Өлеңдер бөлімі

Мейірімсіздер

— Ол кісі кім еді?— деп сұрағанымызда бір қарт шешей:

— Ол кісі оқыған қыз Түнсұлудың туған шешесі, оның көрген күнін адам баласының басына бермесін, қалқам,— деп күрсініп қоя берді.

Ең алдымен оқушыға біз айтып отырған ол кісі кім еді, соны таныстырып өтейік. Ол қарт ана — Әнипа. Бұрынғы кезде Тасқалада тұрған еді. Жұбайы қайтыс болғаннан кейін өзінің жас қызын әлі келгенше әлпештеп өсірді. Бой жеткізді. Ол қыз институт бітірді. Содан аспирантурада оқып ғылым кандидаты болды. Содан соң үйленді, үйлі-баранды, балалы болды.

— Е, бауы мықты болсын!

— Ері майданға жүріп кетті.

— Е, аман барып, сау қайтсын!

Түнсұлу бір күні орта жастан асып кеткен шешесіне:

— Мен қызметті Алмалық қаласында істегім келеді,— дегенді айтты. Шешесі оған қарсылық көрсеткен жоқ. Адам боламын, адал боламын деп тұрса, баласына шешесінің риза болмайтын жайы бар ма, ақ батасын беpiп, ақ тілеу айтты. «Үлкен ғылыми адам бол» деді. Ал нәресте нағашы шешесі Әнипаның қолында қала берді. Нағашы шеше Әнипа оған бұрынғы уақыттағыдай «жиен ел болмайды» деп қараған жоқ, қызын қалай мәпелесе, жиенін де ақ сүтін беріп асырап өсірді. Мектеп жасына жеткізді. Тәрбиеледі. Сонымен Түнсұлу Алмалық қаласына келіп, кызмет істей бастады. Пәтер деген бар болғыр қашан есігін ашып тастаушы еді, әзірше ол қонақ үйде тұрып жатты.

Нақ сол бір кезде қонақ үйде бір бойдақ жігіт те көрінгенге көз сүзіп тұрып жатушы еді. Бойдақ болғанда кәдімгі үйленбеген бозбала бойдақ емес, сақал-мұртының орны өрттей шалған ормандай бойдақ. Оның «өнері» жалғыз бойдақтығында ғана емес — музыкадан, драмадан, аудармадан хабары бар, иіс майы бұрқылдап тұрған, қарнын тарта алмай құрқұрлап тұрған бойдақ екен. Қысқасы, әдебиеттен де, өнерден де ол құр алақан емес. Қып-қызыл ақша тапқыш бойдақ болды. Бойдақтың ел қатарлы аты-жөні де бар Арзантай еді. Қоп ұзамай оның Түнсұлумен қосылған тойы да болып қалды. Тасқаладан келген Түнсұлу биімен, анау ақшалы күйімен бірін-бірі ұнатыпты десті тойға келген көпшілік.

— Апыр-ай, бұрынғы әйеліне опа қылмаған мына жігітке Түнсұлу қалай кез болды, бұған опа шектірер ме екен?— десті біреулер. «Апама жездем сай», Түнсұлу да қара жаяу емес десті екінші біреулер. Қысқасы «қуға қу қызыл іңірде кез боладының» кері келіпті. Тағы бір күні Түнсұлудың шешесі қолына келіпті деген сөз естілді қалаға.

— Е, жақсы болған, екен,— десті жұрт.

— Е, жақсы болса жарар еді,—десті тағы біреулер әлде не аңғартып.

— Арзантай пайдасыз жерге аяқ баспаушы еді ғой деді театр төңірегіндегілер.

— Түнсұлу да «сауда сақал сипағанша» дейтін жерде өскен,— десті білетіндер.

Сөйтіп нағашы шешесі мен жиені Арзантайдың қолында тұрып жатты.

Арада біраз күн өткен соң-ақ қарт ананың жүрген-тұрғаны екі жақтан қосылған қос мәдениеттіге өрескел көрінді де тұрды. Аяғын басқан сайын күйеу баласы да, қызы да зекіп қалып, тыржиып қалып отыратынды шығарды. Бара-бара біреуі анам еді, біреуі енем еді деп ойламай-ақ кезек-кезек ұрғылап, жұдырығының қышуларын қандырып алатын да болды. Ананың бұрынғы Тасқаладағы күні көзінен бұлбұл болып ұшты. «Туғаннан сала ма, тұтқаннан сала ма» деген осы екен. Туғаны — қызы тұтқаны күйеу баласы. Апама жездем сай, одан салсаң, бұдан шық екеуі ұрсып қалса, екеуінің де өш алатын жері Әнипа шешей болды. Түйілсе жұдырық, сөйлесе тіл бәрі Әнипаға арналды. Көрген көзде жазық бар ма, өткен жылы Арзантай сырттан үйіне ашулана кіргенде жазықсыз ана жолда тұрып қалған екен, пеш алдында жатқан көсеуді ала салып беріп жіберіп еді, қарт ананың қолы сынып қалды.

Мейірімді ананың қашан да ойлайтыны бала ғой, қызының көңілін қимай, бұл туралы ешкімге тіс жарып үндемеді, жасырып-жауып қоя салды. Келесі күнгі кезекті ұрысты қызы бастағанда, түн ұйқысын төрт бөліп, ақ сүтін беріп әлдилеп өсірген ана, осылай асырап едім-ау деп міндетсінбей-ақ жай ғана: «Шырағым-ай, өлерімнің шағында жанымды әбден қинадыңдар-ау!» дей беріп еді. Түнсұлу оған баж ете түсті:

— Өлмесең ома қап, асарыңды асадың, жасарыңды жасадың, енді саған тірі жүріп не керек, босат үйді!— дегенді шімірікпестен айтып салды. Есептін жайы да белгілі болды. Олардың соқыр жобасы бойынша көптен қарт ананың қолында болып, соған бауыр басқан баланы аз уақыт қолға үйретіп алған соң, шешені қуып шығу еді.

Әдебиет мекемелерінің арасын жол қылып, бір жазғанын екі сатып үйренген сұғанақ сонымен енесін үйден қуып шықты деп естілді, бір күні қалаға.

— Қой, жала шығар,— десті біреулер.

— Айтқан жалақ болсын!—десті көргендер. Қайда барарын білмеген қарт ана бір бұрыш жалдап алып бөлек пәтерге тұрды.

Қыз бен күйеу қарыс жерде отырып айына берер он сомды почтамен жіберді. Әйтеуір «бермеді» деген айыптан аулақ болғысы келді. Бұл «жәрдемді» пәтер ақыға ма, киімге ме, тамаққа ма, қай жағына жеткізерін білмей, қарт ана дал болды. Қарт ана сонымен қаңғып көшеде жүр. Ал айтқандай Әнипа шешейдің баяғы жиені қайда? Думан-тойдың ортасында. Қандай думан дейсіз бе? Кәдімгі күнде түнді ортайтып барып тарайтын ішкіштер думанында. Баласына өз шешесі оңай қызмет тапты. Он үш жасар бала күнде арақ тасиды. Шөлмектің түбін сарқып ішеді. Тарс ашылар, көпіріп басылар шампан шарабы соның қолымда, темекі соның қалтасында. Әйтеуір оны да «тәуір жолға» бастағанын көріп отырған шығарсыздар. Баланын денсаулығы да нашарлады, оқуға баруға да арақ тасудан қол тимей қалады. Шоқпақ бас, айыр құйрық екілік цифрға күнделігі де толып бітті.

Анаға, туған анаға, қарт анаға қол жұмсап, үйден қуып шыққан қыз бен күйеу күнде думан, күнде той Алмалықта жүріп жатыр. Ақ сүтін берген анаға осылай қарағандарға «басына келмесін!» демеске не шара! Туған шешесіне жақсылық жасамаған адамнан қандай үміт күтуге болады?

Төреші өзіңіз болыңыз, оқушы. Әнипа шешей өзінің кәрілік өмірі осылай болады деп ойлап па еді?! Мейірімсіздік демей мұны не дерсін. Басына келсін!

1952


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Загрузка...