Педагогика

Тарту

Қазақтың қаны бір, жаны бір жолбасшысы – мұғалім.

Еліміздің азғана жылдық ояну дәуіріне баға беру үшін алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын – мұғалімдердікі.

Бірге оқысқан, бірге оқытысқан, жылдарымыз бір, жолымыз бір қазақ мұғалімдері!

Қолымнан келген осы еңбегімді сендерге тарту қылам.

Ниетімнің тазалығы үшін тартуымды қабыл көріп алыңыздар.

Мағжан Жұмабаев

СӨЗ АЛДЫ

Бұл кітап 2-3 жыл бұрын қысқа уақыттық мұғалімдер курсында оқылған дәрістерден түзілген еді. Бұл күнге шейін басылып шығып жарық көре алмады. Бұл айып менікі емес, бүлінген замандікі.

Кітапты бір орыс кітабынан тура тәржіма деуге болмайды. Алдыма бір кітапты жайып қойып, бұрылмастан желе бергенім жоқ. Тәрбие ғалымдарының пікірлерін таңдап алуға ұмтылдым. Шамасы келгенше қазақ қанына қабыстыруға тырыстым (Көп пайдаланылған Рубинштейн, Скворцов, Смирновтардың педагогика туралы еңбектері).

Бізде бұрын жасалған пән тілі болмағандықтан, түрлі терминдерге тап басқандай қазақша сөз табу көп күшке тиді. Қалайда курстарда оқыған мұғалімдердің жәрдемімен таза орыс сөздері қазақшаға айналдырылды. Ал енді жиһан тілі болып кеткен шет сөздерді қазақшаға аударам деп азаптануды тиісті таппадым.

Мен педагогика майданында бәйгі алып жүрген жүйрік емеспін. Кітаптың құрылысында, тілінде, түрлі ат қоюда, хатта, кітаптың жалпы негізінде көп кемшіліктер болуға мүмкін. Мұғалімдер тексеріп оқып, қате жерлерін көрсетсе, сансыз рахмет айтар едім.

Мағжан Жұмабаев

1922 жыл, 15 сентябрь, Қызылжар.

ЖАЛПЫ ПЕДАГОГИКА

Жетекші сөз

Тәрбие деген не?

Тәрбие кең мағынасымен алғанда, қандайда болса бір жан иесіне тиісті азық беріп, сол жан иесінің дұрыс өсуіне көмек көрсету деген сөз. Ал енді адамзат туралы айтылғанда, адамның баласын, кәміл жасқа толып, өзіне-өзі қожа болғанша, тиісті азық беріп, өсіру деген мағынада жүргізіледі.

(Адамзат дене һәм жан аталған екі бөлімнен тұрғандықтан, бұл екі бөлімнің соңғысы, яғни жан, адамзат үшін аса қадірлі болғандықтан, дұрысын айтқанда адамға шын мағынасымен «адам» деген атты осы жан ғана беретіндіктен, адам баласын тәрбие қылу дегенде, әрине, адам баласының әсіресе, жанын тәрбие қылу керек деп ұғу керек).

Жер жүзіндегі басқа жан иелерімен салыстырғанда, адам баласы туғанда өте әлсіз, зағып, осал болып туады. Малдың төлі туа сала аяқтанады. Тауықтың балапаны жұмыртқадан жарылысымен жүгіріп кетеді. Ал адам баласы туғанда іңгәлаған айғайы мол бір кесек ет. Ақылы, есі жоқ. Денесі тым әлсіз. Өсуі, ұлғаюы тым сараң, тым шабан. Мінеки адам баласы осылай өте әлсіз боп туып, аса сараң өсетіндігінен, оның денесіне, жанына азық беріп, өсуіне көмек көрсетпей, яғни оны тәрбие қылмай болмайды.

Тәрбие бөлімдері

Тәрбие төрт түрлі: дене тәрбиесі, ақыл тәрбиесі, сұлулық тәрбиесі һәм құлық тәрбиесі. Егерде адам баласына осы төрт тәрбие тегіс берілсе, оның тәрбиесі түгел болғаны. Егерде ол жөпшенді ыстық, суық, аштық, жалаңаштық, сықылды тұрмыста жиі ұшырайтын көріністерді елемейтін мықты, берік денелі болса, түзу ойлайтын, дұрыс шешетін, дәл табатын дұрыс ақылды болса, сұлу сөз, нәзік үн, әдемі түрден ләззат алып, жаны толқынданарлық болса, жамандықтан жаны жиреніп, жақсылықты жаны тілеп тұратын құлықты болса, міне осындай болғанда адам баласының дұрыс тәрбие алып, шын адам болғандығы. Балам адам болсын деген ата-ана осы төрт тәрбиені дұрыс орындасын. Бала ауру не зағып болса, баладан емес, тәрбиешіден. Бала тар ойлы, ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі. Бала сұлулықтан ләззат ала білмейтін мақау жанды болса, бала айыпты емес, тәрбиеші жазалы. «Бала істеген жауыздықтың жазасын тәрбиеші көтерсін» деген иран елінің мәтелі - шын дұрыс мәтел.

Тәрбиеден мақсұт

Тәрбиеден мақсұт адамды, һәм сол адамның ұлтын, асса барлық адамзат дүниесін бақытты қылу. Ұлт мүшесі әрбір адам бақытты болса, ұлт бақытты, адамзат дүниесінің мүшесі әрбір ұлт бақытты болса, адамзат дүниесі бақытты. Қысқасын айтқанда, тәрбиедегі мақсұт "адам" деген атты құр жала қылып жапсырмай, шын мағынасымен адам қылып шығару.

Педагогика қандай пән?

Біз жоғарыда адам баласының тәрбиеге мұқтаж екендігін, оған қандай тәрбие беру керектігін, һәм ол тәрбиені не үшін беру керек екендігін айттық. Жә, тәрбие керек. Бірақ, балаға дұрыс тәрбиені әрбір тәрбиеші (ата-ана, мұғалім) тәрбие жолын ешкімнен үйренбей-ақ, ешнәрсені оқып-білмей-ақ өз бетімен бере ала ма? Әркім өзі-ақ жол тауып кеткендей бала тәрбиесі соншама бір жеңіл нәрсе ме? Жоқ. Бұлай емес. Бала тәрбиесі бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер. Баланы дұрыс тәрбие қылу үшін әркімнің өз тәжірибесі жетпейді. Басқа адамдардың тәжірибесімен танысу керек. Сол басқа адамдардың тәрбие майданындағы тәжірибелерін көрсеткен жеке бір пәнмен, яғни тәрбие пәнімен таныс болу керек. Тәрбие пәні - педагогика деп аталады.

Педагогика грек елінің сөзі. Пед – бала, агоги – жетектеу деген екі сөзден құралған. Баяғы Грецияда балаларды бағып, мектепке алып келіп жүретін кәрі құлдар педагог деп аталған. Педагог деген аттың бұрын мақтаулы болмағандығы осыдан көрінеді. Бірақ соңғы заманда пән, ғылым өсіп адамзат өнерленген сайын педагог деген есім қадірлі, қасиетті болып барады.

Педагогикамен жақсы таныс болудың керектігі

Балаға тәрбие бергенде әрбір тәрбиешінің алдымен қолданатын жолы — өз тәжірибесі. Яғни бала күнде өзі қандай тәрбие алған, һәм баланы бұрын өзі қалай тәрбие қылған. Міне, осы жолмен жүреді. Әрине, бұл жолды тіпті қисық жол деуге болмайды. Қисық болу былай тұрсын, тәрбие туралы әрбір тәрбиешінің өз тәрбиесі - аса қымбат нәрсе. Адамның өз тәжірибесі - жүріп кеткен жолы. Ол жолдың жақсы-жаман жағы көз алдында сайрап тұр. Істегеннен көрген анық. Көргеннен бастан кешкен анық. Бірақ бұл әркімнің өз тәжірибесі қанша қымбат болғанмен, қатесіз жол деуге болмайды. Бір адамның тәжірибесі тым тар, тым бірбеткей тәжірибе. Тәрбиешінің өзіне қолайлы болған жол тәрбие қылатын балаға қолайлы болмасқа мүмкін. Тәрбиеден мақсұт — баланы тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығару емес. Келешек өз заманына лайық қылып шығару ғой. «Балаңды өзімдей бол деп үйретпе, өзімдей болма деп үйрет!» деген Әзірет Әлінің сөзінде көп шындық бар. Бұл – бір.

Екінші, әрбір тәрбиешінің қолданатын жолы — ұлт тәрбиесі. Әрбір ұлттың бала тәрбие қылуы туралы ескіден қалып келе жатқан жеке-жеке жолы бар. Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтай жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші, сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиісті. Және әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында, өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті. Бірақ, ұлт тәрбиесін, ұлттың тәрбие жолында ұстаған жолын түгелімен дұрыс деуге болмайды. Ұлт тәрбиесінің жақсылық жағы көп болған сықылды, жамандық жағы да көп. Талай нашар, зиянды әдеттер әрбір ұлт тәрбиесі ішінде толып жатыр. Баяғыдан бергі ұлт тәрбиесінің ішінде ұнамсыз, зиянды әдет, жол-жоралар толып жатқан ұлттың біреуі - біздің қазақ. Қысқасы, ұлт тәрбиесі қанша қадірлі, керек жол болғанмен, адастырмайтын дұрыс жол деуге бола бермейді.

Жоғарыда айтқаннан көрінеді, балаға шын дұрыс тәрбие беру үшін, тәрбиешінің өз тәжірибесі, һәм ұлт тәрбиесімен таныс болуы жетпейді екен. Бұлар - бірбеткей шикі тәжірибелер. Бұлар сыннан өткізіліп, пісірмеген күйде берік негіз бола алмайды. Бұлардың арасынан жақсы-жаманын, алтын мен мысын тізіп ала білу үшін тәрбие майданында шабылып ысылған тарландардың тәжірибелерімен, түрлі ұлттан түрлі заманда шыққан тәрбие ғалымдарының ойларымен, қысқасы, тәрбие туралы дұрыс жолға түсіретін шын тәрбие дәнімен, яғни педагогикамен жақсы таныс болу керек.

Педагогикаға жәрдемші пәндер

Педагогика адамның денесін, һәм жанын дұрыс тәрбие қылу жолдарын ізденетін пән болғандықтан, педагогика пәнімен дұрыс пайдалана білу үшін, екінші түрлі айтқанда, адамды дұрыс тәрбие қыла білу үшін адамның денесі, һәм жанының жайын кеңес қылатын басқа пәндермен таныс болуға тиісті. Бұл пәндер төмендегілер.

Дене туралы пәндер:

Анатомия. Адам денесінің құрылысын баяндайды (Денеде қандай мүше бар, жаратылысы қандай).

Физиология. Адам денесінде болатын көріністерді баяндайды (тұру, жүру, демалу сықылды).

Гигиена. Саулықты сақтау пәні.

Гимнастика. Саулықты бекіту үшін түрлі дене қозғалысы туралы.

Жан туралы пәндер:

Психология. Адамның жанының жайын, жан тұрмысын, жан көріністерін, жан күштерін, ақыл-ойдың жайын баяндайтын пән.

Логика. Дұрыс ойлау жолдарын көрсететін пән.

Этика. Құлық туралы пән. Яғни адамшылық не? Осыны баяндайды.

Педагогикаға тағы бір керекті пән

Педагогика тарихы. Түрлі заманда түрлі тәрбиеге адамзат қалай қараған, қандай жолдармен жүрген, тәрбие дүниесінде қандай білімпаздар өткен, олар қандай жаңа жолдар тапқан. Міне, педагогика тарихы осыларды баяндайды.

Педагогика бөлімдері

Педагогика пәні беске бөлінеді:

1) Жалпы педагогика. Адамның дене, һәм жан күштерін, тәрбие жолдарын көрсетеді.

2) Дидактика. Оқытудың негізгі жолдарын керсетеді.

3) Методика. Оқытудың негізгі жолдарына негіздеп белгілі бір пәнді қалай оқыту жолын көрсетеді. Мысалы, мектепте қазақ тілін қай жолмен оқыту керек екендігін үйрететін пән қазақ тілінің методикасы деп аталады.

4) Мектепті басқару. Бұл пән мектеп қалай салынуға, қалай ұсталуға тиісті, сыныптарға шәкірттерді қалай бөлу керек, оқу пәнін қалай белгілеу керек, міне, осылар сықылды мектеп құрылысы жұмыстарын көрсетеді.

5) Педагогика тарихы. Бұл пәннің не нәрсені кеңес қылатындығы жоғарыда айтылды.

Жалпы педагогика

Жалпы педагогика екі нәрсе жайынан сөйлейді: 1) Дене тәрбиесі 2) Жан тәрбиесі

Дене тәрбиесі

Жаңа туған бала бір кесек ет қана деуге болады. Оның жан тұрмысы әлі білінбейді. Сондықтан ата-ана жас баланы тәрбие қылғанда күшінің көбін баланың дене тәрбиесіне жұмсауға міндетті. Дене тәрбиесіне жеңіл қарауға болмайды. Жан дұрыс тәрбие қылынса болады, дененің қанша керегі бар деп ойлау дұрыс емес. Дене - жанның кабы. Қап берік болса, ішіндегі зат та берік болмақ. Дене - жанның құралы. Құрал мықты болса иесі де мықты. «Сау жан сау денеде ғана болады» деген адамзат дүниесінің ескі мәтелі - шын дұрыс мәтел.

Жаңа туған баланы тәрбиелегенде тәрбиеші төмендегі нәрселерді білуге, һәм істеуге тиіс.

Өлшеу. Егерде сау болса, жаңа туған баланың салмағы 8 қадақ шамасында болады. Нашар, ауру бала 6 қадақ шамасында, нағыз сау, таза бала 10-11 қадақ шамасында салмақты болады. Бастапқы 2-4 күн ішінде түрлі себептерден баланың туғандағы салмағынан 1/2 - 3/4 - қадақ шамасында кемиді. Мұнан соң бірте-бірте салмағы арта бастайды. 7-10 күнде туғандағы салмағына қайта түседі. Айдың аяғында, туғандағы салмағынан 1/3 артады. Мұнан соң салмақ арту шабандай береді. Екінші жыл бойына бастапқы салмағының 1/5, үшінші жыл бойына 1/10, ал енді төрт жастан онға шейін жылына 4-5 қадақтан артып отырады.

Бала сау болып туды ма, ауру болып туды ма, сау болып өсіп келе ме, жоқ ауруға айналды ма - осыларды дұрыс біліп отыру үшін жоғарғы мөлшер бойынша баланы өлшеп отыру керек. Бастапқы айда күн сайын, мұнан соң жыл толғанша жетіде екі-үш рет, екінші жылда жетіде бір, үшінші жылда айында бір өлшеп отыру мақұл.

“Баламды безбенге сал” деп айттың деп қазақтың ыршып кетуінде сөз бар ма?! Тәрбиенің басқа түрлерін ести келе, адуын әжелер ыршымақ түгіл сөгіп тастар. Әйткенменен, амал қанша, көтерерміз. Мойнымыз жуан болғанмен, өзіміз жуаспыз. Біздің бар тілегіміз ыршыса ыршысын, ұрысса ұрыссын, тек біздің айтқанымызды естісе екен. Қайткенмен де біреу болмаса біреу, жүздерін болмаса да мыңнан біреу осы педагогика көрсеткен жолмен жүрер деп сенеміз. Біз өзімізді ақынның:

Сөзімді біреу алмас, біреу алар,
Құлағын біреу салмас, біреу салар.
Дүниеде сүйгенім бар, күйгенім бар,
Солардан аз да болса белгі қалар, –

деген сөзімен жұбатамыз.

Жылылық. Баланың да, жеткен адамның да өлшеулі жылылығы (Цельсий бойынша) 37 – 37.5 градус болады. Бірақ, жаңа туған бала денесінің жылылығы бастапқы күндерде түрлі себептерден мынау өлшеуден 2-3 градус кем болады. Әйткенмен де ұзамайды, бұрынғы қалпына түседі. Және баланың да, жеткен адамның да жылылығы бір тәулік ішінде бір қалыпта тұрмайды. Біресе өлшеуден асып кетеді, біресе төмен түседі. Жылылықтың төмендейтін уақыты – таңертең. Жоғарылайтын уақыты кеш. Дене жылылығы “термометр” деген бір құралмен өлшенеді. Осы құралмен баланың денесін күнде өлшеп тұру керек. Жылылық белгілі өлшемде тұрса, баланың сау болғаны, не жоғарылап, не төмендеп кеткен болса, баланың ауру болғаны. Жылылық өлшеніп отырылса, келе жатқан науқастың алдын алуға болады. Болмаса, науқас билеп алып, баланы қолды-аяққа тұрғызбай шыңғыртқанда, оның науқас екенін білу, көбінесе пайдасыз болып шығады.

Дем алу. Жаңа туған бала бір минутта 44-40 рет дем алады. Мұнан соң бірінші жыл бойынша 40-35 рет, екінші жылда 28, үшінші жылында 25 рет, сөйтіп кеми-кеми, 15 жаста бір минутта 20-17 рет дем алатын болады. Міне, дем алудың осы мөлшерден кем немесе артық болуы баланың сау болмауын көрсетеді. Баланың дем алуын ояу отырғанда санау қиын. Ойнап, қозғалып отырғанда дем алуды мөлшерден арттырып жібереді. Дұрысы, ұйықтап жатқанда санау.

Тамыр соғу. Жаңа туған баланың тамыры бір минутта 150 рет соғады. Екі жасар баланың тамыры 120-ға шейін соғады. Жеткен адамның тамырының соғуы бір минутта 70-65-тен аспайды. Бала ояу отырғанда, әсіресе, жылағанда тамыр соғуы жиілеп кетеді. Мұндайда мөлшерлі соғудан 20-25 рет артық соғады. Баланың тамырын бала ұйықтап жатқанда байқау керек. Сонда белгілі мөлшерден тамыры артық я кем соқса, баланың сау болмағаны. Тамырын ұстау арқылы бір адамның ауру-сау екені білінетін болса, тамыршылық деген әулиелік емес екені өзінен-өзі көрініп тұр.

Бірақ надандыққа не шара, біздің надан еліміз тамыршыны жынымен сөйлесіп, күбірлесіп, тәңірімен тілдесіп отыр деп біледі.

Бала бөлмесі. Мынау сөзді оқығанда “атыңның басы тиіп, жорғасы қалып па?” дегендей, қазақтың өзіне үй бітіп, баласының жорғасы қалып па деп күліп кекетуші де табылар. Шынын айтқанда, қазақта үй дерлік үй бар ма? Жоқ. Өнерлі ауылдың адамы түгіл малы да жатпайтын бір былық қора.

Қазақтың қысқы үйінің көбі жермен-жексен болып жатқан шымнан жасалған бір қуыс. Терезе деген тышқанның көзіндей ғана бір тесік. Есіктен, тесіктен, үстінен аңырап тұрған суық. Желдің жыбыр-жыбыр сөйлегенін, дауыл, боранның адасқан аңдай ұлығанын естігің келсе, сорлы қазақтың қысқы үйіне кір. Шым қабырғадан, төбедегі сирек салынған сырғауылдың арасынан сорғалаған су. Жер әбден саз. Босағада қатар-қатар малдың төлі. Иіс-қоңыс, түтін. Егер қазақ жаз шығысымен мынау сасық үңгір зынданын тастап, киіз үйіне шықпаса, сөз жоқ, бірнеше жылдың ішінде қырылып бітер еді. Мінеки, жыл он екі ай ішінде сегіз-тоғыз ай қазақ тұратын үйдің түрі осы. Әрине, мұндай үйде тұрған қазаққа бала бөлмесі пәлендей болсын деп айту орынсыз болар еді. Бірақ біздің үмітіміз келешекте: сорлы қазақ мәңгі сасық үңгірде құрттап, шіріп жата бермес, тұрмысын түзетер деп сенеміз. Бізге жұбаныш ақынның әлгі өлеңі.

Сөзге келейік.

Бала бөлмесінің ішінде 6-5 куб сажын ауа болсын. Және ауа жиі-жиі жаңартылып тұрсын. Бала жатқан үйде кір жуу, кір кептіру, кірлеген киім тастау жарамайды. Себебі, кірдің кірі бу болып, ауа болып баланың ішіне кіріп, саулығына зиян келтіреді. Бала бөлмесінің жылылығын да бақылап тұру керек. Жаңа туған бала жатқан бөлменің жылылығын Рьюмер бойынша 17-18 градус, бір жеті мен алты жеті арасында 17-16 градус, мұнан соң 15-16 градус болуы тиіс. Қандай үйдің, әсіресе, бала бөлмесінің жарық болуы тым керек. Қараңғы үйде тәрбиеленген баланың өсуі шабан болады. Тамағы қанша жақсы болса да, зағып, нашар болып өседі. Сондықтан бала жатқан бөлменің жарығы мол болуы керек. Бөлменің жарығы мол болу үшін терезелері оңтүстік күн шығысқа, не оңтүстік күн батысқа қарауы шарт.

Терезелері тура оңтүстікке қараған бөлме қыстыгүні жарық, жылы болғанымен жаздыгүні ыстық, қапа болады. Ал енді терезелері солтүстікке – түн жаққа қараған бөлме қашан да қолайсыз. Сөз аяғында қазақтың үйінде бала өсіруі, асырауы туралы бір-екі ауыз сөз айтып өтейік.

Бала тәрбиелеу үшін киіз үйді аса қолайлы деуге болмайды. Аңғал-саңғал, ашық-тесік киіз үй баланың жел тиіп, суық тиіп ауру болуына көп себепші. Бірақ баланы киіз үйден біржола бездіріп кетуге орын жоқ. Киіз үйдің зиянды болғаны сықылды, пайдалы жағы да бар. Әңгіме сол киіз үйдің ішінде баланы ұстай білуде. Таза ауа сол киіз үйде болмағанда қайда болады? Тегінде жаратылыспен бауырласып құшақтасқан, алдындағы малымен бірге жүріп, бірге өскен қазақ баласын аса нәзік етіп, үлбіретіп тәрбие қылмағаны дұрыс болар еді. Бұл сөзбен мен балаңды баяғыдай “шалбардың ішіне салып асыра” дейін деп отырғаным жоқ. Ол заман озды ғой. Әйткенмен де қазақ баласының тәрбиесі қазақ тұрмысына қабысуы мақұл.

Баланың тамағы. Баланың жақсы өсуі үшін оның тамағы жақсы болуға тиіс. Тамақ баланың өсуіне қарай өзгеріп отыру керек. Бастапқы кезде балаға ең дұрыс тамақ – ананың сүті. Сүттің ішінде денеге керек заттардың бәрі бар. Ана сүті бала өскен сайын өзгеріп отырады. Ана бір себептерден баласын емізе алмайтын болса, әрине қолдан асырауға тура келеді.

Бірақ, емізуге мүмкін болғанда абзалы – ананың өзі емізу. Статистикалық санақ пәнінің көрсетуі бойынша ана сүтін емген жүз баладан 15-20-сы ғана өледі. Ал, қолдан асыраған жүз баладан бір жылда 65 бала өледі.

Қолдан асырау. Қолдан асырағанда балаға лайықты тамақ – ешкі сүті. Бұл болмаған күнде сиыр сүті. Бірақ сиыр сүтінде ақ (белковина) пен май көп, қант аз. Сондықтан сиыр сүтін сұйылту һәм тәттілеу керек. Жаңа туған балаға берілетін сиыр сүтіне үш есе су қосу керек. Мұнан соң 2-3 айға шейін бір бөлім сүт, екі бөлім су, 3 айдан 6 айға шейін екеуін де бірдей, ал тоғыз айдан былай таза сүттің өзін беріп отыру керек. Бір ішкізгеннен қалған сүтті екінші рет беруге жарамайды. Балаға беретін сүттің жылылығы адам денесінің жылылығындай болуы керек.

Сүтті тәттілеу үшін сүтке кәдімгі қант салу керек. Бір стакан сүтке бір бал қасық қант жетеді. Балаға берілетін сүт сау сиырдың жаңа туылған сүті болсын. Әр сиырдың сүтін бір бергеннен бір ғана сиырдың сүтін берген дұрыс. Сүт, ыдысы таза болсын һәм берілетін сүт қайнатылуға тиісті.

Емізік. Қолдан асырағанда балаға тамақ беру үшін қолайлы әдіс – емізік. Ішіндегі сүтін емізіп болған соң құр емізікті балаға сорғызып қою тіпті дұрыс емес. Біріншіден, баланың іші желге толып аурулы болуға себеп болады. Екіншіден, желімнен жасалған емшек баланың денесіне зиян келтіреді. Баласына құр емізікті сорғызып қойып, ауыл қыдырып өсек аңду анаға лайықты іс емес, баланы таба білсең, ерінбей дұрыс баға біл.

Аралас тамақтандыру. Анасы емізген бала біраз өскен соң анасының сүтінен басқа тамақ тілей бастайды. Ол уақытта ана сүтінен басқа тамақ бере бастауға мүмкін. Жай тамақты алты айсыз бере бастау дұрыс емес. Жай тамақты бергенде әуелі жеңілінен бастап, бірте-бірте ауырына көшу керек. Мысалы былай: сиыр сүті, бал қаймақ, ақ ірімшік, қатық (ащы қылып ұйытпау шартымен), қаймақ, жұмыртқа, сорпа.

Ал енді жас балаға (бір жасқа толған) май, нан, ет беру тіпті дұрыс емес. Қызыл иегімен қажалатқызып балаға нан беріп, ет беріп, сорғалатып май беріп қойған ана, баланың досы емес, қасы. Маған майлы бауырсақ, қазы, қарта бере көр дегенде баласына ет, нан шайнап беретін ана – ананың нағыз оңбағаны, барлық денесі, асқазаны тіпті нәзік баланың нан, май, ет жеп көтеретін қанша күші бар? Қазақ баласының ауру болуы, көбінесе осы талғамай тамақ жегеннен болады. “Ауру – астан” деген қазақ мақалынан айналып кетсең болмас па?

Тамақтандыру тәртібі. Баланы ананың өзі емізсе баланы белгілі бір тәртіппен тамақтандыру керек. Баланы ана емізген күнде емізу тәртібі былай: жаңа туған баланы күндіз 2-3 сағатта бір, түнде 3-4 сағатта бір емізу тиіс. Ал енді бала өскен сайын емізуді сиректете беру керек. Былайша бірінші айда тәулікте 8-9 рет, 4-айға шейін 7-8 рет, жарты жасқа шейін 7 рет, 9 айға шейін – 6 рет.

Түн – ұйқы уақыты. Сондықтан баланы түнде сирек емізуге әдеттендіру керек. Мысалы, 5 айлық баланы түнде бір емізу жетеді. Баланы қолдан тамақтандырғанда да тамақтандыру тәртібі осы. Бірақ қолдан тамақтандырғанда тамақ белгілі бір мөлшермен беріліп отыруға тиісті. Бала тамағының мөлшері баланың асқазанының зорлығына байлаулы. Жаңа туған баланың асқазанына бастапқы жетіде 3 қасық ас сыяды, екінші жетіде – 6 қасық, екінші айда – 9-10 қасық. Міне, осы асқазанның зораюына қарай балаға берілетін тамақ мөлшері де зорайып отыруға тиісті.

Балаға тамақты тәртіппен беру оның дұрыс өсуіне, аурулы болмауына, мінезінің дұрыс болуына да көп пайдасы бар. Балаға тамақ тәртіпсіз, ретсіз, былапыт берілсе, бала аурулы болады. Асқазаны бұзылады, ішкен-жеген тамағын сіңіре алмайды. Жер жүзінде балаға тәртіпсіз тамақ беретін әйел екеу болса, біреуі – қазақ әйелі. Бала ұйқысы қанып оянса да, бір жері ауырып, яки төсегі тынышсыз болып жыласа да, оны шешіп алып қарау жоқ, емшегін алып барып баланың аузына сала қояды. Түнде ың етсе, бесікті албастыдай басып отырып алады. Емшек – балада, ана – ұйқыда. Баланың аузынан емшегін алса, баланың қолына басқа бір тамағын ұстатады. Сорлы баланы бір минут тамақтан босату жоқ. Яки мынандай іс те болады.

Шеше не бір жұмыспен, не жай қыдырып кезіп кетеді, мана кеткен шеше әлі жоқ.

Ерте күн түс болды. Түс кеш болды. Бала аштан аш жатыр. Қарны ашады. Шырқырап, ішегі қатып, жылайды. Бишара бала жылап-жылап әлсіреп, талып барып ұйықтайды. Кешке келіп ұйқылы-ояу талып жатқан баланы көріп: «Құлынымның тамақ іздемей, жыламай, тәтті ғана ұйықтап жатқанын қарашы!» – дейтін шешеге не дерсің?

Қазақ қатыны! Өзіңде өзіңнің қастығың болмаса, баланың аузын астан алмай, аспен ұрып жығып, болмаса тамақ бермей, аштан қатырып, талдырып ұйықтатып бала асырауыңды қой. Тамақты беріп-беріп балаңды қарнын қапақтай, бұтын таяқтай көк қарын, ши борбай қылма. Балаңды аурулы қылма. Асты мезгіл-мезгіл беріп, тәртіпке үйрет. Тамақты тәртіппен берсең, балаңның дені сау болады. Құр ас иесі қомағай болмайды. Аузынан ас түспейтін мешкей болмайды. Тамақты тәртіппен ішіп үйренген баланың мінезі де дұрыс болады.

Емшектен айыру. Бала аурулы болмаса, бір жасқа толғанда ана сүтінен басқа ас ішіп, біраз тісі (8-12) шыққан болады. Міне, осы уақытта баланы емшектен айыру керек. Айырғанда күл, көмір сеуіп, насыбай жағып әурелемей-ақ, емізуді сиретіп, баланы бірте-бірте (3-6 жеті ішінде) бездіру керек. Ал енді кейбір қатындардың еркелеткеннің жөні осы екен деп, 5-6 жасар балаларын арда емізіп қоюлары тым-ақ ұнамсыз іс. Ұнамсыз ғана емес, балаға да, анаға да зиянды іс.

Екі жасар һәм үш жасар баланың тамағы. Екі жасар баланың денесі әжептәуір берік болады. Сондықтан бұл жаста балаға бірте-бірте ет, нан сықылды күшті ас беруге мүмкін. Ет бергенде жеңілінен бастау керек. Ешкі, қой, сиыр еті. Жылқы еті ауыр. Оны 2-3 жасар балаға бермеген дұрыс болар.

Баланың асқазанына лайық нан – бидай ұнынан пісірілген нан. Балаға май ішкізу тіпті дұрыс емес. Кәмпит, пряник, өрік, мейіз сықылды тәтті беруге де жарамайды. Бір жасқа толмаған бала түгіл, 2-3 жасар балаға да қымыз ішкізу мақұл емес. Қымыз баланың тынышын алып, мең-зең беймаза қылады. Екі-үш жасар балаға тәулікте төрт рет тамақ беру керек. Түнде емес, күндіз, төрт сағатта бір. Балаға тамақты бөлек үйде беру артық (дұрыс). Үлкен кісілермен бірге ішіп, бірге жесе, үлкендерді еліктеп, мөлшерден артық ас ішеді. Мұның зиян екені белгілі.

Баланы шомылдыру. Баланы шомылдыру оны кірден тазартады. Бойын жеңілдетеді, еңсесін көтереді.

Жаңа туған баланы шомылдыратын судың жылылығы үш айға дейін Рьюмер бойынша – 29 градус. Үшінші айдан жыл аяғына дейін 28 градус, екінші жылда 27 градус, мұнан былайғы жылдарда 26-25 градус болып, бала өскен сайын төмендей берсін. Ең төмендегенде 22 градустан кем болмауға тиісті. Жаңа туған баланы су ішінде 5 минут, ай жарымдық баланы 8 минут ұстау керек. Бұдан артық ұстауға болмайды. Бала әлсіреп қалады.

Әуелгі тоғыз күн ішінде тәулікте екі рет, ай жарымға дейін бір рет, 6 айға дейін жетіде 3-2 рет, екі жастан соң жетіде бір шомылдырып отыру керек. Баланы тамақ берердің, ұйықтаудың алдында шомылдыру артық. Баланы шомылдыратын үйдің жылылығы 17-18 градустан жоғарырақ болсын.

Баланы шомылдырып болған соң, әсіресе, қолтықтарын, мойнын, шабын жақсылап қарау керек. Көзін, құлағын, басын таза ұстау керек. Былық қолыңмен баланың көзін тазалаушы болма. Неше түрлі көз ауруы осыдан болады. Тамақ бергеннен кейін баланың аузын тазалап отыру керек. Таза шүберекті қайнаған суға малып, шынаяққа орап тазарт. Есін білген баланы ас ішкеннен кейін аузын шайқауға үйрету керек. Аузы иісті болмайды, тісі бұзылмайды. Пісуіне, шынығуына тұзды судың пайдасы бар. Ал енді, баланы маймен сылау тіпті де дұрыс емес. Май терінің тесіктерін бітеп тастайды. Еңсені көтертпейді. Ауырайтады, кірлетеді, терлетеді. Баланы “өс, өс, өс!” деп денесінің құрыс-тырысын жазу аса теріс болмас. Бірақ еп керек. “Өс, өс, өс!” деп баланың бір жерін шығарып алып жүрме.

Киім. Баланың дұрыс өсуінің негізгі бір шарты киімнің дұрыс болуы. Баланы желге, күнге тигізбеймін деп орап, шымқап, үлбіретіп өсірудің де қажеті жоқ. Бұлай өскен бала аурымпаз болады. Шынықтырамын, денесін берік қыламын деп, жалаңаш-жалпы ұстау да жарамайды. Шынықтырамын деп жүріп, ауруға шалдықтырып, жазатайым өлтіріп алуы да мүмкін. Киім дененің жылылығын сыртқа, сырттың суығын денеге жібермейтіндей болуы керек. Сондықтан да, бала киімі жұмсақ, жеңіл нәрседен тігілуі қажет.

Бала киімін үлкен кісілер киімімен бірге жууға жарамайды. Үлкен кісі киімінен бала киіміне бір нәрсе жұғуға мүмкін. Жеткен адам денесіне зиян келтірмеген нәрсе жас баланың денесіне зиян келтіруі оп-оңай. Баланың киімі қолпылдаған кең, денені қысып тұрғандай тар да болмасын, шақ болсын. Балаға биік өкшелі етік кигізу, белін белбеумен қысып тастау жарамайды. Жалпы айтқанда, бала киімі әдемі болсын деп емес, ыңғайлы болсын деп білу керек.

Бөлеу һәм бесік. Педагогика ғалымдары бала бөлеуге атымен қарсы. Баланың дұрыс өсуіне, қаны жүруіне, асы сіңуіне кесел деп көп дәлелдер көрсетеді. Бұл дәлелдердің салмақты екендігіне талас жоқ. Бірақ қазақ тұрмысы көзінен қарағанда бөлеуден безуге бола қоймас. Көшпелі абыр-сабыр тұрмыста бөлеудің пайдасы да болып шығар. Әңгіме бөлей білуде. Тас қылып бөлеп тастасаң, қанын тоқтатпақ түгіл, жанын да шығарып аларсың. Саулығына зиян келтірмей бөлеу туралы ой жүгірту үшін бесік хақында сөз қозғамай болмайды.

Қазақ бесігі – аса ұсталықпен жасалған нәрсе. Жөргегі, тартпалары, астындағы тесігі, шүмегі, түбегімен баланың таза, жинақ жатуына көп себепші. Бірақ әңгіме мұнда, осы бесікке баланы қалай бөлеу керек. Қазақ қатыны баланы жөргекке орап, бесікке екі жерден кеудеден бір, аяқ үстінен бір тас қылып таңып тастайды. Бұлай таңып тастау, әрине, балаға зиянды. Баланы бесікке бөлейтін болсақ, осы зияннан қалай құтыламыз?

Маған мынадай бір ой келді, баланы екі жерден қысып, қан жүруіне кесел қылмас үшін, тартпаны кеңейту жолын қарастыру керек. Менің ойымша тартпаны екеу қылмай, біреу қылсақ. Біреу қылғанда, баланың мойнынан аяғына жететіндей қылсақ. Енді тартпа демей-ақ жабу дейік. Жабу бесіктің бір жағына, айталық, 6-7 баумен байланған болса, баланы жөргегімен орап, төсегіне салып, әлгі жабуды жаппай жауып, бесіктің екінші жағынан алып келіп, тағы 6-7 баумен байласақ. Міне, осындай жабумен таңылса, аса зиянды болмас еді. Бұл бір – тәжірибе көрмеген ой. Мүмкін, қате болуға. Мен үшін емес, баласын дұрыс тәрбие қылу үшін ата-ана осы ойды бір тәжірибе қылып көрсе, игі болар еді.

Жә, баланы бесікке бөлеуді мақұлдадық. Қалай бөлеу туралы да ой жүгірттік. Енді тербетуге келейік.

Күн батып барады. Үй іші қара көлеңке. Қыс болса, сасық үңгірдің ішінде терезе аталған тесіктерден суық жел азынап кіріп, аш аңдай ұлып тұр. Жаз болса, туырлықтың етегінен, шидің арасынан жыландай жүз бұралып, қоңыр жел кіріп, жолдасын жоғалтқан жандай мұңды, зарлы бір қоңыр әнге басады. Үйдің бір босағасында бесік тұр. Ішінде бөлеулі бала жатыр. Жылап-жылап шаршаған. Енді айқай салып жылауға шамасы жоқ. Әлсіз ғана ыңыранады. Бесік жанында баланың анасы жоқ. Әлдеқайда кеткен. Мал жайлап, шаруа қылып жүр ме? Әлде көрші үйдің қатынымен басын шұлғи-шұлғи бір қысыр кеңесте отыр ма? Кім білсін, бесік жанында көзі көрдей сұп-сұр бір кемпір отыр. Құрысқан қолы бесіктің арқалығында. Салмақпен бесікті тербетеді. Бала ыңыранады, бесік күңіренеді, кемпір де күңіренеді.

Әлди-әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат бөпем.
Жылама, бөпем, жылама,
Жілік шағып берейін,
Байқұтанның құйрығын,
Жіпке тағып берейін…
Әлди-әлди, әлди-ай… –деп күңіренеді кемпір. Кемпірде талу жоқ. Тербетеді, күңіренеді, тербетеді.

Баланың ыңылы баяулап келеді. Басылды. Бала ұйықтады. Кемпір күңіренеді. Болмаса сол кеште, бос үйде бесіктің жанына жас баланың жеті жасар апасын отырғыз. Жел жылайды, бесіктегі бір жасар да жылайды. Жанында отырған жеті жасар да жылайды. Бос үйде дауыс шығарып, қорқуын азайту үшін бесікті тарсылдатып тұрып тербетеді. Әлде не уақытта бала ұйықтайды. Бесік жанында өксігін баса алмай апасы әлі отыр.

Не болмаса, мынадай картинаны көз алдыңа алып кел. Түн. Бала бесікте бөлеулі жатыр. Жанындағы төсектегі шешесі қалың көрпені жамылып шырт ұйқыда. Қарны ашты ма, тоңды ма, төсегі тынышсыз болды ма, бір мезгілде бала оянып жылайды. Бастап ақырын жылайды. Елең де қылған ана жоқ. Дауысты молайтыңқырайды, оянған ана жоқ. Шыр-пыры шығып, пырылдап, ішегі түйіліп жылайды. Ыңырана түсіп шеше оянады. Бастап тербетіп ақырын қозғайды. Оған бала уанбайды, «тұрмадың» деп ашуланғандай айқайын үдете түседі. Үй ішінде жел долданады, шеше де долданады. «Өй, көгала келсін, шешек шықсын», - дейді шеше. Тарс-тұрс, тарс-тұрс тербетеді. Баланың айғайын бесіктің тарсылы жеңеді. Әлде не уақытта бала ұйықтайды. Баласын күбірлеп қарғай-қарғай қорылдап, ұйқыға кетеді шеше. (Әрине, қазақ қатынының көбі мұндай емес қой. Бірақ көбі осындай десек, аса адаспаймыз. Пысық, сергек, бала қадірін білетін аналардан мына сөзіме кешірім сұраймын.)

Жә, күңірене-күңірене баланың әжесі ұйықтайды. Жылай-жылай бала ұйықтайды. Қарғай-қарғай баланы, ана ұйықтайды. Баланың осы ұйқысы сау ұйқы ма? Шын ұйқы ма? Жоқ.

Бұл дұрыс ұйқы емес. Бұл ұйықтату емес, шайқап-шайқап баланың басын айналдыру, естен тандыру.

Тербетіп ұйықтату – баланы талдырып ұйықтату деген сөз. Тербетіліп ұйықтатылған бала ұйықтап жатқан жоқ. Талып жатыр. Өзіңді бір нәрсеге тас қылып байлап тұрып, ерсіл-қарсыл шайқап-шайқап тербетіп-тербетіп талдырып тастаса, жақсы болар ма? Қазақ әйелі! Балаңда қасың болмаса, тербетпе баланы. Бесік – баланың жататын орны. Естен тандырып, талдыратын орны емес. Осыны ұғыну керек, ұғу керек.

Ұйқы. Ұйқысы тыныш болу үшін баланы көзді шағылыстыратын жарығы жоқ, құлақты жаратын айғайы жоқ жерде ұйықтату керек. Әсіресе кенет айқай болмасын. Баланың тыныш ұйықтауына себеп болатын бір нәрсе – баланы белгілі бір уақытта ұйықтату. Және баланы жаратылыстың өзі ұйқы үшін белгілеген уақытында яғни түнде ұйықтату керек. Баланы түнде ұзақ ояу отырғызу дұрыс емес. Баланы тамақ берісімен ұйықтату тіпті жөнге келмейді. Ұйқысы тынышсыз болады, һәм саулыққа зиян. Тамаққа тоя сала ұйықтату – біздің жалпы зиянды әдетіміз. Ұйықтағанда дененің, мүшенің бәрі демалатын, тыншығатын уақытта, асқазанға сен тынықпа, мынау жеп-ішкеніңнің бәрін сен қайнатып денеңе сіңіріп қой деу тіпті жөнге келмейтін бір зорлық емес пе? Ол сорлы қайтсін, бұл қызметті атқара алмайды. Міне, осындайдан асқазан бұзылып, адамда неше түрлі аурулар пайда болады.

Жас бала тіпті көп ұйықтайды. Жаңа туған бала ұйқыдан тамақ үшін ғана оянады. 24 сағат бір тәуліктің 20 сағатын ұйқымен оздырады.

Бала жарты жас шамасында әжептәуір уақыт ояу отырады. Әйткенмен де екі жасқа қарағанша ояуынан ұйқысы көп болады. 2–3 жасар бала күндіз 1–3 сағат, түнде 9–12 сағат, 4–5 жасар бала күндіз сирек ұйықтағанымен, түнде 10–11 сағат ұйықтайды. 6–7 жасар бала 8–10 сағат, 12–13 жасар бала 8–9 сағат ұйықтайды. Жеткен адамға 6–7 сағаттан артық ұйқы дұрыс емес.

Қозғалуы. Адам денесі қозғалуды тілейді. Адам неғұрым жас болса, солғұрлы қозғалуды көп тілейді. Екі жасар дені сау бала бір минут тыныш отыра алмайды. Күні бойы шаршау білмей, ойнайды да жүгіреді. Бала жүре бастамаған күнде де тек отырмай, аяқ-қолын шолтаңдатып отырады. Бірақ бастапқы кездегі баланың қозғалуы оймен, тілеумен қозғалу емес, «рефлекс» бойынша соқыр қозғалу. 5–6 айдан былай бала маңайындағы нәрселерді ұстауға, қолына алып ойнауға өзі тілей бастайды. Міне, бала қозғалуды өзі тілей бастаған кезде ана оған түрлі жеңіл ойын көрсетіп, көмекші болу керек.

Бірақ көмекші боламын деп қозғалуға шамасы жоқ баланы зорлықпен қозғалуға үйрету дұрыс емес. Жаңа туған бала басын һәм барлық денесін билей алмайды, оның шамасының келетіні – жату. Бала төрт ай толмай басын билей алмайды, жеті-сегіз ай толмай еркін отыра алмайды. Сондықтан 4 айға толмаған баланы жатқан орнынан көп қозғай беру жарамайды.

Тегінде, баланы өзінің отыруға шамасы келмейтін кезде еріксіз отырғызу қате. Бала бүкір болып калуға ықтимал.

Жас баланы көтеру де дұрыс емес. Денесіне зиян келеді, бұл – бір. Екінші, көтеріп үйрету ата-анаға бір пәле ғой. Аяғы бар, тілі бар дардай баланың «Апа, көтер, әке, көтер» деп мазаны алуы ұнамды ма?.. Жас баланы арбаға салып сүйреу – қазақтың бір қате жұмысы. Тақтай арбаның ішіне жаман көрпеге оратқызып, баланы салып алып, 6–7 жасар балалар: «Мен ағамның қара кер атынша шабамын» деп тұрып арбаны дүрілдеткенде баланың не жаны қалады? Үлбіреген жас денеге зиян келетін болған соң, аман жаннан не пайда? Баланы еңбектеуден тыюға дұрыс емес. Еңбектесін, қозғалсын, жас күшін жұмсай берсін. Бірақ бала еңбектейтін жер таза, тегіс болсын, мүмкін болғанда тегіс жерге кілем төселген болсын. Қазақтың еңбектеген баласының күні қараң ғой. Ол баланы қараушы болмайды. Бала еңбектеп от орнына барып күйіп қала ма, күл, көмір жей ме, нәжіске былғана ма, сызға, сазға отыра ма, оны бақылаушы жоқ. Үсті-басы күл, топырақ, үрпиіп ылғи сызда, сазда отырады. Баланың неше түрлі ауру болатындығы осы сыз өтуден. Сызда, былық жерде асыралса, мал баласы да оңбайды ғой. Адам баласы мал баласы емес, баланы жақсылап бағу керек. Баланы қолынан ұстап тәй-тәй қылуды дұрыс деуге болмайды. Денесінің бір жеріне зиян келтіруге мүмкін. Кейбір ата-ана баланың тәй-тәй болғанын қызық көріп, тәй-тәй болғысы келмей орнынан тұрмай отырған баланы еріксіз тұрғызып тәй-тәй қылады. Бұл істері, әрине, қате. Балаға итарба жасап беру дұрыс емес демейміз. Бірақ итарбамен зорлап жүргізбе дейміз. Жағалағысы келгенде үстелді бала өзі-ақ жағалайды ғой. Итарба да баланың жанында жай тұрсын. Жүргісі келсе бала өзі де жүреді. Шеше бірақ байқап отырып, баланы арбаға дұрыс ұстатқызып жіберсін. Тоғыз ай мен он алты ай арасында бала жүруге үйренеді. Есте болу керек, баланың мешел болуы тәй-тәй кеш болғандықтан, итарбасы болмағандықтан емес, аурулы болғандықтан. Балам мешел болмасын десең, балаңды дұрыс күт...

Серуен. Ылғи үйде, нашар ауада бала құп-қу, нашар, меңіреу болады. Сондықтан баланы күн сайын таза ауаға серуенге шығарып тұру керек. Киіз үй ашық ауамен бірдей. Киіз үйдегі баланы шығарсаң да бір, шығармасаң да бір. Ал еңді қазақтың «қысқы үй» деп аталған үңгіріндегі баланы әлсін-әлсін серуенге шығарып тұрмай болмайды.

Үй саулыққа дұрыс салынған болса да, баланы серуенге шығарып тұру керек. Себебі үйдің ауасы бұзылып отырады. Алты ай толмаған баланы қыстыгүні серуенге шығару жарамайды. Баланың саулығы нашар болса, доқтырлар бір жасқа толмай қыстыгүні шығаруға қоспайды. Күзгі, жазғы 2 градустық салқында бір жылдық баланы күн сайын 15–20 минут серуенге шығаруға болады. Ал енді 2 жастан былай баланы күн сайын кем дегенде 15–20 минут серуенге шығарып отыру керек. Жаңа оянған яки шомылдырылған баланы су жаялықпен серуенге шығару дұрыс емес, серуенге шығаруға нағыз қолайлы уақыт – түстен кейінгі 2–4 сағат арасы.

Тісеу. Тісеу – баланың дене тұрмысында зор өзгеріс. Жас иекті жарып бірінші тісі 6–8 ай арасында шығады. Иекте тамыр көп болғандықтан, тісей бастағанда бала әжептәуір ауырады. Ұйқысы тынышсыз, бас-аяғы ыстық болады. Аузынан сілекей шұбырады. Бала әлсін-әлсін қолын аузына сала береді. Мұндай уақытта баланы таза ауа, серуенге жиі шығару керек. Жылы суға жиі-жиі шомылдыру керек. Балаға тісі төмендегі ретпен шығады. Тісі төрт түрге бөлінеді.

Бірінші түр – күрек тіс. Саны 8 болады. 5–12 ай арасында шығады. Екінші түр – ит азу. Саны – төрт. 12–16 ай арасында шығады. Үшінші түр – ас азу. Саны – 4, 17–20 ай арасында шығады. Төртінші түр – түпкі азу. Саны – 4, 20–24 ай арасында шығады. Міне, осымен баланың 20 сүт тісі болған болды. 7 жаста бұл сүт тісі түсе бастап, 7–11 жас арасында балаға дәйімгі тісі шығады. Яғни жаңағы айтылған – 20 тісі түсіп қайта шығып, олардың үстіне тағы азу қосылады. 12 жаста тағы төрт азу шығады. Сөйтіп, дәйімгі тістің саны 28-ге толады. 22–25 жас арасында төрт азу шығады. Мұны ақыл азуы дейді.

Баланың сүт тісі өте нәзік болады. Ыстық та, суық та жарамайды. Қатты асты шайнай алмайды һәм бұзылымпаз келеді. Сондықтан баланың тістерін таза ұстау керек. 3 жастан былай тамақ берген сайын баланың аузын жуып отыру керек. Тісті жаман бұзатын нәрсе – тәтті. Жас балаға тәтті беруге жарамайды. Біраз өскен соң беруге мүмкін, бірақ аз һәм сирек беру керек.

Жан тәрбиесі

Бастапқы кезде жөпшенді білінбейтін баланың жан тұрмысы бала өскен сайын бірте-бірте біліне бастайды. Сондықтан баланың дене тәрбиесі мен жан тәрбиесін қатар алып бару керек. Қатар алып бару емес, бала өскен сайын тәрбиеші күшінің көбін баланың жан тәрбиесіне жұмсай беруге міндетті. Тегінде берік ұғу керек: адамның қымбат нәрсесі де, жұмбақ нәрсесі де сол – жан. Қиын тәрбие тілейтін де сол – жан. Жанды дұрыс тәрбие қыла білу үшін жанның жайын баяндайтын ғылыммен таныс болу керек.

Психология

(Жан тілі)

Психология – ескі пән. Бұл пәнді пән қылып дүниеге шығарушы – Айса пайғамбардан бұрын болған грек ұлтынан шыққан Александр Македонский (Ескендір Зұлхарнайын) патшаның тәрбиешісі Аристотель данышпан. Психология деген сөз грекше екі сөзден құралған. Психо – жан, логос – сөз деген мағынада. Яғни жан туралы сөз, жан туралы пән деген сөз болып шығады.

Жанды ешкім көрмесе де, жанның барлығында дау жоқ. Бірақ бұл жан деген не нәрсе? Жанның не нәрсе екендігі туралы үш пікір бар. Үшеуі үш түрлі философия пікіріне негізделген. Біріншісі, жан денеден бөлек өз алдына бір нәрсе дейді. Бұл – баяғыдан бері келе жатқан пікір. Қазақтың жан шыбын сықылды бір зат, өлгенде ауыздан ұшып шығып кетеді, ұйықтағанда мұрнынан шығып серуендеп жүреді-мыс деген ертегісі – осы пікірдің бір сәулесі.

Бұл жан денеден тіпті бөлек, өз алдына қандайда болса бір зат деген пікір «спиритуализм яки идеализм» деп аталады. Екінші пікір – жан деген дене іскерлігінің әсіресе нерв системасы мен ми іскерлігінің бір түрі дейді. Яғни жан деген жеке зат жоқ, жан деген – дененің бірлігі деген сөз. Бұл пікір «материализм» деп аталады.

Үшінші пікір – жан деген жан көріністерінің жиынтығы дейді. Яғни жан деген ойлау, сезу һәм барлық жан көріністерінің жалпы аты дейді. Бұл пікір «феноменализм» яғни эмпиризм деп аталады. Қайткенмен де адамзат бұл күнге шейін жанның не зат екенін біле алған жоқ. Жанның не зат екені білінбеуінен жанның барлығына қүмән қылуға болмайды. Жан бар. Барлығы сол – оның істері, көріністері бар. Ақша қарда жосылып жатқан айқын ізге түссек, алдымызда аңның барлығына күмән қыламыз ба? Бұ да сол сықылды, жалғыз-ақ айырма мынау – ізіне түсіп зерттеп отырып адамзат аңды баяғыдан бері соғып келсе де, жанға жете алған жоқ. Яғни істері, көріністері бойынша жанның не зат екенін қанша білмекші болса да, әлі күнге біле алғаны жоқ. Бірақ бұдан бала тәрбиесі ақсамайды. Баланың жанын жақсы тәрбие қылу үшін жанды көзбен көріп, қолмен ұстамай-ақ, оның істерін, көріністерін жақсы тексеру жетеді.

Жан көріністерінің дене көріністерінен айырмасы

Жан көріністері мен дене көріністерінің арасында көп айырма бар:

1) сыртқы дүние заттарының бәрі, мысалы, қазан, дөңбек, құдық белгілі бір орын алып тұрады. Қандай зат болса да, оның орын алатыны бізге белгілі. Егерде бір заттың алып тұрған орнын өлшеген болсақ, пәлендей орын алып тұр дейміз. Өлшемеген болсақ, пәлен зат зор, не болмаса кіші, яки пәлен зат пәлен заттың не оң жағында, не сол жағында тұр дейміз. Сыртқы дүниедегі заттың өзі түгіл ол заттың ісі де белгілі бір орын алады, яғни белгілі бір орында болады. Мысалы, жүру – адамның ісі. Осы іс белгілі орында болмай ма? Әрине. Ал еңді жан көріністері белгілі орын иелемейді. Мысалы, біз бір ойымызды пәлендей орын иелеп тұр, яки пәлен ой пәлен ойдың оң жақ, яки сол жағында тұр деп айта алмаймыз. Жан көріністері жалғыз уақытпен ғана өлшенеді. Біз жан көріністері туралы, ой туралы пәлен уақытта болды, яки қазір ғана болып тұр дей ғана аламыз. Бұл – бір айырма.

2) Сыртқы дүние заттары һәм көріністері сезім мүшелері арқылы білінеді. Мысалы, бір малды көріп, бір иісті иіскеп, жылылықты сипап білеміз. Ал енді жан көріністерін сыртқы сезімдермен білуге болмайды. Мысалы, ұялу деп аталған жан көрінісін не көріп, не татып, қысқасы сезім мүшелерінің біреуімен біліп бола ма? Әрине, жоқ. Біз екінші адамда болып тұрған жан көрінісін өзімізді-өзіміз сынаумен ғана білеміз. Мысал үшін ұялу деген жан көрінісін алайық, қасымызда бір кісі бір орасан істі істеді де, қызарып кетті, біз осы кісіде ұялу жан көрінісінің болғанын біле қоямыз. Мұны қалай білдік. Ұят деген бір зат болып көзімізге көрінді ме? Яки иіс болып мұрнымызға келді ме? Жоқ, бірі де болған жоқ. Біз жалғыз-ақ қарсыда отырған кісінің бетінде кенет қызылдық көрдік, басқа еш нәрсе сезгеніміз жоқ. Олай болса жаңа қарсыдағы адамда ұялу жан көрінісі болды деген білім бізге қайдан келді? Мұның мәнісі мынау: күндерде бір күн біз де орасан бір іс істеп, жанымыз қысылып қалған, яки ұялған, жанымызда осы ұялу көрінісі болып қалған уақытта бетіміз дуылдап, қып-қызыл болып кеткен, сонда біз біліп қойғамыз: «Ә-ә-ә... жанда ұялу көрінісі болғанда бет қызарады екен» деп. Жаңа қарсымыздағы адам қызарғанда біздің оны ұялды дегеніміз осы. Яғни ана адамның бетінде қызылдықты көргенде, біздің өз басымыздан кешкен іс есімізге түсе қалды, яғни біз өзімізді-өзіміз сынай қойдық. Қысқасы, жан көріністерін адам сыртқы сезімдерімен біле алмайды, өзін сынап қана біледі.

3) Сыртқы дүниеде бірнеше заттар, яки көріністер бір уақытта бола береді. Мысалы, денеде қан жүру, дем алу сықылды дене көріністері бір уақытта болып жатады, біріне-бірінің бөгеті жоқ. Ал енді жан көріністері бір уақытта болмайды. Олар бірінің артынан бірі болады. Мысалы, біз бір уақытта екі ой ойлай аламыз ба? Жоқ. Дұрыс, кей уақытта ойлар бірінің артынан бірі нажағайдың жарқылындай тез-тез келгенде, бізге осы ойлар бір-ақ уақытта болған сықылды көрінеді. Бірақ бұл көрінуі ғана, шынында әрқайсысы әр уақытта, яғни бірінің артынан бірі келіп-кетіп жатыр.

Жан көріністері мен дене көріністері арасындағы байлам

Жан көріністері мен дене көріністері арасында қанша айырма болғанымен, араларында тіпті жақындық жоқ емес, қайта бірлік, байлам бар. Дене жанға, жан денеге байлаулы, біреуінің біреуінсіз күні қараң.

Өзімізге мәлім: денеміз сау болса, жанымыздың ісі де сау, жақсы болады. Яғни ақылымыэ түзу, сезіміміз дұрыс, қайратымыз берік болады. Егерде денеміз ауру болса, яки жұмыс қылып шаршаса, жанымыз да ауру, жанымыз да шаршайды. Басқа ауру, мидың ауруы жан ісіне жаман әсер қылады. Нашар ауа басты айналдырып, қанды дұрыс жүргізбей, денеге әсер қылады да, жанға барып қол салады. Яғни жанның ісі шабандайды, бұзылады. Ой күңгірт тартады, сезім топастанады. Қайрат жасиды. Денең салбырап ауырған кезде ыстық қою шайды ішіп жіберсең, денең жадырап кетеді. Денең жадырап кеткен соң, жаның жадырап кетеді. Бұл мысалдармен біз жанның денеге байлаулы екенін көрсеттік. Ал еңді дене де жанға байлаулы, жан көріністері денеге қатты әсер береді. Адамның көзқарасы, дауысы, аяқ басуынан жанның қандай күйде екені көрініп-ақ тұрады. Қайғы һәм ойлау денені жабықтырады, қуаныш адамды күлдіреді. Бетке қан жүгіртеді. Ақынның «бетке шықпай қала ма жүрек ізі» дегені жанның жайын білетіндігі ғой. Қорыққанда дене дірілдеп, қан қашып кетеді. Аса қатты қорыққаннан, яки аса күшті қайғыдан бірнеше сағатта шаштары аппақ болып қалғандар да болған. Міне, жан көрінісінің денеге әсер беруі қандай дәрежеге жетеді.

Жан көріністерін үйрену жолдары

Әр нәрсені үйренудің белгілі түзу жолдары бар. Жан көріністерін үйренудің жеке жолдары бар.

Өзін бақылау жолы

Жан көріністерін үйренудің жолы, бірінші – өзін бақылау. Адам өз жанының көріністерін өзі бақыламаса, жан көріністерімен таныс бола алмайды. Мысалы, ашу, қуаныш сықылды жанымыздың көріністерін бақыласақ қана біз олардың қандай мінезде екенін һәм араларында қандай айырма бар екенін біле аламыз. Бірақ бір жан көрінісін сол көрініс болып тұрғанда бақылау оңай емес. Себебі өзін бақылау деген сөз адамның яғни жанның бір уақытта екі іс істеуі, әрі бақылаушы, әрі бақыланатын зат болуы деген болып шығады. Бұл істе мүмкіндік аз. Бұған мысал алайық. Менде ашу деген жан көрінісі болып тұр, яғни мен ашуланып тұрмын. Егерде мен осы ашуланып тұрғанымда осы ашу көрінісін бақылай бастасам, яғни ашудың тууына не себеп болды, ашу деген қандай нәрсе екен деп ойлай бастасам, сол ашу бұрынғы күйінде тұра ма? Әрине, тұрмайды. Мұндай ойға кірісумен ашудың күші кеми бастайды. Осы мен неге ашуланам деп ойлай бастасаң, ашуың біте қалады. Міне, өзін бақылаудың оңай емес екендігі осыдан көрінеді.

Әйткенмен де, жан көрінісі артық күшті болмаса, өзін бақылауға болады. Мысалы, жеңіл ашуланып отырған адам сол ашуының себебін тексеріп отыруға мүмкін.

Бірақ өзін бақылау деген сөздің шын мағынасы – өткенді еске түсіру деген сөз. Мысалы, ашу деген жан көрінісін бақылау үшін біз бұрын өткен бір ашуымызды, яғни бұрынғы бір ашуымыздың не себептен туғанын, қалай күшейгенін, қандай мінезді болғанын һәм қалай басылғанын еске түсірсек, сол уақытта біз ашу деген жан көрінісін өзін бақылаған жолмен бақылаған боламыз. Өзін бақылау деген сөз – бұл мағынада бұрын болып озған жан көріністерін еске түсіріп тексеру деген сөз болып шығады. Адамға өзін-өзі тексеру, өзіне-өзі есеп беру деген оңай нәрселер емес. Өзін- өзі тексеріп, қаталарын көруге адамның менмендігі бөгет болады. Әйткенмен де, бұл адамның өзін-өзі тексеруі – оның жан тұрмысының өркендеуіне, түзу жолға түсуіне бірінші шарт. Өз қатасын көре білген адам келешекте сол қатаны істемеуге ұмтылады Адамның өзін-өзі яғни өз қатасын өзі көре білуі оның жанының идеалға, қасиетті қияға ұмтылатын мінезі барлығын көрсетеді.

Міне, осы себептен зор жазушылардың өздері жазған әсерлеріне көңілі толмайды. Қайта-қайта түзейді. Жазаласа, өртеп, жыртып та жібереді. Жалба-жұлба киім киіп, аш-жалаңаш жүретін бұзақылық, күнә деген нәрсені білмейтін дуаналардың өз кеуделерін өзі жұдырықтап:

Кешіре гөр, құдайым,
Көп қой менің күнәйім,–

деп зарлаулары өздерін тым тексеріп, кішкене қаталарын тым зор көріп жіберулерінен, жандары ұмтылатын қияның тым биік болуынан ғой. Дұрыс, адамның бәрі дуана болмағанмен, өзін тексермесе, адам ілгері баса алмайды. Өзінен ешбір кемшілік көрмей, қата таппай, өзіне-өзі риза болып, мәз болып жүретін адам зор адам емес, шөбір адам болады. Жаны жабайы, ауданы тар болады.

Бақылау

Жан көріністерін үйренудің екінші жолы – бақылау, яғни бір адамның өзінен басқа адамдардың жан көріністерін бақылауы. Бірақ, біз жоғарыда айтып өткеміз, жан көріністерін сыртқы сезімдермен бақылауға болмайды деп. Сондықтан басқа адамның жан көріністерін бақылау дегенде оның жан көріністерінің сыртқы белгілерін бақылау, тексеру керек деп ұғу керек. Мысалы, біреудің пішініне, қозғалуына, сөзіне, жүріс-тұрысына қарап, бақылап, солар бойынша жан көріністерін тексереміз.

Біз егер өзін бақылау жолымен басқа адамдардың жан көріністерін бақыламасақ, біздің жан көріністері туралы біліміміз толық болмас еді. Сондықтан байқауы көп адам бір адамның пішінінен, жүріс-тұрысынан, бір-екі ісінен, біраз сөзінен ол адамның қандай мінезді екенін біліп ала қояды. Мүмкін болғанша тәрбиешінің шыншыл «физиономист» болуы керек.

Жан тұрмысының түзу болу шарттары

Жан тұрмысының, жан көріністерінің түзу, сау болуы үшін нерв системасының сау болуы шарт.

Нерв системасы

Жан тұрмысын жарыққа шығаратын жан мен дене арасында тіл хатшы болатын құрал, жан мен денені бір-біріне байлайтын байлам-нерв системасы деп аталады. Нерв системасы екі бөлімнен тұрады: орда бөлім (ми, жұлын) һәм бұтақ бөлім. Нерв системасының бәрінің түбі – бастағы ми. Мидан 12 егіз нерв шығады. Бұл нервілер мидан шығысымен бұтақтанады. Онан соң бір-біріне қосылады, бір-бірімен топталады. Барып-барып тағы бұтақталып, денеге жайылады. Бұлардың кейбіреулері теріге барып бітеді. Кейбіреулері сыртына шығып, жат бір түрде шоғырмақталып бір құрал болып, аппарат болып бітеді.

Нерв системасының қызметі

Нерв системасының ағасы, биі – ми. Ми – жанның құралы. Жан ми арқылы сыртқы дүниеде һәм өз денесінде не болып жатқанын біледі. Миды жұмсап, жан денені қозғайды. Егер ми зағып болса, яки зиянданса, адамның жан тұрмысы дұрыс болмайды. Мидың белгілі бір жері зиянданса, адамның қол-аяғы қозғалмай қалады, яғни «паралич» болады. Мұны біздің қазақ «пері соққан» дейді. Яки тілі, кеңірдегі сау болып тұрса да, сөйлей алмай тілсіз болып қалады. Яғни афазия ауруы пайда болады.

Ал енді мидан шығатын нервілер телеграмның сымы сықылды мидан денеге, денеден миға бұйрық тасиды. Бұл нервілер қызметтеріне қарап екіге бөлінеді. Біреулері әсерді сыртқы дүниеден, яки денеден ордаға, яғни миға алып барады. Бұл нервілер сезу нервілері, яки ордаға ұмтылатын нервілер деп аталады.

Бұл нервілер арқылы біз салқын, жылымық, жарық, дауыс сықылды сыртқы дүние көріністерін білеміз. Ал енді біреулері әсерді ордадан нервінің ұшына алып барады. Бұлар қозғау нервілері, яғни ордадан қашатын нервілер деп аталады. Бұл нервілер арқылы біз қол-аяқ һәм бар денемізді қозғаймыз. Егерде бір мүшенің сезу нервілері кесілсе, мысалы, саусақтың, ол уақытта саусақ еш нәрсені сезбейтін болады. Егерде, мысалы, саусақтың қозғау нервілері кесілсе, ол уақытта саусақ тіпті қозғалмайтын болады.

Нерв системасының саулығын сақтау

Жоғарыда айтылғаннан нерв системасының қандай нәзік һәм қандай қымбат екендігі ашық көрініп тұр. Олай болса, жалпы нерв системасын, әсіресе миды сау қылып ұстап, оған зиян келтірмеске керек... Мысалы, балаға миға зақым келтіретін ойын ойнауға жарамайды. Және баланы басқа ұру жарамайды.

Балаға насыбай атқызуға, шылым тартқызуға жарамайды. Біздің қазақтың кейбір атқа мінгендерінің жап-жас баласына шылым тартқызып, «қарағымның аузынан түтінді пәлен төредей шығаруын қарашы» деп қарқ-қарқ күліп мәз болатындары бар. Мұның надандық, есерлік екендігінде не сөз бар? Балаға алкоголь, яғни мас қылатын арақ тұқымды нәрсені ішкізудің дұрыс еместігі өз-өзінен белгілі тұр.

Нерв системасын өсіру һәм берік қылу

Нерв системасының сау болуы керек болған сықылды, оның дұрыс өсуі һәм берік болуы да керек. Бар дененің жақсы өсуінің шарты денені тек жатқызбай жұмыс қылдыру болса, нерв системасының жақсы өсуінің һәм берік болуының да шарты сол. Нерв системасына әсіресе миға істететін жұмысы сол мидың өсу дәуірлеріне тура келетін болсын. Есте болсын, адамның бар денесі бастапқы кезде өсуді ғана біледі. Біраздан қозғалымпаз һәм сезімпаз болады. Ұлғая келе ғана адамда есті тұрмыс басталады. Сондықтан балаға бастапқы кезде оның сыртқы сезімдерін ұлғайтатын һәм дене мүшелерін көп қозғалтатын жұмыстар істету керек. Сурет салдыру, жабыстыру (балшықтан түрлі заттар жасау), қол еңбегі һәм гимнастика сықылды. Мұнан соң бала ұлғая, өсе келе оның істейтін жұмыстары да тереңдей беру керек. Қысқасы, нерв системасының тәрбиесі дененің өсуіне қабысып отыруға тиісті. Белгілі жолдармен басқыштап тәрбие қылынған ми сау, өткір һәм талмайтын берік болады. Миын іскер қылып үйренген адам қартайып, бар денесі қаусап іске жарамай отырған күнде де сау милы, дұрыс ойлы болады. Ал енді «жасыңда қылжың болсаң, өскенде мылжың боларсың» деген мақал ып-ырас.

Мидың қажуы һәм оны тынықтыру. Ми – дененің бір мүшесі. Ол жұмыссыздықтан қажыған сықылды жұмыстан да қажиды. Қажыған соң тынығуды керек қылады. Миды бет алдына жұмсай беру күшін азайтады, хатта оны паралич соғып, адам есалаң болып қалады. Денемен жұмыс қылсаң да, мидың өзімен жұмыс қылсаң да, мида бір у пайда болып отырады. Сол уды қан жуып алып кетіп, миды тазартып отырады. Егерде жұмыс тым қатты болса, миға у тым көп жиылады да, қанның жуып алып кетуіне шамасы келмей қалып, нерв системасының бәрі уланады. Және миға қатты жұмыс істеткенде, қан миға ұмтылып, өзге дене ашығып қалады да, әлсірейді, сола бастайды. Міне, осы себептен ақылға жұмыс қылдырғаннан кейін әр уақыт тынығып отыру керек.

Тынығу екі түрлі болады: не біржола жұмысты доғару, не болмаса жұмысты жаңарту. Жұмысты жаңартқанда да, яғни бір жұмыстың орнына екінші жұмыс қылғанда да адам тынығады. Мысалы, көру жұмысынан соң (оқу, жазу) есту жұмысына көшсе (әңгіме тыңдау), бала әжептәуір тынығып қалады. Әйткенмен бұл тынығу жұмысты біржола доғарып тынығуға жетпейді. Әсіресе жас балаларды жиі-жиі жұмыссыз тынықтыру керек. Ал енді тынығу уақытында бала не қылады? Бұған жауап беру үшін мынаны білу керек: бала қозғалмай отыра алмайды. Баланы ең қажытатын нәрсе – тек отыру. Сондықтан баланы тынықтыру дегенде оны таза ауада ойнату, таза ауада гимнастика жасату деп ұғу керек. Ойын һәм гимнастика туралы алдымызда тағы сөз қозғармыз.

Жан көріністерін тап-тапқа бөлу

Жан көріністері қанша түрлі болғанмен, оларды түп негіздері бойынша үш тапқа бөлуге болады: білу яки ақыл көріністері, ішкі сезім көріністері һәм қайрат көріністері. Қазақтың данышпаны Абай бұл үш тапты ақыл, жүрек, қайрат деп атайды. Біз бір заттың яки көрінісінің сынын белгілейміз, заттар яки көріністер арасындағы байламды яки айырманы табамыз. Бұл – ақыл ісі. Біз қайғырамыз, қуанамыз. Бұл – ішкі сезім ісі. Біз бір істі істемекші боламыз, бір мақсатқа жетпекші боламыз. Бұл – қайрат ісі.

Жан тұрмысының бірлігі. Адамның жан көріністері жоғарғы үш тапқа бөлінгенімен, бұл үш тап бір-біріне жуымайтын емес, бұл үш таптың арасында берік байлам бар. Яғни адамның жан тұрмысында бірлік бар. Екінші түрлі айтқанда, адам бір іс істегенде, осы үш тап жан көріністерінің үшеуі де қатынасады. Мысалы, біздің бір саусағымыз ауырды. Сонда біз саусағымыздың ауырғанын сеземіз. Бұл – ішкі сезім ісі. Саусақтың ауырған себебін тексереміз. Бұл – ақыл ісі. Сол ауруды жеңілдетуге, бітіруге, жазуға ұмтыламыз. Бұл – қайрат ісі. Ал енді адамның әрбір ісіне осы үш тап жан көріністерінің үшеуі қатынасатын болғандықтан, сол ақыл, ішкі сезім, қайрат үшеуін бірдей тең тәрбие қылу – тәрбиешінің міндеті. Бір адамның осы үш тап жан көріністері тең болмай, біреуі таразыны басып билеп кетсе, ол адам бақытты болмақ емес. Бұл туралы данышпан Абайдық төмендегі сөзі шын дұрыс сөз.

Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек,
Жылытқан тұла бойды асық жүрек,
Тоқтаулылық, талапты шыдамдылық,
Бұл қайраттан шығады, білсең керек.
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жол да жоқ жарыместі «жақсы» демек.
Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ,
Тулап, қайнап бір жүрек қылады әлек.
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,
Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек.

Ақыл көріністері яки жанның білуі.

Әсерлену

Әсерлену ұғымы. Нерв системасы алып келген әсерді жанның ұғуы, аңдауы әсерлену деп аталады. Жан алдымен білімді осы әсерлену арқылы алады.

Әсерлену көрінісі қалай болады? Әсерлену көрінісінің болуы былайша: сыртқы дүниедегі бір зат біздің денемізге, яғни нервінің ұшына (периферия нервілеріне) әсер қылады. Мысалы, дауыс құлақ нервісіне әсер қылады. Осы әсерді нерв орда нервіге, яғни миға алып барады. Ми осы келген әсермен әсерленеді, яғни мида бір аңдау пайда болады. Міне, осы нерв системасы алып келген әсерді жанның аңдауы – әсерлену деп аталады.

Әсерлену көрінісінің болу шарттары. Жанда әсерлену көрінісі болу үшін төмендегі шарттар табылу керек.

1) Әсер білінгендей күшті болсын. Яғни әсер тым әлсіз болса, яки тым күшті болса, әсерлену болмайды. Мысалы, бетке шаң қонады. Сол шаң беттегі нерв ұштарына, әрине, әсер бермей қоймайды. Бірақ бұдан әсерлену болмайды. Яғни жан бетке шаң қонғанын білмейді, аңдамайды. Мұның себебі әсердің тым әлсіз болғаны. Және әсер тым күшті болса да, әсерлену болмайды. Мысалы, күшті дауыс құлақты тұндырады, шулатады. Бірақ одан жан дұрыс әсерлену ала алмайды.

2) Бір әсерден соң екінші әсерге шейін белгілі бір уақыт өтсін, яғни бірі артынан бірі болған екі әсерден екі әсерлену болу үшін екі әсердің арасында белгілі бір уақыт өтуге тиісті. Мұның мәнісі мынау: сыртқы бір заттың нервке берген әсері тоқталған күнде не нервтің өз-өзінен біразға шейін қытығы басылмай тұрады. Сондықтан екінші әсер бірінші әсердің артынан іле-шала келсе, екі әсер қосылып кетіп, екеуінің де мінездері өзгереді. Мысалы, зырылдауық қатты айналғанда, бір дөңгелек болып қана көрінеді. Егерде сол зырылдауықты түрлі бояуға бояп зырылдатсаң, ана бояулардың бірі көрінбей, зырылдақ сұр болып көрінеді.

3) Әсер миға барып жетсін, һәм жан миға келген әсерге іскерлігін жұмсасын. Егерде әсер миға барып жетпесе, әсерлену болмайды. Мысалы, көру нервісін мидан айырсақ, жанда көру әсерленуі болмайды. Және миға келген әсерге жанның іскерлігін жұмсауы шарт. Бұлай болмаса, яғни жанның іскерлігі басқа затта отырса, жанда әсерлену болмайды. Мысалы, біз бір қызық кітап оқып, яки қызу әңгімеге кіріп отырсақ, есіктен кірген адамды байқамаймыз. Қан майданда көзіне қан толып жан алып, жан беріп жүрген жауынгер денесіне түскен жараны сезбейді дейді. Грек ғалымы Архимед туған, өскен шаһарына жау кіріп, шаһар іші азан-қазан, айғай-ұйғай болып жатқанда, ешбір дыбыс естімей, өзінің ойына батып, бір сызықтарын сызып отырды дейді.

Әсерленудің іші, күші һәм тоны. Әсерленудің сын- сипаты әсерленудің іші деп аталады. Яғни біз бір сыртқы сезім арқылы болатын әсерленуден екінші сыртқы сезім арқылы болатын әсерленуді айырамыз. Мысалы, бір дыбысты, түсті, иісті, дәмді бір-бірінен айырамыз. Мысалы, қараны ақтан, жусан иісін сасыр иісінен айырамыз.

Түрлі сезім арқылы алынатын әсерленулердің, хатта бір сезім арқылы алынатын әсерленулердің арасындағы айырма зор. Зорлығы сонша: оларды-бір-бірімен салыстыруға болмайды. Мысалы, біз қызыл түс пен тәтті дәм арасында, яки жусан иісі мен адамның айғайы арасында қандай айырма барын, яки қызыл түс пен сары түс арасында, тұщы дәм мен ащы дәм арасында қандай айырма барын айта алмаймыз. Себебі, бұларды салыстыруға мүмкін емес. Бір әсерленудің сынын білу үшін сол әсерленудің адам жанында болуы шарт. Мысалы, тума соқырға түстің не екенін, тума саңырауға дыбыстың не екенін ұқтырып болмайды. Себебі олардың жаны дыбыстан, түстен әсерленіп көрген емес.

Әсерлену көрінісінің дәрежесі әсерленудің күші деп аталады. Мысалы, біз ауыр салмақ пен жеңіл салмақты, қатты дыбыс пен ақырын дыбысты айырамыз. Әсерленудің күші сыртқы әсердің күшіне байлаулы. Сыртқы әсер күшті болса, әсерлену де күшті болады. Бірақ әсерленудің дәрежесінің артуы әсер дәрежесінің артуына ылғи тура келіп отырмайды. Яғни әсер бір есе күшейгенде, әсерлену де бір есе күшейіп, яки әсер екі есе күшейгенде әсерлену де екі есе күшейіп отырмайды. Мысалы, бір қолға бір қадақ гир ұстап тұрып, тағы бір қадақ гир алсақ, салмақтың артқанын, яғни әсерленудің күшейгенін айқын сеземіз.

Ал енді, егер біз қолымызға бір пұт гир ұстап тұрып сол бір пұтқа бір қадақ гир қоссақ, онда салмақтың артқанын тіпті сезбейміз. Күшею үшін әр түрлі әсерлену әсердің әр түрлі өсуін тілейді. Мысалы, салмақ һәм дыбыс әсерленулері күшею үшін әуелгі әсердің үстіне жаңадан сол әсердің өзінің үштен бірі қолданылуы шарт. Ал енді жарық әсерленулері күшею үшін яғни күшейгені сезілу үшін әсердің тағы жүзден бірі қосылуы шарт.

Әсерленудің жұғымды яки жұғымсыз болуы әсерленудің тоны деп аталады. Мысалы, дыбыс әсерлеулерінің жұғымды һәм жұғымсызы бар. Бақырған дауыс – жұғымсыз. Қоңыр әуен – жұғымды. Әсерленудің тоны көбінесе біздің денеміздің қандай күйде екенін көрсетеді. Дене сау болса, әсерлену жұғымды болады. Дене ауру болса, әсерлену жұғымсыз болады. Мысалы, ауру адамға еш нәрсе ұнамайды. Нағыз жұғымды әсерленулер де оған ләззат бермейді. Кейбір аурулар тіліне бұрыш яки насыбай салғанда, хатта аяғын кескенде аурудың не екенін сезбейді. Есалаң адам өз денесін өзі тас-талқан жара қылса да, ауруды білмейді.

Әсерленулерді орындастыру. Әсерлену орда нервте, мида, жұлында ғана болса да, денеміздің қай жеріне әсер болса, біз әсерленуді сол жерге алып барамыз. Мысалы, саусағымызды суық затқа тигізгенде, суық саусаққа әсер бергендіктен, біз суық әсерленуін саусаққа алып барып жапсырамыз. Яғни саусақ тоңды дейміз. Міне, осы әсер денеміздің қай жерінде болса, сол жерге әсерленуді орындастыру.

Перцепция. Әсерленуді туғызған себепті яки затты табу перцепция деп аталады. Мысалы, біз бір саусағымызды шоққа басып алып күйдіріп алсақ, біздің жанымызда күю әсерленуі пайда болады. Сол уақытта біз алдымен қай жерде әсер болғанын табамыз (локализация), одан соң не себептен бұл әсерлену болғанын, яғни саусақты шоққа басып алғаннан мынау әсерленудің болғанын ойлап табамыз (перцепция).

Апперцепция. Әсерленуді бұрынғы болған тәжірибелермен толықтыру апперцепция деп аталады. Мысалы, біз бір шағым қант көрсек, соның бір ақ зат екендігі туралы әсерлену алып, осы әсерленуді бұрынғы тәжірибемен яғни қанттың қаттылығы, тәттілігі һәм суға салғанда еритіндігін еске түсіріп толықтырамыз.

Перцепция мен апперцепция арасындағы байлам мынадай: перцепция неғұрлым күшті болса, апперцепция сонша әлсіз болады. Һәм керісінше, апперцепция күшті болса, перцепция сонша әлсіз болады. Мысалы, бір затты ең алғаш көргенде бізде перцепция күшті. Көп көргенде апперцепция күшті.

Ал енді апперцепция перцепцияны тіпті жеңіп кететін болса, ол уақытта адамда иллюзия яғни сезім алдауы пайда болады.

Иллюзия – болып тұрған әсерленуді бұрынғы әсерлену жеңіп кеткенде болатын сезім алдауы. Келе жатқан бір кісіні екінші біреу деп ойлап қалу, шілікті қасқыр деп білу, міне, осылар – иллюзия. Аристотель тәжірибесі яғни орта саусақ пен сұқ саусақты айқастырып (ортаны сұқтың үстіне салып), екеуінің арасында бір домалақ нәрсені домалатқанда, әлгі бір домалақ нәрсенің екеу болып көрінуі, бұ да иллюзия. Екі қолымызға екі ыдыс алсақ, екеуі бір-біріне тіпті ұқсас болса, екеуі де бір нәрседен жасалған болса, екеуінің салмағы да бірдей болса, бірақ екеуінің зорлығы екі түрлі болса, осы екі ыдысты біз екі қолымызбен көтерсек, бізге зор ыдыс жеңіл көрінеді. Мұның себебі – біз зор нәрсенің салмағы ауыр болатындығына әдеттенгенбіз. Зор ыдысты көтермекші болғанда біз мұның салмағы ауыр ғой деп күшті көп даярладық. Бірақ күткеніміздей күшіміз көп жұмсалмай қалды. Сондықтан зор ыдыс бізге жеңіл болып сезіліп отыр. Міне, бұ да иллюзия.

Бала әсерленулері мен жеткен адам әсерленулері арасындағы айырма. Бала әсерленулері бастапқы кезде тұманды болады. Бала әсерленудің ішін де, күшін де айыра алмайды. Және бала локализация, перцепция һәм апперцепцияны да жасай алмайды. Айталық, баланың қолы ауырады екен, бала құр жылайды, тынышсызданады. Яғни балада ауру әсерленуі болады. Бірақ бұл әсерлену қай жерден болып тұр, оны білмейді. Ауырған жерінің аяқ екенін білмейді, яғни әсерленуге локализация жасай алмайды. Және осы аурудың не себептен болғанын білмейді, яғни перцепция жасай алмайды. Балада апперцепция жоқ. Сондықтан шоққа қолын басып алады. Шыр ете түсіп, тағы апарып басады. Бұл істерге бала бірте-бірте, әсіресе сипау һәм көру сезімдері арқылы үйренеді. Шоққа қолын көбірек басса, күю қолда болғанын, оны күйдірген шоқ екенін, шоқтың күйдіретіндігін біледі.

Әсерленуді бөлу. Барлық әсерленулер екіге бөлінеді: жалпы сезім яки дене әсерленулері һәм сыртқы сезім әсерленулері.

Жалпы сезім яки дене әсерленулері. Дене әсерленулері денеміздің қандай күйде екенін білдіреді. Дене әсерленулерін былай бөлуге болады: 1) ет әсерленулері (кесіп, соғып алғанда, ұйып қалғанда, шаршағанда, демалғанда болатын әсерленулер); 2) нерв әсерленулері (нервтің солуы һәм ауруы, саулық әм жадырау әсерленулері); 3) тамақтану һәм қан жүру әсерленулері (ашығу, сусау, жүрек айну һәм жүрек ауырғанда болатын әсерленулер); 4) дем алу әсерленулері (тұншыққанда, жөтелгенде, таза ауаға шыққанда болатын әсерленулер); 5) жылылық, суықтық әсерленулері.

Бұл дене әсерленулерінің адамның дене тұрмысына болмаса, білу-ақыл тұрмысына артық пайдасы жоқ. Бірақ бұлардың дұрыс тәрбие қылуы адамның ақыл тұрмысына да әжептәуір әсер береді. Мысалы, ерке болып, тым бетімен өскен бала дене тұрмысы кішкене ғана бұзылса да, айталық, бір жеріне бір нәрсе тиіп кетсе де, кішкене жөтелсе де, жылап, тынышсызданып, мазаны алады. Бұл дене әсерленулерінің жақсы тәрбие қылынбағандығынан.

Сыртқы сезім әсерленулері. Сыртқы сезім – 6: көру, есту, иіскеу, тату, сипау, ет сезімі. Осы 6 сезім бізді сыртқы заттармен таныстырады. Яғни олардың түсі, түрі, дәмі, иісі һәм басқа сындарымен адам жанына түрлі білімді осы 6 сезім береді. Бұлар түгел болмаса, адамның жан тұрмысы түгел болмақ емес. Бұл алтаудың ішінде адамның жаны үшін аса қымбаттары – көру мен есту. Бұлардан соңғы – сипау. Сипау – ет сезімі. Ал енді иіскеу мен тату сезімі жан тұрмысы үшін аса қымбат сезімдер емес. Бұлар көбінесе дене тұрмысына қызмет қылады.

Сыртқы сезімдерді тәрбие қылу. Сыртқы сезім адамның жан тұрмысы үшін аса қымбат болғандықтан, баланың бұл сезімдерін аса жақсы тәрбие қылу керек. Бірінші, бұл сезімдердің сау һәм берік болуына, екінші, бұл сезімдердің өткір, терең, дұрыс болуына ыждиһат қылу керек. Және бұл сезімдерді тең тәрбие қылу керек. Бұлардың біреулері жақсы тәрбие қылынып, біреулері нашар тәрбие қылынса, жан-тұрмысы да тегіс, бүтін болмақ емес. Онда да кетіктік, кемдік болмақ.

Енді сыртқы сезімді жеке-жеке тексерейік.

Көру. Көру құралы – көз. Көз ұясы деп аталған шұңқырдың арт жағында мидан көру нервтері келіп бұтақтанады. Сыртқы дүниедегі бір зат яки бір көрініс көру нервтеріне әсер береді. Нервтер бұл әсерді миға алып барып, миды оятады. Мидан әсерді жан қабыл қылып алып, жанда көру әсерленуі болады. Таза көру әсерленулері екеу: жарық әсерленулері һәм түс әсерленулері. Бұлардан басқа тағы екі әсерлену бар: заттың қозғалысы һәм түрінен әсерлену, екінші түрлі айтқанда, зорлық һәм қашықтық әсерленулері ұзақ тәжірибелерден соң ғана болады. Бұл сөздің дәлелі мынау: тума соқыр адам операция жасап доктор көзін ашып жібергенде заттардың түрін айырмайды дейді. Мысалы, заттардың қайсысы домалақ, қайсысы төрт бұрышты екенін айырмаса керек. Және көзі ашылған тума соқыр заттардың қашықтығын да айырмайды дейді. Яғни заттардың бәрі көзге жап-жақын тұрғандай. Аяқ аттаса соғылып қалатындай көрінсе керек. Тегінде жас бала да бастапқы кезде осы көзі жаңа ашылған тума соқыр сықылды болатын шығар-ау.

Баланың көру әсерлері. Баланың көру сезімі бірте-бірте көп тәжірибелер арқылы ғана ұлғаяды. Бастапқы кезде баланың көзі тіпті көрмейді деуге болады. Жаңа туған баланың көзіне жақындатып бір затты алып барсаң, бала кірпігін де қақпайды. Тегінде баланың ұзақ уақыт кірпік қақпауы – көрмегендіктен. Жұмыс қылмаған дене шаршай ма? Қажи ма? Әрине, жоқ.

Бала ең алдымеи жарықты көреді, шамға қарайды. Шамды жүргізсең, шамға еріп көзін жүргізеді. Бірақ балада екі көзбен бір жерге қарау тез болмайды. Баланың бір көзі бір затқа қарағанда, екінші көзі екінші затқа қарап тұрады. Яки басы бір жаққа бұрылғанда, көзі екінші жаққа қарап тұрады. Үшінші айға қарағанда ғана бала екі көзімен бір жерге қарай алады. Және бала бастапқы кезде көзін билеп, өзі тілеп, бір затқа қарай алмайды. Баланың көзін билеп, өзі тілеп қарай бастауы екінші айда басталады. Ал енді үшінші, төртінші айда бала бақылап қарауға үйрене бастайды. Бұл уақытта баланың бар ісі заттардың түсін һәм түрін айыру болады. Үш жасқа дейін бала түстерді төмендегі тәртіппен айырып үйренеді: сары, қызыл, күрең, қара, алқызыл, сұр, жасыл, көк. Түр айыру қиынырақ болғандықтан, заттардың түрін бала кеш айырады. Әйел бала түстерді, ер бала түрлерді тезірек айырады деседі. Ал енді заттардың қашықтығын айыру балаға өте қиын жұмыс. Алты айға толған бала да кішкене саусақтарын жайып аламын деп айға ұмтылады. Бала заттардың қашықтығын көп тәжірибелерден соң ғана айыра бастайды. Екі жасқа қарағанда бала кәдімгідей көретін болады.

Көру сезімін тәрбие қылу. Көру сезімін тәрбие қылу дегенде алдымен көзді зиянды нәрселерден сақтау деп ұғу керек. Көзге шаң, түтін тигізбеу, көзді әлсін-әлсін жуып тұру, былық саусақпен ұстамау, уқаламау, шағылыстырғандай жарыққа қаратпау, қараңғыдан жарыққа кенет шығармау керек. Және балаға нәрсені тым жақын алып келіп қаратпау тиіс. Көз бен нәрсенің арасы 5–10 дюймнен жақын болмасын. Жақын қаратып әдеттендірсең, бала сығыр (близорукий) болады. Яғни сығалап қарамаса, көрмейтін болады. Баланы нәрсеге түзу қаратпай, қисық қарату да зиянды. Баланың жүре қыли болуы да осыдан.

Көру сезімін жақсы тәрбие қылу үшін көзді зияннан сақтау ғана жетпейді. Бәлки, көру сезімінің күшті болуына күш жұмсау керек. Біз жоғарыдағы сөзден білдік: бала түрді, түсті һәм қашықтықты кеш айыратын көрінеді. Міне, тәрбиеші балада осы әсерленулердің дұрыс оянуына көмек көрсетуі керек. Яғни ойнау үшін түрлі түсті доп, түрлі түсті қағаз һәм ағаш беруі мақұл. Бұлармен бала түстерді айырып үйренеді. Ал енді заттардың түрлерін беріп үйрету үшін балаға түрлі зорлықта һәм түрлі қағаз һәм ағаш беріп, қағаздан түрлі зорлықта, түрлі түрде кескізіп үйрету керек. Көру сезімінің күшеюі, ұлғаюы үшін ең пайдалы нәрсе – балаға сурет салғызу. Сурет салу баланың көру сезімін ұлғайту үстіне әдемілік сезімін де ұлғайтады.

Көру сезімінің жан тұрмысына керектігі. Сыртқы алты сезім ішінде жан үшін ең қымбаты – осы көру сезімі. Жанымызда болатын барлық әсерленулердің, екінші түрлі айтқанда, біз барлық білімнің 3/4-ін осы көру сезімі арқылы аламыз. Басқа сезімдер арқылы алынған білімдерді, әсерленулерді көру арқылы анықтауға ұмтыламыз. Мысалы, бір дыбыс естісек, сол дыбыс шығарған затты көргіміз келеді. Хатта басқа сезімдерді жабайы, өтірікші көреміз. Көзбен көрмеген соң қойшы дейміз. Адамның әдемілік сезімінің ұлғаюына да көру сезімі көп көмек көрсетеді. Әдемі түс, әдемі түр, жаратылыстың сұлу заттары, сұлу көріністері адамның әдемілік сезімін тереңдетпей қоймайды.

Есту сезімі. Есту сезімінің құралы – құлақ. Мидан шығып, құлақта есту нервтері бұтақтанады. Бір дыбыс осы есту нервтеріне әсер береді. Әсерді нервтер миға алып барып, оны оятып, мидан жан қабыл алып, жанда есту әсерленуі болады.

Есту әсерленулері екі топқа бөлінеді: шу һәм дыбыс. Белгілі бір тәртіпсіз шыққан түрлі дыбыс жиынтығы шу деп аталады. Желдің зуылы, судың сылдыры, жапырақтың сыбдыры, күннің күркіреуі сықылды. Ал енді белгілі бір тәртіппен шыққан түрлі дыбыс жиынтығы тура дыбыс деп, яки музыкалы тон деп аталады. Әннің әуені, домбыраның, қобыздың күйі, адамның сөзі сықылды. Адам сөзі азғантай ғана негізгі дыбыстардан яғни сол дыбыстардың бір-бірімен бір олай, бір былай қосылуынан тұрады. Қазақ сөзі 24-ақ дыбыстан тұрады.

Баланың есту әсерленулері. Бастапқы кезде бала тіпті естімейді десе болады. Мысалы, жаңа туған баланың бесігі жанында айғай салып сөйлескенде, оянбайды. Баланың есту сезімі екінші, үшінші жетіде біліне бастайды. Төртінші жетіде бала күшті дыбысқа селт етпесе, оның мылқау болғандығы. Үшінші, төртінші айда балаға бесік жыры әжептәуір әсер береді. Бұл уақытта бала дыбыстың жұмсақ, қоңырын, қатты, тынышсызын айыратын болады. 4–5 айда бала дыбыстың қайдан шыққанын біліп, дыбыс шыққан жаққа бұрылатын болады. Алты айда дыбысты өзі тілеп тыңдайды. Бір жылдың аяғында дыбыстарды түгел айырып, сөздерді ұғып, хатта сөйлеудің тонын, ыңғайын да (ашулы сөз, жылы сөз) байқай алады. Екінші жасқа қарағанда бала сөз дыбыстарын өзі айта алатын болады.

Есту сезімін тәрбие қылу. Баланың есту сезімін тәрбие қылу – алдымен оның құлағын түрлі зияннан сақтау деген сөз. Мысалы, баланы қисық яки еңкейтіп ұстау жарамайды. Себебі, басқа шапшыған қан құлаққа зиян келтіреді. Қатты дыбыс, құлаққа суық тигізу, шомылдырғанда су жіберу жарамайды. Құлық ағып, яки басқа түрлі баланың құлағы ауыра бастаса, тез докторға емдету керек. Надан алдауыш дәрігерге емес, ғылым иесі докторға. Әсіресе қызылшадан соң баланың құлағы ауырымпаз болады. Қысқасы, ауру білінсе-ақ, емдету керек.

Баланың құлағын зияннан сақтаумен бірге баланың сақ құлақ болуына да көмек көрсету керек. Құлақтың сақ, естімпаз болуы үшін баланың түрлі дыбысты ести беруі шарт. Сондықтан ана баланың жанында ешбір уақыт үндемей отырмауы керек. Дұрыс, ол анасының сөзін ұқпайды. Әйткенде де әдеттене берсін. Біз айтпай-ақ, баласы еш нәрсені ұқпаса да, баласын шын сүйген ана өзі-ақ айналып-толғанып жатады ғой.

Қысқасы, балаға қандайда болса дыбыс естіртпей қою дұрыс емес. Бала жансыз заттардан шығатын шуды, судың сылдырын, жібектің судырын, шөптің сыбдырын, темірдің қаңғырын, һәм жанды заттардан шығатын дыбыстарды, жылқының кісінеуін, қойдың маңырауын, мысықтың мияуын, құстың шырылын ести берсін. Бала малдың дыбысына еліктегіш болады. Бала қошақанша маңыраймын деп әуре болып жатады.

Баланың есту сезімін ілгерілету үшін біраздан балаға түрлі музыка құралдарының үнін естірте беру керек. Домбыраға түрлі күй тартып отырсаң, алдыңда отырған бала тырп етпей, шын ынтасымен тыңдап отырмай ма? Баланың есту сезіміне аса көп әсер беретін – бесік жыры. Баланы қолына алған, баланың бесігі жанына келген ана аузына тас салғандай үндемей отырмасын. Жырлай берсін. Бала сөзін ұқпаса да күйінен әсерленеді. Жас балаға қазақтың «Әлди-әлди, ақ бөпем» деп басталатын ескі бесік жырын жырлау керек. Бұл жырдың күйі де, сөзі де тәтті. Біраз есейген балаға жырлау үшін қазақ әйелі төмендегі бесік жырымен таныс болса игі болар еді.

Бесік жыры

Күнім, айым,
Еркетайым,
               Бөлейін енді.
Тыста дауыл,
Жатқан ауыл,
                 Ұйқың да келді.
Жұмсақ бесік,
Жылы төсек,
                Жата ғой, қозым,
Әлди, бөпем,
Әлди, бөпем,
                Ұйықта, жұм көзің.
Құлыншақтар,
Қозы, лақтар –
                 Бәрі-ақ ұйқыда.
Сен – жұлдызым,
Сен – көз нұрым,
                 Кір тәтті ұйқыға.
Сая жаным,
Балапаным,
                Соқсын дауыл, жел,
Болма алаң,
Сүйген анаң
                Сақтар, анық біл.
Беу-беу, бөпем,
Беу-беу, бөпем,
                Әлди, әлди-ай!
Сәулем, еркем,
Күні ертең
                Толарсың сен ай.
Пісіп алмам,
Толып бағлан,
                Жүгіріп жүрерсің.
Сұлу сүйрік,
Жорға жүйрік
                Тайға мінерсің.
Қара жарғақ,
Түлкі тымақ
                Шоқтап киерсің.
Қуанып, қалқам,
Ерке марқам,
                Қысып сүйермін.
Мініп тұлпар,
Алып сұңқар,
                Тауға кетерсің.
Сен боп сөзім,
Жасты көзім,
               Сағынып күтермін.
Қызық іздеп,
Қыздар көздеп,
               Елдер кезерсің.
Тарлан шүйіп,
Сұлу сүйіп,
              Үйден безерсің.
Қуып бақыт,
Тілеп тақыт,
            Жолдар шегерсің.
Жүрек жара,
Мен – бейшара,
            Жастар төгермін.
Қайнап қаның,
Батыр жаның
              Ерікке ұмтылар.
Сен еріме,
Жас бөріме
          Қарсы кім тұрар?
Алмас қылыш,
Найза құрыш
             Белге буарсың.
Сен, сырттаным,
Арыстаным,
            Жауды қуарсың.
Туған жерден,
Өскен елден
             Ерге не қымбат?
Жас жолбарыс,
Жаумен алыс,
             Шаңға, қанға бат.
Айбатыңды,
Қайратыңды
            Көріп қарт анаң
Төгіп жасын,
Жайып шашың,
           Тілер: «Бол аман!»
Күтем, күйем,
Көрсет, ием,
           Сол алтын күнін.
Ұйқың тәтті,
Ұйқың қатты,
           Қозым, құлыным.
Жаным да сен,
Тәнім де сен,
           Қарашығым-ай!
Әлди, бөпем,
Әлди, бөпем,
           Әлди, әлди, әлди-ай!

Есту сезімінің жан тұрмысына керектігі. Адамның дыбысы жан тұрмысына байлаулы. Жан жат болса, дауыс та жат шығады. Жан күңгірт болса, дауыс та күңгірт. Жанның терең түкпірінде жатқан ыстық сырларды ашып, шешіп беретін адам сөзінен қымбат дүниеде не нәрсе бар? Міне, бізді шет адамның жанымен шын табыстыратын нәрсе – осы есту сезімі.

Бізді сыртқы жаратылыспен таныстыратын да осы есту сезімі. Біз егер жануарлардың шулауы, бұлттың күркіреуі, судың сылдыры сықылды жаратылыстың түрлі әуенін естімесек, жаратылыс бізге жансыз, мылқау болып көрінер еді.

Есту сезімі адамның көру сезіміне де көп көмек көрсетеді. Көз нәрсенің сыртын көреді. Құлақ бізге бір заттың ішін, жанын шешіп береді. Грек данышпаны алдында тұрған кісіге: «Қане, сөйлеші. Мен сені көрейін»,– дейді екен. Мылқауға қарағаңда тума соқырдың ақылды, құлықты болуы һәм оның жанының, жүрегінің жұмсақ, нәзік болуы осыдан.

Адамның әділеттілікті сүю сезімін тереңдететін де – осы есту сезімі. Әдемі ән, сұлу күй бойды билеп, денені балқытып, адамға терең ой салмай ма?

Құлақтан қіріп бойды алар
Тәтті ән менен мұңды күй.
Жүрекке терең ой салар
Әнді сүйсең, менше сүй, –

дейді Абай. Күй адам жанын белгілі бір күйге түсіреді. Шат күй – шаттыққа, мұңды күй мұңға батырады. Кісі өлгенде өлім күйі, тойда қуаныш күйі, соғыста адамды есалаңдандырып көтеріп жіберетін соғыс күйі ойналуының мәнісі осы. Грек елінде бір әдемі ертегі бар. Орфей деген күйші күйімен, әнімен тағы аңдарды ұйытып алады екен. Қазақтың әдемі ертегісінде Қорқыт қайда барса да алдынан кез келе берген көрден, яғни жанын жеген өлім туралы ойдан құтылам ба деп бір тоқтаусыз қобыз тартатын болыпты. Қысқасы, баланың жаны кетік болмай, бүтін болсын десе, тәрбиеші баланы әннен, жырдан, музыкадан қашырмасын.

Сипау сезімі. Сипау сезімінің құралы – адамның терісі. Мидан һәм жұлыннан шығып, сипау нервтері теріге келіп бұтақтанады. Сипау нервтерінің көп жиылған жері – қол. Қол болғанда, саусақтардың ішкі жақ бас терісі. Мұнан соң – алақан, тілдің ұшы, ерін, мұрынның ұшы, саусақтардың сыртқы жағы, табан һәм жақ терісі. Сипау сезімінің ең әлсіз жері – арқа.

Сипау сезімі арқылы біз заттардың үстін, яғни қаттылығын, тегістігін, бұдырлығын, өткірлігін, топастығын һәм ыстықтығын, жылылығын, суықтығын білеміз.

Баланың сипау сезімін жақсы тәрбие қылудың керектігінде дау жоқ. Сипау сезімін тәрбие қылу үшін алдымен сипау сезімінің құралы – теріні түрлі зияннан сақтау керек. Теріні кір басып кетсе, сипау сезімі топас болып қалады. Екінші, балаға түрлі нәрсе бере беру керек. Сипау сезімі жақсы тәрбие қылынса, тіпті өткір болады. Мысалы, кассада отыратын адамдар саусағымен бір сипап жіберіп, қағаз ақшаның асылы мен жасығын айыра қояды. Соқырлар қолымен ақшаларды, һәм жазылған қағаз бен жай қағазды айырып біле алады.

Сипау сезімінің адамға қымбаттығы сонша, адамның көрген, яки естіген нәрсесін ұстап көргісі келмей қоймайды.

Ет сезімі. Ет сезімінің құралы – терінің астындағы ет. Етке келіп тараған қозғау нервтері бар. Ет сезімі арқылы біз өз денеміздің қандай халде екені, яғни қозғалып тұр ма, тек тұр ма, қозғалғанда қалай қозғалып тұр, тек тұрғанда қалай тек тұр, міне, осыны білеміз. Бұл бір. Екінші, ет сезімі арқылы түрлі заттардың салмағын білеміз.

Баланың еті оның ойыны мен секіруі, жүгіруімен өседі һәм бекиді. Сондықтан баланың еті жақсы өсіп, берік болсын деген тәрбиеші баланы ойыннан қыспау керек. Ал енді бала мектепке кіріп, сабақ оқи бастағанда оған әлсін-әлсін гимнастика жасату керек. Бірақ гимнастиканың шарттары бар. Сол шарттар табылмаса, гимнастикадан пайда орнына зиян шығады. Мысалы, гимнастика лайықты киімде, таза ауада болсын. Әсіресе гимнастика бір міндетті іс сықылды, сабақ сықылды болмасын. Мұндай гимнастикадан бала безіп кетеді.

Ет сезімі адамның жан тұрмысы үшін яғни адамның білімін арттыруына көп көмек көрсетеді. Біздің сыртқы дүниедегі заттар туралы толық білімді болуымызға осы ет сезім себепші. Заттардың түрін һәм салмағын біз осы сезім арқылы ғана білеміз.

Иіскеу һәм тату сезімдері. Иіскеу сезімінің құралы – танаудың терісі. Сол теріде иіскеу нервтері бар. Ауада ұшып жүрген иіс сол нервтерді қытықтап, одан әсер миға барады. Иістің арнап қойылған аттары жоқ. Иіс не заттан шықса, сол заттың атымен жүргізіледі. Мысалы, сасырдың иісі, жұпардың иісі деген сықылды.

Тату сезімінің құралы – тілдің үсті. Сол тілдің үстіне тату нервтері тараған. Негізгі дәмдер мыналар: тәтті, қышқыл, ащы, тұзды, тұщы.

Иіскеу һәм тату сезімдері адамның жан тұрмысы үшін аса қымбат сезімдер емес. Бұлар – денемізге қызмет қылатын сезімдер. Бұл сезімдер басқа ішкі сезімдерді оятуға ұста болады. Мысалы, жақын адамның иісі сіңген бір нәрсені иіскесең, әлгі адамың есіңе түсе қалады.

Жас бала қолына түскен нәрсенің бәрін аузына апарып салады. Мұның себебі ең алдымен оянатын – осы тату сезімі. Бала қолына түскен нәрсені татып білмекші болады. Балада татудан соң оянатын сезім – сипау. Біраздан соң көру һәм есту, бәрінен соң иіскеу сезімі.

Іскерлік

Адам жанында әсерлену болу үшін жалғыз әсерлену ғана емес, барлық жан көріністері болу үшін бір шарт бар. Ол шарт – іскерлік. Іскерлік сыртқы дүниедегі бір затқа яки ішіміздегі бір жан көрінісімізге, ойға, ішкі сезімге, қайратқа жанның төнуі, нүктеленуі деген сөз. Іскерлік болмаса, біз сыртқы заттардан әсер алып, олармен таныса алмаймыз. Ойымыздың дұрыс, ашық болуы, ішкі сезімдеріміздің жанды болуы, қайратымыздың түзу бет алуы осы іскерлікке байлаулы.

Іскерліктің түрлері. Іскерлік төмеңдегі түрлерге бөлінеді:

1. Әсер берген заттың яки көріністің мінезіне қарап екіге бөлінеді. Еріксіз іскерлік һәм ерікті іскерлік. Біз тілемеген уақытта яки тілегімізге қарсы бір нәрсе біздің іскерлігімізді еріксіз тартса, міне осындай уақытта болатын іскерлік еріксіз іскерлік деп аталады.

Мысалы, біз шын ынтамен бір кітап оқып отырмыз. Іскерлігіміз кітапта, кенет үй артында біреу ән шырқай бастады. Сонда осы ән біздің іскерлігімізді кітаптан еріксіз тартып алады. Ал енді егер біз өзіміз тілеп бір нәрсеге іскерлігімізді өзіміз аударсақ, міне осындай уақытта болатын іскерлік ерікті іскерлік деп аталады.

Мысалы, біз қазір бір өлеңді жаттап алайықшы деп жаттап отырғанда іскерлігімізді өз еркімізбен өлеңге жұмсап, жан-жақта сөйлесіп жатқан сөздерді естімейміз.

2. Іскерлік табандылығына қарап екіге бөлінеді: табанды іскерлік, табансыз іскерлік. Бір затқа қажымай қадалған іскерлік табанды деп аталады. Мысалы, жан-жаққа көз, құлақ салмай, бар дүниеден безіп үйрену үшін бір әнді қайта-қайта домбыраға салып отырған жігітте табанды іскерлік болып отыр. Ал енді бір затқа тұрақтай алмай, бірінен-біріне секіретін іскерлік табансыз іскерлік деп аталады. Өзі бір әнді домбыраға салып үйренем деп отырып, біресе сөзге кірісіп, біресе домбыра тартып отырған жігітте табансыз іскерлік болып отыр.

3. Іскерлік тартатын заттың тұқымына қарай іскерлік екіге бөлінеді: ішкі іскерлік һәм тысқы іскерлік. Сыртқы дүние затына жұмсалған іскерлік сыртқы іскерлік деп аталады. Өзіміздің бір көрінісімізге жұмсалған іскерлік ішкі іскерлік деп аталады.

Баланың іскерлігі. Баланың іскерлігі жеткен адам іскерлігінен көп төмен, көп нашар. 1. Баланың іскерлігі ерікті емес, еріксіз яғни бала өзі тілеп іскерлігін бір нәрсеге байлай алмайды. Бір нәрсе еріксіз тартса, сонда ғана бала іскер бола алады. 2. Баланың іскерлігі ішкі емес, сыртқы. Яғни сыртқы заттарға ғана іскер бола алады. Өз жанында болып жатқан көріністерге іскер бола алмайды. 3. Баланың іскерлігі табансыз. Бала бір нәрсеге табанды іскер болам десе де, бола алмайды. Бір нәрседен екіншіге әп-сәтте ауып жүре береді. «Жас бала жеңсікқой, әуесқой» деп қазақ дұрыс айтады. Балада табанды іскерлік 11–12 жастарда ғана бола бастайды.

Іскерліктің қымбаттылығы һәм оны тәрбие қылу жолдары

Іскерлік – жан тұрмысының негізі. Бала іскер болмаса, ешнәрсе ұқпайды һәм ешнәрсе үйрене алмайды. Іскерлік осындай қымбат болса, сөз жоқ, оны тәрбие қылу керек. Тәрбие қылудың жолдары мыналар:

1. Әсер күшті болса, бала еріксіз іскер болады. Мысалы, мұғалім қатты сөйлесін, тақтайға жазғанда айқын қылып жазсын, балаға көрсететін суреттің бояуы ашық болсын... Балаға кеспелі әліп-бидің берілетін себебі осы. Және де есте болу керек, әсер неғұрлым күшті болса, іскерлік те сонша күшті болады дедік қой. Ал енді сол әсердің өзінің күшті болуына бірнеше шарт бар. Бірінші, әсерді қабыл алуға сыртқы сезімдер неғұрлым көп қатынасса, әсер сонша күшті болмақ. Сондықтан балаға бір нәрсені білдірмекші болғанда, сол нәрседен әсер алуға баланың көп сыртқы сезімдерін қатынастыруға тырысу керек. Мысалы, баланы бір затпен таныстырмақшы болсақ, сол зат туралы сөйлеп қана қойма, алып келіп балаға көрсет, көрсетіп қана қойма, сол заттың суретін салдыр, суретпен ғана қанағаттанба, балаға балшықтан сол затты жасат. Әсердің күшті болып, іскерлікті көп тартуының бір шарты осы. Екінші, әсерді қабыл алу денеге қолайсыз болмасын. Денеге қолайсыз болса, әсердің қүші бітеді. Әсердің күші бітсе, іскерлік бітеді. Мысалы, бір нәрсеге қанша іскер болып отырсаң да, отыруың қолайсыз болса, іскерлік бітіп қалады. Баланы партаға жатқызбау, таяндырмаудың керектігі осыдан.

2. Әсер жеке болсын. Егер біздің көз алдымызда бір ғана зат тұрса, біз сол затқа іскерлікті көп жұмсап, тексеріп қараймыз. Егер бірнеше зат тұрса, іскерлігіміз бытырап, жақсы қарай алмаймыз. Бір әсермен әсерленіп, соған іскерлігін жұмсап отырып, екінші әсердің өзін тыйып қалу балада тіпті болмайтын жұмыс. Бала бір әсерден бір әсерге тез көше береді. Сондықтан балаға сабақ берген уақытта баланың алдында оның іскерлігін бөлгендей беріліп отырған сабаққа жанасы, қатынасы жоқ ешнәрсе тұрмасқа тиіс. Балада жақсы оқысам, молдадан мақтау, сый аламын, жаман болсам, молдадан таяқ жеймін, ұрыс естимін деген ой да болмасын. Мұндай болса, баланың іскерлігі соған жұмсалып, мұғалімнің беріп отырған сабағын білейін деген шын ынтамен тыңдамайды.

3. Әсер жаңа болсын. Әсер неғұрлым жаңа болса, іскерлікті сонша көп тартады. Бір нәрсе қанша жат, қызықты болғанмен, ылғи көз алдымызда тұрса, біраздан соң ол біздің іскерлігімізді оятпайтын болады, біз оны байқамайтын боламыз. Сондықтан бала іскер болсын десең, балаға әсерді жаңалап беріп отыру керек. Мысалы, бір сабақтың артынан екінші түрлі сабақ. Қазақтың ендігі жас балалары баяғы күн батқанша балдырған жас балаларды қалғытып, мүлгітіп «әліпсін-ә, әлбәсін-әй, әліптүр-әу» дегізіп шұлғытып қоятын надан молдалар заманында тумағанына қанша шүкірлік қылса да аз-ау. Түрлі сабақты ауыстырып отыру ғана емес, бір сабақтың өзін де түрлендіріп, жаңалап беруге болады. Мысалы, бір харіппен таныстырғанда, мұғалім әуелі харіпті көрсетіп, онан соң кеспе харіптің ішінен тапқызады. Онан соң жазғызады. Қысқасы, баланың іскерлігі сөніп қалмас үшін әсерді жаңалап отыру керек. Бірақ түрлендіргеннің жөні осы екен деп, үсті-үстіне бастырмалай беру жарамайды. Онда бала біреуіне іскерлігін тоқтата алмай қалады. Міне, баланы түрлі ойыншыққа көміп тастаудың дұрыс емес екендігі осыдан. Жаңа бастаған жас балаға 5–10 минуттан артық сабақ беру дұрыс емес.

4. Жаңа алынатын білім мен ескі білімнің қатынасы болсын. Біз өзіміздің туғандарымыз яки таныстарымыз туралы сөз естісек, іскерлікті жұмсап, құлақты түріп тыңдай қаламыз. Егер жат кісілер туралы сөз болса, тыңдамаймыз. Міне, балаға білім бергенде осы жолды ұстау керек. Яғни балаға білім бергенде жақыннан алысқа, таныстан жатқа көшіп, жаңа білімді ескі білімге байлап беру керек. Мысалы, балаға дыбыстарды айыртқанда, балаға таныс сөздерді алып, дыбыстарға айырту керек. Жағрафия оқытқанда тұрған ауылдан бастау керек.

5. Болашақ әсерге даярлану болсын. Яғни бір нәрсені күтіп барып жолықтырсаң, сол нәрсеге іскерлік күшті болады. Сондықтан мұғалім балаларға жаңа бір нәрсені білдірмек болғанда балаларды күткізіп, даярландырып қойсын. Мысалы, сұрауды жалпы класқа берсін. Сонда бар класс құлағын түріп тұрады.

Іскер болмау себептері. Жоғарғы айтылған шарттар табылмаса, адам іскер болмайды. Олардан басқа іскер болмаудың тағы мынадай себептері бар:

1) Дененің һәм жанның шаршауы. Жұмыс қылып дене шаршаса, яки бір іс істеп жан шаршаса, адамда іскерлік болмайды. Класта отырғанда баланың тез шаршауы оның ақылының жұмыс қылуынан, әсіресе тік отыруынан һәм ауаның бұзылуынан. Сондықтан сабақ уақытында балалар іскер болмай бастаса, мұғалім дереу балаларды босатып, жүгіртіп, ойнатып, кластың ауасын жаңарту керек. Бір сабақтың ішінде де балаларды тұрғызып, отырғызып гимнастика жасатып, ән салдырып алуға болады. Мұндайда бала сергіп қалады. Ән мен гимнастиканы бір келтіруге де болады. Бір сағаттық сабақтың орта кезінде солай істелсе, балалар тіпті көтеріліп қалады.

Мысалы, балалар қосылып айтады («У дедушки Якова семеро детей» әнімен – М.Ж.).

Баяғыда болыпты тоғыз тоңқылдақ,
Тоғызы, тоғызы, тоғыз тоңқылдақ.
Олар ішпейді, жемейді,
Қарнымыз ашты демейді.
Бір уақыт істеді былай
(дегенде екі қолды жоғары көтереді);
Құрсақтары тоғыздың тоғыз қорқылдап,
Тоғызы, тоғызы, тоғыз қорқылдап,
Сонда да олар жемеді,
Жыртаң-жыртаң күледі.
Сөйтіп істеді былай
(дегеңде қолдарын қанаттай жаяды);
Жата берді тоғызы тоғыз қоңқылдап,
Тоғызы, тоғызы, тоғыз қоңқылдап,
Олар ішпеді, жемеді,
Бәрі де аштан өледі.
Өлгенде істеді былай
(дегенде екі қолды төмен жібереді).

Мұғалімдер қолайлы тапса, осы өлеңді айтқызып, гимнастика жасатар. Әрине, бұл өрнек үшін ғана.

2) Жанның толқынданып тұруы, яғни бір іспен, яки уақиғамен жан толқынданып тұрса, жанда іскерлік болмайды. Толқын басылып, жан тыныштануы керек. Мысалы, ойнап, жүгіріп, ән салып тоқтасымен бала іскер бола қоймайды. Мұғалім осыны ескеру керек.

3) Іскер болмаудың үшінші себебі – бейғамдық (рассеянность). Бейғамдық тума да болады, жүре де болады. Бейғамдық екі түрлі – тіпті ешбір нәрсеге іскерлікті тоқтата алмайтын адамның бейғамдығы һәм бір нәрселерге іскер болып, басқа нәрселерге іскер болмайтын адамның бейғамдығы. Бұл екі бейғамдықтың бастапқысын бір ауру деп атауға болады. Бұл – терең, ұзақ тәрбие тілейді. Ал енді екіншісін зиянды бейғамдық деуге болмайды. Қайта мұндай бейғамдық данышпан адамдарда көп ұшырайды..

Жоғарыда саналған іскерлік түрлерінің ішінде адамға ең қымбаты адамның терең, толық білімді болуына себепші болатыны, сөз жоқ, ерікті іскерлік. Сондықтан тәрбиеші күшін баланың ерікті іскерлігінің өркендеуіне жұмсау керек. Ерікті іскерлікті өркендету әсіресе, жоғарыда айтылған іскерлік шарттарын орындаумен танылады.

Суреттеу

Суреттеу ұғымы. Бір заттан яки көріністен болған әсерлену, зат яки көрініс жоғалса, ол да, яғни әсерлену де тоқтайды. Бірақ әсерлену өзі тоқтағанмен, жоғалғанмен, оның жанда ізі қалады. Яғни жанды заттың яки көріністің суреті қалады. Мысалы, біз жаздыгүні көрген кемпірқосақты қыстыгүні суреттей аламыз.

Міне, осы заттың өзі бізге әсер беруден тоқтаған күңде де, біздің ой мен жанымызда сол затты тірілте алуымыз, сол заттың суретін көз алдымызға алып келуіміз суреттеу деп аталады.

Суреттеу мен әсерлену арасындағы айырма. Суреттеу мен әсерлену арасындағы айырмалар: 1) әсерленудің болуына жан да, дене де қатысады. Ал енді суреттеу – жалғыз жанның ғана ісі; 2) әсерлену әсер беріп тұрған зат болса болады. Зат жоғалса, тоқтайды. Ал енді суреттеу қайта зат жоғалса – болады; 3) суреттеудің күші әсерленудің күшінен кем болады. Мысалы, күн күркіреуді есту бар. Күн күркіреуді еске түсіріп, оймен суреттеу бар. Күн күркірін ойлап, суреттеп отырғанда біз естіп отырғандағыдай қорықпаймыз. Ал енді егер суреттеудің күші әсерленудің күшіне жетсе, ол уақытта суреттеу ауруға айналады. Аурулы суреттеу галлюцинация деп аталады.

Галлюцинация – бізге ешбір әсер бермеген бір затты яки көріністі суреттеу деген сөз. Бұл адамның миы, жалпы сау болмағандықтан болады. Мысалы, өлген адамды көру, жын, пері көру, әлдеқайдағы бір затты көру, жоқ дауысты есту сықылды. Қазақтың бақсы-балгері осы галлюцинация ауруына ұшырағандар ғой.

Суреттеулердің бөлінуі. Суреттеулер ауданына қарап екіге бөлінеді: жалқы суреттеу һәм жалпы суреттеу. Егер біз жалқы бір затты суреттесек, жалқы суреттеу деп аталады. Мысалы, Сәрсенбай деген бір жалқы адамды суреттеу болады. Ал енді біз бір-біріне ұқсас, тұқымдас көп затты суреттесек, жалпы болады. Мысалы, жалпы сиырды суреттеу жалпы суреттеу болып шығады.

Суреттеулер ішіне қарап тағы екіге бөлінеді: жабайы һәм күрделі суреттеулер. Заттың өзін емес, сынын ғана суреттеу жабайы суреттеу деп аталады. Мысалы, қаралықты яки қызылдықты суреттеу сықылды. Ал енді затты барлық сындарымен суреттеу күрделі суреттеу деп аталады. Мысалы, қара сиыр, жирен атты суреттеулер сықылды.

Баланың суреттеулері. Бір затты дұрыс суреттей алу үшін сол заттан адам жанында көп әсерлену болу шарт. Егер бір заттан бірлі-жарым ғана әсерлену болса, ол уақытта заттың барлық сыны жанда қалмайды. Баланың әсерленулері әлсіз. Бұл – бір. Сыртқы заттармен бала жаңа танысып келеді, яғни балада әсерлену әлі көп болған жоқ. Бұл – екі. Міне, осы себептерден бастапқы кезде баланың суреттеулері дұрыс болмайды. Жас балада бір заттан әсерлену болғанда, заттан түгел әсерлену емес, сол заттың бір балаға жат көрінген сынынан ғана болады. Мысалы, бала қанттан әсерлену алғанда қантты қатты ақ зат деп емес, тура тәтті бір зат деп қана біледі. Сондықтан ол екеуі де тәтті болғандықтан, қант пен кәмпитті айыра алмайды.

Балада дұрыс суреттеу болу үшін оның жанында көп һәм ашық әсерленулер болуы шарт. Сондықтан тәрбиеші баланы көп заттан әсерлендіруге, әсерлендірген соң, дұрыс һәм ашық әсерлендіруге ыждиһат қылу керек.

Суреттеу ассоциациясы

Біздің жанымызда сансыз көп суреттеулер бар. Осы суреттеулер қанша көп болғанымен, біз оларды бір-біріне араластырып, жанастырып алмаймыз. Мұның себебі біз суреттеулерді байлам-байлам қылып байлаймыз да, жанымыздың әр түкпіріне тастаймыз. Бізге бір байламның ішіндегі бір суреттеу керек болса, біз сол суреттеулерді алып келеміз. Бұл суреттеу анау өзімен бірге байлаулы тұрған суреттеулерді бірге ала келеді. Міне, осы суреттеулерді бір-біріне байлау суреттеулер ассоциациясы деп аталады. Бірақ суреттеулерді беталдына бір-бірімен байлай беруге болмайды. Байлаудың яғни ассоциацияның белгілі жолдары бар. Олар: 1) жақындық ассоциациясы; 2) тұқымдастық ассоциациясы.

Жақындық ассоциациясы

Бір уақытта яки бірінің артынан бірі болған әсерленулерді біз бір байлам қылып тастаймыз. Яғни сол бір уақытта яки бірінің артынан бірі болған әсерленулердің біреуін суреттегенде, сонымен бірге байланған әсерленулер өздері келіп суреттеледі. Жақындық ассоциациясы дегеніміз осы. Жақындық ассоциациясы екі түрлі болады: 1) орында бірлік ассоциациясы һәм 2) уақытта бірлік ассоциациясы.

Орында бірлік ассоциациясы. Біз бір затты суреттесек, сол заттың жаныңда тұрған басқа заттарды да суреттемей қоймаймыз. Мысалы, біз киіз үйдің оң жақ босағасында тұрған кебежені суреттесек, соның жаныңда тұрған қазан, ошақ, шелек, астау өздері ана кебежеге еріп келіп суреттеледі.

Балада осы орында бірлік ассоциациясы күшті болады. Мұның себебі бала басқа сыртқы сезім құралдарына қарағанда көзді көп жұмсайды. Балаға не нәрсе үйретсең де, көрсетіп (наглядно) үйрету керек екендігі осыдан. Балаға берілетін кітаптың ірі харіппен басылуы және осыдан. Орында бірлік ассоциациясы балаға, әсіресе жағрафия оқығанда көп көмек көрсетеді. Картадан бала бір жерді атаса, соның жанындағы екінші жер көз алдына елестей қалады.

Уақытта бірлік ассоциациясы. Бір уақытта яки бірінің артынан іле-шала суреттеулердің бірі келсе, басқалары да соған еріп келеді. Мысалы, біз ұстау үшін бір атқа құрық салғанымызды суреттесек, аттың үркіп кеткендігі, біраз барып тоқтағаны, біздің жүгендегеніміз өздері келіп суреттеледі. Уақытта бірлік ассоциациясы балаға әсіресе тарих оқығанда көп көмек көрсетеді. Бір нәрселерді, мысалы, өлең жаттағанда да біз осы уақытта бірлік ассоциациясымен пайдаланамыз. Яғни белгілі бір сөздерді бірінің артынан бірін айтуға біздің кеңірдегіміз машинаша үйреніп қалған болады. Егер жаттаған өлеңді суылдатып айтып отырғанда тоқтай қалсақ, біз қазір жаңылып қаламыз.

Осы уақытта бірлік ассоциациясына ұқсас, себеп ассоциациясы бар, яғни екі көрініс іле-шала бірінің артынан бірі келеді. Соңғы көріністің болуына әуелгі көрініс себеп болады. Сіреңке сызсаң, жарық болады. Бірақ барлық бірінің артынан іле-шала бірі болатын екі көріністің әуелгісі соңғының болуына себеп деуге болмайды. Бұлай болу әншейін тура келіп қалудан, қазақ айтқандай, мергеннің басуына құланның қасынуы тура келгеннен яки басқа бір себептен болуға мүмкін. Мысалы, қонақ келген күні қой егіз тапса, қонақтың құттылығынан емес. Қой егіз қозыны қонақ келген соң көтерген жоқ қой одан пәленше ай бұрын көтерген. Қойдың егіз табуы қонақтың келуіне тура келіп қалды.

Бірінің артынан бірі болатын екі көріністің біреуі біреуіне ылғи себеп болып отырады деп ұғу адамды зор қатаға түсіреді.

Қазақтың неше түрлі ырымдары осы қате ұғынудан туған. Тәрбиеші баланы осы қатеден, яғни ырымшыл болудан сақтау керек.

Тұқымдастық ассоциациясы

Біз бір нәрсені суреттесек, соған тұқымдас, ұқсас екінші нәрсе бір орында, бір уақытта болмаса да, ана нәрсеге өзі еріп суреттеледі. Тұқымдастық ассоциациясы дегеніміз осы. Тұқымдастық ассоциациясы екі түрлі: 1) ұқсастық ассоциациясы һәм 2) қарсылық (контраст) ассоциациясы.

Ұқсастық ассоциациясы. Біз бір нәрсені суреттесек, соған ұқсас екінші бір нәрсені де суреттейміз. Мысалы, біз бір адамды суреттесек, сол адамымыз пішіні, сөзі, жүріс-тұрысымен біздің бір досымызға ұқсайтын болса, сонда біз мынау досымызды да суреттейміз.

Осы ұқсастық ассоциациясы бойынша оқуды тез һәм жақсы меңгеріп алу үшін оқу материалын концентр қылып құрудың керектігі келіп шығады. Концентр – бір пәнді басқыштап, кеңейтіп оқыту деген сөз.

Қарсылық ассоциациясы. Бір нәрсені суреттегенде соған тіпті ұқсамайтын қарама-қарсы нәрсені суреттеуге болады. Қысты суреттегенде – жазды суреттеу, қараны суреттегенде – ақты суреттеу, байды суреттегенде кедейді суреттеу сықылды. Бұл қарсылық ассоциациясы тұқымдастық ассоциациясына жатады. Себебі біз тұқымы жат екі нәрсені бір-біріне байлай алмаймыз. Суреттегенде, соған қарсы болып, тіпті тұқымы жат екінші нәрсе суреттелмейді. Мысалы, қысты суреттегенде, оған қарсы сиырды суреттемейсің, бәлки жазды суреттейсің. Себебі қыс пен сиырдың тіпті тұқымы басқа.

Балаларды оқытқанда қарсылық ассоциациясының көп пайдасы тиеді. Бір нәрсені балаға ашық ұқтырмақшы болсаң, сол нәрсенің қарама-қарсысын алып кел. Мысалы, балаға жер ортасының ыстығын түсіндірмекші болсаң, солтүстіктің суығымен салыстыр.

Ес (зейін)

Ес һәм еске түсіру. Суреттеулерді жанның жоғалтпай сақтай білуі ес деп аталады. Ал енді сақталып тұрған суреттеулерді бұрынғы түрі, бұрынғы ретімен жанның тірілтіп алып келе білуі еске түсіру деп аталады.

Әр адамның есі әр түрлі. Кейбіреулер тез алып, яғни тез жаттап алып, тез ұмытады. Кейбіреулер шабан алады, бірақ тез ұмытпайды. Кейбіреулер тез алады, сонда да ұмытпайды. Адамның білімді болуына, әрине, естің осы төртінші түрі, онан соң үшінші түрі пайдалы.

Адамның есі тағы төмендегі түрлерге бөлінеді:

1) Көру есі. Көру есі күшті адам нәрсенің сыртқы түрін есінде ұстап қалады. Мысалы, таныс адамдарының пішіні есінде болады, аты, фамилиясы есінде болмайды. Яки бір шәкірт бір пәннің бір жерінен жауап беріп тұрғанда сол пән кітабының айтып тұрған сөздер жазылған бетін көргендей болады.

2) Есту есі. Есту есі күшті адам заттың дыбысын есінде ұстампаз болады. Мысалы, кейбір адам таныс адамдарының аты, фамилиясы, пішінін де ұмытып қалып, жалғыз даусын ғана есінде ұстайтын болады. Яки кейбір шәкірт сабақты өзі оқығаннан да мұғалімнің сөйлегенін тыңдағанда тез жаттап алатын болады.

3) Қозғалу есі яки мотор есі. Қозғалу есі күшті адам заттың қозғалуын есінде ұстайтын болады. Мысалы, кейбір адам таныстарының жүріс-тұрысын ұмытпайтын болады. Адамда осы ес түрлерінің біреуінің күшті болуы көбінесе тұқым қуалайды. Мысалы, әнші, домбырашы, өлеңшінің баласында есту есі күшті болады. Және бір адам көңіл қойған нәрселеріне есті болып, көңіл қоймағандарына ессіз болуға мүмкін. Мысалы, өлеңші өлеңді тез жаттампаз болады. Атақты жаратылыс ғалымы Линей өсімдік аттарын жаттауға шебер болған да, шет тілдерді үйренуге тым-ақ топас болыпты.

Адам өмірі үшін естің керектігі. Ес өмір үшін аса керек. Ес болмаса, бүгін жаттағанын бүгін ұмытып тұрса, өмірінде адамның білімі артпас еді. Адам адам да болмас еді. Ес болса ғана адам білімді бола алады. Ес болса ғана адам дұрыс ойлай алады. Ес неғұрлым мол, бай болса, ой да терең болады. Терең ойлы адамдардың аса есті болғандығы бізге тарихтан белгілі. Балада ес болмаса, оған ешбір нәрсе үйретуге мүмкін емес. Сондықтан тәрбиеші баланың есті болуына аса көп күш жұмсау керек.

Баланың есі. Жеткен адамның есіне қарағанда баланың есі тым әлсіз. Бала тез ұмытады. 2–3 жасар бала аз уақыт ата-анасынан айырылып тұрса, оларды танымай қалады. 9–12 жасар бала шетелде ана тілін біржола ұмытып қалады. Бала ұмытып қалып, бір нәрсенің атын қайта-қайта сұрай береді, бір көрген нәрсесін қайта-қайта қарай береді. Ес түрлерінен балада есту есінен көру һәм қозғалу есі күшті.

Есті өркендету жолдары. Естің өркендеуі үшін төмендегі шарттардың орындалуы керек.

1) Әсердің күштілігі. Әсер күшті болса, есте ұзақ ұсталады. Мысалы, қатты дауыл, сұрапыл боран сықылды күшті көріністер тез ұмытылмайды. Қатты дауыс пен ашық ұқтырылған сабақ баланың есінен шықпайды. Бір сабақтан бала күшті әсер алу үшін баланың сол сабаққа құмар болуы шарт. Баланы құмар қылу үшін мұғалім өзі құмар болу керек. Мұғалім сабақ бергенде өзі есіней түсіп, ыңылдап тұрса, шәкіртте құмарлық бола ма?

2) Сыртқы сезімдердің көбінің қатынасуы. Бір затпен танысқанда сыртқы сезімдердің көбі қатынасса, ол зат ұмытылмайды. Міне, балаға бір нәрсені білдіру керек болғаңда, осы жолды ұстау керек. Яғни, мүмкін болғанынша, баланың сыртқы сезімдерінің көбін қатынастыру керек. Мысалы, бір заттың түрін де көрсет, дыбысын да естірт, ұстатып та көр, иіскет, дәмін татқыз, сипат, суретін салғыз. Баланың жаратылысының өзі осыны тілейді. Бала өзінің көрген нәрсесін ұстағысы келеді, естіген нәрсесін көргісі келеді. Ұстаған нәрсенің дәмін татқысы келеді. Міне, осы жолды ұстағанда баланың білімі берік болмақ. Мысалы, дұрыс жазу үшін құр ережелерді білу жетпейді. Қолдың, көздің, құлақтың әдеттенуі шарт.

3) Жаңа білімді бұрынғы біліммен байлау. Бір нәрсенің еске тез алынуы һәм естен тез шықпауы үшін ол нәрсенің бұрын есте бар нәрсеге байлануы шарт. Мысалы, саудагер заттардың бағасын есте ұстампаз келеді. Мұғалім осыны ескерту керек. Яғни бір нәрсені бала есіне тез алсын һәм есінде ұзақ ұстасын десе, балаға жаңа беретін білімді жат күйінше бермесін, баланың бұрынғы таныс білімдеріне байлап берсін.

4) Пысықтау. Бала жаңа білімді неғұрлым көп пысықтаса, есінде сонша берік болып қалады. Бұрынғы Рим елінен қалған бір дұрыс мәтел бар «пысықтау – білудің анасы» деген. Мұғалім балаға оқытқан нәрсесін көп пысықтату керек. Бірақ, мұғалім, құрғақ жаттауға кірісіп, баланы бұзып алып жүрме.

Осы жоғарыдағы айтқан шарттар табылмаса, адам ессіз, ұмытшақ болады. Бірақ психология пәні адамда біржола ұмыту болмайды дейді. Яғни адам бір білген нәрсесін біржола ұмытпаса керек. Тек кейбір нәрсені еске түсіру қиын болады дейді.

Адамның жасындағы өзгеріске қарап ес өзгерісі. Бастапқы кезде нәрсені еске шабан алып, тез ұмытады. Естің аса күшті болатын кезі – 7 мен 15 жас арасы. Сыртқы дүниемен, адамзат тұрмысымен жаңа таныс болып келе жатқанда адам бір нәрсені білуге, бар білгенін есте ұстауға ұмтылады. Естің қатынасуын қатты керек қылатын ғылымдарды үйренуге нағыз қолайлы шақ – осы 7 мен 15 арасы. Бұл жеткіншектік шағы деп аталады. Бұл жасында бала өмірлік білім даярлайды. Яғни бұл жаста баланың міндеті ой жүргізіп білімді іске асыру емес, білімді молайта беру, даярлай беру, бар нәрсені еске ала беру. Ал енді жігіттік жасында адам жаңадан жаттай беруге емес, бар білімді оймен тереңдетуге ұмтылады. Жігіттіктен соңғы кекселік шағында адам ойын белгілі бір бетке салып, өзінің ұстаған жолына қатынасы бар нәрселерді ғана еске алатын болады. Ал енді шалдық шағында адамның есі бірте-бірте сөне бастайды. Бір нәрсені тез еске алмайтын, алса, тез ұмытып қалатын болады. Шалдық шағында адамның жас күніндегі естері көзге елестей береді. Шалдардың жастық шағын кеңес қыла беретіңдері сол. «Балаларым, тегі, мен қартайсам керек, жастықтағы істерімді көп айта беретін болдым-ау!» – депті Абылай хан.

Қиял

Қиял ұғымы. Жанның өзінде бұрыннан бар суреттеулерден жаңа суреттеулер жасай алуы қиял деп аталады.

Мысалы, қанатты ат, яғни тұлпар болады деп қиял қылу, жеті басты адам яғни жалмауыз болады деп қиял қылу сықылды. Бірақ адам жанында тіпті болмаған суреттеулерден сурет жасай алмайды. Мысалы, тума соқыр заттардың түстері туралы қиял жүргізіп, түстерді ешбір уақыт біле алмақ емес.

Еріксіз һәм ерікті қиял. Егер жанымыздағы суреттеулерді біз билемей, суреттеулер бізді билеп алып кетсе, яғни жанымыздағы суреттеулерден жаңа бір суреттеу жасаймыз деп өзіміз қайрат жұмсамай, бар суреттеулерден жаңа суреттеулер өздері жасала берсе, міне, жанның осы ісі яғни бұрынғы суреттеулерден жаңа суреттеудің өз еркімен жасалуы еріксіз қиял, бос қиял яки мечта деп аталады. Ояу отырып берекесіз бос қиялға батып отыру, яки ұйықтап жатқанда түс көру сықылды. Ал енді жанымызда бар суреттеулерден жаңа суреттеулерді қайрат жұмсап, өзіміз тілеп жасау ерікті қиял, берекелі қиял яки фантазия деп аталады. Мысал үшін Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамалын» алайық. Дәл романда суреттелгендей Жамал деген қыз қазақта болған емес. Бірақ Нұрила, Сағила, Аққыз, Ақбала... деген қазақтың қыздары бар. Осы – сүйгенімен қосыла алмай, қосылса, бақытты өмір сүре алмай, сар даланы көз жасымен көл қылатын қазақтың сорлы қыздарын оймен бірге жинасаң, солардың бәрінен сорлы, бәрінен бақытсыз Сәрсенбайдың Жамалы келіп шығады. Міне, Міржақып жанында бұрыннан бар суреттеулерден яғни Нұрила, Сағила, Аққыз, Ақбала... суреттеулерінен жаңа суреттеуді, яғни бақытсыз Жамал суретін қайрат жұмсап өзі тілеп жасап отыр.

Фантазия төмендегі жолдармен жасалады:

1) Заттардың өздерін яки олардың бір мүшелерін зорайту яки кішірейтумен. Мысалы, біз бойы бір тұтам ергежейлі деген адам болады екен деп, төбесі көкке тиіп жүретін алып болады екен деп қиял қыламыз.

2) Әр заттың түрлі мүшелерін алып қосумен. Мысалы, адам басты, ит кеуделі, жылан құйрықты бір жануар болады-мыс деп қиял қылу сықылды.

3) Реті келгеңде өздері де жиыла алатын көріністерді бір суретке жиюмен, түрлі адам мінездерін бір адамға жиюмен. Мысалы, Міржақып Нұрила, Сағила, Аққыз, Ақбалалардың мінезін һәм олардың тұрмысындағы болған көріністерді, уақиғаларды Жамалға жинап отыр. Міржақып қолдан жасамай-ақ, сондай мінезді, сондай тұрмысты Жамал деген қыздың шынында болуы да мүмкін.

Адам өмірі үшін фантазияның керектігі. Фантазия өмірдің гүлді, көрікті болуының түпкі діңгегі. Фантазиясыз адам – тұсаулы есек. Фантазия ақылды кеңітеді. Фантазиясыз жаңадан бір нәрсені ойлап табуға мүмкін емес, фантазия құлықты түзейді. Біз құлықсыз адамның орнына өзімізді қойып, құлықсыздықтан жиренеміз. Фантазия әдемілік сезімін тереңдетеді. Біз неше түрлі әдеміліктерден фантазия арқылы ғана ләззат ала аламыз.

Фантазиясыз адам өмірі үнсіз, түссіз бір нәрсеге айналмақ. Мылқау өмірге үн беретін, сақау өмірге тіл беретін, жоқты бар қылатын, барды гүлді, көрікті қылатын, бізді арсыға аяқ басқызып, тәңірімен тілдестіретін – сол фантазия. Осы фантазияны қазақтың ең терең сыршыл ақыны Шәңгерей Бөкеев мынадай деп суреттейді:

Таудағы тас ұядан,
Лашындай сарыққан қиядан
Шалқып сөзім шығады,
Ойласам пікір-қиялдан.
Аспалап қиял кетеді,
Шыққан оқтай жаядан.
Жасындай барып жалт етіп,
Көк капусын ашады,
Жарығына алданып,
Дидарға қадам басады...

Баланың қиялын – фантазиясын тәрбие қылу жолдары. Біз жоғарыда қиял деген жандағы бір суреттеулерден жаңа суреттеу жасау дедік. Бұдан көрінеді: қиял терең һәм бай болу үшін жанды суреттеулер көп болу керек екен. Адам неғұрлым білімді, тәжірибелі болса, қиялы да сонша бай болсын десек, оның білімді болуына ыждиһат қылу керек. Бала тұрмыспен көзбе-көз таныссын. Оның есінде, жанында көп білім болсын, жан-жануардың тұрмысын бақыласын. Жаратылыстың тұрмысымен таныс болсын. Міне, сонда баланың қиялы өткір һәм бай болмақ.

Қиялды өркендетудің екінші жолы – баланы қиялды аса керек қылатын ғылымдармен таныс қылу: әдебиет, тарих, жағрафия, жаратылыс сықылды.

Сөз арасында арнап қазақ баласының қиялы туралы бір-екі сөз айтып өтейік. Жаратылыстың құшағында, меруерт секілденген көк шатырдың астында, хош иісті жасыл кілем үстінде күнмен бірге күліп, түнмен бірге түнеріп, желмен бірге жүгіріп, алдындағы малымен бірге өріп, сары сайран далада туып, өсетін қазақ баласының қиялы жүйрік, өткір, терең болуға тиісті. Бірақ қазақ қиялы тәрбие көрген жоқ, әлі тағы, әлі бала. Біз күндер, жылдар өткен соң қазақ қиялы тәрбие алып, тереңдеп, адамзат дүниесін бастайтын бір жарық жұлдыз болар деп иманымыз кәміл.

Тағы бір сөз. Орыс учительдерінің аузыңда және солардан сабақ алған қазақ оқығандарының аузында бір сөз бар – қазақ баласы әдебиет, тарих сықылды ғылымдарға зерек болмайды, бәлки математика, есеп пәніне зерек болады деген. Мен бұл пікірді қате ме деп ойлаймын. Менің ойымша, қазақ баласы математикаға емес, әдебиет, тарих, жағрафия, жаратылыс сықылды ғылымдарға зерек болуға тиісті. Дәлелім: қазақ баласының жаратылысы осыны тілейді. Баланың атаға тартуы рас болса, сиқырлы даланың баласы қазақ баласы да қиялқұмар болуға тиісті. Яғни ол әдебиет, тарих сықылды қиялды көп керек қылатын ғылымдарға ұмтылуға тиісті. Ал енді орыс школасында оқыған қазақ баласының математикашыл болуы: әдебиет, тарих сықылды ғылымдарды сөйлеуге, жазуға орыстың тілін білмеген соң бейшара қазақ баласы тіл керек қылмайтын математиканы, есепті айналдырмағанда қайтсін.

Баланың фантазиясы һәм оның өркендеуі. Балада қиял ерте оянады. Бірақ оның жанында суреттеулер аз болғандықтан, қиялы да бай емес. Әйткенмен де бала әсерленімпаз болғандықтан, оның аз, тайыз қиялы ашық, жанды болады. Бала түсін өңім деп біледі. Балаға дүниедегі бар заттың бәрі жанды сықылды көрінеді. Баланың түсінуінше дүниеде мүмкін емес нәрсе жоқ. Бәрі мүмкін, бәрі болатындай. Бала ертегінің бәрі шын деп ұғады. Жоғарғы ерні қыбырлап, төменгі ерні жыбырлап Қобыландының Тайбурылы сөйлейді десең, көк ешкінің құйыршығы жұлынып қалған соң, бір құйыршық бала болыпты десең, қотыр тай құрық салғанда құнан болды, жүгендегенде дөнен болды, ерттегенде бесті ат болды десең, бала осылардың бәрін шын көреді.

Ертегі. Жан тұрмысы өркендеу үшін, яғни ойы, ақылы кеңейіп, құлқы түзеліп, тілі баю үшін жас балаға ертегі – тым қымбат нәрсе. Бала ертегіні жан-тәнімен тыңдайды. Ертекке шын көңілімен нанады. Бала құрғақ ақылды ұқпайды. Жандандырып, суреттеп алып келсең ұғады. Мысалы, балаға өтірік айтпа деген құрғақ сөзің желге айтылғанмен бірдей. Егер сен балаға өтірікші туралы ертек айтсаң, сол ертекте өтірікшінің өтірігінен қор болғанын, зиян көргенін суреттеп алып келсең, міне, бала өтірік айтпау керек екендігін сонда ұғады. Қысқасы, балаға ертегі – тым қымбат нәрсе. Бірақ ертегінің ертегісі бар. Кейбір ертектер баланы бұзудан басқаға жарамайды. Мысалы, дию, пері, жалмауыз кемпір, аруақ, көрден кебінін жалмап шығатын обыр, жын- шайтан секілді ертегілерді балаға айту тіпті дұрыс емес. Мұндай ертегілер баланы бұзады, қорқақ, жасық қылады. Қазақтың баланы «бөки келеді», «қызыл көз келеді» деп қорқытулары да тым-ақ жарамайтын іс.

Бала ойыны. Баланың қиялы әсіресе ойыңда жарыққа шығады. Ойын – балаға кәдімгідей бір жұмыс. Ойнағанда бала әсерлерімен пайдаланады. Айналасындағы тұрмыста нені көрсе, соны істейді. Мысалы, қазақ баласы біреуі ат болып қашады, біреуі құрық салады. Шырпыларды тізіп-тізіп көш жасайды. Балшықтан мал жасайды, қуыршақтан қыз жасап, таныстырады, күйеу келтіреді, құда түсіреді.

Жалқы һәм жалпы ойын. Тіпті жас бала жалқы ойынды – жалғыз ойнауды жақсы көреді. Әлі тілі еркін жетілмегендіктен, ол басқа балалармен қатынаса алмайды. Ал енді өскен сайын жалпы ойынды бірігіп ойнауды жақсы көре бастайды. Жалғыз ойнаса, іші пысады. Жалпы ойын баланың тілінің өркендеуіне көп пайда. Бірігіп ойнағанда тоқтаусыз қозғалып, күліп, былдырлап сөйлей береді. Жалпы ойын жалпы тұрмысқа яғни басқа адамдармен бірігіп тұруға үйретеді. Өзінің сөзін, тілегін біреуге тыңдатып, басқаның тілегін, сөзін өзі тыңдап, қысқасы біріккен тұрмыстың бірінші шарты – жалпы заңдарды орындап, атқарып үйренеді. Ал енді жалқы ойын яғни жалғыз ойнау баланың алаңғасар, еліктегіш болмай, өз ісіне ынталы, тиянақты болуына пайдалы. Бірақ осы екі түрлі ойынның екеуінің де кемдік жағы бар. Ылғи жалғыз ойнап үйренген бала тағы, менменшіл болып, ылғи көппен бірге ойнап үйренген алаңғасар, тиянақсыз, еліктегіш болып шығуға мүмкін. Сондықтан дұрысы – ойынның екі түрін кезекпен ауыстырып отыру.

Осы түрдің қай түрімен болса да ойнап отырған баланың ойынын бақылауға тәрбиеші міндетті. Бірақ бақылаймын деп бүлдіріп алма. Бүлдіріп алу былай болады: былай ойна деп бұйырсаң, баланың ойыннан ынтасын суытып аласың. Баланың ойынына үлкен адам кіріссе, балаға ойынның қызығы бітеді. Ойын – баланың өз ісі. Баланың ойынына кірісуші болма. Баланы бір нәрсені бүлдірмес үшін тек шеттен бақыла. Есте болу керек, бақыла деген сөз қарауылда тұрған солдаттай қабағыңды түйіп қақиып тұр деген сөз емес. Олай тұрсаң, бала ойнай алмайды. Егер енді баланың ойынына қатысқың келсе, өзің бала болып қатыс. Яғни ойындарына бөгет, оралғы болма. Балалар сенің жеткен адам екеніңді сезбейтін дәрежеде болсын.

Ойыншықтар. Ойыншық деген сөз – баланың жанындағы суреттеулердің белгісі деген сөз. Балаға уқалауына көнетін, не қылса соған жарайтын жабайы ойыншық баланың ішін пыстырады. Балаға нағыз қолайлы ойыншық бір үйім құм деген бір педагогтің сөзі дұрыс сөз. Базардан алып келген әшекейлі ойыншығыңнан бірде құрық болатын, бірде ат болатын бір шыбық балаға көп артық. Әшекейлі жат бір ойыншықпен бала сүйіп ойнамайды. Алады да, сындырып тастайды. Және балаға көп ойыншық беру жарамайды. Олай болғанда балада іскерлік болмайды.

Ойлау

Ойлау ұғымы. Әсерлену, суреттеу, еске түсіру, қиял жүргізу арқылы біз бір затты түгелімен білеміз, яки оның бөлімдерін, мүшелерін білеміз. Мысалы, мен бір жылқыға қараймын, оның бар мүшелерін, ол мүшелердің қандай екенін һәм қандай қызмет атқаратынын байқаймын. Осылай тексеріп қараған соң сол жылқы көз алдымнан кетсе де, мен оны суреттей аламын, бірталай заман өтсе де мен оны еске түсіре аламын. Егер көп жылқыны көрген болсам, қиял жүргізіп, басқа түрлі жылқыны да суреттей аламын. Мысалы, бір арғымақ жылқы болар деп ойлай аламын. Міне, менде осы жоғарыда айтылған жан көріністері болса, мен жылқыны білген боламын. Тағы мен жылқыны қарап, тексеріп тұрып мынадай нәрселер істеймін: жылқыға мына мүшелер неге керек екен, мына бір мүше болмаса, жылқыға не болар деп ойлаймын, яғни жылқының мүшелерінің арасыңдағы байламды табамын. Бұл ғана емес, тағы ойлаймын, жә, жылқының мүшелерінің арасында мынадай байлам бар екен. Бұл жылқының мүшелері қойдың мүшелеріне ұқсай ма – ұқсайды. Жылқының ана мүшесі қойдың ана мүшесіндей, мынасы мынасындай. Ә, қой мен жылқы, екеуі де төрт аяқты жануар екен деймін. Енді мен жылқыны жалғыз біліп қана тұрғам жоқ, ұғып тұрмын. Яғни жылқының мүшелері арасында қандай байлам барын, жылқы мен басқа төрт аяқты жануар арасында қандай ұқсастық, қаңдай айырма барын мен ұғып тұрмын. Міне, осы заттарды ұғу үшін жұмсалатын жан көрінісі ойлау деп аталады. Ойлау ұғым, хұкім һәм ой тізулерді жасаумен болады. Енді осы үшеуін шешейік.

Ұғым һәм оның жасалуы. Бір-біріне ұқсас бірнеше заттарды суреттесек, біз сол заттарды бір-бірімен салыстырамыз. Мысалы, біздің жанымызда суреттері бар көп адамды біз бір-бірінен айырамыз. Себебі оларды бірінен-бірін айыратын сындары бар. Бірақ сол адамдардың айыратын сындары болған сықылды соларды бірін-біріне ұқсататын да сындары бар. Дене бітімдері сықылды. Әрине, салыстыру үшін заттарды тар тапта алсақ, олардың ұқсастықтары көп болады. Егер кең тапта алсақ, ұқсастықтары аз болады. Мысалы, жылқы мен сиыр арасындағы ұқсастықты табу оңай. Себебі араларында ұқсастық көп. Ал еңді жылқы мен ағаш арасындағы ұқсастықты табу қиын. Себебі араларында ұқсастық аз. Қысқасы, біз бір затты бір затпен салыстырғанда олардың әрқайсысының өздеріне ғана арналған дербес сындарын алып тастап, ортақ сындарын ғана аламыз. Ортақ сындарды екеуіне де жабамыз, ортақ сындарды жалпылаймыз. Яки екі заттың, яки көп заттың ортасынан оймен жасалған бір зат шығады. Мысалы, мен адам туралы ойлаймын. Сәрсембай, Бейсембай, Фахыредден, Иван туралы емес, жалпы адам туралы. Сонда мен Сәрсембайдың қара шашын, Фахыредденнің сопақ басын, Иванның сары сақалын, яғни солардың әрқайсысының дербес сындарын алып тастап, бәріне ортақ сындарды, мысалы, екі аяқты, екі қолды болуы, сөйлей, ойлай білуі сықылды ортақ сындарды аламын. Міне, осы көп заттардың ортақ сыңдарын алып жия білу, екінші түрлі айтқанда, зат туралы ой, ұғым деп аталады.

Ұғым мен суреттеу арасындағы айырма. Суреттеу қашанда болса жалқы болады, яғни бір затты суреттеу деген сөз – сол затты белгілі бір орында, белгілі бір уақыттағы түрімен, барлық сындарымен тірілтіп алып келу деген сөз. Мысалы, адамды суреттеу деген не Сәрсембайды, не Бейсембайды, әйтеуір дербес бір адамды суреттеу болып шығады. Белгілі бір түрсіз жалпы адамды суреттеу мүмкін емес.

Ал енді ұғым жалпылықты тілейді. Жалпыламасаң, яғни бір топ заттардың әрқайсысының дербес сындарын алып тастамасаң, ұғым болмайды. Мысалы, жылқы туралы ұғым – әрбір жылқының дербес сыңдарын алып тастасаң, торылығын, көктігін, жалдастығын, қайқылығын сықылды, сонда ғана ұғым болады. Яғни ұғым болу үшін заттардан алып, жалпы зат жасау керек. Бірақ дүниеде жалпы зат болмайды. Мысалы, дүниеде жалпы жылқы жоқ: не көк, не қара... Сондықтан ұғым – ойдың ғана ісі. Ұғымды оймен ғана жасауға болады.

Ойлау мен қиял арасындағы айырма. Қиял суреттеулерден жасалады. Ал ойлау болса ұғымдардан жасалады. Мысалы, Қобыландының Тайбурылы туралы біз ойлаймыз, қиял жүргіземіз. Жалпы жылқы туралы біз қиял қыламыз, ойлаймыз. Қиял – суретті, жанды көрініс, ойлау – белгісі бір тірі суретсіз жалаңаш көрініс. Қиял мен ойлау арасындағы айырма – осы.

Ұғымның іші һәм ауданы. Бір ұғымды басқа ұғымдардан айыратын сол ұғымның сындары ұғымның іші деп аталады. Сол ұғымға кіретін заттар ұғымның ауданы деп аталады. Мысалы, құс деген – ұғымның сыны, яғни ұша алатындығы, тұмсығы, қанаттары – бұлар іші болады. Ал енді құс деген ұғымға кіретін заттар: торғай, қарға, бүркіт, үйрек... – ұғымның ауданы болады.

Ұғымның іші мен ауданының арасы. Іші мен ауданын салыстырғанда әр ұғым әр түрлі. Іш пен аудан арасында қарсылық бар, яғни ұғымның іші неғұрлым кең болса, ауданы сонша тар болады. Ал енді аудан неғұрлым кең болса, іш сонша тар болады. Адам һәм қазақ, ағаш һәм қайың деген сықылды.

Ұғымдардың ішіне қарап бөлінуі. Егерде ұғымның бір ғана сыны болса, ондай ұғым – жабайы ұғым деп аталады. Мысалы, тәттілік деген ұғым – жабайы ұғым. Ал енді ұғымның сыны көп болса, ондай ұғым күрделі ұғым деп аталады. Мысалы, ағаш деген ұғымның сыны көп, сондықтан ол – күрделі ұғым. Егер бірнеше ұғымдардың бір яки бірнеше ортақ сындары болса, мұңдай ұғымдар ұқсас ұғымдар деп аталады: қасқыр, түлкі сықылды. Егер бір ұғымның сындары екінші ұғымның сындарына қабысатын болса, мұндай ұғымдар қабысатын ұғымдар деп аталады: хайуан һәм жануар, қазақ һәм алаш сықылды. Ортақ сындары болмаған ұғымдар ұқсамайтын ұғымдар деп аталады. Адам һәм тас сықылды сындары бір-біріне қарсы болған ұғымдар қарсы ұғымдар деп аталады: жақсылық, жауыздық сықылды.

Жалаңаштау. Біз жылқы, ағаш, адам сықылды заттар туралы ғана ойлаймыз. Сол заттардың қаралық, аласалық, кәрілік, қайырымдылық сықылды сындары туралы да ойлаймыз. Яғни бір затты жалаңаштап, сынын бөліп алып, сол сынды жеке бір зат сықылдандырып ойлаймыз. Заттың сынын заттан бөліп алып, сол сынды жеке бір зат қып ойлау жалаңаштау деп аталады. Осы заттан бөлініп алынған сын ұғымы жалаңаш (абстракты) ұғым деп аталады. Қаралық, алыстық, жақсылық сықылды барлық сындарымен алынған зат ұғымы киімді (конкретті) ұғым деп аталады: жылқы, ағаш, мұрын сықылды.

Ұғымдардың қомағына қарап бөлінуі. Көп заттарды қомағына алатын ұғым жалпы ұғым деп аталады. Қомағына санаулы заттарды ғана алатын ұғым дербес ұғым деп аталады. Қомағына бір-ақ затты алатын ұғым жалқы ұғым деп аталады. Жалпы ұғым дербес ұғымның тұқымы деп аталады. Дербес ұғым жалпы ұғымның түрі деп аталады. Бір ұғым оны қандай ұғыммен салыстыруымызға қарап, әрі жалпы, әрі дербес, әрі тұқым ұғым, әрі түр ұғым болуға мүмкін. Мысалы, «адам» деген ұғым «қазақ» деген ұғымға қарағанда, жалпы һәм тұқым ұғым. Ал енді сол «адам» ұғымы «жанды зат» деген ұғымға қарағанда дербес һәм түр ұғым.

Өзінің қомағына басқа ұғымдарды алатын ұғым соның қомағына кіретін ұғымдарға қарағанда бағындырушы ұғым деп аталады. Ал енді бағындырушы ұғымның қомағына кіретін ұғымдар бағынушы ұғым деп аталады. Жоғарғы бір ұғымға бір дәреже бағынатын ұғымдар бірге бағынатын ұғымдар деп аталады. Мысалы, «ағаш» ұғымы терек, қайың, қарағайға қарағанда бағындырушы ұғым, терек, қайың, қарағай бағынушы һәм бірге бағынушы ұғымдар.

Жалпылау һәм шектеу. Дербес ұғымдардан жалпы ұғым жасау жалпылау деп аталады. Мысалы, біз ағаштардың, шөптердің, гүлдердің дербес сындарын алып тастап, ортақ сындарын ғана алып, өсімдік деген жалпы ұғым жасаймыз. Ал енді жалпы ұғымдардан дербес ұғымдар жасау шектеу деп аталады. Мысалы, біз сындарды қоса- қоса қайың деген ұғым жасаймыз.

Категория. Бір ұғымдарды жалпылай-жалпылай ең жалпы, ең жоғарғы ұғымға жетеміз. Ең жалпы, ең жоғарғы ұғым категория деп аталады. Категория үшеу:

1) зат (адам, жануар, тас, зат);

2) сын (түс, түр, сын);

3) іс (сөйлеу, бөлу, істеу).

Хұкім

Хұкімнің жасалуы. Ұғымдарды жеке-жеке ойлаған сықылды, біз оларды бір-біріне байлап та ойлаймыз. Яғни біз екі ұғымды қатар алып, сол екеуінің арасында не байлам барын, не байлам жоғын табамыз. Мысалы, бізде «жылқы», «шабу», «ұшу» деген үш ұғым бар. Біз осы ұғымды бір- біріне байлап байқаймыз да, «жылқы» ұғымына «шабу» ұғымын байлау мүмкін екенін тауып, «жылқы шабады» дейміз. Сол «жылқы» ұғымына «ұшу» ұғымын байлау мүмкін емес екендігін тауып, «жылқы ұшпайды» дейміз. Осы екі ұғым арасында байлам хұкім деп аталады.

Хұкім берілген ұғым – ие деп, иеге жапсырылған ұғым айтылыс деп аталады. Айтылыс иенің ісін көрсеткендіктен, ол хұкімнің іші деп аталады.

Ұғым мен хұкім арасындағы айырма. Бір заттың ұғымын ойлағанда, сол заттың сыны заттың өзімен бірге, яғни зат сынымен қосылып, бір зат болып ойланады. Ал енді сын заттан жеке ойланып, біз сол жеке сыңды затқа алып барып не бекітеміз, болмаса заттан сол сынды алып тастаймыз. Мысалы, «қызыл сиыр» деген сөз ұғым болады. «Сиыр қызыл» деген сөз – хұкім болады. Біріншіде сиыр деген заттың қызыл деген сынын затпен бірге ойлап отырмыз. Екіншіде қызыл сынын шеттен алып келіп бекітіп отырмыз.

Хұкімдердің бөлінуі. Хұкімдер былай бөлінеді: 1) жасалуына қарап, 2) қомағы яки санына қарап, 3) іші яки сынына қарап, 4) ие мен айтылыс арасындағы байланысқа қарап, 5) хұкімнің шындық дәрежесіне (модальность) қарап.

1) Хұкімнің жасалуына, яғни біз иеге айтылысты қайдан алып отырмыз, соған қарап екіге бөлінеді;

а) шешетін хұкім (анализ хұкімі). Егерде иеге сол иенің өз ішінде жоқ бір сынды айтылыс қылсақ, шешетін хұкім жасаған боламыз. «Көмір қара, қар суық» деген сықылды;

б) қоспа хұкім (синтез хұкім). Егерде біз иеге сол иенің өз ішінде жоқ бір сынды айтылыс қылсақ, қоспа хұкім жасаған боламыз. «Құлақ құлдыр, шаш сары» деген сықылды.

2) Қомағы яки санына қарап хұқім үшке бөлінеді:

а) жалпы хұкім. Егерде ие қомағы таратылмай, өзіне бағынатын дербес ұғымдардың бәрімен кәдімгі күйінде алынып хұкім жасалған болса, мұндай хұкім жалпы болады. Адам ақылды деген сықылды;

б) дербес хұкім. Егер иенің бұрынғы қомағы таратылып алынып хұкім жасалған болса, – бұл хұкім дербес болады. «Кей адам ақын болады» деген сықылды;

г) жалқы хұкім. Егер иеміз жалқы болса, хұкім де жалқы болады. «Абай ақын болған» деген сықылды.

3) Ішіне яки сынына қарап хұкім екіге бөлінеді:

а) бекітетін хұкім. Айтылыс сын иеге жапсырылып бекітілсе, бекітетін хұкім болады. «Жылқы шабады» деген сықылды;

б) бекітпейтін хұкім. Айтылыс иеге бекітілмей, бекерленсе, бекерлейтін хұкім болады. «Жылқы ұшпайды» деген сықылды.

4) Ие мен айтылыс арасындағы байламға қарап үшке бөлінеді:

а) кесімді хұкім. Егерде сын (айтылыс) затқа (иеге) күдіксіз, шартсыз байланатын болса, «адам өледі деген сықылды;

б) шартты хұкім. Егерде сын затқа белгілі бір шарттармен ғана байланатын болса, «қалауын тапса, қар жанады», «жаз жетсе, қар ериді» деген сықылды;

г) бөлмелі хұкім. Егерде затқа бірнешесі жапсырылып, бірақ қайсысы екені көрсетілмесе, яки бір айтылысқа бірнеше ие көрсетілсе, «мынау әйел не ұл табар, не қыз табар», «Я мақсұт, яки өлім – екіден бір» деген сықылды.

5) Шындық дәрежесіне қарап хұкім үшке бөлінеді:

а) мүмкін хұкім. Егерде айтылысты иеге байлаудың мүмкін екендігі ғана көрсетілсе, «мүмкін Марста халық бар шығар», «сар далада адасып, суық кебін жамылып қалармын, кім біледі» деген сықылды;

б) шын хұкім. Егерде айтылыстың иеге жапсырылуы тәжірибе, бақылау, куәлік арқылы тексеріліп, шын деп табылса. «Ақмолла – қазақ ақыны», «Ахмет Байтұрсынов – қазақ тілін көп тексерген», «Абылай – данышпан хан болған» деген сықылды;

г) міндетті хұкім. Егерде дәлелдермен бекітіліп, бір сынның бір затта болуы міндетті болса, «сезгіш адам сүйгіш келеді», «суықта су қатып мұзға айналады» деген сықылды.

Хұқімдер жоғарыда саналған бөлімдерге бөлінгенмен, бір хұкімде әлденеше бөлім табылуға мүмкін. Мысалы, «қар суық» деген хұқім – әрі шешетін, әрі жалқы, әрі бекітетін, әрі киімді, әрі шын, әрі міндетті хұкім.

Ой шығару

Ой шығару қалай жасалады? Біз бір ұғымды екінші ұғымға байлап қойып, яғни хұкім жасап қана қанағаттанбаймыз, бәлки осы хұкімді басқа хұкімдермен салыстырып, осы хұкімді анықтаймыз. Мысалы, біз «Сәрсембай» һәм «өлу» деген ұғымды аламыз да, осы екеуінен жасалатын «Сәрсембай өледі» деген хұкімді анықтау үшін басқа хұкімдермен салыстырамыз, яғни «Сәрсембай һәм өлу» ұғымдарын «адам» деген ұғымға байлап қараймыз, яғни былай ой жүргіземіз: «Адам өледі. Сәрсембай – адам. Ендеше Сәрсембай да өледі»,– дейміз. Осында біз «Сәрсембай өледі» деген жаңа хұқімді ана бізге бұрыннан белгілі екі хұкімнен шығардық, туғыздық. Міне, осы бір яки бірнеше хұкімдерден жаңа бір хұкім туғызу ой шығару деп аталады.

Ой шығару үш түрлі жолмен болады: 1) дедукция, 2) индукция, 3) аналогия.

Дедукция – ойдың бір жалпы заңнан дербес бір көрініске көшуі, екінші түрлі айтқанда, жалпы ойдан жалқы бір ой шығару дедукция деп аталады. Мысалы, жалпы адамзат өледі деген ойдан Сәрсембайдың өлетінін шығарамыз. Көп пәнді, әсіресе математиканы үйренгенде, дедукцияның көп пайдасы тиеді. Жай тұрмыс үшін де дедукция көп қолданылады. Мысалы, доктор әрбір аурудың жалпы сындарын білген соң, ауырып жатқан бір адамның ауруы не екенін табады.

Силлогизм – дедукцияның көп қолданылатын түрі. Силлогизм бағыты – екі хұкімнен жаңа бір хұкім шығару. Жаңа шығарылған хұкім нәтиже деп аталады. Нәтиже шығарылған екі хұкім қазба деп аталады. Қазбалар һәм нәтиженің ішіндегі ұғымдар термин деп аталады. Былайша нәтиженің айтылысы – зор термин, нәтиженің иесі – кіші термин. Ал енді қазбалардың ішінде болып, нәтиже болмаған ұғым орта термин деп аталады. Орта термин зор термин мен кіші терминді байлайды. Ал енді ішінде зор термин бар қазба зор қазба деп, ішінде кіші термин бар қазба кіші қазба деп аталады. Мысалы, «адам өледі, Сәрсембай – адам, ендеше Сәрсембай өледі» деген сықылды. Силлогизмде «өледі» деген ұғым – зор термин. «Сәрсембай» ұғымы – кіші термин. «Адам» ұғымы – орта термин. «Адам өледі» – зор қазба, «Сәрсембай – адам» – кіші қазба.

Толық һәм шолақ силлогизм. Үш бөлімі де түгел, яғни орта, зор қазбалары һәм нәтижесі бар силлогизм толық болады. Ал енді екі қазбасының біреуі түсіп қалған силлогизм шолақ силлогизм (интимема) болады. Мысалы, біз «Адам өледі, ендеше Сәрсембай өледі» десек, кіші қазбаны түсіріп, қалдырып, шолақ силлогизм жасаған боламыз, сөйлегенде көбінесе осы шолақ силлогизм қолданылады.

Силлогизмдердің бөлінуі. Силлогизмдер жабайы һәм күрделі атанып екіге бөлінеді. Егерде нәтиже екі хұкімнен яғни зор һәм кіші қазбадан ғана тудырылған болса, мұндай силлогизм жабайы деп аталады. Жабайы силлогизм өзі үшке бөлінеді: кесімді, шартты, һәм бөлмелі. Мысалдар: а) Борышын жасырған өледі. Сәрсембай борышын жасырды, ендеше Сәрсембай өледі; б) Суық болса, су қатып қалады. Көлдің суы қатып қалды. Ендеше суық болды; г) Мынау жылқы не сенікі, не менікі. Жоқ, ол сенікі де емес, менікі де емес екен. Ендеше мынау жылқы басқанікі.

Егер бірнеше силлогизмдер қосылып, солардың бірінің нәтижесі екіншісіне негіз болып отырса, міне осылай бірнеше силлогизмнен жасалған бір силлогизм күрделі силлогизм деп аталады. Мысалы, Сәрсембай – адам, әрбір адам өз ұлтын сүйеді, ендеше Сәрсембай да өз ұлтын сүйеді (бірінші силлогизм). Сәрсембай өз ұлтын сүйеді, өз ұлтын сүйген адам ұлтының бақыты үшін өз бақытын құрбан қылады, ендеше Сәрсембай да ұлтының бақыты үшін өз бақытын құрбан қылады.

Күрделі силлогизмдер де көбінесе сөйлеудің сұлу болуы үшін ортадағы нәтижелер қалдырылып, ең соңынан бір-ақ нәтиже шығарылады, яғни күрделі силлогизм қысқартылады. Қысқартылған күрделі силлогизм сорит деп аталады.

Сенека данышпанның сориты: «есті адам қанағатты, қанағатты адам тиянақты, тиянақты адам көнтерлі, көнтерлі адам қайғысыз, қайғысыз адам бақытты, ендеше кім есті адам – сол бақытты».

Күрделі силлогизмдер де жабайы силлогизмдер сықылды кесімді, шартты һәм бөлмелі аталып үшке бөлінеді.

Силлогизмнің дұрыс болу шарттары:

1) Екі қазбаның біреуі бекінетін болу керек. Әйтпесе екі бекерлейтін қазбадан нәтиже шықпайды. Мысал: «Адам – мал емес, маймыл – адам емес. Ендеше?».

2) Екі қазбаның біреуі екіншісіне қарағанда жалпы болсын. Әйтпесе екі дербес қазбадан нәтиже шықпайды. Мысал: «Кейбір адам өнерлі, кейбір адам қысық көз. Ендеше?».

3) Орта термин екі қазбадан да болсын, болғанда бір мағынадағы бір ғана сөз болсын, әйтпесе нәтиже шықпайды. Мысал: «Наурыз – ұлт мейрамы. Менің атым Наурыз. Ендеше?».

Силлогизмнің керектігі. Силлогизмнің жан тұрмысы үшін пайдасы сол: негізгі бір заң бойынша толып жатқан көріністерді шешеміз. Дүниеде сансыз заттарды, толып жатқан көріністерді адам өзі сынап, өзі бақылап бітіре алмайды. Мысалы, жер жүзіндегі бар адамның, болған һәм болашақ адамның бәрінің өлетіндігін адам өзі сынап бітіруге мүмкін емес. Біз бір адамның өлуі туралы хұкім шығармақ болсақ, пәннің һәм кәрі тәжірибенің «адам өледі» деген хұкімін аламыз да, «пәлен адам өледі» деп хұкім шығарамыз. Бала «өтірік айту нашар» деген негізгі заңды білсе, өзі де өтірік айтпайтын болады.

Индукция. Ойдың дербес көріністерден жалпы көріністерге көшуі, екінші түрлі айтқанда, жалқы ойдан жалпы ой шығару индукция деп аталады. Мысалы, біз тарихтан бақылауымызша: «Жер жүзіндегі әрбір тап елдің ұлтшылдық арқасында ғана өнерленгенін біліп, біз жалпы адамзат ұлтшылдық арқасыңда ғана өнерленеді» деген жалпы заң шығарамыз.

Индукция түрлері. Индукцияның екі түрі бар; толық һәм кем индукция. Егер біз шығарылатын жалпы негізгі заңға кіретін көріністердің бәрін өзіміз сынап, бақылап барып жалпы заң шығарсақ, біз толық индукция арқылы шығарған боламыз. Мысалы, біз бір жылдағы он екі айдың әрбір айының күнін санап, ешбір айда отыз бір күннен артық күн болмайды деуіміз сықылды. Бұл толық индукция адамның білімін арттырмайды.

Егерде біз бірнеше заттарды яки көріністерді бақылап, сол бақыланған заттар, көріністерге ұқсас, тұқымдас барлық заттар, көріністер туралы бір ой шығарсақ, онда біз кем индукция арқылы шығарған боламыз. Мысалы, біз жер жүзіндегі барлық ағаштың суда қалқығанын бақылаймыз. Жоқ, өмірімізде бірнеше ағаштың қалқығанын бақылағанымыз бар. Бірақ біз аз ғана ағаштың қалқығанын бақыласақ та, жер жүзіндегі барлық ағаш суда қалқиды деген жалпы заң шығарамыз.

Кем индукцияның дұрыс болуының шарты – бақыланған көріністер арасындағы байлам берік болуға тиісті. Байлам берік болмаса, мысалы, бір көріністің жанында екінші көрініс уақытша тұрған болса, нәтиже шықпайды. Мысалы, қазақ көбінесе тымақ киеді. Соған қарап қазақ біткен тымақ киеді, тымақ кимеген адам қазақ емес деп нәтиже шығару, әрине, дұрыс емес. «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» деген сықылды ырымдар – бәрі индукцияның қаталығынан туған.

Индукцияның керектігі. Адам білімін осы индукция арқылы ғана байыта алады. Әсіресе кем индукция арқылы. Біз индукция арқылы заттар, көріністер аралығындағы байламды белгілейміз, негізгі заңдарды табамыз. Заттар, көріністер араларындағы байламға қарап тап-тапқа бөлеміз. Бұл – бір. Екінші, біз аз ғана бақыланған заттар, көріністер арқылы бақыланбаған, көрмеген, білмеген сансыз заттар, көріністерді шешеміз. Хатта келешекті де болжаймыз. Баланы үйреткен уақытта біз оған бірнеше мысалдар арқылы жалпы заңды баланың өзіне тапсырамыз.

Бірақ біз заттарды, көріністерді жақсылап бақыламай, араларындағы байламды терең тексермей, асығып үстірт нәтиже шығарсақ, бұл нәтижеміз қате болады. Осыдан сақтану керек. Асығып үстірт нәтиже шығару балада көп болады. Өзінің аты бар, тоны бар бала жер жүзіндегі баланың бәрінін аты, тоны бар деп нәтиже шығарады. Дүниеде аш, жалаңаш, сорлы балалар бар десең, нанбауға мүмікін.

Аналогия. Екі заттың бірнеше ұқсас сындары бар екенін тауып, сол екі заттың басқа сындарының да ұқсас екендігін ойлап шығару, екінші түрлі айтқанда, ойдың дербес көріністен дербес емесіне көшуі аналогия деп аталады. Мысалы, астрономдар (көк ғылымына жетік адамдар) айтады: Марста біздің Жердің ауасындай ауа бар, суындай су бар, ендеше Жердегі сықылды Марста да жан иесі бар дейді. Міне, бұл – аналогия бойынша шығарылған нәтиже.

Аналогия жай тұрмыста да, пәнмен бір нәрсені тексергенде де көп қолданылады. Әсіресе бала көбінесе осы аналогиямен ойлайды. «Пәлен бала тайға мініп жүр, мен неге мінбеймін». «Пәлен баланың пәлендей ісін мұғалім ұнатпады, ендеше, онда мен ондай іс істемеймін» деп ойлайды бала. Аналогия да индукция сықылды кейде қате болуға мүмкін. Қате болуы екі зат, яки екі көріністің бір-біріне болмашы бір сында бір-біріне ұқсауынан барлық сында ұқсайды деп ой шығарудан болады. Мысалы, киімдері ұқсас екі адамның білімдері де бірдей деп нәтиже шығару, әрине, қате.

Гипотеза. Кейбір көріністердің арасындағы байламды бақылауға мүмкін болмайды. Ол уақытта біз бұл көріністер туралы жалпы заңды жорып, болжап қана шығамыз. Жалпы заңды жорумен, болжаумен шығару гипотеза деп аталады. Мысалы, физикадағы әрбір зат молекула аталған негізгі ең ұсақ бөлімнен тұрады деген гипотеза сықылды.

Баланың ойлауы. Бала айналасындағы заттарды, көріністі біліп қана қоймайды, соларды ұққысы келеді. Яғни солар туралы ұғым жасауға, хұкім һәм ой шығаруға ұмтылады. Үш жастан былай бала дамылсыз «Мынау не? Бұл неге жатады? Мынау іс не үшін істеледі?» деген сықылды сұрауларды бере береді. Міне, осы сұраулар балада ойлау болатынын көрсетеді. Бірақ баланың ойлауы терең ойлау емес. Балаңың жанында суреттеулер аз. Суреттеулерден ұғым жасай алмайды. Сондықтан баланың бір зат туралы ұғымы сол заттың суреті болады. Мысалы, бала ағаш туралы ойлағанда, белгілі бір ағаш туралы ғана ойлайды. Баладан «Зат деген не?» деп сұрасаң, «Жылқы» дейді. «Бөрік деген не?» деп сұрасаң, «Менің бөркім, атамның бөркі» дейді. Баланың жаңа ой шығаруы да терең емес. Дедукция бойынша жалпыдан жалқыға, индукция бойынша жалқыдан жалпыға ой жүргізуді бала білмейді. Бала аналогия бойынша ойлайды. Мұнда да көбінесе сыртқы болмашы сындарына қарайды. 2 жыл 10 айлық бір бала тәрелкеге су құйып, ішіне ет салыпты. Не үшін? Етті суға ерітем деп. Бұрын солай қантты еріткені бар екен. 10 жасар бір америка баласының мұғалімі тапал бойлы ашуланшақ адам болыпты. Бір уақытта осы мұғалім кеткен соң әкесі басқа бір мұғалім алыпты. Бұл мұғалім де тапал екен. Сонда жаңа мұғалімте бала айтыпты: «Мен сізден қорқам, сіз ашуланшақ шығарсыз»,– деп. «Оны қайдан білдің?» – деп сұрайды мұғалім. «Сіз де тапал екенсіз»,– депті бала.

Ойлаудың жан тұрмысы үшін керектігі һәм оны өркендетудің тиістілігі. Ойлау адам өмірінде аса қымбат орын алады. Ойлау болмаса, адам басқа жануар сықылды заттарды, көріністерді құр жадына, есіне ғана алып, жат бір көрініс ұшыраса, оны шеше алмайтын, оған түсіне алмайтын бір жан иесі ғана болар еді. Келешекте не болатынын, тұрмысы қалай өзгеретінін білмейтін бір саңылаусыз соқыр болар еді. Адам ойлау арқасында ғана заттардың, көріністердің араларындағы байламды белгілеп, оларды бар қылған себептерді табады. Келешекте оларға ие болатынын ойлап шығарады, келешекті болжай алады. Қысқасы, ойлай білетін адам – шын мағынасымен адам.

Ойлау осындай қымбат көрініс болса, әрине, оны өркендету керек. Әсіресе тәрбиеші баланың дұрыс ойлап үйренуіне көп күш жұмсау керек. Тәрбиеші баланың ойын жетектемесе, бала ұғымды, хұкімді теріс жасауға, қате ой шығаруға үйреніп кетеді. Мұндай бала тар ойлы, соқыр сенгіш, ырымшыл адам болып шығады.

Ойлауды өркендету жолдары. Ойлау – жанның өте бір қиын, терең ісі. Жас балаға ойлау тым ауыр. Сондықтан тәрбиеші баланың ойлауын өркендеткенде сақтықпен басқыштап іс істеу керек. Өркендету жолдары мыналар:

1) Баланың жанында дұрыс әсерленулер һәм ашық суреттеулердің көп болуына ықтиһат қылу керек. Әсерленулер, суреттеулер өздері аз болып және дұрыс һәм ашық болмаса, баланың ұғым, хұкім жасауы һәм ой шығаруы қате болады. Ойдың өзінің терең болуы үшін әсерлену һәм суреттеулердің көп һәм ашық болуы керек. Қанша дегенмен адам суреттеулер бойынша ойлайды. Сондықтан балаға бір пікірді ұқтырмақшы болсақ, жалаңаш пікірді айтуда қасиет жоқ, бала пікірді суреттеудің өзінен шығарып алсын.

2) Бала заттарды, көріністерді ұқсас сындары бойынша тап-тапқа бөліп үйренсін. Мысалы, дыбыстарды, харіптерді бөлу, өсімдікті, жануарды тап-тапқа бөлу сықылды. Бірақ баланы заттарды, көріністерді тап-тапқа бөлгізіп үйреткенде, жеңілден ауырға көшуді естен шығармауға керек.

3) Бала көріністердің, ойлардың араларындағы байламды һәм олардың қайсысы қайсысына себеп екенін тауып үйренсін. Бұл балаға мысалдардан ереже – заң шығартқызып үйрету сықылды істермен болады.

Адам жанының ақыл яғни білу ісі туралы жалпы бір-екі сөз. Адамның ақыл-есіне жалпы көз салсақ, көреміз: ақыл-есі бірте-бірте басқыштап өркендейді екен. Былайша: біз сыртқы сезім құралдары арқылы сырттан түрлі әсер алып, бізде түрлі әсерлену болады. Яғни әсерлену арқылы біз сыртқы заттардың сындарымен танысамыз. Бұл – сыртқы дүниені біле бастауымызда бірінші адым. Заттың түрлі сынынан болған әсерленулерді бірге қосып, барлық сыны мен заттың өзін суреттейміз. Яғни біздің жанымызда суреттеу болады. Бұл – білудің екінші адымы. Онан соң сол заттан біз айырылсақ та, біз оның суретін бұрынғы қалпында еске түсіреміз. Сол есте сақталған суреттерден жаңа бір сурет жасаймыз, яғни қиял қыламыз. Онан соң суреттеулердің сындарын оймен тексеріп, олардан ұғым жасаймыз. Ұғымдардан хұкім жасаймыз, хұкімдерден жаңа бір ой шығарамыз. Бұдан көрінеді: ақыл ісі әсерленуден басталып, суреттеу, ес, қиялды өтіп, ойға жетеді екен. Ақылдың осылай басқыштап өркендеуін білген тәрбиеші сөз жоқ баланы дұрыс тәрбие қылу жолын білуге тиісті.

Тіл

Жанның жайын жарыққа шығару жолы. Жанның жайын жарыққа шығару үшін, жанның сырын сыртқа білдіру үшін адамның екі құралы бар: біреуі – мимика, біреуі – сөз. Мимика дегеніміз – жанның сырының дене арқылы сыртқа білінуі (бас изеу, күлу, жылау сықылды). Мимика тілін әркім-ақ ұғады. Бірақ мимикамен бар нәрсені ұқтырып болмайды. Мимика – ішкі сезім тілі. Мимика арқылы ойды жарыққа шығаруға мүмкін емес. Ойдың тілі – сөз. Біз сөз арқылы ғана неше түрлі ойымызды сыртқа білдіре аламыз һәм басқа адамдардың ойларын біле аламыз. Сөз болмаса, адамда білім болмас еді. Атын атап, сөзбен бекітіп тастамасақ, жанда суреттер, ұғымдар тұрмас еді. Сөз болмаса, сөзбен адамзаттың бірін-бірі ұғысуы болмаса, жер жүзіңдегі осы күнгі адамзат тұрмысы деген тұрмыс та болмас еді.

Қысқасы, жан көріністерінің ең қымбаты – ой, ой тілі – сөз.

Тілдің адам өмірінде һәм ұлт өмірінде ұстаған орны. Тіл – адам жанының тілмашы. Тілсіз жүрек түбіндегі бағасыз сезімдер, жан түкпіріндегі асыл ойлар жарық көрмей, қор болып қалар еді. Адам тіл арқасында ғана жан сырын сыртқа шығарып, басқалардың жан сырын ұға алады. Ойлаған ойын сыртқа шығарып, басқаға ұқтыра алса, адамның не арманы бар. Жазушы, ақын деген сөз – ойлаған ойын әдемілеп жарыққа шығара алатын адам деген сөз. Тілі кем болса, адамның қор болғаны. Ойың толып тұрып, айтуға тілің жетпесе, іш қазандай қайнайды да. Қысқасы, адамның толық мағынасымен адам аталуы тіл арқасында.

Тіл әрбір адамға осындай қымбат болса, әрине, ұлт үшін де қымбат. Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт дүниеде ұлт болып жасай алмақ емес. Ондай ұлт құрымақ. Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болу. Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмасқа тиісті. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай көрініп тұрады. Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сар далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр. Казақтың сар даласы кең, тілі де бай. Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, орамды, терең тіл жоқ. Түрік тілімен сөйлеймін деген түрік балалары күндерде бір күн айналып қазақ тіліне келмекші. Қазақ тілін қолданбақшы. Осы күнде-ақ айналып келе жатыр. Татардың әдебиет тілі жыл-жыл сайын қазақ тіліне жақындап келеді. Күндерде бір күн түрік балаларының тілі біріксе, ол біріккен тілдің негізі қазақ тілі болса, сөз жоқ, түрік елінің келешек тарихында қазақ ұлты төрден орын алмақшы. Келешектің осылай болуына біздің иманымыз берік.

Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен тілім,
Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім.
Таралған түрік балаларын бауырыңа
Ақ қолыңмең тарта аларсың сен, тілім.

Баланың тілі. Бала а дегенде іңгәлауды ғана біледі, яғни мағынасыз бір дыбыс.

Іңгәлау – баланың жанында болған жағымсыз әсерленулерді дыбыспен жарыққа, сыртқа шығарғаны. Екінші айдың аяғыңда, үшінші айда бала дауысты дыбыстарға бірте-бірте дауыссыз дыбыстар да қоса бастайды. Ең алғаш ерінмен айтылатын дауыссыз дыбыстарды қосады. Сол кезде баланың жанында суреттеулердің, һәм ұғымдардың ұшқындары да бола бастайды. Яғни, маңайындағы заттарға қарап, олардан әсер алып, әсіресе олардың күшті бір сынынан күшті әсер алады да, сол затқа сол баланың қарауыңда күшті сыны бойынша ат қояды. Яғни сөз жасайды. Мысалы, сиырды «мө» дейді, мысықты «мияу» дейді. Екінші түрлі айтқанда, бала затқа атты сол заттан шыққан дыбысқа еліктеп қояды. Бір жылдың аяғында бала көп сөздерге түсінетін болады. Бірақ өздері айта алмайды. Бір жасар баланың білетін сөздері 10-15-тен артпайды.

Ал енді бала жаңа жүре бастаған кезде (2-нші жаста) оның сөз үйренуі біраз тоқтап қалады. Жүріп үйреніп алған соң, тағы сөзге кіріседі. Бір жарым жас кезінде бала бірталай сөз айта алатын болады. Бірақ түгел айта алмайды. Сөздің не басын, не аяғын ғана айтады. Мысалы, баланың ішем дегені де – «іш», ішеді дегені де – «іш», іш дегені де – «іш». Ал енді бала айта алмайтын дыбыстың орнына екінші дыбыс қолданады. Мысалы, «р» орнына «и» жүргізеді. Кейбір адамдардың баланың өз тілінше сөйлеп, балаға тез ұқтырам деп, яки баланы еркелетіп әдейі тілдерін бұзып, балаша шолжыңдап сақау болып сөйлейтіндері бар. Бұл – зор қате. Бұлай сөйлеу баланы түземейді, бұзады. Баланы адастырып, оның сөзді дұрыс сөйлеп үйренуіне бөгет болады. Бала сөзін дұрыс сөйлеген үлкен кісінің сөзіне қарап дұрыстайды ғой. Бала бастап заттардың атын (зат есімдерді), онан соң заттардың ісін (етістіктерді), онан соң заттардың сынын (сын есімдерді) айтып үйренеді.

Екінші жылдың аяғында бала қысқа сөйлемдерді айта алады. 3–4-інші жылда бала жап-жақсы сөйлейтін болады.

Бала тілінің дұрыс өркендеуінің бірінші шарты балаға сөзді бұзып сөйлемеу керек. Және балаға ұқпайтын жат сөз үйретпеу керек. Екінші – баланы өзі теңді балалармен бірге ойнату керек. Баланы ешбір уақыт сөзден тыймау керек. Былдырласын, шолжыңдасын – сөйлей берсін. Ал енді баланың тілін шын дұрыс жолға салатын, дұрыстайтын, байытатын – мектеп.

Ішкі сезім көріністері

Біз жан тәрбиесіне кіргенде жан көріністерін үшке бөліп едік: ақыл көріністері, ішкі сезім көріністері һәм қайрат көріністері деп. Ақыл көріністерінің қандай түрлерге бөлінуін һәм оларды қалай тәрбие қылу керек екендігін біз жазып өттік. Енді ішкі сезімдерге көшеміз.

Ішкі сезімдер. Адам бір нәрседен әсерлену алып, сол нәрсемен таныс болып тұрғанда, адамның жаныңда не жағымды, не жағымсыз бір күй болмай қоймайды. Мысалы, жағымды дыбыстан әсерлену алғанда, жан жағымды күйде болады. Жағымсыздан жағымсыз күйде және болып озған бір әсерленуді суреттеу жасағанда да жанда не жағымды, не жағымсыз күй болады. Мысалы, біз жақсы көрген адамдарымызды суреттесек, жанымыз жағымды күйде болады. Жек көрген адамымызды суреттесек, жанымыз жағымсыз күйде болады. Қысқасы, әсерлену уақытында яки суреттеу уақытында жанымызда не жағымды, не жағымсыз бір толқын болмай қоймайды. Міне, осы әсерлену һәм суреттеу уақытында жанда болатын толқын ішкі сезім деп аталады.

Әсерлену мен ішкі сезім арасыңда көп айырма бар. Әсерлену дене мен жанның қатынасуымен болатын көрініс. Ішкі сезім – таза жан көрінісі. Бұл – бір. Екінші, әсерлену арқылы біз сыртқы заттармен танысамыз. Ал енді ішкі сезім арқылы біз заттарға, көріністерге баға береміз. Егер қадірлі деп тапсақ, жанымыз жағымды күйде болады, қадірсіз деп тапсақ, жанымыз жағымсыз күйде болады.

Ішкі сезімдердің жасалуы. Адамда ішкі сезім болу үшін біздің жанымызда бұрын бірнеше әсерленулер һәм суреттеулер болу шарт. Себебі ішкі сезім бір тұқымдас бірнеше әсерленулерді һәм суреттеулерді бір-бірімен салыстырумен болады. Мысалы, біз «мына қартина әдемі екен» десек, сонда біз сол картинаны оймен басқа картиналармен салыстырып айтып отырмыз. Салыстырылатын бұрынғы мен жаңа екі суреттердің бұрынғысы ішкі сезімнің негізі деп, соңғысы ішкі сезімді оятушы деп аталады. Негізгі суреттеу әр адамда әр түрлі болады. Әрбір адамңың ішкі сезімі сол адамның жанының қандай күйде тұруына, оның біліміне һәм денесінің қандай күйде тұруына байлаулы болады. Мысалы, бір әннен бір уақытта жағымды әсерлену, екінші уақытта жағымсыз әсерлену алуға мүмкін, яки білімді, оқыған адам бір нәрседен жағымсыз әсерлену алғанда, сол нәрседен оқымаған надан адамның алған әсерленуі жағымды болуға мүмкін. Яки сау адамның бір нәрседен алған әсерленуі жағымды болғанда, сол нәрседен ауру адамның алған әсерленуі жағымсыз болуға мүмкін.

Ішкі сезімдердің сыртқа шығуы. Жаңда болған әрбір ішкі сезім сыртқа шықпай, яғни денеге әсер бермей қоймайды, не бет өзгереді, не дауыс өзгереді, не жай денеде бір әсер болады. Мысалы, ұялғанда бет қызарады, қорыққанда дауыс, дене дірілдейді. Халық ішкі сезімдердің орны жүрек деп біледі. Бұл пікірде әжептәуір дұрыстық бар. Шынына келгенде әрбір ішкі сезімнің болуына ми себепші, бірақ ішкі сезімнен көп әсерленетін – жүрек. Мысалы, қуаныш уақытында жүрек жұмысын жылдам атқарады – «ойнайды», ал енді реніш уақытында жұмысын шабан атқарады – «қысылады».

Ішкі сезімдердің бөлінуі. Бірінші, ішкі сезімдер мінезіне қарап екіге бөлінеді: жағымды һәм жағымсыз ішкі сезімдер. Яғни қандай болса да ішкі сезім мінезіне қарағанда не жағымды, не жағымсыз болмай қоймайды. Екінші, ішкі сезімдер күшіне қарап бөлінеді. Күшіне қарағаңда сезімді екіге айыруға болады: жанның күйі һәм аффект жан күйі. Адамда бір ішкі сезімнің ұзақ болуы ж а н к ү й і деп аталады. Мысалы, адамда қайғы ұзақ болса, оның жан күйі де қайғылы мінезді болады. Кейбір адамдардың жаны өмір бойы бір күйде болады. Мысалы, туғаннан бері тарлық, кемдік, жоқтық, науқас көрмеген адам ылғи қуанышты, шат болады. Өмір бойы кемдік, тарлық көрген қу қанжыға адам жадырауды білмейтін болады.

Аффект. Тіпті күшті болған ішкі сезім аффект деп аталады. Аффект көбінесе кенет болады. Оны құйынмен ұқсастыруға болады. Ішкі сезім аффект дәрежесіне жеткен уақытта жанның басқа күштері әлсіреп, жұмысы шабандап қалады. Мысалы, ашу уақытта, қатты қорыққан уақытта ақыл жөнді жұмыс қыла алмайды. Аффект тым күшті дәрежеге жеткенде, не істеп, не қойғанын ойлай алмайды. Мысалы, күшті аффект уақытында адам төбелесіп қалады. Кісі өлтіріп тастайды. Кенет күшті болатын аффект адамның денесіне де күшті әсер береді. Бетті қуартады, қызартады. Денені дірілдетеді, күлдіреді, жылатады, кейде кенет шашты ағартады. Аффект нерв системасына күшті әсер береді, аффектіден соң адам әлсіреп қалады.

Ішкі сезімдер тағы екіге бөлінеді: өзімшілдік (эгоизм) ішкі сезімдер һәм көпшілдік (альтруизм) ішкі сезімдері. Кіндігі өзімізде болған, яғни біздің не әлсіздігімізді, не күштілігімізді көрсететін ішкі сезімдер өзмшілдік ішкі сезімдері деп аталады. Ұялу, қорқу, батырлық, ашу, жек көру, тәкаппарлық, күншілдік сықылды. Ал енді басқа адамдар һәм жаратылыс үшін болатын ішкі сезімдер көпшілік ішкі сезімдері деп аталады: достық, аяу сықылды.

Баланың ішкі сезімдері. Баланың тұрмысында ішкі сезім зор орын алады. Бала бір нәрседен әсерлену алғанда, ол әсерленудің жағымды яки жағымсыздығын бірінші орынға қояды. Баланың ішкі сезімдері тез, жеткен адам сезімдерінен былайша айрылады: 1) баланың ішкі сезімдері (ұшқыр. – ред.) болады. Жылдам оянады. Мысалы, бала тез қуанады, тез қайғырады, күлуі де, жылауы да тез; 2) баланың ішкі сезімдері күшті, құйындай екпінді болады. Мысалы, баланың қолындағы ойыншығын ойнап қана алсаң да, ол қатты ашуланады; 3) баланың ішкі сезімдері тұрақсыз, құбылымпаз, құйындай тез басылады. Мысалы, қатты ашуланып тұрған бала бір қызық нәрсе көрсе, қуанып кетеді, күліп жібереді. Ішкі сезімдердің адам өмірінде ұстаған орны зор. Әсіресе баланың өмірінде ішкі сезім көп рөл ойнайды. Біздің ісімізге белгілі бет алдыратын – көбінесе осы ішкі сезімдер. Біз жағымды нәрсені істейміз, жағымсызды істемейміз. Бізде жағымды сезім оятпайтын істі біз шабан, көңілсіз істейміз, оятатын істі шаттықпен, шын ынтамен істейміз. Адамның бақытты, бақытсыз болуы да осы ішкі сезімдерден. Жөпшенді нәрседен жағымсыз ішкі сезім алмайтын адам бақытты, тым сезімпаз адам бақытсыз. Сондықтан ішкі сезімдерді дұрыс тәрбие қылу керек.

Ішкі сезімдерді тәрбие қылу, тәрбиеден мақсұт һәм тәрбие жолдары. Баланың ішкі сезімдерін тәрбие қылғаңда тәрбиеші алдымен баланы үйрету керек. Дұрыс, пайдалы, жоғары нәрседен ләззат алуға, төмен, пайдасыз нәрседен жиренуге һәм осы ұмтылу мен жиренуді терең, берік қылуға тырысу керек. Бұл мақсатқа жеткізетін жолдар:

1) Дұрыс ішкі сезімдердің көп болуына, нашарлардың болмауына жәрдем көрсету керек. Яғни баланы ұнамсыз ішкі сезімдерді оятатын себептерден сақтау керек. Мысалы, балалардың біреуіне базарлықты, ойыншықты көп беріп, біреуіне аз беріп, арада күншілдік туғызбау керек. Жануарды, малдың төлін, мысықты әуре қылғызып, ұрғызып үйретпеу керек, бала қатал болып шығады.

2) Баланың маңайындағы адамдар балаға жақсы мысал. Бала еліктегіш, маңайындағы адамдардың, әсіресе ата- анасының мінезіне салып алады. Бала жүргенде, сөйлегенде ата-анасындай болуға тырысады. Ата-ана қатал болса, бала да қатал; ата-ана жұмсақ болса, бала да жұмсақ. Қымс етсе ашуланып, ақырып-бақырып қоя беретін ата-ананың баласы да сондай. Сондықтан баланың маңайындағы адам дұрыс мінезді болу керек.

Өзімшілдік ішкі сезімдердің біреуі – ашу. Екінші кісі тарапынан бізге әдейі көлденең тартылатын бір бөгетке, кедергіге ұшырасақ, біздің жанымызда ашу сезімі пайда болады. Бізге бір жансыз нәрсе зиян қылса, кедергі болса, яки бір адам байқамай бізге кедергі жасаса, біз оған ашуланбаймыз. Қысқасы, ашу сезімі адамда екінші бір адамға қарсы ғана оянады. Баланың ашуланып қуыршақты, шыбықты ұруы баланың сол нәрселерді жанды деп білуінен. Ашу ең күшті дәрежеге, құтыру дәрежесіне жеткенде, адам ақылынан айырылып, не істегенін білмейді. Балада қайрат әлсіз, бала өзінің күшін шамалай алмайды һәм маңайындағы нәрсенің бәрін жанды деп біледі. Сондықтан балада ашу сезімі тез оянады: ол жылдам ашуланады. Баланың ашуы жылаумен, айғай салумен һәм ашу тудырған нәрсеге зиян келтіруге ұмтылумен жарыққа шығады. Бала қатты ашуланғанда не шалқасынан, не етпетінен домалайды, жер тепкілейді. Қолына түскен нәрсені тырнайды, тістейді. Баланың мұндай ашуын бітіру үшін долданып жатқан баланы байқамағандай болу керек. Бала өзі басылған соң, ұрыспай, жай ғана балаға былай долданудың ұнамсыз екенін, түбі пайдасыз екенін ұқтыру керек. Ашуланған бала сол ашуды туғызған нәрседен өш алуға ұмтылады. Балаға өш алдырып үйретпеу керек. Адамнан, малдан өш алдыру былай тұрсын, жансыз нәрседен де өш алдыру дұрыс емес. Мысалы, табалдырыққа сүрініп жығылған балаға табалдырықты ұрғызу яки ұру жөнге келмейді. Өш алдырып үйрету баланы малға, жанға – бәріне де қайырымсыз, қатал қылып шығарады.

Қорқу сезімі адам жанында адам бір бақытсыздық күткенде болады. Қорқу сезімінің бірнеше басқышы бар. Жеңіл қорқу тынышсыздану деп, қатты қорқу үрей ұшу деп аталады. Қорқу сезімінің күштілігі келе жатқан қорқыныштың шамасына, дененің сезімпаздығына байлаулы. Қиялы бұзылған яки денесі ауру адам қорқақ болады. Корқу сезімі неғұрлым күшті болса, оның жанға һәм денеге әсері де сонша күшті болады. Үрей ұшқанда адам қозғала алмай, сөйлей алмай қалады. Есінен айрылады, кейде кенет шашы да ағарып кетеді.

Бала тым қорқақ келеді. Мұның себебі – баланың қиялы тым тірі һәм денесі әлсіз. Бала желден, сықырлаған есіктен қорқады, қозыдан, лақтан қорқады, жат кісіге жоламайды. Әсіресе көп қорқытылған бала тым қорқақ болады. Ал енді қорқытылмай өскен бала батыр болады. Мұндай бала қараңғы үйге кіріп жүре береді. Жалғыз жатып ұйықтай береді. Баланы қорықпайтын ер қылып өсіру үшін оның денесін һәм жанын сау, берік қылып тәрбие қылу керек. Алдымен баланы ешбір уақыт қорқытпау керек. Бөки келеді, жалмауыз кемпір келеді, пері, жын, шайтан, албасты, обыр келеді деген сықылды сөздермен баланы қорқыту қып-қызыл зиян. Мұндай сөздерді, ертегілерді, әңгімелерді естіп өскен бала өмір бойы су жүрек, қорқақ болады. Жасында қорқытып үйренбеген бала өскенде ер болады. Ер болып үйренуден адамға ер болу керек деген құр сөз пайда бермейді. Ерлікке іспен үйрету керек. Мысалы, қараңғы үйге кіруге қорқатын баланы үлкен адам өзі бірге алып кіргізіп үйретсе, бала қорықпайтын болады. Тырсыл-гүрсіл, қатты атыс, соғыстың ішінде жүрген адам қорқудың не екенін білмейді.

Жоғарыда айтылған баланы қорқыту қате деген сөзден балаға жаза қылудың дұрыс еместігі келіп шығады. Яғни баланы жазамен қорқыту еш дұрыс емес. Жазамен қорқытқанда бала нәрсені істегісі келіп істеп, болмаса істемегісі келіп істемейді емес, жазадан қорыққаннан ғана не істейді, не істемейді. Яғни бала өтірік айтуға, алдауға үйренеді. Баланы ұру, соғу ісі – адамшылыққа ұнамайтын іс. Ұрылып, соғылып тәрбие қылынған бала жанының бар жақсы мінездерінен, ақылынан, есінен айрылып, миғұла болады. Өтірікші, алдауыш болады. Су жүрек, жасқаншақ болады. Ұру баланың денесіне де көп зиян келтіреді.

Қазақта бала ұрмайтын ата-ана сирек шығар. Талай ата «жүгермек» деп, талай ана «көкала келгір» деп жап-жас балаларын салып-салып жіберіп, сілейтіп тастаушы еді-ау!

Әсіресе молдекелер!

Таң атқаннан күн батқанша, көк шыбық сынғанша сабайды. Баланың көзі кітаптан кішкене бұрылып кетсе, салып жібереді. Қарғыс тигір көк шыбықтың сорлы баланың арқасына шып-шып тимейтін шағы бар ма еді? Көк шыбық тиген сайын қайқаңдап, жас жүрегіміз елжіреп, көзіміз ыстық жасқа толып, зарменен әліпсін-ә, әлбәсін-әй деп талайымыз отырмап па едік? Молда атын көтерген хайуан бар күшімен құлағымыздан тартқанда, тістеніп тұрып тілімізді тартқанда, талайымыздың құлындағы дауысымыз құраққа шықпайтын ба еді?

Надан молданың осындай хайуандық әсерінен талайымыз-ақ «сабақ», «молда» деген сөздерді естігенде денемізге суық су құйып жібергендей болмаушы ма едік.

Қазақтың кейінгі буын балалары! Хайуан құлықты надан молдалар заманында тумағаныңа қанша шүкірлік қылсаң да аз.

Ал енді баланы ұрма, ұрыспа, сөкпе дегеннен бала біржола тізгінсіз болсын, істеген істері туралы ешкімге жауап бермесін деген сөз шықпайды. Абзалы, тәрбиеші баланың нашар істі өзі істемеуіне, нашар мінезден өзі қашуына тырыссын. Яғни ешкім айтпай, қорқытпай, баланың өзі жамандықтан, нашар мінездерден жиренетін болсын. Баланы мұндай қылып шығару қорқыту, үркіту арқасында емес, бәлки махаббат, жылы сөз, жұмсақ іс арқылы ғана болуға мүмкін. «Жылы-жылы сөйлесе, жылан інге кіреді» есте болу керек. Таяқ адамды емес, үйретсе аюды ғана үйрете алар.

Жоғарыда біз бала істеріне жауапты болуға тиіс дедік. Бұл сөздің мағынасы баланың нашар ісіне жаза шеттен алынып келінбесін. Яғни бір нашар іс үшін баланы ұру, ұрсу, бір нәрсе бермеймін, яки бір нәрсесін алып қоямын деп қорқыту жарамайды. Бұлай істегенде бала нашар істен сол істің нашар болғандығы үшін тыйылмайды, бәлки таяқтан, сөзден аман қалу үшін, бір нәрсені алу, яки бір нәрседен айрылып қалмау үшін ғана тыйылады. Ал енді бала нашар істен сол істің нашарлығын біліп тыйылсын десек, сол істің нашарлығын іспен көрсету керек. Яғни нашар істің нәтижесі де нашар болатынын бала іспен көрсін. Мысалы, өтірік айтқан адамның сенімі кетеді, ұрлық қылған адамның қадірі кетеді.

Ұялу сезімі. Егерде біз өзіміз қымбат көретін адамдарымыз мінегендей бір мін іс істесек, біздің жанымызда ұялу сезімі болады. Жер жүзінде ұялмайтын адам жоқ. Бірақ білімі, тәрбиесі, мінезіне қарай әр адамның ұялуы да әр түрлі болады. Мысалы, білімсіз адам айылын жимайтын істен білімді адам ұялып өліп қалады. Жұмсақ мінезді адам ұялшақ келеді. Ұялу оңай нәрсе емес. Адамға ұялудан күшті жаза жоқ. «Өлімнен ұят күшті» дейді қазақ. Қазақтың бұрынғы күнде нашар іс істеген адамдарға істеген жазаларының көбі ұялту болған. Мысалы, қазақтар әйелді қара өгізге теріс мінгізіп, бетіне күйе жағып, үстіне құрым жауып ауылды айналдырады екен. Әрбір елдің заңыңда ұялтуға негізделген жаза нағыз қатты жаза деп саналады. Сондықтан тәрбиеші баланы ұялтып, жаза қылуға өте сақ болуы керек. Ұялту, келемеж қылу баланың жақсылыққа, жоғарылыққа ұмтылатын барлық ынтасын байлап, өлтіріп, баланы жасық, ынжық қылады. Бала қорғаншақ, өзіне-өзінің сенімі жоқ, жасқаншақ болады. Ұялу сезімінің қарсысы – өзіне-өзі разы болу сезімі. Адамда бұл сезім басқалар оны жақсылағанда, мақтағанда болады. Өзіне өзі ылғи риза болып жүретін тәкаппарлық сезім пайда болады. Тәкаппарлық сезімі яғни адамның өзін ірі деп санауы, шектен шығып кетпесе, әрине, дұрыс сезім, дұрыс мінез. Бірақ шектен шығып кетпесін, яғни адам өзінің істері, мінездері ірілігін емес, төмендігін көрсетіп тұрғанда, өзін ірі адам деп санайтын болмасын. Жоғарыда айтылған себептерден баланың өзіне-өзі разы болу сезімін өте сақтықпен тәрбие қылу керек. Баланың өзін мақтама, ісін мақта. Мақтағанда мақтауға тұрарлық ісін мақта. Баланың жеңіл істерін мақтай беру балада менмендік, ретсіз тәкаппарлық туғызады. Қайта бір жеңіл дұрыс ісі болса да, нашар шәкіртті мақтау керек. Қалайда мақтауға мырза болу жарамайды. Бір шәкіртті, бір баланы мақтау басқа балалардың рухын түсіреді, ынтасын өлтіреді. Ал енді жақсы оқуы, дұрыс құлқы үшін шәкірттерге сый (наград) беру, үлестіру тіпті дұрыс емес. Мұндайда сый алған балалар сый алу үшін ғана тырысып, кеуделеріне орынсыз менмендік, ретсіз тәкаппарлық кіріп, сый алмаған балалар күншіл һәм өзіне-өзі сенбейтін жасық болып шығады.

Күншілдік ішкі сезімдерінің бірі – аяу һәм достық. Аяу сезімі әр адамда болады. Адам бір нәрсені аяғанда бір мақсұт үшін яки сол нәрсе дұрыс болғандықтан аямайды, тек сол нәрсе аяныш көрінсе, аяйды. Біз суға батып бара жатқан адамды көрсек, осыны құтқарып, осыдан олжа алайын деген оймен емес, ешбір ойсыз, жанымызды өлімте байлап толқынға кіріп кетеміз. Яки біз өзінің тиісті, жолды жазасын тартып жатқан, яки тартайын деп тұрған бір жазалы адамды көрсек те, аяймыз. Қасірет, бейнет көрген адам неғұрлым бізге жақын болса, сонша терең аяймыз.

Біреуді біреу аяп, қайғысына ортақтасқандай, қуанышына ортақтаса алмайды. Біреудің қуанышына ортақтасу орнына адамда күншілдік пайда болады. Бұл жалпы адамдықтың бір төмен, ұнамсыз мінезі. Бір ғалым айтыпты: қайғыға ортақтасу үшін адам болу жетеді. Қуанышқа ортақтасу үшін періште болу керек. Тәрбиеші балада осы мінезді де әлсіретуге ұмтылу керек.

Достық сезімі адамда сол адамның жанына екінші бір адамның жаны барлық мінездермен үйлесетін болса, сонда болады, Аяғанда адам ойламай, аңдамай аяйды. Дос болғанда ойлап, аңдап дос болады. Екі дос бірге болса, араларында достық беки береді. Егер айрылса, достық әлсірейді. Аяу сезімі адамда ерте басталады: бір жасқа толмаған бала күлсең – күледі, жыласаң – жылайды. Ал еңді достық ақыл біраз орныққан соң болады.

Жеткен адамдардың баланы аяуы балаға өте қымбат. Баланы кім аяса, оған сол жақын. Ата-анасы өліп, жетім қалған баланы ең алғаш кім бауырына тартса, бала соған бауыр басып кетеді.

Бала біраз есейіп, басқа балалармен ойнай бастаған кезде, онда достық сезімі оянады. Бірге ойнайтын балалардың ішінен бала өзіне дос тауып алады. Достық сезімінің балаға көп пайдасы бар. Досының көңілін тауып үйреніп, бала өзімшілдік мінездерден аулақ болады. Өзінің дос баласының сөзін бала үлкен адамның сөзінен артық тыңдағыш келеді. Сондықтан тәрбиеші баланың достарының дұрыс балалар болуына қам қылуға міндетті.

Ішкі сезімдердің біреуі – іш пысу. Іш пысу – көңілсіз бір сезім. Іш пысудың жоғарғы дәрежесі – еш нәрсеге қызықпау, еш нәрсеге ұмтылмау. Еш нәрсеге қанағаттанбау дәрежесінде іш пысу апатия деп аталады.

Іш пысудың бас себебі – іссіздік. Ісі жоқ, жұмысы жоқ адамның іші пысымпаз болады. Ылғи еңбек қылатын адам іш пысудың не екенін білмейді. Баланың сотқар, тентек болуы өзіне лайық іс таппай іші пысқандықтан. Іші пысқан соң әр нәрсеге тиісіп, бүлдіре береді.

Іш пысудың екінші себебі – бір түрлілік. Бір түрлі әсерлер, бір түрлі суреттер адамды жалықтырады, қажытады, ішін пыстырады. Мысалы, біз бір кітапты қайта- қайта оқысақ, бір әңгімені қайта-қайта тыңдасақ, біздің ішіміз пысады. Мұғалім бір сөзді ұзыннан-ұзақ соза берсе, шәкірттің де іші пысады. Әсерлер, суреттер тез алмасса да, адамның іші пысады. Мысалы, көз алдымызда түрлі-түрлі нәрселер тез-тез алмасқандықтан, біздің отарбада кетіп бара жатқанда ішіміз пысады. Мұғалім үсті-үстіне төпеп, түрлі білімді, түрлі сөзді айта берсе, баланың да іші пысады. Мұғалімнің шеберлігі өзі білген білімінің бәрін балаға тез білдіруде емес, еппен, жинақты, жігерлі, қызықты болуға тиісті. Сонда ғана ол баланың іскерлігін өзіне қарата алады. Болмаса баланың іскерлігі басқа нәрсеге ауып кетеді. Сабақ уақытында балалардың ойнауы, тыныш отырмауы, бір-бірімен сөйлеулері мұғалімнің жинақ, жігерлі бола білмегендігінен.

Ішкі сезімдердің адам үшін ең қымбаттары – сұлулық һәм құлық сезімдері.

Сұлулық (эстетика) сезімдері

Жаратылыстың һәм искусствоның сұлу заттары адам жанында сұлулық сезімдерін оятады. Үлбіреген гүл, күңіренген орман, сылдыраған су, былдырлаған бұлақ, шетсіз-түпсіз қара көк теңіз, түрлі шөптер мен толқынданған дала, бұлтпен таласқан биік тау, күннің ойыншыл алтын сәулелері, ерке сұлу ай, жұлдызды түн, міне осылар сықылды жаратылыстың сұлу заттары, көріністері яки искусствоның тылсымдай жанды билеп алып кететін ән, сиқырлы сөз, сұлу картина сықылды әсерлері адам жаныңда бір ләззат, бір сұлулық толқынын оятып туғызбай қоймайды. Архитектура, сұлу сурет (живопись), скульптура сықылды пластика искусствосы адамның көру сезімін сиқырлап барып, жанда сұлулық толқындарын туғызады.

Сұлулық сезімдері адамның дұрыс, сау ләззат іздеуіне, сұлу нәрсені сүюіне, көріксіз нәрседен жиренуіне, хатта жақсылыққа ұмтылып, жамандықтан тыйылуына көп көмек көрсетеді. Сондықтан баланың сұлулық сезімдері жақсы тәрбие қылынуға тиісті.

Сұлулық сезімдерін тәрбие қылу. Әр адамңың сұлулық сезімдері әр түрлі нәрседен оянымпаз болады. Біреудікі музыкадан, біреудікі сұлу суреттен, біреудікі поэзиядан. Искусствоның әйтеуір ірі бір түрінен ләззат алмайтын, біреуіне құмар болмайтын адам болмайды. Тәрбиешінің міндеті – балада искусствоның қандай-қандай түріне ынта бар екенін тауып, сол ынтасын, сол туғызатын сұлулық сезімдерін өркендету. Өркендету жолдарынан төмендегі жолдарды көрсетуге болады:

1) Балаға жаратылыс сұлулығынан ләззат алғызу. Жаратылыста неше түрлі сұлулықтың бәрі бар. Бала бұлақтың былдырын, судың сылдырын, жапырақтың сыбдырын, орманның күңіренгенін, теңіздің гүрілдегенін естісін; жымыңдаған жұлдыздар себілген көк шатыр көкті, түрлі түсті кемпірқосағын, буыны жоқ бұраңдаған қайыңды көрсін. Жаратылыс сұлу. Бала сол сұлу жаратылыстың құшағында болсын. Балада сұлулық сезімдері еріксіз оянады. Тәрбиеші жаратылыстағы түрлі сұлулықтарға баланың іскерлігін аудара білу керек.

2) Баланың маңайындағы нәрсенің бәрі жинақты, ретті, таза болсын. Таза деген сөзді қымбат деп ұғу қате. Тегінде қымбаттың бәрі сұлу деп ұғу қате ғой. Баланың маңайындағы нәрсе қымбат болмасын, таза, ретті, тәртіпті болсын. Үйдің іші, киім-кешек, ыдыс-аяқ – бәрі таза болуға тиісті. Баланың үсті-басы, денесі, беті-қолы – бәрі таза ұсталуға тиісті. Баланың маңайындағы жүрген адамдар ретті, тәртіпті, таза болуға міндетті. Ұяда не көрсе, ұшқанда соны істейді. Тазалыққа үйренген бала таза болады. Былыққа үйренген бала былық болады. Ас жеп отырып әжесі жалаңаш қолымен мұрнын сіңбіріп яки баланың нәжісін ұстап, қолын жөндеп шаймастан тағы асқа кіріссе, бала да осыны істейді. Кейбіреулердің былықтықты ырыс көруі надандықтың әбден асқынғандығы ғой.

Баланың маңайындағы сөйленетін сөздер де әдепті, сұлу болуға тиісті. Былық сөздерді естіп өскен бала өмір бойы былық, былапыт тілді болады. Отағасы-ау! Бала-шағаның алдында былық-былапыт сөздерді сапырып сөйлеуіңді қой. Қайдағы құдай атқан сөздерді естіп өскен ұлыңда қандай әдеп болады, қызыңда қандай қылық болады?!

Және баланың маңайындағы адамдардың жүріс-тұрыстары да әдепті, сұлу болуға тиісті. Сұлу дене, сұлу қозғалысты көріп өскен баланың денесі де, қозғалысы да сұлу болады. Жер жүзінде біздің қазақтың денесінен, қазақтың жүріс-тұрысынан жексұрын дене, жексұрын жүріс-тұрыс кемде-кем-ақ шығар. Аяғы қисық, жауырыны қушық. Ақыл қарында тұратындай-ақ, қарны буаз биенің қарнындай салбырап жатса, би болады-мыс! Семіз болып пысылдап отырса, айбынды «адам» болады-мыс! Кейбір мырзалар сал боламын деп жүргенде қиқаңдай ма керек, бұраңдай ма керек, қарап тұрсаң жүрегің айнып, құсқың келеді. Осыларды көріп өскен қазақ баласының денесінде не сұлулық болады? Қазақ! Жұртқа күлкі болмайын десең, бұл мінездеріңді таста, балаңды сұлу, сымбатты қылып өсір. Адам сұлулықты сүйсе, тазалықты сүйеді. Тазалықты сүйсе, оған ауру үйір болмайды.

3) Баланы сұлу искусствомен терең таныстыру керек. Бала неше түрлі сұлу үндерді естісін. Неше түрлі сұлу түрлерді, түстерді көрсін. Сұлу сөздер, сұлу өлеңдер жаттасын. Түрлі музыка құралдарының әуендерін тыңдасын, сурет салып үйренсін, ән салып, музыка құралдарын ойнап үйренсін. Міне, осыларды естісе, баланың сұлулық сезімдері өркендейді. Білу керек, топас адам – тірі өлік.

Құлық сезімдері

Адам өзінің әрбір ойына, әрбір ісіне ішінен баға беріп отырады. Ізгі ой, ізгі іс адамда жағымды сезім туғызады. Адамға қалай да болса, қашан да болса пайда келтіретін ой һәм іс ізгілік деп аталады. Ізгілікке ұмтылу, жауыздықтан безу – адамның жаратылысының өзінде бар нәрсе.

Ойдың яки істің ізгі яки жауыз болуына қарап, сол ойға яки іске іштен баға бергеңде, адамда болатын жағымды яки жағымсыз сезімдер құлық сезімдері деп аталады. Құлық сезімдері жасқа, дұрысын айтқанда білімге қарап, әр адамда әр түрлі болады. Білім неғұрлым төмен болса, құлық сезімдері де сонша төмен, тар болады. Мысалы, білімі кем адам бір ой яки іс түбінде пайдалы болып шығар ма, жоқ па, оны байқай алмай, сол уақытында жағымды, пайдалы болса, оны ізгі ой, ізгі іс деп біледі. Ұрлық қылған надан адам «ұрлық түбі қорлық» екеніне көз жібере алмай, уақытындағы пайдасын ғана көреді. Бала барлық еркелігінің, барлық тілегінің орындалып отырғанын ғана жақсы көреді. Еркеліктің орыңдалуын ізгілік деп біледі, еркеліктің орыңдалмауын жауыздық деп біледі. Ал енді адам есейген сайын, дұрысы, білімі артқан сайын оның құлық сезімдері де жоғарылай, тереңдей, кеңейе береді. Яғни адам ақылы тереңдеген сайын дүниеде ол жалғыз өзі тұра алмайтындығын, басқа адамдармен бірге тұруға мұқтаждығын, өзінің ойын һәм ісін басқа адамдардың ойлары һәм істерімен қабыстырып отыруға міндеттілігін, яғни өз басына келетін пайдаға ұмтылып, өз басына келетін зияннан безбей, сол өзгемен бірге дүниеде тұратын басқа адамдарға да пайда келіп, зиянның болмауын тілеу тиістілігін, міне, адам білімі, ақылы тереңдеген сайын осыларға ұмтылады. Яғни оның құлық сезімдері осылай тереңдейді.

Мысалы, балада бір ауыздан анасын сүю сезімі оянады. Ананы сүю, анаға жауыздық тілемей, ізгілік тілеу деген сөз. Біраз ес білген соң туысқандық сезімі, яғни араласып айналасында жүрген адамдарды сүю сезімі оянады. Онан соң білім тереңдеңкіреген кезде адамда елін сүю сезімі оянады. Өз-өзін сүю сезімі жер жүзіндегі барлық адамзатты сүю сезіміне алып барады. Бұл сөздердің көрінісі – ізгілік деген сөздің дұрыс, һәм толық мағынасы мынау екен: әр адамның өзін сүюі, яғни жауыздықтан безіп, ізгілікке үмтылуы, туысқандарын сүюі, яғни оларға жауыздық тілемей, ізгілік тілеу, өз елін сүюі, яғни еліне жауыздық тілемей, ізгілік тілеу, пайда келтіріп, зиян келтірмеу, һәм басқаларға зиян келтірткізбеу, ең негізінде біткен адамзатты дос, һәм бауыр көру екен. Міне, кімде-кім өзін сүйсе, туысқандарын сүйсе, өз елін сүйсе, әсіресе біткен адам баласы бауырым деп білсе, сол адамды ізгі деп атаймыз. «Әсіресе» деген сөзді қосуымыздың мәнісі мынау: адамның өзін-өзі сүюі, туысқандарын сүюі бұл ол адамның құлық-мінездерінің төмен тұрғандығын көрсетеді. Өзін-өзі соқыр сезіммен мал да сүйеді, пайдаға ұмтылады, зияннан безінеді. Туысқандарын мал да сүйеді, бие құлынын қорғайды. Адамның шын мағынасымен адам болуы үшін өзін сүю, жақындарын сүюмен қанағаттанбай, жалпы адамзатты сүюі шарт. Өзінің һәм жақындарының ғана пайдасын іздемей, жалпы момын халықтың пайдасын іздеуі шарт. Халық пайдасын өз пайдасынан да ілгері қоюы шарт. Адам шын ізгі адам боламын десе, халық ісі, халық пайдасы жолында құрбан бола білсін. Қазақтың жазушысы Міржақып Дулатов бір өлеңінде:

Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш,
Емеспін жемісі көп тамаша ағаш.
Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі,
Пайдалан, шаруаңа жараса, алаш,–

дейді. Міне, алашты халық десек, халықты шын сүйген адам «жарты жаңқасы» қалғанша халық үшін қызмет істеуге тиісті. Өз елін сүю дегеннен адам өз халқынан басқа халықтарды мейлінше жек көрсін, басқа халықтарға қасқыр болып тисін деген сөз шықпайды. Бұлай болса жер қанға тұншығып, бұзақылық белең алып, жауыздық өрлеп, жер жүзінде тыныш тұрмыс болмас еді. Европа мемлекеттерінің мына 1914 жылдан бері қан төгіп жатқаны, одан бұрынғы да соғыстар бұған айқын дәлел. Әрбір халық бір-біріне жау болсын деп ұғу қате, адам өз халқының адамдарын сүюінің үстіне басқа халықтардың адамдарын да сүюге міндетті. Міндетті ғана емес, еріксіз сүймек. Жер жүзіндегі адам адамды сүймек. Бұл – адамның жаратылысындағы негізгі мінез.

Осы жерде «дін сезімдері» деп аталатын сезімдер туралы бір-екі сөз айтып өтейік. Бірқатар адамдарда мынадай бір пікір бар: адамның құлық сезімдері күшті болу үшін, яғни адам ізгі болу үшін, жауыздықтан тыйылып, еркіндікке ұмтылу үшін адамда дін сезімдері күшті болуы керек. Дін сезімдерінің негізі – дүниені жаңартушы, дүниеде барлық нәрсені істеп тұрушы бір тәңір бар деп сену һәм сол тәңірге адам өзін пенде деп білу. Тәңірінің құдіреті алдында адам өзінің әлсіздігін сезіп, тәңірге құлшылық қылу, яғни жауыздықтан тыйылып, ізгілікке ұмтылу. Барлық кемшіліктен азат тәңірге жағу үшін барлық кемшіліктен безу.

Ізгілік істесе – тәңірінің көңілін табуға, разылығын алуға, махаббатын тартуға яғни жұмаққа кіруге сену. Жауыздық істесе – тәңірінің наразылығын алуға, ашуына, қаһарына ұшырауға яғни тамұққа кіруге сену. Міне, дін сезімдерінің негізі – осы. Осы дін сезімдері күшті адам яғни тәңірінің барлығына, құдіретіне сиынып, онын махабатын алуға, қаһарына ұшырамауға ұмтылатын адам өмір бойы ізгілікке ұмтылып, жауыздықтан безбек.

Дін сезімдері туралы пікір осы. Бұл – баяғыдан бері келе жатқан пікір. Бұл пікір туралы бұл күндегі үстем ой, ғылымға сүйенген үстем ой мынадай: дін сезімдеріне мұнша артық баға беру, адамды жауыздықтан бездіріп, ізгілікке ұмтылдыратын – дін сезімдері ғана деп ұғу дұрыс емес. Құлық сезімдері, яғни адамның жауыздықтан безіп, ізгілікке ұмтылатын мінезі адамның жаратылыстарында бар. Кісі өлтіру, ұрлық қылудың жауыздық екенін білу үшін дінді білу шарт емес. Ізгілікті сезу – адамның жаратылысына, табиғатына берік байланған нәрсе. Дін ескі емес, адам ескі. Дін ескі емес, жаратылыс, табиғат ескі. Ізгілікке ұмтылдыратын дін адамның жаратылысын жасаған емес, ізгілікке ұмтылатын адамның мінезі дінді туғызған. Сондықтан адамның кұлық-сезімдеріне дін сезімдерін негіз қылып алу, адамның құлықты болуын дінді болуына байлау дұрыстыққа келмейді. Бұл – бір.

Екінші, адамның бір нәрседен тыйылуы, бір нәрсеге ұмтылуы екінші бір затты сыйлағаннан, сол затқа жағыну үшін болмай, дұрыстық үшін болса, нағыз тынымды, тиянақты, игі ұмтылу һәм тыйылу осы болмақ. Бір адамды сыйлап істелген ізгілік рия болса, «тәңіріні» сыйлап істеген ізгілік те рия. Рияның адамға пайдасы жоқ. Рия адамды түземек емес, бұзбақ. Кемшіліксіз идеал бар: адам дүниеде ісін идеал үшін істесін, идеал үшін тұрсын, және сол идеалдай түгел боламын, кемшіліксіз боламын деп ұмтылсын.

Құлық сезімдерін өркендету жолдары

Құлық сезімдерін өркендету үшін төмендегі жолдарды көрсетуге болады.

1) Баланың маңайындағы адамдардың құлықты болуы. Бала ізгі құлық пен жауыз құлықты айыра алмайды. Оларды бала маңайындағы ересек адамдардың сөздері һәм істері бойынша ғана айырады. Солар бойынша ғана ізгі мен жауыз құлық туралы ұғым жасайды. Мысалы, бала атасының ұрлық қылғанын білсе, ұрлық қылу ізгі құлықтан саналады екен деп ұғады. Сондықтан баланың ізгі құлықты болуы үшін оның маңайындағы адамдар, ата-ана, туған-туысқандары өздері ізгі құлықты болуға тиісті. Ұяда не көрсе, ұшқанда соны қылады.

Және баланың бірге ойнайтын жолдастары да дұрыс, ізгі құлықты болсын. Балаға ересек адамнан өзіндей бала жақын. Бала өз құрбысына еліктегіш, өз құрбысының тілін алғыш, құлқына, мінезіне сенгіш келеді. Өзінің ізгі, жауыз құлқын бала құрбылары арқылы жарыққа шығарып әдеттенеді. Сөгіседі, ұрысады, төбелеседі, ұрласады, өтірік айтысады. Осы себептерден тәрбиеші баланың жолдастарының дұрыс құлықты болуларына өте ықтият қылу керек. Балада құлық сезімдерінің бекуі, кеңеюі, тереңдеуі үшін балаға әдебиеттен, тарихтан өрнек әңгімелер сөйлеу һәм оқыту керек. Әрбір ұлттың әдебиетінде ізгі һәм жауыз құлыққа өрнек болғандай әңгімелер толып жатыр. Солармен дұрыс пайдалана білу керек. Яғни әдепті бол, әділ бол, өтірік айтпа деген сықылды. Құрғақ, жалаңаш сөзде пайда жоқ. Баланың алдына құлықтың әрбірі әдейі киініп өрнек күйінде ғана келсін. Өрнектен нәтижені бала өзі-ақ шығарып алады.

2) Үйде һәм мектепте дұрыс тәртіп болу. Үй һәм мектептегі тәртіп баланы ізгі құлықтарға әдеттендірсін. Әдеттендіру мынадан табылады. Үй һәм мектептегі тәртіп құбылмалы болмасын, яғни ата-ананың, мұғалімнің күйіне қарап тәртіп өзгеріп отырмасын. Тәртіп өзгермейтін ізгі құлық заңдарына негізделген болсын. Болмаса, бүгін жараған іс ертең жарамайтын болып отырса, балада тәрбиешіге сенім қалмайды. Бұл – бір. Екінші, баланың жаратылысы, табиғаты тілейтін нәрседен баланы тыю дұрыс емес. Жүгіруден, ойыннан тыю сықылды. Баланың жаратылысы тілейтін нәрседен тыйсаң, бала бұл жасама тәртіпті оп-оңай бұрып кетеді. Яғни бала өтірік айтуға, алдауға үйренеді. Баланың өтірік айтуы, алдауы оны жасама тәртіп ішіне қамаудан. Маңайындағы тәртіп, тұрмыстың құрылысы баланың жаратылысына қайшы болса, бала ондай тәртіпті аттап өтеді. Үшінші, тәрбиеші мен баланың арасы өте жақын болуға тиісті. Екеуі біріне-бірі шет, жат деп қарамасын. Екеуінің арасында сенбеушілік болмасын. Бала тәрбиешіні мұңын тарқата алғандай, қуанышына ортақтаса алғандай, сырын шеше алғандай досым деп білсін. Бала тәрбиешіні осылай деп білсе, ол уақытта одан ешбір ойын, ешбір ісін жасырмайтын болады. Жасырмайтын болса, өтірік айту, алдау сықылды ұнамсыз құлықтарға орын да қалмайды.

3) Баланы құлық туралы ой жүргізіп үйрету. Бала барлық ізгі құлықтарды өзі басынан кешіріп, яки маңайыңдағы адамдардан көріп, біліп бітіре алмайды.

Алдағы өмірінде құлықтардың әлденеше түрлеріне ұшырауға мүмкін. Ол уақытта мен мына құлықпен таныс емеспін, сондықтан мұны ешнәрсе деп айта алмаймын деп отыра алмайды ғой. Алда, болашақ өз істеріне һәм басқа адамдар ісіне құлық көзінен баға бере алуы үшін оның құлық туралы ерте күннен ой жүргізіп үйренуі тиіс қой. Сондықтан тәрбиеші, балаға түрлі істерді құлық көзінен салыстырып, сынатып үйретуге міндетті. Бала салыстырып, сынап үйренсе, құлық туралы белгілі берік бір ұғымға ие болады. Ол уақытта алдағы өмірінде дұрыс пен терісті, ізгі мен жауызды, ақ пен қараны дұрыс һәм жеңіл айыратын болады.

Қайрат

Біз кітабымыздың басынан бері жан көріністерінен ақыл һәм ішкі сезім көріністерін баяндадық. Енді жан көріністерінің үшінші түрі қайратқа көшеміз.

Қайрат ұғымы. Біз ақыл көріністері арқылы сыртқы заттар туралы, яғни олардың өзі, ісі һәм күші туралы білім аламыз. Ішкі сезімдер арқылы жанымызда түрлі күйдің болғанын білеміз, һәм ол күйді жағымды не жағымсыз деп бағалаймыз. Ал енді жанымызда тағы бір күш, тағы бір көрініс бар. Жан бір нәрсені істеуге, болдыруға ұмтылады, яки істемеске, болдырмасқа ұмтылады. Және бұл ұмтылу соқыр ұмтылу емес, аңды, саналы ұмтылу. Міне, осы бір мақсатқа жету үшін жанның аңды ұмтылуы қайрат деп аталады. Әрине, жан құр ұмтылып қана қоймайды, сол ұмтылғанын болдыру үшін денені іске қосады. Жанның қайрат күші арқылы істелетін іс ерікті іс деп аталады. Ал енді адамның қайрат қатыспай, еріксіз істейтін істері де болады. Мысалы:

1) Импульс ісі. Яғни кейбір істерді сырттан ешбір әсер болмай, белгілі бір мақсатсыз істейді. Мысалы, ұйқыдан оянғанда адам керіледі, созылады.

2) Рефлекс ісі. Яғни сыртқы бір әсерге адамның аңы қатыспай, денесінің ғана жауап беруі. Мысалы, көзге бір затты жақындатсаң, кірпік жабылады, тоңсаң, дірілдейсің.

3) Соқыр сезім (инстинкт) ісі. Атадан қалған мұра бойынша адамның аңын қатыстырмай істейтін істері. Соқыр сезім адамның өзінің һәм тұқымының аман болуына қызмет қылады. Мысалы, бала ешкім үйретпей, емшек емеді. Яки құс қыс жақындағанда жылы жаққа ұшып кетеді.

Ал енді адамның қайрат туғызған ісіне аң қатыспай болмайды. Мысалы, менің жазғым келсе, аңменен, ойменен қағаз алам, қалам алып, сияға малам һәм осылар сықылды басқа тиісті істер істеймін. Міне, бұл қайрат ісі. Қайраттың бет алысы екі жақ: жан көріністері һәм сыртқы дүние. Мысалы, мен қайрат жұмсап бір ойды еске түсіремін. Яки жерде жатқан бір нәрсені көтеру үшін еңкейем.

Қайрат түрлері. Қайрат төмеңдегі түрлерге, дұрысырақ айтқанда, басқыштарға бөлінеді: тартылу, ұмтылу һәм тілеу. Қайрат адамда ә дегеннен берік, ашық болмайды. Бастапқы кезде бір әсер мен белгілі бір беталыс болмай, белгілі бір мақсұт болмай, бір нәрсеге жан жай тартылады. Мысалы, бала аштықтан жылайды, тыпырлайды, жаны жағымсыз күйде болады. Жанында бір азап болады. Бірақ бала осы жағымсыз күйдің, осы азаптың аштықтан екенін аңдап біле алмайды, оған сүт керек екенін біле алмайды. Міне, жанның осындай күйі тартылу деп аталады. Ал енді тартылуға аң қатысса, яғни адам, не нәрсеге болса да өзінің мұқтаж екендігін аңдап, анық білсе, бірақ сол мұқтаж нәрсенің не нәрсе екендігін анық біле алмаса, жанында ұмтылу болады. Мысалы, біз ыстықта сусаймыз, сусын тауып, сусынды қандыруға ұмтыламыз. Бірақ бізге кез келетін сусынның қандай болатынын білмейміз. Егерде біз белгілі бір нәрсеге ұмтылсақ, ол уақытта ұмтылу тілеуге айналады.

Тілеу, суреттеу һәм ішкі сезім арасындағы байлам. Бұл үшеуінің арасында берік байлам бар. Суреттеу болмаған нәрсені адам тілей алмайды. Мысалы, естімеген, білмеген тамақты тілеуге мүмкін емес. Және адамның жағымсыз ішкі сезімі беретін нәрсені де тілеуі мүмкін емес. Бір нәрсенің суреті біздің жанымызда неғұрлым ашық болса һәм оның жанымызда жағымды сезім туғызуы бізге белгілі болса, біз сол нәрсені қатты тілейміз.

Қайрат қалай жасалады? Қайрат төмендегі басқыштарды өтіп барып іске асады. Жанымызда бір тілек бар. Сол тілекті іске асырғымыз келеді. Тілектің іске асуының тиістілігін бекітетін себептер дәлел яки мотив деп аталады. Бұл – қайраттың бірінші басқышы. Ал енді бір тілектің іске асуының тиістілігін көрсететін қарсы себеп те болады. Қарсы себеп – қарсы дәлел яки контр мотив деп аталады. Дәлелге қарсы дәлел шыққанда, біз бұл екеуін салмақтаймыз, салыстырамыз. Осы дәлел мен қарсы дәлел салмақтау дәлелдердің күресі деп аталады. Бұл – екінші басқыш. Егер дәлел мен қарсы дәлелдің қүші бірдей көрінсе, адамда толқу пайда болады. Дәлелдер күресінен кейін ақырда адам екі жақтың бір жағына жеңгізіп, бетін бір жаққа түзейді. Бұл үшінші басқыш. Бетті бір жаққа түзеу бекіту деп аталады. Бекітуді іске асыру орындау деп аталады. Бұл төртінші басқыш. Орындау жолында адам түрлі бөгетке ұшырап, бөгетті жеңе алмай қажып, жасып, бекітуін қайтып алуға мүмкін. Бұлай істемес үшін адам табанды болу керек. Табанды адам – қайраты күшті адам.

Қайраттың керектігі. Қайрат адам өмірінде аса қымбат орын алады. Адамның дене һәм жан ісін тізгіндеп, белгілі жолға салып өркендететін – сол қайрат. Мысалы, нәресте шақта адамның денесі қайрат қатыспай өз бетімен қозғалады. Ес кірген соң қайрат жұмсалып қозғалады. Жүргенде аяқ қозғалуы сықылды. Жан ісінде қайрат іскерлікке көп қатынасады. Шынында, қайрат жұмсамай адам іскер бола алмайды. Қайраттың ішкі сезімдерге әсері мол. Қайнап келіп қалған ашуды біз сол қайраттың қаруымен басамыз ғой.

Қысқасы, қайрат адамның барлық ісін тізгіндеп жолға салмақшы, жүзеге шығармақшы. Қайрат арқылы ғана адам жанындағы қалың күштер жарық көрмекші. Өмірде адам басына қиын-қыстау істер келгенде, қажытпай алып шығатын – сол қайрат. Сермеген қолды аспандағы айға жеткізбесе де, ойлаған ойға жеткізетін – сол қайрат. Сондықтан тәрбиеші баланың қайратын өркеңдету үшін қызмет қылуға міндетті.

Қайратты өркендету жолдары

1) Тәрбиеші баланы денесін дұрыс билеп, дұрыс қозғалуға үйретсін. Дене мүшелері қайраттың тез қозғалатың, тез орындайтын қаруы болуға тиісті. Бала мүшелерін теріс қозғап үйреніп бара жатса, тәрбиеші тез түзесін. Сол уақытта бала қандай іске қай мүшені қозғау керек һәм қалай қозғау керек, соған әдеттенбекші. Жазғаңда, тіккенде саусақтарды қалай ұстау сықылды.

Тәрбиеші баланы әсіресе жан істерін қайратқа дұрыс бағындыруға үйретсін. Бала әсіресе тілегіне қожа бола алмайды. Не тілесе, соны жүзеге шығарғысы келеді. Бала болмайтын нәрсе болмайды деп ұғады. Тура мағынасымен аспандағы айға ұмтылады. Тәрбиеші баланы осындай қияңқылықтан сақтауға міндетті. Балаға әрбір тілектің алдын, артын, болдыратын һәм болдырмайтын себептерін салмақтатып, тексеріп үйретуге міндетті. Терең тексеріп келіп, тілекті жүзеге шығару қайраттылық болатыны сықылды, тексеріп келіп, тілекті тоқтатып қалу да зор қайраттылық. Есте болу керек: арыстан айға шапса, мерт болмақшы, өтпес жарлық бойға қорлық болмақшы. Тілектің алдын, артын тексеріп үйренген адам балалықта ебетейсіз еркеліктен, қияңқылықтан, есейгенде есерліктен аман болмақшы.

2) Баланың қайраты күшті болуы үшін тәрбиеші баланың барлық ісін тізгіндей бермей, әрбір істе балаға ерік берсін. Бала өз еркімен денесін қозғап, жүгіріп үйренсін. Әсіресе жанды жұмсап үйренсін. Яғни бала өз бетімен бір нәрсені тілеп, сол тілектің алдын, артын тексеріп, сонан соң иә болдыруға, иә болдырмауға өзі әдеттенсін. Сол уақытта баланың қайраты өркендемек. Әрине, баланың ісі, тілегі пайдасызға, зиянға айналып бара жатса, тәрбиеші кіріседі ғой. Бірақ баланы ылғи тізгіндеуден сақтану керек.

Әдет. Әрбір іс дене ісі болсын, жан ісі болсын, алғаш істелгенде бірталай қиындықпен істеледі. Екінші істелгенде қиыңдық біраз жеңілденеді. Егерде көп істесек, ол істі тіпті жеңіл істейміз. Және сол істі ылғи істегіміз келіп тұрады. Істемесек, бір нәрсені жоғалтқандай боламыз да тұрамыз. Белгілі шарттар болғанда, белгілі бір түрде іс істеу әдет деп аталады. Мысалы, жазған уақытта саусақтарды былай ұстау, әрине, қиын. Оған қанша қайрат жұмсалады. Бірақ біраздан тіпті жеңілге айналады. Ойламай-ақ, ешбір қайрат жұмсамай-ақ, саусақтарымыздың өзі солай икемделе береді. Адам өмірінде әдет көп орын алады. Лейбниц деген ғалым адамның барлық ісінің төрттен үшеуі әдет болады дейді.

Әдеттің адамға көп пайдасы тиеді: 1) Әдет арқасыңда адам белгілі ғана істерді істеп, тақақтап ұшына шығады, анық орындайды. Әрбір істің басын шала бермейді. 2) Істің тиянақты, көрікті болуына себепкер, әдеттенген істі адам тиянақты істейді. 3) Уақытты һәм күшті далаға жібермейді, бәлки үнемдейді. Әдеттенген істі көп күш жұмсамай адам тез һәм жеңіл істейді. Әдеттену болмаса, адам бір істің соңында мыжып отырып қалып, басқа жаңа істерге уақыты болмас еді. Әдет – әсіресе, тәрбиешінің қолында күшті құрал. Әдеттендіру арқасында ғана баланы дұрыс жолға салуға мүмкін. Шекспир: «Жақсы әдет – жақсылыққа бастайтын періште»,– дейді. Орыстың тәрбие ғалымы Ушинский: «Жақсы әдет – өсімге берген ақша, адам өмір бойы соның өсімін пайдаланады. Жаман әдет – борыш, адам өмір бойы сол борыштың бір өсімімен азап шегеді»,– дейді.

Адам өмірінде әдет осындай зор орын алатындықтан, тәрбиеші барлық күшін жұмсап, баланы неғұрлым жақсылыққа әдеттендіруге міндетті. Бала нашарлыққа бір әдеттеніп қалса, оны қайта түзету оңай нәрсе емес, есте болу керек. Ауру қалса да, әдет қалмақ емес. Әдет тым бойға сіңсе, құмарлыққа айналады.

Құмарлық шектен шықпай белгілі мөлшерде болса, әрине, пайдалы. Құмарлық болмаса, адам өмірде белгілі бір жолды қуып та кете алмайды. Бірақ көбінесе құмарлық шектен шығып кетеді. Көбінесе адам бір нәрсеге құмар болса, басқа барлық нәрседен көзді жұмып безіп кетеді. Бір тілекке басқа тілектің, бір нәрсеге басқа нәрсенің бәрін құрбан қылады, құмар болған нәрсенің пайдалы, пайдасызына да қарай алмайды. Сол құмарлық жолында ұяттан, ардан, барлық адамшылықтан айрылады. Мысалы, қиссадағы Қарынбайдың малға құмарлығы сықылды. Маскүнем адамның арақ құмарлығы сықылды. Мұндай құмар адам – сау адам емес, ауру адам болады. Мұндай құмарлық адамды өрге сүйремейді. Сондықтан тәрбиеші балада мұндай құмарлықты болдырмауға міндетті.

Мінез

Бір адамның барлық ісін басқа адамдардың істерінен айыратын сипаттар мінез деп аталады, адамның ойының яки ішкі сезімдерінің сипаты мінез ұғымына кірмейді. Ойы бір дәрежеде һәм сезімдері бір қалыпты адамдардың мінезі әр түрлі болуға мүмкін.

Яки жауыз һәм мейірімді адам, құлықты һәм құлықсыз адамдар мінездес болуға мүмкін. Сондықтан мінез ақылға яки сезімге байлаулы нәрсе емес, қайратқа байлаулы һәм мінез қайрат дәрежесіне қарап былай бөлінеді. Егер бір адамның қайраты күшті болса, сөзінен бір айрылмайтын, екеуі екі бөлек жайылмайтын болса, ондай адамның мінезі қатты мінез, күшті мінез, берік мінез деп аталады. Егерде сөзбен, оймен іс бір-біріне қабыспайтын болса, ауыз айтқанда, қол істей алмаса, ондай адамның мінезі жұмсақ мінез деп аталады.

Мінездің жасалуы. Мінез адамның жаратылысына қарай тума болады һәм басқа сыртқы себептермен тұрмыс түрі, жаратылыс, жолдас, тәрбие сықылды жүре пайда болады. Тума мінез көбінесе тұқым қуалап келеді. Дененің аурулы яки сау болуы, ақылды, ақымақ болу, ашулы, жасық болу сықылды тума мінез темперамент деп аталады.

Темперамент. Әрбір адамның жаратылысы бойынша тума бір түрлі мінезі болады. Мысалы, сыртқы дүние әсерлерінен өзінше бір түрлі әсерлену яки ішкі сезімдердің өзінше бір түрлі оянуы сықылды. Міне, осындай тума мінез темперамент деп аталады. Темперамент төрт түрлі. Сангви ник, холерик, флегматик һәм меланхолик темпераменттері.

1) Сангвиник темпераменті – сыртқы әсерлерді жеңіл һәм тез алу, бірақ терең ала алмау. Сангвиник адам ұшқыр, ойнақы, еті тірі болады. Бірақ бір әсерден екінші әсерге секіріп түсе беретін, бір әсерге аялдап тұра алмайтын тиянақсыз адам болады. Әрбір істі бастап тұрып, тастап кететін болады.

2) Холерик темпераменті – сыртқы әсерлерді тез һәм терең алу. Холерик адам әрбір әсер артынан салпақтай бермейді. Бір алған әсеріне мықты, бекем болады. Көздеген мақсатын қадағаламай, тиянақтамай, жолда шала қалдырмайды, табанды, қайратты болады. Қиын-қыстау мәселені тез шешеді, тез орындайды. Бірақ холерик адамның ашуы шапшаң һәм қатты болады. Сол ашу себебімен көп уақытта ұнамсыз істер істеп тастайды. Тіпті бір бет, қияңқы болады.

3) Флегматик темпераменті – әсерлерді әлсіз алу һәм ішкі сезімдердің созалаң оянуы. Бірақ түбі берік болады. Флегматик адам – ауыр мінезді адам, түрлі әсерге көрсе қызар болмайды. Мәселені тез шешуге асықпайды, іс істегенде саспайды. Шапшаң ашу, қызу мінез болмайды, салқын қанды болады. Басын жарып, көзін шығарып, жан алып, жан беріп істі тез бастап кете алмайды. Бірақ бір бастаса, салпақтап артынан қалмайды.

4) Меланхолик темпераменті – адамның ішкі сезімдердің билігінде болуы, өзінің ішкі сезімдеріне, жалпы айтқанда, өзінің ішкі дүниесіне берілген. Меланхолик адам аулақты жақсы көреді. Ешкімге сенбейді. Істе қалтылдақ, жасқаншақ болады. Тұрмыста кедергі ұшыраса, оның жүні жығылып, қайраты сөніп, жасып қалады. Меланхолик адамның үміттен уайымы, қуаныштан қайғысы көп болады. Аз ғана кедергі оны қалың уайымға, қайғыға түсіреді. Меланхолик адам өзіне берілген. Өзім деген кісіге құл болғандай жақын болады. Бірақ ана кісіден бұған жақпайтын қарсы мінез шығып қалса, оған қас болып кетеді. Мұндай меланхолик адамның сіркесі су көтермейді. Сондықтан мұндай адам бір бет, қыңыр-қисық болады.

Темпераменттің бұл төрт түрі бір-біріне қатыспай, таза күйінде ғана болады деуге болмайды. Көбінесе бұлар бір-біріне аралас болады. Мысалы, бір адамда сангвиник темпераменті мен холерик темпераменті аралас болады. Бір адамда флегматик темпераменті мен меланхолик темпераменті аралас болады. Һәм темперамент тұрмыстың һәм тәрбиенің әсерімен өзгереді. Және темпераменттің түрлі болуы біраз жас, ер, әйелдік һәм тұқымнан да болады. Мысалы, көбінесе жас шақта адам сангвиник болады, ерлікте холерик болады, кәрілікте флегматик болады. Көбінесе әйел сангвиник болады. Ер холерик болады.

Қалайда әрбір адамда осы төрт темпераменттің біреуі денірек болмай қоймайды. Денірек болатын темперамент хатта нәресте шақтан біліне бастайды. Сондықтан тәрбиеші баланың нәресте шағында-ақ оның тума мінезін һәм темпераментінің түрін байқап, біліп қоюға тиіс, балаға оның темпераментінің түріне қарай тәрбие беру үшін. Бірақ берік білу керек: темпераменттің анасы жақсы, мынасы жаман, анадай темпераментті ірі адам, мынадай темпераментті төмен адам деуге болмайды. Адамды ірі қылатын темперамент емес, ақыл мен құлық. Ақылы терең, құлқы сау адам қандай темпераментті болса да тізгіндеп, түзу жолға түсіп кете алады. Темпераментті тізгіндей білу үшін адамның жақсы тәрбиеленуі керек.

Мінез тәрбиесі. Балада берік һәм дұрыс мінез пайда болу үшін тәрбиеші мынау негізгі екі шартты орындау керек: 1) Баланың өз қолынан келетін іске балаға толық ерік беру. Басқаның күшіне, көмегіне сеніп кетпей, өз қолынан келмейтін істе ғана тәрбиеші көмек көрсетіп жіберуге міндетті. Күштен асатын іске кірісіп баланың тауы шағылмас үшін. 2) Баланы құбылмайтын, ұсақтықпен қажытпайтын темір тәртіпке (дисциплина) бағындыру керек. Баланы еркіне жіберу оны ерлікке, батырлыққа үйретсе, темір тәртіпке бағындыру оны шыдамдылыққа, табандылыққа үйретеді. Осы екі жағы тең адамның мінезі күшті болмақ қой. Баланы тіпті еркіне жібермеу оны жасқаншақ, жасық, қорқақ қылады. Ал тіпті тізгінсіз қоя беру, ләм-мим демей, оның бар еркелігін орындай беру баланы бейбастақ, ессіз тентек қылып шығарады.

Осы екі жақтың біреуіне аударып жібермей, баланы ортада ұстай білу үшін тәрбиеші мынаны істеу керек:

1) Балаға бір нәрсені істе дегенде ақырмай-бақырмай, салмақпен һәм былай да жарайды деген сықылды табансыздық көрсетпеу керек. Тәрбиешінің табансыздығын сезсе, бала оны сыйлаудан, тілін алудан қалады. Және тәрбиеші өз ісінде тиянақты, табанды болуға керек. Бала адам айтар емес, еліктемпаз болады. Тәрбиеші тиянақты болса, бала оның тиянақтылығына еліктейді. Тәрбиеші тиянақсыз болса, бала оның тиянақсыздығына еліктейді.

2) Балаға бір нәрсені істе дегеңде де, істеме дегенде де сол бұйрықтың себебін ұққандай қылып балаға ұқтырып отыруға керек. Себебін ұқса біраздан соң бала өз бетімен- ақ дұрыс іске ұмтылып, теріс істен тыйылатын болады. Ерінбей, жалықпай балаға әрбір істің себебін ұқтыра беру керек. Мәні-жайын ұқтырмай, құр бұйрық беруші адам – тәрбиеші емес. Данышпан Абай айтқандай, «ұстаздық қылған жалықпас үйретуден балаға», тәрбиеші баланың қаһарлы қожасы болмасын, жұмсақ жолдасы болсын.

Баланың жалпы жаратылысы

Біз кітабымыздың басынан бері жан көріністерін, яғни ақыл, ішкі сезім һәм қайратты баяндадық. Ержеткен адамға қарағанда баланың сол айтылған көріністері басқарақ түрде болатынын білдік. Мысалы, баланың әсерленуі, суреттеуі, ойлау һәм сезуі ержеткен адамнан әжептәуір басқа. Баланың бұл жан көріністерінің әрқайсысының жеке-жеке алғанда басқалығы болған сықылды, бұлардың бәрін тұтас алғанда да басқалық бар.

Бірінші, баланың барлық жан істері бір-біріне берік байланған болады, бірімен-бірі берік жүреді. Мысалы, баланың денесі мен жаны, ақылы мен сезімі, сезімі мен қайраты – бәрі бірге іс қылады, бұлар бір-бірімен күресе білмейді, бірін-бірі тізгіндей білмейді. Бала бір нәрсеге ұмтылса, сол нәрсеге баланың денесі, жаны, ақылы, сезімі, қайраты – бәрі бірге жұмсалады. Бала шақта алынған әсердің өмір бойы естен шықпауының мәнісі сол: бала шақта алынған әсер ержеткенде адамның ақылының, ой-пікірінің һәм мінезінің қандай дәрежеде һәм түрде болуына негіз салады. Балалықта ылғи жағымды әсер алынса, адам өмір бойы шат көңілді болмақ. Балалықта жағымсыз әсер алынса, қорлық, жоқшылық көрілсе, адам өмір бойы қасіретке бейім болмақ.

Екінші, бала ылғи іске ұмтылады. Дені сау бала тіпті қарап отыра алмайды. Бірақ бала не істеуге һәм қалай істеуге білмейді. Сондықтан ол ересек адамдардың не істегенін һәм қалай істегенін өнеге қылады. Баланың еліктемпаз болуы осыдан. Еліктеу, затында, тіпті теріс нәрсе емес. Еліктеу адамның жаратылысында бар нәрсе. Еліктемейтін адам болмайды. Себебі бар нәрсені өз ойымен таба алмайды, оған өмір де жетпейді. Бәлки басқалардан қалған ұнамды нәрсені ала қояды. Жалғыз-ақ жан ісі тіпті әлсіз балада еліктеу тым-ақ күшті болады.

Жоғарыда айтылғанша, баланың жаратылысы ересек адамның жаратылысынан басқа болғандықтан, тәрбиешінің негізгі ұстайтын жолы:

1) Бала еліктемпаз болғандықтан, баланың ылғи сұлу һәм құлықты әсерлер алуына ыждаһат қылу керек. Әсіресе баланың ата-ана һәм тәрбиешісі – солардың өздерінің барлық істері сұлу һәм үлгілі болуға тиісті. Баланың еліктейтіні – солар. Және бала тіпті сенімпаз болады. Сондықтан баланы өз күшіне өзін сендіріп үйрету керек. Қолыңнан түк келмейді дей берсең, бала жасқаншақ, жасық болып қалады. Осыдан сақтану керек.

2) Бала ешбір уақытта іссіз тұра алмайтын болғандықтан, балаға ылғи пайдалы іс беріп отыру керек. Сол уақытта бала өмір бойы пайдалы іске әдеттеніп кетеді. Болмаса, балаға пайдалы іс берілмесе, ол уақытта бала өз бетімен қайдағы нашар, зиянды істерге әдеттеніп кетеді.

Ұзын сөздің қысқасы, бала кәдуілгі адам болғанымен, баланың жаратылысында көп басқалық бар. Мұхамбет пайғамбар: «Сөзді әрбір адамның ақылына қарай сөйле»,– депті. Сол айтқандай, балаға тәрбиені өзінің шамасына, жаратылысына қарай беру керек. Жас бала – жас бір шыбық, жас күнде қай түрде иіп тастасаң, есейгенде сол иілген күйінде қатып қалмақ. Теріс иіліп қалған шыбықты артынан түзеймін десең, сындырып аласың. «Баланы – бастан» деген сөздің мәнісі осы. Тәрбие деген – баланы бетке қақпай, бетімен жіберу емес. Яки отырса басқа, тұрса аяққа ұрып, көрбала қылып өсіру де емес. Баланы тәрбие қылу – тұрмыс майданында ақылмен, әдіспен күресе білетін адам шығару деген сөз. Қалса – өзін, асса – барлық адам баласын адал жолмен өрге сүйрейтін ер шығару деген сөз. Тұрмыста түйінді мәселелерді тез шеше білетін, тұрмыстың тұңғиық теңізін қалың қайратпен кеше білетін, адалдық жолға құрбан бола білетін, қысқасы, адамзат дүниесінің керек бір мүшесі болатын төрт жағы түгел кісі қылып шығару. Баланы мұндай адам қылу үшін тәрбиеші бар күшін, бар білімін жұмсап, жалықпай, шаршамай үйрете білу керек. Данышпан Абайдың төмендегі сөзімен біз кітабымызды тамамдаймыз:

Ұстаздық еткен жалықпас
Үйретуден балаға.

С о ң ы





Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)