не істеймін деп бағанадан бері басым қатып жүр еді.

— Сен қосыныңмен мына кісілерге еріп Новгородқа барасың,— деген Берке Гаврийлді нұсқап.— Орұсут әскеріне жәрдемдесіңдер. Ар жағынан неміс темір аттыларының көп әскері келіп жатқан көрінеді.

— Е, тағы соғысады екенбіз ғой! — Тудай Мөңке шын қуанып қалды.— Қашан жүр дейсіз?

— Таңертең.

Бұл әңгіме түн ортасына таянған кезде болған. Батыр аңғал дегендей, аузында сөз тұрмайтын Тудай Мөңке, қайда бара жатқандарын ешкімге айтып үлгермеген. Оның әскері таң ата қозғалды. Аңдуға қойған алғышындары Тудай Мөңкенің қалай қарай бара жатқанын Сәлімгерейге жеткізген. Жасақ бастығы бізді алыстан қоршамақ болған екен деп, Тудай Мөңке қолы тынығып жатқан кезде күтпеген жерден шаппақ болып, тоғайлы даланы беттеріне ұстап, Алтын Орда қосынының соңынан ерген. Сәлімгерей жасағының алғышындарын басқарып, алда Құндыз қыз жүріп отырған. Ол Тудай қолының қай жермен, қалай кетіп бара жатқанын ұдайы хабарлап келе жатты. Түс ауған кезде Құндыздан: «Әскер қос-қос боп көл жағасына түсіп жатыр. Әр қостан екі-үш жігіт шығып, аттарын көлге айдап барады. Сірә, осы жерде біраз демалмақ тәрізді. Әскер тоқтаған түс жазық. Бер жағында қалың тоғай бар. Соны тасалап кеп бұларды шабуға болады. Сәлімгерей аға сәл шыдасын, көрейік аттарын қайтеді екен?» — деген хабар жеткен. Бір бие сауымы өтердей уақытта екінші хабар да келді: «Аттарын көлдің арғы бетіне жайылдыруға алып кетті. Жігіттері тамақтарын жеп, жатуға ыңғайланып жатыр. Таң атпай қол жолға шықты ғой, құрығанда екі бие сауымдай мезгіл тынығар. Сол кез шабуға ыңғайлы. Бірін қалдырмай қырып салуға болады».

Сәлімгерей сарбаздары өздерін бастаған бір алғышынға еріп, Құндыз айтқан тоғайдың күншығыс жақ ығына кеп тоқтады. Сарбаздар аттарынан түсіп, ерлерін жөндеп, тартпаларын мықтырақ тартып, шабуылға дайындала бастады. Сәлімгерей өзі барып, Тудай Мөңкенің жатқан даласын сыртынан көріп келді. «Құдай бұйырса, біреуін сау жібермеспіз,— деді ол, қаннен-қаперсіз бәрі ұйықтап жатыр. Тек қарсыласпағанына тимеңдер. Қару-жарақтарын алып өздерін есірей етіңдер де қойыңдар». Әрине, өз жерінде, арттарынан аңдып келе жатқан жау бар деп Алтын Орда әскері ойламаған. Сол себептен де күнімен жүрген әскерлеріне ат соғып тастамасын деп Тудай Мөңке тыныстама берген. Қазір өзі де қорылдап ұйықтап кетеді.

Сәлімгерей сарбаздары сайма-сай боп тізіліп, қолдарына найза, қылыштарын алып, жер тарпып, ауыздықтарымен алысып тұрған аттарын жалдарынан сипап, әзер басып, ұйықтап жатқан қосынға енді ат қоямын деген кездерінде: «Тоқтаңдар — Тоқтаңдар!» деп айқайлап астындағы құлагер бестісін ойнақтатып Құндыз да жетті.

— Бұларды шабуға болмайды екен, ағатай! — деді ол ентіге атының басын әзер қайырып.— Бұлар Новгородқа орұсуттарды қорғауға бара жатыр екен. Олардың ар жағынан қалың темір аттылар келіпті... Егер біз бұларды қырып тастасақ, орұсуттарды темір аттылары қыруы мүмкін...

Сәлімгерей жасағында құлдыққа сатылып, не болмаса монғол шапқыншыларының алғашқы аттанысқа шыққан кездерінде есірей боп қолға түскен, соңынан Ордадан қашып, бұларға келіп қосылған көптеген орұсут сарбаздары бар еді. Және орұсут елінің де монғол шапқыншыларына қарсы екенін Сәлімгерей де жақсы білетін. Бұларға жаны ашитын. Сол себептен де Шелкене басқақты өзі өлтірген.

— Қап! Бір ыңғайы келген кез еді! — деді ол.— Тудай Мөңкені ат құйрығына бір байлайтын едік. Әттең, әттең! Ханнан өшімізді аламыз деп, жазығы жоқ қыруар елді қырғызуға болмас! Аттарыңның басын кейін бұрыңдар, жігіттер!

Бұлар кейін қайтқан. Бірақ бүгін өзі шаппаған Тудай Мөңкенің, ертең бұларды қойдай қыратынын білген жоқ.

Ал Берке әскері сол бетімен жедел жүріп, ертең темір аттылар шабады деген күні түнделете Новгородқа жетті. Шеп құрып, дабыл соғып, шабуылға дайындалған темір аттылар таңертең өзіне қарсы тұрған жалғыз орұсут қолы емес, Қыпшақтың әйгілі атты әскерін көрді. Легницаны әлі естерінен шығармаған неміс рыцарьлары енді Новгородты шабуға бата алмады. Олар кейін шегінуге мәжбүр болды. Бұл неміс рыцарьларының орұсут жеріне ең соңғы келуі еді. Бұдан былай қарай, ер жүрек орұсут халқынан екі рет оңбай таяқ жеген неміс рыцарьлары орұсут жеріне шабуылға шығуларын мүлдем тыйды.

Сәлімгерейдің қолы Тудай Мөңкені шаппағанмен де басқа бір жеңіске жетті. Сол кейін қайтқан бетімен Сарай-Батудың іргесіне келді. Ханға «біз қалың қолмыз, егер ана құлдарды босатпасаң, қазір шабамыз!» — деп кісі жіберді. Бұл бір дәл табылған кез еді. Ноғай ләшкарқаш-и бұзұрық боп тұрған шақта, хан Орда сыртындағы хизарларында Алтын Орда отыз мыңдай әскер ұстайтын. Ноғайдың қандай қауіпті адам екенін үнемі есінен шығармаған Берке қай күні ол осы отыз мың қолымен хан Сарайын шабады деп әбден қорқып болған. Ноғай Кавказ аттанысынан кейін, ләшқарқаш-и бұзұрықтан түсіп, Еділдің төменгі жағындағы жаңа ұлысына кеткеннен кейін, әскерден сескеніп қалған хан, соғыс кезі емес деп басқа ләшқарқаш-и бұзұрық бекітпеген. Және қала сыртындағы хизарларда үнемі осы араны күзететін орнықты әскер ұстауды да қойған. Көп жылғы тәжірибесі бойынша мұндайға маусымды қосындары дұрыс екенін білетін Берке, Орданы күзетуге әр ұлыстан әр үш айға бес мың әскер келіп тұруды бұйырған Тудай Мөңкенің әскерінің де Орда түбінде болуы осыдан еді. Ал оның қосыны Новгородқа кеткеннен кейін Берке келесі кезек сенікі деп Тоқ Бұқаға кісі шаптырған. Тоқ Бұқа қолымен Ордаға жеткенше, Сәлімгерей тәуекел деп Сарай Батудың іргесіне кеп тоқтаған. Бұл бір, қан төкпей құлдарды оңай босатып алуға болатын кез еді. Ал құлдар ереуілінен запы болып қалған Берке бөтен амалы болмаған соң, өзінің қарамағындағы басыбайлы бес жүз құлын босатқан. Оған бөтен бекзадалардың да адамдары қосылған.

Осылай мың сарбазына жеті жүздей жаңа кісілер қосып алған Сәлімгерей, әскерімен сол күні түнде, Еділ жағасындағы қалың тоғайға кіріп, жоқ болды.

Ал Алтын Орда ханы санын ұрып қала берді.

Көп кешікпей Дәшті Қыпшақтың қарасуықты күзі келіп оның соңы қарлы-бұрқасынды қысқа айналды. Сәлімгерейдің әскері Еділ өзенінің орта шеніне жетіп, жаңа ғана қанат жая бастаған басқа батырлармен тіл табысты. Және Еділ бойының қалың тоғайының арасында Ақжамалға үйленіп алған Сәлімгерей қардан баспана боларлық шошала салып, мықтап бекінді. Жалғыз қызына шыбын жанынан басқаның бәрін қиған әкесі Ақжамалының тойына деп, сонау Көк Орда жеріндегі Есіл, Нұрадан бықып жатқан жылқысынан Беркеден жасырып тайлы-құлынды екі жүз жылқы айдап әкелді. Еңсесі түсіп жаяу жүрген сарбаздардың кейбіреуі ойқастатып ат мінді. Қысқы соғымға кенелген Сәлімгерей сарбаздары енді жазғы жорықтарына дайындала бастады.

Бұл кезде Мауараннахр жеріндегі Барақ хан да әжептәуір күшейіп қалған-ды. Алтын Орданың көшпенді жауынгерінен қорқып қалған Ходжент, Бұхара, Самарқанд тұрғындары Барақ әскерін қаруландыруға аянбай күш салысқан. Және туып-өскен жер, суын көшпенділер келіп бүлдіруінен сескенген Мауараннахр жерінің үлкен-кішісі өздері келіп Барақ әскеріне кірген. Осылай әлденіп қалған Барақ бір-екі рет Отырар жаққа шығып, Қайдудың жасақтарын жеңіп қайтқан. Бірақ Барақ Қайдуға қарсы үлкен майдан ашуға жүрексіне берген. Өйткені, Сырдың орта шенінде, інінде ұйқыға кеткен айдаһардай қозғалмай, алдағы соғысты күтіп, Алтын Орданың Мөңке Темір басқарған елу мың атты әскері жатқан. Барақ Қайдудың әскерінен көрі, Қыпшақтың осы қосындарынан сескеніп, үлкен соғысқа бара алмаған: Және майданға шыға қалса, жеңіліп қалам ба деп қорқып, не істерін білмей саса бастаған.

Осындай кезде кенет Қайдудан, Үгедейдің баласы Қаданнан туған Қыпшақ басқарған елшілер келген. Олар Қайдудың атынан Барақтың бітімге келуін сұраған. «Бәріміз бір Шыңғыстың ұрпағымыз, бұлай қырылыса беруіміз жөнге келмес. Бұл Қыпшақ пен Мауараннахр даласы бәрімізге де жетеді, оны бүлдіре бермейік» — деген.

Барақ сырттай ойланған пішін көрсеткенмен іштей қуана-қуана көнген. Әзірге екі ханның арасындағы қырқыс тоқтатылып, келесі жылы Шыңғыс ұрпақтары жиналған Құрылтай шақырмақшы болып келісіп, Қыпшақ Қайду Ордасына қайтқан.

Бұл шешімді Берке сол қыстың орта шенінде естіді.

Жағатай мен Үгедей ұрпақтарының тіл табысып жатқанын түсініп қатты ашуланды. «Мөңке Темір не ғып жүр о жоқта,— деді ол,— елу мың әскерді мен оған неге бердім? Бар ойым Үгедей мен Жағатай тұқымдарын бір-біріне қырғыздырып, Алтын Орданың қалың қолымен Мауараннахрды басып қалсын демеп пе едім? Боз өкпе, шірік, ең қауіпті жағдайға жол ашып ап, қарашы, бірдемені бітіріп тастағандай жатқанын мысық тәрізді бұйығып?» Берке: «Жағатай мен Үгедей тұқымдарын біріктіріп алма!» деп, Мөңке Темірге арнаулы жасақ жіберді. Бірақ сол жылы бір апталап долы боран ұлып тұрып алды. Бораны бітсе бет қаратпайтын Арқаның суығы келді. Суығы бітіп, күн жылына бастап еді, кілт көктем болып таудай-таудай болып үйілген қар бірден еріп, сел басып кетті. Тасыған Жайық, ЬІрғыз, Торғай өзендері жиырма-жиырма бес шақырымға жайылып, маусым тумай қайтпай қойды. Су қайтып, жер кебе бастап еді, кенет төпелеп нөсер құйып, әлем беті ат аяғын алып жүре алмайтын саз балшыққа айналды. Кілең жуан бел, бура сан жылқы мінген, Қыпшақ жігіттері бар қиындықты жеңіп, өлдік-талдық деп Мөңке Темір Ордасына жеткенде, бұлар енді қандай шара қолданса да Жағатай мен Үгедейдің ұрпақтарының байланысы бұзылмайтын жағдайда екенін білді.

Ал Мөңке Темір де бостан-бос бұйығып жатпаған екен, оның өзінің де көздеген нысанасы бар боп шықты, артынан барып бірақ білінді.

Қыс бойы құса боп, жүдеп жүрген Берке бүгін өте сергек еді. Жер кепкен шақ. Еділ бойының көгал шөбі ду ете қалған. Жер беті көкпеңбек. Көлде қиқулаған үйрек. Тал басында сайраған бұлбұлдар, көкпеңбек әлем, құлпыра түскен.

Берке алтын тағына отырысымен Тудай Мөңке мен Мөңке Темірдің баласы Тоқайды шақыртты. Тоқай балуан денелі, сұңғақ келген маңғаз қара сұр жігіт болатын. Батудың бұл немересі де аталарына тартқан киімге, дүние-мүлікке онша әуес емес-ті. Монғолдардың өзі тұстас жігіттеріндей жарғақтан түлкі-қарсақ терісінен тігілген киімдер, иә болмаса, сөлбірейтіп шекпен киіне салатын. «Тентек шоқпар жинайды» дегендей, бұл екеуінің де құмары қару-жарақ пен ат. Белдерінде жалпақтығы алақандай, қақталған күміс белбеу, күмістеткен оқшантай. Асынғандары қылыш, қанжарларының саптары, қыналары жалт-жұлт еткен ақ күміс. Садақтары мен қорамсақтарына күмістен сақина елдік орнатқан. Мінгендері кілең сүліктей қара жылқының сұлтандары. Олардың үстеріне салған ер-тоқымы, үзеңгісі кигізген жүген, құйысқанының бәрі аппақ сом күмістен. Ылғи қара жылқыға, кілең ақ күмісті ер-тоқым, жүген, құйысқан қандай келісімді! Қандай сәнді! Өзге балаларынан гөрі тентектеу, жүрген жерлері кілең у-шу, Тоқтыханның сұсты осы қос арланы астарындағы көмірдей қара аттарын тоқтатпай, салдырып жетіп келгенде, қандай топ болса да, қарс айрылып жол беретін.

— Алдияр тақсыр, амансыз ба? — деп үйге осы екі жігіт бірден кіріп келді.

— Өздерің де амансыңдар ма? — деді хан бұлардың сұсты түріне сүйсіне қарап,— отырыңдар.

Екеуі де таң алдында жайылған, қып-қызыл, түп бір елі, фарсы кілемінің үстіне малдастарын құра қатарласа отырды.

— Әскери ойынға қанша жауынгермен келдіңдер? — деді хан.

— Әрқайсымыз бес мыңнан,— деді Тоқай.— Жарлық солай ғой. Бізден өзгелері жаңа келіп жатыр.

— Онда қосындарыңды дайындаңдар,— деді Берке,— өзім бастап жорыққа аттанамын.

Тудай Мөңке елең ете қалды.

— Алысқа ма?

— Тақа жақын емес. Әскери ұлысқа алыстағы ұлыс қосындары жеткенше оралып та қалармыз. Оралып үлгермесек, бізді күте тұрады ғой. Бүгін хабар алдым. Екі мыңдай сарбазымен Сәлімгерей найсаптың жасағы Еділдің бергі бетіндегі Қара Орманға келіп бекініпті. Ол бұл арадан екі күндік жер ғой. Суыт жүріп, арғы күннен қалмай Қара Орманға жетуіміз қажет. Қарақшылар бөтен жаққа сусып кетпей, қоршап алып, бірін сыртқа шығармай, орман-морманымен өртеп жіберуіміз керек.

Тудай Мөңке қуанып қалды.

— Уай, отқа қақтаған үйректей, ана қос қатынды да өртейді екенбіз ғой! Бізге қимаған қызықтарын көрсінші, енді көк жалын шыжылдатып!

Тоқай көп сөйлемейтін, ұстамды жігіт еді.

— Қыруар орманды босқа өртегенде,— деді.— Бар болғаны екі мың адам болса, қоршап алып, тұтаса кіріп, сол жатқан жерлерінде қырып салмаймыз ба?

— Атпен кіре алмайсың. Ал Сәлімгерейдің жігіттері көбі тау арасында ескен ептілер, түлкідей жылт етіп бір жағынан өтіп кетеді. Ұстатпайды. Одан да қоршап алып өртеген жөн. Бір орманнан Орданың шаңырағы күйреп жерге түспес.

— Әрине ғой,— деді тағы аңқылдай Тудай Мөңке.— Олардың жан-жағынан қызыл тілін жалақтатқан өрттен шыға алмай жанталасып жатқандары қандай қызық! Өртейік!

— Мейілдерің! — деді Тоқай.

— Онда дабылдарыңды ұрыңдар. Қазір жүреміз,— деді Берке.— Тек ұмытпаңдар, арбаларға тиеп отыз күбі жер май ала жүріңдер.

Қара орман Еділ өзенінің жағасына тұтаса біткен қалың ағашпен ұштасып жатқан, ені бес шақырым, ұзындығы он шақырымдай, емен мен қарағай, қайың менен арша өскен, ит мұрыны батпас, көне заманнан келе жатқан байтақ тоғай болатын. Еділдің құлама жар қабағына біткен. Іші толған аң мен құс. Сәлімгерейдің орұсут, мордау жігіттері айбалталарымен ағаштарды құлатып, су жағалап екі ат қатар сыятын жол салып осы қара орманның дәл ортасына келіп бекінген. Еділ өзенінің арғы бетіне, жалпақ жағына қарай жайылған тасыған су әбден қайтып, жер мүлдем кепкен кезде, жасақ ойынша сонау Жайық өзенінің бойындағы қалың Қыпшақ ортасына қарай бармақ болған. Жер кебе бастағаннан-ақ Сәлімгерей жасағы солай қарай жол шекпек еді. Не болса да ағайын арасына барып, Алтын Орда қарсы шығар болса, жорық сапарын сол тұстан бастасақ деген.

Берке әскері түнделетіп жетіп, бүкіл тоғайды қоршап, отыз жерге отыз күбі жер май құйып, өрт қойғанда бұлар шырт ұйқыда жатқан. Көктемгі дымқыл ағаш әбден қызып алғанша бірден тұтана қоймаған, бықсып, әзер дегенде жанған. Ал бірімен-бірі сығылысып тұрған қарағай, емендер өрт қызған кезде, ыстығы екі жүз қадам жерден бет бақтырмас, лапылдаған жалынға шыдамай, шыршадай лаулап жанған.

Өрт иісін ең алдымен күзетте тұрған жігіттер сезді. Олар Сәлімгерейді оятып тұрғызғанша, жан-жақтарынан көкке көтерілген түтінді жалындарды көрді. Сәлімгерей жауларының өрт қойғанына және орманды қоршап тұрғанына шек келтірмеді. Енді бұл қоршаудан тек сом білектің күшімен, көк найзаның ұшымен құтылуға бел буды. Бұдан бөтен, әрине, жол жоқ еді. Әбден өршіп, долданып алған өрт енді Еділ өзен жағасын көріктен шыққан қып-қызыл тағадай қоршап алды. Сарбаздар орман арасындағы аттарын тауып алып, жігіттер ерттеп мінгенше, бүкіл қара орманды түтін басып кетті. Сәлімгерей сарбаздары қостарының ортасындағы ағаштарын құлатып өздері жасаған алаңға жиналып, енді әлгі жалғыз жолмен шығамыз дегенше, ол жолды да өрт алды.

— Суға! Суға секіріңдер! — деді айқайлап Сәлімгерей,— тірі қалғандарымыз арғы бетке жиналамыз.

Ақжамалдың атының ерін алып тастады да жетектеген күйде Сәлімгерей құлама жардың бір ойпаттау жеріне таянды. Жар құламалау болғанмен, су ағып жатқан етек тұсы әлі де биіктеу екен. Сәлімгерей Ақжамалды құшақтап бетінен сүйді де, әйелінің көз жасын көргісі келмегендей, тез көтеріп жайдақ атының үстіне мінгізді. «Ал енді жолыға алмасақ бақыл бол» деді де аттың сауырынан қамшысымен тартып-тартып жіберді. Ат сәл кідірді де, кенет өзенге секіріп күмп ете түсті. Сол сәтте Сәлімгерей «қош бол!» деген сұр толқын әлдеқайда әкетіп бара жатқан Ақжамалдың даусын естіді. «Қош бол!» деді бұл да тамағына келген бір ауыр сезімді әзер басып. Содан соң жанған арманның жарығымен біразға дейін көрініп, біртіндеп жоғалып бара жатқан аттылы әйелінің бейнесіне сәл қарап тұрды да, кенет кілт бұрылып орман ішіне кіріп жоқ болды. Өзен жағасындағылардың кейбіреулері аттарын жетектеген қалпында суға күмп-күмп берді. Ал кейбіреулері аттарының ер-тоқымын алып, үстіндегі қару-жарақтарын тастап суға қойып-қойып кетті. Суға секіре берді, секіре берді...

Тудай Мөңке мың жігітімен судың арғы жағасында жүзіп келе жатқан сарбаздарды күтіп алды. Ақжамалдан бастап бірде-біреуін жағаға шығармады. Қан-қан болған өлі денені тулай аққан Еділ суы іліп ала жөнелді. Ал арғы беттегі лаулап жанған қалың өрттің көгілдір жалыны мен қып-қызыл сәулесі түскен су бетінде жүзген жылқы да, ағыс әкетіп бара жатқан адам да, бәрі де ап-анық көрініп тұрды...

Берке жанындағы нөкерлерімен орманнан бес жүз қадамдай жердегі құз тастың үстінде тұр.

Өртеніп жатқан орман да, оның жан-жағы да Берке тұрған биіктен ап-анық көрінеді.

Беркенің жүзінде қуаныш ойнайды.

Өрт қызуы бұның да бетін шалған, бірақ шаттанған жүрек қызуы одан да күштірек.

Қып-қызыл қан боп аққан Еділ оған ғажайып, жұмақ өзені тәрізді көрінді.

Сонау суға аққан өлі денелер Беркеге арнап, сұлу әндер айтып бара жатқандай тәрізді. Хан оларға масайрай көз салады.

Бәрі қызық, бәрі тамаша.

Дәл осындай қуанышты Берке Херман Кибе өртенгенде де көрген.

Онда да Берке осындай үлкен өзен жағасындағы жартаста тұрған.

Онда да дәл осындай адамдар отқа жанып жатқан.

Онда Берке жиырмада болатын, көретін алдында талай қызығы, талай өрті бар еді.

Ал қазір ше?

Мүмкін бұл ең ақырғы қуанышы, ең ақырғы өрті болар...

Шіркін-ау, бар дүниені осылай өртеп жіберсе!

Құдай тағала, неге ханды мұндай мүсәпір етіп жаратқансың!

Өрт күн шыға сөнді. Кешегі жасыл орманның орнына, қап-қара құрымдай боп күйген жер қалды.

Түнде қан боп аққан Еділ енді өзінің үйреншікті сұр толқынын тербетіп жатыр.

Берке қозғалмай әлі тұр. Көзінде өкініш оты ойнайды. Өрттің сөніп қалғаны қандай өкінішті. Өмір бойы осылай жұрт өртеніп, орман, тоғай, қалалар жана берсе, жана берсе...

Өйтпеген күнде мынау жасыл даланы, сұр толқынды Еділді кімге қалдырады? Қай баласына, қай қатынына?!

Қандай сұмырай едің, сұрқия дүние!

Дәл қазір өзіне оқ тисе осы жалған дүниеден өткеніне өкінбейтін тәрізді хан Берке.

Кенет оның ойын жанындағы тұрған нөкері бөліп жіберді.

— Тақсыр хан, қараңыз! — деді ол құз тастың етегінен аттың тағасындай боп қоршай, жоғарыға қарай өрмелей келе жатқан адамдарды көрсетіп,— қарақшылар секілді!

Иә, бұлар Сәлімгерейлер еді. Сарбаз басшысы бағана Ақжамалды атымен өзенге түсіріп жібергеннен кейін, қасына өзінің ең жақын, ер жүрек жігіттерін ертіп Берке ханды іздеуге кіріскен. Өрт шыққан кезде жіберген барлаушысы, бұл бүлікті бастаған ханның өзі екенін айтып келген. Қатты қалжырап Беркені әзер тауып тұр. Сол сол-ақ екен, хан тылсым таппай кетті.

— Аттарды бері әкеліңдер! — деп сүріне-қабына құз тастың су жағындағы етегіне қарай жүгірді.

Сәлімгерей де хан тобының төмен түсіп кеткенін байқап қалды. Бұлар дереу кейін шегінді. Аттарына мініп, хан жолының тұсына келгенде, әскері жиналатын алаңға келе жатқан Берке мен оның нөкерлерін көрді.

Бұлар бірден лап қойды.

Хан тобы аттарының басын жалт бұрып, жазық далаға қарай салды.

Сәлімгерей жігіттерінің мінгендері кілең сәйгүлік жүйрік болатын. Қолдарында сойыл, садағы бар аламандар кегі кеткен топты аттарын омыраулата қуып жетіп, арқа-жондарынан тарсылдата ұрып, топ-топ түсіріп жатты.

Ендігі бір сәтте астындағы Ақтанкерін жазық далаға еркін салған Берке хан, оның соңынан қатарласа шапқан Сәлімгерей мен атақты башқұрттың мерген жігіті Ғалимзян қалды. Астына мінгені аузымен құс тістейтін ұшқыр жүйрігінің ұзақ шаба алмайтынын білетін Ғалимзян, кенет қорамсағына қол салды да қозы жаурын сауыт бұзар жебесін суырып алды. Мұны Сәлімгерейдің көзі шалып қалып:

— Тартпа садағыңды! — деді ол қатты дауыстап Ғалимзянға сәл бұрыла түсіп,— Берке бізге тірідей керек. Қазір қуып жетеміз!

— Қап! — деді жылардай болып Ғалимзян,— Берке маған мұндай енді жеткізе бермес!

Әрі-беріден соң ұшқыр жүйрігінің қарқыны басылып, Ғалимзян енді кейін қала берді.

Енді құба жонда көкжал қасқырды қуған арлан тазыдай, Ақтанкерге жете алмай Сәлімгерейдің Ақбақайы кетіп барады.

Есік пен төрдей, арқыраған Ақтанкер түрікменнің теке жәуміті еді. Алдына ат салмаған әйгілі жүйрік. Әттең алыс жолдан сапар шегіп келіп, әбден түн асырылмай жайылып, сәл бабына жетпегені бар.

Ал Сәлімгерейдің мінгені Ақжамал шешесінің бықыған жылқыларынан өзі таңдап қызына жіберген, құлынында арда емген, қамыс құлақ, есік кеуде, бөкен сан, тек көлеңкеден ғана оза алмас, алтыға жаңа шыққан арқаның сәйгүлігі еді: Бөрік астынан бөрі күтіп жүрген Сәлімгерей, бұны үнемі баптап ұстап келген. Бүгінде оқтаудай боп жаралған, бабында еді.

Екі аттың екеуі де таңертеңнен түске талмай ұзақ шабатын жүйріктер болатын.

Міне, осы екі жүйрік, бірі — елімнен құтқарам деп үстіндегі хан Беркені алып қашқан Ақтангер де, екіншісі — ханды ұстаймын деп, оң қолындағы қыл арқанын ыңғайлай шүйіріп келе жатқан Сәлімгерейдің көңілін желдеткен Ақбақай.

Дегенмен, Ақтангердің демі тарыла бастағандай, әлгісіндей емес, бір мезет демі әлсін-әлсін сырылдай түсті. Осылай тағы біраз шапты. Бірақ, аралары қысқара бастады. Жоқ, енді тіпті қысқарды. Енді бір сәтте, арқан бұғау лақтыратындай жерге келіп қалды. Енді Сәлімгерей бұғау-арқанын лақтыруы керек еді, бірақ әлі де жақындай түсейін деп, атын тағы бір қатты тебінді де бұғауды лақтыруға ерінен көтеріле, шалқалай берді; сол сәтте Берке қиғаштай бұрылып, садағын тартып қалды. Қозы жауырын сауыт бұзар жебе Сәлімгерейдің дәл өкпе тұсынан кірш етіп, сүйем қарыстай боп кірді. Аяулы ер ат жалын құша беріп, кенет жерге гүрс етіп, шалқасынан түсті. Бір мезет жасыл әлем шыр көбелек айналып, көк аспан дәл үстіне құлап келе жатқандай болып көрініп кетті. Дүниені қия алмай жаудыраған ақылды, ойлы көзі ақырғы рет жұмылып бара жатып, ол «әттең, әттең, Ғалимзянға бекер садағын атқызбаған екенмін!» деді. Сөйдеді де көзін жұмды. Енді оған өмірдің алыс-күресі, қуаныш-қайғысы, махаббаты мен опасыздығы мәңгі бітті.

Беркені тағы ауыр ойлар басты. Жорықтан қайтып келгеннен кейін Сәлімгерей жасағын құртқанына арналған тойы да, Орда қорғаны — сонау қалың қосындарының әскери ойындары да оның шерменде көңілін серпілте алмады.

— Осыншама дүниені, Ордамды кімге қалдырам,— деді хан Берке.— «Бұл жалғанның маңызы неде? Адам болып қызық көріп жаның жадырамаса, бала сүйіп қаның ойнамаса, құр алтын таққа отырғанның не пайдасы бар?» Иә сол алтын тақтың арқасында жауымды жеңдім, қасымнан өшімді алдым, өзгелерге үстемдігімді жүргіздім, бірақ мен өмір бойы өйтіп отыра алмаймын ғой, ертең мен өлген соң бөтен отырады. Бұл алтын тақ та опасыз.

«Бәрі опасыз. Опасыз... Алтын тақ та опасыз! Дүние біткен тегіс опасыз. Опасыз!»

Берке хан жынданудың аз-ақ алдында еді.

Бірақ Берке хан жынданған жоқ. Алтын тақтың өзі ғана білетін, өзіне ғана тән сиқырлы қуанышы кейде көңілін бөліп, өмірдің өзге қызығын көре алмай, осылай екі оттың ортасында жүре берген.

Осы қоян, яғни 1266 жылғы әскери ойынды бітіргеннен кейін Беркенің жарлығымен Ноғай тағы Иранға аттанған. Ноғай Кура өзенінің бойында Иранның белгілі батырлары басқарған Абақтың әскерімен соғысып, Ширванға шегінген. Осы жолы Ноғай басынан жараланып, бір көзінен айырылған. Көп атты әскеріменен бер жағынан Берке де жеткен. Кура өзенінің ар жағынан қалың қолмен илхан Абақтың өзі келген. Кура өзенінен өте алмай екі әскер жарты айдай тұрған. Көпір іздеп — Тбхиске қарай бара жатқанында, кенет жүрегі қабынып кетіп Берке Ширван өлкесінде Терек өзенінің жағасында дүние салды.

Беркенің денесін әскерлері Баку қаласы арқылы Сарайға алып келді.

Бүкіл Шыңғыс ұрпағы оны қара жамылып жерледі. Төбе басына қара мәр-мәрдан мазар орнатып, құлпытасқа алтын әріптермен аты-жөнін, құран сүрелерінің бірінен алынған аятын жазып мұсылмандарша Сарайдың құбыла жағына қойды.

Берке, хан дәрежесін қатты сақтай білді. Қарамағындағы әмір, ноян, ұлыс, аймақ бастықтарына дегенін қабылдатуға күші жетті. Бұл да Алтын Орданың қадірін көтеріп, үстемдігін жүргізе алды. Бұл да Алтын Орданың бағынышты елге беделінің өсуіне үлкен тірек болды.

Шыңғыс хан жасысы бойынша он басы жүз басына, жүзбасы мың басына, мың басы түмен басы әмірге, түмен басы әскер басы әмірге бағынуы керек. Ал, егер сол үлкен әмірлердің біреуі қылмыс істесе, хан оны жазалауға өзінің ең төменгі дәрежедегі әмірін жіберсе, жоғарғы дәрежедегі әмір төменгі дәрежедегі әмірдің бар дегенін істеуге тиісті еді. Тіпті басын аламын десе, қарсы келмей басын ұсынуға міндетті болатын. Берке хан да өзінің әскер басы әмірлеріне осы тәртіпті бұлжытпай орындатты.

Шыңғыс хан жасысы бойынша, хан қарамағындағы әмірлер, біреуінің үстінен шағым айтар болса, не өз дәрежесімен байланысты бірдеме тілегісі келсе,. ондай әмір тікелей тек ханға ғана жеткізуге тиісті еді. Егер ондай әмірдің өтінішін басқа біреуге, не ханның қатыны, не сөзін тыңдайтын бөтен кісі арқылы әрекет істесе, мұндай әмірдің басы алынуға тиіс.

Берке хан мұны да бұлжытпай, орындатты. Сондықтан Берке ханның тұсында Алтын Орда төңірегіндегі бекзадалардың тағдыры тек хан арқылы шешілді. Бұл, хан төңірегіндегі бөтен беделді Шыңғыс хан ұрпақтарын Алтын Орда ханының жеке басының қадірін, абыройын асыра түсті.

Шыңғыс хан жасысында: «Тек хан билігіне бас ұрып, жылдың басында, аяғында келіп өз шаруасын баяндаған түмен басы, мың басы, жүз басы әмірлер өз орындарында қалуға тиісті. Ал хан билігіне құлақ қоймай үйлерінде жатып алған әмірлер су түбіне батып кеткен тасқа, не қалың қамыс арасына жоғалып кеткен жебеге тең, ешбір із қалдырмай құрып кетулері керек. Ондай әмірлер әскер басы бола алмайды» десе, Берке хан да, өзінен әскерінің жайын жасырған, не бұнсыз біреуді жоғарылатып, біреуді төмендеткен әскер басшылары болса, ондайларды бір күн қоймай, орындарынан алып тастап отырған. Соның арқасында Берке Шыңғыс хан кезіндегідей әскер басшыларын өз ықпалына көндіріп бағындыра білген. Осындай себептен де Ноғай тәрізді өзгеге оңай көнбейтін өркөкірек, әскери еңбегі көп сіңген әйгілі ұлыс басшылары да тырп ете алмаған. Дүниеден сөйтіп Берке де өтті.

Алтын Орданы уақытша билеу, сырқат болса да, інісі Беркенжарға тапсырылды.

Келесі жылдың басында Құрылтай шақырылып, бүкіл Жошы ұрпағы болып Алтын Орда ханы етіп Сол қанат ұлыстың ағасы Мөңке Темірді ақ киізге отырғызып хан көтерді.

Ноғай бұл жолы да хандыққа таласа алмады. Шыңғыстың басқа немере, шөберелері оның қатал мінезінен, алғырлығынан қаймықты. Ал Ноғайдың өзінің тікелей күреске түсуге дәті бармады. Өйткені, Мөңке Темірдің бұдан өзін жақтайтын Шыңғыс ұрпақтары да көп және Ноғайдан қадірі де кем емес-ті.

Бірақ ол Алтын Орда деген асаудың үстіне отыра ала ма, әлде бір тулағанында ұшып түсе ме?

Кеп кешікпей бұл да анықтала бастады.

Беркенің асы Сарай-Беркенің түбінде, Ақ Еділдің жағасындағы жазық далада тамыздың орта тұсында берілді.

Жазық далаға бес жүздей шатыр тігілді. Оң қанат, Сол қанат әміршілердің әрқайсысына жүз шатырдан келді. Ортадағы жүз шатыр — қыпшақ, өғұз тәрізді

Алтын Орда қарамағындағы елдердің бай-манап батырларына арналды. Бұдан басқа Дәшті Қыпшақтың күншығыс жағындағы Қыпшақтар мен Көк Ордадағы Қыпшақтың байлары дүние-мүлік, жасауымен жүз ақ киіз үйін өздері тікті.

Асылған қазанда, сойылған малда сан жоқ. Тек қымызға деп арналып бес мың бие байланған. Әр дастарқан Исфаған мен Табризден әкелінген шыны-аяқ, кесе, қымбат фарфорлы ыдыстармен безенген. Дастарқанның бәрі де кілең қытай жібегі. Осының бәрі араб, фарсы кілемдер мен қазақи қалы кілемдердің үстіне жасалған.

Беркенің артында баласы болмаған соң, бұл асты Мөңке Темір өзі басқарған. Беркенің туған інісі Беркенжар — Жошы балаларының қалған ең ақырғысы, о да осыдан үш ай бұрын, сонау Қайду жерінде дүние салған. Әрине, бұл асты Мөңке Темірден басқа басқарар бөтен кісінің реті жоқ. Және Алтын Орда ханының мұндай үлкен ас шақыруында, тек өзі ғана білетін мән бар. Ежелден көшпенді елдердің салты бойынша, қай жұрттың, рудың қандай екені, өзгелерден неден күшті, неден әлсіз екені, сондай-ақ кімнің дос, кімнің қас екені осындай ұлы той аста білінеді. Мөңке Темір де өзінің қарамағындағы елдің қаншалық күшейгенін, көбейгенін, азбағанын, Алтын Ордаға деген лебіздерін, сондай-ақ өз ұлыстарының қайсысының қандай күйде екенін білгісі келген. Күшейген ұлыс, рулардың асқақ, өркөкіректеу келетіні тәжірибелі Мөңке Темірге белгілі.

Білгісі келген жайларын Алтын Орда ханы астың дәл қызған кезінде білді.

Көшпенді елдің асы мен тойының айырмасы шамалы. Өлген адам өлді, енді оның асын көшпенділер әдетте тойға айналдыратын. Мұнда да бәйге, балуандар күресі, ақын-жыраулар айтысы болады. Басын түйе етіп, тоғыз қара жүлде тігіледі.

Бұл жолы да солай етілді. Астау-астау еттер желініп, саба-саба қымыз ішілген астың екінші күні, бесіндік жерге жарысқа бес жүздей ат айдалды. Бұлардың ішінде арабтардың қаз мойын жүйріктері, өғұздардың текежәумыт, ақал-теке бәйгі аттары монғолдардың тоқпақ жал, шаршауды білмес ақтанкер тұлпарлары, қыпшақтың бөкен сан сайгүліктері бар. Бәйге, тек аттың озып келуі ғана емес, бұл ел аруағы қозғалып, ру қандарының қыздыратын қызық дүние. Сондай қасиет балуан күресі мен ақын-жырау айтыстарында да мол.

Бәйгеге жіберілген аттар келгенше, енді жұрт алқа-қотан отырып, күрес басталды. Алдыңғы шепте хан мен ұлыс басшылары. Шыңғыс ұрпағының әмірлері, оғландары. Содан кейінгі қатарларда әскер басшылары, түмен бастықтары, нояндар, батырлар. Осылай-осылай ұлыстарына, дәрежелеріне қарай орналасты. Тек ең соңғы шептерде Қыпшақ, маңғыт, оғұз, алан, серкесут, башқұрт тәрізді елдер адамдары.

Жұрттың бәрі ұлыс-ұлысына қарай отырған. Мұндай ұлы жиында тәртіп болу үшін, сәкі істеліп, кілем жабылып, оған хан жолға шыққанда мінетін Алтын Орданың жеңіл тағы қойылған.

Хан өз орнына жайғасқаннан кейін күрес басталды. Ортаға сол қанаттың атынан күреске сұңғақ бойлы мүшелері жолбарыстың мүшелеріндей сом біткен, сұлуша келген, қара торы Қыпшақтың бір жас балуаны шықты. Жеңіл шидем шекпенін ұзын орамалмен буып алған. Басына да осындай орамал тартқан. Денесінің оң қол жағы жалаңаш. Шекпенінің оң жақ жеңін белбеуіне қыстыра салған.

Жігіт алшаңдай басып ортаға шықты. Тізесін бүгіп ханға сәлем берді. Мөңке Темір жігіттің қара торы сұлу денесіне сүйсіне қарап, «рақмет» дегендей сәл басын иді де қойды.

— Ал оң қанаттан қайсың барсың? — деді күрес биі, денелі келген, қара мұрт ноян.

— Мен бармын! — деді күжілдеген бір дауыс.

Сөйдеді де алдында тұрған екі кісінің ортасынан алып денелі, апай төс, екі иығына екі кісі мінгендей, қар еттері баланың басындай бұлшық-бұлшық келген монғол балпандай басып ортаға шықты.

Бұл жан шыдатпайтын, монғолдың әйгілі түйе балуаны еді. Бағана дайын болған. Тек күреске менің шығатынымды көрсе қорқып, сол қанаттан ешкім шықпай қояр деп, әдейі қошаметтеушілердің артына тығылып тұрған.

Күрес биі ханға қарады.

Мөңке Темір «бастаңдар» дегендей басын изеді.

Күрес иесі:

— Кәне, кірісіңдер! — деді.

Сүзісетін бұқадай екі балуан мойындарын күжірейте біріне бірі таяды. Біріне - бірі тиіп-қашып, сәл жүрді. Кенет не болғанын жұрт та білмей қалды. Алып денелі балуанды Қыпшақ жігіті жағасынан ұстап шегіне, өзіне қарай тарта жөнеліп, кенет еңкейе түсіп бұрылып, арқасынан асыра жерге гүрс еткізді. Не болғанын түсінбей қалғандай, жұрт шу дегенде демін ішіне тартып үндей алмай қалды.

— Сол қанат балуаны жықты! — деді дауыстап күрес биі.

Сол-ақ екен, Қыпшақ жағы шу ете қалды.

— Уә, бәрекелде!

— Көп жаса!

— Аруағыңнан айналайын Қыпшағым!

— Бар екенсің ғой, арысым!

— Аруақ! Аруақ!

Жұрт сәл басылған кезде, күрес биі:

— Ал тағы кімің бар? — деді оң қанат жағына қарап.

Енді ортаға бір кездегі атан балуан шықты. Бұл бұрын жан шыдатпаған, құдыққа құлаған түйені өркешінен көтеріп ала алатын, монғолдың бас балуаны еді. Жасы кексе тарта бастағаннан кейін, соңғы жылдары күресті тастап кеткен. Жас жігіттің өзінің рулас балуанын жыққанына шамданып амалсыз шыққан.

Бұл әлгі балуаннан да денелі еді. Әр саны бураның санындай, беліне үлкен кісінің құлашы жетпес, көлденеңі мен ұзындығы бірдей біткен бір оба тас.

Бұл алғашқы балуандай емес, шабынған да жоқ, табынған да жоқ, асықпай басып ортаға шықты да, көтеріп алып лақтырып жіберейін дегендей екі қолын ыңғайлап жігітке таяды.

Жұрт тағы таң қалды. Қыпшақ балуаны дәл әлгідей әдіспен шапшаң қимылдап, оба-тастай атан балуанды да арқалай түсіп, лақтырып жіберді.

Атан балуан, бір жар құлағандай шаңды бұрқ еткізіп, жерге дүңк етті.

Бұл жолы жұрт күрес биінің шешімін күткен жоқ, даурыға айқайлап жатыр.

— Уа, Қыпшақ! Қыпшақ!

— Аруақ! Аруақ!

— Бар екенсің ғой, ұлдарым!

— Сені тапқан анаңнан айналайын!

— Ұл тапсаң, осындай ұл тап!

Мөңке Темір оң жағына қарады. Қыпшақ батыр, билерінің ортасында күлімсіреп отырған ақсақалды көрді. Жиналған жұрттың гуілдегеніне, айқайлағанына қарағанда, көбінің Қыпшақ екенін білді хан. Қабағын сәл түйді.

Оң қанаттың сымбатты денелі үшінші жас балуанын да, Қыпшақ жігіті тағы жықты. Бұл жолы бүкіл дала айқайлап кеткендей болды.

— Уа, Қыпшақ! Қотан хан!

— Шеру хан! Шеру хан!

— Бар екен ғой балаларың, жоқтатпайтын сендерді, Күншек!

— Аруақтарыңнан айналайын!

Бұл жолы Мөңке Темір ешкімге қарамады.

Күрес ережесі бойынша қарсы жақтың үш бас балуанын жеңген адамға бас бәйге берілуі керек. Бірақ бұған қарамай күрес биі, монғол нояны:

— Тағы кімің бар? — деді оң қанат жаққа қарай айқайлай. Сірә, монғолдарды Қыпшақ жігітінің жеңгеніне шамданып қалған болуы керек,— монғол жағының анасынан бір монғол тумаған ба?

Осы сәтте алаңға Тудай Мөңке жүгіріп шықты.

— Көрсінші менімен күресіп!..

Ол шешіне бастады. Шыңғыс ұрпағы мұндайда таласқа, бәсекеге түспейтін және жеңіліп қалса масқара саналатынын халық та білетін. Енді жұрт ханға қарады. Мөңке Темір қабағын шытты.

— Қайт кейін, тентек неме? — деді хан даусын қаттырақ шығарып Тудай Мөңкеге,— Импрамға жағаңнан ұстататын сені жын ұрған ба.

Тудай Мөңке тез басылды.

— Әлі сондайы бар екен ғой. Әйтпесе мынаның әкесін танытатын едім...

Ол Қыпшақ жігітін жеңген адамдай, аяғын қораздана басып кейін қайтты.

Мөңке Темір енді күрес биіне қарады.

— Ережені ұмытпауы керек,— деді оған.— Оң қанаттың үш балуанын жықты, бас бәйге сол қанаттың балуаны мына жігітке берілуі керек!

Жұрт тағы шулап қоя берді.

— Уа, әділетті ханым-ай!

— Бәсе, бәйге біздің жігіттікі ғой!

— Ханда қырық кісінің ақылы бар деп текке айтпаса керек!

— Мөңке Темірді бұрын да әділетті дейтін еді ғой.

Осы кезде «аттар келе жатыр» деген айқай шықты.

Жұрт орындарынан ұшып-ұшып түрегелді. Хан тағының алдында ешкім қалмай орталарынан бәйге аттар өтетін алаң тастап, жұрт екі бөлініп тұра бастады. Алдағы қатарда әмір, ноян, батырлар.

Сол-ақ екен күнгей жақтан шұбатылған шаң көрінді. Өзгелерден үздік ең алдында құйындатып бір жеке қара келе жатыр. Соңынан ат іліктірер емес.

— Уа, мынау Арғынбайдың Көкбестісі ғой,— деді кенет біреу айқайлап.

Сол-ақ екен тағы жұрт шулап қоя берді.

— Бәсе, сол!

— Жеке келе жатыр!

Сірә, Көкбесті көбіне таныс болуы керек.

— Көкбесті тұрған бәйгеден ат келетін бе еді! — деді біреу көкіп.

— Жылқыдан емес, бұл құмайдан туған дейді ғой!

— Уа, аруақ! Қолдай көр! Қолдай көр!

— Шап, жігіттер! Көтер Көкбестіні!

Қатындары ұл тапқандай, Арғындаған, Қотан-Шеру хандаған, аруақтаған бір топ салт атты Қыпшақ жігіттері көтермелеген, Көкбесті келіп қалды.

Хан алдынан кеуде жағы сала құлаш, арт жағы шөмшиген, құлағын жымырайта басып алған, қыпшақтың жабайы жылқысы зулап өте шықты. Бас бәйге сонікі болды.

Астың сол күнгі жартысы бітіп, Сарайына қайтып бара жатқан хан бүгінгі күнінен бір-ақ затты ұқты. Кешегі өздері шапқан Қыпшақ елі, бастарын көтеріп қалған екен. Бар түсінгені сол болды. Тек бұл елдің қалай тез есін жинағанына таң қалды.

Қайду мен Барақ келіскен Құрылтай Талас өзенінің бойында жылан, яғни 1269 жылы өтті. Бұл Құрылтайға жалғыз ғана Жағатай мен Үгедей ұрпақтары емес, Алтын Орда ханы Мөңке Темір атынан бұл кезде сырқатынан айыққан Беркенжар қатысқан.

Жеті күн бойы үлкен той болып, сегізінші күні Қайдудың басқаруымен Құрылтай мәжілісі ашылған. Осы мәжілісте Қайду бұдан былай қарай, Шыңғыс ұрпақтарының тату-тәтті тұруын сөз еткен. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді», ал біз бір болсақ Шыңғыс ұрпағына үлес етер жер де, билік құрар хандық та жетеді деген. Құрылтайда Қайдуды ақ киізбен хан көтермегенмен, бүкіл Орта Әзияның билігі соған көшкені белгілі болған. Ешкім бұған қарсылық білдірмеген. Тек Барақ қана өзі басқарып отырған Жағатай ұлысының әскерін, ұстайтын омақ сұраған.

Құрылтайдың шешімі бойынша оған Мауараннахрдың үштен екі бөлігі берілген. Ал қалған бір бөлігін Мөңке Темір мен Қайду бірігіп басқаратын болған. Және Қайду ұлысымен шектес Алтын Орданың Іле Алатауының теріскейінен басталатын бұрынғы қалалар Мерке, Құлан, Ақыртөбе, Тараз, Саудакент, Құмкент; Шолаққорған, тағы сондай Отырарға дейінгі басқа үлкен, кіші бекініс қалалардың бәрі Алтын Ордаға қайтқан.

Осылай бір кездегі Шыңғыс ханның жасысы бойынша бөлінген жерлер қайтадан өз қалпына келген. Хан ұрпақтары өздерінің бұрынғы әдеттері бойынша тауда, не далада тұрмақ болған. Малдарын тұрғын елдердің егісіне жібермей, қаладан өздеріне тиісті заңды салықтарын алып, тұрғын елдердің ісіне тіпті кіріспейміз деп уәде берген. Бұхар, Самарқандтарда қархана, шеберханаларда жұмыс істейтін құлдар әр қайсысының меншігіне бөлініп берілген. Осындай келісімге келген хан ұрпақтары, бірін-бірі «анда» санап, бір кеседен шарап ішіп, бір табақтан ет жеген. Тұрғын елдердің қалаларына билеуші етіп қайтадан Мұсабек бекітілген.

Мөңке Темір, қарамағында елу мың Қыпшақтың жауынгер атты әскері бола тұрып, осыдан екі жыл бұрын Мауараннахрды неге шаппағаны енді белгілі болған. Мөңке Темір қан төкпей-ақ өзіне тиістісін алатынын білген тәрізді. Демек, құшақтасып «анда болғанменен, Қайду, Барақ, Бұхар, не Самарқандты қайтадан басып алып жүрмесін деп, бұл қалалар мен Жағатай ұлысының әскерлері тұрған жердің шекарасына, өзінің біраз қосындарын тастап, кейін Іле бойындағы өз Ордасына қайтқан.

Осы Құрылтайда тағы бір мәселе шешілген. Барақ өзіне Құлағу илхандарына қарайтын Хорасан мен Ауғанстаннан Жағатай ұлысына жер қосып алғысы келгенін айтқан. Бұны Қайду мақұлдаған, ондағы ойы әлі де қауіпті Барақтың Иранмен соғысып, күшінің азая түсуін көздеген.

Барақ келесі жылан жылы Хорасан жеріне жорыққа шыққан. Өзіне жәрдемге берілген Қыпшақтың әскері бұны тастап кеткендіктен, осы жылы маусымның жиырма екісі күні болған айқаста, бұл кездегі илхан, әкесі Құлағудың орнына болған Абақтан оңбай жеңіліп, бес-ақ мың әскерімен Бұхарға қайтқан. Осы жорықта Барақ аттан құлап, жүре алмайтын мәңгі мүгедек боп қалған.

Бұхарға келгеннен кейін ол мұсылман дініне кірді. Енді өзі Сұлтан Тясиддин деп атаған. Бірақ бұл тұста Бараққа қарсы Жағатайдың басқа ұрпақтары бас көтерген. Жағдай қиынға айналған. Барақ кешегі «андасы» Қайдудан жәрдем сұраған. Қайду Таластан жиырма мың әскерімен шықтым деп хабар берген. Бірақ ол ұрыс жүріп жатқан Сейхұндарияның орта тұсына тым асықпай таяған. Ондағы ойы ұрыстың аяғын күту еді. Қай жеңген жағымен айқасуды ойлаған. Барақ жеңіп шыққан... Енді Барақ кешегі «андасына» жәрдемінің керегі жоқ деп оның еліне қайтуды сұраған. Бірақ Қайду қайтпаған. Барақты Бұхардан маған тиісті салықты бергізбедің деп сылтау тауып, Барақтың қосындарын түнде қоршауға бұйрық берген. Сол күні түнде Барақ өлген. Біреулер Қайдудың қоршай бастағанын естіп қорқып, жүрегі жарылып өлді деп шығарған. Ал басқа біреулер Қайду кісі жіберіп у бергізіп өлтіріпті деп таратқан. Қайсысы болса да, адам сенетін дүние еді, өйткені Шыңғыс ұрпақтарының былай өлуі әдеттегі жәйт болатын.

Барақты өзі өлтіріп отырса да Қайду оны хан ұрпағы деп мұсылманша емес, монғолша тау басына қойдырды. Мүбәрәк шахтан бастап, марқұмның істеген қиянатын арыз етіп келген басқа Жағатай ұрпақтарына Барақтың дүниесін бөліп алуға рұқсат етті. Мүбәрәк шахтың қатыны Барақтың әйелінің алтын сырғасын Қайдудың көзінше құлағынан ет-метімен жұлып алған. Кешегі төс ұрысқан, тамырларын кесіп қандарын араластырған, «андасының» әйеліне істеген қорлықты көре тұра Қайду ештеңе демеген.

Барақ әскерін өзіне қосып алған Қайду бұрынғысынан да күшейе түсті. Құрылтай шақырылып хан боп сайланбаса да ол Орта Әзияның нағыз билеушісіне айналды. Қайду, Алтын Орда, Құлағу илхандығы, Қытай императорлары мен ұлысының шектескен тұстарына даруғашы, аймақ әміршілері етіп өз адамдарын қойып алғаннан кейін, ол өзіне сан рет жәрдем берген Алтын Ордаға теріс қарай бастады.

Бірақ бұған Мөңке Темір көңіл бөлмеді. Берке ханның асында айтыста да Қыпшақтар жеңген. Тоқсанға келіп дүние салған Сүлеңгіт жыраудың баласы Тайжан жырау бас бәйгені алған. Бастығы Ноғай боп бұл жүлдені Тайжан жырауға қимаған. Сынықтан сылтау тауып Тайшуақ жырауға бергілері келген. Мөңке Темір дұрыс ұйғарым айтқан. Әрине, монғол жағын қуаттап Тайшуақ жырауға алып беруге болатын еді ол жүлдені, бірақ, Мөңке Темір уақ нәрседе әділетсіздік істегісі келмеген. Жүлде деген не? Ол бір халықтың тағдырын шешіп жатқан дүние ме? Болса да әділетсіздік істегің келеді екен, үлкен нәрседе істе. Ең үлкен шарт, сол биіктен айрылмау.

Осындай ойдағы Мөңке Темір, Шыңғыс жағына емес, батыс жағына қараған. Қырық жыл өтпей, мынау Қыпшақ елі тәрізді, ол жақтағы жұрт та бас көтеріп қалды ма? Сөйтсе не істеу керек?

Монғол шапқыншылары орұсут жерін одан әрі бөлшектей түскен. Бұл сөз жоқ, орұсут еліне соққы еді. Бір кездегі Владимир ұлы князьдығы, енді бірнеше уақ князьдықтарға бөлінген. Псков қаласы мен Ұлы Новгород жеке отау тікті. Кімде-кім Алтын Орда ханынан Ұлы Владимир князьдығын басқаруға жарлық алса, сол князь бәрін аузына қаратуға тиісті. Бірақ сол Алтын Орданың князьдары біріне-бірін қарсы қою арқасында еш қайсысының да бұл жарлыққа қолы жетпеген. Князьдар бірін-бірі жібермеген. Дегенмен, осы тұста бұлардың ішінен екі князьдық күшейе түскен. Бірі — Тверь, екіншісі — Мәскеу князьдығы еді.

Мөңке Темір тұсында, Мәскеу князы Александр Невскийдің кіші баласы Данийл болғаннан бері, бұл князьдықтың маңызы көтеріліп, беделі өсе түскен-ді.

Бұның да себебі бар еді. Біріншіден, Мәскеу князьдығы, сыртқы жауы бірден шаба алмайтын жағрафиялық, мықты орында, өзге князьдықтардың қоршауында тұрған. Бұл жағдай Мәскеу халқының тек көбеюіне мүмкіндік берген. Екіншіден, Мәскеу өзені өзіне құятын өзендер арқылы Еділдің жоғарғы жағы мен Оканың орта тұсын байланыстыратын-ды. Және Херман Кибе, Чернигов, Смоленскіден Владимирге баратын жол да осы қала арқылы өтетін-ді. Осы жолдар арқылы өтетін жүктерден алынатын алым-салық князьдықтың қазынасына түсті.

Міне, осындай күйдегі Мәскеу князьдығы өзге князьдықтан көрі шаруашылығы бұрыннан ірі Тверь князьдығымен бәсекеге түсті. Ал Мөңке Темірді сескендірген бір қауіп, ол осы князьдықтардың бірлесіп кетуі еді. Өйткені, басы біріксе, орұсут тәрізді үлкен жұрт Алтын Орданың қанды қақпанында бір күн тұрмайды.

Мөңке Темірдің бұлай қауіптенуінің де себебі бар еді. О л Тверь князын да, Мәскеу князы Александр Невскийдің кіші баласы Данийл Александрович да жақсы білетін. Ал шынына келгенде Данийл оңай бел алдырмақ емес. Күндердің күнінде ол өз бауырластарының бірлестік туын көтеріп жүрмесе нетсін.

Бірақ Мөңке Темір босқа қауіптенген еді. Бақ, атаққа, ел билеуге жалғыз ғана Шыңғыс хан ұрпақтары ғана емес, өзге жұрттан да әуескерлер табылатын.

Орұсут князьдары да ешкімнен кем құмар келмейтін. Соның арқасында, бірін-бірі жібермей жүріп тек, Мөңке Темір өлгеннен кейін жиырма бес жыл өткен соң барып, Тверь князы Михаил Ярославич Алтын Ордадан «Бүкіл Орұсут князі» деген атты алғашқы рет алды емес пе... Ал Мөңке Темір болса... Жоқ, жоқ, дәл бүгін туып тұрған қауіптің жоқ екенін хан да түсінетін. Бірақ Орда бір күндік емес қой, оның ұрпақтан-ұрпаққа қалуын ойлау керек-ақ. Мөңке Темір, әрине, Шыңғысхан да, Бату да, тіпті Берке де емес, бірақ «Тарих менен басталады» деп Римнің әрбір императоры айтқандай, қай ханның өзін өзгеден артық көрмеген. Мөңке Темір де өзін солай бағалады. Бірақ қанша ойласа да Бату мен Берке салған жолдан шыға алмады. Ақырында бұл да солардың тізгінінен ұстап, орұсут князьдарын бірін-біріне айдап салып, қандай жағдай туса да ешқайсысына да «Орұсуттың ұлы князі» атын бермейтін болды.

Бұл әрине, сол тұстағы Алтын Ордаға ең дұрыс шешім еді. Бірақ бұған орұсут князьдары қоя ма, міне, мәселе қайда еді. Олардың тілегенін істемес үшін бір-ақ жол бар. Ол жол — Алтын Орда күшті болуы керек. Күштінің күшігі де өзін төбеттей көреді. Ол үшін, ең алдымен қажет дүние бірлестік! Бірлестік Алтын Ордадағы бар хан ұрпақтарының, ұлыстардың бәрінің бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы мың да бір керек іс.

Шыңғыс ханның әлемнің тең жартысын жаулап алуға байлығы жеткен. Ол қажет көрсе бір жорығына көк темірмен қаруланған екі жүз мың атты әскер шығара алған. Алтынын былай қойғанда, ол Таңғұт мемлекетінің теміріне де қытайдың жарылғыш дәрісін де, қала қамалын бұзатын құралдарын да, қыпшақтың жылқысын да пайдалана білген. Екі жүз мың адамға тек соғысқа мінер ат тауып берудің өзі қандай байлық! Егер ол аттардың өлері, қартаяры, ақұрығы мен орданың өзінде пайдаланылатыны, әскери төңірегіндегі адамдарының мінері, осының бәрін есепке алғанда тек әскерге керек жылқының өзі жарты миллионнан асқан. Ал сол тұстағы ең үлкен мемлекеттер Қытай, Үндістан, Орұсут, Шығыс Жағропаның бар жылқысының саны болжам бойынша бұған жетпеген.

Алтын Орда да сондай бай болуға тиісті. Сіңірің шығып жүріп, ешкімге әкіреңдей алмайсың! Ал баюдың жолы тек ел шауып, жұрт талайтын соғыс емес. Лю-Чу-Цай өзі айтты емес пе, «Ат үстінде жұрт жаулап алған жеріңді, ат үстінде отырып басқара алмайсың» деп. Ол Ордаға қазір не керек, соны білген. Сол кісі айтқандай қазір бізге Орда ішінің ісін жөндеу қажет. Тұрғылықты халықтан, шеберхана құлдарынан, керуенші саудагерлерден алатын алым-салықтарды көбейту шарт. Кісі, мал басының, егіс өнімінен, аулаған аңынан, ұстаған балығынан, шапқан ағашынан, соққан тағасынан алатын ғасалық-ғарыштардың бәрін тең жағдайға келтірген жөн. Және бұның бәрін заттай алу дұрыс па, әлде бәрін біркелкі ақша салығына аударған жақсы ма? Орда қазынасына әрине, салықтың ақшадай түскені жөн тәрізді. Бірақ ол ақша дегеннің өзін бір тәртіпке келтіру керек болар.

Ойының осы жеріне келгенде Мөңке Темір тағы тоқтай қалған. Өз ақшасын шығару әр халықтың мемлекет болғанының белгісі.

Алтын Орда да өз ақшасын шығарған.

Бұны бірінші істеген, хан тағына отырысымен, мұсылман саудагерлерін жақтайтын Берке еді.

Ол, монғол шапқыншыларының ауыр аттанысынан жиырма жылдың ішінде қайтадан көтеріліп қалған Ұлы Бұлғар қаласында ең алғашқы Алтын Орданың алтын теңгелерін құйдыра бастады. Онысы Орданың сауда-саттық жұмысын жөнге қою әрекеті еді.

Берке өзінің алғашқы шығартқан алтын теңгелеріне, өзінен отыз бес жыл бұрын өткен, бірақ Бағдат халифатын көтерген, Ан-Насірәлитдин Аллахтың суретін түсірткен. Алтын ақша қолдан қолға жүретіндіктен Беркенің бұнысы мұсылман дінін үгіттеу еді. Алтын Орда ханы шығарған алтын ақшаның тек сауда-саттықты жөндеу үшін ғана емес, оның осындай саяси маңызы да бар болатын.

Бірақ Құлағу бастаған монғолдың қалың қолы жылқы, яғни 1258 жылы қаңтардың жиырма тоғызы күні — Бағдатты қоршап алып шабуылын бастады. Тас атқыш құралдар қала қамалының әр жерін бұзып, Құлағудың құмырысқадай қаптаған әскері Бағдатқа кірді. Қаланың халқын қырып, тонай бастады. Тұрғын жұрт қолына қаруын алып күреске шықты. Бірақ кеше ғана Құлағудың «қалаңды соғыссыз бер» дегеніне көнбеген Бағдаттың осы тұстағы халифы Мұстасим, екі қолын бірдей көтеріп кешірім сұрап Құлағудың аяғына жығылды. Монғол қолбасшысы, онда мына «жұртқа айт, қарсыласуын қойсын де»,— деді. Мұстасим Бағдаттың қарулы тұрғындарына: «Бұл, алла-тағаланың жазмышы, қарсыласпаңдар, монғолдар сендерге тимейді»,— деді. Халиф сөзіне сенген жұрт қылыш, садақтарын тастап Құлағуға берілді. Бірақ монғолдар бәрібір оларды қырып тастады. Халифат әскерін қосын-қосындарына бөліп алды. Құлағу Халифқа тағы күлімсіреп: — «Біз сенің үйіңе келген қонақпыз, кәне, нең бар көрсет» деді. Зәресі ұшып кеткен Мұстасим қоймаларының кілттерін қайда тыққанын есіне түсіре алмай, темір есіктерін бұзыңдар,— деді. Қоймалардан монғол жауынгерлері екі мың алтын зерлі жібек шапан, меруерттерді алып шығып Құлағудың алдына жайды. Бірақ Құлағу оған бұрылып та қараған жоқ. Қабағын сәл түйіп халифқа: Халифаттың бес жүз жыл жинаған алтыны қайда. Көрсетіңдер жер астындағы қоймаларыңды!» — деді. Мұстасим көрсетті. Қолдан істеген шағын қарасудың суын ағызып жіберіп, монғол жауынгерлері астын қазды. Әр сандыққа жүз мысқалдан салынған қыруар алтынды тапты. Алтын Құлағудың шатырының жанына төбе-төбе боп үйілді.

Құлағу халифқа «енді гаремінді көрсет» деді. Мұстасимнің жаны шығып кете жаздады. «Ең болмаса күн түсіп, жел тимеген сұлуларымды өзіме таста» — деп жалынды. Құлағу: «Алты жүз әйеліңнен таңдаған жүзін өзіңе қалдыр, ал қалғанымен біржолата қоштас», деді. Халифтың гаремінен босанған бес жүз әйелін өзінің әскер басшыларына, әмір, нояндарына бөліп берді. Әйелдердің кейбіреулері бұған тіпті ренжіген жоқ. Сары алтындай, алтын сандыққа сақтаулы жатқаннан, қолда болғандарын жақсы көрді. Ал халиф те текке жалынған екен, таңдап алған жүз әйелі де оған бұйырмады. Ақпанның жиырмасы күні Құлағу Мұстасимді, үлкен баласымен екеуін буындырып өлтіртті.

Шыңғыс ұрпағы мұсылман халифатына осындай шабуыл жасап жатқанда, Қарақорым қалай шыдап отырсын, Ұлы хан Мөңке сол Бағдатты алған жылы-ақ Беркеге, ісләм дінін үгіттеуіңді тоқтат, Ан-Нәсірәлитдин атындағы алтын теңгелерді өзгертіп қайтадан құй деп әмір берген.

Содан бері Алтын Орда ақшасы Мөңкенің атыменен шығып келген. Демек, мұсылман қауымы қолдап Ан-Нәсірәлитдин атынан соңынан Ходжентте, Отырарда тағы ақша шыққан. Бірақ бұл жолғы ақшалар тек күмістен, бақырдан ғана құйылған болатын.

Ал қазір Алтын Ордада жүріп жатқан ақшалар әр түрлі еді (жұрт оларды алтын, күмістігіне қызығып алатын).

Бұнда Арық Бұғының да, Беркенің де, Алғұйдың да құйдырған ақшалары жүретін. Тіпті көрші елдердің де, әсіресе Иранның динары да кездесетін. Осының бәрін бір тәртіпке келтіру керек-ақ еді. Өйткені, ақша мемлекет болғанның белгісі. Ал Алтын Орда жеке отау тіккелі қашан!

Алтын Орданың өз жерінде жүретін өз ақшасын шығарудың тағы бір маңызы бар еді. Бұл оның өз билігі өзіндегі, Қарақорымдағы бағынбайтын, жеке мемлекет болғанын көрсететін.

Ал бұл тұста Қарақорымның өзі де ұлы хандығынан қалған.

Өткен қой, яғни 1271 жылы Құбылай өзін Қытай императоры деп ататқан. Астанасын Ханбалыққа көшірген. Жаңа хандыққа Юань деген қытайша есім берген.

Бұл енді Монғолдың Ұлы хандығы жоқ деген сөз еді. Бұрын Ұлы хан Арық Бұғы мен Құбылай екеуі болса, біреуі өлген, екіншісі қытай императоры болды. Әрине, мұндай жағдайда Қарақорымды әлі Ұлы хандықтың астанасы деп ешкім айта алмаса керек. Ал Құлағу хандығы да, енді Иран илхандығы боп жеке кетті. Орта Әзияда Қайду басқарған жаңа монғол хандығы пайда болды. Тек Алтын Ордада ғана әлі Қарақорымға салық жинайтын басқақтар қалған. Мөңке Темір тек Алтын Орданың өзінде ғана жүретін ділдаларды шығармақ болды. Бірақ бұл ақшаларды қайда құймақ? Ұлы Бұлғарда ма, Отырарда ма? Және кімнің атынан? Алтын Орданы тұрғызған Батудың, әлде Алтын Орданы күшейткен Беркенің атынан ба? Жоқ, тек өз атынан! Өзі тұрғанда кімді іздейді? Ешкімді де іздемейді! Іздемейді!

Мөңке Темір осындай ойда отырғанда хан сарайына кіші бәйбішесі Ұлжатай кірді. Бұл ұзын бойлы, аққұба келген, келбетті әйел еді. Ойрат өмірі Бұқа Темірдің Шыңғыс ханның ең кіші қызы Чичиғаннан туған екі қызының бірі, үлкені Ұлжай Құлағудың әйелі болған. Бұны, кішісін Мөңке Темір алған, Алтын Орда ханының бұдан екі ұлы Алғұй мен Тоқтай және екі қызы бар. Бірі — Құртфуджин, шешесіне тартқан сұлу еді. Екіншісі — Ғайныжамал-бегім, ерге шықпай жатып, ерте дүние салған. Ал Мөңке Темірдің Құбұй-қатын бәйбішесі бастаған, Сұлтан-қатын, Құтту-қатын үш әйелінен Абашы, Тоқтай Бұрлық, Сарай-Бұқа, Мұлақай, Қадан, Құдұқан, Тоғырылша атты, бірінен-бірі өткен баққұмар, өткір тағы сегіз ұлы бар. Осы он ұлдың ең ортаншысы Тоқтай, соңынан Алтын Орда ханы болған. Ал Тоғырылшадан Алтын Орданың болашақ әйгілі хандары Өзбек, әз Жәнібек және өз әкесі Жәнібекті бауыздап өлтірген, Қыпшақ елінде «Нар мойыны қайырылған. Бердібек хан өлген шақ» деген мәтел қалдырған Бердібек хан тараған. Мөңкеге өзге қатындарындай ұл таппаса да, шеше жағынан тікелей Шыңғыс ханның өзінің ұрпағы болғандықтан ба, Ұлжатай байы —Алтын Орда ханына еркелеу, өтімділеу болатын. Келбетіне қарай Ұлжатай сәнқой, көркемдік пен ән-күйге әуес кербез еді. Мөңке Темір де бұны жақсы көретін. Тек соңғы кезде Алтын Орда ханының құлағына осы Ұлжатайы Құбұй-қатынынан туған Алғұйынан кейінгі үлкені Абашымен жақын екен деген суық хабар тиген. Бұл монғол дәстүрінде таң қалатын жәйт емес. Шынында да солай еді. Мұны уақыт көрсеткен. Соңынан, әкесі Мөңке Темір өлгенде, осы кіші бәйбішесін баласы Абашы алған. Сүйікті кіші бәйбішесі Ұлжатайды, басқа қатыннан осы туған баласы Абашымен көңілдес екен дегенді естігенде Алтын Орда ханы әдеттегі өзінің сабырлы мінезінен тыс қылық көрсеткен. Өйткені ол, қатар тігілген кілең қараша үйдің арасынан жеке көзге түсер ақ отаудай, өзге қатындарының ішінен жанын жай тапқыза білетін осы бір сұңғақ денелі кербез әйелін орасан жақсы көретін. Ал сол Ұлжатайы өзінің Абашысымен... Хан қынабынан суырылған өткір берендей қалш-қалш етті. Мұндайда хан тапсырмасын бұлжытпай орындайтын, және тірі жанға білдірмейтін, мүзәлім қызметінде жүрген қара сұр жігітін шақырып алды да:

— Абашы оғлан, ертеңгі атар таңды көрмеуі керек,— деді.— Менің тағым мен қатындарыма таласуға қалған тоғызы да жетеді.

Бірде-бір хан өздерінің берген бұйрықтарының себептерін орындаушыларына айтпас болар. Ханның ішкі сырын ешкім білуге тиіс емес. Хан сыры, хан құпиясы — ол бір басыңа төніп тұрған жалаңаш қылыш. Байқамай, аузынан шығып кетсе, әлгі қылыштың желкеңнен қалай түскенін білмей қаласың. Мұны жақсы ұққан орындаушы қара сұр жігіт:

— Құп тақсыр,— деп шығып кетті.

Хан бұйрығын қалай орындайды, ол әлгі жігіттің ісі. Осы тұста дәл бүгінгідей, жайраңдап басып үйге Ұлжатай кірген. Ханның неге қатуланып тұрғанын іші сезген. Өзі де сол үшін әдейі келген.

— Осы жұрт сені көрі санай ма, хан ием,— деген күліп.— Менің алтынды бақырға айырбастамайтынымды қайдан білсін... Әлгі сенің жаңбыр құрты тәрізді, ирелеңдеген уәзірің...

— Кімді айтасың? Ол саған не істеді?

— Қатай уәзіріңді айтамын... әзір ештеңе істеген жоқ... Бірақ сондай ойы бар екен...

— Иә, иә?

Ұлжатай мен Абашының арасының жақын екенін ханға осы Қатай уәзір жеткізген. Қатайдың Абашы екеуін кеше ши арасынан көргенін хан әйелі де байқап қалған. Абашы Қатайдың көзін құртып үлгіргенше, уәзірдің ханға жеткізіп қоятынын сезген. Күні бойы хан сарайын сыртынан аңдумен болған. Осыдан біраз бұрын хан ордасына Қатайдың кіргенін тағы көрген. Соңынан Мөңке Темір әлгі қара сұр жігітті шақыртып жатыр дегенді естігенде, оқиғаның қалай күрт жылдамдағанын ұққан. Және өзінің басына да қауіп туғалы тұрғанын түсінген.

Сол себептен де ханға келген. Оның өзіне әдеттегідей жылы қарамай, қатулана қалғанынан байының қандай шешім алғанына күмәнданбаған. Қазір қимылдамаса кеш қалатынын түсінген.

— Саған айтпасам да болатын еді, дегенмен сенен сыр жасырмауға ант еткенім өзіңе аян... Және Қатай өзіңнің жақсы көретін уәзірің.

Бұның бәрі дұрыс. Ұлжатайдың осы уақытқа дейін сыр жасырмай келгені де, Қатайдың өзге уәзірінен ханының жақсы көретіні де, сонда қатыны нені айтпақ?

Хан үн шығармай күтіп тұр.

— Қызды кім айтпайды, қымызды кім ішпейді, дейді ғой қыпшақтар,— деді аппақ тістерін көрсете күліп Ұлжатай.— Бірақ мен қыз емеспін ғой. Әлде хан әйелі деп осы жұрт қызыға ма, қалай. Әйтпесе мендей қатын Ордада аз ба...

Жоқ! Алтын Ордада Ұлжатайдай бір де бір қатын жоқ. Оны Мөңке Темір жақсы біледі. Ұлжатай хан әйелі болмаса да, жұрт қызығар еді. Бұл да Мөңке Темірге аян. Сонда немене, Ұлжатай айтқан жаңбыр құртындай Қатай да бұған қызығып жүр ме? Хан көңілі енді ғана басқа ойға бұрыла түсті. Бірақ Ұлжатай Қатай не деді, бірден айтқысы келер емес.

— Мен саған ерге шыққанда, көзіңе шөп салайын деп шыққан жоқпын. Және өтірік айтпайтынымды да, ханием, өзің де білесің...

Рас, Ұлжатай өмір-бақи жалған айтпайтын адам. Бұл ханға белгілі. Бірақ қандай әйел болмасын Мөңке Темірдің ойынша, екі жағдайда өтірік айтады. Бірі — әйел күйеуін жақсы көре тұрып, басқа біреумен жүрсе, сонда шындықты жасырады. Екіншісі, айтқан сөзін күнәсіз санаса, сонда жалғандыққа барады.

Ал Мөңке Темір мұндай ойдан аулақ, Ұлжатайдың сөзін күтіп, әлі қозғалмай тұр.

Ұлжатай бұрынғысынан да жайрандай түскен.

— Сол иреңдеген немең, кеше маған қойныңа ал деді,— Ұлжатай, ханның басына таяқпен салып қалғандай, бірден.— Егер қойныңа алмасаң, не менің сөзімді байыңа айтып қойсаң, жоныңнан қайыс жондыратын жолды табам,— деді.— Ұлжатай тіпті ештеңе болмағандай тағы маржан тісің көрсете күлген.— Бұны мен жай айтып тұрмын... Өсек сөзге ермейтініңді жақсы білем... және хан әйелі туралы, тіпті қылмыс істесем де ешкімнің аузы барып жаман айтуға қақы жоқ... Бұны да білемін... Хан құпиясы да, ханым құпиясы да Ақ Ордаға кір жұқтыратын сырдан хабардар адамды, не кір жұқтырғысы келетін кісіні, хан иемнің аямайтынына да күмәнім жоқ... Менікі жай әшейін, жаман айтпай жақсы жоқ деген ғой... Ал келген шаруамды айтайын.— Ұлжатай он сегіз жасар қыздай ұяла көзін жерге түсірген.— Көптен бері келген жоқсың, сағынып қалдым... Бүгін менің ордамда бол...

Осылай деген де Ұлжатай былқ-сылқ басып шығып кеткен.

Сол күні Мөңке Темір кіші бәйбішесінің үйінде қонып шыққан. Бұл да Ұлжатайды сағынып қалған екен. Демек, ханым сыры — хан сыры. Ал хан сыры — Орда сыры. Сырдың бәрін білген Қатай уәзір сол күні түнде Абашының орнына буындырылып өлтірілді.

Біреуге ор қазба, өзің түсесің деген осы.

Сол Ұлжатай бүгін тағы хан еріне келіп тұр.

Бой жетіп қалған қыздың анасы болса да, әлі сол бұрынғы сылаңдаған қалпы. Хан көңілі де оған бұрынғыдай. «Қатай уәзірдің сөзіне дұрыс ермеген екем,— дейді ол ішінен,— дүниеде бәрін табуға болады, тек өзіңді ғана білетін дұрыс қатын табу қиын». Әлі есінде осы Ұлжатай қатынды қалай алғаны.

Онда Мөңке Темір хан емес еді. Жаңа ғана сол қанат ағасы болып сайланған. Жасы елуден жаңа асып бара жатқан. Бұл оқиға осыдан он бес жыл бұрын болған. Орда ханының жорықсыз өткізген уақыты бар ма, бір аттаныстың реті түсіп, сонау Тарбағатайға барған. Сонда осы Бұқа Темірдің он бес жасар қызы Ұлжатайды көрген. Әкесіне осы қызын маған берсін деп кісі салған. «Батудың немересіне қандай адам қызымды бермеймін» дей алған, тек «қызымды Керейдің бір нояны баласына айттырып қойып еді, ескі дос адамым еді, уәдемді бұзу қартайғанымда маған қиын, Ұлжатайымның өзімен сөйлессін, егер Мөңке Темірді ұнатса, соны сылтау етіп алып кетсін» деген.

Ұлжатайға кісі салғанда, ол: «Мөңке Темір кәрі, өзімнің айттырған жеріме барамын және болашақ байым Құтлықты көңілім тілейді» деген.

Көшпенді Ойрат пен Керей рулары жаз жайлауда Керулен бойында кездесетін. Қызды жігіт көрген, жігітті қыз көрген. Екеуі бірін-бірі ұнатқан. Жақсы көріп қалған. Әкелері келесі жайлауда кездескендерінде ұлан-асыр той істеп, екеуін қоспақ боп уәделескен.

Бұл монғолдарға жатпайтын әдет еді. Дегенмен, осылай болған. Ұлжатайдың да көнбегені осыдан еді.

Мөңке Темірдің даңқын естігенмен, өзін көрмеген. Қандай адам екенін білмейтін.

Бірақ байға шығу үшін бұл шарт емес еді.

Бәрін әке-шешелері шешетін.

Бұл жолы да солай болды.

Мөңке Темір Бұқа Темірге тағы кісі салды. Бұл жолы, «қызын бере ме? Жоқ па? Сылтау таппай, тоқ етер жауабын берсін»,— деді.

Бұқа Темір сөз сарынын түсінді.

«Құдам алдында бәтуасыз атанғым келмейді. Егер өзіне қатын керек болса, атына мінгізіп алып кетсін» — деді. Бұнысы біз қарсы емеспіз, тек қызды тартып әкеткен көрінсін дегені еді.

Сол күні Мөңке Темір жігіттерін жіберіп, Ұлжатайдың қол-аяғын байлап, ордасына алдырды.

Сол күні Мөңке Темір Ұлжатайдың бетін ашты.

Жасы елуден асып бара жатса да, күші әлі қайтқан жоқ еді.

Бұрын әйел болып көрмеген Ұлжатай, егде адамның әйелі болудың қандай қиын екенін ұқты.

Нәзік денелі, сыпайы мінезді жігіт Құтлықты сағынды. Мені келіп алып кетсін деп жалынды.

Құтлық серіктерімен іздеп келіп, уәделескен жерлерінен Ұлжатайды еліне алып кетті.

Мөңке Темір намыстанбады, ашуланбады.

Қатынының соңынан іздеп бармады.

Ал Ұлжатай жас жігітімен бір ай тұрды. Алғашқы кездерінде оның ыстық құшағында майдай еріді.

Бір жеті өткенде Құтлық түн ортасы болмай ұйықтап қалатын әдет шығарды.

Екі жеті өткенде таң ата оны Ұлжатайдың өзі оятатын болды.

Үш жеті өткенде Ұлжатай қанша түрткілесе де, Құтлық оянбай қойды.

Енді Ұлжатайдың есіне қабырғасын сындырып жібере жаздайтын кәрі тарланы Мөңке Темір түсті.

Бұл оны емес, ол бұны оятатынын ойлады.

Арқандалған асаудан Құтлық бастаған төрт жігіт айырылып қалар болса, ал сондай асауды Мөңке Темірдің жалғыз өзі тырп еткізбей жүгендегенін көз алдына елестетті.

Енді ол Мөңке Темірге кісі жіберді. «Мені келіп алып кетсін» — деді.

Мөңке Темір жауынгерлерін сыртқа тастап, ауылға жалғыз өзі келді.

Ешкім оған қарсы шығуға бата алған жоқ.

Мөңке Темір ақбоз үйдің сыртында тұрып Ұлжатайды шақырып алды.

— Сен менің бұдан былай қарай қашпайтын қатыным боласың ба? — деді еңкейіп, оның өзіне мөлие қараған жалынышты көзін көріп.

— Боламын,— деді Ұлжатай.

Мөңке Темір ештеңе деген жоқ. Сәл еңкейді де Ұлжатайды көтеріп алды да, ерінің алдына отырғызып, жауынгерлеріне қарай жүріп кетті. Қозыны арқасына салып әкетіп бара жатқан арлан қасқыр тәрізді.

Тағы Мөңке Темірге ешкім ештеңе деген жоқ. Құтлық босағадан сығалай қарап қала берген.

Бұл не? Орданың айбарынан, әлде Бату ханның аруағынан қорыққаны ма жұрттың?

Солай тәрізді.

Содан бері Ұлжатай бұның ең жақсы көрер қатыны болған. Еш уақытта өтірік айтып алдап көрмеген.

Әрине, Қатай уәзірдің сөзі өтірік! Хан үшін өтірік, ханым үшін өтірік!

Орда үшін өтірік! Өтірік болғаны үшін Қатай уәзір өлтірілген жоқ па?

Ал рас болса ше?

Бәрі-бәрі өтірік! Қатай уәзір бәрібір өлтірілетін еді.

Сондағы Ұлжатай мынау күлімсіреп тұрған кербез қатын.

— Жай келдің бе? — деді Мөңке Темір әйеліне әдетінше күлімсірей көз тастап.

— Жай емес,— деді Ұлжатай.— Әкем аулынан кісілер келіпті. Жиен қызы Құрт-фуджинды нағашы ағасы Таутайға тоқалдыққа сұрапты.

Таутай, Бұралғы, Бұқа Темірдің балалары. Ұлжатайдың туған ағалары. Таутай үлкені. Әкесінің орнына қалған ойрат әмірі. Туған қарындасы Ұлжатайдың қызы Құрт-фуджинды тоқалдыққа сұрап кісі салған.

Мөңке Темір ойлана жауап берді.

— «Дұрыс сұраған,— деді ол.— Саулық қошқарсыз болса — қозы қайдан келеді. Монғол қызы байға шықпаса, монғол қайдан өседі? Дұрыс сұраған Таутай әмір. Бірақ Таутай өмір қошқар бола алмайды. Ол тым кәрі. Одан монғол тумайды. Құрт-фуджинды оған бере алмаймын. Сұлтан Керман Союргатмышпен уәдем бар, соған берем.

Дәл осы мезетте тағдырдың басқаша шешетінін Алтын Орда ханы білген жоқ. Мөңке Темір өз айтқанын істеген. Құрт-фуджинын Сұлтан Керман Союргатмышқа берген. Бір жылдан кейін ол өліп, Құрт-фуджин нағашысы Бұралғының баласы Сатылмышқа қосылған. Үш жылдан кейін Сатылмыш дүние салып, оның әйелін, келінін, осы алпыстағы Таутай алған. Одан Құрт-фуджин бір емес үш ұл тапқан.

— Сұлтан Керман Союргатмыш сырқат дейді ғой,— деді Ұлжатай күйеуіне қарсы келмей.

— Одан басқа ойлап жүрген жерім бар...

Бұл ой Мөңке Темірге кенет келген. Және бұл ойы өзіне шу дегеннен дұрыс көрінген.

— Одан Құрт-фуджинды орұсут князьдарының біреуіне беремін. Олардан он ұлымның кейбіреулеріне қатын әперемін,— деді Мөңке Темір.— Мына Қыпшақтар бізден бұрын олармен қыз алысып, қыз беріскен. Бұл бізге де теріс емес.

Жазмыш Құрт-фуджинның орұсутқа шығуына мүмкіндік бермеді. Ал Алтын Орданы күшейту үшін хан ұрпақтарының бірлестігін сақтаймын, жаулап алған елдерімнен алым-салықты көбейтемін, жаңадан ақша шығарамын, орұсут князьдарынан қыз алып, қыз берісемін деген Мөңке Темір хан тек бірақ нәрсені білмейтін. Ол білмейтіні — осының бәріне қауым қалай қарайды? Осының бәрін Алтын Орда хандарына істетіп қойып, өзі үн-түнсіз тыныш жата бере ме? Міне, Мөңке Темірдің шын білмейтін мәселесі.

Ал жұрт болса, бұл тұста анда-санда асау толқынын қуған, тыныш жатқан теңізге ұқсайтын. Қай күні сұрапыл дауыл тұрып, сол теңіз астан-кестен болады?.. Мөңке Темір ханның да, өзге хандардың да көздері жетпейтін.

ЖЕТІНШІ ТАРАУ

Жошының ең кіші баласы Буалдың немересі, ұлыс ағасы Ноғай, осы тұста Шыңғыс ұрпағынан қалған, оң қанаттың ең үлкені еді. Осы жасқа келгенге дейін, сонау Шығыс Жағропаға аттанған тышқан жылғы жорықтардан бастап, елу жылға жуық басынан өткізген ұрыстарында ол жеңілуді білмеген. Ноғай — Шыңғыс хан әскери жасысының темір тәртібін бұлжытпай ұстаған, ұлы ханның ең соңғы шөбересі.

«Егер,— деген Шыңғыс хан әскери жасысында,— он басына бағынған он адамның ұрыс кезінде біреуі, не екеуі, үшеуі, тіпті одан көбі қашар болса, олар өлтіріледі, ал жүздіктің өзгелері қозғалмай, әлгі он адам бәрі бірдей кейін шегінсе, бәрі де өлтіріледі. Егер басшыларынан жарлық болып бәрі бірдей шегінбесе, өз бетімен шегінгендердің бәрі бірдей өлтіріледі.

«Егер, әлгі он адамның біреуі тұтқында қалып, өзгелері құтқармаса, құтқаруға бармаған, қалған тоғыз адам бәрі тегіс өлтіріледі. Сондай-ақ, егер бір буын әлгі он адам жауда қалып, қалған тоғыз буын — тоқсан адам оларды құтқармаса, сол тоқсан адам тегіс өлтіріледі».

Бұл қатардағы жауынгерлер жаңында. Ал он басы, жүз басы, мың басы жайында Шыңғыс хан не деген? Мүмкін оларды бастық деп Ұлы хан жақын тартқан болар? Жоқ, олар жайында да Шыңғыс хан өзінің жасысында былай деген:

«Егер он басы өзінің қарамағындағы он адамды ұрыс кезінде басқара алмаса, не тәртібін дұрыс қоя алмаса, ондай он басы өзінің үй-ішімен бірге өлтіріледі. Он басы етіп қалған тоғызының ең қабілеттісі қойылады». Бұл жағдай жүз басына да, кейде мың басына да жатқан. Бұл үшінші тарау, тіпті ана екі тараудан да қатал. Жай жауынгерлер қорқақтығы үшін, не жолдасын құтқаруға бармаған айыбы үшін тек өз басы ғана болатын болса, он басы, жүз басы, мың басы, осындай қылмыстары үшін қатын-баласы, үй-іші боп жаза тартқан.

Шыңғыс хан әскер тәртібін осылай құрған. Монғол жауынгерлері нояны — жауын жеңсе, оларды өлтіреді, қырады! Ал осы жеңісті ұйымдастыра алмаса, қорқақтық істесе, кейін шегінсе, кейін шегінбей қолға түскендерге жәрдем бермесе, онда да өлім! Барлық жерде де өлім! Өлім! Өлім! Шыңғыс хан әскері өзгелерді өлтіру үшін жаралған. Ал өзгелері өлтіре алмаса — өзі өлгені.

Мұндай жағдайда ол әскерге тек алға, алға ұмтылу ғана қалған! Ол өлсе де, қырылса да алға ұмтыла берген. Осылай олар әлемнің тең жартысын жаулап алған.

Ал Шыңғыс хан мен Бату ханның мектебінен өткен Ноғай осы тәртіпті мықты ұстаған. Ноғайдың ордасы, бір кезде өзі жаулап алған, Үзі өзенінің арғы бетінде Молдавия жеріндегі Орнаша, Кехебе деген ойпаттарда тұрғанмен, ұлысы Еділ мен Үзі өзендерінің төменгі тұстарында болатын. Ұлыс ағасы өз әскерін өзіне бағынышты ұлысынан жинайтын. Сондықтан Ноғай әскерінің дені Шыңғыс жасысымен тәрбиеленген монғолдардан құрылған. Мұндай монғолдардың жастары келіп қалса, олар балаларын, немерелерін өздеріндей етуге тырысатын. Оның үстіне Ноғайдың бір қатыны Шыңғыс ханның оң қанат ұлысына кіретін монғолдың хадаркін руының әмірі Мақұр Құранның немере қызы еді. Мақұр Құранның бір баласы да Ноғай ұлысында болатын. Қырым аттанысында ол қайтыс болып, Хадаркін руының әскері Ноғайдың қарамағында қалған. Хадаркін жауынгер ру еді. Ноғай бұларға осы Еділ мен Үзі өзендерінің төменгі жағында көшіп жүрген Қыпшақ ауылдарының жігіттерін қосып алған. Осындай Шыңғыс жасысымен тәрбиеленген күшті қосындары бар Ноғай әрқашан да өзін өзге хан ұрпақтарынан жоғары ұстайтын.

Ұлыс ағасының тағы бір сүйенері үш ұлы — Түрі, Теке және Жеке, үшеуі де бұлұқ басшылары, әкелерінің дегенінен шықпайтын кілең сойылгерлер.

Әрине, Ноғай өзін жеке хан атамағанмен де, әрқашанда ұлыс мәселесін, Алтын Орда ханынсыз өзі шешіп, ұлысын өзі жеке билеп-төстеп үйренген. Әсіресе, оның бұл әкімшілігі Мөңке Темір тұсында өсе түскен. Ноғайдың күшінен, мінезінен қорқа ма, әлде бөтен шаруаларынан қолы тимей жүр ме, Алтын Орданың бір шетінде жеке елге айналып бара жатқан оң қанаты ағасына Мөңке Темір де бәлендей қарсы келе қоймады. Әйтеуір, Орда құрамында боп ши шығармасаң болды дегендей, реніш сыңай көрсете қоймаған. Алтын Орда ханы бұл кезде Жайық өзенінің Аралға құятын сағасында елу шақырымдай, жұрттың көзіне түсе қоймайтындай жерге алтын, күміс ақша құятын шағын қала салдырып жатқан. Атын Сарайшық деп қойған. Бұрынғы Алтын Орда алтын, күміс теңгелерін құйған Бұхар, Отырарларда ақша жасауды қайтадан бастамай, Сарайшықты салдыруының да себебі бар еді. Бұл шағын ғана Алтын Орда жерінің ортасы, сыртқы жаудан алыс және мұнда, құлдар мен есірей шеберлерден бөтен ешкім тұрмайды, сондықтан қай жағынан алсаң да қауіпсіз деп ойлаған Мөңке Темір. Ноғайға Алтын Орда ханының тағы бір көңіл бөлмеген себебі, осы тұста әбден күшейіп алған Қайду Мауараннахр, Қаялық, Хорасан жерлеріндегі Алтын Орданың ықпалы жүріп тұрған қалаларының бәрін тегіс өзіне қаратып алған. Ол қалалардағы Алтын Ордаға жататын шеберхана, ұстаханаларда құрылыс істейтін жұрттан түсетін салық күннен-күнге азая түскен. Мөңке Темір, әрине, Бату да емес, Берке де емес. Тіпті Ноғай да бұған шыдамас еді, дереу әскерін жіберіп Қайдудың күл-талқанын шығарар еді. Әрине Мөңке Темір мұндай қан төгіске барған жоқ. Бара қалсам жеңіп шығуым оңайға түспес деген сенімсіздігі де бар еді. Өйткені, қазір Қайду бұрынғы Алғұй мен Барақпен алысқандағы Қайду емес. Бүкіл Жағатай ұлысын билеп күшейіп алған. Және Иран илханы Құлағудың баласы Абақ пен өзінің «андасы» Барақ соғысқанда, оған жәрдемге жіберген Қыпшақ бастаған қолды кейін қайтартып, илханның Барақты жеңуіне көмектескен. Содан бері екеуі дос. Тіпті одақтас. Және құдандал да болмақ. Жұрттың өзі мен қызы жайындағы өсегі ел арасына тым тарай бастаған соң, Құтлұн-Шағаны Абақтың немересі, Иранның болашақ ең алғашқы мұсылман илханы Газанға бермекші боп уәделескен. Егер Мөңке Темір Қайдуға әскер жіберетін болса, әрине, Абақ жай жатпайды. Бір бүйірден шыға келуі мүмкін. Ал ол шығатын бүйір Әзербайжан мен Грузия, тек осындай бір ыңғайлы тұсты күтіп отыр, Алтын Ордаға қарсы аттанудан танбауы мүмкін. Осындай жағдайларды ойлаған Мөңке Темір әзірге кешегі майдандас серігі Қайдуға елшілер жіберумен ғана тынған.

Мөңке Темірдің осындай өзіне босаң қарауын пайдаланып Ноғай, әскерін тасқаяқтай қағыстырып, әлсін-әлсін ойнатып, әлденеге дайындала берген.

Сонда Ноғай Алтын Ордадан бөлініп, өзін жеке хандық етпек пе? Жоқ, Ноғай ондай ойдан аулақ. Ол Шыңғыс жасысының қазіргі жақтаушысының бірі, Шыңғыстың төрт ұлысының бірінің шаңырағын көтеріп отырған Ордадан бөлінбек емес, осы жеке ұлыстығы оған жетеді, жеке хандықты да көксемейді.

Әлде Мөңке Темірді құлатып, Алтын Ордаға өзі хан болғысы келе ме?

Шыңғыстың қай ұрпағы хан болудан қашқан. Мұндай арман мүмкін жәйт. Бірақ Ноғай құр әскери қолбасшы емес, көреген адам. Ол Мөңке Темір тәрізді, бір қанаттың, және күшті қанаттың ағасы болып келген адамды Алтын Орда тағынан алып тастаудың оңай дүние емес екенін жақсы біледі. Және Мөңке Темірдің жасы да бұдан кем емес. Оған қол көтеру тікелей Шыңғыс жасысын бұзу. Ноғай ондай бас бұзарлыққа бармайды. Сонда не?

Жоқ, Ноғай бүкіл Алтын Ордаға үстемдігін жүргізгісі келеді. Тақта қандай хан отырмасын, бұның сөзін тыңдауға тиісті. Алтын Орданың жерін молайтуда, бөтен елдерді шауып, оны байытуда Ноғайдың орны бөлек. Және Жошы ұрпағының ең үлкені, өзгелерден ақылды, көрегені.

Жоқ, жалғыз Алтын Орда хандары ғана емес, бұны бар Жошы ұрпағы тыңдауы керек. Ол үшін Алтын Орда тағына отыратын хан Ноғайсыз отырмауға тиісті. Алтын Орда хандарын Ноғай өзі белгілеп, өзі алып тастай алатын күйге жетуі мақсат. Қысқасы, Ноғай хан, тақта отырмаса да хан саналуы керек. Ноғайдың бар ойлағаны осы. Бұл арманына жету үшін ол саясатын да құра білді. Тек әскерін ғана күшейтіп қойған жоқ, бөтен Жошы ұрпақтарына ықпалын жүргізбеуге көп еңбек сіңірді. Біреуін алдады, біреуін арбады, біреуін қорқытты, ал басқа біреулеріне сый-құрмет көрсетіп, тарту-таралғы берді. Міне, осындай жағдайымен Ноғай өз ордасына қонаққа көптен бергі тілектесі Тудай Мөңкені шақырған. Тудай Мөңке сонау Еділ жағасындағы өзінің ұлысына Ноғайға арнаған сыйлығын бір көш етіп, Таң мен Үзі өзендерінен өтіп, ырғалып-жырғалып жүзден астам жігітіне биыл молдовандар жеріндегі Кехреба ойпатында отырған Ноғайдың ұлысына келген. Бұл сиыр, яғни 1277 жылдың жазы еді. Биыл бұл маңайда жаңбыр аз болып, шөп ерте қуарған. Әйтсе де Ноғай ордасы осы Үзі өзеніне құятын бір шағын өзеннің жағасында отырған.

Күн түстен ауа бастаған кез еді.

Бесін бола Ноғай Ордасының қыз-қырқын, бозбалалары қоршаған Тудай Мөңкенің керуені де жетті.

Олар өздеріне арнап тігілген ауылға орналасты.

Тудай Мөңке қасында үш серігі бар сәлем беруге Ноғайдың Ордасына өзі келді.

Тудай Мөңкені құшақтап қарсы алған Ноғай оны таныды да, танымады да.

Бұл, әрине, Тудай Мөңке және Тудай Мөңке де емес сияқты.

Бұрынғы Тудай Мөңке есерсоқтау, аузына келгенін тоқтамай айтатын, ер көңіл, аңқылдаған жігіт болатын.

Ал мынау Тудай Мөңкенің тек бұрынғы бейнесі, түрі бірақ қабағы қарс жабылып кеткен, қараңғы түндей түнерген басқа адам.

Атақты Бату атасы өлгенде де Тудай Мөңке мұндай түнеріп көрген жоқ.

Жоқ, құр ғана түрі емес, сөйлеген сөздері де біртүрлі жексұрын.

Жоқ, ол жөнді сөз де айтқан жоқ, бір-екі рет бірдемелерді міңгірледі де қойды.

Жайшылықта, дұрыс болсын, бұрыс болсын аузы жабылмайтын Тудай Мөңке, келгелі «қап әттеген-ай!», «Алда қыршыным-ай!» деген бір-екі ауыз бірдемені айтты да тіпті үндемей қойды.

Бұнысы несі, ақылынан адасайын деген бе?

Жоқ, Тудай Мөңке қазір сау еді. Тіл қатпай тұнжырай беруі ойламаған жерден басынан өткен оқиғадан болған.

Тудай Мөңкенің неге мұндай күйде отырғанын, қасындағы Қабақ тайшы айтып берді.

Оқиға былай болған екен.

Тудай Мөңкенің ортаншы әйелі Бату ханның бәйбішесі әйгілі Барақшын-қатынның төркіні алшын-татар әміршісі Құтлықтың қызы еді. Барақшын-қатын өзінің тірі кезінде сүйек жаңғыртамыз деп осы қызды он бес жасар Тудай Мөңкеге алып берген. Төре Құтлықтың қызы он жылдай бала таппаған. Ал көтерген баласын күні жетпей тастай берген. Тудай Мөңке алшын-татардың қызы болмақ түгіл, құдайдың қызы болса да, жылда құлын тастайтын қысыр биедей, маған шала бедеу қатынның керегі жоқ, төркініне апарып тастаймын деп жүргенінде, осыдан он жыл бұрын, қатыны Тудай Мөңкенің аузынан түскендей бір ұл тапқан. Атын өз атасының құрметіне Бату қойған. Осы Бату, арғы атасы Бату хандай ер жүрек және өз әкесіндей күш иесі болып өсіп келе жатқан. Жеті жасында бұның жықпаған өзі қатарлы бала, жылатпаған серіктері қалмаған. Атамыз Батудан қалған жұртты, осы қырып тауысады деп баласын мақтан ететін аңғал Тудай Мөңке, Батуын соңғы жылдары қасынан қалдырмайтын. Осы жолы да өзіне ерте шыққан. Көшпенді елдің баласы бес жасынан атқа шауып үйренеді, жас Бату да олардан кем түспеген, жеті жасында әкесінің алыс сапарларына еруге жарап қалған. Үзі өзенінен сал салып өтіп, бергі бетке қос тігіп, Тудай Мөңкенің жігіттері ас ішіп тынықбақшы боп жатқандарында, әкесінің қасына Бату келген.

— Мына өзеннің қамысты жақ тұсында доңыздар бар дейді, көріп қайтайын,— деген ол.

— Барма, доңыз жарып тастайды,— деген әкесі.

— Онда біздің қандай керегіміз бар? — деген Батудың атабегі ұзын бойлы қара сұр жігіт Таңғұт әміршісі Луи-Шидургудың ұрпағы Айджу.— Бақылап тұрамыз, көрсін, қызық қой.

— Жарайды барса барсын,— деген Тудай Мөңке.— Тек алыстан көрсетіңдер!

Айджу бастаған қару-жарақты үш кісі Батуды доңыз көрсетеміз деп өзен жағасына алып кеткен.

Бие сауымдай кез өткенде, «бұлар неге осыншама кешікті? деп өзен жағасына жігіттерін ертіп Тудай Мөңке өзі барғалы тұрғанда, баланың кенет шар ете қалған даусын естіген. Тудай Мөңке дауыс шыққан жаққа қарай жүгірген. Өзен жағасындағы қамыстың қалың талмен шектесетін жеріне жеткенде, әлдененің қорс-қорс еткен даусын естіген. Кісі бойынан биік қамысты жапырып, кіре бергенінде, желкесінің жалы үдірейген тайыншадай қара доңыздың жанында, доңыз жарып тастаған ішек-қарны жерге түсіп, қан-қан боп жатқан Батуды көрген. Доңыз «не істедім?» дегендей тұмсығымен баланың денесін түрткілей қасында тұр. Тудай Мөңке қылышын сермей атылған, доңыз да қарсы секірген. Бірақ тасқа салсаң да қақ бөлетін алмас қылыш бір сілтегенде-ақ доңыздың басын анадай жерге ұшырып түсірген. Доңыздың бассыз денесі, атылған қалпымен қамысты жапырамайыра он-он бес қадамдай жерге барып дүңк етіп құлап, басын іздегендей шыр көбелек айналып тулай берген. Езуінен ақ көбігі бұрқырап, екі көзі қанталап кеткен Тудай Мөңке бассыз дене тұрып кететіндей қылышымен онды-солды шаба бастаған. Үй орнындай жер боршалаған етке толып, қызыл қанға боялған. Ешкім оған қой дей алмаған. Тудай Мөңке есінен адасқандай, доңызды үсті-үстіне шапқылап жатқанда, қолдарында жалаң қылыштары, көздері алақтап, қамыстан Батуды алып кеткен әлгі үш кісісі шыға келген.

Тудай Мөңке парша-парша болған денені шапқылауын тыя қойған.

— Ә, келдіңдер ме? — деген ол ентіге, қан тамған қылышын шаршап қалғандай төмен салбыратып,— әне көріңдер?

Өзі бастап, үшеуін тек қарыны ақтарылып өліп жатқан баласының жанына алып барған. Батудың доңыз жарған денесін көрген Айджу атабек, қылышын тастай салып, екі бетін қолымен басып отыра қалған. Тудай Мөңке баланың қалай өлгенін сұрамаған. Үшеуін де қылышпен шауып өлтірген, бұған ешкім араша түсе алмаған. Бірақ бұл үшеуінің де жазығы жоқ еді. Қылыштарын жалаң ұстап тақа жақын жуымай, қамысты жағаны жанай келе жатқан бұл үшеуі. Ық жақтарында Бату. Доңыздар көрінбеген. Суға кетер бала өзенге жүгіреді дегендей, кенет бұлардың көздері қамысты тінтіп келе жатқандарында, Бату зып етіп қалың қамыстың арасына кіріп жоқ болған. Бақылаушылары: «Қайдасың, алысқа барма! Бері кел!» — деп қанша жалынып айқайласа да, олардың іздегенін қызық көріп, бала дыбыс бермеген. Тек Бату өзенге қарай емес, іздеушілердің бүйір жағынан өтіп кетіп, көрінбей қалған. Бала суға қарай кетті ғой деген іздеушілер, дауыстай ұзай берген. Олар әбден алыстаған кезде Бату қамыстан шыққалы кейін бұрылған. Дәл осы сәтте ашулы кәрі доңызға қарсы ұшыраған. Доңыз бұған бірден ұмтылған. Бала қанжарын сілтеуге де үлгірмей қалған.

Міне, осы оқиғадан кейін Тудай Мөңке есінен адасқандай, тірі жанға тіл қатпаған. Қабағынан қар жауып қосының алдында отырып алған. Тек жігіттері қоршап қасына келгенде бір-ақ ауыз сөз айтқан.

— Бір доңызды қалдырмай қырыңдар! — деген.

Жүз жігіт, оған керуен тартушылар қосылып екі күн ұдайымен бұл маңайдағы доңыз біткеннің бәрін өлтірген. Жігіттердің найза, қылышына ілікпегендері басқа жаққа қашып кеткен.

Екі күн бойы Тудай Мөңке сол отырған жерінен тұрмаған. Тек үшінші күні ғана тағы жалғыз ауыз сөз айтқан.

— Ал енді Ноғайдың Ордасына жүрдік,— деген.

Батуды осы өзен жағасына көр қазып, ардақтап қойған жігіттері үн-түнсіз соңына ерген.

Тудай Мөңке сол өлгенін көрген күннен кейін, баласының қасына бармаған.

Барлық жағдайды түсінген Ноғай оған көңіл айтты.

Тудай Мөңке басын изеді де қойды.

Бір жетіден кейін Тудай Мөңке адам тәрізді сөзге келді. Бірақ бұрынғы Тудай Мөңке жоқ. Сөйлеуінен үндемеуі көп. Қабағының ашылуынан жабылуы көп.

Ноғаймен біраз оңаша сөйлесіп, Тудай Мөңке енді еліне жүрмек болды.

Ноғай оған өзі әкелгендей бір көш тарту-таралғы берді. Оған қоса «менің Ордамнан таңдаған қызыңды алып кет» — деді. Тудай Мөңке өмірінде бір монғолдың істемейтін әдетін істеді. «Таңдаған қызымды келесі жолымда алып кетем»,— деді «Ақылынан адаспаған» екен деп ойлады Ноғай, баласының қайғысы қатты батқан екен, бар қылығы содан. Әлі-ақ айығып кетеді.

Бірақ, Тудай Мөңкенің бұл жолғысы, шын шатасуының басы еді. Тудай Мөңке жүріп кеткеннен кейін бір жеті өткен кезде Алтын Ордадан әкесінің жарлығын алып Тоқтай келді. Хан Ноғайға: «Дайындала берсін, түбі Қайдумен соғысатын түріміз бар» — депті.

Ноғай Тоқтайды Алтын Орда ханының баласы емес, өзі келгендей күтті. Бұған да қол басындай сом алтыннан бастап неше түрлі сыйлық берді. Жүргелі жатқан Тоқтайға:

— Әкеңе айта бар,— деді Ноғай.— «Бату кезінен Алтын Орданың шығыс жағындағы жауы сол қанаттың ісі болатын. Өз ұлысының әскерін жіберсін. Біздің шаруамыз құбыла мен батыс. Мұным менің Мөңке Темір ханының бұйрығын орындамаймын деген сөзім емес. Орындаймын. Басқа түрде. Мөңке Темір әскері Қайдумен соғысуға баратын болса, құдасы Абақ хан бос қалмайды. Қайдуға жәрдемге жібереді. Сонда Алтын Ордаға мен керек болам. Қыс түсе Дербент өзені қатысымен, өзіміздің әдеттенген жолымызбен Кавказдан етіп, Абақ хан әскерінің арт жағынан тиемін. Бұдан асқан Мөңке Темірге көмек жоқ...

Ноғай сөзін дұрыс көрген Тоқтай оның сәлемін әкесіне жеткізбек боп ертеңіне серіктерін ертіп Дешті Қыпшаққа жүріп кетті.

— Мен Газанға тимеймін,— деді Құтлұн-Шаға, әкесі Қайдуға бір жағынан еркелей, бір жағынан наздана.

— Неге, Анғиарым? — Қайдудың «Анғиарым» дегені Құтлұн-Шагаға «жан - қиярым» деген болып естілді.

— Газан менен кіші, жат ел Иранға барып тұрғым келмейді.

Қайду бүкіл Орта Әзияны алып болғаннан кейін тек ұлдарына ғана емес, қызына да осы Шу өзені бойынан меншікті ұлыс берген. Ол кезде өзен Сейхүндарияға құятын. Талас өзені тәрізді Шу бойында қаптаған Қыпшақ елі отыратын. Бұл ел тек мал ғана бақдайтын, егін де егетін, бау-бақша, мақта да өсіретін.

Құтлұн-Шағаның ұлысы бір жағы Теріскей Алатауға кіріп жатқан бай өлке еді. Әкесі Қайду, өз ордасы әлі Іле бойында тұрғанымен, ортаншы баласы Орыс қолы тұрған Тарбағатай тауы, Зайсан көлі жағынан Құбылайдың әскері маза бермей, қытай қосындарын о жақтан бір жолата қумақ болып, тағы әскер жинай бастаған.

Осы әскер жинау ісімен жақында қызы Құтлұн-Шағаның ұлысына келген. Бұл арадан да біраз әскер алмақ. Қызы әкесін әдеттегісіндей сыланып-сипанып қарсы алған. Қазіргі әңгіме сол Құтлұн-Шағаның ордасында болып тұр.

— Иран алыстық ете ме? — деді Қайду.— Ал менің қайда туғанымды білесің бе? Монғолда Керулен деген өзен бар. Оған бұл арадан құс та ұшып жете алмайды. Сол арадан келдік қой. Ал сен аттылы адамға екі жетілік жерді алыс дейсің... Және Газан илханның немересі, әкесі Арғұн көп кешікпей илхан болады...

— Ал менің әкем кім? — деді күліп Құтлұн-Шаға.— Бүкіл Мауараннахр, Хорасан, Шығыс Түркістанды билеп отыр...

— Сондықтан да сен Газанға шығуың керек.

— Сондықтан да Газанға шыға алмаймын. Және...

— Не және?

Құтлұн-Шаға кішкентайынан әкесімен ашық сөйлесіп үйренген.

— Мен екіқабатпын...

Қайду шошып кетті. Қызының ордасына өткен жылдан бері келіп көрген емес.

— Кімнен? — деді, ол кім болса да қазір басын алатындай кәрлене қалып.

Қызы тағы жасырған жоқ, шынын айтты.

— Сіздің кеңсе бастығыңыз Әбдеқұл әміріңізден.

Бұл солтүстік Қытайдан келген ұйғыр жігіті болатын. Түбі ұйғыр индикуттарынан шыққан. Қытай жерінде оқыған адам. Сондықтан хат танымайтын Қайду алдыменен оны өзіне хатшылыққа алған. Қызметі ұнағаннан кейін бірте-бірте көтеріп кеңсе бастығы өмір еткен. Ұзын бойлы, сұлу мұртты жігіт. Әйелдер бұған «кет әрі» емес екен деген өсекті бұрын да естіген. Осыдан бес-алты ай бұрын Құтлұн-Шаға ұлысының тұрғын халқынан алатын алым-салықты жөндеуге бұл жаққа Әбдеқұлды өзі жіберген. Енді міне...

<