Өлеңдер бөлімі

Қарға

Менің әкем қарғаға ұқсайтын. Кішкентай бала кезімнен мен оны қарғаға ұқсатып едім: бір күні "Ниваның" бетінен жартас түбінде қарыны жарқырап, бұлан терісінен тіккен шалбар киген Наполеонның суретін көргенімде Богдановтың "Терістік саяхаты" есіме түсіп қуанғаннан жатып күлгенім бар — Наполеон тура пингвиннен аумайды екен, артынша күлкім басылып, менің әкем қарғаға ұқсайды екен-ау деп ойладым...

Әкем біздің губерниялық қалада тым жоғары қызмет атқаратын, осының өзі-ақ оны қатты өзгертіп жіберді; әкемнің айналасындағы шенеуніктер ортасында одан мінезі ауыр, көп сөйлемейтін, қабағы ашылмайтын, жүріс-тұрысы санаулы, қатыгез адам жоқ шығар деп ойлаймын. Орта бойлы, тығыншықтай, ептеп еңкіштеу, жылтырата қырған сопақ бет, қайратты көмірдей қара шаш, сорайған қоңқақ мұрын — құдды қарға дерсің; әсіресе қара фрагін киген кезде аумай қалады-ау; губернаторшаның ұйымдастыратын қайырымдылық кештерінде орыстың лашығына ұқсаған дүңгіршектің қасында шіреніп тұрып алып, қазандай қарға басын шайқап тастап, қарға көзімен билеп жүрген бикештерді ішіп-жеп бүкшиіп кеп тұрғаны, болмаса дүңгіршекте арзан шампан құйып беретін, қашан көрсең де күлкіден езуі жиылмайтын бибі-ханумның бриллиант таққан бүйен қолынан көз алмайды, парша киген еңгезердей әйелдің опа-далаптан қызыл-күрең боп кеткен томардай танауынан не тапқанын кім білсін. Әкеміз көптен бері бойдақ қалған, бала дегенде екеуміз ғана — мен және қарындасым Лиля. Пәтеріміз қазыналық, қазыналық үйдің екінші қабатында, сиыр тілімен жалап кеткендей қаңыраған бос бөлмелер үнемі тап-таза, есік-терезесі собор мен теректі бульвардың ортасындағы бас көшеге қарайды. Бақытыма қарай мен жарты жыл Мәскеуде боламын, сондағы Катковскийдің лицейінде оқитын едім, үйге тек мереке мен жазғы демалыста ғана келіп кетемін. Сол жылы мен үйде күтпеген бір жаңалыққа тап болдым.

Сол жылы көктемде мен лицейді бітірдім де Мәскеуден елге келіп ғажап қалдым: бұрын өлік шыққандай үңірейіп тұратын пәтеріміз күн көзін енді көргендей жарқырап тұр, сөйтсем сегіз жасар Лиляны күтетін ортағасырлық әлдебір әулиенің ескерткіші секілді кеуіп қалған кемпірді жап-жас бүлдіршіндей қыз ауыстырған екен. Байғұс қыз, әкемнің қоластындағы бір кіші қызметкердің баласы, гимназияны аяқтай салысымен жылы орын тапқанына, оның үстіне мен сияқты құрдасын кезіктіргеніне керемет қуанышты еді. Жасқаншақтығы сонша, біздің кірпияз дастарханымыздың басында әкемнен қатты қысылып, қашан да бір жағдайды күткендей елегзіп, жалтақтап тыныш отырмайтын, бірақ сөзі де жоқ, ым-дымын да білдірмейтін қияс мінезді Лилядан көз алмайтын. Дастархан басындағы әкемді танымай қалдым: қолғап киіп тамақ әкелген Гурия қартқа қабағының астымен ғана қарайды да анда-санда бір сөз тастаған болады, оның өзін де "құрметті Елена Николаевна" деп сыпайы ғана қызға арнап айтады. Өлердей қысылған қыздың бар жауабы — езу тартып жымию, екі беті нарттай болып қызарып кетеді, ақселеу шашты аппақ қыздың ажарына сәйкес үстінде аппақ жеңіл жейдеше, қолтығының астында балғын дененің буынан пайда болған қамау тердің ептеген дағы, оның ар жағынан бұлтиған кіп-кішкентай қос омыраудың нобайы байқалады. Ac үстінде маған көз қиығын да салмайды: бұл сәтте ол менен әкемнен де қатты қысылатын. Қыз маған қарамаған сайын, әкем мені өзінің қарға көзімен жеп отыратын: тек әкем ғана емес, қыздың ұялшақ жүзінен, әкемнің сөзі мен Лилянің өшпенді көзін аңдыған қиналысының ар жағында екеуміздің қатар отырғанымызға іштей қуанып, содан қатты қорқатынын сезетінмін. Кешкілік әкем өзінің шаруасымен кабинетінде отырып шай ішетін, жиегіне алтын жалатқан үлкен бәсіре кесесі бар: қазір бізбен бірге асханада ішетін болған, самауырдың қасында Елена, Лиля бұл кезде ұйықтап қалады. Ол кабинеттен астары қызыл сырмалы шапанмен шығады, креслосына отырады да кесесін ұсынады. Қыз әкемнің қалауымен оның кесесін ернеуіне дейін толтырып, қалтыраған қолын созады, одан соң маған, өзіне құяды да кірпігін төмен салып, кесте бізіне жармасады, ал әкем болса асықпай, көкейге қонбайтын бірдемелерді айта бастайды:

— Ақсары адамға, жарқыным Елена Николаевна, шымқай қара, немесе қан қызыл киім жарасады... Мәселен сіздің ажарыңызға Лиля Мария Стюарт тік жағалы қара атлас көйлек қатты жарасар еді, егер ұсақ бриллиант қадап тастаса тіпті қатып кетеді... болмаса қызыл барқыт көйлек, лағыл тасты крест қадаған жеңсіз жеңіл кеудеше... Қара көк лион барқыттан тіккен тон, венециан береті де сізге артық болмайды... Әрине, мұның бәрі арман, — деп кекесін жымияды. — Сіздің әкеңіздің айына бізден алатыны бар болтаны жетпіс бес сом, ал бала деген сізден басқа тағы да бес жан, аз ба, көп пе дегендей, демек сіз өмір-бақи кедейшілікте күн кешесіз-ау. Әрине бұл айтарға, әйтпесе армандағанның несі айып? Арман адамға жігер береді, көңіл көтеріп, үміттендіреді. Айтса да арманның да кей кезде орындалатын сәті болмаушы ма еді? Сирек, өте сирек, бірақ арманына жеткендер де бар... Мәселен, жуырда Курск вокзалының аспазшысы ұтыс билетімен екі жүз мың ұтқан жоқ па — қарапайым аспазшы!

Қыз мұның бәрін әншейін әзіл деп қабылдап, оның бетіне түзу қарап күлімсіреуге тырысады, ал мен түк естімегендей "Наполеон" картасын үлей бастаймын. Бір күні ол менің бетіме үңіліп бұдан да асып түсті:

— Шыны керек, мына бозбала да арманшыл: күндердің күнінде әкем өледі, сонда менің алтынымды албасты санап тауыса алмайды деп ойлайды. Әрине, албасты санап әуре болмас, өйткені алтын тұрмақ бақыр да жоқ. Дегенмен, менде де аздаған нәрселер бар, мысалы, мың десятина қара топырақты Самар губерниясындағы имение, бірақ бұл соған ие болар ма екен, әсілі бұл әкесін ит етінен жек көреді, оған қоса, түбі бұдан ел естімеген ысырапшыл неме шығады.

Бұл менің есімнен кетпейтін, Петров күндерінің кешінде болған соңғы әңгіме. Ертеңінде әкем соборға кетті, одан губернатордың туған күнінің салтанатына жасалған дастарханға қатысты. Ол қызмет күндерінде үйдің таңғы асына қарамайтын, біз үшеуіміз отырып оразамызды аштық, тамақ соңында өзімнің таңсық қатырма шелпегімнің орнына шие киселін әкелдің деп Лиля Гурияға айқайлап, үстелді тоқпақтап, ыдыстарды үстел үстінен шашып жіберді де шыңғырамын деп өз сілекейіне өзі шашалып әлек-шәлегімізді шығарды. Біз оны бөлмесіне зорға жеткіздік, тепкіленіп, қолымызды тістелеген соң, аспазшы жазасын алады деп әрең жұбатқаннан кейін ғана ұйқыға кетті. Осының өзінде де Лиляны сүйрейміз деп қолымыз қолымызға жұғысқанда ерекше бір нәзік сезімнен ләззат алғандай болып едік. Аулада жаңбыр сатырлап жауып тұр, нажағайдан күңгірт бөлмелер жарқ-жұрқ етіп, күннің күркірінен терезелер салдырлап қақырай жаздады.

— Нажағайдан шошынған болар, — деді ол дәлізге шыққан соң сыбырлап қана, артынан елегзіп: — Ой, бір жерде өрт болып жатқан сияқты ғой! — деді.

Біз жүгіріп асханаға бардық та терезелерді аштық, қасымыздан салдыр-күлдір өрт командасы өте шықты. Қалың нөсерден терек жапырақтары сөлбірейіп кеткен, құдды жаңбыр суынан өшкендей нажағай тым-тырс басыла қалды, солаңдаған ұзын арбаның үсті толған жез каскады өрт сөндірушілер, тас көшеде тарсылдаған доңғалақтардың салдыры, боздаған кернейдің даусы... Одан соң Лавадағы Иван Воинның мұнарасынан асығыс қоңырау күңгірлей бастады. Біз бір-бірімізге жабысып, даладан ескен салқын леп пен күңірсік иістің өтінде тұрдық та қойдық, назарымыз қалада, құлағымыз қала шуылында секілді еді. Көз алдымыздан дәу қызыл бөшке тиеген соңғы арба өте шықты, менің жүрегім дүрсілдеп, маңдайым тыртысқандай болды да мықынында бос салбыраған қолынан ұстап, албыраған бетіне жалынышпен қарап едім, қыздың өңі қашып, ерні ашылып, көкірегі желпіне маған бұрылды, жас толған мөлдір көзі шарасынан төгілейін деп тұр екен, мен оның иығынан құшақтап, өмірімде бірінші рет қыз ернін өбіп тұрып қалғып кеткендей болдым... Осы күннен бастап біздің сағат сайын кездейсоқ кездесуіміз жиілеп кетті, бірде қонақ бөлмесінде, бірде залда, енді бірде дәлізде, тіпті әкемнің кабинетінде де, ол кісі үйге кешкісін ғана қайтатын — сол бір қыска кездесулердің, тойымдығы да, қанағаты да жоқ ұзақ-ұзақ сүйісулердің тәттілігін айтып жеткізу мүмкін емес. Бір нәрсені сезіп қалған әкем тағы да шай ішуге асханаға келуді қойды, үнсіз, қабағы қарс жабылған. Бірақ біз оған мән бергеніміз жоқ, қыз да дастархан басында өзін сабырлы, салмақты ұстайтын болды.

Шілденің басында Лиля таңқурайға ұшынып ауырып қалды, бөлмесінен шықпай ептеп жазыла бастады да тақтаға жабыстырған ақ қағаздың бетіне түрлі-түсті қарындашпен әлдебір ертегінің қаласын салатын болды, Елена оның қасынан шықпай үнемі тоқыма тоқып отырғаны, өйткені Лиля оған табан аттатпайды, минут сайын сұрамайтыны жоқ. Мен болсам йен үйде оны сүйгім келіп, құшақтауға құштар болып ширығамын да жүремін, әкемнің кабинетіне кіріп, шкабынан әлдебір кітаптарды тауып алып өзімді зорлап оқымақ боламын. Бірде кешқұрым кабинетте отыр едім, тыстан оның асыға басқан аяқ тықыры естілді. Мен кітапты тастай салып атып тұрдым:

— Не, ұйықтады ма?

— Жоқ-ә! — деп ол қолын бірақ сілтеді. — Сен білмейсің ғой, ол қояншық секілді екі тәулік бойы ұйықтамауға бар! Осы кабинеттен қайдағы бір сары, қызыл қарындашты алып кел деп қуып шықты.

Ол келді де менің көкірегіме басын сүйеп жылап жіберді:

— Құдай-ау, бұл азап қашан бітеді! Сен оған айтпайсың ба, мені сүйемін, енді екеумізді ешкім ажырата алмайды деп!

Көз жасынан сора-сора болған басын көтеріп, мені қатты құшақтады да өліп-өшіп сүйсін келіп. Мен оны бауырыма қысып диванға жетеледім — сол сәтте менде ес қалды дейсің бе, нені ойлаппын? Бірақ осы кезде кабинет босағасынан әлдекім ақырын жөтелгендей болды, мен оның иығынан көз тастап едім, әкем бізге қарап тұр екен. Ол теріс бұрылды да бүкірейіп жөнеле берді.

Түскі асқа ешкім келмеді. Кешкісін Гурий есік қақты: "Әкеңіз сізге келіп кетсін деп жатыр", — деді. Кабинетке кірдім. Ол жазу үстелінің қарсысындағы креслода отыр екен, басын көтерместен сөйлей жөнелді:

— Ертең сен менің самардағы деревняма кетесің де жаз бойы сонда боласың. Күзге қарай Мәскеуге, болмаса Петербургке барып қызмет ізде. Егер тілімді алмасаң мұрагерліктен мүлдем мақұрым қаласың. Бүл аз десең, ертең барып губернаторға сені деревняға этаппен айдатып жібер деп айтамын. Енді бар, тек менің көзіме қайтып түспейтін бол. Жол қаражатын, ептеген тиын-тебенді ертең бір кісі әкеліп береді. Күзде, астанада алғашқы кезде жұмсайтын аздаған қаражат бер деп деревнядағы кеңсеме жазып жіберермін. Аттанар алдында қызды көремін деп дәмеленбе. Осымен болды, сүйіктім, жоғал!

Сол күні түнде мен Ярослав губерниясына тайып тұрдым, деревняда лицейлік бір досым бар еді, сонда күзге дейін тұрдым. Күзде соның әкесінің көмегімен Петербургте Сыртқы істер министрлігіне қызметке орналастым да әкеме, сіздің бүкіл мұраңызды ұрғаным былай тұрсын, көмегіңізге де түкіргенім бар деп хат жаздым. Қыста, ол да қызметін тастап, "сымбатты жас келіншегімен" Петербургке келіпті деп естідім. Бір күні Мариинск театрының партеріне кіре беріп, шымылдық көтерілерден бірер минут бұрын екеуін де көрдім. Сахнаға жақын ложада отыр екен, ложа жиегінде маржанмен аптаған бинокль жатты. Оның үстінде қара фрак, қарғаша бүкірейіп, бір көзін қысып алып программаны тесіліп оқып отырды. Елена қысылып-қымтырылмай ыздиып еркін отыр, ақселеу шашын төбесіне қоқайтып түйіп алған, жан-жағына жайлап қарайды, екі көзі жарқыраған люстра мен партерде, жұрттың кешкі киімі мен ложаға кірген фрак пен мундирде. Мойнында жалтылдаған қоңырқай лағыл крест, тола бастаған нәзік білегі жалаңаш, қан қызыл барқыт көйлегінің сол иығын лағыл таспен бүріп қойыпты...

18.05.1944.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Загрузка...