Жолаушы жолға шыққанда

I

Баяғы қазақ: «Жолаушы үйден қырық қадам ұзап шыққасын-ақ басына мүсәпірлік түседі» депті. Кім біледі, қазіргідей алдында алақанын тосып, ас-суын әзірлеп күтіп тұрған қонақ үй болмағасын сыбай-салтаң шыға қалған салт атты жолаушы үйінен қырық қадам ұзап шыққасын күні мүшкіл болса болатын да шығар. Айтса да: атына жем керек. Талықсып кеп тоқтаған жерде өзіне де бел шешіп қонатын, түстенетін баспана керек. Бір қырдан ассақ тағы сондай бір қырық алдыңнан тосып тұратын осынау ақыраған сары далада жалғыз атты жолаушыға жөні түзу жолдас кездесе ме? Бұйрат арасынан бұлаң еткен бір сүрлеуге түссең бас еркің қолына тигесін бұйдаңнан жетелеп әрі-бері тәлкек қылады. Жапан түзде жолыққан жалғыз кісіні о да басынып, қылжақтап мазақтайды, мазақтайды да, ақырында бір шағылдың шетіне келгесін көк көдеге құйрығын шаншып алып ырғалақтаған ақ ши арасына сып беріп кіріп ізінен адастырады да кетеді. Сен ат үстінде ақырып тұрасың да, тебініп қайта жүресің.

Жә, бір кезде солай болған. Ал, қазір ше? Жапан түзде жалғыз жорытқан кісінің көңіл-күйін құлазытып бітетін жұтаң сезім қазіргі жолаушылардың басында бола ма екен?

Рас, біздің ата-бабаларымыздың заманында адам баласының аяғы қысқа болды. Үйде де, түзде де мешеулік басына түсе бергесін қыс — қыстаудан, жаз — жайлаудан ұзап шықпаған. Ат жетпес, атан жетпес алысқа жалғыз-жарым кісі болмаса, қалған қазақ мал өрісінен аспапты ғой. Ілгеріректе жасаған бір атамыз айтыпты деген бір сөзді осы жұрт әлі күлкі қылады. Сол атамыз дүние салар шағында мақүлдасуға жиналған ағайын-тумасына қарап отырып: «Өмірде арманым жоқ, тірлікте мен бейбақ не көрмеді дейсің?! Бұл ағаң жер түбіндегі Аралға да қыста тоң балық тасыған кірешілермен ілесіп барып қайтты ғой», — депті. Ол кезде бақұлдасуға жиналған кісілердің бәрі «рас қой, рас қой» деп мақұлдап-шұлғыпты дейді. Ал, қазір күледі. Неге? Заман заманға күле ме? Адам адамға күле ме? Әлде бұрынғы ұрпақтың басындағы мешеулік пен мүшкілдік бүгінгі болған-толған шақтағы мырзам сыған жандардың жүрегін аяныш шақырудың орнына менмендік оята ма? Өткеннің бәріне күле қарау болған-толғанның белгісі ме?

Әрине, ұрпақ пен ұрпақ арасындағы қайшылық әуелі ұғымнан басталады. Ұғым қалай да қулыққа әсерін тигізеді. Көзқарас өзгереді. Баяғы ұрпаққа Аралға барып қайту арман көрінсе, бүгінгі күні біздің ауылдың кәрі-жасы Аралға қырық минутта ұшып барады.

Иә, не айтары бар, қазіргі жолаушы жарым жолда көлігім болдырып қалады деп қорықпайды. Жол-жөнекей қонуға түскен ауылдың пиғылы қалай болады, өзіне — ас, көлігіне — шөп бере ме, жоқ па деп, төріне шығып, төсенішке отырғасын да тыныштық таба алмай, жетім баладай қайта-қайта үй иесінің қасы мен қабағына жаутаңдап қарап жатпайды. Қайда барсаң да, астыңда көлік әзір, алдыңда асың, суың әзір. Қонақ үйде қол қусырып, көңірсіп тұрады.

Жә, не айтары бар, солайы солай! Бірақ... білмейтін жердің ой-шұқыры көп. Оның үстіне осы кез жұрттың көп жүретін тұсы. Жаз бен күздің екі аралығында демалысқа шыққан кісілердің әрлі-берлі сабылып курортқа бара жатқан, курорттан қайтып келе жатқан мазасыз шағы. Самолетке билет табыла ма деп ойлайсың, чемоданың салақтап, арып-ашып жеткеніңде қонақ үйде жазатайым орын болмай қалса қайтем деп қорқасың. Танымайтын кісілердің арасында тіл-жағым байланып, түйілген жіптей күрмеліп бітетін қысылшаң әдетім тағы бар.

Құдай қылса қайтесің, міне, қазір де Арқаның кербез сұлу атанған Көкшетауына келіп алып, бір топ кісінің арасында терлеп-тепшіп отырған сиқым мынау. Бұрын-соңды көрмеген, білмеген бейтаныс кісілер. Бел ұстасқан балуандарша бір-біріңді бағып, аңдысып отырғаның. Тосын кездескенде тіл қату қандай қиын. Қысылып отырып үнсіз томсырайып алған бейтаныс кісілерге сұрақ қоясың. Сауалыңа қайтарған жауабына қарап шыжымдап сыр тартпақ боп отырғанда, сен кейде осы мына күн-түн қатқан қызу еңбек ішінен шыққан қарапайым кісінің алдында өзіңнің шама-шарқыңды танытып алуың оп-оңай. Ел қазағының арасында сені жас балаша алақанына қондырып алып, көзінің қиығымен қысқалау ғана бір қарағанда арғы жақ, бергі жағыңды айнаға түсіргендей түп-түгел аңғарып шығатын кісілер болады. Көзін сенен тайдыра бере бір мырс етпесін... Егер бір мырс етіп, бетін бұрып әкетсе, сен айналайын, мың жерден жазушы болсаң да мейлің, қарапайым кісілердің қапы жібермейтін қырағы көзі сенің шама-шарқыңды біліп алғаны. Осыдан кейін сенін астанадағы абырой-атағың да, қойныңдағы жоғарғы оқу орнын бітіргеніңді куәландыратын қарыс сүйем дипломың да, ана қайта-қайта булана бастаған көзіңдегі қара мүйіз көзілдірік пен басыңдағы қарыс сүйем шашың да ел кісісінің қомсынып қалған көңілін енді қайтып бастапқы қалпына келтіре алмайды.

Қонақ аз отырып көп сынайды. Сол сын көз қонақ күтушіде де кем болмапты. Ел қазағы ежелден бермен қарай түзде жорытқан жолаушыны шапанына қарап сыйламаған, сөзіне қарап сыйлаған ғой. Соны ішіме түйгесін мына бейтаныс кісілер алдындағы сөзімді дұрыстағым келді. Жұртқа жөндеп сауал қою үшін де кісі әр нәрседен хабардар болу керек екен. Ал, мен болсам, бұл жасымда туып-өскен Арал өңірінен алысқа ұзап шыға қоймаппын. Бала кезден қаныма сіңіп қалған балықшы өмірінен сәл табаным тайып, басқа кәсіп, әңгіме бола бастаса-ақ өзімнің шорқақтығымды сезем. Астық жөнінде бірдеңе деудің керек екенін білем. Бірақ бірдеңе айтайын деп қанша оқталсам да, қас қылғанда аузыма сөз түспейді, басыма ой келмейді. Үнсіз отыра берудің ыңғайсыз екенін сезіп, қипақтап көзімнің астымен қасымдағы жігітке қараймын. Басыма түскен қиындықтан сен құтқар деп жалынам. Бірақ, не пайда... жер түбінен арнайы іздеп келген мына Сары адыр бөлімшесінің бастығы да өзім сияқты жұмған аузын ашпайтын тұйық жігіт боп шықты. Екі тұйық кісі қосылған жерде тым-тырыс отырыс болады екен.

Біз бағана Сарыадырға кеп, бөлімше басшылығы тұратын жар қабақтағы шыққан ақ үйдің алдына кеп ақырын тоқтаған машинадан түсуін түссек те, бірақ ішке кіре қоймай есік алдында иіріліп тұрып қап едік. Қай жағымыздан шыққанын білмей қалдым. Бойы да ұзын, мойны да ұзын, мұрны да салбыраған ұп-ұзын бір ақсары жігіт жанымызға кеп тоқтады. Бірдеңе деп күңк етті. Сәлемдескені ме, жоқ әлде жақтырмаған кісінің сыртына шығара алмай арғы жағында булытық қалған ашу-ызасы ма? Сондай ыңғайсыз рай байқалғасын, бұрылып бетіне қарап ем, жүзінен жаңағы күдігімді растағандай болдым. Қабағы қатыңқы. Кірпігімен көлегейлеп алған көзі де бірімізге тіктеп қарамай төмен тарта береді. Қолтығындағы жуан сары папкаға көзім кейін түсті. Дүние байлығын осы папканың ішіне тығып алғандай, қолтығына тас қып қысып апты. Осы тұрған кісілердің ішінде ала-бөле маған қыжылы бар сияқты. Тіл қатайын деп оқталып келе жатқанымды байқаса керек, түсін дереу суытып ала қойды. Көзіне қарай басып киген қара қалпақтың делиген шалғайы мен бұртаңдаған ашулы бетін бүркеп алғанымен қоймай, сен енді бірдеңе десең ол тіпті сырт айналып бұрылып жүре беретіндей. Жүзін көргім кеп көзімді қанша жүгіртсем де бір кісінің арғы жағында тұрған осы жігіттің бетін көлегейлеп киген басындағы қара қалпақтың шалғайынан иегін көрем, аузын көрем. Мықталғанда ұзын мұрынның үш жағына сырғып түсе беретін мүйіз көзілдірікті көрем. Қара көзілдіріктің мұздай әйнегі қанша қарасам да көзімді қарып, көңілімді қайтарып тастап тұр. Жан адамға жұғымы жоқ біреу сияқты. Сарыадырға бастық қып тағайындағанға дейін осы жігіттің бастауыш мектепте мұғалім болғанына сенер-сенбесіңді білмейсің. Шүбәң ұлғая бастаса, Құдай оңдағанда оның тұнжыраған ашулы бойында оқытушылығын паш етер жалғыз айғағы ана мүйіз көзілдірігіне көзің түседі. Күдігіңнен айнып, бір кезде бұның да бала оқытқанына сенесің. Тек мына ұзын мұрын сары сол кезде де діл осындай үндемес мұғалім болған шығар деп ойлайсың. Мектеп босағасын алғаш рет ашқан қылқандай балалар қарсы алдарында ат жақты бетінде ұзын мұрты салбырап отырған мына түсі суық ағайдың қай жағынан шығамыз деп үркектеп, қол-аяғын бір уыс қып бауырына қысып алған болар. Кішкентай партаға жайғасқан балалар қаттырақ дем алуға да қорқады. Бағана бұнда аяқтарының ұшынан қымсына басып кеп екеу-екеуден ыңғайласып отырып, әліппенің алғашқы бетін ашып қойғаннан бері әлі қыбыр етіп қозғалған жоқ. Күн түскен жарық класс жым-жырт еді. Кенет дем алмай отырған балалар дір етті. Мұғалім ағай үнсіз түрегеліп жатыр екен. Қолында бор. Сырт жағындағы жардың жартысын алып тұрған қара тақтаға бұрылды. Қара тақтаға ақ бормен балалардың алдында жатқан жаңағы әліппенің бірінші бетіне баттитып салған бірінші әріпті бұ да асықпай, ап-анық қып баттитып жазды. Сонан соң артына бұрылып, қыбырсыз отырған кішкентай балаларға ұзын мұрынның ұш жағына ілініп қалған мүйіз көзілдіріктің я астынан, я үстінен қарап тақтадағы тайдың тұяғындай әріпті көрсетіп, «балалар, бұл «а» деп түсіндірді. «А»...

Иә, жас төл сияқты жас бала да адам баласына нелер ықылым заманнан бермен қарай мекен болған осынау ұшы-қиыры жоқ жердің алақандай ғана бір бүршігін алғаш рет буыны қатпаған аяғымен апыл-тапыл басады. Осыдан былай қарай ол әлде қысқа, әлде ұзақ кешкен өмір-тіршілікте қара жерді талай-талай қарыштап басар. Шырқап биікке шығар, құлдырап ылдиға түсер. Лайсаң тірліктің ащысын да, тұщысын да татар. Бірақ соның бәрінде де өмір бойы естен кетпейтін бір ыстық сәт кісі жадында жатталып қалады. Ол тұңғыш рет қара жерді қаз-қаз басқан қадамың. Ол бүкіл алфавит кестесінде көшбасшы боп тұрған бірінші әріп. Мектеп есігін ашқан жас буын соңырағы күні өз ұрпағы кешетін алдағы ұзақ тірліктің пісмілласын осы «А» — дан бастаған. Соңыра баршамыз сұлулықтың сырын ұқсақ та, ғылым-білімнің түпсіз тереңіне бойлап барсақ та, еңбекке, ерлікке баулынсақ та, үлкенді сыйлап, кішіге қамқорлық қылсақ та, жек көруді, сүюді, күюді үйренсек те, әрбір дүниеге келген кісі тірліктегі таудай талабын осы «А» — дан бастаған. Сондықтан мына үндемес мұғалім де әрбір жаңа оқу жылын бастаған сайын «А» әрпін балаларға үйретерде бойындағы бүкіл бар жалыны мен жүрегіндегі жылылықты дірілдеп шыққан даусына салып, жан-тәнімен айтқан болар-ау!

Бұл ой менің басыма кейін келді. Ал, онымен алғаш кездескенде... жасыратыны жоқ, онша ұнатпадым. Мінезі тұйық. Томырық. Сауалыңа жөндеп жауап бермейді. Қатқыл үні, қысқа қайырып кесіп тастайтын бір-бір сөзімен діңкеңді құртып бітті.

Оны сөзге жетелеген әрекетімнен ештеңе шықпағасын, мен шағын ауылға өзіміз тұрған төбе басына көз тастап өтіп:

— Үйлерің жақсы екен, — деп едім.

Ол:

— Жаман үйді біздің маңдайымызға жазып қойып па? — деп дүңк етті.

— Етке өткізген торпақтардың салмағын төрт жүз килоға қалай жеткіздіңдер?

— Жеткізу керек болды — жеткіздік.

Іштей ыңғайсызданып қалдым. Біздің ауылдың Жасекен деген бір ақылды қариясы: «Жігітке сауал қоя білу де өнер» дейтін. Сірә, сауалым сәтсіз болды-ау деп ойладым. Әңгімеміз тұтанбай сөніп қала берді. Мына үндемейтін ұзын сарыдан көңілім қалып бітті. Кеткім келді. Қасымдағы серіктеріме қарап ем, Рузаев тәжірибе станциясының парторгы Грицай: «Шайболда! Эй, Шайболда!» деп дауыстады да, арбасы сықырлап тұсымыздан өтіп бара жатқан бір аласа сары қазақ жігітке қарай жүгіріп кетті. Ал, Грошев енжар, сұлық. Бар түрі бейне: «Іздеген кісіге ертіп әкелдім. Ендігісін өзің, біл» деген енжар кейіп танытты. Аз ғана күн бірге болғанда байқағаным: бұл өзі ішкі сарайына жан адамды маңайлап барғызбайтын аз сөзді, аузы ауыр кісі. Өзі басқаратын тәжірибе станциясының көл-көсір шаруашылығына тікелей қатысы болмаған нәрсенің бәр-бәріне құлақ қойып тыңдай қоймайды. Құлағын саған тосып тұрғанның өзінде оның ойы басқа жақта екенін аңғарасың. Егін орағы басталар алдындағы абыр-сабыр қимыл үстінде өтіп жататын әрбір күннің, әрбір сағат, минуттың өзіне тиесілі қауырт қамы, әзірлігі бар. Бүгінгі күннің шаруасын ертеңге қаратуға болмайды. Жан-жақтан көмекке жіберген машиналар, тракторлар, комбайндар әлден ағылып келе бастады. Алдын клуб жанындағы реквизит тұрған бөлмелерге орналастырды. Ертең және жиырма машина келмек. Оларға орынды қайдан табады? Парды бүгін қалай жыртты екен? «Уәлиханов» совхозымен шекарадағы көк төбенің күнгей баурайын тұтас алып жатқан тың жерді де жыртқызып тастау керек еді. Апырай, мына күннің түйілуін қарашы. Ауа райы бұзылып кетпесе қайтсін?.. Күз жақындаған сайын Көкшетаудың қысқа күнде қырық құбылып тұратын қиқар ауа райына сену қиын. Жаз ортасынан бері күндіз-түні көз аштырмай құйып, жұрттың зықын алып біткен жаңбыр жақын арада ғана басылған-ды. Сонан бері көк аспан таңмен таласа тұрған диқандардың тас төбесінде жарқырап тұратын. Көкжиектен күліп шыққан күн осыдан қашан қызарып барып батқанға дейін Сарыарқаның көңіл ашар қоңыр самалы елбіреп, баяу есіп, егін басын ырғалтып ақырын шайқап, ақ қылшық мұрттарды жыбырлатып судырлап тұрған.

Диқан жұрт көңілді еді: ауа райы осылай тұрса да, енді бір аз ғана күнде кісі бойы көк егін сабағы сарғайып пісіп қалар еді-ау деп көңіліне тоқ санап жүрген. Біз бағана осы бөлімшеге қарай бет түзеп келе жатқанда тамылжыған сары шуақтың кенет шырқы бұзылып кетті. Көкшетаудың қанша қарасақ да көз құмарын тойдырмайтын көгілдір өсем таулары мен теңгедей-теңгедей күміс көлдерінің үстінен баяу ғана соғып тұрған мап-майда ескек жел аяқ астынан есіріп, ызғар жиып ала қойғаны. Көк аспанда жоғары өрлеп барып қалқып тұрып қалған ұшпа ақ бұлттар әп-сәтте ұйқы-тұйқы боп, арқадан соққан ызғырық желдің қамшысы астында сапырылысып жөңкіп көшіп жатты. Әсіресе, көк төбенің күнгей баурайын өрлеп салған ақ үйлі поселкенің үстіне жақындап қалған осынау бір шудаланған сұр бұлттың бауыры салбырап, жерге сүйретіліп келе жатқан сияқтанады.

— Сөйлесіп болсаңыз, жүрелік, — деді директор.

Мен не дерімді білмедім. Қолымдағы бір сөз жазылмаған қойын дәптердің аппақ бетін жанымда тұрған кісілерге көрсетпеуге тырысып жеңім ішіне тығып ала қойдым. Үн-түнсіз машинаға отырғасын да кінәні өзімнен деп, ызалы күлкі сыртыма шауып тұрды. Атақты біреуді көрсе есі шығып, қалам-қарындашы жалақтап қоя беретін жазушы ағайындардың осы бір сұғанақ мінезі-ай! Өмір жыл сайын өзгеріп жатыр. Ұлы өзгерісті әне бір бала кезіңде май шаңдағын жалаң аяғыңмен бұрқылдатып шапқылаған қисық көшелердің екі бетінде жарбиып тұрған үйлердің орнына қазір күн сайын орнап қалып жатқан салтанатты сарайлардан ғана іздемеу керек. Ұлы өзгеріс тірлік тұтқасын қолына ұстап тұрған қазіргі жас ұрпақтың бойындағы бар-бар болмысы мен мінез-құлқына, сана-сезіміне әсерін тигізді. Тек тілші ағайындар ғана сонау әйгілі Стаханов дәуірінен бергі бойына сіңіп қалған қағидалы сауалын өзгерте алмай жүр. Ұшқыр самолеттер шығып аяқ ұзарғалы жаттанды сауалымызбен алыс ауылдағы атақты кісілердің де зықын алып, ығыр ғып біткенбіз.

«Жә» деп ойладым ішімнен. Хош иісі бұрқыраған гүл бағынан шырын жимақ боп әлдеқайдан ұшып келген бал арасы сияқты тілшілер де бір мазасыз жандар ғой. Аз уақыт ішінде әр гүлдің нәрін бір шымшып, жаны қызығып, ұшып-қонып жүреді де, тұрақтамай теп-тез тайып тұрады. Осы бір қас пен көздің арасындай азғантай уақытта ол шешек атқан әсем гүлдің қай қасиетін таныды? Сұлулықтың сырына жете алды ма? Қарлығаш тұмсығымен шымшып алған бір ғана тамшыдан теңіз суының тереңдігін білуге бола ма? Жаңағы Сарыадыр бөлімшесінің үндемейтін бастығының арғы жағында не жатқанын қайдан білдің?

Қарапайым еңбек кісісі көз ашқалы істеп келе жатқан үйреншікті ата кәсібін айтып беруге шорқақ. Әсіресе, үздік табысқа қолы қалай жеткенін сұрасаң, сасып қалады. Әрине, жан-тәнін аямай жұмыс істеді. Ерте тұрды. Кеш жатты. Сонан соң ше?.. Сонан соң...

Сонан соң демекші, соғыс біткен жылы Шығанақ Берсиевті Алматыға шақырып алыпты. Үкімет үйінде өткен арнаулы мәжіліске жиналған басшы кісілер озық тәжірибесін айтып беруін сұрағанда, сол арада атақты ақ тарының атасы айтқан әңгіме есіме түсті. «Балаларым, — депті диқан қария, — менде ел таңдағандай озық үлгі қайдан болсын?.. Еңбегіне қарай өнбегі деген. Көп болса менің басқа жұрттан еңбегім ғана артық болған шығар. Иә, мен күн сайын таң намазбен таласа оянам да, кетпенімді алып егін басына барам. Сары белден шыққан күн сәулесі астына дән алған басы ауырлап тұрған ақ тарыға көз салам. Егін даласындағы астыққа диқан дәл бір күнде ертеңгісін ұйқыдан оянған үбірлі-шүбірлі балаларына ас берер алдындағы анаша қамқор көңілден қарау керек. Астық та зер салып қарасақ, ас сұраған балаша шілде айының апшысы құрғап ыстықтағанда қарны ашып, әлде шөлдеп тұрғанын сездіре алады. Күнде ертеңгісін егін даласын аралап шыққаннан кейін мен де шөлдегеніне сусынын қандырып су берем, әлжуаз нашарына қорек болар азық берем. Ал, астықтың өз індеті бар. Жас балаларға әлімжеттік істеп, аузындағы асын тартып ішетін ол бір арамтамақ сойқан. Ертеңгі күні балақ мешеу боп қалмасын десең, рахымды мейірбан ата-ана әрқашан сол сойқанды көк егін арасында төбесі қылтиып көрінген күннен бастап отап жұлып тастай бер!» — депті Ойыл өңірінің атақты диқан бабасы.

Ал енді мынау жыр. Еңбек жыры. Кім біледі, ақ тарының атасы деп тап сол арада, қошеметтеп қол соғып қарсы алған дүйім жұрт алдына шыққанда өзін дәл бір қарт жырауша сезіп қанаттанып төгілтіп сөйлен кеткен болар! Көз ашқалы бел ауыртқан бейнеті мол диқан еңбегі бүгінгі күні бағы жанып, жұрт құмартып тыңдайтын қызық жырға айналғанын көріп, кәрі көңіл қанаттанып көкке жетті-ау.

ІІ

Көліктен түспегелі екі күн. Қазір де біз отырған машина кісі бойы егіннің арасымен ақырын жүріп келеді. Оң жағың да егін. Сол жағың да егін. Алдың да, артың да егін. Егін. Егін. Бүтін, әсіресе, суық ызғары анық сезіле бастаған ызғырық қатты жел астында қиыр шеті түу-түу көз жетпейтін көкжиекке қарай құлдилап асып кеткен осынау ұшы-қиыры жоқ мол егін дәл қазір ауыр бойымен тұтас теңселіп, дауылды күнгі теңіз бетіндей толқып, суылдап жатты.

Екі күннен бері қанша араласақ та бас-аяғына бір шыға алмай қойған атақты Рузаев ауданының көлемінде шек жоқ екен. Осы аудан өткен жылы мемлекетке он миллион пұт астық тапсырған. Ал, тіпті, әнебір астық мол шыққан жылы жиырма бес миллион пұт тапсырған көрінеді. Менімен қатар отырған аудандық партия комитетінің бірінші секретары Мәулет Каримов қанша ұстамды жігіт болғанмен де жол жиегінде жарланып тұрған бойшаң бітік бидайдың жұп-жуан сабақтарына қызыға қарап алады да, оқтын-оқтын балаша мәз боп кетіп, «торғай басындай емес пе, ә!» деп қояды. Сол кезде мен де көз алмай қарап отырған бидайдан Каримов айтқан әлгі ұқсастықты іздеймін. Қауызын жарып шығатындай бадана дәні бадырайған осынау бидайлардың күн қағып қоңырқай тартқан жұп-жұмыр сабақтары қайта қарағанымда, шынында та басына үйме-жүйме боп шүпірлеп қонған торғайларға ұқсады. Ойым осыған орныға бергенде, Каримов тағы бір тосын теңеу тауып: «Кірпіштей екен» деді. Мен бұған түсіне қоймадым. Соны сезгендей Каримов машинадан түсті. Машина бүйірлеп кеп тоқтаған жол жиегінде жарланып тұрған бидайдың бір талын ұстады. Үзіп алуға көзі қимағандай алақанында жатқан зіп-зілдей бидай басын маған қарай иіп, анықтап қарашы дегендей ишара білдірді. Дәні әрі ірі, әрі қорғасындай ауыр. Қасынан қарағанымда мына бидайдың басы аумаған кірпіш сияқтанып, төрт бұрышы текшеленіп тұр екен. Иә, кірпіш десе дегендей. Мұнан басқа теңеудің бұған дәл келуі мүмкін емес. Бидай басын сауылдатып үгіп алақаныңа салғаныңда баданадай дәндердің қорғасын салмағын бүкіл денеңмен түп-түгел сезгендейсің. Қазір қауызы сарғайып тұрған мынау мол егінге ыстық ашық күн ғана керек. Сол кезде жаз басынан бермен қарай бабына келтіріп әзірлеп қойған комбайндарды салып жіберуге әбден болады.

— Гектарынан жиырма центнерден кем алмаймыз, — деді Каримов. «Солай емес пе?» деген кескінде жанында тұрған Грошевқа көз қиығын тастап еді: тәжірибе станциясының директоры қостаған да, қарсы да болған жоқ. Жел астында суылдап толқып жатқан бидай алқабынан көзін алмай ойлана қарап тұрған қалпы күн қаққан қараторы бетіне ғана күлкі тепсінді.

Жазатайым жолы түсіп кеп осы өлкені аралаған кісінің назары бірден бидайға түседі. Арасына бір тал арам шөп жолатпай, дәндері тырсиып алған осынау ұшан-теңіз астықта қисап жоқ. Қай жағыңа бұрылып қарасаң да айнала дүниенің бәрі дариядай толқыған астық. Соны көргенде сіз алғаш рет қара жерге қылтиып шыққан балапан қалпынан бастап, сирағы серейіп кісі бойындай болғанға дейін жас балаша мәпелеп өсірген диқан адам да қаншама қажымас қайрат, мұқалмас күш, жасымас жігер керек екеніне көзіңіз әбден жетеді. Күн тиген жоны сарғайып торғай бастанып қалған әр масағын уқалап жіберсеңіз, анау-мынау емес, алтын дән алақаныңды толтырып, сауылдап төгіліп кеткелі тұрған бидайға сүйсінесің. Мұнша байлықты қара жерге қолдан егіп шығарған кісілерді көрмей-білмей-ақ сіз олардың адамшылығына, ақыл-парасатына, бай тәжірибесіне, байсалды мінезіне қанығып болғандайсыз. Көз алдыңыздағы осынау ырысты, әсем алқап, ал көне, айтыңызшы, шебер суреткер қолынан сәтті сағатта шабыт үстінде жұтынып шыққан көркем шығармадан несі кем? Қандай міні, қапысы бар? Тұла бойы дәнге толы бидай жел астында ақырын ырғалғанда, бейне шолпылы жас сұлуша белі бұралып сыбдырлап кетпей ме? Сол кезде бас алған, пісіп толысқан бидай затының тұла бойында да өз өнерінің бүге-шігесіне дейін түгел меңгерген саңлақ суреткерлерде ғана болатын айрықша ыждағат пен асқан шеберліктің ерекше үлгісі анық көрінбей ме?

Әр дәуірдің атақты суреткерлері адам назарын табиғат бойында тұнып тұрған ғажайып сұлулықтарға аударғысы келгенде, әр кез шебер қолындағы қылқалам таңы жарқылдаған ақ балтыр қайыңды таңдай бермеген ғой. Не әлде нарттай жанған дала гүлдері мен аспандағы сызылған ай нұрына ғана сұқтанбаған. Әр дәуірде жасаған ұлы суреткерлер әлдеқандай алыста қарауытқан орманның ық бетінде, жаз бен күз аралығындағы дәурені қысқа сары шуақта дән толы басын бауырына алып, орақ маусымын күтіп, мүлгіп қалған ақ бидайды дірілдеген нәзік сезіммен суреттеген.

Иә, қара жерге дән өсірген диқан баба бейнеті мен сұлулық жолында сарылып ізденген суреткер азабының арасында ежелден бері бірін-бірі тереңнен табыстырып, бауырластырып тұрған туыстық бар. Біз қазір егін даласындағы астықтың қисапсыз молдығына ғана таң қалып тұрған жоқпыз. Осыншалық ұсынақтылықпен арасына арам шөп жолатпай, індетке шалдықтырып алмай, түсімі мол тап-таза бидайды тамаша өсірген шеберліктеріне қайран қалып тұрмыз.

Әнебір күні осы жолға шықпақ болып әзірленіп жүргенде ойыма өзім туып-өскен Арал маңы әлсін-әлі түсе берген-ді. Қазір де Каримов жанында ұшы-қиыры жоқ кең далаға қақалып шыққан мына ақ қобаң бидайға қызыға қарап тұрып та, көңіл шіркін еркіме көнбей құба сұр Құланды түбегіне алып кете береді. Осы түбекті ертеректе құландар өріс қылған деседі. Ол кезде қандай болғанын кім білсін, қазір жер тістеп қалған таспа боз сұр жусаннан басқа тіске тиер шөбі жоқ тақтайдай жап-жазық дала. Түгі қырқылған көн тулақ тәрізденіп тандыры кепкен жер бәз бір уақытта жолаушының жалғыз атына су бермей без бүйректеніп безеріп тұратынын айт. Көк теңізге белуарлап кіріп тұрған сол түбекті мекендейтін балықшы қазақтар жеті атасынан бермен қарай кіндік қандары тамған сұр топыраққа дән шашып, егін егіп көрген емес. Соған қарамастан сол жерде тұратын жандардың қара нанды қалай қастерлейтінін көрсеңіз еді! Әр түйір дәнді дәл бір тас пен топырақ арасынан сіркедей алтын іздеп тапқан адамдарша жыл сайын қара жерге қолдан егін шығарып жатқан диқандардың өзінен бетер құрметтейді. Біздің ата-бабаларымыз дін жолын қатты тұтынған қараңғы кездің өзінде нанды Құраннан да артық ғибрат еткен. «Биікте тұрған Құранды алуға бойың жетпесе нанға шығып алуға болмайды. Ал егер, сол биікте нан тұрса, Құранға шығып алуға әбден ләзім», — деген ел ішінде көне заманнан келе жатқан өсиет бар. Кәрі атаның аузынан өз құлағымызбен талай есіткен осы өсиетті әуел баста менің Арал өңіріндегі нан қадірі өткен жерлестерім ғана ойлап шығарғанына кәміл сенем.

Қазір, шүкір, астыққа мұқтаждықтан Арал да құтылды. Алайда, нанға деген ынтызар, ыстық көңіл әлі суынған жоқ. Қарт кісілер ас соңынан кейін жиып алған дастарханның орнында қалған нан қиқымын көрсе, тұла бойы түршігіп кетеді.

Өз атымен атауға аузы бармағандай әр кез ілтипатпен иіліп: «Қап, мына жарықтықтың аяқ астында қалғанын қарашы», — деп қынжылады да, өмір бақи ескек тартқан ебедейсіз саусақтарымен нан қиқымын жерден сипан алады. Аузына салғанда да әлдебір діндар, тақуа кісіше: «Пісімілла» деп, бөлекше бір сезіммен шын көңілден істейді.

Нанға деген осынша ілтипат сыры неде? Не әлде ала-бөле Арал өңірі сияқты нан зарын қатты тартқан халыққа ғана тән қасиет пе деп ойладым. Қалай да нанның қадірі мен қасиетін адам бойындағы бар ұлы жүрекпен сезіп, пір тұтатын, аруақша аспанға көтеріп жүретін Арал өңіріндегі елде жақсы дәстүр бар.

Осы күндері атақты Сарыарқа жақта, ағыл-тегіл астықты алқапты аралап жүріп, көңіл шіркін қайта-қайта өзім туып-өскен, суы да, шөбі де тапшы жап-жалаңаш өлкеге жалтақтап, жадымнан бір сәт шықпай қойған себебін түсінем. Иә, астық екпейтін кісілер өзінің қолында жоқ нанға түу-түу жер түбінен бермен қарай зәру, қат боп, қадірін арғы заманнан бері айрықша қатты бағалаған. Арал өңірінің ақындары сұлу қыз ажарын аспандағы ай нұрынан іздемей, диқан атаның күс-күс қолымен қара жерге егіп шығарған ақ бидайға теңеген. «Ақ, бидай бүгін айтар әннің аты» деп жастары жырға қосуы да тегін емес. Ал, бұл күндері ескек-таяуды ержеткен балаларына беріп, от басында демалып жатқан балықшы қариялардың ас ішер кезде алдына жайған дастархан үстіндегі көп тағамның ішінен әр кез әуелі нанға қолын бұрын созып «жарықтық» деп жеке-дара қастерлеуі, жасыратыны жоқ, сол ақ сақалды, ақ шашты аталардың бауырында өскен біздердің қанымызға сіңіп, құлағымызға құйылып қалып-ты. Иә, бір шаңырақ бас қосқан біздің барша халық қара жерден диқан ата ащы терін тамшылатып ауыр азаппен өндіріп жатқан әр дәнді әлгіндей қадір тұтып қастерлегенде ғана ел ризығы еселей түспекші. Жылма-жыл мол астық беріп отырған жердің келешегі тікелей диқаншылық мәдениетіне байланысты. Жер адам баласының бүгіні ғана емес, ойлап қарар болсақ, өзіңнен кейінгі жас ұрпақтың да жарқын келешегі соңыра осы жер бетінде гүлдемекші. Біз бүгін астық, нан өндірген жерге ертеңгі ұрпақ егін өсіреді. Тіпті, сіз бен біздің соңырағы күні тірлік жолымызды тауысып, қоштасып кетіп бара жатып, артымызда ізімізді басып келе жатқан балаларымыз — осы дүниенің ендігі иесіне жиған-терген байлығымызбен бірге мирас қып қалдыратын ең қасиетті, киелі жиһазымыз осы, мына қара жер. Сондықтан да, баршамыз әлі де нелер ғасыр бойына адам баласы ұзақ-ұзақ өмір сүріп, егін егетін, қала салатын, ұрпақ өсіретін Жер-Ананы жан-тәнімізбен сүйіп, көздің қарашығындай қадірлейік!

1970 ж.





Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)