Өлең-жыр байқауы

Жалғас

Жайлаудағы жайлы тыныштыққа көк жүзінен көз тіккен күміс күн күлім қағып, жер бетіне шуағын молынан шашып тұр. Көктеммен ілесе келген сарыала қаздар қаңқылдап ұшып барады.

Жалғас атасынан қалмай, су алуға ере келген. Майлыбай ақсақал сарқырап ағып жатқан бұлақ басына тақап келіп:

— Бұл — қасиетті тұма. Суы қақаған қыста жып-жылы боп жатады да, осындай аптап ыстықта сұп-суық боп тұрады. Қасиетін осыдан-ақ біле бер. — деді немересіне көз қырын салып, — «Бисимилләні» айтып, беті-қолыңды жуып ал! Ішсең де болады. Дертке дауа, ауруға шипа болады деседі білетін жұрт. Арлы-берлі өткен жолаушылар бұнда соқпай кетпейді.

Атасы шелегіне су толтырып алып, қайтуға ыңғайлана бастады. Жалғас қос алақанымен су алып жайлап ұрттап көрді де, беті-қолын жуды. Расында да тап-тастай екен.

— Ата, ана талға неге шүберек байлап тастаған? — деді Жалғас жотадағы жапырақ жая бастаған жалғыз ағашқа көз қадап.

— Ол киелі ағаш. Бұны ақтық байлау дейді. Адамға ұзақ өмір сыйлайды, басына бақ қондырады, пәле-жаладан сақтайды деген ырым ғой.

— Жансыз ағаш адамға қалай жақсылық жасайды?

— Кез-келген нәрсенің жаны, жүрегі болады. Керек десең, ағаш пен судың да бойында жан, кеудесінде жүрек бар, олар тіпті сөйлейді де.

— Тілдері жоқ қой, қалай сөйлейді?

— Сөйлейді, жаным! Сөйлегенде қандай! Сен оны ұға алмайсың!

— Ата, сізді қасқыр мен жыланның тілін біледі дейді ғой!

— Кім айтты?

— Ауыл адамдары. Сенің атаң әулие ғой дейді... Қасқыр шауып, жылан шақпас үшін малдарына арнайы тұмар тағады дейді, рас па?

— Мен шыр етіп жарық жалғанға келгеннен бері табиғат аясында ғұмыр кешіп келемін. Осынау Жыланды өлкесінің топырағын басып, тау-тасын кезіп жүрмін. Бәріміздің де түп тамырымыз табиғатқа байланған!

— Неге бұл жерді Жыланды деп атайды?

— Жыланның ордасы бар. Кезінде жылан патшалығы болған деседі.

— Қорықпайсыздар ма?

— Несіне қорқамыз?! Жыландардың өз тіршілігі, біздің өз өміріміз бар. Олар жайдан-жай тиіспейді. Егер өзің соқтықсаң, кегін алмай қоймайды. Сондықтан жылан көрсең, аулақ жүр. Ордалы жыландар тіпті кекшіл келеді.

— Ата, сізді жыланның тілін байлап тастайды дейді ғой!

— Оны кім айтып жүр тағы?

— Балалар...

Киіз үйге тақай бергенде алдарынан әжесі шықты. Жалғас жүгіріп келіп құшақтай алды. Сапаркүл апа да немересін бауырына басып, емірене иіскеді де, ағаш жаңқаларына от тамызып, сары самаурынның көмекейіне біртіндеп тоғыта бастады. Көк түтін көлбең қағып, будақтай жөнелді.

Жалғас киіз үйдің ішіне кірді. Атасы төр жақтағы құрақ көрпенің үстіне жайғасып жатыр. Әжесі дастархан жайып, шай мәзірін әзірледі. Жалғас жаңа піскен бауырсаққа балқаймақты қосып соғып алды да, бір кесе сүтті сіміріп салып, астынан су шыққандай тез тұрып кетті. Атасы:

— Әй, мына ыстықта қайда барасың? — деп дауыс көтере беріп еді. Әжесі:

— Барсын! Ойын баласы ғой! — деп тыйып тастады.

Күн шыжып тұр. Жер жүзі көктеп-көгеріп, көздің жауын алардай құлпыра түскен. Көбелектер мен инеліктер ұшып-қонып жүр. Маңайды көзімен бір шолып шықты да, көлбей ұшып бара жатқан көк көбелектің соңынан тұра ұмтылды. Қанша қуса да, ұстай алмады. Жеткізер емес, ентігіп, алқынып-ақ қалды. Бойы жіпсіп, маңдайынан тер шықты. Демін басып алмаққа аялдағаны сол еді, көбелектен көз жазып қалды. Жан-жағына жалтаңдай қарап аз-кем тұрды да, көзіне ештеңе көрінбеген соң, суға шомылуды ойлап, өзен жаққа қарай аяңдады. Жағалауға жете бере қызыл гүлдің үстінде шоқиып отырған ірілеу шегірткеге көзі түсті. Тақап келді де, ұстамақ болып қолын соза беріп еді, шегіртке шыр етіп ұшып кетті де, анадай жерге барып қайтадан қонды. Жалғас бір-екі қадам аттай бере ши арасында жатқан сопақша ақ жұмыртқаларға көзі түсіп, кілт тоқтай қалды. Таңырқай қарады да, біреуін жайлап қолына алды. Ып-ыстық. Ақырын шайқап көрді. Ішінде бірдеңе бар сияқты. Біртүрлі дыбыс шығады. Қызығушылығы артып, не екенін көргісі-ақ келді. Көп ойланып жатпады, қолындағысын қалған жұмыртқалардың үстіне салмақпен тастай салды. Бырт еткен дыбыс шықты да, жылымық бірдеңе бетіне шашырап кетті. Қараса, екі-үшеуі бірдей жарылыпты, біреуінің ішінен қызылқұрт сияқты бірдеңе шығып келе жатыр. Жерден тас ала салды да, бар күшімен лақтырып кеп жіберді. Жұмыртқалар быт-шыт болды. Қызық көріп, тағы да бір-екі мәрте тас атты. Ұяның тас талқаны шықты. Кенет анадай жерде жалпақ басын қақшитып алып ирелеңдеп келе жатқан білектей қара шұбар жыланды байқап қалды. Тұла бойы түршігіп, төбе құйқасы шымырлап қоя берді. Жалма жан үйге қарай жүгіре жөнелді. Аяғы аяғына тимей, зымырап келеді. Әжептәуір ұзап кетіпті, жете алсайшы. Қорыққанынан жылап та жіберді, екі көзден жас парлап келеді. Дауысы қаттырақ шығып кетсе керек, бір пәлеге ұшырағанын сезіп, атасы мен әжесі үйден қатар шықты. Жалғас ентігіп жеткен бойда атасының құшағына ене берді. Өне бойы қалшылдап, қол-аяғы дір-дір етеді.

— Не болды, жаным? — деді атасы сұраулы жүзбен. — Неден қорықтың?

— Жылан... жылан... — деді Жалғас арт жағына жалтақтап.

Майлыбай ақсақал немересінің бірдеңені бүлдіргенін бірден білді. Қабағы түсіп, түрі бұзылып кетті. Жан-жағына жалтақтай қарады да, не істерін білмей абдырап қалған кемпіріне:

— Мына байқұс балаға ие бол! Ешқандай артық қимылға бармаңдар! — деді де, қарсы қарап қаздиып тұра берді.

Жалғас көп ештеңе түсіне қоймаса да, бір сұмдықтың боларын іші сезді. Бағанағы өзі көрген жыланның атасына жақындап келіп, жалпақ басын қақшитып тұра қалғанын көріп, зәресі зәр түбіне жетті. Екеуінің арасы бір-екі-ақ қадам. Бір-біріне қарсы қарап, қимыл-қозғалыссыз қатты да қалды. Осылай арбасып ұзақ тұрды.

Жалғас аң-таң күйде аузын ашып, көзін жұма берді. Әжесі де үнсіз, немересін тас қып құшақтап алған. Сұры қашқан кескін-кейпінен қатты қобалжып тұрғаны байқалады.

Атасына қарайды. Көздерін алдыға қадай, қаққан қазықтай қатқан да қалған. Түрі қарасұрланып, күптей боп ісініп барады. Жылан да жалпақ басын қақшитып, жерден көтеріле түскен. Ыс-ыс етіп, айыр тілі жалаң-жалаң етеді.

Бір мезет атасы қылқына қырылдай бастады. Маңдайынан тер сорғалап, көзі қанталап, жүзі қызарып кетті. Қараса, атасының алқымы ісінгені сонша, жейдесіннің өңіріндегі түймесі тырс етіп үзіліп, жерге ұшып түсіп, домалап кетті. Сонда барып атасы сәл жеңілдегендей көрініп, дауысын қаттырақ шығарып дұға оқи жөнелді. Кенет жыланның бас жағы доптай домалана беріп, үрленген шардай быт-шыт боп жарылды. Мылжа-мылжасы шыққан жылан сылқ етіп қара жерге сұлап түсті.

Майлыбай ақсақал аз-кем уақыт мең-зең күйде меңірейіп тұрып қалды да, бір кезде есін жиғандай еңсесін тіктеп:

— Бір ажалдан қалдым! — деді дауысы жарықшақтанып. — Бүгіннен қалмай көшу керек!

— Ойбай, аяқ астынан қайда көшеміз? — деді бәйбішесі үрпие қарап.

— Бұнда енді қалуға болмайды! Бидайық жаққа көшеміз!

Сөзді осылай келте қайырған Майлыбай ақсақал анадай жерде арбаға сүйеулі тұрған өткір балтаны ала салып, бауыры жарқырап жатқан шұбар жыланға тақап келді де, жеті жерден шорт шапты. Жеті шұңқыр қазып, жеті бөлікке бөлінген жыланның денесін бөлек-бөлек көміп тастады да, үлкен бір жұмыс бітіргендей аз-маз тыныстап алып, көш қамына кірісіп кетті.

Киіз үйлер жығылып, шарбақ қоршаулар бұзылды. Көрпе-төсек пен ыдыс-аяқтар буылып-түйіле бастады. Мал өрістен қайтысымен-ақ жолға жиналып, аттың басын жаңа қонысқа қарай бұрды.

Атасы жыланға не істеді, ол қалайша жарылып өлді? Жайлы жайлауды тастап, неге шұғыл көшіп кетті? Бұның бәрі жеті жасар Жалғасқа беймәлім сыр боп қала берді. Тек атасы мен әжесінің түксиген қас-қабағынан осының бәріне кінәлі өзі екенін анық сезінді де, ауылдағы әке-шешесіне тезірек жетуге асықты.

Майлыбай ақсақал Жалғасты ат арбамен ауылға апарып, әке-шешесінің қолына тапсырып тұрып:

— Ешуақытта ұяны бұзуға, шаңырақты ойрандауға болмайды! — деді салмақпен сөз сабақтап. — Кез келген кеудесінде жаны бар тіршілік иесі үшін мекені мен ұрпағынан артық ештеңе жоқ!

Осы сөз Жалғастың көңілінде мәңгіге ұялап қалды. Содан бері ұя көрсе айналып өтетінді әдетке айналдырды.





Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз