Ол бір түс қой...

Ақ қаланың күн жақ бетінде бұйығып отырып, Берғали ойға шомды...

Күн жалтыр. Күн жақ беткей күн көзімен жіпсіп, еріп жатыр. Көлеңке жақ қатпай қатқан ызғар. Жел екпіні ызғарлы, тұла бойыңды қуалай соғып, денеңді түршіктіріп жібереді. Қыс батқан арық малдар төрт аяғын бауырына алып, күнгей бетте бүрсиіп, шуақтап тұр. Анда-санда күйсейін десе де, көзінен сорасы ағып, қалжыраған соң көзін жұмып мүлгуге айналады...

Етігінің басы қайқайып, қысқа тоны қаудырап, қарына шелекті іліп Диқанбай шықты. Шуақтағы сиырларды суатқа айдамақшы болып еді, бұйығып шыға қоймай, тұрған жерінің қарын шиырлай берді. "Иттің малы!" деп мұқыл мүйіз тарғыл сиырды Диқанбай шелекпен сілтеп өтті. Шелек салдыр етті. Шошып кеткендей болып, Берекең басын көтерді. Сеңсең тымағының көзіне түскен жалбасын қолымен кейін итеріп қойды. Көзін Диқанбайға қадады. Шапыраштандырып, атып жібергендей болып қараса да, Диқанбай елең қылған жоқ. Шапыраштанған көзден сескенетін Диқанбай емес. Шынында шапыраштанған көзді сезген де жоқ. Берғали солай қарадым ғой деп ойлағанмен, Диқанбайша ол бір кәрі біткен, отсыз жыпылықтаған көз еді.

— Әй, құдай-ау, көрсеттің-ау! Не жазығым бар еді?! Біттім ғой, сөндім ғой!— деп, Берғалидың көзінен бүртік жасы ытқып шығып, қою қара сақалының тал-талының бойын қуалап аға берді...

* * *

...Онда да осы кез ғой. Күнгей беттер жіпсіп, еріп жатқан. Шөп көп. Мал күйлі, біреуі екеу болып төлдеп, есік алды ыңырсыған төл. Берекең соның шулаған даусына еріп, бұйығып отырып, ата бағына, арылмаған ырысына көз жіберіп, өзінен-өзі тасады... Бақ-дәулетті берген "құдайына" мың шүкіршілік қылады..."

Албар жақта ма, төл ішінде ме, "алған ақысын көтере алмаған сорлы құлдың біреуі "иттің малы",— деп дәттеп жатыр.

— Уа, о кім өзі?

— Ұлтарақ!

— Ә, оңбаған құл!— деп Берекең орнынан қалай тұрғанын да білмей, Ұлтарақтың жанына жетіп-ақ келгені. Көзі жаутаңдап, иығы салбырап, пішіні кетіп Ұлтарақ тұр еді. Бөксесін баса алмай қиралаңдап бір қара қозы жатыр. Берекеңнің сұрауын да күтпей, Ұлтарақ:

— "Ат, құла ат..." деп бірдеме айтайын деп еді, Берғали оны тыңдаған да жоқ, есіткен де жоқ сұстанып келген күйі жұмарлап жонған без таяқпен Ұлтарақты бастан салып өтті. Ұлтарақ қалпақтай түсті.

Ентігіп барып Берғали есік алдында тұрғанда, бір шаналы сыр етіп жетіп келгендей болды. Екі қара атты қатарлап жеккен, абройының бәрі жарқылдаған полыской, құндыз ішікке оранып шалқайып біреу жатыр. Делбесін ұстаған жігіт қарғып түсе қалып, ішіктің аяғын ораған қымтауын ашты. Ішіктің ішінен, тамшыда қатқан сүмбідей болып мұрты сорайып, Төрттөбе елінің болысы Оспан шықты.

— Есен-сау қайттыңдар ма?

— Шүкір!

— Қалаңда не хабар бар?

— Патша тағынан түсіпті деген еміс-еміс хабар бар. Рас-өтірігін білмедім...

Патша тағынан түссе қалай болады? Бұл жақсылық па, жамандық па? Бұл жағын Берғали ойлай қойған жоқ. Күнде естіп жүрген хабарының ішіндегі бір жаңасы екен деп ішінен ойлады да қойды...

Оспан болыстың алды-артына жастықты үйіп, шынтақтап жазып әңгімеге кіріп отырғанда, семіз қаздай ырғала басып бәйбішесі келді. Сызылып қана сөйледі:

— Әлгі Ұлтарақ иттің ұстамалы науқасы бар ма қалай, аузы көпіріп ессіз болып жатқан көрінеді... Өліп қалып жүрер, үйіне апарып тастаса қайтеді?— деді.

Берғалидың ойында жоқ жерден бір қайғының ұшы көрінген секілді болды. Аузы көпіріп, көзі жұмылып, маңдайынан ыстық қаны бұрқылдап ағып жатқан Ұлтарақ тап сол сағатта көз алдында тұрғандай болды. Денесі әлденеге түршіккендей болды. Бәйбішесіне көзін төңкере қарап:

— Қарасын батыр, жөнелт!— деді...

* * *

Соған биыл тап он жылдан асып отыр екен. Көп өмір ғой, сол жылы туған Ыбраштың баласы, Берекеңнің немересі, биыл аттай 11 жасқа қарап барады. Тықылдап сөйлеп, адам болып қалған. Тілін қызық көріп, бір-екі жылдан бері сабаққа беріп жүр еді, бай баласы деп биыл мектептен шығарып тастады. Сүтке тиген күшіктей болды деген не сұмдық!..

Нелер көрмеді, нелер күндер өтпеді... Берекең бәріне де көндігіп еді, жүре-жүре сойқанға-сойқан ұласты: налок аз келіп жүргендей-ақ, қайырма налок дегенді шығарды, оны да төледі... одан бір сәрі екен, әлдеқашан есігінде бір жыл тұрып кеткен Қуандық деген малайы "еңбекақымды бермей қуып шығарды" деп сотқа арыз беріп, келістіріп бір шапты. Мұндай іші күймес! Байдың көзінен бүртіктеген жас шықты, бәйбіше күлін сабалап:

— Біздей болыңдар!— деп қарғады.

Кемеліне келіп тұрғанда "Біздей бол!"— деп малайын қарғаған байды көрген жан жоқ шығар. Кезі келгенде байлықтың қарғысы оңына айналып кететін де реті болғаны ғой!..

Қуандықтан құтылып, демін бір алып отырғанда, газет деген бердемесі шығып жүр ғой, соған біреуі "Ұлтарақты Берғали бай ұрып өлтірген!" деп жазып қойыпты. Жазса жаза берсін-ау, көп аузына елек қоятын біз бе деп көңіл жұбатқанша болмай, мылтығы шошайған бір милиция келіп, Ыбрашты "аристауын" қылып алып та кетті... Милиция десе, Берекең ішіп отырған тамағын жерге қояды. Қорыққандығы сондай, жалғыз баласын айдап бара жатқанда, далаға шығып қоштаса да алмай қалды...

Берғали ауыр күрсінді. Көз жанары толған жас. Сақалы, мұрты сауыс-сауыс болып қатқан мұз. Көңіл жарым. Жүрек қобалжуы, шаттық емес, қайғыны, қан жылаған қара күнді күтеді. Басын көтеріп, алдында көрінген аңғарға көз салды. Аңғардың биік қыранында жыбырлаған жиі шоқылар көрінеді. Бұл Берғалидің ата-бабасының моласы — тамдары. Оған таяу құлағы қақиған жел диірмен тұр. Сонау тұрған баурайда баяғы дүниенің түзу кезінде, қара құрымдай болып жиырып, тебіндеп Берғалидың жылқысы жатушы еді. Түс кезінде, кешкі әлетте құрығын сүйретіп жылқышы келіп, "бүгін пәлен айғырдың үйіріндегі пәлен бие құлындады!" деп байды хабарландырып барып атынан түсуші еді...

Берғали ауыр күрсінді...

— Ол бір түс екен ғой!.. Сол түсті бұзған кім екен?

Оспан болыс патшаның түскенін қопа қардай жыр қылып отырғанда, мен тыңдамап едім. Патша түскенмен бағыма қол сұғатын адам болмас деп ойлап едім... Қате екен. Менің мойныма нәлет қамыты биыл емес, бұдан тап он жыл бұрын, нақ бүгінгі күн ілінген екен!.. Менің бағым патшаның тағымен бірге құлаған екен. Жаңа білдім... білдім... Ол бір түс қой!..деді.

Шулаған төл ме екен деп еді, сарнаған бәйбіше екен. Екі бетін қолымен осып, шашы жалбырап, дауыс қылып келе жатыр.

— Біттік! Біттік!..—деді.

— Уа, не болды?

— Ыбрашжанды он жылға Сібір айдайтын болыпты,— дейді...

Берғали отырған күйі мелшиіп қатты да қалды. Шулаған төл ме, жылаған бәйбіше ме, әлде қайыру бермеген сиырларды шелекпен ұрған Диқанбай ма, әйтеуір ың-жың болған дауыс құлағына үздіксіз келіп тұрған сияқты болды. Одан басқасын айыра алмады... Жалғыз-ақ аспандағы күнді айырып білді. Күн күлімдейді, нұрын төгіп, қылжиып жатқан Берғалидың сақал-мұртындағы сауыстанған мұзды жібітуге асығып жатқан секілді...





Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)